«Кейде талғампаз көпшілік кітап оқи отырып, ағаш сапты қаламның салмағы соншалықты ауыр екендігін түсіне бермеуі де мүмкін. Лып етпе сезімнен туған қызба қандылық, асау жүректің алып-ұшпа әсерінен қағаз бетіне түсе салған жан құбылысы деп қана қабылдайды. Алайда, қаламгер өз дүниесін жарыққа шығарар алдында сан алуан тағдыр қиыншылықтарымен беттесіп, небір ғаламат сәттерді, бақыт ләззатын бастан кешіреді. Қаламгер мақсаты – әдебиеттің жанға ыстық жылуын оқырманға жеткізу. Адамзаттың ұйықтап бера жатқан арын ояту.
Менің Күн мен Жарыққа ғашық екенім рас. Мен түзете алмайтын адамзат атаулының ала көңілін, бәлкім, өлеңім жібітер...»
Шәмшия Жұбатова,
Ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Көбелек
Көбелекке жан бітті,
Әлсіздерге әл бітті.
Аңқылдаған ақшыл таң,
Қара түнді қаңғытты.
Тоңған бұтақ дір етіп,
Байғұс торғай шыр етіп.
Желаяқ боп жүгірді,
Сыңар аяқ – бір етік.
Жылымығың шымшыды,
Жалаңаш бақ сыңсыды.
Бұлбұл болам деп жатыр,
Шытырманның шымшығы.
Әлсіз сәуле жарқылдап,
Бұршақ жаңбыр сартылдап.
Қабағын тарс түйгендер,
Күлсем дейді қарқылдап.
Кім жолыңды бөгемек,
Жаусын жаңбыр себелеп.
Күнің туды сенің де,
Жолың болсын, көбелек.
Өмір
Өмірдің қыр мен сырын біле-біле,
Жүйкем мен салмақ түсті жүрегіме.
Тұрғандай қайран тірлік бел таянып,
Қамшының сабын орап білегіне.
Тұрғасын қайран тірлік бел таянып,
Үн қатпай өте шықты жел таялып.
Таңдарым сабаудай ғып кірпік ашты,
Қай жаққа барар екен ерте оянып?
Таңдарым сабаудай ғып кірпік ашты,
Көгінен көгіс тартқан бұлты қашты.
Қалқанды жапырақтан самырсын ой,
Инедей күн сәулесін сілкіп ашты.
Тал бесік
Уақыттан адам озбайды,
Жүрсе де қанша ән кешіп.
Сағынышымды қозғайды,
Тербеткен анам тал бесік.
Күндерді бақыт кернеген,
Айырбастаман алтынға.
Жүрегім әлди тербеген,
Мәңгілік сәби қалпында.
Кешегі сәби қалды өсіп,
Тіктеді бойын сәнменен.
Тербеле берсін тал бесік,
Аналар салған әнменен.
Күзгі жапырақ
Жапырақтар тал басынан ұшады,
Ұшады да жерді қайта құшады.
Саған барып қайтар едім, аяулым,
Бітпес тірлік тізгінімді тұсады.
Сұлулығы жапырақта көк талдың,
Тал басына қайта ілуге оқталдым.
Жапырақты сағыныштан сарғайған,
Жаным, сенің жүрегің бе деп қалдым.
Ұшсын,
Ұшсын жапырақтар, тағы ұшсын.
Көкпен, жермен,
Арнасымен ағыстың.
Біз кездесіп үлгергенше, аяулым,
Жүрегіміз жапырақ боп табыссын.
Жапырақтар, көз алдымда көлбедің,
Өлмейтұғын сезімімсің сен менің.
Жүрегіңді жапырақ қып жолдамай,
Дұрыс еді өзіңнің-ақ келгенің.
Өзіңді іздеу
Кеудемде өкси шыққан бір үн бар-ды,
Үн кетті қиян құшып, діріл қалды.
Көңілім қоңыр тартып үнді іздедім,
Сүйсініп жұта алмастан шырын балды.
Көңілім қоңыр тартып, үнді іздедім,
Аралап сыңсып шыққан сыбызғы елін.
Күңіреніп, күрсіне алмай іштен тынып,
Көк теңіз ішке тартты қымыз демін.
Долана
Бір төгіліп алмай тағы бола ма,
Қар үстіне құйылғанда долана.
Мүмкін емес алтын жасау қоладан,
Алтынды оңай айналдыру қолаға.
Жалпылық жүр бір-бірімен топтасып,
Жалқылық жүр аяғымен шоқ басып.
Жаратқаным, суық тілден сақтай жүр,
Үйден-үйге жүретұғын оқ тасып.
Бірден көзге түсу деген бақыт па,
Жаңбыр бірден тамшылайды жақұтқа.
Ағытылшы алқымдағы арғымақ,
Қарамашы мекенге де, уақытқа.
Бір төгіліп алмай тағы болмайды,
Қорғайтындар табылмаса – сол қайғы.
Қуанарым – аспан бірге толғанып,
Қарлығаштар қауырсынын жолдайды.
Кім екеніңді ұмытпа
Алдамшы мынау жалғанда,
Жеттің бе, жаным, арманға.
Шықты ма шыңға көңілің,
Басына қырдың барғанда.
Өтеді өмір, өтеді,
Кетеді жылдар, кетеді.
Ұмыттырады барлығын,
Алдамшы күннің жетегі.
Мөлдіреп сулар тұнықта,
Қалады жұмбақ құлыпта.
Өзгерсін өмір, өзіңнің
Кім екеніңді ұмытпа.
***
Ах, август, аялдашы бір апта,
Кім бар сені күтіп тұрған жырақта?
Қышқыл иісі нарттай жанған апорттың
Көкірегіме сіңіп қал да, тұрақта.
Аялдашы, август, тағы бір апта.
Әлем мынау қызғылт нұрға бөленген,
Сенен мұңды нәзіктікті көрем мен.
Жаңбырлы түн аясында жалғыз қап,
Суретіңді салар ма еді өлеңмен.
Август айы қызғылт нұрға бөленген.
Жұпар жаңбыр жиі оралды бақтарға,
Басталмаған ғажап сапар жатты алда.
Таңдайыңа сыйлайтұғын бал шырын
Август айы - үзілмеген тәтті алма.
Жұпар жаңбыр жиі оралды бақтарға.
Тоқта енді, аялдағын аз ғана,
Мұнша ынтық болмағанбыз жазға да.
Отты арудың жанарына ғашық боп,
Жүрек сөзін айта алмай жүр бозбала.
Өтінемін, аялдашы аз ғана.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.