***
Сен,
Жанарыңдағы мөлдір мұңды қаламыңнан тамызғанда,
Сиқырлы түннің шүбәсіз ойларындай анық,
Таң ата тыншыған жүрегің талтүсте немесе,
Бейуақта туатын жұлдызбен бірге оянып.
Өткелсіз сағыныш дариясына тастайсың өзіңді,
Қап-қара түн еді ол жолдары шытырман.
Бір сарынды өмірдің жалықтырғаны да соншалық.
Бір суық жел соғар терезе тұсыңнан.
Шам жарығындағы күнәсіз бейнеңді мүсіркей,
Бебеулей жөнелер ескі әуен, ескі ырғақ.
Келмейтін бір жанды күтесің үмітпен,
жалғыздығыңа серік қып,
Шақырып аласың кешті ымдап…
Мен,
Таң бозынан парақталар тірлік дастанын шимайлап,
Ымыртта оралам, сен иесі болмаған пәтерге.
Арқамнан басқан мың батпан зілді алып қойып,
Ұйықтаймын, сені ойлап аламын ұйқыға кетерде…
Өмірді сүйемін, өзіңді сүйгендей іңкәр боп,
Жүрегімді ауыртып алмау үшін де, күнім.
Сағыныштарымның шері онсыз да жаралы қылған,
Барлығын ақтарып не керек ішімдегінің…
Үміт кеңістігінде адасқан өзімді аяп,
Кей сәтте өзіме де жүргіземін әмір.
Бәлкім сені құша алмай, мұздап қалған шығармын,
Сағыныш отымен кеудемді апташы, Тәңір!…
Сосын,
мендегі мұңлық күйлермен алапат сағыныш,
Сендегі жүректің тұсынан от шайқап.
Екеуміз бір жаққа жол алып кетсек қой бейтаныс,
Тірліктің қырық жамау шекпенін тастай сап.
***
Мен саған ғашық едім,
Және де сүйетінімді айттым.
Сен менің сүйетінімді
Сүйетініңді айттың.
Содан кейін екеуіміз де
Жанарларымызбен тіл қаттық.
Өмірді сүрген азап екенін ұғындық,
Жұмбақ қып.
Әсілі, бақыт деген –
Риясыз күлкілердің шуағы.
Сол ғажайып нұрды,
Айтары көп жанарлар ғана ұғады.
Мен сенің үнсіздігіңді жақтадым.
Бұл жолдарды біз айналып қайта басамыз.
Қарашығыңдағы параққа сияры да анық,
Ең бақытты жандар жайлы осы аңыз.
Ұлы көктемдей арамыздағы іңкәрлік,
Сен маған өмірден де үлкен сый бердің.
Сияқұтыма қаламымның қонуы көбейіп,
Мен махаббат тәңірін іздеуді үйрендім.
Мен саған ғашықпын, солай,
Ғұмырнамамды қалдырамын осы маңға.
Сенің де мені сүйетініңді,
Қарашығыңдағы парақтан оқығанда.
***
Дәл қазір,
Немесе кешқұрым,
Кездесейікші!..
Екеуміз ең көп баратын бақта,
Ой бесігіндегі көңілсіздіктерді
Тербетейікші.
Дәл қазір…
Немесе кешқұрым…
Болмаса аралайықшы бұл шәрді,
Екеуіміз ғана.
Жаздай жадырап жүрші,
Моншақтарын төгіп алатын
Есер күз ғана…
Жадырап жүрші,
Тымыққан кеудеме қосылғанша ауа,
Сосын аздап шарап ішелік
Сосын «танцаға»…
Сен билеші ұршықтай айналып,
Жүре көрмеші тосылып.
Аздан соң мас болып та қалармыз,
Қынайбел рюмкаларға гитараның үні қосылып.
Солай ұмыт қалдырайық
Бұл әлемнің бар екенін,
Қайта бір сезінейік
Сендік жүректің бәр-бәрінен таза екенін,
Мендік көңілдің ақ екенін.
Дәл қазір
Немесе кешқұрым,
Жүздесейікші.
Екеуіміз ең көп баратын ескі алаңда,
Сезімдер райына қарай тілдесейікші,
Дәл қазір,
Немесе кешқұрым…!
Алло…
ҰЛЫМ!
Ұлымды көтеріп келемін,
Құлыншақ жырымды көтеріп келемін.
Оның жылаған үнінен
Тек қана бақыттың дауысы естіледі.
Бауырымда балбырап ұйықтайды ол,
Сезетін сыңайлы әкесінің иісін.
Мен сенің ашық аспаның болғым келеді,
Сен менің армандарымның баянды күйісің.
Ұлым, бұл өмір –
Адамдар ойлағандай көркем емес болуы да мүмкін.
Сен менің үміттерімнің айғағы бол,
Мен сені өмірімнен де артық қоямын,
Бұл шын!
Ұлым, біз ертеңгі сапарларды
Бірлікте еңсеретініміз де анық.
Менің күңгірт әлемімді нұрландырады
Сенің жанарыңдағы жарық.
Сен асқақ армандарыңа қанат қаққанда,
Жолыңда болса егер кедергі, кесір.
Ол менің күнәларымның кегі,
Сол үшін, әкеңді кешір!
Сен боласың енді ғұмыр дариясының,
Қос қанатты құлагері.
Және де менің ұлы империямның
Алғашқы мұрагері
Ұлым!…
***
Мұнар таулардың арасынан,
Тұмандай қалқып келген
Жалғыздығыңның иісіне мас болдым, айнам.
Жүрек түкпіріндегі сол бір аяулы сөздерім –
Тыңдаушысын таппаған сезімдік майдан.
Сен түнді ұнатасың,
Ал мен түннің қараңғылығына құштармын.
Сен жаңбырды ұнатасың,
Мен жаңбырдың жұпарынан
Сәлемін күтемін құстардың.
Барлық сөзін тағдыр жайлы айтатын,
Күз – менің қоңыр мұңым.
Дәл осы сәт,
Сен жанарыңнан жалғыз моншақ үздің,
Ал мен шырқап келемін сезім жырын.
Әділет бар ма сонда махаббатта һәм сезімде де,
Біз – қызыл-жасыл өтіріктердің құрбанымыз.
Өлім керек екен ғой өмірге де,
Төзім керек екен-ау төзімге де.
Мұнар таулардың ар жағынан,
Сенің сұлбаңды іздеймін.
Біз қауышпас жолдармен жүргелі.
Осы сөздерді жазып үлгерейін дедім,
Түннен тартып алмай тұрғанда күз мені.
Суретте: Қайсар Бауыржанұлы
Көрнекі суретке Жеңіс Кәкенұлының картинасы пайдаланылды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.