Тұяқбаев Саят Қабдырашұлы 1976 жылы 9 маусымда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық округінде туған. 1997 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетін бітірген. Республикалық, облыстық, аймақтық, жыр мүшәйраларының жүлдегері. 2022 жылы шыққан «Өмір өлең» жыр жинағының авторы. Өлеңдері Балқаш аймақтық ақындар антологиясында, басқа да бірнеше жинақтарда облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Облыстық, республикалық өнер байқауларының жүлдегері, Ақтоғай ауданы әкімінің, Қарағанды қаласы әкімінің, Қарағанды облысы әкімі сыйлықтарының иегері.
Ақынға...
Алқасын ойдың арайдан тақтым,
Адассам, жолды Абайдан таптым.
Қара сөзінен қабырғам қатып,
Қазына жырдан талай дәм таттым.
Санамда сұр бұлт, сырғыды күз кеп,
Шыңғысқа шықтым, шындығымды іздеп.
Теңселіп кетсем, Жидебай жақтан,
Тұрамын жердің кіндігін іздеп.
Туар ма ғасыр тұмаға тұнар,
Абайдай ұлы ғұлама туар.
Ақ қардай әппақ армандарымның,
Асқағы бар ма бұдан артылар?!
Ұлығың ұсақ, тұлғалар майда,
Абайға тағы бір қарамай ма?!
Алшынбайлардай абызым кәне?!
Құнекеңдердей құлжалар қайда?!
Абайдың сөзін тағы алғам артып,
Адамды сүйем адамнан артық.
Ертісті жырмен есіп өтейін,
Зілімді ішкі заманға артып.
Қалғанда қаңсып, қаламым құрғап,
Абайдан қуат аламын тыңдап.
Тесік табуың қиындау қоғам,
Кетігін тауып қалану тұрмақ.
Сәтермен сондай сана күресті,
Шарасыз күйді шанағым есті.
Өзгерісі жоқ өгейлеу өмір,
Ескіміз жаңа, жаңамыз ескі.
Абайдай дана, ізімен өрле,
Кірпігіме мұң тізіле көрме.
Үзілген Әзім әңгімесіндей,
Үмітім үлбір, үзіле көрме.
Күйбең өмірдің шідері тұсап,
Жартасқа бардым жүдеді құшақ.
Өкпемді өксіп өлеңмен өргем,
Сегіз аяқтың сілемі құсап.
Тағдыры тынып тарқатылыстың,
Тараттым шерін тарқатып іштің.
Топырағы тағы толғатар ма екен,
Алыптар туған Арқа-Шығыстың?!
***
Түндігімде татымсыз тұсаулы түн,
Құдығымнан тартады құсамды кім?!
Иірген тағдыр желмен үгітіліп,
Диірмен дүниеден ұшам бір күн.
Кезімде кермені үзіп бір шабатын,
Құйылып бара жатыр құм сағатым.
Көш кетті, көз ұшына ілестірмей,
Дос кетті, өкпелетіп, мұң шағатын.
Жалынан да, ұстатпай жүрдек өмір,
Іркілмеді, аялдап іргеме бір.
Уысына іліксең жібермейтін,
Тағдыр деген тар қапас түрме ме бұл?!
Күрсінеді Керқұлам кесе басып,
Алдынан елбең-елбең есек асып.
Сүрініп ап, сүйенген бұрышыма,
Төреші уақыт- тұрғаны-ай, есеп ашып.
Құлаған құлан басқа құрбақа ойнап,
Жылт етіп көрінетін жылға тайғақ.
Жазып-жазып кетейін жүректегін,
Жаратқан бере гөрші, жырға қайрат!
***
Маған да бір күн шашырайды алдан,
Адамды алға асырайды арман.
Ағысы асау өзенмін, кейде,
Арқырап келіп тасымай қалған.
Елбеңдеп жүрдік, ебелекке еріп,
Тәлімінің ізін терең екпедік.
Тағдырым көктің жауыны сынды,
Жауа алмай өткен себелеп келіп.
Күндер ме, көп қой күркіремеген,
Перизатыма бір түнемеген.
Білдірмей ішкі баз кешуімді,
Бөрідей аунап, сілкіне берем.
Ілкінің жолы ірілік неткен,
Келемін соны ұғынып көппен.
Сүйедім басын сәйгүлігімнің,
Мәреге сәл ғап сүрініп кеткен.
Осылай жаз бен күзді өткеремін,
Жанымның жыры тізбектегенім.
Адасып жүрген армандарымнан,
Өзімді әлі іздеп келемін.
***
Ей, адамдар!
Ағат кетсем, айып етпеңдер,
Мендегі мөлдір шуақты шайып өтпеңдер.
Тұңғиықтардан тұншықпай шығады екен,
Жігерін ескек, үмітін қайық еткендер.
Негізі ойды шың менен шынардан өрем,
Сарқырап ағушы едім ғой, суалған емен.
Қайығым неге жағаға қайрыла берді,
Тәуекел етіп теңізге шығам ба деген.
Қоңырқаз күйім шертілмей, сол бұрауымсыз,
Өзім де үнсіз, мүлгіген домбырам үнсіз.
Адасқан орын таба алмай темір қазығын,
Таң асқан торым шаба алмай өз құмарынсыз.
Ей, адамдар!
Ұғамын қанша десем де, тірлікті мынау,
Бұрғызбай қойды бойымды бір мықты бұрау.
Асып барады өтірік ақиқаттардан,
Басып барады шыңғыртып шындықты қырау.
Жасандылыққа бірі едім шырқырағанның,
Жағадағы жабырқау ғұрпыма алаңмын,
Ағысы арбай жөнеліп асау өмірдің,
Тазысы шалмай қажытты түлкі заманның.
Отырмын енді жұбаныш өлеңнен іздеп,
Жоғалтқан биіктерімді төменнен іздеп.
Жойылмаған жырымнан жұбаныш тауып,
Қойылмаған кешіме көрермен іздеп…
***
Тіршілік торы тұмшалатқанда,
Сырғыған сынап сын сағаттарда.
Бұрқасын тағдыр бұршақ атқанда,
Күдерімді үзіп, күн санат па Алла!
Өкініші көп, өткердім істі,
Күтеді көңіл, көктемгі құсты.
Өзіммен өзім кетемін кейде,
Өлеңге жайып өкпемді ішкі.
Жыр дәптер толып, тағы алдымдағы,
Қағазға түсті, қаламның дағы.
Айтпақшы, айтса, сандалған екен,
Досым көп деген адамның бәрі.
Бітпеуін тілеп, таң атса түннің,
Қазысын жырдың қазақша тілдім.
Бұзбаңдар шырқын, біреуің келіп,
Жалғыздық деген, ғажап сәтімнің.…
***
Туған төрден тысқары,
Жылы жаққа ұшқалы.
Кеш қайтып жүр ауылға,
Біздің жақтың құстары.
Қайтқан құстың тізбегін,
Көк жүзінен іздедім.
Сіркіреді көк аспан,
Іркіледі жүзге мұң.
Тосып жүрмін күй үнін,
Сағынбай ма, биігін?!
Таусылды ма, жылылық,
Азайды ма, мейірім?!
Ұштың артта қырат қап,
Туған жерден жырақтап.
Тойған жерге тек қана,
Қалмаңдаршы тұрақтап.
Тамшы
Тамшылап тұрса, аспанның нұры төбемнен,
Тамаша күйге бөленгем.
Өмірге мені тәңірім қайта жаратып,
Тамшы боп тусам егер мен?!
Шарқ ұрып іздеп шөлдеген жерді табар ем,
Жанына құйып жаңа дем.
Бағбанын күткен бақтардың жапырағынан,
Таңғы шық болып тамар ем.
Сағыныштардың сыр айтам сұлу сазынан,
Құйылып көктен қазынам.
Терезелерден тырсылдап тамып түнімен,
Махаббаттардың тарихы болып жазылам.
Құрғатып жанды содан соң кетпей жоғалып,
Сағынтып соғам оралып.
Жолатпай мұңды, жүрер ем барлық жанардан,
Шаттықтың жасы боп ағып.
Тамшы боп тусам, дәл осылайша күн кешем,
Тіршілікпенен тілдесем.
Мұңайғандардың шайып өтем де шерлерін,
Жүректерінің дүрсіліменен үндесем.
Бақыт қой бәрін қайғыдан тұрсам аршып ап,
Жақсылықтарын жаршылап.
Бар адамдарға арманымды айтып өткенше,
Таусыла көрме тамшы бақ.
Сөйлейін солай, соққанша бойдан соңғы леп,
Мендегі жүрек сол жүрек.
Тамшы тағдырды жырлайын мына пәниден,
Тамып түскенше мөлдіреп.
Капельница
Көрдім де алғаш, періште дедім,
Мөлдіреп піскен жемістен өңің.
Марғаулап атқан мұң тірлігімде,
Махаббат уын көп ішкен едім.
Таң қылды көркің таңымен күздің,
Санамда сәуле сәнімен жүздің.
Даланың ерке гүліндей екен,
Дидары мына дәрігер қыздың.
Сағымдай сәттер таптырмас алдан,
Самайды қайтем ақ қырау шалған.
Тағдырға жырмен өкпемді айттым,
Лап еткен өртке лақтыра салған.
Ойымды ішкі өлкеме қамап,
Отырдым оттай өртене қарап.
Өте шыққаның бір өмір екен,
Құралай көзді төңкере қадап.
Таласа атып таң шуақ күнмен,
Тулады бойда бар сұрақ бірден.
Дәрумен бе едің дәуренімдегі,
Тамырға бірден тамшылап кірген.
Жүректі жалғыз қалдыра беріп,
Капельницаның алдына келіп.
Көліктен түсіп қоштастың қалқам,
Алаулап жүзің албырап еніп.
Тынысым бітіп тарылып барам,
Ауырмасам да, ауырып барам.
Жартқан мына сұлулықты әлде,
Жібердің бе екен дәрі ғып маған…
***
Тағы оқыдым жаныңның толғанысын,
Оюлапсың ойдағы орман ішін.
Сол орманды жырыммен суарайын,
Тамыры жүрегімнің солмауы үшін.
Самалын сағыныштың соқтыратын,
Қайда менің ордалы от қуатым?!
Шомылдырып алайын мөлдіріммен,
Одан өзге жаным-ау жоқ мұратым.
Тағы оқыдым назарым хатқа құлап.
Мезгіл түннен таң шапақ атқан уақ.
Саған ашқан сандықты жырға толы,
Жинай алмай отырмын ақтарып ап.
Көктем
Алып таудан етекке ақ қар құлап,
Көктем күннен алып тұр жақпар қуат.
Қысқы қатқыл көңілді жібітеді,
Жылт-жылт етіп жылғадан аққан бұлақ.
Туды көктем, таусылып қыс ғажабы,
Жер бетіне тәңірдің түсті ажары.
Көк кілеммен кең далам кестеленіп,
Құйқылжыды бағымда құс базары.
Көктем келді, сылдырап сылқым қыздай,
Сұлулықтың құпия құлпын бұзбай.
Көгімнен көлбей түскен күннің нұры,
Шуаққа шомылдырды құр тұрғызбай.
Сол шуақпен дүр етті, қызынып қыр,
Сығалады қауыздан сызылып гүл,
Ғашық болу, сағыныш, сүю бәрі,
Көктемнің кірпігінде тізіліп тұр.
Бұрымы бұраң қаққан бұл көктемнің,
Таңданумен көркіне күнді өткердім.
Жанымның сүйсінісін жер жаһанға,
Жеткізсін деп ұшырдым жыр кептерін.
***
Дамуыңның даңғылы қайдам, алыс,
Біз қашан абат елге айналамыз?!
Жасандылық пердесін қақ айырып,
Сен қашан жарқ етесің найза намыс?!
Иті жоқта, шошқа үріп қорасынан,
Аруақтан, шошыған моласынан.
Көп ісің шіл боғындай шашырап тұр,
Көсемің дұрыс болмай о, басынан.
Алты Алаштың аспанын күн боп тірер,
Мойнына ел жүгіндей міндетті ілер.
Азайып ардың жүгін көтеретін,
Көбейді құны таяз құрметтілер.
Әлі талай соғар жел, соғар дауыл,
Дәлел ғой отыз жылғы оған дәуір.
Әділетті іздеген ақымақтық,
Әлиханы тумаған қоғамда бұл.
Қыраның қарақұс боп дер шағынан,
Жегендері асады жемсауынан.
Тірлігінен солардың жиіркеніп,
Жұмақ іздеп отырмын жершарынан.
***
Қыс қақты, күздің ерте қақпасынан,
Түрі жоқ жаны күзге қатты ашыған.
Жапырақ үміттерім ұшты желмен,
Жанымның тайып кетіп тақтасынан.
Сарқылады күн нұры келтелене,
Қалтырады кәрі ағаш көрпеге ене.
Айғай салып ақ боран бау-бағымнан,
Берекемді қашырдың ерте неге?!
Сары аяз сықырлайды, сыздай қалып,
Қоңыр күз мұңаяды, қыздай ғаріп.
Қысы ерте түсетін мына өлкенің,
Мейірімі кеткен бе мұзға айналып...
Қыс неге, ару күзге сонша өкпелі?!
Ерте кеп, кереметін көрсетпеді.
Суық алған бойымды жылытайын,
Қайда екен қараша үйдің көн шекпені?!
