Салпаң құлақтың иесі былтыр жазда қайтыс болды... Үй қаңырап қалған, ешкім жоқ. Төрт қабырға жап-жалаңаш. Кейде сырттағы суықтан қорғанып, осы тұста жүрген қаңғы- бастар паналамаса, бұл үйге бас сұғып кіретін ешкім жоқ. Дым. Дуалының ескі қағаздары жыртылған үйден үнемі қоңырсық иіс шығып тұрады. Есігі де, терезесі де ашық.
Салпаң құлақ кейде бұл иен үйді тастап тентіреп кетеді де, кей-кейде құйрығын бұтына қысып қайтып келеді. Осы ескі тамда қожайыны екеуі тұрды. Қожайыны да жалғызбас- ты кісі. Ешкіммен шаруасы жоқ. Бұл үйге аяқ басып келген бір адамды көрмеді салпаң құлақ.
Алда-жалда бірлі-жарым біреу келіп қалса, ол кіргізбей ырылдап тұрып алады. Иесінің де ермегі – салпаң құлақ. Осы тамда екеуі ғана өмір сүріп келеді. Саздауыт жерде тұрғандықтан ба, мұрынға үйдің ішінен жағымсыз сыз иісі келеді. Иесі бұрышта тұрған газ плитада қандай тамақ пісір- се де, салқындатып барып салпаң құлаққа да ауыз тигізеді. Екеуінің тағдыры ғана емес, тамағы да бір.
Қожайыны осы салпаң құлақты қатты жақсы көретін. Ертелі-кеш ермегі осы ит... Салпаң құлақ иесін есіне алса, хайуан болса да көзіне жас үйіріледі. Иттер де жылайды, иттер де еске алады. Қожайыны кісі қолынан өлді. Салпаң құлақтың көз алдында, түн ішінде алпамсадай үш кісі келіп, көгала қойдай қылып тепкілеп өлтіріп кеткен. Арада бір- шама уақыт өтті... Салпаң құлақтың иесі соғысқа қатысқан, иықты, қолдары барбиған, қайратты кісі еді. Соңғы кездері таяққа сүйеніп қалған. Ақырғы кезде көргендері иттің көз алдынан шұбырып өтіп жатыр...
...Сол күні қожайыны екеуі паркке мейрамға барған. Шал көптен кимеген ескілеу кителін киіп, орден-медальда- рын кеудесіне жарқыратып тағып, парктегі қалың қауымға қосылған. Бұл да қожайынына еріп, ескі тамның бұрышын- дағы құлаған дуал арқылы емес, парктің алдындағы үлкен темір дарбазадан кірген. Ол жердегілер қожайынына гүл беріп, жылы қарсы алған. Ит ит болса да мұны байқап тұрды.
Бұл мақұлық бәрін түсінеді, сөйлейін десе тілі қысқа. Оның үстіне қожайыны да бүгін басқаша, көңіл күйі көтеріңкі.
Парк мерекелік атмосфераға толы. Ескі парк құлпырып, ортадағы алаңда үрлемелі аспаптар оркестрінің үні ауаны жаңғыртып тұрды. Қожайыны мен ит екеуі бір-бірінен көз алмайды. Қайта-қайта бір-бірін іздеп тұрады.
Иттің иесі түрлі тағам толы, жайнаған дастарқанға көп адаммен бірге отырды. Қожайынынан бес-алты қадам ұзақтау жерде салпаң құлақ жатты. Қожайыны анда-санда артына қисая бұрылып, итіне сүйек лақтырып қояды. Бұл жердегілердің бәрі қызып алған, ән айта бастады. Оған ұзын үстелде отырған қартаң адамдардың барлығы қосылды... Мейрам кеш батып, іңір түскенге дейін созылды. Шал аяғын сылти басып, барлық күшін таяғына салып келеді... Екеуі үйге кеш қайтты. Қожайын көңілді. Аузынан арақ иісі бұрқырап тұрды... Бір кезде тізерлей отырып, итінің маңда- йынан сүйді.
– Менің ермегім сен ғанасың!.. – Шал салпаң құлақтың алдында тізерлей отырып, маңдайын сипай айтты. – Ертең 9 мамыр – Жеңіс күні! Мынаны – «фронтовой жүз грамм- ды» ішеміз!.. – Қолындағы арақтың бөтелкесін итіне көр- сетті. – Құдай пешенеме жазған екен, соғыстан аман келіп, осы маған бұйырған екен... Мендейлердің қаншасы бұл күн- ге жетпей қалды?! Оны сен ит білмейсің! – деп шал жасып қалды.
Шал едәуір қызып алған. Ит әдетінше шалдың қолын жалап жіберді.
– Ертең олардың барлығын еске аламын...
Қас қарайып, түн батты... Сол түнді есіне алса, иттің жүрегі қан жылайды... Қараңғы түсіп, ескі тамның өлеусіре- ген жарығы өше салысымен үш кісі апыр-топыр кіріп келді. Салпаң құлақ олардың алдынан үріп шыққан. Шал оны есті- ген де жоқ. Алдымен кірген кісі қолындағы таяғымен сал- паң құлақты жон арқасынан қойып қалғанда, ит қиралаңдап үйдің бұрышына барып сұлап түсті. Көзінен оты шығып, төрт аяғы қыбырлауға жарамай жатып қалды. Әлгі таяқ кереуеттен енді ғана басын көтерген шалдың қарақұсына тиді. Ол кереуеттен жерге құлап түсті. Үшеуі жерде жатқан шалды аямай тепкіледі. Шалдың мүлде үні шықпай, қимыл- сыз қалды...
Үшеуі үйді тінтіп жүріп, шалдың бүгінгі мейрамға киген кителін тауып алды да, кительге тағылған орден-медальдар- дың бірін қалдырмай жұла бастады...
– Ой-бой! Мына шал герой ғой, екі «Қызыл жұлдыз», бір «Даңқ!» Вот это да! – деп, кительден ордендерді жұлып жатқан бәкене бойлысы қалта телефонының жарығын жағып, таңдана көз салды. – Братан, бұларың «черный рынокта» қанша тұрады? – деп жанындағы дөңкиген дәу шойынқұлаққа сұраулы жүзбен қарады. – Үш «штук» бола ма?..
– Бұлардың әрқайсысы екі «штуктан»... – деп қорс етті шойынқұлақ.
– Ал мынау ше?.. Орден «Почетного знака» дей ме? Бұл ше? – деді қызықтай қараған бәкене бойлы орденді алақа- нына салып. – Ауыр екен...
– Ол да нормальный «бабло» тұрады... – Әңгімеге үшін- шісі араласты. – Бірақ бұл «трудовой», «военный» емес...
Үшеуі кительдің өңіріндегінің барлығын сыпырып алған. Шал құлаған жерінде көпке дейін тұяқ серппей бүк түсіп жатып қалды...
– Мынаның үстіне бензин шашып өртей салайық та?– деді бәкене бойлы, темір тіс, қылшық мұртты. – Ізіміз де қал- майды...
– Соғыста фашисті жеңген бұ шалға ондай өлім жараспайды! – деді кең иықты, басына жүн шәпке киген, түксиген шойынқұлақ. – Бұл деген фронтовик!.. Ертең Жеңіс күні екенін естен шығардың ба, братуха!..
– Барлығы ништяк, братан! Су бар ма? Бетіне шашып көрейік. Бұл шынымен өліп қалды ма... әлде? – Денесіне қысқа былғары күртені жабыстыра киген неме қолындағы қолғабын шешіп, қалта телефонының жарығын шалдың бетіне тақады. – Вроде дем алғаны білінбейді, капут болған ғой бұл шал, – деді де, шалбарының ауын шешіп, шалдың бетіне дәрет сындырмақ болды. – Тірі болса қимылдап көрсін!
– Жындымысың! – деп кең иықты шойынқұлақ шалдың бетіне шаптырғалы тұрған немені қолымен бір тартып, үстелдің үстіндегі қырлы стақандағы арақты шалдың бетіне шашып жіберді. – Кірпік қаққан да жоқ, өлді... Кеттік!.. – деді ол.
– Кеттік! – деді басқалары.
Үшеуі есікті тарс жауып, қараңғыға сіңіп жоғалды. Қараңғы бөлмеде бұл екеуі ғана қалды. Жаны үзілген шал, шалажансар ит. Иттің мұрнына адам қанының иісі мен қаңсырық дәреттің иісі келді... Шалдың қаны еденге жайыла түсті. Шал тырп етпеген күйі не үн жоқ, не қимыл жоқ, еш- теңе сезбей жатты... Шалдың жаны үзілгенін бұл мақұлық та білген жоқ. Ит орнынан тұрғысы келді. Төрт аяғында да жан жоқ... Әлсіреп, көзі қарауытты... Тұмсығына тілін тақады. Иттің жаны осы тілде тұрған сияқты, аузына сый- май, ауа жетпей қиналды...
Ит бар күшін салып, аузына сыймай шығып кетердей болған тілін қан аралас ішке тартты... бір сәтте өлім мен өмір арасында тұрған иттің өне бойын түпсіз қараңғылық басып тұрған сияқтанды... Иттің көзі түпсіз қараңғылыққа арбалды... Ол тұңғиық қара түнде қалқып жүргендей болды... Иттің не өлі, не сау екені белгісіз еді...
Таң сібірлеп, ескі тамға күн нұры түсті. Ит көзін әлсіз ғана ашты. Құлағына күнде таң азанмен шақыратын қораздың үні келді. Ит тірліктен ажырамағанын осы үннен сезді. Өне бойы сырқырап тұрды... Бұл мақұлықтың жаны сірі... ол қимылға келді... одан арырақ төрт метрдей жерде қожайыны жатыр. Көзі тарс жұмылған... аузы апандай ашық. Кешегі арақтың иісі де жоқ. Қанның иісі келеді... Оның қаны да ұйып, қатып бара жатыр екен... Ит бар дәрменін жиып, иесіне қарай жылжыды... Иесінің денесінде тіршілік белгісі жоқ екенін ол ит болса да сезіп тұрды...
Ит шалдың қолын тілімен жалады. Қолдары мұздай. Жансыз. Денесі көгала... Ит өз көзіне өзі сенбеді... қожайыны бейбақ ана дүниеге жүріп кеткен екен... Кенеттен ескі парк жақтағы «радиорубкадан» Лев Лещенконың әні естілді. Ол «Жеңіс күні» жыры еді. Бүгін – 9 мамыр.
Бұл ит мақұлық оны қайдан білсін?.. Содан жаны үзілген қожайынына жер бауырлай еңбектеп жақындады. «Радио- рубкадан» таң азанмен ән шырқалып жатты... Шалдың жанында дал-дұлы шыққан китель жатыр... ол бұл кительді бес жыл бойы соғыста киіп, аман келгенін бұл ит мақұлық қайдан білсін?.. Осылай көгала қойдай қылып сабап, көгермегір немелер ит өліммен өлтіріп кететінін қайдан білсін?..
Ит екі күн бойы орнынан тұра алмай, денесі сасып бара жатқан қожайынының жанында жатты... Үшінші күні ғана деміне дем қосылды... Күн өткен сайын өліктің иісі онан сайын сасып, ескі тамның ішін кернеп кетті. Сыз бен өліктің иісі араласып, мүңки берді... Арада төрт күн өткенде... ит аяғына тұрды... Сол күні пошташы бұл шалдың пенсиясын алып келді... Ол көпке дейін есікті тықылдатып, ешкім үн қатпаған соң қайта кетіп қалған... Ит те ұмтылып сыртқа шыға алмады...
Дәл осы түні ескі тамға екі адам келді. Бірі – еркек, екіншісі – әйел. Салпаң құлақ бұл екеуінің келгенін көрді... Бірақ «әуп» етіп үрмеді, үнін шығармай жата берді... Үрмеген себебі олар төрт күннен бері жатқан қожайынын көріп, оның не тірі не өлі екенін білсін дегені... Бұл екеуі ескі тамның шал жатқан бөлмесіне кірмей, дәлізден шұғыл оң жақтағы бөлмеге бас сұқты. Ит олардың жанына жер бауырлап барайын деді, аяқтары тәлтіректеп дұрыс тұра алмады... құлағына олардың дауысы, мұрнына иісі келді.
– Қатты қараңғы екен, – деді әйел.
– Тапқан жеріңді қара... Ең бастысы, бұл жерде тірі жан жоқ. Иен... ешкім көрінбейді, – деді еркек.
Екеуі өбісіп, бірін бірі иіскелеп жатты. Көп өтпей әйелдің ыңырсыған үні келді иттің құлағына. Әйелдің үні қатты шыға бастады. Оған қосылып еркектің құмарланған дауысы қосылды. Бір мезет екеуінің де үні шықпай қалды.
– Мына жерден зәрдің иісі шыға ма? Сасығыны-ай, мұрынды жарады, – деді әйел жақтырмай.
– Сасығын не қыласың? Бізді ешкім көрген жоқ... – деді еркек сасқалақтаған үнмен. – Жүр, кеттік, – деді.
– Немене? Жұмысың бітті ме? – деді әйел тыржиып. – Бітіре сала кетуге асығып тұрасың... – деді тағы жақтыр- маған үнмен.
– Зәр сасып тұр деп айтпайсың ба? Шынында бір минут тұратын жер емес екен, сасығын! – деді еркек жиіркене.
Екеуі есікті тарс жауып, шығып кетті. Олар берідегі шал жатқан бөлмеге бас сұққан да жоқ. Иттің арманының күлі көкке ұшты. Оның үрмей жатқаны да осы еді, екеуі бұл бөлмеге кірсе шалды көріп қала ма деген. Ертесіне баяғы пошташы әйел тағы келді. Бірақ ол таңертең ерте келді. Бұл жолы орнынан тұрған салпаң құлақ әйелдің алдынан әлсіз үріп, абалап шықты.
– Хозяин! Әкет мына итіңді! Хозяин! – деп әйел ағаш есіктің артында тұрып айғайлап жатты. – Кет!.. Кет ары!.. – деп итке айғайлап сес көрсетіп тұр.
Ит бұл әйел де кетіп қалмасын дегендей, ағаш есіктің тесігінен шығып парк жаққа жөнеп берді. Әйел ағаш есікті ашып, тамға кірді. Салпаң құлақ ұзара өскен шөптердің арасынан ішке кіріп кеткен әйелді байқап тұрды. Әйел үйге кірер-кірмес бақырып атып шықты. Көздері шарасынан шығып кетердей болып бақырды. Ит іштей жыны келді. «Бұл әйел де қожайынының өлітірісін білместен атып шықты». Ит осылай ойлады.
Арада көп уақыт өтпей үйге кісі толып кетті. «Жедел жәрдем» мәшинесі, милиция, анталаған ел, кейбіреуі қайта- қайта фотоаппараттарының «вспышкасын» жарқылдата жандырып, суретке тартып жатты... Салпаң құлақ сол күні қожайынын қайда алып кеткендерін білмей де қалды. Қо- жайыны қайтып келмеді... Ескі там иен қалды. Ешкім бұл үйге аяқ баспады...
Содан бері салпаң құлақ бұл үйде жалғыз... Қайда жүрсе де... айналып осы үйге келеді. Бір жолы жәпірейген ұрғашы қанденді осы үйге ертіп келді... Екеуі осы тамды баспана қылып, тұрақтап қалады деген ой сары қанденнің ойында мүлдем болмаған. Бұл жерді мүлде жерсінгісі келмеген. Бір күн болмаса бір күні кетіп қалғысы келетін. Аннан-мұннан тентіреген иттер келіп, бұл салпаң құлақтың сары қанденіне таласып қыр көрсетпесе, баяғыда кетіп қалады екен.
Осы маңайды тіміскілеген қаңғыбас иттер бұл жерде басқа иттерге күн көрсетпейді. Сары қанден де мұның шет жағасын көрген. Сары қанденді қорғап қаламын деп салпаң құлақтың басқа иттермен қиян-кескі ұрысқа кіргені бар. Бұл сары қанденнің иесі қолында бар, ақсүйек адамдар тұратын «Ала-Арша» атты кішкене қалашықта тұратын. Ол жердегі иттердің барлығы «тұқымы бөлек, таза қанды иттер». Сары қанден де оңай тұқымнан емес, шотландиялық таза қанды иттерден. Қожайыны күшік кезінде Шотландиядан алып келген. Иесі осы итін өте жақсы көретін, күн сайын ваннаға түсіріп, түксиген жүндері жылтырап, денесінен шампунның иісі кеткен емес.
Сары қанден иесі екеуі шаһардың қақ ортасында, ел жиналған үлкен алаңда жүргенде иесінің жүрегі ұстап қалып, «жедел жәрдемге» салып алып кеткен. Тапа-тал түсте сары қанден көшеде қалып қойды. Қайда барарын білмей, теңселіп жүрді де қойды. Жападан жалғыз, көшеде қаңғып қалды. Мынадай әдемі итті ұстап алып кетеміз дегендер де шыға қалмай ма?.. Ешкімнің қолына түсе қоятын сары қанден емес... екі күннен бері бармаған жері қалмады, осында тұрып жатқан үйді де есіне түсіре алмай қойды... қарны аш, қабырғасы қайысты. Көшедегі сасып жатқан тамақ қалдықтарын иіскеп көруге де жиіркеніп, алыстан айналып өтеді. Алдынан алда-жалда сүйек шыға қалса да, оған онша көңілі соқпайды. Есіл-дерті – қожайыны. Ол қазір қайда?..
Ит қожайынына не болғанын білмейді. Ол кісі бұл қанденнің көзінен айналып, құшағынан түсірген емес. Енді осылай көшеде қалды. Бірде қаңғыбас иттер абалап соңына түссе, бірде көшедегі қым-қуыт көліктер пипілдетіп тынышын алды. Кеше мәшиненің астына түсіп қала жаздады. Екі күн бойы баяғы алаңды, үйді таба алмай қиналды. Көзі ілініп кетсе болды, қарсы алдында қожайыны тұрғандай көрінеді. Қайнаған, арлы-берлі жүрген адамдар арасынан иесін іздейді. Кейде біреулерді оған ұқсатады. Біразға дейін артынан еріп барып, өзін де, иісін де оған ұқсата алмай, қайта артқа қайтады.
Иттің өмірі ғажап деп ойлап жүрген екен бұл күнге шейін, енді шынайы ит өмірді басынан өткере бастады... оның үстіне екі күннен бері аспанның түбі тесіліп, күні бойы жаңбыр жауып, найзағай шатырлап, иттің зәресін алды. Кішкентай, әдемі итке көше бойын тіміскілеп, үйір-үйірімен жүретін сабалақ көше иттері қызыға соңына түсіп, тыныштық бермеді. Бір жолы солардың арасынан құлағы жырық төбет атырылып шығып, сары қанденді басып қалған... Төбеттің дәу денесі, тарамыс аяқтары сары қанденді тырп еткізбей басып, қуыршақтай ғана бұны екі аяғының арасына шымшуырдай қысып, құмарын қандырып алайын дегенде, бұл байқұс әрең дегенде сытылып шыққан. Сасық төбеттің иісі қолқасын қауып, сәл болмағанда тұншығып қала жаздаған. Кім біледі қай жақтан келе қалғанын, салпаң құлақ келіп қалып, осы төбеттің артқы санын жұла тістеп, қырғидай тимегенде не болар еді? Не болар еді?.. «Неге маған тосқауыл болып жатырсың?» деп көзі қарайған төбет ырылдап, қасқа тістерінің арасынан сілекейі шашырап, артқа қарағанда, бұл сасық иттің құшағынан сытылып шыққан. Сары қанден мен салпаң құлақ төбетке жеткізбей біраз қашқан...
Сол күні салпаң құлақ сары қанденді осы ескі тамға ертіп келді. Күн өткен сайын сары қанденнің баяғы иісі кете бастады. Біраз жүдеді. Ол салпаң құлақтың жеген тамақтарына көз салып та қарамайды. Салпаң құлақ тұратын ескі тамның артында биік дуал бар. Дуалдың ар жағы шаһар- дың демалыс паркі. Бұл жер де қараусыз қалып, айналасы қоқысқа толып кеткен. Парктің ортасында үлкен «Шайтан дөңгелек» бар. Ол да шиқылдап әрең айналады. Әйтсе де бұл жерден адам үзілген емес. Айтпақшы, бұл салпаң құлақ бір жолы иесімен бірге шайтан дөңгелекке отырып, шаһарды үстінен көрген. Ол бір ғажап күн еді! Салпаң құлақ шаһарды дәл төбесінен көріп, сонау төменде биттей болып көрінген иттерді таба қылып, оларды мазақтағандай «борс-борс» үріп алған. Иесін есіне алса болды, иттің есіне осы оқиға түседі. Түнде парктің шырақтары жанып, түн жарымына дейін музыка ойнайды. Би алаңындағы билеген адамдардың аяғы түн жарымына дейін үзілмейді. Салпаң құлақтың иесі паркте қарауыл болып істеген. Бір жолы ол әртүрлі бөлмелерге бас сұғып иесін іздеп жүріп, байқаусызда есігі ашық қалған
«Айналар» бөлмесіне кіріп кетті, ол жерден өзі сынды жүздеген иттерді көріп, шошып атып шыққан. Ол осынша көп итті, онда да өзі сияқты иттерді көрген емес... Қорқып кеткені сонша, оқша атылып шыққан... Бүгін салпаң құлақ ескі тамда сары қанденмен бас түйістіріп ұйықтады. Қолқасын қапқан салпаң құлақтың иісін жақтырмай жүрген сары қанден, амал жоқ, оған да көніп қалды. Оған аздап бойы үйреніп, жақын тартып барады. Салпаң құлақтың екі ойы болса, оның бірі сары қанден, бұны тастап басқа жаққа кетіп қалмаса дейді. Ол оны жанынан қарыс сүйем алысқа шығарғысы жоқ. Сары қанденді өзіне икемдеуге әрекет қылып, көрген-білген қызық жерлерінің бәріне ертіп барды.
Сары қанденге ол жерлер ұнады ма, ұнамады ма?.. Оны да білмейді. Сары қанденнің ойынан жоғалтып алған иесі ғана кетпейді... Бұл екі ит иіс алысып, жақын тартысып барады. Салпаң құлаққа сүйенбесе, қанденнің күні біткендей. Осы маңайды кезген қаңғыбас иттер мұны жайына қоя ма?.. Кешегі жырық құлақ төбеттің өзінің бұл қанденге көрсеткені аз болды ма, сәл болмағанда бұтына қысып алып, сұлу қаншықтың қызығын көрем деп сілекейі шұбырып, көзі оттай жанып тұрды емес пе. Құдайға шүкір, салпаң құлақ іске жарады. Төбетке тіке шабуылдап, сары қанденді оның озбыр құшағынан суырып алған. Осы төбет секілді иттің сыртта қаншасы жүр.
Қай жаққа барса да сары қанденнің басынан қорқыныш арылмай тұр. Мақұлық болса да осы қорқынышты сезді ме, салпаң құлақтың жанынан шыққысы келмейді. Бірақ еке- уінің арасындағы ұрғашылық, еркектік сезімді айтуға әлі ерте. Сары қанден салпаң құлақты онша менсінбейді. Салпаң құлақ та әзірше бұған жабайы сезімін білдіруге ниеті жоқ. Осы үшін мына қанден бұдан алыстап кетпесе екен. Хайуандық жалғыздықты бұл салпаң құлақтың сезгені қашан?.. Қожайыны о дүниеге кеткелі бері қаңыраған үйде жалғыз. Бұл үйді салпаң құлақ тастап кете алмады. Ескі тамға сіңген қожайынының иісін иіскеп тұрмаса, ол өзін бір дүниесі кемдей сезіне береді... ол үшін бұл үй өзгеше. Түнеугүні түсіне қожайыны кірді. Ит осыны ойласа көздері жасаурап кетеді... Қызық, бүгін ғана түсіне бірінші рет жанында жатқан сары қанден кірді... Сары қанден – ескі тамдағы жалғыз хайуандық қуанышы... Оның бұл жерден еш кеткісі жоқ... Осы уақытқа дейін ескі тамды қорып келеді. Аннан-мұннан тентіреп келген бомждарды бұл жерге жақындатпайды. Ашулана үріп, бір қадам да жақындатпайды. Абалап үрген- дегі үні ащы. Түсі суық. Құлақтары делдиіп, құйрығы тік көтеріледі...
...Бір жолы салпаң құлақ бір топ иттің талауында қалды. Олар бұны ортаға алып, қызыл-шеке болып таласты. Салпаң құлақ ана иттердей тексіз емес, оның бойында тайганның қаны бар. Соның әсері шығар, өзін бұл қаңғыбас иттердің талауына бермей, біраз арпалысқан. Бұл қызыл шеке төбелес сары қанденнің кесірінен шықты. Осы топ иттің ішіндегі ең ірісі – қара төбет сары қанденді ызылдата қуып отырып, парктің артындағы дуалға жеткенде сары қанденнің үстіне мыжи жығылды. Қуыршақтай болған сары қанден қара төбеттің астында қалып, қыбыр етуге дәрмені келмей қың- сылап жатып қалды. Аяқтармен қарманып, азуын білеп қан- деннің үстінен шөмеледей болып басып алған қара төбет айуандық жасап, осы жолы сары қанденнің «дәмін татып» көрмек болған. Айуандық деген осы, кім күшті – сол өктем. Сүйкімді сары қанденді сасық денесімен басып, көзі жайнап жатқанда қайран салпаң құлақ келіп қара төбетке қарсы атой салды. Қара төбет салпаң құлақты онша менсінбей, қарсы тап беріп еді, тас түйін болған салпаң құлақ ананың тура тұмсығының түбінен аямай тістеді. Иттер бір-бірімен ырыл- дасып, кім-кіммен таласып жатқаны белгісіз, будақ-будақ көтерілген шаңның арасынан көрінбей қалды. Мына жақтан қалған иттер салпаң құлаққа ырылдаса ұмтылды. Көп иттің ортасында қалған салпаң құлақ сыр алдырмай, алдыңғы ек аяғына мықтап тұрып, азу тісін ақсита қара күшке салып, талассаң таласамын, тістессең тістесемін дегендей сіресіп қалды. Салпаң құлақтың қанында қырғыз тайганының күші қайнап тұр. Осы кезде таса жерге қашып тығылған сары қанден екі көзін алмай ит таласқа қарап тұрды... Салпаң құлаққа жәрдем еткісі келген, бірақ қолынан не келмек?.. Осы соғыс- тан салпаң құлақ аман шықса болды өзі. Иттің ойында осы ой ғана тұрды. Салпаң құлақ дәл ортада, артынан келгенге жалт бұрылып, алдынан келгенге тап беріп, жалғыз жанталасты. Аналар он шақты ит. Арасында әр түрлісі бар. Бір-біріне ұқсамайды. Бұл бір үйір итті біріктірген бір ғана нәрсе, ол – аш құрсақ. Қала тұрғындарының тамақ қалдықтары, жуындыға лақтырылған сүйектер... Қайткенмен көптің аты көп. Иттер жан-жағынан талап, салпаң құлақтың сау жерін қалдырмады. Салпаң құлақ болса соңына дейін шайқасты. Қан-жоса болмаған жері жоқ. Дәл осы сәтте бір жақтан «тарс» еткен үн құлақты жарды. Бұл мылтықтың үні еді. Оқ ысқырып келіп, салпаң құлақпен тістесіп жатқан иттің қақ маңдайына тиді. Иттің миы шашырап кетті.
Жаңағы үн қайта шықты. Құйрығы қысқа, дүрдиген ит те оққа ұшты. Оқ әр тараптан атыла бастады. Иттер өзара ызы-шу болысып кетті. Қайда қашарларын білмей, бастары қатты. Бір ит парк жаққа қашайын деп еді, оны сол тұстан шыққан адам шіл атқандай қылып атты. Жүні түксиген овчарка оған қарсы жүгіріп еді, оның да маңдайына оқ тиді. Иттер бірінен соң бірі жерге сұлап түсіп жатты... топ итпен қырылысқан салпаң құлақтың осы сәтте әлі кетіп, шаршап қалған. Ол да аяқ астынан шыққан бұл ызы-шуды түсінбей қалған. Оның үстіне иттер бірінен соң бірі «қаңқ» етіп құлап жатты. Оқтың үні құлақ тұндырады. Салпаң құлақ ештеңені көрмей де, сезбей де қалды. Қай жаққа қашарын білмейді. Екі ойының бірі – сары қандені аман ба? Иттің миын осы ой мазалады... Иттер оққа ұшып жатты... жан-жақтан торып, иттерді қырып жатқандардың ит атушылар екенін бұл білген жоқ. Аңқау иттер не жазығы үшін оққа ұшып жатқанын да білмеді. Оны кімнен сұрайды? Оған кім жауап береді?
Ысқырған мылтық үнін естігенде жерге жер болып жабысып жатқан сары қанден де шаңды құйындай сапырған бұл оқиғаға түсінбей қалды. Ол бұл жерден біршама алыс жатқан. Оған оқтың ғана үні естіледі. Мылтықты адамдар иттерді ортаға ала қоршап, бірін қалдырмай атып жатты… осы мезет салпаң құлақтың ойына қожайыны менен сары қандені келіп тұрып алды. Ол одан басқа ештеңені ойлаған да, сезген де жоқ. Денесіне қашан оқ қадалады, оны да білген жоқ. Иттің ойы он тарап болып, миында бір құйын ойнап тұрды... Дәл осы кезде артқы аяғына оқ тиді. Аяғы «тыз» ете қалды. Аяғы оттай ысып, қисая қарап еді – қан сорғалап жатыр. Ол жерге құлап түсті. Аяғына мойын бұрып қарамақшы болып еді, тағы бір оқ келіп дәл сол жеріне қайта тиді.
– Ат!.. Ат!..
– Ат!.. Ат!..
– Ат!.. Ат!.. – деген үндер жан-жақтан шығып жатты.
...Салпаң құлақ екі метрдей жерге ұшып кетті. Біраз тыпырлап, жаны үзілмей қиналды... Иттің көзіне осы сәт көк аспан көрінді, осы аспаннан оған қожайыны, сары қандені қарап тұрғандай сезілді. Ит өлімменен үн шығармай жан берді... Хайуанның көрген күні осы... Құлақ тұндырған ызы-қиқу басылып қалды. Дүние қайтадан өз ырғағына түскендей. Ештеңе, еш нәрсе болмағандай тыныштық орнады...
Сары қанденнің жүрегі сусып ағып кеткендей күй кешті... Ол адамдардың қылығын түсінбей тұрды... Түсінбегені, не себептен оны қожайыны құшағынан шығармай ерекше ұстап, ертелі-кеш ермек қылып, жуындырып, не бір керемет жерлерге ертіп апарды да, қожайынына ұқсаған мына адамдар бір топ итті көзді ашып-жұмғанша неліктен қырып тастады?! Жазығы не бұл иттердің?.. Ол осы сұрақтың жауабын таба алмай тұрды...
Ит атушылар өлген иттердің барлығын сирақтарынан сүйреп, мәшиненің кузовына ырғытып жатты. Біреуі салпаң құлақты да алдыңғы сирағынан сүйрей жөнелді. Сары қанден аузынан қан кетіп, көзі жұмылған, иегіндегі бармақтай тісі сыртқа шығып тұрған салпаң құлаққа қарап тұрды... көзінен ыстық жас ыршып кетті... Ол біраздан бері жан қиыспас дос болып, үйренісіп кеткен салпаң құлағынан осылай айырылып қала ма?.. Сары қанденнің денесі дірілдеп кетті... Салпаң құлақ та көп иттермен бірге кузовқа лақтырылды. Көлік орнынан қозғалып, ит атушылар кетіп қалды...
Сары қанден ұзара өскен қалың шөптің арасында жылап жатты... Бұл иттің ішін күйдіріп бара жатқан иттік арманын жанында көлбеңдей ұшқан көбелектер де, ағаштан-ағашқа қонып сайраған қанатты құс та, ол ғана ма, төбесіндегі көкпеңбек аспан да, балбырап нұрын төгіп тұрған күн де сезген жоқ...
* * *
Сары қанден мүлде жалғыз қалды. Жанында қарайып жүрген салпаң құлақ та жоқ. Екі күннен бері нәр татпады. Баяғы ескі тамнан сыртқа шықпай, бұғып жатып қалды... Қайтсін енді, тірі жан ғой, ескі тамның ішінен өзек жалғар- лық бірдеңе іздеп көріп еді, оның көзі шалдың кереуетіне жақын үстелдің үстінде жатқан, жартысы желінген колбасаға түсті.
Сары қанден кереуетке шығып, үстелдің үстіндегі колбасаға тұмсығын созды. Ол колбасаны сұғынып-сұғынып жеді. Үстелдің үстінде қырлы стақанда шалдың ішілмей қалған арағы да тұр. Мұрнына келген арақ иісінен жиір- кенді... Сары қанден құрсағына ел қондырып алды. Ол ескі тамда отыра бермей сыртқа шықты. Құлаған дуалдан өтіп паркке кірді. Күнде топырлаған адам толып жүретін парк бүгін, неге екенін, тып-тыныш. Сары қанден парктің ішінде басы қай жаққа ауса, солай қарай ұзақ-ұзақ жүре берді. Оның көзіне адам да, ит те ұрынбады. Сары қанден парктің дәл ортасындағы аттракциондарға келді.
Бұл жерде қыбыр еткен жан жоқ. Ол есігі сәл ашылып қалған «айналар» бөлмесіне бас сұқты да, екі қадам алға басқан соң артындағы есік тарс жабылып қалды. Тарс етіп жабылған есікпен қоса бұл бөлмеде көз ұялатқан жарық жанды. Ит «айналар» бөлмесінен өзіне ұқсаған мыңдаған иттерді көрді, көрді де шошып кетті. Не деген көп ит?! Ол артқа шегініп кірген есігінен кері шықпақ болып еді, есікті таба алмады. Төңірегі толған ит. Өзіне ұқсаған иттер... Сары қанден иттерге қарап «ауп» деп үрді. Иттер де оған қарап үрді. Сары қанденнің жүні түксиіп кетті. Ол осы сәтте ештеңеден қаймықпайтын салпаң құлақты есіне алды. Жалғыз өзі қаншама итпен қырық пышақ болды. Төбелесті. Ал ендігі кезек сары қанденге келген болар. Ол ширығып алды. Иттерге қарап тағы да үрді. Олар да оған дәл осылай жауап берді. Бірақ мына мыңдаған иттің біреуі де сары қанденнің жанына батып келе алмады. Иттер сары қанден сияқты бір рет үреді де, тынышталып қалады. Ол мұны түсінбеді. Сары қанден алдынан, артынан, жан-жағынан өзін қоршап алған иттерге қарап қайта-қайта үріп жіберді... Иттерге де жан бітіп, оған дәл осылай ызбарланған түрмен жауап беріп жатты. Енді сары қанден мыналардың шеңгелінен оңай құтылмасын сезді. Қайтадан ұмтылып, иттерге қарсы жүгірейін десе, олар да оған сес көрсетіп, тұс-тұстан атырылып ұмтылады. Абалаған иттердің үні бөлмені жаңғырықтырды. Иттердің үнінен құлақ тұнды. Сары қанден біреуінің сирағынан алайын десе, мыңы келіп мұның сирағына жармасады. Ол сес көрсетіп оларға жақындаса, аналар да тек тұрмай бұған таяй түседі. Сары қанден қай иттің тісі келіп сирағына жармасады деп денесі дірілдеп кетті. Енді сары қанден қаһарына мініп, қатты айбат шекпесе мыналардың шегінер түрі жоқ. Бұлар қанша көп болса да, біреуі бұған жақындай алмады. Жақындай алмай тұрғандары қызық болды. Иттердің үні қайта жаңғырды. Жан жақтан, ызы-қиқу болып кетті. Сары қанден жүрегі қобалжып, мыңдаған иттің қоршауында қалды. Құлақ жарған үндер сәт санап күшейе берді. Иттер мұны тұс-тұстан қамап, қоршап алды. Сары қанден артқа бұрылса бұрылады, секірсе секіреді, тісін ақситса тісін ақситады. Сары қанден бұл иттермен аман қалу үшін қырылысып жатты. Бұл мақұлық ит, ана иттердің барлығы айнадағы өз көрінісі екенін қайдан білсін? Иттің иттігі осынысында шығар? Ол ана мыңдаған иттің қоршауынан шыға алмай, жүрегі аузынан шығардай қатты қобалжып кетті. Сары қанден бұларды жеңбесе, бұлар оған күн бермесін сезді. Дүниеде мұнша көп иттің бар екенін енді ғана сезіп тұрды. Баяғы ит атушылар осы жерге келсе, мұншама жер жайнаған итті атып түгесе алмас. Осы сәтте сары қанденнің кеуде тұсы сөгіліп, ыдырай бастағандай сезілді. Ол мына қара құртша қаптаған иттердің көптігінен жүрегі жарылып бара жатқанын анық сезді... Көзі қарауытып, аяқтары дірілдеп, жаны шыдамады. Бөлменің ортасында тұрған сары қанденнің жаны осылай үзіліп кетті...
Көзі бұлдырап ештеңе көрмей қалған сары қанден бұл иттерге өзінің айнадағы көрінісі екенін білмей, атылып берді. Мыңдаған осы иттер де дәл қазір өзі сияқты ахуалда тұрғанын сезбей қалды... «Айна» бөлмесінің ортасында сары қанден жүрегі жарылып, көз жұмды. Жермен-жексен жатып қалды. Оның төңірегінде өзіндей мыңдаған иттер өліп жатты...
«Айналар» бөлмесіне кіріп келген әйел ортада өліп жатқан сүйкімді сары қанденді көріп таңғалды. Оның бұл жерге қалай келіп қалғанын білмей айран-асыр болды. Ол сары қанденді қолына ұстап, бөлмеден алып шықты. Ең қызығы, бұл иттің жатқан жерінде қанның ізі де жоқ. Бұл итті бұл жерге кім әкеліп тастаған? Осыған таңғалды...
Әйел өлген итті парктегі қоқыс жәшігіне тастады да, «айналар» бөлмесіне бір топ адамды ішке кіргізді. Бұл «күлкі» бөлмесіне кірген адамның күлмеске лажы жоқ. Күлмеймін дегеннің өзін күлдіреді ғой. Келгендер айнадан өздерін көріп күле бастады... ішегі түйілгенше, бауыры езіл- генше, бір-бірін қолдарымен нұқсай күлісіп жатты... өздерін өздері мазақтап жатты...
Қайран сары қанден өзін қоршауға алған иттермен таласамын деп жүрегі жарылып өлсе, өзінің айнадағы көрінісін жеңе алмай жан берсе, бұл адамдар айнаға шағылысқан өздерін көріп, қарқылдап күліп жатты... Адам ғана өзіне өзі күледі. Өзін өзі жеңе алмаған пенде ғана өзінің адамдығына жетісіп күледі... Бұл ит дүниеде күлкіден басқа ештеңе жоқтай. Олар қарқылдап күлісіп жатты...
Аударған Әсем Ережеқызы
