Қосжан Мүсірепов. Алғашқы жырым – сен едің
Кезінде өзіндік үнімен, суреткерлік қасиетімен танылып, кейін есімі айтылмай кеткен талантты ақындардың бірі – Қосжан Мүсірепов еді. Ол небәрі 35 жыл ғұмыр кешсе де, қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасы бар сүбелі шығармалар қалдырды.
Оның «Дос жүрегі», «Менің қарындасым», «Арман лебі», «Менің апам-дәрігер», «Раушан», «Гүлжазира», «Кім батыр?» сынды бірнеше кітаптары жарық көрген.
Қосжан Мүсірепов әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен де шығармашылық байланыста болып, бірнеше әніне сөз жазған. Бүгінде бәріміз айтып жүрген «Бақыттымын құрбылар» әнінің сөзін де ақын Қосжан Мүсірепов жазған.
Қосжан Мүсіреповтің тағдыры да оңай болған жоқ. Курстастарымен бірге мақта теруге барғанда тазартылмаған су ішкен бір топ студент ауруға шалдығады. Кейін бұл дерт Қосжанның денсаулығына ауыр салмақ түсіріп, бауыр ауруына ұласады. Ауруы асқынып, төсекке таңылып жатса да қолынан қаламын тастамаған қаламгер, өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысты.
Қосжан Мүсіреповтің бұл қайсарлығы туралы қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаев: «Ол нағыз қазақтың Островскийі еді. Қанша ажал арбаса да мойымаған, ауру қысса да берілмеген, өлім қасында жүрсе де елемеген қайсар рухты ақын еді», – деп жазған екен. Қосжан хақында кезінде Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов басқа да қаламгерлер сыр толғады, ақынның мезгілсіз қазасына жандары күйзеліп, мақалалар, естеліктер жазды.
Арқалы ақынның есімі бүгін де ұмытылған жоқ. Себебі, Ордабасы мен Мақтаарал аудандарында Қосжан Мүсіреповтің атымен аталатын орта мектептер бар.
Сондай-ақ ақын, сазгер Әкім Ысқақ «Менің Қосжаным» атты көлемді жинақ шығарған. Ол жинақтан да ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлұмат алуға болады.
Қосжан Мүсірепов 1967 жылдың 3 наурызы күні дүние салды. Жалпы, Қосжан Мүсірепов – қысқа ғұмырына қарамастан, қазақ әдебиетіне өзіндік өрнек қалдырған талант иесі. Оның шығармашылық мұрасы, әсіресе лирикасы, новеллалары мен балалар әдебиетіне қосқан үлесі әлі де терең зерттеуді, насихаттауды қажет етеді. Біз бүгін поэзия көгінде жұлдыздай жарқырап, ерте ағып түскен ақынның бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынғанды хош көрдік.
БӨРЖАР
Жуылар бір өзіңе жаялығым,
Жағаңда өтті балғын балалығым.
Кішкене күміс бұрым секілдісің,
Арыстың кең жазира алабының.
Толқынсыз жатады жай желді күнің,
Әлі сол меруерттей мөлдірлігің.
Досыңа, жолдасыңа, саған ұқсап,
Ақ жанмен ақжарылғыш сендік ұлың.
Ақсаң да жағаңды бір құлатпастан,
Ақпанда бойыңда әркез қуат тасқан.
Шалқисың мұзға оранбай, осынау үлгің,
Жүр мені қиындықта мұңайтпастан.
Көк иірім күмбірлегіш тереңінен,
Үйреніп қиялдауды келемін мен.
Сыйлауды анашымды сенен білдім,
Су тасып кіп-кішкентай шелегіммен.
Сол кезден әлдилейді жанымды үміт,
Жақтым мен өмірімді жалын қылып.
О,Бөржар, сол үшін де ертелі-кеш,
Тұрасың, тұрасың сен сағындырып.
ТУҒАН ЖЕР
Туған жер, тұрмын бауырыңда,
Дариға, осы шақ қандай!
Өзен де, бақ та, адыр да
Сәлемімді алып жатқандай.
Бөлейді сезім күйіне,
Жарқ етіп өңір армандай.
Ең алғаш көрген дүние
Ұялап көзге қалғандай.
Табасың жанның сен емін,
Туысқан жұртым, кең елім.
Алғашқы жырым – сен едің,
Өзіңсің – соңғы өлеңім.
Күншуақ төктің көңілге,
Сыйыңның бәрін хош алам.
Мейманым шықсын төріңе,
Жарайды маған босағаң.
ХАТТАР
Хаттар, хаттар, әр сапары – жыр-дастан,
Әкеліңдер қуанышты сыр достан.
Тым мазасыз менің махаббатымды
Туған жерге жеткізіңдер тынбастан.
Хаттар, хаттар, кешікпеңдер, самғаңдар,
Жүректерге жүректерді жалғаңдар.
Үш бұрышты хаттар күтіп шайлыққан,
Қарт әжемді әбігерге салмаңдар!..
Ақ кептердей қоныңдар кеп қолыма,
Жақсылыққа жаным менің тойды ма?
Абашжаным сумка асынған томпаңдап,
Сендерменен асылады мойныма.
Жолдарың кең, байтақ әлем, шартарап,
Толғауларың – ізгілік пен мархабат.
Айлап жиған сағынышын жанымның
Анашыма апарыңдар арқалап.
Хаттар, хаттар, әр сапары – жыр-дастан,
Әкеліңдер қуаныш пен сыр достан.
Тым мазасыз менің махаббатымды
Туған жерге жеткізіңдер тынбастан!
КЕТПЕН
Неғып тұрсың босағада
Сыртқа шық!
Өткір жүзің қалыпты ғой тот басып!
Кетпен! Кетпен!
Айтшы маған жасырмай,
Қалып қойдың неге әкемнен қоштасып?!
Ол өзіңді жан серік деп жүретін,
Жарқ етсең бір жадырайтын, күлетін.
Кетпен! Кетпен!
Бұл мінезін әкемнің
Мынау жатқан жалпақ өңір білетін.
Ырыс қаулап жатушы еді ізіңнен,
Күн нұры да сүюші еді жүзіңнен...
Сарғыш дақтар сабыңдағы әкемнің
Моншақ-моншақ тері ме екен тізілген?!
Сен арқылы тапты ол жерден арманын,
Күнде бірге кер даланы шарладың...
Жолдас ең ғой, жан дос ең ғой айнымас,
Кетпен! Кетпен!
Неғып сүйеп қалмадың?!
ДҮНИЕ, РАС, ШОП-ШОЛАҚ
Дүние, рас, шоп-шолақ,
Шеті мен шегі белгілі.
Алады бір күн аққа орап,
Тағдырдың тосып мезгілі.
Сағаттар ұқсар сағымға,
Жылдар да, шіркін, санаулы-ақ.
Тап-таза туған арыңа
Түспесе болды қара дақ.
Әр арман – асқақ, ерек қой,
Адалдық – асыл жолдасың.
Адам боп өту керек қой,
Адамның ұлы болғасын!
Жамандықты жүрші жатсынып,
Құйылсын жерге жылуың.
Жасауға ғана жақсылық,
Жетеді қысқа ғұмырың!
* * *
Дос қадірін білесің
Дұшпанмен шайқастарда сын сағатта.
Дос қадірін білесің
Арманға аттанғанда гүл құшақтап.
Дос қадірін білесің
Төккенде тағдыр зәрін, ащы мұңын.
Дос қадірін білесің
Жарқылдап қайта оралса жақсы күнің.
Дос қадірін білесің,
Қайығың аман өтсе айдындағы.
...Осынау шақтарда білесің
Өзіңнің қадіріңді достар алдындағы.
