Танакөз жыры – жүректің айтылмаған сыры
Белгілі ақын Танакөз Толқынқызы шығармашылық кешін өткізді. Осы кешке жырға құмар астаналық жұртшылық жиналды. Танымал актерлер ақынның өлеңдерін оқып, кештің шырайын келтірді. Күн суытып, табиғат тыныштыққа бой ұсынып, адамдар алдағы қыстың қамына кірісіп, көңілдеріне алаң ұялаған шақта менің қарашам жырмен басталды. Қарашаның алғашқы күндерінен жүрегіме өлеңнің шуағы төгіліп, жан дүниемді бір сәтке басқа әлемге жетелегендей болды.
Танакөз Толқынқызын таныстыруды қажет етпейтін ақындардың қатарында деп ойлаймын. Өлеңімен оқырманының жүрегіне жол тапқан, жырын біреудің көңіліндегі айтылмай қалған сырға айналдыра білген ақынның шығармашылығымен тағы бір мәрте жүздесудің сәті түсті. Кештің кіріспесінде айтылған бір ой мені біразға дейін жетелеп отырды. «Бізде сатылмайтын нәрселер көп. Мысалы, ауа сатылмайды, мейірім сатылмайды. Ал біз осындай асыл дүниелерді елемей, сатылатын жылтырақтарға қызығамыз...» деген мазмұндағы сөздер жүрегіме жетті. Шынында, кейде көз алдымызда тұрған ең қымбат құндылықтарды байқамай, қол жеткізуге болатын дүниелердің соңынан жүгіріп кететініміз бар. Адам баласы бағасын ақшаға өлшей алмайтын мейірімнің, шынайылықтың, рухани байлықтың қадірін кеш түсініп жатамыз. Сол сәтте ақын кешіне келгенімді емес, өз-өзіммен сырласып отырғанымды сезіндім. Кеш барысында Танакөздің жүрекке жылы тиіп, кейде жанның ең терең қатпарларын қозғайтын әдемі өлеңдері оқылды. Театр актерлері ақын жырларын ерекше сахналық қойылымдар арқылы көрерменге жеткізді. Өлең мен театр өнері астасып, шағын ғана кеңістікте үлкен рухани әлем қалыптасты. Әр қойылым, әр оқылған шумақ көрерменді өз ойымен, өз сезімімен оңаша қалдырғандай болды. Кейде үлкен мәдениет үйлерінің сахнасында ғана өтетіндей көрінетін осындай әдеби кештердің шағын, ықшам жерде де керемет атмосфера қалыптастыра алатынына көзім жетті. Сөйтсем, кештің көркемдігі кең залдың көлемімен емес, ондағы жүректердің жақындығымен өлшенеді екен. Адам көптігі емес, сол адамдардың не үшін жиналғаны маңызды екен. Бұл кешке ақынның шынайы оқырмандары, жырын түсінетін, бағалайтын, жүрегіне жақын тартатын жандар жиналды. Ақынға бұдан артық қандай құрмет керек?


Өз өлеңіңді сүйіп оқитын, сенің сөзіңнен өз жанын танитын адамдардың алдыңда отыру ақын үшін үлкен бақыт шығар. Кейде адам саны көп болсын деген ниетпен жиналатын, залды лық толтыруды ғана мақсат ететін кештерді де көріп жүрміз. Ал бұл кештің жөні бөлек болды. Мұнда ешкімді мәжбүрлеп әкелген жоқ. Әр адам өз ықыласымен, өз жүрегінің қалауымен келді. Сондықтан да бұл кештің жылуы, шынайылығы, әсері өзгеше еді. Толған залдан гөрі толған жүректердің қымбат екенін тағы бір түсінгендей болдым. Кеш соңында ақынның өзі ортаға шығып, жүрекжарды ойын бөлісті. «Мен өз кешімді сырттай бақылап қана отырдым. Алла Тағаланың берген талантымен өлең жазылады. Сол өлең оқырманға жетіп, олардың жүрегіне сіңіп, аузында жүрсе, адам мүлде басқа сезімде болады екен...» деді. Расында, ақынның бақыты да осында шығар. Өзі қағазға түсірген бір шумақтың біреудің өміріне айналып, біреудің айтылмаған мұңын жеткізіп, тағы біреудің жүрегіне жұбаныш болуы сөз өнерінің құдіреті емес пе? Танакөздің өлеңдері сондай әсерге ие. Оның жырларынан кейде өзіңді, кейде өзгені, кейде ешкімге айта алмаған ішкі сырыңды кездестіресің. Ақынның өзі: «Менің кешіме келгендердің көбі жылап кетеді» деген еді. Солардың бірі өзіммін. Неге жыладым? Өйткені кейде өзіңнің ішіңде жүрген, бірақ сөзбен жеткізе алмаған сезіміңді біреу сенен бұрын жазып қойғандай болады. Өлеңнің бір жолынан өзіңді көресің. Бір шумағынан жылдар бойы ішіңде сақтап келген сырыңды танисың. Сонда көзге жас келеді. Ол мұңның ғана жасы емес, ӨЗІҢДІ сезінудің жасы. Ақынның туған күні құтты болсын! Алла берген талантына қуат, қаламына шабыт, жүрегіне тыныштық берсін. Өлеңі өміршең болсын!


Жырлары талай жүрекке жетіп, талай жанның айтылмаған сырын сөйлете берсін! Осы кештен кейін бір ой көңілімде орнығып қалды: сатылатын нәрселер көп, бірақ ақын сатылмауы керек. Өйткені ақынның ең басты байлығы — оның шындығы, жүрегінің тазалығы, сөзіне деген адалдығы. Өлеңді жазу үшін талант керек, ал сол өлеңге өз жаныңды сыйдыру үшін шынайылық керек. Оқырманның жүрегіне жол табу үшін атақ та, даңқ та, даңғаза да жеткіліксіз. Оған тек жүрек керек. Ақын сатылмайды. Өйткені ақынның сөзі саудаға түспейтін жүректің үні.
Айгүл ТҰРЛАНҚЫЗЫ
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының қызметкері.
(фотосуреттер автордың жеке қорынан).


