Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Республикалық «Жусан иісі» әдеби байқауы. Жерұшық...

16.11.2022 5293

Республикалық «Жусан иісі» әдеби байқауы. Жерұшық 14+

Республикалық «Жусан иісі» әдеби  байқауы. Жерұшық - adebiportal.kz

Қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған  республикаық «Жусан иісі» әдеби байқауы қазан айының басында әлеуметтік желілерде жарияланып,  15 қазаннан 15 қараша ралығында бір ай бойы шығармалар қабылданған  болатын.  Байқауға шығарма қабылдау аяқталғаннан кейін, келіп түскен шығармалар іріктеліп, жүлдеге үмітті деген бір қатарын авторын жасырып реттік номермен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Құрметпен: ұйымдастыру алқасы

№1 шығарма. Жерұшық

Біз қалада тұрамыз. Әке-шешем маңдайалды мектепте мұғалім. Ескінің салты бойынша үйдің тұңғышы болған мені әке-шешем былжырап, былғаныш боп жатқанымда шал-кемпірдің қолына берген. Алты жасыма дейін апамның қойнында жаттым.Қызық-думан болса апам арқалап апарады. Өлім-жітімге барса да апамның етегінен айрылмай жүрген мен есіркей-мүсіркей қарағанның бәрін туысымдай көрдім, тумысымнан бөлек, тұқымымнан ерек болған соң ба екен,елдің есін әбден шығарсам керек. Көрші кемпірдің қауыны ұрланған түні оңбай ұсталдым. Шағырбайдың атының шідері жоғалған кезде де мені кінәлі етті. Бөкеннің безбүйрек баласын батпаққа батырған да мен боп шықтым... Апам бір күні қабағы қатуланып, «тұқымың өскірге тұсау салу керек болды» дегенді айтып қалды. Ондағысыендігі қалған ғұмырымды тыныш өткізейін, әке-шешесі ие болып, оқытсын, мына қара табан қала көрсін, қара танысын, қатарынан қалмасын дегені екен. Қалаға жалғыз автобус қатынайды. Ол – Жұмағалидікі. Маңдайында қасқасы бар сары автобустың ауылдан шығатын уақыты – құзғынсәрі. Шырт ұйқыда жатқан мені апам оята алмай әлек. Ол кезде тұра қоятын бала қайда? Жамылатын жылы көрпемді бұтымның арасына қысып алып, ұйқыны сілтеймін кеп. Біздің үйде аузынан су ағып, ес-түсін білмей ұйықтайтын екеу бар: мен және ағам. Мейірімі мол жанашырым сонда да «Бол, тентегім. Жолдан қаласың. Тұра ғой енді!» деп айналып-толғанып, маңдайымнан сипап бәйек болады. Апам ширақ қимылдайды. Бір жағында буы бұрқырап қайнап жатқан шәйнекпен алысып жүреді.Басына орамал салып, буыншақ-түйіншектерімен әлек. Көзімді бір ашып, бір жұмамын да, одан әрі маужырап, тәтті ұйқының құшағына көміле беремін. Мені оята алмай қара терге түстің-ау бір. Көмірдей қара шашыңның тең жартысына ақ түсірген, сөзсіз, мен ғой. Жазық маңдайыңа қыртыс, қараторы жүзіңе әжім түсірген де мен ғой, дұғагөйім. Азабымды тарттың-ау...

Ұйқы бермейтін ұры тістей боп, ұрымтал тұстан соққы тие берген соң, қалаға кетіп тындым. Мен содан бері әке-шешеммен бірге тұрамын. Әбден апама үйір болып алған мен көпке дейін қала заңына көнбей, көткеншектеп барып ақырға түсіп кете беретін аттай тулап ала жөнелетінмін. Желкем шұқырланып, қарысып қалған қияңқы, қырсықтың нақ өзімін. Мысықтабандап, жер бауырлап жатып алған кезде көкемнің көзі шарасынан шыға шатынайды. Сонда ғана сәл жүні жығылған күшіктей болып, іштен тына, көзім мөлтілдейді. Жанарымды жуған жасты алақаныммен ыршытамын да, «Апама айтам» деймін іштей...

***

Құрқылтайдың ұясындай, қуықтай ғана екі бөлмелі пәтерде атам мен апам тұрады. Қалаға қоныс аударғандарына біраз болды. Біздің үйден кейін екі-үш аялдама әрі.«Қой жасындай жасымыз қалғанда ауылда не тындырар дейсің, жиған-терген пенсиямызды іске жаратайық» дегенді жиі айта берген соң бала-шағасы жабыла жүріп қалаға көшірістік. Әр келген сайын қалаға көшіп келген жылдарын сөз етіп отырады.

- Біздің келгенімізге қанша жыл болды?

- Біраз болды. Мен ол кезде сегізіншіде оқитын едім. Он жылға жуықтап қалған екен.

- Зымыраған уақыт-ай, ә! Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан екен-ау.

«Ол кезде иманды болғыр Қапыш бар еді-ау. Өмір көргелі дәл сондай көрші көрмедім» деп бастаушы еді апам әңгімесін. Қапыш – үшінші қабатта тұрған келіншек. Сырқаты меңдеп, өмірден ертерек озды. Қазір олардың үйін Ильхам есімді әзірбайжан жігіт жалға алған. Атам сөз арасында «Елқам есік қақты», «Елқам келіп-кетті» дегенді жиі айтады. Сол Ильхам да адамның жақсысы.

Қапыш байғұс үлкен кісі дегенде, әсіресе менің апамды көргенде жанұшырып, орнынан ұшып түрегеліп, қолтығынан демей қойып, қай кезде де қолұшын созуға әзір тұратын жақсы адам еді.Жантайса да қолтығынан сүйейтін Қапыш, апам ауырғанда да алдымен дем салып, демеп жіберіп, басына жастық салатын  да сол Қапыш. Құдай алдыңнан жарылқағыр. Осы апамдар көшіп келген жылдары бір адам ләм-мим деп хәл сұрамайтын. Дәл маңайда тұрып, өткен-кеткенде бас изеп, ізет білдірер қара табылмады. Қартайғанда қайғы дегенің қабақ астын бағып отырса керек. Лезде апамның жанарына жас үйіріліп, жаны жабырқап қалады. Ойдағы-қырдағы баласын уайым қылады. Өзінің сөзіне сенсек, он бес құрсақ көтерген. Алған да, құдай, өзің деп, берген де,құдай, өзің деп, сегізін жер қойнына тапсырған-ды. Ораза-намазын үзбей, қалған ұрпағының берекесін тілеп қалқиып отыр. 

Кейде екеуінің баладан да бетер еркелеп кететіні бар. Апамның мінезі қызық. Шай ішіп отырғанда бір әңгімені бастап аяғына жеткізбейді. Ылғи сол. Сондайда атам қосамжарланып кірісе бергенде:

- Сен-ақ жағаласпай шайыңды ішсеңші. Боқтан өзгеге араласып нең бар? Осы жасқа жеткенше алысып-ақ келемін. Балалардың мазасын алып, бар-жоққа тілің қышып, қоқырсытасың,- деп бетін қайтарып тастайды. Енді қыза берген әңгіме шорт кесіледі. Апамның бұл мінезіне әбден еті үйренген атам самарқау ғана жымиып, сүт қатқан шайын сораптап отыра береді.

...Қар қылаулаған түні жеңіл жүріп суық тигізіп алғам-ау, сірә, бойымның бәрі құрысып, денем қалтырап-дірілдей бастады. Басымды әрең көтеріп, мең-зең болған қалпымда жан-жағамды шолып едім, ел көшіп кеткендей. Әке-шешем той-томалаққа кетсе керек. Бәкірдің баласы үйленді деп жатыр еді. Сәл сырқаттанып, өзімді жайсыз сезіне қалғанда іздейтін дәрігерім, жанымның жалғыз емшісі – апам. 

Бүгін басымды көтеріп, орталық базардағы орыс кемпірден сүт, қаймақ, ірімшік ала, апамдарға бардым.Күн желкем. Тілерсегім бір-біріне соғылып, құдды бір мас адамдай, теңселіп жүріп үйге әрең іліктім.  Есіктің қоңырауына қолымды үш-төрт рет жүгірттім. Бұл үйдің есігі екі жағдайда ашылмайды: біріншісі – намаз уақыты, екіншісі – балалары анда-мында алып кеткен кез. Білегімді сипап сағатымды қарасам,тілі дәл алты жарымды көрсетіп тұр екен. Ақшам намазын оқып жатқан болса керек. Әлде Бәкірдікіне кетті ме екен? Бәкірде не бар, бала емес, қаусап отыр. Апамның құлағы ауыр естуші еді, тыз-тыз еткен есік қоңырауы естілмей жатқан-ау. Сәлден соң тырп-тырп сүйретіле жеткен дыбыс құлағыма шалынды, кім-кімге салып, жүре сөйлеп келеді екен, апам көзі сығыраяөзі ашты:

- Қоңыр қозым! Сен апақ-сапақта қайдан адасып жүрсің? Мынау көтеріп келгенің не?.. 

- Мен ылғи адасып жүремін ғой, апа-ау. Қаймақ қой...

- Құдай есіркеп берген... Ммм... маңдайыңнан... Күйіп тұрсың ғой...

Апам сөйлеп жүріп, шай қойды. Шайға күшәла мен жалбыз қосса керек. Хош иіс танауымды қытықтап барады. Күбірлеп жүретін күндегі әдетіне салып іштей дұға оқып, өлген-жіткен аруақтардың атын атап жүр. 

- Сырт киіміңді шешпе. Тысқа шығамыз, - деді сәлден соң.

Мен бірден ұға қойдым. Жерұшық бермек. Бала кезімде жиі ауыратынымды айтып отыратын. Апам арқасына салып, апармаған доғдыр, емші, бақсы-құшынашы қалмаған болса керек. Табанынан тозып, Түгіскенді төрт айналып, торғайдай бір уыс болған мені адам қылған – апам. Қаладағы тұрмыс түгенделіп бітуші ме еді? Кейде араға апта, тіпті, ай салып барып апамдікіне соғып, амандығын білемін. Сондайда «Аяғың салбырап аспаннан түскендей мені ұмыттың ғой. Доп-домалақ боп жүре алмай, қол-аяғың тартылып, ішің кеуіп кеткенде сені адам етіп ем...» деп кейитіні бар.  Міне, бүгін де сол сөзін тағы бір зердеме тоқып,күйіп-жанып тұрған мені тасжолдың үстіне апарып, төрт тағандап еңкейтеді де, қара жерді үш рет құшақтатады. Ол кезде айтылатын дұғасын апам ғана біледі. «Ағузібиллә... Піссіміллә рақман... Менің қолым емес. Бибібәтима апамның қолы. Иә, қара жер, ауырды да, жеңілді де, өзің көтеріп тұрсың. Баламның дертіне дауа, деніне саулық бер...» деген сөздері жадымда қалыпты. 

Апамның емшілік қасиетін көршісі Елқам да жақсы біледі. Бастапқыда тосын жайға тосырқап қарап, үйреншікті болған соң үнсіз қалып жүрді. Сәл суықтап, күрк-күрк жөтелгенде әптиекке баруды қойды. Апамның шөп дәрілерін сұрап алып ішіп, құлантаза айығып кететін. Сондайда қолына тосап, бәнке тола қияр, қызанақты қолына ұстап үйге келіп, рақметін жаудырады. Ауылдағы әр шаңырақ, әр табалдырық, түтін түтеткен әр жан апама қарыздар. Малы жоғалып, басы дауға қалған, бала көтере алмай жарымжан болған келін-кепшік апамды төңіректейді. Айналып қана кетейін алтын апам, солардың біреуінен соқыр тиын алған емес. Жаңағы Елқам да әуелде ақша санап, ондықтарды қалтасынан суыра бергенде «әкет әрі, онысы несі» деп есікті тарс жауып алыпты. 

- Көзіңнен айналайын, басың айналып тұр ма? Жеңілдеп қалдың ба?

- Апамның алақаны ем ғой, - деймін еркелікпен көзімді уқалап.

Дөңгелек үстел басында үшеу отыр: сатал-сатал шәйнектің құлағымен алысқан апам, сақалын сауып ой баққан атам және мен. Дастарқанда тау боп үйілген бауырсақ, шақпақ қант, кәмпит-пішинә алдымен менің қолыма ілінеді. Атамның көзі де бұлдырап, құр жылтырағаны болмаса құрық бойын әзер шалады. Алдына қойған кесе-қасықты сипалап отырып,әрең тауып алады. Екеуі де ауылды сағынған. Іштен тынып әрең жүр. Қанша жүр-жүрлесең де ананы-мынаны сылтауратып қия баспайды. Атам барғысы-ақ келеді, апамды қимайды. Сәулелі ғұмырын еңбекке арнап, саба түбі сарқынды жасы қалғанша жылқы бақты. Қой соңында қысы-жазы жүріп озық шопан атанды, еңбек ардагері болды. Совхоз уақытында алған мал басын асылдандыру мен көбейтуге қосқан үлесі деген мазмұндағы медалі және бар. Анда-санда орайы келгенде сөйлеп, әңгімеге араласқаны болмаса, аса сөзге құлықсыз. Өткен күннің өңеш құрғатқан шағы кімге де болса қайта айналып соғады екен. Ескі тамдағы екі айлық жаз еске еріксіз оралады.

Үй ішін біздің шал оятады. Құланиектен қықақтап, сүйеніп жүрген таяғын сираққа піседі. Жиырылған мысықша ұйқыдан тұруымыз шалға міндет. Сарып болған уақытына аяушылық білдірген боп: Рузада уақытты рәсуә қылмаса керек-ті! - деген сарнауы да сарайыңа құйылады.

Күйгелектігі бір әңгіме. «Өлсең сүйегіңді іздейтін ешкім жоқ» - деп, елдің ерте тұра қоймағанына реніш білдіріп, жетім самаурынды суға толтырады. Жұлдыз жамыраған уақытта тұра қалар кісің қайсы? Десең де, демесең де түсетін тағы, ішілмей қалар ағы жоқ. Ол сондай қыңырлықтың белгісі. «Бұл елдің қазаны тас түскендей таң атқанша піспейді» дегенді апама айтып, сыбаған болады, бірақ таяқ келін-кепшікке тиеді.

Бір иығына қиыс құлаған тығыршық дене зор еңбектің ауырлығын алыстан байқатады. Кепкен қолдың буын-буыны шылбыр ширатып, арқан ескен жылдарды алдыңа көлденең тартады.

Сексенде селкілдеп отырған шағында бес жасар айғырды үйретемін деп желіккені бар. Апамның«Алжымай жайыңа отыр. Осы уағыңа дейін азабыңды тарттым» дегеніне де бой берген жоқ. Жығылып қалар деп зәрем кетті. Қолдан келер қайран менен табыла қойса танаусыз қалармын. Төрт аяқтап болдырып қалған асауды бас-көзге қойғылады кеп. Жылқы жануардың киесі тиді-ау. Ертесі мұрттай ұшты. Содан бері жылқы баласын сылап-сипаған жоқ. Міне, биыл тоқсанның төртеуіне иек артты.  Елпектеп бара қалсаң, даусыңнан ғана таниды. «Қай баласың? Алдыңа кетейін, алдыңа» деп бата қайырып жатқаны. Ғұмыр деген осы,ә?!

Шай сораптап әлі отырмыз. Ауырғаным жадымнан шығып кетіпті. Мең-зең адам қызық қой. Апамның үйіне алғаш келгендей жан-жағыма қайта-қайта көз тастап отырмын. 

- Неге елегізіп отырсың? Шошынып қалғаннан саумысың? – дейді апам.

- Жоқ... Мына суреттерді жаңарту керек сияқты, - дедім қабырғаға ілінген төрт суретті қолыммен нұсқап. Әскерде жүрген кезде ағаларым түскен суреттерін поштамен жолдайтын. Апам соны көріп сүйіп, сипап, қойнына бір тығып, бір алып жүріп, ақырында төрге ілгізген. Төрт сурет ілулі тұр: екі ағам – Сәден, Сәлім, атамның інісі – Тәкен, ортасында – атам. 

Қара  шаңырақтың қарағай мүйізді қыңыр шалы қабырғадан қарап отыр.Қабырғаға қыдырып кеткен суреттердің ішінде ең алдымен кімнің де болса көз тоқтатары – біздің қыңыр шал. Паспортының бетіндегі бейнесі болмаса атамыз суретке түспеген кісі. «Қолыңдағы қаңылтырыңа қараптан-қарап қарыз болар қарыс бас жоқ! Әкет әрі»,- деп жолатпайтын. Қаңылтырға сыймаған қайран бас қалаға қалай сыйып жүр екен? 

...Атамның кейде ашылып сөйлеп кететіні бар.Айтқан әңгіменің бір өтірігі жоқ. Қоспасыз, жүректен ағытылған ақ жарма әңгіме. Бұрынырақта дәл бұлай ашылып сөйлеп, көптің алдында көсемсіген емес. О, дүние-ай! Қызығы мен қыжылы аралас мына ғұмырды кім сүрмеді? Сүрлеу салып, соңына із тастап кеткен пенде атаулы қаншама? Аяғыңмен үйкелеп өшірсең де, етіктің басымен тепкілесең де бұзылмайтұғын соқпақ болушы еді ғой. Баяғының шалдары кім көрінгенге емес, түбінде адам болатын балаға әңгіме айтушы еді ғой. Сонау Түгіскеннен әрі Қорғасын қолатындағы қоламталанған мына бір оқиға ойға оралды.

***

Сәден көкемнің баласы менімен тете өсті. Қос тал шыбықты қолтыққа қыстырып, қорадан асқанда-ақ біреуін борбайлап ат қылып, екіншісін қамшылауға пайдаланатын ауыл баласының баяғы әдеті емес пе? Ол қалыпты бұзсаң,атаманБәйтіштің үйірінен саяқтап қаласың. Бірде су әкеле жатып, шыбықтың жоғын көрген ол:

- Тайың тоңқып кеткен бе, боқмұрын? - деп жатып кеп күлген. Емексімей,ежірейе қалған мені жақтырмай қос шелекті қотарды да кетті. Міне, сол салтымыз бенқалпымыз бұзылмастан біз Қорғасын қолатын көздей құлдилап барамыз. Бүгінгіміз Бәйтіштен қаймыққандық емес. Балаң көңіл, айға ұмсынған албырт сезім.Сидаң сырықты ат қып мініп, тақымға басқан тапал қара он екіде. Тайдан үлкенді тақымдасам, таяқ жеп қалатынымды біліп, тобылғы сапты қамшыны құлын етіп, тоғыз жасар мен де ілестім. Барар бағыт, долбарымыз – Қорғасын қолаты. Қабанбай моласынан әрі ассаң, жыланқұйрықтанып жалғыз аяқ жол жатыр. Қолаттың кең тұсына бір іліксең, сам жамырағанша қыстақтың қыр желкесінен бір-ақ көтерілесің. Қызды-қыздымен жүре қыртыс қыраттың бүйірінен бір-ақ шықтық. Шаптағы шыбықтан шып-шып тер шығып, мимырт жүріске ауыстық. Екпініміз бәсеңдеп қалды. Аңқамыздың кепкенін «атымызды» отқа қойғанда білдік, алаңғасар көңіл бір ұрттам су да алдырмапты. Қызуы қайтқан шоқтай боп, саржағал күн де бұлттан аунап, көкжиекке құлады. Шөлімізді ұлпа леппен басқан боламыз, аузымызды кере ашып, ауа қармап, қарбытып асаймыз. Жалаң аяғымызға шұлғау да орамастан қолпылдата киіп алған шоңқайма бәтеңке мен шабдар туфли қажап, қанжоса етті. Тілім аузыма сыймай шөл қысты. Мына момақан түн секілді үнсіздік баурап барады. Түн баласында жолдан адасқаннан асқан азап бар ма? Жамыраған жұлдызды сауып ішкің келеді. Торыққаннан өң қашып, таңдай кеберсіп, майда топырақтан тобық тотияйынданып кетті. Аңғардың алқымына жете бере жалқы жарық көрінді. Жоқ іздеген жан екенін, жан алатын жау екенін жорамалдауға уақыт тапшы. Тапал қара «ағалағанда» тамағы қарлыққанын сезген де жоқ. Тотыққан түрі тозған көңілдің табы сияқты. Жарты сағат өтпей жалқы жарық жым болды. Екеуміз бір-бірімізге қарап, үзілді-кесілді кесім айттық:

- Құрыдық! Біттік! Қасқыр жейді!

Түн уілі– жан-жақтан төніп келе жатқан, аш өзегі талған көкжалдың ырылы. Тіпті, қолқаңа тұз себе тұншықтырады. Қою түннің қабырғаңды қайыстыра, қақырата сөгетіні несі? Қандай сиқыр бар өн бойында?! Ырқына көндіріп, бастықпаған асау жаныңды өре, тұсаусыз-ақ бір уыс ететіні не құдірет?! 

Ырсиып-ырсиып саусақтарын бізге жайып тұрған қараған, тобылғыдан да дәрмен жоқ. Онан сайын шүйіліп кеп, желкеңді тырнайды. Жаныңның жарақатына уыз емес, уытын салады. Тапал қара безек қақты:

- Тіліңді жұтып қойдың ба?

- Неге олай дейсің?

- Тірі екенің сездірсеңші! 

- Ән салайын ба?

- Ән салмай, әдіре қалғыр. Көрер ем үлкен боп жол бастасаң...

 «Жол бастаған жолаушы жаңылмас болар» дегенді айтқым кеп оқталдым да, біржола шоңқидым. Айсыз түнде жортқан екеуміз де жүрек жұтқан жандаймыз. Жанарымыздағы тамшы жас кілк етіп үзілуге таяу. Үзілмесе екен деп қоямыз. Ес-түссіз хәлде отыра кеттік. Май топырақтан көрінбей қалған жүзімізді жәудір көзімізден төгілген жасқа бір шылап алдық. Кімге өкпе-реніш, арыз-арманды үйіп-төгіп жатқанымыз белгісіз.

Бір заматта түнді дар айырып, алыстан урал мотоцикл келе қалды. Дәм-тұзымыз таусылмаған екен. Атаңнан әрі кеткір урал қиралаңдап келіп бізді майып қыла жаздады. Қираған фардың өлімші жарығын түсіріп:

- Кімсіңдер? Жансың ба, жалмауызсың ба?

- Біз ғой..!- деп дірілдей қоса жамырастық. 

- Киік екен деп, мылтығымды оқтап отырсам... Үйи, боқмұрындар...

Екеумізді ұшқастырып түн қойнына сіңді де кетті. Қысырақтың үйірін айдап келе жатқан Бәйтіштің өзі боп шықты. Аузынан сөз суырмақ түгілі, өңі өңменіңнен өтеді. Қорғасыннан бері отырған Үкібай деген жылқышының вагонына түнеген болдық. Бесін ауа көзімізді тырнап ашып, ауылға бет түзедік. Қарынның ашқаны емес, қадірдің қашқаны қиын. Бала байғұста не қадір. Біздікі де оттаған ауыз. Ауылдың әйелдері ендігі өсектен тас үйген болар. Жыбыры мен сыбыры көп қоныс сөзбен-ақ сойып салады. 

Жоннан аса бере тапал ағам екеуміз Бәйтіштің жеңіне жармасып, қояр да қоймай «тоқтатыңызшыға» бастық:

- Бәйтіш аға, бір жолға өтірігіңізді қиыңыз.

- Кәллаң бос-ау, шамасы. Шешеңе айт, құдайы күтсін. О несі ей?

- Көке, біздің әкей білмей-ақ қойсыншы. Біліп қойса, жонымнан таспа тіледі. Түнде жылқы айдауға жәрдем етті дегенге қиыстырып, бізді құтқарыңыз.

- Жә, созбақтама. Болар бір жөні. Қысырақ бір үркісе, жердің түбінен  бір-ақ шығады. Отырыңдар оттамай!

Осыны айтты да, кежір неме божысын салақтатып, өкпелеріңе ие болыңдар дегендей, газды аңыратып, көкпекті тілгіледі де отырды.

Қоңыр қаңылтыр шатырлы ақ үй азан-қазан. Біздің шал тұтығып кеткен. Біз ойлағандай болмай шықты. Қайдан кіріп, қайдан шыққанымыз сөз болмады. Соған қарағанда Бәйтіш бәрін түзу жеткізгенге ұқсайды. Мың болғыр! Ақ кемпір аңғал-саңғал қорадан шығып, бізге беттеді. Пышаққа жығылған тұсақтың бауыздау қанын дұға етіп қайырып  жатты. Қысырақтың үйірін таң асырып, біздің базға қамады. Шалдардан естуіміз бойынша, күзде жоғалған үйір жыл аунатып Қорғасыннан табылған. Дәуқараның жолсоқты боп, қыртыстанып келе жатқаны сол шығар деп шамаладық. Апам байғұс:

- Қысырағы құрсын, құлындарым сау келді, - деп айналып-толғанады.

Айналайын апам-ай, азабымызды тарттың-ау. Сол кезде де, тырдай жалаңаш шешіндіріп, киімнің бәрін отқа жағып еді. Судай жаңа киім кигізіп, бата оқып, жерұшақ берген еді. Жаратқан жасыңды ұзақ еткір апам адамның асылы ғой...

Ол кездеапам мен атам тың еді. Апшыны қуырып, таңдай мен танауды қоса кептіретін тамыз тымырсығы сәл-сәл тыныстаған мезет-тін. Зәу тірліктен бейғам жатқан қоңыр қаңылтыр шатырлы ақ үй аласарып, тік еңсе көтерілмей еңкіш тартқан шағы. Сәруар шақтың саумал ауасы жан сарайымды қанша рет жаңғыртты, қанша рет қиял қияғына байлап, қанша рет қайғы құзғыны тырнағын батырды. Бүгін ойлап қарасам, сол шақтан жұрнақ та қалмағандай. Оны есеп-қисапқа теңдеген ешкім жоқ. Жақындай кетсең, жата жабыса кететін жабайы шырмауық төрді қойып, төбеге қыдырып кететін еді. Қазір қисайған бір талы да жоқ, тып-типыл. Ауыл маңындағы қалқиған төбелер бір иығына қарай қиыстап, шөгіп бара жатқандай көрінетін. Адам түгіл, айнала да тозады екен-ау дейсің сондайда. Аңқасы кеуіп, алакеуімнен сыздықтап ағып жататын соқыр сайдың жықпыл-жықпылындағы болмашы иірім де өз міндетінен әлдеқашан қол үзген тымырсық кезең еді-ау. Біздің шалдар сол мекенге қоныс тепкенде қолат қолтығына қия бастырмаған болар еді-ау. Айғырдан қысыр қалған құла бие ұшты-күйлі жоғалып кеткен күні алдына мені салақтатып, артына тапал ағамды жамбасы тесілгенше артып алатын атам бізді сыбап, біраз жерге дейін бұрқылдайтын. Күндегі әдеті солай. Жауыр құла Қорғасынға иек артқанша саржеліп, үйірін алыстан сезген бойда танауын желге төсеп, шаруасын атқарып талтайтып тұрып алады. Құрық басына ілінген ұзын арқан іспетті жол да келген-кеткенмен жұмысы жоқ, қоңыр тірліктен күдерін үзіп, таяқ тастам жерден қара шегіртке ысқырық шалады. Зәу қиырдан хабар жеткізген болды да, зым-зия жоғалады. Қопа қардай бөрікке ұқсаған дөң басына атпен де, есекпен де келіп, мал қайырып жүрдік. Ақырында алақандай ауылды бір шулатын тындық. Міне, апамның солқылдап жылап, жерұшық берген күні осы еді.

...Сол уақиғадан кейін қанша үйір жоғалды. Қанша қысырақ табылмай кетті. Оны урал мінген Бәйтіш біледі, бізден не үміт, не қайыр. Қиыр шеттеп, мал жайғап отырған ел жанын түсінгің келеді.Жадымда қалған жалқы сәт осы.

Басым салбыраған күйі дәл сол күні қоңыр шамаданымды сүйретіп оқуға кеттім. Тұнжырап күз жуықтады. Жанарымды жұмып жатып ойға шомғанда қысырақтың дүбірі құлаққа талып жетеді. Мен сол жуан қара Бәйтішті сағынамын. Шорт сына кететін мінезі өзіне ғана жараса қалған. Таяққа мініп, тайраңдап Қорғасын қыстауына жетеміз деген балаң көңіл қайда қалды екен?Бәрінен бұрын, дәтіміздің беріктігін айтсаңшы.

Осы әңгімеден соң біздің шал үнсіз қалды... шай ішіліп болған сыңайлы, кесе-аяқтар соғылып-қағылып жиналып жатыр.

Тысқа шықтым. Бойым бусанып, жеңілдеп қалғандай. Апамның алтын қолы ем ғой. Апамдар тұрған пәтердің терезесіне көз тастадым. Ең алдымен ағараңдап шашақты ақ жаулығы көрінді. Перде қымтап жатып, сыртқа үңілді. Айға қарап бата оқып тұрған сияқты. Қала шетіндегі мыс қорытатын зауыттың будақ-будақ түтіні жөңкіліп жатты. Тура қысырақтың үйріндей.Қою түнде қауынның тілігіндей шалқалаған ай қалтқыдай батпай тұр. Бәйтіш қайда жүр екен?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар