Шәкір Ыбыраев. Абайтанудың әлемдік контекстегі ғылыми аспектілері (ІІ бөлім)

Шәкір Ыбыраев.  Абайтанудың әлемдік контекстегі ғылыми аспектілері (ІІ бөлім) - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы ұйымдастырып келе жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Шәкір Ыбыраевтың «Абайтанудың әлемдік контекстегі ғылыми аспектілері» тақырыбындағы дәрісінің екінші бөлімін ұсынып отырмыз.

...Енді осыған келеді, бірақ ешкімді ешкім қайталамайды. Абай да, Пушкин де, Лермонотов та мұны қайталамайды. Лермонтов айтады: 

Выхожу один я на дорогу (Бір өзім ғана жолға шыққандағы ойым дейді. )

Я б желал навеки так заснуть,

«Мен ғасырлар бойы ұйқыға кетер едім, шіркін-ай», - дейді. Мұндағы барлық жолдарды оқып отырмаймын. Өлеңнің соңы былай аяқталады: 

Чтоб всю ночь, весь день мой слух лелея,

Про любовь мне сладкий голос пел,

Надо мной чтоб, вечно зеленея,

Темный дуб склонялся и шумел.

Сонда Лермонтовтың айтып отырғаны: «Осы мен тіршілігімнің аясында мәңгілік ұйқыға, шіркін-ай, кетер едім, төбемде жасыл емен иіліп, жайқалып тұрса.» Бұл не деген сөз? Жай бір ағашты егіп қойсаң, тұрады ғой. Жоқ, бұл жердегі ой: «Мәңгілік уақыттың аясында қалсам», - дейді. 

Енді мұны Абай, Пушкин, Лермонтов өз-өзінше басқаша айтқан. Ал осылардың ортасында ортақ бір үлкен идея, ой бар ма? Иә, бар ғой! Ол: «Мәңгілік уақыттың алдында патшасың ба, кедейсің бе, бишарасың ба, кім болсаң ол бол, бәріміздің де қарамағына келетін жеріміз – осы. Бәріміз де мәңгілік уақыттың қарамағына өтеміз», - дейді. 

Міне, Абайдың әлемдік ойшылдармен иықтасатын жері – осы. Әйтпесе «жазды керемет жырлапты, ой сұмдық, жапырағын жайқалтып қойыпты, қыз-келіншектер де көңілді жүр екен, бақытты екен, анау екен, мынау екен», - дегенмен, теңестіре алмаймыз. Былайша айтқанда бұған: «Ну и что?» - дейді де қояды ғой. Солай емес пе? 

Мінеки, ұлы ақындар сондай әдемі нәрсенің өзінде де қандай бір мәңгілікке үзіліп қалмайтын керемет ой туындатып айтып отыр ғой. Шын мәнінде мінеки, Абайдың әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл екендігі осыдан көрінеді. 

Мен Абайдың «Жаз» өлеңін талдап жүрген қаншама үлгілерді кездестірдім, бірақ жаңағы бишара шалдың ең соңында қарқылдап күліп тұрғаны еш жерде айтылмайды. Оның себебі: қарқылдап күліп тұрған шал «реалистік» деген картинаға сыймайды! Ол әлдебіреуге күліп тұрған жоқ. Ол шал: «Мынау уақыт соншалықты өткінші, оны осыншама сезіне алатын мына мен, қартайған шал бәрін көрген, мына өмірімнің барлығы артқа үңілсем былай айтқанда, жалт ете түскен сәт болып шықты!» - деген ойды айтып тұр ғой. 

Енді тағы бір өлеңді талдап көрелік. Абайдың көптеген өлеңдерін мен осы тұрғыдан қарап көрдім. Және менің ой түйінімде бұл басқаша болып шықты. Мысал үшін, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңіне тоқталайық. Мұны да сіздерге толық оқып бермеймін. Бірақ әңгіме не туралы екенін жақсы білу үшін бұл өлеңді тұтастай алып қарауымыз керек.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, қайнайды.

Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бар жібек талды

Торғындай толқын ұрып көз таңдайды, - 

дейді. Енді осы өлеңнің жалғасы туралы. 1909 жылғы басылымда бұл келесі жалғасы болатын өлеңмен бір. Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбасында келтірейін деп отырған екінші бөлік жалғасы: 

Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?

Сұлуы бұл заманның тек жатпаған, - 

дейтін екінші жалғасы осы алғашқы қолжазбада да, Абай өлеңдерінің алғашқы басылымында да бір шығарма ретінде берілген. Кейін: «Ой, мынау алдында суреттелген сонша әдемі сұлу қызға мынау «Қандай қызда ләззат бар, жан татпаған?» дейтін екінші бөлімі сәйкес келмейді. Бұл болмайды», - деп мұны басқа өлең қылып басып келе жатыр. Абайдың бүкіл жинақтарында солай. Үш том болып шыққан ең соңғы академиялық басылымда да осы өлең солай екіге бөлінген. Шамамен алғанда кейбір өлеңдері елуінші жылдардан, енді кейбіреулері жетпіс бесінші жылдардан бастап бөлінген. Ал оларды неге бөліп қойды? Оған көп жағдайда: «екеуі ұқсамайды, келмейді» деген уәж. Тағы да мен айтайын, мұның ар жағында не тұр? Реалистік қабылдауымызға сыймаушылық тұр. «Әдемі қызды айтып-айтып келеді дағы, енді оны бұртақтаған, жыртақтаған деп сөгеді. Ойбуй, мұндай қыз болмайды. Соншама әдемі қызды былай сөгуге бола ма? Болмайды», - дейді ғой баяғы. 

Мен ең соңғы шыққан кітабымда мұның бір өлең екенін дәлелдеп айттым, бірақ оған көңіл аударған ешкім жоқ. Абай өлеңдерінің ең соңғы академиялық басылымында да осы екі өлең екі бөлек болып келе жатыр. Бірақ бұл өлеңдердің бір өлең болуы мүмкін-ау деген ойды айтқан тағы да академик Зәки Ахметов болатын. «Әй, осындай бір әдемі қызды айтып-айтып келіп бір конфликтілі ситуацияға баруы мүмкін-ау, Абай. Оның ішкі дүниесі сыртындағы әдемі портретіне сай болмай шыққаны мүмкін-ау, осы Абайда», - деген сияқты пікірді айтқан – Зәки Ахметов. Бірақ бұл пікірге де ешкім күні-бүгінге дейін назар аударған емес. Қарасаңыз, екінші бөлігінде Абай толығыменен Мұхтар Әуезов айтқандай әлгі қыздың қарама-қарсы жағына шығады. Сөйтеді де ол қызды сөгеді. Мен де сондай қызықты ситуациядан кейін бұл несі екен деп таңғалып қойдым да, қайталап іздестірсем: шындығында да бір қызық жағдай бар екен. Осында бірінші бөліміне байланысты, Мұхтар Әуезов Абайдың осы өлеңін жеке алғандағы бөліктерін жақсы сынға алады. Мен Мұхтар Әуезовтің бұл пікіріне толық келісемін. Мұхаң не дейді? «Сұлудың жүзін бізге айтып беріп отырған ақынның көзі көбінше қыз көре келген жігіттің, келін айттыра келген құданың көзқарасымен жазған сияқты болып көрінеді.» Шындығында да ол қыздың ішкі дүниесінен мүлдем хабарымыз жоқ, тек сыртқы портреті ғана бар ғой. Ал екінші бөлікте бұл қыздың көркі жеке адам емес, енді әлеуметтік платформаға қойылған деп ойлаймын. Енді не дейді?

Қандай қызда ләззат бар, жан татпаған? 

Сұлуы бұл заманның тек жатпаған, - 

деп келеді де, ары қарай: 

Бұлардың кейбірінің мінездері –

Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.

Біз мұндайға үйренбегенбіз. Әдемі нәрсені айтып келе жатып быт-шытын шығарып, қарама-қарсы жаққа шығу дегенге біздің реалистік көзқарасымыз еш уақытта жібермейді. Неге олай болмайды? Болады ғой? Біздің қазіргі қоғамымызды алып қараңыздаршы? Небір әдемі, сұлу қыздар жүр ғой, теледидарда, ән салып, би билеп. Солардың бәрінің мінезі жақсы болып тұр ма? Қараңыздаршы, сондай бір әдемі қыздың мінезі басқаша болуы мүмкін емес пе? Абай мұны көре алмай отыр ма? Көргенде қалай?

Енді осындай тәсіл әлемдегі ең ұлы тұлғаларда болады екен. Себебі, біз Абай өзі айтқанындай: «Қызды айтсам, қызықты айтсам, қыздырмалап, Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап, - дегеніндей-ақ қыздырмалатып жіберуді біліп отыр. Бірақ бұл жерде қарама-қарсы жаққа шығу арқылы біздің мынау оқырманның қабылдау автоматизмімізден шығарады. Соны біз күтеміз. Ана қыздың енді сондай бір бипаз, әдемі сондай, мінезі қандай жұмсақ, әлемде жоқ қазақ қызының портреті шыққан сияқты болуын күтеміз. Бірақ Абайдың өлеңдерінде қайбір қоғамдық әлеуметтік суреттеуінде еркектің, жігіттің бейнелері сондай идеалды болып шығады? Быт-шытын шығарып отыр ғой, Абай? Неге? Қоғамдық-әлеуметтік платформада ол кезде жағымпаз, мақтаншақ, өтірікші, тағы басқа. Ал ондай адам болатын болса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Абаймен бірге жасаған адам болмай шығады. Реалистік принципке сыймайды.

Және бұл жерде өте қызықты бір жағдай бар. Осындай бір суреттеп отырған нәрсенің қарама-қарсы жағына шығу арқылы суреттеу – бұл Еуропаның мықты ақындарында бар екен. Енді осы принципті орыс ғалымдарының ішінде ең ерекше мықтап тұрып дәлелдеп айтқан ғалым – Виктор Шкловский. Ол – ХХ ғасырдың басындағы орыстың әлемдік деңгейге көтерілген ғалымдарының бірі. Және оның мектебі «остранение» деп аталады. Бұл әдіс бойынша біздің оқырман ретіндегі кез келген нәрсені автоматты түрде қабылдауымызды бұзып, соның қарама-қарсы жағына шығады. Ал енді осыны қазіргі заманда Еуропада мұның философиялық, теориялық негіздемесін әбден жолға қойып берген – Жак Дерида дейтін француздың мықты феноменолог, психолог ғалымы. «Деконструкция» деген атынан-ақ байқап отырған шығарсыздар, бұл – конструкцияны бұзу, үйреншікті конструкцияға қарама-қарсы шығу, деконструкция құбылысы. Мұндай құбылыстар көбінде әлемдегі ең мықты ойшылдарда болады. Жай кісілерде кездесе бермейді. Себебі мына процесті оң жағынан да, теріс жағынан да медальдің екі жағын да көрсету – шын мәнінде ұлы ойшылдардың шеберліктері арқылы көрінетін ғажайып құбылыс дегенді айтқымыз келеді. 

Әлемдік деңгейде алғанда әдебиет теориясының негізгі ұстаным, принциптерінің ғылым ретіндегі школасы (мектебі) шамалап алғанда 25-30 жылдың ішінде ауысып отырады. Ал біз Абайды зерттей бастағаннан бері баяғы сол әлгі «соқыр көргенінен жазбас» дегендей, реализмімізден шықпай жүргенде Еуропа 4-5 мектепті өткізіп тастады. Осы мектептердің бәрі еріккеннің ермегі емес. Бұл денеміз – мәтіннің бас-аяғын жинақтаудың, құрастырып отырып, идеяны қалай айтқандықтың, тәсілдері. Былай айтқанда жинақтау дегенді теорияға салу. Өте ауыр нәрсе. Бірақ қалай болғанда да Еуропаның, Шығыстың, Жапонияның ғылымында болсын, бұл ауысып отырады. Әлемде телефон, теледидар, өзге де небір жаңаша нәрселерді шығарып жатыр ғой, ғылым. Сонда біздікі қайда? Біздің ғылым соларды шығарса қайда қалды? Сіздер осы елдердің бәрінен біздің әдебиеттану ғылымымыз озып кетті, ананың бәрі қалып қойған деп ойлайсыздар ма? Жарайды, қалса, қалып қойған шығар. Бірақ әдебиеттануда кереметпіз деп айтып көріңіздерші? Ай, қайдам-ау! Әдебиеттану ғылымында онда керемет болған жоқ, бізде. Ондай мектептер ауысқан емес. Бір мектептен екінші мектепті соншалықты үлкен деңгейге көтеретіндей, бізде ізденістер жоқ. Тәуелсіздік алғанымыздан кейінгі отыз жылдың көлемінде көтерілуге тиісті еді. Бірақ тағы жоқ. Әлі жоқ. Біреудің көңіліне келтірейік деп айтып отырғанымыз жоқ, бірақ мен қуанып кетер едім, мүмкін сондай расымен бар болса: «Пәленшекең осындай мектеп қолданып жазыпты ғой» дегенді айтсаңыздар. Мүмкін мен оқымай жүрген шығармын? Онда келісер едім. 

Бірақ бұл мәселеде біз әрине, елді қайталауымызға болмайды. Мысал үшін, Қытайдың барып телефон шығарып жатқан технологиясын ұрлап ала салуымызға болмайды ғой. Оған мүмкіндік бермейді де. Басқа елдің ғылымда жасап жатқан небір жаңалықтарын ұрлап алуымыз мүмкін. Бірақ онымен ұзаққа бара алмаймыз ғой. Бізде ол үшін бір-ақ жол бар. Біз өз ғылымымызды әлемдік ғылымның тәжірибесімен интеграциялай, ықпалдастыра отырып, олардың тәжірибесін игере отырып, олардың әлсіз жақтарын біле отырып барып, өз жолымызды табатын болсақ, дұрыс болмақ. Міне, осындай жағдайда қазақ әдебиеттану ғылымының өз іздену жолы былай деп айтқан болар едік. 

Бізде әлемдік деңгейдегі философ қаламгерлер бар ма деген сұрақ бойынша: кеңестік дәуірде Мұхтар Әуезов сияқты ұлы жазушыларымыз деп санаған қаламгерлеріміз өмірден өтіп кетті ғой. Тәуелсіздік заманында да мықты қаламгерлеріміз болды. Берегірек дәуірдегі бірқатар жазушыларымыз бен ақындардың бірқатарын – Әбіш Кекілбаев, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, т.т. деп айта беруімізге болады. Мен таза әдебиеттануға сәл кейіндеу келдім. Мен өзі фольклортанушы ғалым едім. Біздің әдебиеттанудың бір оқырман рецепциясы деңгейінде қалып отырғаны менің жүрегімді ауыртты. Сосын барып: «Қой, бұл мәселеде мен де қолымнан келгенше қалам тербетіп өтейін», - деген сияқты қорытындыға келдім. Жазушыларымыз, небір ақындарымыз өтті ғой, кешегі арамыздан. Енді олардың өлеңдерін, шығармаларын жаңа теориялардың, жаңа әдіснамалардың платформаларына қойып зерттегенде, көп нәрсе орнына қойылады, белгілі болады деп ойлаймын. Біздің ойшылдарымыз бар, көп. Жетістігі де, кемшілігі де болуы мүмкін. Ешқандай бір жүз пайыз, төрт аяғын тең басып тұрған тұлпар жоқ қой. Біздің жазушыларымыз өз заманында көп жағдайда саясатқа алаңдаған. Ең ұлы деген жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзі де солай. Саясат,  ұстанымдар құлашын кең сермеуге жібермеген. Онан кейінгі жазушыларымыз да көркемдіктің әдемі бір жаңа қырларын, жолдарын игеріп барып жазды деп айтуға ертерек. Мүмкін мен қазіргі арамызда жүріп жатқан кейбір жазушыларымыз бен ақындарымыздың мұндай дүниелерімен жете таныс емеспін бе, оқымадым ба, оның бәрін қарап шығуға мүмкіндігім жоқ. Арамызда жүрген шығар, классиктер. Бірақ оларды: «Ой не деген ғажап, о не деген керемет ғажап табиғатты суреттейді, недеген әдемі, осындай ғып айту керек қой!» - деген сияқтымен алысқа бара алмаймыз. Теориясын алдымен мықтап қолға алуымыз керек. Сондықтан да ғылым – ғылым. Ал ғылымды өзінің принциптерін бойынша зерттеуге тиістіміз. 

Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan