Әңгіме
Біздің ауыл өзі қызық ауыл. Егер сіздің құдірет күшіңіз бар болып, уақыт бағытын кері бұра білсеңіз, онда біздің ауылды Қожанасір жасап жатқан дәуір екен дер едіңіз. Ауылдың кіре берісіндегі пажалуйста деген сөз көзіңізге түседі. Бұл баяғыда ыдрап, сүйегі ақ сөңкеге айналған кеңес одағының біздің ауылға құламастай етіп орнатып кеткен алтын ескерткіші тәрізді, әлі күнге дейін орнынан қозғалмай тұр. Ал көшесі қарапайым. Билікпен қатысы бар адамдар тұратын көшеде, аяқ қағар асықтай тас жоқ, теп-тегіс даңғыл. Ал қарапайым халық орналасқан көшелер, суреттеуі қиын сүреңсіз жағдайда. Жолдың шетінде аяқ киім тігіп отырған немесе жеміс-жидек сатып отырған, болмаса нан тауып жеу үшін адал еңбегімен күнін көріп отырған жандарды сіз сауатсыз десеңіз қателесесіз. Олардың көбінде университет бітірген дипломдары бар. Ендігі жерде сол диплом жан бағуға жарамаған соң, сандықтың түбіне салып қойғанда, өздері базар жағалап, отбасын асырап жатқандар. Олар мына тиіптегі адамдардан тым сауатты. Қалай дейсіз ғой, өйткені ауылдың базар орталығында шылым шегуге тиым салынған. Мүбәда, сіз шылым шегіп жол сақшыларына ұсталып қалдыңыз делік, сізді ұстаған сақшы, ақ парақтарын алып шығып, сізге айып пұл төлеуге бұйырады. Ол мемлекет заңы, пәленше бап, түгенше тармағында осылай жазылған деп түсіндіреді. Сол кезде сіз, қалтаңыздан мың теңгені алып шығып әлгі сақшының қолындағы парақтардың ішіне тыға қойсаңыз, бағанағы мемлекет заңын айтып тұрған сақшы сіз толтырған парақтарды қоқсық сандыққа лақтыра салады. Мемлекеттің пәленше бабы мен түгенше бабы сидырылған заңының қоқсыққа лақтырылғанын көресіз. Сіз берген мың теңгені жан-жағына жалтақтай отырып қалтасына сүңгітеді де, сізге мың қайта алғыс айтып әлгі сақшы жөніне кетеді. Менің айтып тұрғандарым ауылда болып тұратын күнделікті қызықтардың бірер сараны ғана. Бірақ біздің бұл ауылда да кейде адам жанын тілгілейтін мұңлы уақиғалар болып тұрады.
Мен бірде мынадай уақиғаға тап болдым. Ауылдың дәл ортасында шағын асхана бар болатын. Әдетте, түскі уақытта асхана адамға лық толып кетеді ғой. Ал бұл асханаға бес адам кірсе сіз адам көп екен деп есептей беріңіз.Түс уағы болғандықтан тамақ ішкелі осы шағын асханаға кірдім. Адам қарасы аз. Бұрыштағы үстелде қырықтар шамасына келген, самайын ақ шала бастаған, жанары солғын бір адам отыр. Ерте түскен ақ пен дидарының солғыдығынан өмір тауқыметін көп тартқаны мен мұндалайды. Асхана ішіндегі орталық бос орында төрт-бес жастардағы қыз бала ешнәрсемен ісі жоқ ойнап жүр. Алдымдағы тамақ тізімдігін ақтардымда өзіме керекті тамақтарға тапсырыс бердім. Бұрышта отырған адам ойнап жүрген қыздан көзін алар емес. Терең ойға шомып әлденені есіне алғандай күрсінді де қызға тіл қатты:
- Атың кім? Көйлегің әдемі екен. Маған бересің бе үйдегі қызыма апарып берейін.
- Атым Сайра. Бұл көйлекті туған күнімде әкем алып беріп жіберген, сізге бере алмайымын. Қызыңызда көйлек жоқ болса үйде бір көйлегім бар соны алыңыз.
Ол адамның қыздың көйлегін алғысы келіп тұрмағаны белгілі. Бірақ, не себепті қызды сөзге тартқаны мені қызықтырды. Екеуінің әңгімесіне араласпасамда зер сала тыңдап отырдым. Осы кезде маған даяшы келіншек тамақ әкеп берді де, қызға қарап: қызым, бұл кісілердің мазасын алмай ғой,- деді де ішкі бөлмеге еніп кетті.
- Әкең қайда жұмыс істейді?
- Білмеймін. Анам әкең алыс жерде жұмыс істейді деген. Мен әкемді әлі көргем жоқ. Сағынып жүрмін. Тек туған күнімде көйлек беріп жібереді. Мен туған күнімді асыға күтем. Кейде бір жылда екі рет туған күнім болса деп армандаймын.
Мен қыздың сөзінен әлденендей сырдың ұшығын аңғарғандай болдым. Риясыз бала көңіл әкесін сағынады. Ал әкесі қайда? Ес білгелі баласына келмеген әкенің сыртта жұмыс істеп жүруі де мүмкін емес қой.
Бұрышта отырған адам да үнсіз қалды. Ендігі әңгімені қыз бастап:
- Сіз қызыңызға көйлек алып бермейсізбе сонда?
- Менің қызым жоқ. Бірақ қызым болса деп армандаймын.
- Мен өтірік айтқандарды жек көрем. Қазір қызыма апарып берейін дедіңіз ғой. Сізді жек көрем...
- Иа. Өтірік айттым, кешіре ғой мені. Үйіме апарып қойып сол көйлекті киетін қызымды күтемін...
- Менің әкем сияқты қызыңызда жұмыста ма?
- Ол әлі туған жоқ.
Әкесі жоқ қызбен қызы жоқ әкенің бір жерде тоғысуы тағдырдың шеберлігі болар. Екеуінде де сағыныш, күту, аңсау бар. Бұрышта отырған адамның көзінде қызығушылық жалыны лап берсе, қыз жанарында таңырқаушылық оты ұшқындайды.
- Сен маған қыз боласың ба? Бұл сұрақ тым анайлау болса да шынайы сезімнен туған сұрақтың сөлекеттігі көрініп тұрған жоқ. Қалайда кешіруге болатын сұрақ. Мен де қыз бұл сұраққа не деп жауап берер екен деп, белгісіз үмітпен қарадым.
- Жоқ, болмаймын. Менің өз әкем бар. Сізден әдемі бір кісі қызым бол дегенде болмай қойғамын. Мен тек өз әкемнің келуін күтемін. Әкем келгенде мені балалар ойнататын жерге ертіп барады.
Осы жауаптан кейін әңгіменің доғарлығанын білдім. Тіпті асхана іші құлаққа ұрғандай тыныш күйге енді. Қыз бала сыртқа шығып кеткенде, әлгі кісінің қасына келген анасы ақырын тіл қатты: Сайра екі жас кезде, әкесі екеуміз ажырасып кеткенбіз. Ол қарғадай қызбен мені тастап, жап-жас қызбен үйленіп кетті. Содан бері қайырылмады. Қызында келіп көрген жоқ. Әкем қайда деген сайын, әкең алыс жақта жұмыста деймін. Өзінің жетім екенін сездіргім келмейді. Тек әр жылы туған күні келгенде әкең беріп жіберіпті деп көйлек сатып алып беремін. Бұл соған сенеді. Іштей келуін күтеді. Ал мен оның келмесін білсемде қызыма айтудан қорқам. Кінәсіз жүрегіне, кіршіксіз көңіліне сызат түсуін қаламаймын. Түбі шындықтың беті ашыларында білемін. Сол кезде мені қалай қабылдары белгісіз. Өзін әкең жұмыста деп алдап келгенім үшін, бәлкім кешірмес. Жастайынан тастап кеткен әкесін де кінәлар. Бірақ қазырше осылай өтірік айта тұруды жөн көрдім. Басқа амалым да жоқ. Қызымды әкесі бар қыздардан кемғып өсірмейін деп осы асханада жұмыс істеймін...
Алдымдағы тамақтың жартысын да жемедім. Ақшасын төледім де шығып кеттім. Осынау жер бетінде әкесін күтіп жүрген қаншама сәбилер барын кім білсін...
Сыртқа шыққанымда әлде кімдерге мемлекет заңын айтып қорқыта отырып, іштей ақша тілеп тұрған сақшыларды көрдім... Мүмкін шешесі адал еңбегімен асырап отырған ақ көйлекті қыздың әкесі бір жерде сақшы болып жұмыс істейтін шығар...сол ақшалар сәби қыздың ақ көйлегіне дақ түсірмесіне кім кепіл бола алады...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.