Адамзат баласының ең үлкен қайшылығы – тұлға мен қоғам арасындағы қайшылық. Қоғам қашанда бір қалыптан шыққысы жоқ, бір сызықтың бойынан айнымайды. Бірінің ізін бір басқан дөңгелектей домалай береді, домалаған сайын қауқиып, қауқарлы көрінеді. Қоғам барлық уақытта өзінікін жөн санағыш, тұлғаны илеуге, тұншықтыруға құмар келеді. Ал, тұлға үнемі ағысқа қарсы жүруші. Ол тобыр мен қоршаған ортасын мойындамайды. Оған батыл қарсы тұрады. Ол әрдайым өзгеру мен жаңаруды қалайтын қасиетке ие. Сосын да ол жалғыз және дәрменсіз. Тұлға мен қоғам арасындағы қайшылықтан, нақты жеңушіні немесе ойсырай жеңілген жақты атап көрсете алмайсыз. Дегенмен, тұтас қауымның зиян шегетіні, адамзат баласының саналық оянуы мен алға басуы кері кете бастайтыны анық құбылыс. Ал сіз өмір сүрген орта мүлде жабық, томаға тұйық, сонымен қабат барынша арсыз, тоңмойын, «бір ұрты май, бір ұрты қан» саяси жүйенің шылғауындағы қоғам болса, онда тұлғаның соры. Бірақ, сондай қоғамнан сақардай қайнап, сом алтынның сынығындай түлеп шыққан жанкештілер қашанда болған. Сондай қоғамның бірі – советтік қоғам, сондай тұлғаның бірі – ақын Өтежан. Өтежан Нұрғалиев тұтас болмысымен совет өкіметіне қарсы жазушы. Сөзімен де, ісімен де, сырттай да, іштей де жүйеге қарсы. Әдетте мұндай қаһарман тұлғаны өшіру үшін, қоғам тарапынан елеусіз, ескерусіз, бар-жоғы беймәлім бейтарап қалдырудың өзі жеткіліксіз. Оны өз ортасында өгей ұлға айналдыру, шығармашылығын насихаттамау, кітаптарын шығармау, үнемі жалалы істерге ұрындыру, қойшы әйтеу, тізбелей берсең «қуғын-сүргіннің» аярлығын санап үлгірмессің. Оған бейталанттардың күндестігі мен Жазушылар одағындағы жалдамалы жандайшаптарын қоссаңыз әңгіменің ауаны тереңдей береді. Сондай газет бетінде жарық көрген кезекті арандатушы мақаланың кесірінен, Өтежанның жалғыз ұлы, болашақ мықты ақын болуға талпынып келе жатқан жас оғылан Саят мерт болады. Қасапшыл қоғамның кесірінен намысшыл ұл өзіне өзі қол салған. Сондағы мақаланың «әлаулайы», Өтежан көрінген жерде өзіне сыйлық сұрайды екен деген, ана жер, мына жерден бір жинаған қаңқу сөздер еді. Міне, тобыр мен таланттың теке тіресі осындай қан төгіске дейін барады. Бұл тірес тәуелсіздік жылдарында да заңды жалғасын тауып жатты. Ақынды өмірінің соңына дейін діңкелетті. Ақыры Абай салған ұлы дәстүрдің қалпын бұзбай «қор елде туып, қор болып кете барды». Міне, біздің ақын сыйлау мәдениетіміз. Тұлғаны сындыру қабылетіміз. Оның басынан айықпаған бұлтты, соңынан қалмаған «қиқуды» біз аңыз деп әспеттедік. Оның қасіретіне қол соқтық, көз жасымен ойнадық. Оның өткірлігін ожарлыққа, кемеңгерлігін тентектікке баладық. Жағалай тон піштік. Ол күдіс жалды көкбөрідей күдірейіп қыр астында қала берді...
Өтежанның таланты тынған су сияқты емес. Үнемі қозғалыста. Ол қазақ ақындарының ішінде ең көп «жұрт жаңалаған» ақын. Поэзия әлемінің ең сонысын жайлаған талғампаз. Эстет. Әдетте, қазақтың белді ақындарының көбінің алғашқы жинағы мен соңғы жыр кітабының арасында, соншалықты ұлғаусар өзгешелік пен жаңашылдық сақтала бермейді. Немесе соңғы өлеңі алғашқы өлеңінің жетілген нұсқасы сияқты сипат басым. Бұл әрине, менің болмысым осы, менің стилім осылай деп, өзін өзі шеңберге қамаудан, өз жолынан айнымаудан туындаған кеп. Өтежан Нұрғалиев бұлардың бәріне керісінше ұстанымда. Телегей білімі де, шығармашылық қанағатсыздығы да жазу мәнерін жиі жаңартып, жаңа кеңістік ашуға итермелеп отырған. Оның шығармашылығын тұтастай 4 не 5 кезеңге бөліп қарауға болады. Нақты, дөп басып айта алмауымыздың да өз себебі бар. Өмірінің соңғы жылдары жазылған, әлі жарық көрмеген туындылары ақынның бесінші тынысы болуы мүмкін. Біз оны сұхбаттарынан оқып қана жобалап айтып отырмыз. Ақынның алғашқы кезеңі «Қазақтың Пушкині» атанған тұс. Мөлдіреген махаббат лирикаларымен Алматының аспанын сілкіндіріп тұрған кезі. Ақын шығармашылығының ең бақытты шағы. «Менің махаббатымдағы» ақын өлеңдерін бүгінгі үлкен-кіші оқырман әлі күнге іздеп оқиды. Ақынның екінші тынысы, біз сөз еткелі отырған «Соғыстың соңғы жазы» балладалар мен циклды өлеңдер жинағы. Бұнда ақын, мүлде басқа қырынан көрінеді. Кең тынысты эпикалық қуатын көрсетеді. Соғыстан кейінгі қазақ болмысының, советтік қазақ өмірінің айнымас шынайы портретін жасайды. Үшінші кезең – атақты «Афина мектебі». Бұнда ақын шығыс пен батыс философтарын бір арнаға тоғыстырып, күрделі ұғымдарды далалық мәнерде, асқақ және жаттық баян етеді. «Афина мектебі» ақынның еш сыншы ашпаған, әлі ешкім бойламаған құпиясы. Төртінші кезеңі ақынның түп қазығына қайрыла соққан мезеті. Қара өлең мен жыраулар поэзиясының арасынан, телегейдей білімімен теңселтіп, өзіне ғана тән өзгеше үлгіде, кең масштабта жырлауы. Осыған үндес ақынның бесінші тынысын жоғарыда аңдаттық. Мұндай бірінен бірі биік, бірінен бірі озық асулардан өткен ақын, алашта әзірге жоқ десек артық айтқандық болмас еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: "Соғыстың соңғы жазы"
«Соғыстың соңғы жазы» – соғыстан кейінгі күйреген, қираған, құлазыған қазақтың қаралы даласы сияқты кітап. Сарқылған теңіздер, құлаған таулар, тартылған бұлақтар, қырқылған құрақтар, шөп басқа жолдар, мертіккен жандар, сырқау саналар... кітаптың әр демінен сезетініңіз, өртең ішінде қапыда аман қалып, қыбырлаған жалғанның, күкіртке бөккен иісі. От пен оқтың ортасынан, ерлігіңізден немесе ажалсыздығыңыздан аман қалмағандайсыз, қайта құдайдың сізге жіберер қасіреті әлі аяқталмағандай. Бұл алып түрме ішінде аман қалған жазықсыз жандардың «сандырағы», тірі аруақтардың күңіренісі, түрмеде туған сәбидің азапты іңгәсі сынды азалы кітап. Бұл өз қасіреті өзіне бұйырмаған, өз қасіретін өзі сезіне алмаған жұрттың болмашы бостаны, ішкі азабы туралы қанды кітап. Бұл алапат жылдар ішіндегі қазақ жанының өзгеруі, қазақ болмысының бұзылуы туралы азапты шежіре. Өзі көп айтатын «мың өліп мың тірілген» халықтың, кезекті адасуы, өзі қағынан өзі жеруі, өз ділінен өзі безуі тұсындағы айрауық жолдың басы. Тұтастай жоғалтулардан тұратын ұрпақтың кезекті жан арпалысы. Кешегі кердең алаштың, тарихтың доңғалағы кері айналғандағы, «ақсақ түйеге» қол созған аянышты хәлі. Боямасыз бейнесі. Осы орайда Эрих Мария Ремарктың мына бір сөзін еске алмау мүмкін емес. «Бұл кітапта айыптау да жоқ, құпия сыр да жоқ. Тек сонау сұрапыл соғыс көктей солдырған жастар туралы, тіпті оққа ұшпағанның өзінде де, бәрібір сол соғыстың құрбаны болған ұрпақтың тағдыры туралы айтсам деген ниет қана бар». Әрине, Ремарк сияқты үлкен халықтың баласына бұлай айту жарасады да, және уақытылы айтып, әлемнің ең биік мінберіне шықты да. Олар қашанда өз бостығын ерте толтыра алатын ел ғой, сосын да олардың жұбанышы басқа. Ал, әлі де бұғаудан босамаған, аяғындағы кісеннің сылдыры әлі күнге жаңғырып қалатын біздің хәліміз нешік. «Қанды қасап» пен «Ұлы құрбандықтардың» баршасын тізбелеп айтпағанның өзінде, 1931-1932 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессиядан кейін, біз қалай «отан үшін!» деген ұранмен майданға лап бердік. Жаһандық екінші соғысқа дейін үш милионға жуық боздағынан айрылған ұлттың отаны қайсы сонда?! Өзінің ең дегдар ұлдарын отап кеткен «ұлы отанының» репрессиясы аяқталмай жатып, сол «отан үшін» от кешу қайдан туған утопия? Бұл парадоксты кім түсіндіріп бере алады бізге? Тағдыры осыншалық тәлкекке түскен тағы қандай ел бар жер бетінде? Бұл сол кездегі санасы сау әр қазақтың ішінде кеткен, айта алмай қалған арзуы екені рас қой. Ол сауалды тарих алдында ешкім қоя алмады. Қойылуы да мүмкін емес еді. Сөйтіп ішімізде «өлді». «Өлмеген» тұстары әдебиеттің «қырқыншы синонимындай» (Таласбек Әсемқұлов) тәсілмен «Соғыстың соңғы жазы» сияқты кітаптардың жасырын беттерінде жаңғырып жатты. Мүмкін, бұл кітаптың өз заманында еленбеуі, бағаланбауы, толық ашылмауы, тіпті мазаққа айнала бастауының басты себебі де содан шығар. Өйткені, бұл кітапта советтік адамға ұран боларлық ұлы қаһармандар жоқ. Өтежанның мәңгілік өміршең, алып ақиқаттарды көтеріп тұрған кішкентай геройлары ғана бар еді. «Қара бояуы қалың», «Өмірдің көлеңкелі жағын қазбалап кеткен», «Жамандық, жағымсыз құбылыстар басым суреттелген» дейтін «айыптауларға» көп ұшыраған бұл кітап, пролетариаттың балғасына жаншылып, колхоздың орағына орылған сол халықтың өзі туралы еді. «1944 жылғы райком қызыметкері Қарлығаш апай туралы жыр», «Кемелбайдың досы – Балабидің көзі туралы жыр», «Қаратөбе колхозының бригадирі Құралбай Жансүгіров туралы аңаз» атты кез келген өлеңдерін оқысаңыз, арғы астарына, кейіпкердің жан әлеміне үңілсеңіз, автордың емеурін танытқан зәрлі шындығын аңдай аласыз. «Өгізге арнап, айналайын өкімет, Қойдың-ау бір, ТЕМІР ҚАМШЫ шығармай» деп зарлайтын бригадир Құралбайдың қайшылыққа толы ішкі «меніне» еріксіз бас шайқайсыз. «Құралбайдың айқайлаған жерінде, Аман-есен жайылып жүр өгіздер» деген ащы сарказммен аяқталғанда барып, коммунистік режим қандай адамдарды өсіріп жатқанын түйсінгендей боласыз. Және сол түйсігіңізден, өз-өзіңізден үрейленесіз. Көз алдыңызға сол системаның сүзгісінен өткен сан мың «соқырлар» елестейді.
Бұл дүниеде кім мүсәпір, кім Құдай?
Жаратты екен неге бұлай, кім бұлай?
Бір күні мен тәлкегімен тағдырдың,
Мың соқырды залда көрдім, сұмдық-ай!
Өтежан өзі айтқанындай адам жанының шпионы сияқты ақын. Ол адам санасының қалың қатпарына кәнігі шпиондар құсап кіріп алады, қалтарыс-бұлтарыстарына дейін зерттеп, мықтап бекініс орнатады да, олардың жан дүниесін талқандауға кіріседі. Осы кезде ол өзін де, өзгені де аямайды. Өзінің кейіпкерлерімен бірге сират көпірінен өткендей, махшар алаңында есеп айырысқандай алапат күй кештіреді. Адамның батырлығының, такаппарлығының, асқақ, менмендігінің бір тинға да тұрмайтын құнсыздығын әшкерлейді. Оның қаһармандары соңында батыр да, ақын да, мінсіз тұлға да емес, тек қатардағы жай ғана пендеге айналады. Сосын, сол пенделермен бірге өзіңіз де ішек-қарныңыз араласып жайрап жатасыз. «Соғыстың соңғы жазы» міне осындай прозалық шығарманың, философиялық трактаттың салмағын көтеріп тұрған, парасатты поэзияның жемісі.
Өтежан Нұрғалиев толқымалы, аумалы-төкпелі қайшылықтар ішінде ғұмыр кешкен адам. Паң, бекзада, дархан, сонымен қабат қазақта жоқ қиқар, теріс азу. Оның поэзиясы формалық жақтан қазақы үлгі һәм шығыстық бәйіт мәнерінде. Мазмұндық тұрғыдан батыс өркениетіне етене жақын. Ол қазақты басқа халықтардан бөліп қарауға қарсы. Қазақ та өркениетті елдер өткен этаптардың баршасынан өту керек деген принципті ұстанған адам. Оның осы ерекшелігін ғалым Әуезхан Қодар Ежелгі Грек елінің поэтикалық ақыны Гомермен салыстырады. Гомер өзінің дастанында Олимп тауындағы Құдайлардың адами бейнесін жасайды. Яғни әбден идеялизацияланған Олимп құдайларын келеке етеді. Ал, Өтежан Совет өкіметі тарбиелеп шығарған «құдайларды» мазақ етеді. Советтік авторитеттерді, соның заңды жалғасындай тәуелсіздіктің ұраншыл ұзандарын уытты тілімен шыжғырады. Бұл үрдісті ХХ ғасырдағы қазақ ақындарының бір мұншасынан көруге болады. Төлеужан, Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Кеңшілік, Жарасхан поэзиясынан «жүйеге қарсылықтың» көптеген жарқын көріністерін байқаймыз. Дегенмен, бұл «ұлы қарсылықты» шығармашылығының тұтас жүлгесіне арқау еткен жалғыз ақын Өтежан Нұрғалиев.
Өтежан Нұрғалиев бір сұхбатында «Мен маркасы жоқ хат сияқтымын» деген еді. Тірлігінде оның жазған «хаттары» әркімнің алдына барғаны, бірақ ешкімге керек болмай, өз иесін тапқаны анық. Адамзат баласының қалыптасқан әдебін бұзып, «маркасыз хаттарды» кері қайтармай, ашып қарайтын уақыт келіп жеткен жоқ па? Өтежан мұрасынан хабары бар адамдар, оның жазғандары кемі он-он бес том болуы керек деп топшылайды. Мәселе санында да емес қой әрине. Әйтсе де, көзі тірісінде, азат елінде жазғаны жарияланбайтындай не қорлық көрді екен ақын. Жариялай алмайтындай не күн туды екен басымызға. Әлде «маркасыз хаттардың» ішінде, жарылар мезетін күтіп, «соғыстың соңғы бомбысы» әлі бұғып жатыр ма екен, кім білсін?..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.