Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқтауы қарсаңында орнаған Кеңес одағы мен комунистік қытай қарым-қатынастары Мау Зыдұң мен Хрущевтің арасына сызат түскен 1957 жылдың ақырына дейін жалғасты.
Қытай үкіметі азаттық кезеңі атаған 1949 жылдан 1957 жылдар аралығындағы кезеңде де Қытай қазақтары мен Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан қаламгерлерінің байланысы біршама терең болды. 1956 жылы Сəбит Мұқанов, 1957 жылы Ғабит Мүсірепов қытай жеріндегі қазақ қаламгерлері арасында болып қайтты. Тіпті сол жылдардағы Шынжаң жазушылар одағының құрылуына да қазақстандық қаламгерлердің ақыл-кеңесі мен үлесі мол болды.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастың ең жақсы кезеңі болған 1955-1956 жылдары Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші және редактор болған екен.
Дәл осы кезде Қытайдың Алтай аймағындағы жас ақын Қызырбек Оралов «Алтай газетінде» тілші және редактор болып қызмет атқарады. Алайда ақынның тағдыры аса ауыр болды. 1968 жылы 8 айдың 22 күні қытай құқық қорғау органдары жағынан тұтқындалып, не бәрі 32 жасында, 1970 жылы 13 шілдеде «жаумен тіл біріктіріп отанға опасыздық жасаған кері төңкерістік топтың бас қылмыскері» деген айыппен ату жазасына үкім етілген.
Қай дәуірде болмасын талант иелері бірін-біір таниды, құрметтейді, бағалайды. Жасындай ғұмырдың иесі өзінің осы қысқа өмірінде қазақ қаламгері Шерхан Мұртазамен достасып үлгереді.
Қызырбек Оралов Сақариұлы 1938 жылы маусымда Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. 1954-1955 жылдардан бастап «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шынжаң газеті», «Шынжаң әдебиеті», «Лелиншіл жас», «Жұлдыз» секілді ел іші-сыртындағы әр түрлі басылымдарда алғашында Қызырбек Үсенұлы, кейіннен Қ.Оралов деген атпен жүзден астам өлең-толғаулары, әңгіме, мақалалары жарияланған.
1957 жылы «Іле газетінде» Қ.Ораловтың «Шерханға хат» атты үш шумақ өлеңі басылыпты. Бұл кезде ақын не бәрі 19 жаста ғана екен. Өлеңнің толық мәтіні төмендегідей:
ШЕРХАНҒА ХАТ
(Шерхан Мұртазаға)
Шерханым, менің Шерханым,
Сырластым сыршыл хатыңмен.
Жігіті ойшыл ортаның,
Таныспын көптен атыңмен.
Желегі жасыл Алматың,
Алтайдан алыс тұрса да.
Досыңның сүйіп ал, хатын,
Өзіңмен мені бір сана.
Жазарсың хатты жиі сен,
Жазылар жанның жәннаты.
Қолыңды қысам - сүйісем,
Түйіссе Ланжу-Алматы.
(Ланжу-Алматы – осы бағыттағы Қытай-Қазақстан темір жолын меңзеу арқылы екі ел қазағының бас қосу арманын астарлап отыр).
Мен (Жәди Шәкенұлы) 1997 жылы 16 қаңтар Атажұрт – Қазақстанға оралдым. Сол жылдың бірінші ақпанында жазушы Сейітхан Әбілқасымұлына сәлем бере бардым. Ол кісі Қызырбекпен бірге ұсталатын болғанда, Моңғолияға қашып өтіп аман қалған. Тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа оралып, Алматы облысының Райымбек ауылында тұратын. Секең көп әңгіменің арасында «өткен жылы 70 жастық тойым өтті» деп мерейтойының видио жазбасын көрсетті. Тойдың басты қонағының бірі болып Шерхан ағамыз сөйлеп тұр. Дауысы нығыз, өр, күндей күркірейді:
«Моңғол қазағы, Иран қазағы, Қытай қазағы деген қазақ жоқ, дүниеде бір ғана қазақ бар, ол – қазақ!» деп жар салып тұр.
Сөйткен Шерхан бейнесін кейіннен жақыннан жиі көретін болдық.
2006 жылы Алматы қаласында «Үн» атты журнал шығара бастап едік. Осы орайда өзім арғы беттен жинап әкелген Қызырбек Оралов өлеңдерін журналда жариялауды жөн көріп, баяғы Шерағаңмен достығы есіме түсті.
Жазушылар одағының анықтамалығынан ол кісінің нөмерін тауып, қоңырау шалдым. Мен күткен дауыс тағы да күндей күркіреді. Өз жайымды қысқаша баяндай келіп:
– 1956-1957 жылдары шамасы сізбен хат алысып тұратын, кейіннен атылып кеткен Қызырбек Оралов деген ақын есіңізде ме? – дедім бірден.
Шерағаң іркілген жоқ.
– Есімде, білемін! – деп қысқа қайырды.
– Сол Қызырбектің өлеңдерін жариялап, өмір баянын журналға берсек деп едік. Біріншіден сізбен достығы хақында, екіншіден жазысқан хаттарыңыз хақында білсем деп едім. Екіншіден, мұмкін болса сол кездегі хаттардың көшірмесін тауып бере аласыз ба деген өтінішім бар, – дедім.
– Мен көшіп қонып жүретін адаммын. Жиған қағазымның бір бөлігі Таразда Жуалыда жатыр. Арқа төсін қыстап, Жуалыны жайлап жүрген жайым бар. Жас келгендікі ме, жазда жайлау көріп қымыз ішпесек, жанымыз сергімейді. Жылда жазда қымыз кезінде Жуалыда боламын. Жаз шыға солай соққанда іздеп көрейін, қалың қағазымның арасында бар екені анық. Бірақ дәл қазір тауып беремін деп уағда бере алмаймын. Кейінірек кең бір кезде хабарлас. Іздеген жоғыңды табамыз, – деді ағамыз дауысын нығарлай доғарып.
Бұл кезде Ш.Мұртаза ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болатын.
Мен бармағымды санасам, сол хат жазысқан кезімен есептегенде арада тұп-тура 50 жыл уақыт өтіпті. Демек, «50 жыл есінен көтерілмегеніне қарағанда хат алысып, достасқандығының рас болғаны ғой» деген ой түйдім. Әрі ол кісінің Қ.Ораловпен болған бұрынғы достығы мен С.Әбілқасымұлының мерейтойындағы сөйлеген сөздеріне қарап, шет жұрттағы бауырларына және олардың әдебиетіне деген ерекше құрметі мен бауырмалдығын да аңғардым.
Күйбеңге айналған қу тірліктің әлегіне алданып жүріп, бұл бұйымтай хақында Шерағаны қайта іздей алмадым.
Уақыт шіркін, тағы да зымырап өте шықты. Қазақтың көрнекті қаламгері пәниден бақиға кетті дегенде өткен күндердің елесі көз алдымнан шұбырды.
Қытай қоғамындағы қара боранға қарсы тұрған, ұлтына жоқтаушы болған, елінің, жерінің ақ бостандығын аңсаған ақын інісі Қызырбек Оралов – Шерхан ағасының алдынан жайраңдап шықты ма екен кім білсін! Арғы бет пен бергі бетте жолыға алмаған қос мұңлық жаннат төрінде қуана қауышып, көсіле кеңес құрып бара жатқан да болар.
Алла Тағала арғы дүниенің шапағатын берсін Марқұмдарға!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
жазушы
Қазақстан Жазушылар одағының,
Еуразия Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.