Қос үй

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

100

Қос үй - adebiportal.kz

(проза)

Мен білетін қазақ әйелі – қазақпын дейтін қара көз, қара баланың анасы, 

сенің жүрегің нәзік, сенің махаббатың балаға тіл жеткізгісіз биік.

Баубек Бұлқышев

Аққағаз жаздағыдай алты сиырды толықтай қақтап саумайды қазір, бір идіреді де бұзауларды ағыта салады. Жауынды күні пештің түбінде, күн ашықта есік алдында сеператормен сүт тартатын отағасын да бүгінде бір енжарлық басқандай. Торқораның есігін ашып қойып, қой, ешкі үй маңынан ұзап кеткенше айналаға мағынасыз қарап тұрады. Биені ағытып, желіні жинап алғалы біраз болған. Ертемен тұрып, жылқы іздеп, улап-шулап құлын байлап жататын кез емес. Екеуінің осы бейжайлығы – үйді азан-қазан қылып жіберетін екі бала ауылға – мектеп-интернаттағы сабағына кеткеннен басталған еді. Шағын шаңырақты меңдеп алған бұл көңілсіздік әсіресе бірі беске, екіншісі үшке таяп қалған кішкентайларына қатты батқандай. Бұрынғыдай асыр салып ойнамай, елегізіп, есік ашылып-жабылған сайын, сыртта ит үріп, ат дүбірі естілген сайын елеңдеп әлек.

Алдымен үстінде су толы шәугім тұрған пешті тұтатып кеткен Аққағаз екі шелек сүтті кіреберіске қойды да бетін жапты. Кешегіден қалған сорпаны ысытты. Әке-шешесімен жарыса оянып алатын балаларын «Сендер неден құры қалдыңдар, жылы төсекте жата бермей» деп, күнделікті сөзін қайталай жүріп жуындырып, төсек-орынды жинады. Бұл уақытта тұсап қойған атын әкеліп, ішкілігімен қатып қалған терін үгіп, торы атын айналып-толғанып жүрген Дәукен де үйге кірген. 

– Осы апта көлік жібереміз деп еді, бүгін келіп қалар ма екен?.. Күнбатыс түнеріп тұр, жауын-шашынға қалмай етекке түсіп алсақ, жөн болар еді.

– Олар қашан уақытында қимылдап еді, бір қар жаумай қозғалар деймісің.

– Сонда да буынып-түйініп дайын отырайық. Келе қалса, алашапқын болмай. 

Дәукен сорпасын сораптап ұзақ отырды, оты қашқан жайлауда қой тоқтамай қарағайлы тұмсыққа жетіп қалғанын біліп отыр. Дегенмен серпіліп тұрып кетерге ықыласы жоқ. 

Бала күнінен әкесінің жанында жүріп табиғат тілін, күн қабағын танып өскен Дәукен қателеспепті. Түс ауа батыстан соққан жел үдеп, бұлт қоюлана бастады. Отарын ауылдан келетін жол – көзден таса болмайтын маңға бағатын ол екі тарапты да қалт жібермей бақылауды жылдағы әдетіне айналдырған.  Бірінен өздерін көшіріп әкететін сүйретпелі трактор келмек, екінші беттен етекке, күздеуге қашпақ болған жылқы, сиырдың алдынан шығып, қайырып үлгеру қажет. Өзіне салса, ат сауырын жасырардай жайқалған шөбі түгесіліп, сәні қашқан жайлаудан жылқы, сиырмен бірге қазір-ақ безіп кетуге бар. Әттең, колхоз шөбін шауып, маялап, егінін орып, қамбасына құйып алғанша рұқсат жоқ. Алда-жалда көзіңді ала бере, күздеуге түскен жылқы, сиырыңды телміртіп қарауыл қамап қояды. Сосын жүргенің жалынып, сөз естіп.

Аққағаз отбасына таңғы асын берген соң бұзауларды байлады да, сиырларды әдеттегі ізімен бел асырып, көл жаққа айдап тастады. Жаз бойы мал қайырысып, бұзау, құлын ұстасып, су тасысып, ұсақ-түйек жұмысты өздері-ақ атқара беретін ұл-қызын кеткендеріне ай толмаса да сағынып үлгеріпті. Тегінде, бір ортаға немесе айналаңдағы адамдарға үйреніссең, сол ортадан, бауыр басқан жандардан мінәуи себеппен оқшауланғанда жалғызсырап, әлемде бір өзің ғана қалғандай жетімсірейсің ғой. Жаздай базары тарқамай у-шу болып жатқан  хан жайлауда да қазір сондай солғын көңіл күй бар. Өздерінен қозы көш жерде отыратын көршілері де сопайып екеуі-ақ қалды. Әшейінде екі күннің бірінде жетіп келетін әйелі аузы-мұрнынан шығып, әне-міне босанғалы отыр. Бұл бармаса, ол келетін шамада емес. 

Күн райы рас бұзылды. Аспанды басқан қара бұлт қос үйдің еңсесін көтертер емес. Ұйытқыған желге суық нөсер қосылып, алажаздай ән мен жырға тұнған жайлау ең сүреңсіз күйге енген. Талай құқайды көрген отағасы буылған теңге арқасын сүйеп, шиті мылтығын тазалап отыр. Екі баласын жатқызып, күлге шоқ көмген Аққағаз да төсегіне бас қойды. Көзі ілініп кеткен екен, «Дәукен, а, Дәукен» деген оқыс дауыстан шошып оянды. Отағасы орнынан көтеріліп, есік ашқанша көрші кіріп келді.

– Оу, зеңбірек атса, оянбайсыңдар ғой. 

– Не боп қалды жарым түнде? 

– Не болғаның не? Қораны бұзып, қой ығып кетіпті. Байқаймын, сенікі де көрінбейді. 

– Ойбу, сақ-ақ жатыр едім... 

– Итқұстан аман болса, қойды қарағай ішінен табармыз, мен саған келдім, Аққағаз. 

– Ойбай, көтек. Маған келгені несі? 

– Құрбың қатты қиналып жатыр, «тоғыз қатынның толғағы қатар келеді» деген осы. Мен Гүлзейнеп апаны алып келейін, оған дейін сен жанына бара берші. 

– Онда балаларды киіндір, атты ертеп, сендерді апарып тастайын, – деген Дәукен мен көрші тысқа шықты. Күндізгі жел тіпті үдеп, нөсердің арты қиыршық қарға айналыпты. 

– Қой кеткен жақты пәмдеп мылтық атып қойдым. Өзің де сөйтерсің, сәл де болса сес қой, – деген көрші атына мінді де қымтанып алып жүріп кетті. Буырқанған боранға сыртын беріп, бұйығып тұрған атын ерттеп, ұйқысын аша алмай жылап отырған кішісін тонға орап сыртқа қайта шыққан Дәукен атқа Аққағазды мінгізді де, алдына баланы берді. Ересегін артына мінгестірді. Сосын үйден мылтық алып шығып, аспанды ала қой ыққан жаққа оқ шығарды. Мылтық даусы шықса, өре түрегелетін иттері көрінбейді. Әлі қыңқылдап отырған баласына: «Ақан, Ақантай, қоя ғой, балам. Қазір қонаққа барамыз», – деді де атты жетектеп батысқа бет алды.

Бұлар үйге жақындаған сайын жападан-жалғыз қалған Бибінің бірде ышқынған, бірде жан таппай шыңғырған ащы даусы анық естіле бастады. Енді уанған Ақан бұл дауыстан шошынып қайта бақырып, аттан көтеріп алған әкесінен ажырар емес. Аттан түсуін түскенмен үйге беттемей үлкені де үркектеп тұр. Мына суықта оларды кім әуектесін, Аққағаз оны қолынан алды да дедектеткен күйі ішке кіріп кетті. Дәукен үлкені мен кішісі қосыла шулаған мына даңғазаға шыдай алмады.

– Ал, өздерің бірдеңе қыларсыңдар, мен малға кеттім, – деп, тысқа ата  жөнелді. «Толғақ қысқан әйелдің даусы қандай қиын. Төбе құйқаң шымырлайды» деп ойлады ол қойы кеткен жаққа бара жатып. Арасында атын тежеп, мылтық атып қояды. «Төтеннен жолығып қалмаса, қазір итқұс тоқ қой. Құдай сақтасын». Ұйытқыған жел мен қиыршық қар бет қаратпайды, соған қарамастан күндіз-түні жүріп, жержады болған ат та, иесі де бағдарынан жаңылмай келеді.

Аққағаз кіре іске кірісті. Алдымен жылап-еңіреген екі баласының сыртқы киімдерін шешіп төрдегі көрпеге жатқызды да, үстеріне тон жапты. «Дымдарыңды шығарушы болмаңдар», – деуді де ұмытқан жоқ. Сосын, жан таппай аласұрып, ішін ұстап бұратылып жатқан құрбысының қара санын, белін уқалай бастады. Абырой болғанда көрші от жағып қойған екен, ыстық үйде бода-бода болып терлеген әйелді белден төмен шешіндіріп жатқанда етегінен кеткен суға қан араласқанын байқады. Оны есі кіресілі-шығасылы жанға білдірмей сулы шүберекпен сүртіп, бар жақсы сөзімен жұбатып отырғанда Гүлзейнеп апа мен көрші де ентелей енді. Апаның айтуымен үй иесі бақан мен арқан әкеліп, былқ-сылқ етіп өзі әзер жатқан Бибіні бәрі жабылып жүріп бақанға ілді. «Туу, осынша ауыр болармысың, аяғыңа тұрсаңшы», – дейді көрші, әйелін екі қолтығынан әзер көтеріп. «Бұл бейшарада не әл қалды дейсің? Жібермей демеп тұр», – дейді екі білегін түрініп алған Гүлзейнеп апа, Бибінің ішін алақанымен айналдыра сауа сипап. «Иә, әбден қиналды. Даусы күншілік жерге естілді ғой», – дейді тегешке жылы су құйып, шүберектерін дайындап жүрген Аққағаз. Біраз уақыттан бері жан алып-жан берген Бибінің расымен қуаты сарқылып-ақ қалған еді. Буынын ұстай алмай, апаның «Күшен, айналайын. Барыңды сал» деген сөзін санасы қабылдамай қайта-қайта талықсып кете береді. Бетіне бүркілген сұп-суық судан шошына ышқынғанда белі үзіліп кеткендей болды, өзін қайтадан тастай салған ол құлағына талып жеткен сәби үнін естігенде омырауы еркінен тыс суланып, бұл әлемнен алыстап бара жатты...

Құдайдың күнін кім толық танып-білген. Түнде ғана аспан мен жер астасып, дүниенің астаң-кестеңін шығарған бұрқасыннан тобықтан асар-аспас қар ғана қалыпты. Жаңа шыққан күн нұрына шағылысып сол ақ қар көз қариды. Бұл маңның малшылары да, төрт түлігі де үйреніп алған табиғаттың дағдылы заңдылығы ғой. Кейде мұндай қар  тізеге дейін түсетін кездер болады. Одан өтсе, қазан айының ортасына дейін, тіпті қарашаға дейін тыныш. 

Күн ашылғанымен қос үйдің қабағы ашылмады. Екі үйдің малын түгендеп, аман-есен жинап келген Дәукен қаралы хабарды ести сала, көлік алып келмекке асығыс етекке түсті. Көрші таң қараңғысынан есік алдындағы бөрене үстінде мелшиіп отыр. Гүлзейнеп апа мен Аққағаз балаларды шошытып алудан қаймығып, үнсіз кемсеңдеп жүріп Бибіні толық  жуындырды. Кебіндеуге қимай, батылдары да жетпей, үйдегі бар матамен жақсылап орады. Әлі ештеңеден хабары жоқ, жарық дүниеге келгенінде бір-ақ рет шар етіп, содан қайта үн шығармаған шарана жаққа қарауға екеуінің де дәті барар емес. Гүлзейнептердің соңынан көп ұзамай жеткен күйеуі – Бәкір ата не істерін білмей дал.

Түс ауа колхоздың уазын мініп, бригадир мен бөлімше дәрігері, учаскелік милиция келді. Көршіге кезек көңіл айтып, дәрігер мен милиция ішке кіріп кетті. 

– Бүгін өздеріңді көшіруге көлік жібереміз бе деп отыр едік, – деді бригадир.

– Енді жіберген көлігіңнің тап әкесінің аузын, – деді көрші. 

– Өй, қой, – деді мұндайды күтпеген бригадир. 

– Қоймасам не істейсің? Шауып аласың ба? Ал, шауып ал, – деп, таң қараңғысынан бері тапжылмаған бөренесінен атып тұрған көрші бригадирге ұмтылды. Шопыр мен Бәкір ақсақал ажыратып үлгергенше жағынан бір-екі ұрып та үлгерді.

– «Келініңіз әне-міне босанғалы отыр. Ең болмаса, соны алып кеткенге көлік жіберіңіз, атпен апаруға енді кеш» деп, Құдайдың зарын қылдым. Тыңдадыңыз ба? «Баяғылар тезек теріп жүріп босанып қалып, етегіне орап алып жүре береді екен» деп, өзімді мазақ қылдыңыз.

– Сен семірейін деген екенсің, сен өкімет адамына қол көтереді екенсің ә? Түрмеде шірітпесем, Тәліп атым құрысын! Осыдан қарап тұр! 

– Ау, айналайын, Тәліп-ау. Кісісі өліп жатқан қаралы үйде мына сөзің не? Сабырға шақырудың орнына, – деді араға түскен Бәкір ақсақал. 

– Шіріт, сендердің қолдарыңнан не келеді басқа? 

Осы кезде үйден шыққан дәрігер мен милиция: 

– Бәрі дайын. Протокол толтырылды, қол қойыңыз, – деп, қағаздарын көршіге ұсынды. 

– Бұл не? – деді көрші. 

– «Ешқандай отбасылық зорлық-зомбылық жоқ. Әйел жолдас туыттан  қайтыс болды» деген хаттама ғой. Ертең өзіңізге де артық-ауыс әңгіме, тергеу болмайды. 

– Оу, сендердің зорлық-зомбылықтарың не айтып тұрған? Сендер одан  да мынаған хаттама толтырыңдар. Дер кезінде көлік жібермеген. 

– Міне, өкімет адамына жала жауып тұр. Милиция жолдас, бұл маған қол көтерді, міне, куәлер де бар.

– Ау, ағайын, мынау не сұмдық? Өзі қан жұтып тұрған адамды күстаналап. Құдайдан қорықсаңдаршы. 

– Қайдағы Құдай? Сіз де, ақсақал... 

– Жақсы, бәрін орталыққа барған соң анықтаймыз. Сүйекті алып шығуға көмектесіп жіберіңіздер, – деді милиция. Олар Бибіні киізге орап алып шыққанда тістеніп алған көрші еңіреп келіп сүйекті құшақтай жығылды. Ілесе шыққан Гүлзейнеп апа мен Аққағаз да дауыс салды. Бұларға Бәкір ақсақал мен шопыр бала, тосын дауысқа іштен екі бала қосылып, бір сәтте бар әлем күңіреніп кетті. Міз бақпай тұрған бригадир мен милиция ғана. Дәрігер мана көлікті айналып кеткен.

Кеш бата Дәукен келді. Мән-жайды жылай-жылай көзі домбығып кеткен жарынан естіп-білді. Бригадирге кіжініп біраз отырды да:

– Жиын-теріннен көлік те, адам да жетіспей жатыр. Ертең екі трактор, жүк басысуға көмектесетін бір адам жіберуге тырысамыз деді. Бұларға сеніп болмайсың, әйткенмен ертемен тұрып алдымен көршінің үйін жығып, теңдеп қояйық, – деді. 

– Баланы қайтер екен? 

– Соны жол бойы мен де ойлап келдім. Қалаға, балалар үйіне жіберетін болар.

– Қайран Бибі, бұл өмірден не жақсылық көрді? Мектепті бітірген күні алып қашып кетті. Содан бері қой соңында жүрді. Үлкені мектепке енді ілінгенде қызығын да көрмей өлді де қалды. Досыңды қойшы, басы жас. Ол баланың ендігі күні не болады? Әркімге жәутеңдеп... 

– Соны айтсаңшы...

Ақылдасып алғандай екеуі де балалары жатқан жаққа бұрылып қарап қойды.

– Қой, ұйықта. Мен көршінің үйін бір айналып, мылтық атып қайтайын. 

...Ертесі бір-ақ трактор келді, жүк басысатын адамы да жоқ. Дәукен бұрқылдап жүріп көршісінің жүгін сынық қазығын қалдырмай мұқият басты. «Малын етекке түсіріп берсін. Сосын өзіміз ие боламыз» деген бригадирдің сәлемін де боқтықпен әрлеп, өз қойын Аққағазға қалдырған отағасы көршісінің малын жинап-тернеп күздеуге бет алды.

– Енді жылқы, сиырды тоқтатпа. Қойға ие болсаң болды, түнімен болса да жетем. Жатарыңда мылтық атып қоярсың. 

Түске таяп қалған шақ қой. Күздеу салт аттыға жарты күндік жер. Ал, бір отар қоймен кешке дейін жетіп, түнімен қайтып келе алмайтынын екеуі де біліп тұр. Бірінікі – жарының көңілін аулау, екіншісінікі – жарын алаңдатпай сенген кейіп таныту. Ең бастысы, екеуінің де жүрегін тырнаған, жандарын қан жылатқан – көші-қонды әркез ойын-тойға ұластырып жіберетін, ауа райы мен мезгілге де көңіл бөлгізбейтін – көршілерімен бірге жүрген сәттердің енді қайта оралмас аяулы естелігі еді.

Дәукен қанша қуаласа да Құттыаяқ қалмай ілесіп кетті де, үйде Арлан ғана қалған. Арлан десе – арлан, әр тысырға елеңдеп, тұра жүгірмейді. Күндіз көлеңкеде өзімен-өзі жатады да, түн баласы қора шетінде, қыр басында жүреді әупілдеп. Түнеу күні қой ығып кеткенде отармен бірге кетіпті. «Арланның даусынан малды тез тауып алдым»,  – деп, иесі риза болып отырды. Міне, бүгін  ит те болса Аққағазға ес. Ол қас қараймай қойдың бас-аяғын жинастырып, торқораға қамап алды. Аттың ерін алып, арқандап қойды. Бұған дейінгідей тұсап қойса, айналасынан серік тұтар қарайған таппаған жануар тұсаумен-ақ төменге тартып кетуі мүмкін. Төңіректе жылқы, сиыр жоқ. Осының өзі көңілді құлазытып, жалғызсыратады. Есік алдында үйге кірмей, мұны бағып екі баласы тұр, олардың да артық қимылға зауқы аз. Тыстың шаруасын бір ыңғайлаған соң беті-қолы тоңып қалған екеуін бастап үйге кірді де шам жақты. Пештің шоғын қағыстырып, тағы да отын салды. Шағын дастарқан жасап, ызылдап тұрған шәугімді алып үшеуі отырып шай ішті. Бойлары жылып, қалғи бастаған екеуін жатқызды да кешелі бергі қамығуы басылмаған көңілін немен алдандырарын білмей, ұйықтай қалайын десе, кірпігі айқаспай шаңыраққа қарап жатты да қойды. Жайлауда, қыстау, күздеуде жалғыз қалған сәті бұл ғана емес. Отағасы алыс-жақында кісі қайтыс болып, жолға шыққанда, ауданда малшылар слеті бола қалса, орталыққа кәрі қойларды немесе қозы бөлгенде қозы айдасып кеткенде талай жалғыз қалған. Алайда бұл жолы көңілі басқаша бұлқынады, басқаша, өзіне мүлде түсініксіз күйде мазалайды. Әлдене жетіспейтін секілді, бір қымбатын жоғалтып алып, соған іші удай ашитындай, сонша күткен сапарына ең жақыны аттанып кетіп, бұл кешігіп қалғанына аһ ұра өкінетіндей ме? Әйтеуір бір түсініксіз сезім. Негізі, түсініксіз түгі де жоқ еді. Өзін әрі-сәрі еткен осы беймаза көңіл күйдің жалғыз жауабы – Бибі болатын. Танысқалы сырласына, мұңдасына айналған, мектепті жақсы аяқтағанымен жоғары оқу орнына түсе алмай ауылға сағы сынып оралған Бибі. Тапайдың тал түсінде өзінен он жас үлкен жігіт алып қашып, «Босаға аттаған деген сөз жаман. Барған жеріңде қал, оқу оқып кімнен озам дейсің?» деген әке-шешесінің сөзінен аттап кете алмаған Бибі. Бір баладан кейін алты-жеті жыл көтере алмай жүріп, ақыры туыттан кеткен Бибі еді бұған ұйқы бермей жатқан. Былтыр да дәл осылай көшіретін көлік кешігіп, екі үйдің отағасы бар малды күздеуге айдап кеткенде екеуі бір үйді бекітіп, екінші үйде бірге қалған. Отты жағып, шайды қайнатып қойып түннің бір уағына дейін әңгіменің тізгінін жіберген еді. Екі міскінде айтылмаған қаншама сыр, іске аспаған, енді асуы екіталай қаншама арман-мақсат, орындалмаған тілек бары сол түні күрсініспен сыртқа төгілген. Біресе күліп, біресе сықсыңдап жылап алып, екеуі алқаусыз ақтарылған. Енді, міне, сол құрбысын ақтық сапарына қолынан ұзатып салып, айдалада жалғыз жатыр. Олар бар кезде, олардың киіз үйі қарайып көрініп тұрғанда көңілге кәдімгідей медет екен. Бағана қой қоралап келе жатып жұртына көзі еріксіз түскенде бойынан бір діріл жүгіріп өтіп, жүрегі суып сала берді. 

Ары-бері аунақшып жатып, шамның әлсіз жарығымен кереге сағатқа үңіле қарап еді, түнгі он екіден ауыпты. Күн қысқарған сайын ерте жатып қалуға үйренген малшылар үшін он екі деген едәуір уақыт. Ал бұның көзі ілінер емес. Ойынан Бибінің шошына шыңғырғаны, есін сәл жиса, «мама, мама» деп тоқтаусыз айта бергені, көзі алайып төңірегіне мәнсіз қарағаны шығар емес. Кез келген әңгімеден күлкі тудыратын тапқырлығы қандай еді, он жас үлкен күйеуінің өзін қылығымен баурап, еркелеп отыратыны қандай жарасымды еді, мұны әпке тұтып, Дәукенмен жезделеп қалжыңдасып ойнайтынына анау-мынауға көңіл бөле қоймайтын отағасының өзі қарқылдап күліп алушы еді ғой. «Еһ, Бибі, ақ қойдан басқа не көрдім деп барасың ол жаққа?..» Қыр жақтан Арланның әуп-әуп үрген даусы естілді. Иесін жоқтатпайын деп киімшең жатқан Аққағаз орнынан тұрды да, іргеге дайындап қойған мылтығын ұстап сыртқа шықты. Күйеуі болса, тауды жаңғыртып бір-екі айғайлап алып барып, мылтық ататын. Ал, бұған айғайлауға болмайды. Үйде ер адам жоқ екенін бірден білетін итқұс мұның даусына ішек-сілесі қатқанша күлер. Өз ойына өзі еріксіз жымиған ол екі күннен бері езу тартпағаны есіне түскенде баяу күрсінді де иттің даусы шыққан жаққа үнсіз құлақ түрді. Бұл жолғы дауыс күткен тұстан емес, қораның екінші жағынан естілді. Үздіксіз үрген мазасыз дауыс болмаса да, беталбатты үн шығарып, «Үй иесі менмін» деген маңғаз үріс те емес. Демек, жер қопарған қабан немесе алыстан торуылдаған итқұстың өзі. Ол мылтығын оқтады да ит үрген тұсты бетке алып, шүріппені басып кеп қалды. Шитінің 16, 24 сияқты мылтықтардай тауды басына көтеретін зор даусы жоқ. Десе де, естуі тиіс құлақ еститін шың ете қалатын суық үні бар.

Таң тыныш атты. От жаққан соң алдыңғы күннен қалған сүтті Арланға құйып беріп, жонынан сипап тұрып Аққағаз тағы да көршілердің жұрты жаққа мойын бұрды. Күннің таңғы сәулесімен жерден баяу көтеріліп жатқан бу арасынан киіз үй мен қойқораның қап-қара болып жатқан орны анық көрінді. Үңірейіп тұр, ойсырап тұр Бибінің орны. Бұл уақытта сиыр сауып келе жатқан ол бұл жаққа көзін көлегейлей қарап, көре қалса, шаттана қол бұлғайтын. Шаттана бұлғайтынын өзіне тән еркелікпен басындағы орамалын ала салып бұлғайтынынан білетін. Еріксіз күлетін... Сауатын сиыр, байлайтын бұзау жоқ, бәрі кеше-ақ етекке түсіп кеткен. Ол арқандағы атын әкеліп ерттеді, мамағашқа байлап қойып, торқораның есігін ашты. Сосын үйге келіп, жуынып-шайынып алды да тамақ ысытып, дастарқан жайды. Әшейінде өздерімен жарысып көздерін ашып алатын екеу әлі тырп етер емес. Екі күннен бергі сергелдеңнен бұлар да шаршаған сыңайлы.

Кішісін алдына, үлкенін артына міңгестірген Аққағаз қойды түс ауа үйге қарай қаптатты. Өз есебінде қас қарайғанша отағасы келіп қалуы тиіс. Өйткені  бүгін трактор Бәкір ақсақалдарды көшіріп алып кетті. Бұйырса, ертеңгі кезек бұларда. Гүлзейнеп апалар мінген көлікке көрінбей кеткенше ұзақ қарап тұрған бұл «Жайлауда біз ғана қалдық па?» деп селк ете түсті. Бұл ой жанын одан ары жүдетіп, бірі бауырына тығылған, бірі арқасынан тас қылып құшақтап алған перзенттеріне білдірмей үнсіз жылады. 

Дәукен түн ауа оралды. Ояу жатқан Аққағаз оның келе жатқанын қыңсылай үрген Арланның, алыстан саңқылдай үрген Құттыаяқтың, арқандаулы тұрған торы аттың оқырана кісінеген үнінен білді. Көңіліне бір жайлылық орнады, жүрегінің түбінен қуаныш оты тұтанды, шам жарығы молайып кеткен тәрізді, жайлауға енді ғана көшіп келіп жатқан секілді. Ол орнынан жеңіл тұрып, ас қамына кірісті. Күйеуінің өңі қашып, түтігіп, бір-ақ күнде жағы суалып, көзі шүңірейіп қалғандай. 

– Онсыз да қан жұтып отырған көршіні әбігерге салып, Бибіні аудандық мәйітханаға алып кетіпті, – деді күйініп.  – Маған «әлі екі-үш күн малын қарай тұрсаң, қайтеді? Өз малыңда келін бар ғой» дейді, – деді кіжіне. – Оған көнбеп ем, «онда ертең көшіп келген соң екі отарға қатар қарай тұр. Қолдан адам жасай алмай отырмыз» дейді. Бұлар ма, бұлар, бәріміз өліп біткенше тыныштық бермес. Өліп қалсақ та ары-бері сүйреп, мазалауын қоймас, – деп қан жұта ашуланды. 

Обалы не керек, бұл жолы көлік ерте келді. «Біз үшін дейсің бе, тезірек жетіп, екінші отарға да ие болсын деп жіберіп отыр ғой» деп, ашуы тарқамаған отағасы оларды тағы бір сыбап алды. Жүкті жақсылап тиеп, бала-шағасын аттандырып жіберген соң малын түгендеді де, бір атын жетекке алып, қайтадан күздеуге жылжыды. Мал жарықтықта ес бар ғой, ерте көктемде жылқы, сиыр бастап қайыру бермей көктеуге асықса, жаз бітіп, күзге билік тигенде күздеуге қашады. Екі мезгілде де Қамбар ата мен Зеңгі баба тұқымын күшпен ұстап отырғаның. Ал, мерзімі келгенде қоя берсең, айдау күтпей-ақ межелі жеріне тартып кетеді. Тек, кенже туған бұзаулар адасып немесе ұйықтап қалмаса болғаны. Міне, бұл жолы да бәрінен кешігіп қалғанына өкінгендей ешкілер бастап, қалың отар қоян бүлкекпен қара жолдың шаңын шығарып барады.

Дәукен қараңғы қоюлана бастағанда күздеуге жетіп жығылды. 

– Тракторшы Құдайға қараған бала екен. Көршінің малына бас-көз боп жүрген көмекші екеуі үйді тігісіп жіберді, – деді Аққағаз, дастарқанын жасап жүріп. 

– Көмекші қайда? Тамаққа шақырдың ба? Кешелі бері аш жүрген шығар. 

– Жоқ. Ол үйді құрысып, көршінің малын қоралаған соң тракторшымен  бірге кетіп қалды. «Сіздер көшіп келген соң жұмысыңа қайт деген» дейді.

– Атаңа нәлеттер... 

Дәукен ертесі ертемен тұрып көршісінің үйіне барды. Киіз үйдің есігін жіппен байлап қойыпты, шешіп ішке кірді. Теңдер шешілмей, заттың түгелі ортада үйіліп жатыр екен. Киіз үйді де қалай болса солай құра салғаны көрініп тұр. Сыртқа шығып отарға беттеп еді, ескі жұртқа үйіріле үйездеген қойлардың қоршауы да құрылмағанын байқады. «Е, жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген осы екен ғой. Ең болмаса, адамын жерлеп, жетілігін өткізіп алғанша, үйін жақсылап тігіп, қорасын құрып қойса, қайтеді? Бұл оның әкесінен қалған мал емес, колхоздың ортақ дүниесі емес пе?» Ол аяңдап үйіне келді, таңғы шайда мән-жайды жарына айтып берді. 

– Бибі болса екі үйдің арасын қазір күлкіге көміп жүрер еді-ау, – деп, көзінің жасын бір сығып алған Аққағаз, – Алдымен сол жақты реттейік десем, балалар тоңып қалады ғой. Осы жақты бір ыңғайлаған соң ол жақты да жөнге келтірейікші. Көрші өзі құлазып келгенде далада қалғандай болмасын, – деп  қосып қойды. Қара жұмысқа әбден төселіп алған Дәукен алдымен өз үйінің уық, керегесінің беріктігін, киізін әбден тексеріп алып, торқора, бұзау шарбақ құрып шықты. Күзгі шүйгінге тұмсығын тығып, қозғалмай жатқан екі отарды бір шолып шығып, Аққағаз бен екі баласын ертіп, көршінің үйіне аяңдады. Екеулеп жүріп бәрін ретке келтірді. «Бибі мұны мына тұсқа ілетін», – дейді  Аққағаз жеңіл кілем ұстаған қолымен көрпе-жастық жиналған тұсты меңзеп. «Шкаф есікке таяу тұратын», – дейді даусы тарғылданып. Дәукен тіс жармастан жарының айтқанын жасап жүр. Тіс жарғанда не демек?..

Дәукен көршісі келеді-ау деген күні үйіне барып шам тұтатып, от жағып қойды. Аққағазға қазанға ет салдырды. Түйсігі алдамапты, кешкі жетілерде көлік дүрілі естілген соң тысқа шығып еді, көлік көп аялдамай жүріп кетті де, есік ашылып көршісі үйіне кірді. «Дастарқаныңды қамдай бер», – деген Дәукен асығыс басып солай қарай адымдады. Ол келген қалпы сырт киімін шешпестен құлай кетіпті, есіктің ашылғанына селт етіп басын да көтерген жоқ. Амандасқанына жауап та қатпады. 

– Үйге жүр, өзіңе деп ет салдырып қойдым. 

– Тыныштық беріңдерші.

– Тым болмаса, сорпа әкеліп берейін.

– Мүсіркеме мені, мүсіркеме, – деп айғай салған ол баскиімін бұған  қарай лақтырып жіберді. Енді тұра берудің ретін таппаған Дәукен шегініп шығып кетті. Өзі ғана кіргенін көрген жары:

– Көршің қайда? – деді еттің нанын сүзіп жатып. 

– Келмеді. «Тыныштық беріңдерші» дейді. 

– Ойбу, жазған-ай. Онда сорпасын араластырып бір ыдысқа құйып берейін, апарып пешінің үстіне қойып кел. Өзі қалағанда тұрып ішер. 

«Ыдысты басыма төңкеріп жүрмесін» деп ойлаған Дәукен үнсіз кірді де ыдысты пеш шетіне қойып, ақырын шығып кетті...

Ертесі малын қорадан шығарып жүріп те, атын ерттеп жатып та, үйіне кіріп таңғы шайын ішіп шыққанда да Дәукеннің екі көзі көршісі жақта болды. Тырс еткен тіршілік білінбейді, қарайып үй маңынан көрінбейді, түтіні де будақтамады, қорасының есігі де ашылмады. Шыдай алмай барып еді, сорпа да, көршісі де кешегі орындарынан қозғалмапты. 

– Мұның не, тұрсаңшы. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген сөз бар емес пе? 

– Аққағаз екеуіңнің пейілдеріңе рақмет! Разымын. Бибі де риза деп  ойлаймын. Мен енді бұл үйде тұра алмаймын, – деді ол басын көтеріп. 

– Тұра алмағаны қалай? Сонда не ойың бар? 

– Білмеймін. Басым ауған жаққа кетермін, өлсем, жаным Бибіден аяулы емес, өлмесем, оны көрермін. 

– Қой, қайдағыны айтпа. Мектептегі ұлыңды ойла. Екі үй қатар көшіп-қонып, селбесіп өмір сүрерміз. Басың әлі жас, Бибідей болмаса да бір шүйкебас кезігер. 

– Дәукен, көп сөзді қайтесің, мені жайыма қалдыр. Соңғы өтінішім сол болсын, – деді де ол қайтадан бүк түсіп жатып қалды. Ендігі сөздің бекер  екенін байқаған Дәукен күл ішіндегі қозды қағыстырып, пешке отын толтырды да сыртқа шықты. Айналаға ұзақ қарап, қорада қамалып тұрған жазықсыз қойларды өріске шығарды...

Ақжарқын, дос-бауыр болып бір жағыңнан шығыса білетін сенімді көршісінің дәті берік екен. Сол күні бұларға жақ ашпастан жаяу ауылға қарай тартып кетті. Бірнеше күннен кейін келген пошташы: «Ауылға да аялдаған жоқ. Қалаға кететін автобусқа мініпті», – деді. «Бригадир нағыз малғұн екен. «Маған қол көтерді, балағаттады» деп үстінен арыз жазыпты. Күллі жұрт араша түсіп алып қалып, енді «Кетсін» деп, өзінің үстінен шағым айтып жатқан көрінеді». 

– Неткен қаныпезерлік, – деп, Аққағаз жағасын ұстады.

– Иттік тұқым қуалайтыны рас екен-ау. Әкесі домалақ арыз жазып талайды қан қақсатты деуші еді, – деді Дәукен тістеніп. 

– Балаларының ендігі күні не болар екен? 

– Рас, ет жақын туысы да жоқ еді. Нағашыларын сағаламаса...

– Біз асырап алсақ, қайтеді? Үлкені екі баламен интернатта да, каникулда да онсыз да бірге жүр емес пе? Кішісі әлі ештеңеден хабарсыз. Не дегенмен Бибінің көзі... – деді Аққағаздың көзінен жасы сорғалап. Дәукен үнсіз жарының қолын қысты да:

– Оны заң шешетін болар. Заң қолдаса, мен қарсы емеспін, – деді. 

...Тысқа шыққан Аққағаз оты сөнген, қол созым жерде ғана тұрған қара үйге ұзақ қарап тұрды да, «Қолымнан басқа не келеді, Бибі», – деп, солығын баса алмай ұзақ жылады…

Лақап аты: Есентай

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan