Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Салауат Кәрім. Маржан теруші (Мырзагелді Кемелдің ...

05.09.2023 1650

Салауат Кәрім. Маржан теруші (Мырзагелді Кемелдің ұлт туралы ой-толғаныстары туралы ) 12+

Салауат Кәрім. Маржан теруші (Мырзагелді Кемелдің  ұлт туралы ой-толғаныстары туралы ) - adebiportal.kz

 

 

Маржан теруге теңіз жағалауына баратындар, тек маржан ғана термейді, олар күнұзақ бойы уыс-уыс құмды қолдан қолға өткізіп, үңіліп іздеумен болады.

Мырзагелді Кемел

Оның кітаптары кітапханамның  жоғары  сөрелерінен берік орын алды, ойсыраған, жабырқаған кезде сол кітаптарды қолыма аламын, психологиялық жақсы әсер етеді, оқыған сайын жетілуіме ықпал етеді, оның үстіне өз тіліңде, жеткізіп жазылған кітаптар, тағы бір сыры оның кітаптары адамға қажетті ақылға, ғибратқа, қанатты сөзге, неше түрлі дәйекті ойлы сөздерге, философиялық толғаныстарға толы, ойыңа, жаныңа керектіні бірден табасың, әсіресе, өзің кемшіліктерің мен жасаған қателектеріңді уайымдап жүргенде бір жасап қаласың.

 Астанаға көшіп келген жылы ол кісіні ЭКСПО жанында көріп, қасына барып, сәлем беріп, екеуара жақсы әңгімелескен едік, әңгіме ұлт туралы, елдің бағыты, қазіргі адамдардың өмірі туралы болды, ол кісі  «ешкімнің ақыл алғысы келмейді, бәрінің ақша алғысы келеді» деп күліп алғанымыз есіме түседі, қарапайым, салмақты, үнемі байсалды, бір ойда, бәрі ішінде жүретін, бос әңгімеге жоқ адам еді. 

«Мен жазушы емеспін. Жай ғана ізденуші, маржан теруші адаммын»

Мырзагелді Кемел 2016 жылғы 5 тамызда  жазушы Аягүл Мантайға берген сұхбатында: «Мен жазушы емеспін. Жай ғана ізденуші, маржан теруші адаммын. Онымды ешкім көп көре қоймас. Атамды, руымды  мадақтап, қолдан  батыр  жасап, насихаттап  жатқан жоқпын. Халықтың сөзін бұзбастан, өзіне қайтарып  беріп жатырмын», - деп жауап береді.

Мырзагелді Кемел мамандығы бойынша инженер, көп жылдар атқарған қызметіне қарай экономист, депутат, саясаткер, ғалым- ұстаз болғанымен, жазу оның көп қырының біріне  айналды

Профессор Мырзагелді Кемелдің екі томдық шығармалар жинағы,  «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Ақыл қалта», «Сөз- құдірет», «Мың ой», «Өнеге», «Көңіл күнделігі» кітаптары мен «Конфуций», «Сенека»,  «Толстой тағылымы», «Шәкәрімнің ар ілімі», «Сөз - құдырет, «Ақселеу асуы» жазбалары философиялық терең  ойға шомылдырады, өзекті әлеуметтік және рухани мәселелерді қозғайды, ақыл- ой әлемінің  інжу маржандарына  жетелейді.

2013 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген Мырзагелді Кемелдің  екі томдық шығармалар жинағына жазған алғы сөзінде Әбіш Кекілбаев: «Бұл сондай ыждаһатты зерде мен ысылған тәжірибенің  жиынтығындай шығарма. Ағын суға кері ағызбай, уақытпен бірге алға адымдатын абзалдық  әліппесі. Кәріге де, жасқа да бірдей қастерлі кітап. Өйткені, өмірдің алдында бәріміз шәкіртпіз. Ендеше, кітапты оқып шығыңыз.  Ғасырлар бойы ауызы дуалылар жақ жаппай баршамыз үшін – бүгін жер басып жүргендеріміз үшін де, бұл дүниеге бізден соң келетіндер үшін де қапы жібермей қадағалай тыңдайтындай қып айтып келе жатқан ғибрат сабағына тағы да бір құлақ тосыңыз. Өкінбейсіз. Ақылдың артық болмайтынына тағы да көзіңіз жете түседі. 

Жер бетінде Сіз уайымдағанның бәріне дәл өзіңдей толғанып, дәл өзіңіздей тебіреніп жүрген бір парасат иесі бер екеніне көңіліңіз бітіп, бір кенеліп қаласыз. Кітап авторына дән разы боласыз» деп ізгі ілтипатын білдіреді. 

Мырзагелді Кемел Конфуций ілімінің негіздері мен өсиеттерін  қазақ тіліне аударған аудармашылардың бірі. Конфуций  ілімінің мазмұны мен мәнін, оның  өте күрделі дүниетанымдық -  философиялық ойларын кәсіби деңгейде жеткізе білді. 

«Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деген сұраққа Ұстаз айтты:

Ұрпақтан – ұрпаққа, әкеден – балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа не қалатынын болжап білу қиын емес»  – деп аударады. 

Мырзагелді Кемел «Мен  қазақшалаған  Бальтасар Грасианның «Ақыл қалта» кітабы 300 жыл ұмытылып, Габриэль Гарсиа Маркес шыққанда ғана барып, зерттеушілер «тірілткен кітап еді», - дейді. 

Осы «Ақыл қалта» кітабының ең  соңғы  300 сөзінде: Әулиелілік –ізгілік қойнауы:  Ізгілік - бүкіл мүлтіксіз кемелдіктің өзегі, бар қуаныштың түйіні. Ол адамды парасатты, ілтипатты, кемеңгер, батыр, абайлағыш, әділ, бақытты, мақтауға лайықты, шынайы және әмбебап етеді. «Ақыл қалтаның» түбіне жеттік немесе «Парасат сабағы» тәмәмдалды. Орыс тіліндегі «Карманный оракул» кітабынан тәржімеленді. XI. 1997 – III. 1998 жыл»  деп аяқтайды. 

Осы жоғарыдағы анықтама Мырзагелді Кемелдің өзіне де тікелей қатысты, оның саналы да өнегелі ғұмырын сипаттайды. Бабаларымыз «Асыл сөздің құны ескірмес», «Ел қазынасы – асыл сөз» деп бұрыннан айтқан,  өйткені  аталардан қалған асыл сөз – ақыл  көзі, өсиет. Мырзагелді Кемелде бабалар  өсиетіне берік қалған, адамдар арасында иманды үгіттеп, ізгі істер істегендер, сабырға шақырғандар  қатарындағы жан болатын. 

Оның даналыққа құштарлығы оның өзінде парасат биігіне көтерді, әулие етті.  Мырзагелді Кемел осыдан үш жыл бұрын,  артында ізгі дүниелер қалдырып, жер жүзінде COVID-19 індеті жайлаған 2020 жылғы 18 шілдеде мына дүниемен қоштасты, мәңгілікке аттанды.   

«Бұл – өзім таңдаған жолым»   

Жоғарыда айтылған Аягүл Мантайға берген сұхбатында  Мырзагелді Кемел өзі туралы: «Бұл – өзім таңдаған жолым. Қырық жыл еңбек өтілім тұтастай мемлекеттік қызметші санатына жатса да, Парламент аппаратының қызметкері кезімде 38 мың теңгемен зейнетке шықтым. Өте ұқыптылық пен үнемшілдік жасап, өзіме шектеу қою арқылы айлық жалақымен жүріп, балаларымды жетілдірдім. Одан артылдыру мүмкін емес еді, жинаған ештеңем жоқ. Өмірге өкпем жоқ. Бірақ, бұл жолды да өзім таңдадым.

Біздің жақта рушылдық әбден шегіне жеткен, тіпті, басқа өңірлерден басымырақ десем, артық айтқаным емес. Өз руының адамы сайланғанын мәртебе санап, қарсыласын қайткен күнде де жеңу, жеңе алмайтынына көзі жетсе жығу, тым болмағанда, күйе жағуды мақсат ету неге керек?! Рушылдық бүгінде Ақселеу  айтқандай, протекция жасау жолына айналып кеткен.

1996 жылы маусым айында Елбасыға сұранып, Мақтааралдың мәселелерін көтердім. Өзбекстанмен іргемізді аулақ сала бастағалы Мақтааралға өтетін жалғыз жол сол көрші ел арқылы өтетіндіктен, адамдарымызды орынсыз тексеріп, ілік іздеп, бағынуға көне бермейтін қазағымызды күштеп, тіпті, қалтасына есірткі салып жіберіп, істі ете бастаған болатын. Сырдария өзенінен тікелей өткізетін көпір мен жол салудың жоспарланып қойған жобасын ертерек бітіру қажеттігін айттым.

Президент «1999 жылы бітіремін» деді. Қиын кезең еді, көңілім онша сенбеді. Президент  уәдесінде тұрды, сол жылы қазанда көпір салынып бітті. Қатты риза болдым, ел қуанды.

1985 жылы басталып, бітпей тұрған аудандық аурухана құрылысына қаржы бөлдіру үшін Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовке, министрлерге қайта-қайта барып жүріп, 2004 жылға бастапқы қаржыны бөлдірдім.

2003-2004 жылдары ауданда төрт жылда 8 мектеп салуға қажет жобалық-сметалық құжаттарды әзірлетіп, Қаржы министр­лігіне табыстап, жоспарларына енгіздірдім. Сол жоба бойынша кейіннен мектептер салынды»,  -дейді.

«Үндемей үйрендім, кітапханадан шықпадым...»

«Студент кезімде комсомол белсендісі болып, бүкіл Өзбекстанды аралап шықтым. Ауылда жүргенде  тәп-тәуір деңгейім бар деп малданып жүргенде, Жоғарғы Кеңес депутаты болып, 45 жасымда Алматыға келіп, өзімнің білім-білігім, ой-өрісім, ойлау қабілетім аудан деңгейінде ғана екенін көріп, шошып кеттім. Үндемей үйрендім, кітапханадан шықпадым, Парламент архивін сүздім, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көп білім алдым. 

Компьютер үйреніп, жаңадан қалыптасып келе жатқан интернеттен өмірге қажетті ақпараттар алдым.

Осылай еңбектену арқылы жетілдім. Үлкен жетістіктерге жеттім. Жұмысыма қосымша жарты ставкамен Президенттің Мемлекеттік басқару академиясында 8 жыл мемлекеттік басқару пәнінен дәріс бердім. «Өзін-өзі басқару» пәнінен мектептер мен оқу орындарында дәрістер өткіземін. Зейнетке шыққалы бері Еуразия ұлттық университетіндемін. Осы үш жыл ішінде 5 оқу құралын, бір оқулық жаздым.

Әлі күнге дейін ізденіс үстіндемін. Өмірім өз қалауыммен осылай жалғасып келе жатыр».

***

Мырзагелді Кемел: «Экономика – саясаттың да, мәде­ниет­тің де негізі.

«Тәуелсіз ел экономикасы қалай қалыптасты? атты мақаласында Мырзагелді Кемел былай дейді: «Экономика – саясаттың да, мәде­ниет­тің де негізі. Экономика мемлекеттің, қо­ғамның, әрбір нақты адам мен оның отбасы өмірінің негізі. Өйткені экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болсын шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар санайтын – еркіндік пен демократия, халық игілігі деген құбылыстың өзі бос сөзге айналады». 

Экономист ретінде айтайын: «Ұлттық мемлекетті қалыптастыруда басты рөлді ұлттық нарық, яғни, біздің өз өндірісіміздің даму деңгейі айқындайды».

 

Шәкәрім, Әбіш һәм Ақселеу

Мырзагелді Кемелдің «Шәкәрімнің ар ілімі», «Сөз құдыреті» (Әбіш Кекілбаевтің кісілік келбеті)  және «Ақселеу асуы» эсселік сипаттағы жазбалары ғылыми-танымдығымен ерекшеленеді, аталған дүниелер игі зерттеу легіне  қосуға болады.

Мырзагелді Кемелдің  «Шәкәрімнің ар ілімі», «Шәкәрім – Абайдың шәкірті», «Өлім сыры» (Шәкәрім өлімінің тарихына арналған), «Шәкәрімнің нақыл сөздері» «Шәкәрім жолы» жазбалары  ұлы ойшылдың  өмір тарихын, ойшылдық  және даналық келбетін, ішкі дүниесі, парасаты мен пайымын, оның ғаламат адамшылық философиясын оқырманға ұсынады. Шәкәрім Құдайбердіұлының ой әлеміне, өмірлік танымдары мен көзғарастырын ғылыми зерделеуге дайындықпен  келгенін көрсетеді. Шәкәрім мұрасын тек қана түркі әлемі даналық дәстүріндегі тұлға ретінде ғана емес, адамзат баласы ой санасының дамуындағы  тұлға ретінде бағалайды.

Шәкәрім мұраларын зерделей келіп, Сократ, Платон мен Аристотель, Шопэнгауэр, Кант, Толстой мен Гюго сияқты тұлғалармен үндестігін түсіндіреді. Шәкәрім Құдайбердіұлының бес жүзден астам  қанатты сөздер  жиынтығын  жасайды.

Шәкәрімнің әрбір шығармасында тағылымды ой, терең пәлсапа сөздерге толы дей келіп М.Кемел: «Шәкәрімше айтқанда: «Ақиқат, ұждан, шын иман, адамдық, кісілік – адаспайтын айқын жол». Ақиқатқа жетудің амалы осы заманғы озық білім ғылымды игеру, алып –ұшып тұрған мынау асығыс  заманда қатарыңнан кейін болмау, қазіргі тілмен айтсақ күштің, байлықтың немесе қызыл сөздің емес, білім мен ғылым атты өнердің бәсекелестігін жеңуде болып тұр. Егер біздің ұлтымыз бәсекеге қабылетсіз болса, еліміздің тағдыры - біздің ұлтымыздың ұлт ретінде, мемлекетіміздің мемлекет ретінде сақталып қалуы екі талай, онда мемлекеттілігіміздің  іргесінің беріктігіне, халқымыздың тіліне, діліне нұқсан келуі оп – оңай» деп ой елегінен өткізеді.

Бұл ғасырда ұлтты оятатын күш – білімділік, ақпарат таңдай білу. Ұлттық сананың биіктігі. Ұлт мүддесіне келгенде пенделіктен биігірек болу» деп қорытады.

Мырзагелді Кемелдің ұлт руханияты тарихындағы аса талантты тұлға  Әбіш Кекілбаевтың кісілік келбетіне арналған жазбалар ел тәуелсіздігінің бастау жылдарында ұлттық мемлекеттің саяси өрісінің кемелденуіне зор еңбек сіңірген парасат пайымын жеткізеді. «Ол құлшыныс пен тәубені тең ұстап, өзі ғана жетіліп қоймай, өзгелерге де үлгі болумен ғұмыр кешіп келеді, қашанда болмысы байсалдылықпен байып, мінезі қарапайымдылықпен көркейіп тұрады. Уақытта із қалдыру әркімнің өз еншісінде. Әбекең уайымсыз жүріп, уақытын текке өткізетіндерден емес. Тіршілік – көлдің бетінде, замана желдің өтінде, ескексіз қайықтай қалтылдаумен ғұмыр кешкендерге, қашан көрсең жаусырап, өштік іздеп отыратын өшпендіге,  қанағатты ұмытқан тойымсыз жебірге, мен  біреуден неге қалып барамын деп емес, өзінен ешкім озбаса деп  тілейтін көре алмасқа, тағы сондай төмендерге бағыт берер, тәуфиқ –тәубесіне келтірер сөзді  Әбекеңнен табамын»,  -  дейді Мырзагелді Кемел. 

Этнограф ғалым  Ақселеу Сейдімбектің  қазасынан кейін оның  өмірі мен ғылыми – шығармашылық қызметін, оның ішкі болмыс-бітімін насихаттауға үлесін қосқан азаматтардың  ішінде Мырзагелді Кемелде жүрді. Ғұлама ғалым күнделіктеріндегі  ойлар мен жазбаларды, оның  жинаған жыр дастандары, хикаялары,  қазақ  билері мен батырлары, қазақ рулары туралы жазғандарын жариялап, философиялық сілтемелер жасай отырып, ғұлама  ғалымның еңбекқорлығын, асыл қасиеттері мен жарқын бейнесін көрсетеді. «Ақселеу Сейдімбек феномені: осы жаһанданудың жойқын тартылыс күші алты құрлықты аждаһадай аранымен орай бастағанда қазақтың тегінің асыл екеніне құлшылық қылғаны. Өз халқын жан жүрегімен құлдық ұрып, ұлтжандылықтың  тұмар бұлағын суалтпауға  тырысқаны,  ол елін сүйген бекзат азамат еді», - деп  қорытады.

 

Мемлекет және қоғам қайраткері,  профессор  Мырзагелді Кемелдің  кітаптарында,  мақалалары мен сұхбаттарындағы ұлт туралы кейбір түйткіл ойлар:

Бар  мәселе – санада!  Жетекшісі саналы болса, саналылары көп болса- ұлт саналы!  Ұлт саналы болса –  бақытты ұлт! Ал санада кінәрат болса, онда ұлттың тірлігі алға баспайды. 

Санамызды салғырттандырмауға тиіспіз, сана өссе ой туындайды.  Адам санасы өскен сайын таза адамдар көбейеді.

***

Ұлттық сана деген абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет - ғұрпының, салт дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін-өзі жете танып түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді.     

***

Біздің мінезімізге ХХ ғасырда терең ендеп кірген тағы бір нашар қасиет  бар, ол – қызметі үлкенге табыну. Адамзат жаратылғалы әуелі қара күшке табынды, кейін мықты топқа  бағынды, кейіннен барып, лауазымға бас иіп, пара арқылы ойлағаныңа жету жолдары болған болса, бүгінде ақыл мен қабылетке қарап, билік пен байлықты иелену жолы басталды.   

 

***

Соңғы жүз жылды алып қарасақ, соның еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі мерзімінде билік зиялыларды жүйелі түрде орып, таптап, жойып отырды. Бас көтергендер, қайтпас қайсарлар алдымен кетті. Кейбірі бәйгеге қоспай қойған тұлпарлар мен томағасынан айырмай өлі етке байлап қойған сұңқарлардың кебін кешті. Қалғандары өмірге бейімделуге, биліктің сөзін сөйлеуге, шотын шабуға мәжбүр болды. 

Сөйте-сөйте біз бұрынғы мінезден арылдық. Билікті мадақтауда жарыс басталды. Жағымпаздық пен көңіл табуға тырысу өріс алды. Пысықтар артығырақ бағаланды. Солардан қалған жұрнақта, оны көріп өскен ұрпақта сол мінез жалғасып келеді.

***

Қазіргі адамның санасын қауіп-қатер билеген заман. Бүліну адамның өз ішінен басталады. Әуелі өзін сендіреді, сыртқа шыққанда дайын қимылға көшеді. Сондықтанда әңгіме адамның өзінің ішкі тазалығында. Патша үшін де, пақыр үшін де солай. Бәле қайда – бассаң аяқ астында деген сөз бүгінге лайық. 

***

Бәріміз – пендеміз. Қазіргі адамдар сауатты. Сауаттылардың ішінде адал, арлылары бар да, сәл сәттік сезімге, атаққа немесе ақшаға қызмет ететіндерде  бар.

***

Халықтың халық болмағы алдыңғы қатарда жол көрсетіп жүрген азаматтарында. Елді өсіру де, өшіру де солардың қолында. Егер олар жетілген, озық ойлы болмаса онда қиын. Қарапайым халық бәріне сенеді, қайда жетелесең, сонда ереді. 

 

***

Сосын, бізде бір қалыптасып кеткен түсінік бар – зиялыларды белгілі адамдардың ішінен ғана іздейміз, олай емес, зиялыны халықтың ішінен көре білу керек, олар көп. Мен өзім зиялылықтың үлгісіндей болған мыңдаған адамдарды білемін. Оларды тұтас халық танымайды, төңірегі ғана біледі және сол дұрыс та.

***

Той жасасақ аста-төк болуы керек деп шығынданамыз. Түк жоғымызда сөйтеміз. Шамаңа қара, тойды ойланып жаса, қарызданып қалма деуші шықса, оны жек көреміз. Міндетті түрде 4-5 сағат үстелде отырамыз. Міндетті түрде қатысушылардың тайлы таяғы қалмай сөйлейді. Ең ұнамайтыны – барлық тост үй иесін мақтауға арналады. Мақтау сөздердің шектен шығып кеткені сонша, ол даттау сөзге айналып кеткендей болады. Осының мәдениетке қатысы қандай, бұны кім жөндеуі керек.   

***

Мәдениет – өмір сүрудің үлгісі. Мәдениет саясаттан аулағырақ, көзге түссем деген пенделік пиғылдан, тақ, бақ, билік құмарлықтан биік. Адам өз деңгейін, өзінің не тындырып жүргенін, не атқара алатынын біледі, сол секілді өз мәдениетінің деңгейі де өзіне аян.

***

Бүгінгі әлемдік дамудың қарқыны өте үлкен, оған ілесу оңай емес. Ал өркениет кеңістігінен орныңды табу одан да қиын. Бұл үшін биік мәдениет керек. Биік мәдениетті күшті ұлттар ғана жасай алады. 

***

Ендігі кезде ұлтты оятатын күш – білімде. Бүгінгідей ақпарат ағынында отырып, көштен қалу, енжарлық, бойкүйездік, заманның бағытын аңдамай жаңылыс басу – кешірімсіз. Көп ұлттылықтың ұлттық сананың оянуына кері әсері жоқ, бар мәселе – қазақтың өзінде.

***

Аш адамды ақылға салу оңайға түспейді. Тұрмысы оңды адамдар көбейсе – әлеуметтік орта өзгереді. Әлеуметтік орта өзгерсе – адам өзгереді, сонда ішімдік те, жезөкшелік те, жікшілдікте өз-өзінен қойылады, рулық намыстан ұлттық намысты қорғауға, одан тұрақты даму жолына түсеміз.

***

Қазақтағы өзге ұлттардан ерекшеленіп тұратын ерекше қабылет- нені болса да оңай түсінетіндігі, жаңаны тез қабылдайтындығы, өмірге тез үйлесіп кетуі, бұл біздің жалпы адмазаттық өркениетте көштен кейін қалып қоймауымызға мүмкіндік береді.

***

Мейірімді болу үшін әдепті болу керек. Әдепті болу үшін ақылды болу керек. Ақылды болу үшін оқығаныңды тоқи білу керек.

***

Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам. 

***

Ең бастысы – жетістікке өз еңбегімен, ақылымен, білімімен, өз күшімен  сатылап жетуі керек. Аспаннан түсе қалған бақытты ұстауда қиын, ол адамды негізінен бұзады.

***

Бүгінгі зиялылар алашордашылардан өзгеше. Алашордашылар ұлт жолындағы еңбегіне ақы талап етпеген. Ал бүгінгі зиялылар алдымен «Бұдан маған келер қандай пайда бар?»  деген сауалды тапсырыс берушіге, болмаса, өзіне қоюды ұмытпайды.

***

Менің түсінігім бойынша елдегі барша халықты «Қазақстан халқы» деп атағысы келіп жүргендердің идеясы – Қазақстандағы барша халықты біртіндеп қазақ ұлтының ішіне ассимиляциялау мүмкіндігі туады деген болса керек. Олай болса бұл идея мақұлдауға әбден лайық. Бірақ қазақ өзге бір ұлттарды өз ішіне кіріктіріп, сіңіріп әкететіндей рухтық биіктікте ме, міне осы мәселе ойландыруы тиіс.

Қазақтар өз ұлтына өзге ұлтты сіңіру үшін өзгелер алдында қазақша сөйлеуі керек. Ол үшін өзі қазақша ойлап, қазақша сөйлеуі тиіс.

***

Кішіпейіл адамдардың бір қасиеті – бойына біткен қарапайымдылығынан  көзге түссем деуден аулақ, елеусізденіп, кішірейіп жүре береді. Ал, шын мәнінде олардың  бойында асыл қасиеттер мол болады. Бірақ оны жұрттың бәрі біле бермейді, екінің бірі көре бермейді. Себебі, адамшылыққа астасқан жан сұлулығы жүректің тереңдігіндегі нәрсе, бір сәт түсе кетпесе жарқ етіп жарыққа шыға бермейді ғой.   

Салауат Кәрім

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар