Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қанат Ескендір. Тәтті түс...

28.04.2015 3594

Қанат Ескендір. Тәтті түс

Қанат Ескендір. Тәтті түс - adebiportal.kz



Біз сондай қызық жұртпыз. Өзіміздікіне емес, өзгенікіне құмартып тұрамыз. Өзімізден гөрі өзгенің тоя жегенін, басқаның байығанын қалаймыз. Сөйтеміз де, қара суды сораптап отырып, сол, біздің несібемізді жеп қатарға қосылғандарды сөз етеміз.


«Өз тауарымызды тұтынайық, өзіміздің өнеркәсібіміз дамысын» деп зар қақсасаңыз да, жерік болып қалған жаман қатын құсап шетелдік бұйымға аузымыздың суы құрып тұрады. Бізден басқа бірде-бір елден мұндай масқараны таппайсыз. Қытайдың денсаулыққа зиянды киімін қысы-жазы үстімізден тастамаймыз, шет елдің тұтынуға тыйым салынған ішімдігін қымбатты мейманмен қылдай бөліп ішеміз, тағы бір елде өртеп жіберуге үкім шығарылған химиялық тағамдарды той дастарханына салып, таласып отырып жейміз. Қызық!


Мен өзі, елімізге дағдарыс тұрмақ оның дақпырты келмей тұрып-ақ жұмыстан босап, мемлекет пен екі арадағы мәселені ың-шыңсыз шешіп алған адаммын. Таңертеңгісін қақшаңдап барып, кешкісін салбырап қайтатын қызмет жоқ. Қаласам тал түске дейін ұйықтаймын, ұйқы келмесе көше кезіп ел-жұрттың әңгімесін тыңдап қайтамын. Ұйқы демекші, адам болған соң рахаттанып түс көріп ұйықтағанға не жетсін, шіркін!


Соңғы кездері менің ұйқым да, түсім де оңбай жүр. Қай-қайдағы түсініксіз түстер, жағыдайсыз жатыс, мазасыз ұйқы. Мең-зең боп тұрамын, қалжырап жатамын. Арам шөп жеп қойған мал құсап көзім кіртиіп жүріп көшеге шығамын. Оны-мұны істейтін жұмыс табылса соны күн батқанға дейін айналдырып, кешкісін тапқан ақшаға «тіске басар» алып, анау-мынауын емес, Қытайдан контрабандалық жолмен келген жұмыртқа, құс еті деген сияқты «импорттық» тағамдарды алып үйге ораламын.


Сөйтіп сенделіп жүргенде бір жарнаманы құлағым шалып қалды. Шет елден келген фирма түс сатады екен. Кәдуілгі ұйықтап жатып тамашалайтын - түс. Мен секілді миы айналып, ойы шайналып жүргендерге пайдасы тиер ме екен деп әлгі фирмаға бардым. Оның үстіне Еуропадан ба, Америкадан ба, әйтеуір, «керемет дамып кеткен елден келген фирма екен» дегеннен кейін жадылап қойғандай сонда ұштым. Барсам, түс саудалайтын «Көк кептер» фирмасы тоғыз қабатты үйдің шатырында орналасқан екен. Ал, түс сатып алушылардың кезегі дегеніңіз масқара! Мен келесі көшенің қиылысынан барып әрең дегенде бір қазақтан кезектің жеті жүз сексен үшінші орынын жарты сағат саудаласып жүріп екі шөлмек шетелдік сыраға «сатып» алдым. Бір жақсы жері бұл кезекте күннің астында шыжып кешке дейін тұрмайды екенсіз. Айналасы жарты сағаттың о жақ, бұ жағында өз кезегім жеткенде соған куә болдым.


- Сәлеметсіз бе! Сіздің қандай түс көргіңіз келеді? – деп сұрады үні сыңғырлаған әдеміше қыз.


- Ім-м, мен.., мен демократиялық түс көрсем деп едім, - деп күмілжіңкіреп жауап бердім. Күнделікті түс сатып алып жүрмегеннен кейін, адам өзі білмейді екен нені көргісі келетінін.


- Өте жақсы! Жалпы, сюжеті қандай болғанын қалайсыз? – деп тақылдап отыр әдеміше қыз.


- Бәрі ашық әрі айқын болса. Сайлауы да, саяси ойыны да, тіпті, сыбайласқан жемқорына шейін. Сосын, ұлттық мүдде, мемлекеттік саясат, бәрі-бәрі біздің пайдамызға шешіліп тұрса. Айтпақшы, демократия болғаннан соң нағыз айғайлап тұрғанын беріңізші...


Кезектің артында тұрғандар мырс-мырс, сылқ-сылқ күлісіп қояды. Мен өзімше «әй, осы демократиялық түс таусылып қалады-ау» деп уайымдап жүрсем, мына жұрт оныңызды менсінетін емес. Бәсе, манадан бері менің алдымдағыларды «сізге әдеттегідей ғой?!» деп ылдым-жылдым шығарып салып жатқан. Менен басқаның алып жатқан түстері кілең дерлік «байлық туралы», «мәнсапқа ие болу», «билікке жету», «атақ-даңқ» деген секілді түрлі-түсті еді.


Қойшы, сонымен әдеміше қыз менің тапсырысымды жазып алды да:


- Қалта телефоныңыздың нөмірін айтыңыз? – деп сызылып отыра қалды.


- Оның неге қажеті бар еді? – дедім мен де секемденіп.


- Сіздің телефоныңызға арнайы СМС-хабарлама түскен сәтте тапсырған түсіңізді көре бастайсыз, - дейді әдеміше қыз мән-жайды түсіндіріп.


Қалта телефонымның нөмірін беріп, түстің ақысын жартылай төлеп үйге қайттым.


Түннің бір уағы болғанша шеттен келген тәуелсіз басылымдарды басынан-аяғына шейін, аяғынан-басына шейін шұқшия оқып жатқанда қалай көзімнің ілініп кеткенін білмей де қалыппын. Өң мен түстің арасында есеңгіреп бара жатып қалта телефоныма «сыңғыр» етіп СМС-хабардың келгенін естігенмін. Одан кейін керемет әлемге тап болғанымды ғана білем...


Басқа емес, өзіміздің гүл жайнаған елімізде жүр екенмін деймін. Елдің бәрі шат-шадыман. Біреулер гүл ұстап алған. Көшеде солқылдатып мемлекеттік әнұран орындалып жатыр. Анда қарасаңыз да, мында қарасаңыз да көңілді жұрт. «Оу, ағайын, бұл не мереке?» деп сұраймын өткен-кеткеннен. «Сіз не, шет елден келдіңіз бе, бүгін сайлаудың қорытындысы шыққан күн ғой?!» деп жауап қатты өзге ұлттың өкілі таза қазақ тілінде. Сайлаудан әбден мезі болған түрімді білдіртпейін дедім де, ағылған жұртқа ілесіп Орталық алаңға қарай бет түзедім. Апыр-ай, - деп ойлап қоямын іштей, - тағы да биліктің партиясы жеңіп шығып, халық қозғалып кетпесе жарар еді...


Менің бұл ойым таза артта қалған адамның шалдыр-шатпағы екен! Алаңға келсем, биліктің де, оппозицияның да өкілдері бірін-бірі қызу құттықтап, көптен көрмеген бауырын кездестіргендей айқара құшақтасып, мәз-мейрам болысып жүр. Әуелі бір-бірін бетке-көзге қарамай шөпілдетіп сүйіп жатқандар бар. Ортаға биік етіп мінбер орнатып қойған. Мұнда да әнұран шырқалып тұр. Біздің еліміздегі сайлауды оңдырмай сынаймыз деп келсе керек, титтей де заң бұзушылық таппағандықтан бір-екі шетелдік тәуелсіз бақылаушы мұрындары пырс-пырс етіп бір бұрышта жылап тұр.


Қуанышы қойнына сыймағандардың бұйыртқанымен өбісіп үлгергенімше болмады, мінберге сайлау комиссиясының өкілі шығып, қала жұртшылығына арналған жүрекжарды тілегімен салтанатты жиылыстың ашылғанын хабарлады. Елде ес жоқ, ысқырып-қышқырып, улап-шулап теңіздей теңселіп тұр.


- Ағайын! – деді өкіл жүзі бал-бұл жайнап, - Міне біз де кезекті демократиялық сайлауымызды өткізіп, ел қалаған азаматтарымызды парламенттің төріне отырғызу мәртебесіне ие болып отырмыз!


Аспанға кептер ұшырып, ел тағы да гулеп кетті.


- Өздеріңізге белгілі, бұл сайлауда ұлттың қамын жеген тәуелсіз партия өкілдері тоқсан пайыздық жеңіске жетіп, енді халықтың хал-ахуалын парламенттің төрінен баяндап отырады!..


Жан-жақтан ұрандар тасталып, біреулер аяқтарын салаңдатып бір кісілерді көкке лақтырып жатыр. Сірә, жеңіске жеткен жақтың ынталы тобы болса керек. Жұрттың ду-дуы сәл басылыңқыраған кезде өкіл ортаға тәуелсіз партияның серкесін шақырып, өзі мінберден түсіп кетті. Түнімен көз ілмеген бе, әлде таң атқанша тебіреніп жылаған ба, әйтеуір, тәуелсіз партияның бетке ұстар мықтысы қайта-қайта толқып ұзақ сөйлей алмады.

- Халқым! Қазағым! – дейді ол көздері жасаурап, - Бұл жеңіс жергілікті билік өкілдерінің әділеттілігінің арқасында, өздеріңіздің саналы қадамдарыңыздың арқасында болып отыр!..

- Байғұс-ай, - деп ойлап қоямын іштей, - Мынаны «халқым!», «қазағым!» дегізген шынымен де демократия ма екен, әлде депутаттыққа қол жеткізген соң елін шынайы сүйе бастады ма? Бұл сорлы елімізде «сайлау болады» десе қуғын-сүргінге ұшырап, түрме жағалап кетуші еді, бұл жолы ешкімнің қыспағын көрмегендіктен өліп кетпесе болғаны!..


Бір кезде мінберге осыған дейін мәжілістің мамық креслосын мыжғылаған депутаттар легі көтерілді. Олар да бірінен соң бірі халықты осы өткізілген әділетті сайлаумен, дауыс беру қорытындысының ашық санауымен шын жүректен құттықтап жатыр.


- Уа, халайық! Елім, жұртым! – деп сөз бастады толықша келген, дөңгелек жүзді бір кісі. Сірә, билікке тиесілі фракцияның өкілі болса керек, салғаннан сырын ақтарып, ағынан жарылды. – Бұған дейін де біраз жұмыс атқарылғанын мойындайық. Алайда, шындығын айту керек, біз көбіне сыртқы саясаттың жетегімен, басшылардың қас-қабағына қарай отырып елдігімізге келіңкіремейтін кейбір заң жобаларын қабылдап та жібердік...


Дөңгелек жүзді депутат елдің толқып бара жатқанын аңдады ма, әлде ойлаған тағы бір бәлесі болды ма, әйтеуір, сөзінің аяғын мәймөңкелетіп бітіре салды.


- Біздің жіберген қателіктерімізді осы сайланған нағыз халық қалаулылары жібермесін деген тілекпен, мен біздің партияға тиесілі өз орнымды халықтың ішінен шыққан ұлтын сүйетін ұлға босатып бергім келіп тұр!


Ескі жараның орны сыздай бастағандай болған ел сәл күбірлесіп бара жатты да, мына сөздерден кейін қайтадан шат-шадыман күйге түсті. Менің де бұрын-соңды мұндай барақат күйді бастан кешпегендігімнен көзім жасаурап, көңілім босай берді. Оң қолымның жеңімен көзімді, сол қолымның жеңімен мұрынымды сүрткіштеп тұр едім, біреу бүйірімнен түртіп қалды. Бұрылып қарасам көзі көкпеңбек, шәші сап-сары, сидиған бір шетелдік қонақ екен.


- Менің де көңілім бұзылып тұр, - дейді әлгі тап-таза қазақ тілінде, - Сіздердегідей демократия біздің Еуропада да жоқ!


- Мәс-саған! Сіз қазақша ағып тұрсыз ғой?! – деппін сасқанымнан. Байлығымызды алып Еуропаға тайып тұрған өзіміздің баяғы қашқындарымыз ба деген күдік жылт етті де, сары бас қонағымның түр-түсіне шұқшиып үңіле бастадым.


- Осы бір әдемі тілді бар-жоғы бір айдың ішінде меңгеріп алдым. Сайлау туралы мақала жазу үшін арнайы Еуропадан келген жорналшы едім. Не деген құнарлы тіл, неткен қонақжай халық! Жерлеріңіз де, тілдеріңіз де бай екен!..


Бұл мақтау – бізді сорлатқан мақтау! Осы даңғойлығымыз бен мақтаншақтығымыздың арқасында шетелдерге жем болып келгеніміз рас! Батысыңыздың бағына бұйыртпаған демократиямен мықтап қаруланған мен өзімше «Хім-м, білеміз ғой, сендерді де?!» деп іштей ойлап қоям. Баяғы мақтау мақтау ма, сарыбас менің елімді жер-көкке сыйғызбай әкетіп бара жатыр.


Сөйтіп шет елден келген «импорт мақтау» майдай жағып бара жатқанда бір түрлі күбір-сыбырды құлағым шалып қалды. Бұл енді түсімдегі дыбыстар емес еді. Көзімді ашып қарайын десем, бір түрлі қорқып жатырмын.


- Мынау әлгі біздің демократ па? – дейді шиқылдақ дауыс кекесінді түрде.


- Итіңнің ұйқысы қатты білем! – дейді күжілдек дауыс.


- Басынан бір тебейін бе? – деп манағы шиқылдақ дауыстың иесі күжілдектен сұрап қояды.


- Тиіспе, онысыз да аузын ұрмадық па мұның?! Одан да оянып кетпей тұрып бұл кереметтің үйінде не бар екен, соны әкетіп үлгерейік...


«Ұрылар!» деген суық ой санамды сызып өтті. Көзімді ашпағаным мұндай жақсы болар ма? Әйтпесе, мына бәлелерден жақсылық күтуге болмайды.


- Өй, әкеңнің, мына үйде түк жоқ қой?!


Күжілдеуік ілерге бұйым таппағанына ыза болып тұр. Өзі жұмыссыз, өзі шетелдік тағам жеуге әуес кісінің үйінде бірдеме болушы ма еді?


- Ит-ай, түріне қарамай демократиялық түске тапсырыс береді өзі! – деп шиқылдаған ұры да күйіп кете жаздады.


Кедейлігіме осы кезде өзім де қатты қуанып кеттім. Тек қуаныштан айғайлап жібермейін деп ернімді тістеп жатырмын.


- Тым құрыса қалта телефонын қағып кетейік? – деп шиқылауық осы жерде ұсыныс тастады.


- Тиме! - дейді күжілдек дауыстың иесі, - Ол ертең де келіп тапсырыс беруі керек...


«Мыналар маған түс сатқан фирманың ұрылары болды» деп ойладым. Бәсе, жап-жақсы түстерін арзанға бергендеріне таң қалып едім. Қалағаныңды көріп қалғып жатқаныңда қатырып кетеді екен ғой бұлар!


Бір кезде әлгі екеуі қалай дыбыссыз үйіме кірсе, солай шу шығармастан шығып кетті. Мен жатырмын өң мен түстің арасында. Сипалап қарасам, қалта телефоныма тиіспепті. «Полиция шақырсам ба екен?!» деп оқталдым да, ол ойымнан айнып қалдым. Біздің маубастар не бітіруші еді? Шетелдің интерполы ғой деймісің. Ұрыны ұстаудың орнына, өзімді тергеп итімді шығарар...


Манағы демокртаиялық түстен әлі арыла алмай жатырмын. Не деген керемет қоғам, не деген керемет әлем! Тезірек таң атса екен, тағы да демократиялық түске тапсырыс беретін.



25.01.2010.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар