Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қан тамырдағы Ібіліс...

07.12.2021 4791

Қан тамырдағы Ібіліс 12+

Қан тамырдағы Ібіліс - adebiportal.kz

Алаш Кеңшілікұлы 1977 жылы Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Финанс, есепші-оператор мамандығын бітірген. "Бөрілер мен бөріктілер"кітабының авторы. Қазақ қаламгерлер кеңесі жанынан құрылған "Шамшырақ"жас әдебиетшілер бірлестігінің мүшесі.

Ауылда.

Ауылдың түтіні бұрқырап,
Жусаны мұрынды жарады.
Ақ боз үй,
Абат жон төсінде,
Тінтеді құт мекен даланы.

Ақсақал абызы,жыр сарқыт,
Тарих,шежіре шертеді.
Даламның,
Бақ-жұпар исі аңқып,
Айтады әңгіме,ертегі.

Белдеуде тықыршып тұлпары,
Қыраны саңқылдап тұғырда.
Оралар көкейге,
Бір сарын,
Тірлігі жарасқан ғұмырда.

Сарқырап бұлағы сайлардан,
Желкілдеп миялы,құрағы.
Найза шың,
Ақбасты таулардан,
Бір мейір аймалап тұрады.

Құлыны кісінеп желіде,
Аңқиды сары қымыз сабада,
Сәбиі ұқсайды бөріге,
Көңге аунап ойнаған далада.

Түріліп түн ерте,таң жаршы,
Сұрайды құстары сүйінші!
Ауылым,саныныш армансың,
Сыр перне,гүлдәурен,күйімсің!!!

Күрес.

Күресіп келеміз...
Тірлікте күрес аяқталмайды.
Өмірдің өзі күрес,
Ол сені аяп қалмайды.

Жермен күрестік...
Жетіге толғанша жығылып.
Шөңгеге табанды тілдірдік,
Жалаңаяқ жүгіріп.

Аруға сөз салдық,
Күрестің ол да үлкені.
Ақ ордаға көз салдық,
Үлкейтеміз деп күркені.

Тауға да талпындық...
Бағындыру үшін биігін.
Тірлікте аз күндік,
Аулап,құртып киігін.

Күресіп келеміз...
Бітетін емес арпалыс.
Жетпеді көкке төбеміз,
Сыйлады тәңір қанша күш?

Итпен де жұлыстық...
Қазаннан ұшқанда қақпақ.
Жағамызды да жұлғыздық,
Ар,ұятымызды сақтап.

Күрестің қиыны?
Қан тамырдағы Ібіліс.
Қақтың ілімі,
Жеңетін ұлы күш.

Ажалмен күресеміз...
Түрлі екпе салдырып.
Қаліміз құрығанша,
Іздеп жанға үміт...

Күресеміз,күресеміз...
Мойынсал боламыз бірде.
Жер ана қойынына,
Табысталған күн мүрде.

Өр Алтайда туған қарт.

Ғұмыр бойы "ағажай"деп ән салған,
Жер жәннаты келдім деп өр Алтайдан.
Ауылымда бір қарт болды ақсақал,
Туған жерін ойлай-ойлай қартайған.

Салған әні елден ерек мұңлы еді,
Алтай аңсар,болса да өмір дүрмегі.
Кіндік қаны өр Алтайда тамғанмен,
Қобда беті өткен жастық күндері.

Бір жасында келіпті Алтай бетінен,
Түйе үстінде құндақтаулы ел көшімен.
Ағажайда тудың деген жалғыз сөз,
Өмір бойы шықпай қойған есінен.

Күлетін ел қарттың айтқан сөзіне,
Алтай қайдан жетсін деп бұл жеріңе?.
Тым болмаса аяқ басып,ес білмей,
Бір жасыңда не сақталсын көзіңе!?

Оған қартым әсте мойып,қыңбайтын,
Алтайымды бір көрсем деп жырлайтын.
Кейбір кезде ақбасты ата-аналар,
Бірге жылап отырушы ед қимай тым.

Мал мен басы қатар өскен бай еді,
Оң жағында алты отауы бар еді.
Көрінгенге Алтайым деп қақсайтын,
Таң қалушы ек,неге бұл шал зар еді?

Сағыныштан шалдың беті сарғайған,
Жырлай,жылай көз көрмеуге айланған.
Шекеарадан өте алмайтын ұшқан құс,
Кез болатын ел амалсыз байланған.

Алтай әнін ести-ести тойлардан,
Шырмауы көп шыға алмай ойлардан.
Сол бір қарттың әуеніне елітіп,
Өстік бізде ақын болып толғанған.

Өр Алтайды бір көрсем деп жылаумен,
Жүргенінде дүниеде мынау кең.
Қобда бетте бар ед деп бір туысым,
Бір жас жігіт келді ауылға сұраумен.

Ел еркіндік алған кезде тым жаңа,
Пысық екен басқалардан бұл бала.
Алтайыңа шақырам деп сол қартты,
Уәде етіп аттанғанды бір ғана.

Шал қонаққа кетті Алтайға кешікпей,
Кеткенін де біз білмедік не күткей?
Топырағына өр Алтайдың бір аунап,
Сәби шақта жатқан тал бір бесікте-ей...

Жетпіске кеп қайтқан кезде қайраты,
Көмескі боп көзінің шарайнасы.
Бір ай жүріп келген кезде таң қалдық,
Жасарыпты туған жердің пайдасы.

Енді өлсемде арманым жоқ деп жүрді,
Туған жердің қасиетін сездірді.
Жылай-жылай суалған қос жанары,
Шоқтай жайнап,ақ жүзіне өң кірді.

Бізге ыстық көрінгенмен мынау бақ,
Жүрегімнен ұшты-ау тырна тыраулап.
Мысыр шәрің туған жерің екен ғой,
Өлсең де арман топырағына бір аунап.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар