Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қазақ қиссагерлері зерттелмей жүр...

25.06.2021 3178

Қазақ қиссагерлері зерттелмей жүр 12+

Қазақ қиссагерлері зерттелмей жүр - adebiportal.kz

Әкем марқұм Кеңес Үкіметін қош көрмейтін жан еді. Өмір бойы қарпайым перме зоотехникі болып істеп, зейнетке шықты. Әлі есімде батырлар мен барымташылар туралы ел әңгімесін көп айтатын. Соның ішінде Иман-Жүсіпті пір тұтатын, әрі қазіргі тілмен айтқанда хоббиі қамшы жинау болатын. Ешқашан Иман-Жүсіп демейтін «Біреу» дейтін, неге біреу дейтінін кейін ұқтым. Үш әріп әкейді аңдиды екен. Мен балалық шалықпен Иман-Жүсіп осындай болған деп әңгімені басқаға айтып қойсам, не болар еді?! Аузынан шыққан ел әңгімелерінде «барымташы» демейтін «Итжекендікдіктер» немесе «біздің жігіттер» дейтін еді.

Және «біздің жігіттердің» әулетінің шет ел аспағанын, әрі қос бірдей аштықта ашықпағанын мақтан ететін. Шоқай мен Тұрарды кеңес өкіметі Алаштың қанжығасына байлап беріп, ұлт жадынан ұмыттырды ғой - деп қамығып отыратын. Шоқай мен Тұрардың жасырын хабарымен құрылған ғазилық әскер құрамына атамының егіз інісі Қалиасқар бүкіл отбасымен және 5 ағам аттанды. Үйде тек інім Мырзағасым екеуіміз ғана қалдық дейтін. Олар аттанбаса бүгінгі өзбек жеріндегі қазақ өңірлері сарттанып кететін еді дейтін. Бірақ оны ұғатын пайым түсінік ол кезде менің бойымда жоқ еді.

Ешкімге айта берме, ешкім бізді ұната бермейді. Атаң Сарпалуан деген лақап аты бар Шығыс Түркістанға белгілі біздің жігіттердің құрбашыларының бірі еді. Халық ақыны Төлеу Көбдіковтің жылқысына бас-көз болды, қытаймен екі ортада контрабандамен айналысты, ал егіз інісі үнді мен иран шығыпты деп отыратын. Және әкемді Қызылдар қанжығасын улап өлтірді - деп қамыға сөз ететін.

Байлардың ұры ұстағаны және байларға бағынбайтын барымташылар кастасы болғандығы әм олардың қазақ попмәдеиетіне өз үлесін қосқандығы музыка зерттеушілері тарапынан жасырылып келсе де, көркем әдебиетте оның болғандығы Жүсібек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінде, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» хикаятында астар мәтін арқылы бізге жетті. Бірақ олардың мәдени-музыкалық мұрасының шет жағасын әкем марқұм арқылы қанықтым. Өмірі әкемнің жылағанын тек 1969 жылы төрт жасымда көрдім. Кішкентай болсам да, есімде тура бір апта Тәшкенге баруға жиналдық. Ақыры Алай базарының жанындағы бір үйге кіргеніміз есімде, бойы екі метрдей көзі көк, сары шал басымнан иіскеп қолымды сүйді. «Әкемнің інісі, Мен, қазақ болғаныммен ұрпағым өзбек болып кетті, деп айтты» деді де көзінде іркілген жасты сүртті.

Соларды түгелдей неге жазып алмадым деп әлі өкінем. Тек кей біреулері ғана есімде қалыпты. Біреу бір күні бір байдың үйінің тұсынан тоқтамай өткен екен. Ол бай тоқтамай өткендерге «дастарханымды сыйламады» деп қара бурасын жіберіп шайнатып өлтіретін ғадеті бар екен. Содан бай өзін сыйламаған қылаң аттыға қара бурасын жіберіп, кегін алмақшы болады. Бір кезде бурасы келмеген соң, жалшыларын жіберсе, бураның басы кесіліп өліп жатқанын байға жеткізіпті. Ойбай, үйдің тұсынан «Біреу» өткен екен ғой? Тауып, қашан қонақ болатынын біліп қайтыңдар - деп жалшыларын қайыра аттандырыпты.

Жалшылар бір айдан соң, келетінін айтыпты. Біреу айтқан уақытында келіп, үш күн құдайы қонақ болады. Батырекесі өнеріңді көрсет дегенде қамшымен тоғыз қабат құнан өгіздердің терісін үшке бөліп тіліп түсіпті.

Не қалайсың дегенде қозышы баланы маған атқосшылыққа бер депті. Ол баланың тақым қағарлық шеберлілігі бар екен. «Тақым қағушы» дегеніміз малта құртпен барымташылар артынан жылқыны қайтарып алу үшін қуғандарды тізеден қағып аттан түсіріп кету өнері. Кісі өліміне жол бермеу амал жосығы. «Найзағай» романында Әлжаппар Әбішев Мәди таспен атып артынан қуғандардан құтылды деп жаңсақ жазады.

Екінші нұсқасында бурамды қылышпен кесіп өлтірдің - деп би алдында жүгіндіреді. Сонда 9 өгіздің терісін үшке бөліп сөзінің растығын дәлелдейді.

Әкейдің қамшыгерлігін бізге үйретпегені түрмеде шірімесін деген әкелік қамқорлығы екен. Осылайша біздің тұқымға тән қамшыгерлік шеберлігі әкеймен бірге кетті. Амал не? Әкейдің қамшыгерлігін біз кездейсоқ білдік. Біз тұратын Семіз Найманның Ақ Далалық Бақанасы бес облыстың түйіскен жерінде Балқаштың ащы тұсынан 70 шақырым жерде орналасқан жыланды жер. Інімнің 4-5 кезі ол ойнап отырғанда бәріміз шәй ішіп отырғанбыз. Әкейдің алдында жататын қамшы көтеріліп барып шып етті. Қарасақ оқжыланның басы бір бөлек, денесі бір бөлек шоршып жатыр екен.

Ол кісі қой малын малшылардың қалай жындыға айналдырып, қалай жасырын бауыздайтынын жыр ететін. Әкемнің кім болғанын білмегендіктен ар жақтан келген ағайындар басқа зоотехниктерді алдап соқанымен ол амалдары әкейге өтпейді екен. Ең семіз қойдың құлағына арпа не бидай дәнін салып жіберсе, ол айналмаға айналып, бір орында айнала береді екен. Немесе қойды жылқыны сиырды алдына шылапшын қойып, арам өлді дегізіп таңдайдан бауыздайды екен.

Ініміз екеуміздің әкейге екі сағат массаж жасайтынбыз. Ол кісі өмірі болды деген сөзді айтпайтын. Қор ете түскенде қолымызды ала қойғанда көзін ашып, енді-енді денем босаңсыды дейтін.

Қалай төртінші сыныпқа көштім әкейдің отчетін жасауға көмектестім кәпировка қойып 24 қойшының мал басын әкейдің жасап бергені бойынша жеті дана етіп жасап беретін едім....

Әкей әңгімені тек көңіл хошы болғанда ғана айтатын. Және қашанда болмасын әр әңгімесін:

«Бұл жерде балапандай балалар да бар,

Аузында бір тісі жоқ шалдар да бар.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе-ей-ей Бір Алладан» деп бастап кететін. Тек Сәбит Мұқановты қатты қастерлейтін. Неге қастерлейтін кейін ғана ұғындым.

Неге қазақ криминалды шансоны ұмытылды. Бірінші, фольклор жинаушылар этикалық себептермен бұл салаға аяқтарын аттап басқан жоқ, екінші, санаулы ортада ғана таңдаулылар ғана тыңдайтын аудиториясының тарлығы, үшінші, өз репертуарына осы әндік балладаны енгізушілер кейінгі ұрпаққа өз қолдарымен жазып қалдырған жоқ.

Тек Әріп Тәңірбергеновтің «Тәуке-Үрқия» атты айтыс-дастанының қысқартылған балладалық нұсқасы ШҚО мен Талдықорған жақта 1960 жылдардың аяғына дейін түрлі мақаммен айтылып келді.

Енді осы қазақ криминалды шансонын ұлттық мұра ретінде махаббат мотивіне құрылған балладалық ән жанры ретінде қайыра тірілтетін кез келді.

Бұдан бөлек Сәбеңнің қиссагерлігі өз музыка зерттеушісіне жолықпай жүр. Қаламгер қазақ қиссагерлігін жоғарғы деңгейге жеткізген шеберлігін «Өмір мектебінде» мың құбылта астарлай береді. «....Жетім болып нан тауып жүргенімде Діни қиссаларды оқыған кезде шал-кемпірлер жылаушы еді» - деп жазады. Бұл арада Сәбеңдей тұлға бір үзім нанмен, бір аяқ сорпа үшін қисса оқыған деген ойға қалу ешқандай қисынға келмейтін дүние, өйткені, қисса дастандағы әр шумақты, әр образды, түрлі дауыспен сомдайтын дастаншылар/қиссагерлер қазақтың сол кездегі патшалық бөлінімінде саусақпен санарлық болған. Бұл әуезелер 1929-1933 жылы ұлы жұтта мүлдем ұмытылды.

Шәкәрім дастандарының, Сыр Сүлейлерінің қиссаларының, Ахаттың, Әсеттің т.б. туындыларының дастаншылары/қиссагерлері не музыка зерттеушілері, не әдебиет тарихышылары тарапынан зерттелмеуі оны ғылымдағы ақтаңдақтардың біріне айналдырды.

Менің әкем Шәкәрім мен Иман Жүсіптің қиссаларын әуездеген шақта, ұйғырдың 12 мақамынан да асқан дүние барлығын ұқтыратын. Және 15 минутта дауысы қарлығып қалатын еді де, бармақ пен жыр араластырып, қара сөзге ауысып, ара-арасында ғана қара өлеңшілеп кететін. Ал, түнді түнге ұрып мақамдайтындар ілеуде бір. Сәбең сол ілеуде бірдің бірегейі болды.

Қазақ қиссагерлері мен дастаншылары алаш өркениетінен өз орнын табуға тиіс. Әкем кеңестік кезеңде осы асыл мұраны өз бойында сақтаған санаулы жанның бірі болғанын перзенттік мақтан етемін. Бірақ мен оның аманатының тамшысын ғана қабылдай алыппын. Әттең!..

Әбіл-Серік Әліәкбар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар