Қазақтың мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне қызығамыз

Елімізде білім алып жүрген шетелдік студенттер мен магистранттар - өз елдері мен Қазақстан арасындағы бейбітшілік елшілері. Олар мұнда оқып жүрген уақытында қазақтың мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне үлкен қызығушылық танытуда.

420

Қазақтың мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне қызығамыз - adebiportal.kz

Елімізде әлемдік деңгейде мойындалған білікті әрі кәсіби жоғары оқу орындары жетерлік. Міне, сондай тұғыры биік, жоғары оқу орындарының бірі  Шоқан Уәлиханов университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен Назарбаев университеті десек еш қателеспейміз. Қазақтың ұлы билеушісінің, ақиық ақынының, дарынды ғалымының және елбасының есімін арқалаған бұл іргелі оқу орындарына жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік студенттер келіп, баға жетпес қазыналы білім алуда. Мәселен, Гунват Патил – Шоқан Уәлиханов университетінің медицина факультетінің; Франциска Айти (Ayitey) Назарбаев университетінің білім беру көшбасшылығы бағдарламасының және Қабдыл Мағжан Бауыржанұлы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің маңдайалды түлегі. Қазіргі таңда олар дәл осы университеттерде оқуларын әрі қарай ойдағыдай сәтті жалғастыруда. Біз Франциска Айти, Гунвант Кхашерао Патил және Польшада білім алып жатқан қазақстандық Ерасыл Әлімжан мен Қытай еліне биыл толықтай тегін оқу грантын ұтып алған Қабдыл Мағжан Бауыржанұлы мырзамен қазақстандағы оқу мен өмір жайында келелі сұхбат құрған едік. Әсіресе, сұхбат барысында біз Гунвант Патил мырзадан Үндістанда қасиетті наурыз мерекесіне ұқсас мейрам барын білдік. Бұл біз үшін тосын әрі тың жаңалық болды. Енді сол маңызды ақпаратпен өздеріңізбен барынша жылдам бөліссек дейміз. Алдарыңызға төмендегі сұхбатты қуана-қуана ұсынамыз. 

-Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжолов «Өзге емес, өзім айтамын өз жайымды, жүрегім жалын атқан сөз дайында» дегендей, көпшілікке өздеріңізді тағы бір рет кеңірек таныстырып өтсеңіздер.

Гунвант Патил:

– Менің ныспым – Гунвант Кхашерао Патил. Биыл жиырма төрт жасты еңсеріп, жаңа мүшел жасқа шықтым. Үндістан мемлекетінің ең ірі индустриялық әрі мәдени орталықтарының бірі саналатын Махараштра штатының әсем де көрікті Колхапур қаласынанмын. Негізінде менің туылған ауылым – Айтваде Хурд. Бұл – Варана өзенінің бойында орналасқан, айналасы жасыл желекке толы, тұмса табиғаты көз тартарлық ерекше әдемі ауыл. Балалық шағымның басым көпшілігі Колхапур қаласында өтті. Бесінші сыныптан бастап сапалы білім алу үшін Махараштра штатының әртүрлі шаһарларында: Колхапур, Сангли және Латур қалаларының жатақханаларында тұрып, барымды салып оқыдым. Колхапур қаласында бүгінде 2001 жинақ бойынша 400-ден аса тұрғын тұрады. Қала өзінің мәдени орталықтарымен көпшілікке танымал. Атап айтқанда, Панхала қамалы, Джйотиба ғибадатханасы, жасырын сарқырамалар, Махалакшми ғибадатханасы және тағы да басқа көптеген тарихи әрі көрікті жерлер бар. Бұл тарихи орындарға міндетті түрде өз көздеріңізбен көруге кеңес берер едім.

 Қазақстанда білім алу мен үшін өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі болды. Әсіресе, кәсіби білікті дәрігер болу мақсатында шетелдік білім маған теңдесіз тәжірибе мен таптырмас мүмкіндік сыйлады деп нық сеніммен айта аламын. Шоқан Уәлиханов университетін таңдағаныма еш өкінбеймін. Уәлиханов университеті менің асқақ арманымды жүзеге асырудағы алғашқы баспалдақ пен өмірлік мектеп болды. Сондықтан университетке берген озық тәжірибесі мен телегей теңіз біліміне айтар алғысым шексіз.

Мағжан ҚАБДЫЛ:

– Биыл мен үшін аса қуанышты жаңалықтардың бірі – Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласындағы Hangzhou Dianzi University университетіне магистратураға түсуім болды. Аталмыш университетте English Language and Literature, яғни, «Ағылшын тілі және әдебиеті» бағыты бойынша тегін білім аламын. Бұл мен үшін өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Өйткені бакалавриатта алған ағылшын тілі мұғалімі бағытындағы білімімді әрі қарай ойдағыдай жалғастырып, оны академиялық тұрғыдан тереңдеткім келеді.

Ең бастысы, университетке толық грант негізінде қабылдандым. Грант аясында Қытайдағы оқу ақысы мен жатақхана шығындары толығымен жабылады. Меніңше, мұндай мүмкіндік студенттер үшін тек қаржылық қолдау ғана емес, өзіңе артылған үлкен жауапкершілік. Себебі мемлекет немесе университет тарапынан берілген мүмкіндікті нәтижелі пайдаланып, алған біліміңді кейін өз еліңе пайда әкелетіндей бағытта қолдана білу керек.

Франциска АЙТИ:

 Мен жаңа нәрселерді үйренуге, адамдармен танысуға және әңгімелесу арқылы түрлі мәдениеттер арасында тығыз байланыс орнатуға қызығатын, ашық-жарқын адаммын. Білім беру, технология һәм адамдардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне ықпал ететін мүмкіндіктерді іздеу салаларына қатты қызығушылық танытамын. Өзім батыс Африканың Атлант мұхитына жақын орналасқан тарих пен әртүрлі мәдениет бір арнада тоғысқан, тропикалық табиғатқа бай өлкесі Гана мемлекетіненмін. Гана қазіргі таңда отыз бес миллионға жуық тұрғыны бар, тарихы тереңнен тамыр тартатын, тәуелсіз мемлекет. Еліміздің солтүстік аймағы саванналар мен оңтүстігі тропикалық ормандарға бай. Сондай-ақ, мен қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Назарбаев Университетінің түлегімін. Назарбаев университетінің түлегі болғаныма өте қуаныштымын және оны ерекше мақтан тұтамын. Өйткені Назарбаев университеті жоғарыда атап өткенімдей, Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі.

Неліктен дәл осы университетті таңдаңыздар? Бұндай бірегей шешімге келулеріңізге не себеп болды?

Гунвант ПАТИЛ:

– Қазақстан туралы немере ағамнан естідім. Мен Қазақстаннан шыққан UFC спортшысы Шавкат Рахмоновты білетінмін. Осында келген соң Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы көп мағлұмат алдым. Менің табиғаты Швейцарияны еске салатын шағын да көрікті Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов университетін таңдауымның басты себебі – университет медициналық білім беру саласында өзінің сапалы академиялық білімі мен теңдесіз тәжірибесін ұсынады. Дәл осы маңызды шешімді қабылдамастан бұрын мен жергілікті университет пен кампус өмірі жайында бейне-материалмен етене жақын танысып шықтым. Университет өмірі жайындағы бейне-материал мені шалқар шабыттандырып, Қазақстанға келуіме негізгі себеп болды.

Франциска АЙТИ:

– Назарбаев Университетін жоғары академиялық беделі, халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беретіні және Орталық Азияның жүрегінде терең білім алу мүмкіндігі болғаны үшін таңдадым. Қазақстанның аймақтағы білім, ғылым және дипломатия салаларындағы рөлінің жыл санап артып келе жатқаны көңіл қуантады. Назарбаев Университетіндегі ағылшын тілінде білім беру саясаты (EMI) да менің таңдауымa тікелей оң әсер етті. Бұл саясат шетелдік және жергілікті студенттерге білім алуға кең мүмкіндік беріп, оқу үдерісіндегі тілдік кедергілерді азайтады.

Мағжан ҚАБДЫЛ:

– Hangzhou Dianzi University мені ең алдымен халықаралық ортада білім алуға мүмкіндік беретін университет ретінде қызықтырды. Университеттің халықаралық студенттермен жұмыс істейтін арнайы мектебі бар және оқу орнында шетелдік студенттерге арналған ағылшын тіліндегі бағдарламалар ұсынылады. Мен үшін Қытайда магистратура оқу жаңа білім алу ғана емес, өзімді кәсіби және тұлғалық жағынан сынап көрудің жаңа кезеңі. Әртүрлі елдерден келген студенттермен бірге оқу арқылы басқа мәдениеттерді, білім беру тәсілдерін және академиялық ортаны жақынырақ тануға мүмкіндік аламын деген ойдамын.

Ерасыл ӘЛІМЖАН:

– Польшадағы білім беру – ерікті түрде өтеді. Ол жердегі академик мұғалімдер – студенттердің жан досы секілді. Үйрететін заттарының бәрін шынайы өмірден алып, мысал келтіріп түсіндіреді. Польшаны таңдауымның басты себебі – қазіргі таңда нарықты дамып жатқан Еуропа елдерінің бірі болғандықтан. Нарыққа бейімделген білім беру жүйесі – ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды. Қазақстандағы оқу орындары да нарыққа бейімделген телегей теңіз білім береді. Бұған модульдік білім беру бағдарламаларын мысал ретінде қарастыруға әбден болады.

Мемлекеттік тілді қаншалықты жетік білесіздер? Қазақ тілін үйреніп жүрсіздер ме? Күнделікті өмірде қазақша қандай да бір фильм немесе телехикая тамашалайсыздар ма?

Франциска АЙТИ:

– Иә, қазақ тілін біртіндеп үйреніп жүрмін. Мен әзірге бірнеше қарапайым сөздер мен сөз тіркестерін ғана білемін: Сәлеметсіз бе? Hello, рақмет – Thank you, жақсы – GoodСонымен қатар, бірнеше қазақстандық фильмді көрген едім. Олар маған Қазақстанның тарихын, құндылықтарын және табиғатын тереңірек тануға әрі түсінуге көмектесті.

Гунвант ПАТИЛ:

– Мен әзірге қазақ тілін әлі толық жетік деңгейде меңгерген жоқпын, бірақ негізгі сөздер мен күнделікті қолданылатын сөз тіркестерін үйренуге тырысып жүрмін. Шоқан Уәлиханов университетінде маған қазақ тілінен Анар Айткалиқызы ханым өте жоғары деңгейде сабақ берді. Ол өте жақсы адам әрі керемет ұстаз. Басында бәріміз сөздерді дұрыс айтпайтынбыз, сондықтан бір-біріміздің қате айтқанымызға әзілдесіп, мәз болып күлетінбіз. Бірақ кейін ұстазымыздың шеберлігінің және кәсіби біліктілігінің арқасында біраз сөздерді дұрыс үйреніп, қазақша сөйлей бастадық. Ұстазыма айтар алғысым шексіз. Айтпақшы, мен Көкшетаудағы «Синема» киноорталығынан «Аквамэнді» үндістандық достарыммен бірге толықтай қазақ тілінде көргенмін. Фильм маған және үндістандық достарыма ерекше әсер сыйлады. Қазақша нұсқасы маған қатты ұнады. Әлі де қазақ тілінде фильмдер көптеп көргім келеді. 

–Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Кұлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, менше сүй» деп бекер айтпаса керек. Қазақ тілінде әндер тыңдайсыздар ма? Қандай қазақша әндерді білесіздер?

Гунвант ПАТИЛ:

– Қазіргі кезде қазақ тілінде музыка тыңдау мен үшін жергілікті мәдениетпен танысудың ең сүйікті әрі баға жетпес тәсіліне айналды. Ән айтқанды ерекше жақсы көремін және музыкаға қызығушылығым өте жоғары. Осы уақытқа дейін мен 2-3 қазақ әнін орындадым, соның ішінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» атты ғажап әні де бар. Сонымен қатар, мен қазіргі қазақ музыкасын тыңдағанды ұнатамын. Әсіресе, Adam орындаған «Жүрек» әні – менің сүйікті әндерімнің бірі.

Франциска АЙТИ:

– Қазақ музыкасын үнемі тыңдаймын деп айта алмаймын, бірақ қазақ мәдени іс-шараларына қатысқан кезде көптеген қазақ әндерін естимін. Әндердің мағынасын әрдайым түсіне бермесем де, қазақ тілінің әуезділігі маған өте қатты ұнайды. Әсіресе, домбыраның үнін ерекше ұнатамын. Домбырадан шыққан әрбір әсем әуенді тыңдағанды жақсы көремін. Бұл маған шалқар шабыт пен оқуға баға жетпес мотивация сыйлайды.

–Қазақтың ұлттық мейрамдары туралы не білесіздер? Наурыз мейрамына қатысып көрдіңіздер ме?

Гунвант ПАТИЛ:

– Қазақстанға келмей тұрып, оның тарихы туралы көп нәрсе білмейтін едім. Бірақ қазір бәрі басқаша. Мен жыл сайын қазақстандағы Наурыз мейрамына қатысамын, жергілікті тұрғындармен, достарыммен бірге қуана-қуана Наурызды тойлаймын. Айтпақшы, бізде, Үндістанда бұған ұқсас Гуди Падва деген мереке бар. Гуди Падва маратхи халқының жаңа жылы, яғни, қасиетті мерекесі. Ол үнді күнтізбесіндегі Чайтра айының алғашқы күнінде (наурыз–сәуір айларында) атап өтіледі. Бұл мереке көктемнің келуін, жаңа бастамаларды және әлемнің жаратылуын білдіреді. Мереке таңертең үйді тазалаудан басталады. Адамдар түрлі-түсті ранголи өрнектерін салып, наурыз мейрамындағыдай жаңа киім киеді және пуран-поли, шрикханд сияқты дәстүрлі мерекелік тағамдар дайындайды. Гуди туы – үйдің сыртына жеңісті, сәттілікті білдіретін және жамандықтан қорғайтын символ ретінде ілінеді.

Наурыз мерекесі мен Гуди Падва мерекесі арасында ұқсастықтар өте көп. Мәселен, екі мереке де ерте көктемде, наурыздың соңы немесе сәуір айларында атап өтіледі және екеуі де жаңа жылдың басталуын, табиғаттың жаңаруын, ауыл шаруашылығы кезеңінің басталуын білдіреді. Сондықтан Наурызды тойлау маған ерекше қатты ұнайды. Өйткені наурызды тойлау арқылы өзімді үйімде жүргендей аса бақытты сезінемін.

Қазақстандағы оқу сіздерге не берді? Аталмыш университеттердегі білім беру жүйесі несімен ерекшеленеді? Болашақта оқуларыңызды осында жалғастыру ойларыңызда бар ма?

Мағжан ҚАБДЫЛ:

 Қазақстандағы университеттік білім менің кәсіби және білікті маман ретінде қалыптасуыма өте көп мүмкіндік берді. Мен үшін университеттің басты артықшылығы – теориялық біліммен қатар, алған білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін тәжірибеге басымдық берілуі. Әсіресе, мен білім алған Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін ерекше атап өткім келеді. Бұл оқу орны елімізде тілдерді терең әрі сапалы оқытатын жоғары оқу орындарының бірі ретінде бұрыннан танымал. Университет қабырғасында алған білімімді түрлі халықаралық ортада сынап көруге мүмкіндік алдым. Екі жыл қатарынан халықаралық мектеп ISA-да тәжірибеден өтіп, өз курсымның үздік студенті ретінде практикадан өттім, сонымен қатар, Қырғызстанның Ош мемлекеттік университетінің аккредитациялау жұмысына студент-эксперт ретінде қатыстым. OIC-15 халықаралық іс-шарасында Индонезия делегациясының liaison officer-і қызметін атқарып, “Қазқұтқару-2023” халықаралық құтқару көпсайысында Венгрия мен Түркия өкілдеріне аудармашылық жасадым.

 Осындай озық тәжірибелер мен университетте алған телегей теңіз терең білім тек аудиторияда қалып қоймай, нақты ортада қолданылған кезде ғана шынайы құндылыққа айналатынын көрсетті. Сондықтан университет маған ең алдымен білім ғана емес, халықаралық ортада жұмыс істеу, түрлі мәдениеттермен коммуникация жасау және өзімді кәсіби тұрғыдан сынау мүмкіндігін берді.

 Қазір білімімді шетелде, Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Hangzhou Dianzi University университетінде «English Language and Literature» бағыты бойынша магистратурада жалғастырғалы отырмын. Бұл да университетте қалыптасқан кәсіби бағытымның заңды жалғасы деп ойлаймын.

Ерасыл ӘЛІМЖАН:

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – білімге құштар, жақсы жаңалыққа бейім, талапшыл студенттерге өте көп мүмкіндік береді. Шетелдегі көшбасшы университеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Ағылшын тілін білу деңгейін дәлелдейтін «IELTS» сертификаты болған жағдайда, университет шетелге 1-ші курстан бастап жібереді. Барлығы да студенттің өз ынта-жігеріне тікелей байланысты. Оқу оқып, көкжиегімді кеңейтемін десең, ешкім қолынан қақпайды. Қайта қанатың берік болсын деп, биікке самғануына көмектеседі.

Гунвант ПАТИЛ:

– Қазақстандағы оқу – мен үшін теңдесіз әрі ерекше тәжірибе болды. Бұндағы қонақжайлық пен қолайлы климаттың арқасында мен өзімді туған үйімде жүргендей бақытты сезіндім. Әрине, мен Колхапурдан келгендіктен, басында қаланың ауа-райына бірден үйренісіп кету оңайлыққа соқпады. Алайда уақыт өте келе, мен Көкшетаудың қысына қалай ерекше бауыр басып кеткенімді өзімде байқамай қалдым. Бұндағы өмірді ерекшелендіретін басты нәрсе –жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы. Өйткені мен бұл жаққа жасөспірім бала ретінде келіп, міне, ересек адам ретінде кетіп барамын. Бұл уақыт аралығында мен тұлға ретінде өсіп қана қоймай, Көкшетау қаласының аз уақыт ішінде қалай тез дамып әрі жылдам өзгеріп үлгіргенін байқадым. 

Франциска АЙТИ:

– Қазақстанда білім алудың басты ерекшелігі – мұнда дәстүр мен заманауилықтың үйлесімді ұштасуында. Оқу үдерісі жақсы ұйымдастырылған, оқытушылар өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ал көпмәдениетті орта студентке тек аудиторияда ғана емес, одан тыс жерде де білім алуға мүмкіндік береді. Шетелдік оқытушылардың көп болуы да білім беру үдерісіне өзіндік әртүрлілік енгізіп, студенттерге оқытудың түрлі тәсілдерімен етене танысуға мүмкіндік береді. Иә, мен болашақта Қазақстанда қайтадан білім алуды өз жоспарымда міндетті түрде қарастырар едім. Қазақстанның өзіндік тәжірибесі мен көптеген мәселелерге деген ерекше көзқарасы бар. Бұл тәжірибе зерттеуге лайық және басқа елдерге де үлгі бола алады деп ойлаймын.

-Болашақта Қазақстан мен шетелдік оқу орындары арасындағы байланысты ұлғайту үшін қандай да бір жобаны қолға алғыларыңыз, яки, жүзеге асырғыларыңыз келе ме?

Мағжан ҚАБДЫЛ:

– Әрине, мұндай жоспарларым бар. Қазір мен өзімнің білім беру жолымды халықаралық бағытта жалғастыруды жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта Қытайдағы магистратурамнан кейін Еуропада тағы бір магистратура оқып, кейін докторантураны АҚШ-та жалғастыруды мақсат етіп отырмын. Әрине, бұл – ұзақ мерзімді жоспар, сондықтан оған жету үшін әлі де көп тынбай еңбек ету керек.

Мен үшін шетелде білім алу – бұл тек шетелдік бірнеше диплом алып, қоржынға жинау деген сөз емес. Әр елдегі академиялық ортаны, білім беру жүйесін және ғылыми тәжірибені танып, кейін сол тәжірибені Қазақстанмен байланыстыру мен үшін өте маңызды. Қай елде білім алсам да, Қазақстанмен байланысты үзбей, халықаралық ортада еліміздің білім беру саласын таныстырып, керісінше, әлемдегі озық тәжірибені Қазақстанға алып келуге тырысқым келеді. Болашақта Қазақстандағы және шетелдегі студенттер мен жас мамандарды байланыстыратын халықаралық білім беру жобасын қолға алғым келеді. Оның аясында академиялық алмасу, ортақ зерттеу жұмыстары, халықаралық онлайн кездесулер, тілдік клубтар, тағылымдамалар және білім беру саласындағы тәжірибе алмасу бағыттарын дамытуға болады.

 Менің ойымша, бүгінгі таңда әлем мен Қазақстан арасындағы байланысты күшейтудің ең тиімді жолдарының бірі – жастар мен білім арқылы көпір қалыптастыру. Өзім шетелде білім алып, халықаралық ортада тәжірибе жинақтаған сайын Қазақстанның да әлемдік білім кеңістігінде өз орнын одан әрі нығайта алатынына сенімім артып келеді. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсатым – қай жерде білім алсам да, Қазақстанды халықаралық академиялық ортамен байланыстыратын «көпір» болу. Мен үшін шетелге шығудың мәні – тек өзің үшін мүмкіндік іздеу емес, сол мүмкіндіктердің есігін кейін Қазақстандағы басқа жастар үшін де ашу.

Гунвант ПАТИЛ:

– Болашақта Үндістан мен Қазақстан арасындағы тығыз байланысты нығайтуға бағытталған бірегей жобаларға қатысқым немесе өзім осындай игі бастамаларды жүзеге асырғым келеді. Екі мәдениетті етене жақындастыру – денсаулық сақтау саласындағы тың жобалар, студенттермен өзара озық тәжірибе алмасу бағдарламалары немесе қандай да бір мәдени іс-шаралар арқылы болсын – мен үшін туған елім Үндістанның және менің кәсіби қалыптасуыма үлкен әсер еткен Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосудың маңызды жолы болар еді. 

Ерасыл ӘЛІМЖАН:

– Абай Құнанбайұлының «Сен де бір кірпіш, дүниеге тетігін тап та, бар қалаң!» деген нақыл сөзін алға тарта отырып, мен білім беру саласында қажырлы еңбек еткім келеді. Болашақта алпауыт шетелдік университеттердің біріне оқуға түсіп, сол жақта бірер жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтасам деген ойым бар. Сөйтіп, алған шетелдік озық білімім мен тәжірибемді елде бөлісу арқылы Қазақстанға өз үлесімді қосқым келеді.

Франциска АЙТИ:

– Иә, әрине. Мен мәдениеттер мен халықтар арасында байланыс орнатудың маңыздылығына нық сенемін. Қазақстан мен менің туған елім Ганганың тұрғындары бір-бірі туралы көбірек біліп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін студенттік алмасу, білім беру және мәдени іс-шараларға байланысты жобаларға қатысқым келеді. Бір-бірімізді неғұрлым жақсы түсінсек, ынтымақтастығымыз да соғұрлым нығая түседі.

Сұхбат үшін үлкен рақмет! Өз тәжірибеммен бөлісу мен үшін зор құрмет және үлкен мәртебе болды. Қазақстан маған қазірдің өзінде көп нәрсе берді. Енді мен де осы елге өз үлесімді қосып, болашақта өз елім мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайта түскім келеді. Бұл екі ел арасындағы байланысты ұлғайтуға көп септігін тигізеді деп ойлаймын.

- Әңгімелеріңізге көптен көп рахмет!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,

№2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі, 

 Көкшетау қаласы 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan