«Смағұлдың сүйегі» - жарыққа шықпаған кітабым»

62

«Смағұлдың сүйегі» - жарыққа шықпаған кітабым» - adebiportal.kz

Кеше Астана қаласының мемлекеттік архивінде алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қамзабекұлының 60 жас мерейтойына арналған «Алаштың Диханы: Ғылымдағы із бен ізгілік» атты дөңгелек үстел өткен еді. Осы себеппен қазақ руханиятына үлес қосып жүрген біршама азаматтардың басы қосылды. Еңбек жолын алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығына арнап, олардың ұлты үшін жасаған жақсылықтарын таныстырып, елге насихаттап жүрген ғалым – асқаралы алпысқа қадам басып отыр. Біз де академик ағамызды мерейлі жасымен құттықтай келе, дөңгелек үстелде айтылған әңгімелерді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

«Дихан тапқан» сөз

«Алпыс – тал түс» дейді қазақ. Ғалымның осы белеске жеткенін себеп етіп, астаналық бір топ зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында, бүгінгі «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Дихан Қамзабекұлының өмірдерегі, елге сіңірген еңбегі мен ұрпаққа аманаттаған кітаптары жайында әдемі әңгіме өрбіді. Екі сағатқа созылған жиынның басын Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Бимолдин Жангелді Бержанұлы ашып берді. Ол алғысөзінде Дихан ағаның алашты зерттеген шығармаларына тоқталып, соның біразы құнды мұра болып мемлекеттік архивке өткізілгені үшін ғалымның өзіне алғысын білдірді. «Дихан Қамзабекұлының зерттеулері мен еңбектері ғылыми ортада ғана емес, қарапайым оқырман қауым арасында да жоғары бағаланып келеді. Бүгінгі жиынның дәл осы Астана қалалық архивінде өтуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені архив – халық жадының алтын қазынасы. Дихан Қамзабекұлының тарихи және ғылыми еңбектері – осындай қазыналарымыздың бірі әрі бірегейі. Ол зерттеген алаш мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізу – біздің басты міндетіміз», - деді өз сөзінде архив директоры. 

Иә, ғалымның артында қалдырған ізі – оның шығармалары мен зерттеулері десек, Дихан ағаның ізін «Смағұл Садуақасұлы», «Алаш мұраты:тарихы мен тағылымы», «Жұрт» сынды кітаптарынан көреміз. Отырған көпшілік арасынан келесі сөзді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы Есіркеп алды. Ғалымды туған күнімен құттықтай келе: «Сіздің елімізге бергеніңізден бөлек әлі де береріңіз көп деп білеміз. Елордамыздың дамуы жайында қандай да бір ақыл-ой керек болса, бірден Дихан ағаға хабарласатынымыз бар. Әрдайым білгенімен бөлісіп, елі үшін елгезектік танытатын жан деп білемін», - деді басқарма басшысы. 

Әрі қарай ғалымның замандасы Амантай Жарылқасынұлы жылы тілегін білдіріп, көпшілікке Дихан Қамзабекұлын өз тарапынан таныстырып өтті. Ол: «Қазақ руханиятындағы алғы шепте жүрген филолог, ғалым, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жайлы жалпы тереңінен айтылу керек. Оның елге еткен еңбегі орасан зор. Тіпті руханият деген сөзді тілдік айналымға енгізген де осы Дихан. Уақытында замандасымыз тапқан сөзді «Дихан тапқан» деп жаздық та, айттық та. Бұрыннан тілімізде рух, рухани деген сөздер болған және оған тіркесетін сөздер де бар. Алайда қазақ тілінің сөздік қорына руханият сөзін дәл осы Дихан енгізген деп нақты айта аламын. Өзі осы сөзді тауып қана қоймай, тапқан сөзіне сай әрекет етіп жүрген – қазақтың біртуар азаматы. Кезінде Астанаға көшті бастаған да өзі еді. Артынан бәріміз ақырындап келе бастадық қой. Сол заманда Целиноградтан қалған, орыстанып тұрған Астанамыздағы рухани ортаны қалыптастыруда өте үлкен жұмыстанған жан, еңбегі ұшан-теңіз. Дихан – табиғатынан көш бастап жүретін адам. Тек әдебиет саласына ғана емес, тарихымызға да елеулі еңбегі сіңген. Оны қазақтың тұңғыш мүфтиі деп атайтын Садуақас қажы Ғылманидің мұрасын жаңғыртып, есімін елге танытып, артынан қалған еңбектерін шарыққа шығарғанынан-ақ көруге болады. Тіпті оның әулетімен де қарым-қатынас орнатқан жан», - деді замандас досы. 

Ғалымның отбасы жайлы айтқан тағы бір сөзінде: «Дихан  өсіп-өнген үлкен әулеттен шыққан. Он бес ағайынды. Әкесін көке деп өскен балалардың бірі. Әкесінің сол заманда «Қазанат» атты кітабы жарыққа шыққан екен. Диханның Алашқа келуі бекер емес. Әкесі Әлімхан Ермековтың тәрбиесін көрген жан. Ол бүгінде сол әулетінің дәстүрін жалғастырып келе жатқан азамат», - деді Амантай Шәріп. 

Ғалымдығы бір төбе 

Алаш арыстарын зерттеп, тану тақырыбын сонау тоқсаныншы жылдардан бастаған академик Дихан Қамзабекұлы келешек ұрпаққа Смағұл Садуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Қайретдин Болғанбаев сынды қайраткерлердің өмірі мен еңбектерін зерттеп, көптеген белгісіз дүниелерін жарыққа шығарды. Автордың Смағұл Садуақасұлына арналған бірінші және екінші том кітаптары бүгінгі оқырман тарапынан жоғары бағаланған. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақстан тарих факультеті кафедра меңгерушісі, доцент Құралай Отаубайқызы келесі сөздің тізгінін алды. «Бір аптаның көлемі болды Дихан ағамыздың туған күнін қалалық деңгейде тойлап жатырмыз. Бүгінгі шараның «Алаштың Диханы: Ғылымдағы із бен ізгілік» атты тақырыбы өте әдемі әрі дөп қойылған. Аса қуаныштымын. Өзім Дихан ағаны 2006 жылдан білемін. Қарап отырсам, арада ширек ғасырға жуық уақыт, жиырма жыл өтіпті. Дихан ағаның ел тарихында алатын орны ерекше. Әдебиет пен тарих егіз ұғым десек, ағаның қазақ әдебиеті үшін орны қандай болса, қазақ тарихында да алар орны дәл сондай алып. Сіздің ұлт тарихындағы ізіңіз де, ұрпаққа қалдырған ізгілігіңіз де өте зор. Сіз барда алаш қашанда биік тұрады. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!» - деп ізгі тілегімен сөзін аяқтады тарих кафедрасының меңгерушісі.

Ағалығы бір төбе

Жиында бірі академик Дихан Қамзабекұлы деп ғалымды атқарған еңбегімен бағаласа, енді бірі Дихан аға деп ғалымнан көрген жақсылықтарын айтты. Сондай жанның біреуі – жазушы, тарихшы, аудармашы Қалбан Ынтыханұлы. Тарихшы өз сөзінде: «Кезінде Қытайдан келген қандас болған едік. Жаңа арамызда ғалымдар, зерттеуші ағаларымыз Дихан ағаның артынан Астанаға келдік, жақсылығын көрдік десе, мен сонау Қытайдан келдім. Елге, Отаныма оралғанда жақсылығын көрген жанның бірімін. «Қазақстаныма жеттім, қазақтарыма келдім», - дегенде, ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын танытып алдымнан шыққан – Дихан аға еді. Ағалығы бір төбе. Өзіңізден көрген жақсылықтарымды әрдайым жүрген жерімде айтып жүремін. Қазақта  «көп жаса» деген әдемі баталы сөз бар, сізге «көп жасаңыз!» деймін» деп жылы естеліктерге толы ақжарма тілегімен бөлісті. 

Жиналған қауымға алғысын айтып, академик Дихан Қамзабекұлы жиын соңында сөз алды. «Біздерге, Кеңес Одағы заманының ұрпағы үшін осындай жиын ауыр болады екен. Өзіңді мақтатып қойып, қарап отыру – маған аса ұнамды емес көрінді (күліп алды). Алайда Ғазиза Тұрмағанбетқызы арнайы шақырып, Астана қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастырып отырған бұл жиын үшін архив басшылығына алғысымды айтамын. Әрине пенде болған соң, мұндай мақтау пікірлерді арасында есту де керек болар. Адамның басы – Алланың добы. Астанаға келуімнің өзі де тағдыр. Мені Астанаға ректор Амангелді Құсайынов ағамыз шақырған еді. Басында алғашқылардың бірі болып, қаладағы қазақы ортаға, ғылымға қолдау ретінде келдік қой. Біз ғылымға келген жылдары, жұрттың бәрі ғылымнан кетіп жатқан шақ еді. «Ғылымда жағдай жоқ. Қара нан, қара су», - дейтін көбі. Расында ғылымда жүріп ондай кезеңдерден де өттік. Жаман болған жоқпыз. Астанада кезіндегі Ақорда ақсақалдар кеңесінің мүшесі де болдық. Ішінде ең жасы мен едім. Сол жерде жүріп жақсы ойлар, идеялар келді. Солай жүріп 1992 жылы Смағұл Садуақасовтың сүйегін елге алып келу идеясын көтерген едім. Басында Алматыға алып келу керек дедік, кейін Астанаға Қараөткел мазарына жеткіздік. Осы тұста, менің қазір жарыққа шықпаған бір дүнием ғана бар. Ол – «Смағұлдың сүйегі» деген кітап. Уақыт тауып жиналған екенсіздер. Мен турасында жылы естеліктеріңіз бен құрметтеріңіз үшін келген көпшілікке рақметімді айтамын», - деп филолог, әдебиеттанушы ғалым сөзін қорытындылады.

Осындай әдемі естеліктер мен атқарған еңбегі мол, әдебиет пен тарихта қатар із қалдырған ғалым, арда ағамыз жайлы нағыз адал дос, өмірден орнын тапқан – мықты тұлға, құшағын кең ашқан – қамқор аға деп ауыз толтырып айта аламыз. Ел үшін төккен теріңіз әрдайым халықтан жоғары бағасын алып, ұлт руханиятындағы еңбегіңіз баянды болғай!

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan