Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Темірхан Момбекұлы-Түркістанның «Жақсылар мен жайс...

19.07.2020 5054

Темірхан Момбекұлы-Түркістанның «Жақсылар мен жайсаңдар» кітабынан 12+

Темірхан Момбекұлы-Түркістанның «Жақсылар мен жайсаңдар» кітабынан - adebiportal.kz

Темірхан Момбекұлы-Түркістан – 1953 жылдың 27-желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында дүниеге келген. (Қазір Түркістан облысы.) 1967 жылға дейін Киров ауданының Егізбай ауылында тұрған. 1969-жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты «Талап» кеңшарындағы № 54 (Қазір Жүсіп Қыдыр атында) орта мектебін бітірген. Қызыл Сеңгірдегі өз ауылы Үшінші Талапта (қазіргі Манап ауылы) екі жыл шаруашылықта еңбек етті. 1971-1976 жылдары Алматыдағы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жолдама бойынша «Мақтарал» аудандық, одан соң Алматы облысының Талғар аудандық газеттерінде қызмет істеді. Республикалық «Мектеп» баспасында, Қазақ Телевизиясында редакторлық қызметтер атқарды. 1987-жылдан бастап Қазақ Радиосында редактор-шолушы болып қызмет етті.

Таза қазақы ортада өскен, ұлы суреткер Жұмекен Сабыржанұлы Нәжімеденнің тәрбиесімен шыңдалған Темірхан – ұлттық мәселеге келгенде ешбір ымыраға бармайтын азамат. Кеңес дәуірінде тек санаулы адамда ғана ұлттық фамилия болды, осылардың екеуі әкелі-балалы Темірхан мен Рауан еді.

«Қуанышы көп күндер», «Күміс велосипед», «Әдемі қыздың жігіті», «Ғашықтық жөні бір басқа...», «Тағдыр», «Қасиетіңнен Айналайын», «Алысқа ұзатылған қыз», «Қойын дәптер», «Сырлы әлем», «Қазақтар», «Жаратқан, жар болғайсың», «Асанқайғының рухы» (роман-дилогияның 1-томы), «Қасиетті Қазақ Жері» (2 кітап), «Айналайын, Атамекен» аталатын прозалық кітаптардың, «Құсшы-Қаражон», «Босқындар», «Қызыл мая» радиоспектакльдерінің авторы. Бұл радиоспектакльдер және 1000-ға жуық әдеби хабары Қазақ Радиосының Алтын қорында сақтаулы. «Алтын арқау», «Қойын дәптер», «Отырар кітапханасы», «Қасиетті Қазақ Жері», «Астанасы Алаштың», «Ақтілек», «Ел суреттері», «Қарашаңырақ», «Жайдарман», «Бастаңғы», «Дәнекер», «Таңжарық» хабарларының ізашары. Бұлардың ішінде кейінгі төртеуінен басқаларын және «Қаламгер» әдеби бағдарламасын ұзақ жылдар бойы өзі жүргізіп отырды.

Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақ Радиосының Ардагері.

Алматы облысы Талғар ауданының Әлмерек кентінде 1982 жылы сегіз жылдық орыс мектебінің ішінен бастауыш қазақ сыныптарын ашып, бүгіндері ол мектеп қазақ орта мектебіне айналды.

Темірхан Момбекұлы-Түркістан 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, алты ай бойы КГБ-ның тергеуі мен аңдуында болды. Қазақ халқы осы көтеріліске қалай келді, бұл қозғалыстың егжей-тегжейі жайлы роман, деректі үш повесть, екі әңгіме жазған еді.

Күллі Қазақстанды велосипедпен аралап шығуға ниет еткен алғашқы жазушы, бүгінге дейін еліміздің көптеген аймақтарын жүріп өтті. Осы шерулерінен жиналған материалдардың негізінде энциклопедиялық «Қасиетті Қазақ Жері» деп аталатын бірнеше томнан тұратын күрделі еңбек жазу үстінде.

Қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы роман-эпопеяның авторы – жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, ғұлама, профессор, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов. Шет тілдерге ең көп аударылған да – «Абай жолы» роман-эпопеясы.


Совет Одағының құрамында автономиялық құрылымдарды айтпағанның өзінде, он бес одақтас республика болды. РСФСР, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қазақстан, Грузия, Латвия, Азербайжан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Литва, Молдавия, Түркменстан, Эстония. Лениндік сыйлық осы алып державада ғана емес, күллі социалистік жүйе (Ол кезде система делінетін. Қытай, Вьетнам, жарты Корея, Монғолия, Польша, Чехославакия, Албания, Югославия, Шығыс Германия, Болгария, Венгрия, Куба) елдеріндегі ең үлкен, ең мәртебелі сыйлық болатын. Совет Одағының құрамындағы Орта Азия республикалары мен Қазақстаннан осы аса мәртебелі сыйлықты ең алғаш алған біздің Мұқаң еді. Және бірден бір қаламгер болып қалды.


Алаш ардақтылары мен қайраткерлерінің ішінде әупірімтәңірмен аман қалған екі айтулы тұлға: жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Қажымұқан палуан еді.


***


Күллі әлем әдебиеті бойынша мәңгүрт образын жазба әдебиетке ең бірінші әкелген – жазушы, ақын, зерттеуші, аудармашы, драматург, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы.


***


Ежелгі ауыз әдебиетіміздегі «көзқаман» ұғымын тауып, қазіргі заманғы ғылыми, әдеби айналысқа алғаш түсірген – ғалым, зерттеуші, қоғам қайраткері Рахманқұл Бердібай. Ресейдегі зауыттан қазақша машинка шығару мәселесін ең алғаш қозғаған тұлға. Наурыздың Қазақстанда жаппай тойлануына қозғау салғандар – Рахманқұл Бердібай, зерттеуші, қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов.


***


Сарыарқа мен Бетпақдаланы ең алғаш атпен жүріп өткен қазіргі заманғы ақын, жазушы, драматург, композитор, қоғам және мемлекет қайраткері – Сәкен Сейфуллин. (Бұрмаланған атымыздың киргиз емес, қазақ екені жөнінде мәселені съезге алғаш қойған да – осы Сәкен Сейфуллин. Осы факті дұрыс па, қате ме, түзетуге болады). Қазақ қаламгерлерінің арасынан ең жоғары лауазымдық қызмет атқарғандар – Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбайұлы, Әди Шәріпов, Мырзатай Жолдасбеков (ғалым, зерттеуші, ән авторы), Камал Смайылов (публицист, зерттеуші, журналист). Сәкеннің «Тау ішінде» әні халық арасына кең таралды.


***


Қазіргі заманғы әдебиетімізде әскери тақырыптың негізін салған және қалыптастырған – жазушы, қолбасшы, қоғам қайраткері даңқты Баукең - Бауыржан Момышұлы.


***


Облыс аты берілген ең алғашқы ақын –Жамбыл Жабаев, ең ұзақ жасаған ақын да – осы Жамбыл (99 жас жасады).


***


Қытай мемлекеті басып қалған жеріміздегі қазақтардың алпысыншы жылдардағы көптеп келуіне ықпал жасаған жазушылар – Қабдеш Жұмаділов пен Қажытай Ілиясұлы.

***


Қазақ қаламгерлерінің арасынан арнайы білім алған саңлақ күйші – ақын Жұмекен Нәжімеденов. Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарында Қасиетті Қазақ Жері телім-телімге түсіп кете жаздаған алмағайыпты кезеңде сол зұлымдыққа қарсылық танытып, рухты шыңдау мақсатында «Менің Қазақстанымды» жазғандар – композитор Шәмші Қалдыаяқов пен ақын, жазушы, аудармашы Жұмекен Нәжімеденов.


***


Мәскеудегі Хрущев бастаған отаршыл пиғылдағылар Қасиетті Қазақ Жерін әртүрлі сылтаумен бөлшектеп, тұтас аймақтарды көрші республикаларға бермекші болғанда, бұл арамдыққа ашық қарсы шыққан – қаһарман қазақ, ұлы патриот Жұмабек Тәшенов. Осы жасампаздығы үшін республиканың екінші басшылығынан түсірілді.


Әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан: «Қажымұқанды да, Тәшеновті де сақтаған, ардақтаған – шымкенттіктер. Осыны ойлайық».


Қажымұқан (даңқты палуан) да, Жұмабек те – қазағыма болсыншы деген қарлығаш көңіл асылдар. Екеуі де – Сарыарқамыздағы Ақмола аймағында туғандар. Қуғын көргенде, қос ардағымыз Түстіктегі бауырларымен қанаттасты ғой. Бекболат осыны меңзеп тұр еді.


***


Қазақстанды ең көп аралаған жазушы, саяхатшы, журналист – Серік Байхонов.


***


Қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы диалог-романның авторы – жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықов. Басты кейіпкері – даңқты Бауыржан Момышұлы.


***


Қазақстанның астанасы болып тұрған кездегі Алматыда қазақ кластарын, қазақ мектептерін аштыру үшін ең көп жүгірген қаламгер, қоғам қайраткері – Шона Смаханұлы. (Бейітінің басына орнатылар ескерткішті көзінің тірісінде-ақ жасатып, ауылдағы туыстың қорасындағы отынның арасына сақтатып қойған да – осы Шөкең. «Кейінгілерге салмақ салмайын деп өсттім» дегенді үйінде бір топ адам қонақ болып отырғанымызда, өз аузымен айтқан).


***


Қазақ қаламгерлерінің арасынан ең алғаш көркемфильмге түскендер – ақын, аудармашы Хамит Ерғалиев, жазушы, актер Сәтімжан Санбаев, ақын, аудармашы, журналист, Қазақстандағы телевизиялық айтыстың негізін қалаушылардың (бірі - қаламгер, журналист Сұлтан Оразалин) бірі Жүрсін Ерман, зерттеуші, әнші, сценарист, журналист, қоғам қайраткері Ерлан Төлеутай.


***


Желтоқсан шындығын ең алғаш айтқан қаламгерлер – жазушы Бейбіт Қойшыбаев, ақындар Жұбан Молдағалиев пен Мұхтар Шаханов.


***


Қасиетті Қазақ Жерінің тұтастығы үшін аштық жариялаған ең алғашқы қазақ қызы – ақын, журналист Айсұлу Қадырбаева (Алматы), ал ақын, журналист Мұнайдар Балмолда да Оралда осы мақсатқа орай аштық жариялады. Екі ақынның да туған жері – Батыс Қазақстан облысы. Ақжайық аймағында қанаттанғандар. Мен өмірімде бірінші рет Жерді сүйгенде, осы айналайын Ақжайықтың жағасында Қасиетті Қазақ Жерімнің топырағын сүйдім.


***


Нысана көздеуден чемпион болған қазақ қызы – қаламгер Гүлмария Барманбекова (1969 жыл. Душанбе. Қазақстан және Орта Азия чемпионаты. Дүние Жүзіндегі тұңғыш космонавт әйел Валентина Терешкова осы додалы жарыстың бас төрешісі еді, чемпион қызымыз Гүлмарияға сыйлықты да осы кісі тапсырды).


***


Тегімізге зорлықпен жамалған, құлдық санаға бастайтын, еңсемізді басып тұрған «овты» ең алғаш алып тастап, қазіргі заманғы қалың жұртшылыққа ерекше ықпал жасаған – жазушы, драматург, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза.

***

Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі кезінде жастарға «Менің Қазақстаным» әнін айтуды ұсынушылар болды, сол қандастарымыздың бірі – ақын, журналист Қымбат Әбілдақызы Сарыарқа. Жақын тұрған топқа осы ұсынысты айтып, өзі бастап жібереді. (Жастар осы әнді көп айтқандықтан, рухты оятады деп сескенген колбиншілер бұл әннің радиолар мен телелерден берілуіне іле-шала-ақ қасақана тыйым салды).


***


Қазақтың ең алғашқы рәмізтанушысы – ақын, журналист, зерттеуші, аудармашы Ербол Шаймерденұлы.


***


«Әр қазақ – менің жалғызым». Бұл ұлық сөзді айтқан – ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адай.


***


Өз атымен ең алғаш театр ашқан қаламгер – сатирик Көпен Әмірбек. «Көпен келе жатыр».


***


Қазақ әдебиетінде фантастикалық романдар сериясының ең алғашқы авторы – жазушы, журналист Жүніс Сахиев. «Кеңістік көшпенділері» деген жалпы атпен сериялы он бір роман жазды.


***


Кәсіби қаламгерлерден ең алғаш бас құрағандар – Сағат Әшімбаев (сыншы, зерттеуші, журналист, қоғам қайраткері) пен Шәрбану Бейсенова (жазушы), ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова, Әкім Тарази (жазушы, драматург, киносценарист) мен Роза Мұқанова (жазушы, драматург).


***

1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі жайындағы пайымдауларын шетелдерге астыртын жолдаған патриот қаламгерлер – Жағда Бабалық, Сәбетқазы Ақатай. Мұрат Әуезов пен Сәбетқазы Ақатай қатарластарымен бірге 1965-70 жылдары Мәскеуде жастардың «Жас тұлпар» ұлттық ұйымын құрған.


Мұрат Әуезовтың Ермахан Шайхыұлына берген сұхбатынан. «Сол тұста біз Мәскеуде «Жас тұлпар» атты ұйым құрдық. Ал Ленинградта Қазақстандық жастардың «Арай» деген ұжымы болушы еді. Сондағы ұстанған мақсатымыз – отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға үлес қосу болды. Ол ұжым кейін үлкен саяси күшке айналды».

***

Кеңес тұсында тегі таза қазақша жазылғандар – күллі Қазақстан бойынша санаулы ғана қандастар: Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Момышұлы, Ержан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Самаханұлы, Оразақын Асқар, Сейсен Мұхтарұлы, Қаржау Айтолқын, Құрманғазы Қараманұлы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Темірхан Момбекұлы, Рауан Момбекұлы, Батық Мәжитұлы, Нұрлан Мәукенұлы.


***


Балалық шағы Екінші Дүние Жүзілік соғыстың алдына, кезіне, соңына тап келген қаламгерлерге «Сүрдің сүйегіндей шыңдалған буын» деп баға берген – жазушы Әбіш Кекілбайұлы.


***


Мектепте де, жоғары оқу орнында да, ғылыми айналыста да тым беріден бастап жүрген әдебиет тарихын ары қарай тереңдеткендер – жазушы, зерттеуші, ұстаз Мұхтар Мағауин мен ғалым Мардан Байділдаев.


***


Сырдарияның Қазақстан жеріндегі көп бөлігін салмен жүзіп отырып зерттеген ең алғашқы жазушы – Серік Байхонов.


***

Екінші Дүние Жүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлына тиесілі Совет Одағының Батыры деген атақ дер кезінде емес, көп жылдан кейін, өзі дүниеден көшкен соң берілді. Осы соғыстың қаһарманы, қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Қайырқызы Доспановаға да (1922 жылдың 15 мамыры - 2008 жылдың 20 мамыры) Совет Одағының кезінде ешқандай аса жоғары атақ берілмеген.


***


Ресей мен Қытай империяларының Қазақ Жерін де, Қазақ Елін де зорлықпен бөліп тастаған қасыретті тағдыры жайында алғаш «Тағдыр» романын жазған – жазушы Қабдеш Жұмаділов.


***


Қазақстанда телевизиялық айтыстың негізін қалаған қаламгерлер – Сұлтан Оразалин мен Жүрсін Ерман. Сексенінші жылдардан бастап республикалық дәрежедегі айтыстарды Жүрсін жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Бозбала күндерінде-ақ Жезқазған телевизиясында шыңдалған ақынның республикалық айтыстарды жүргізуін қалаған, әрі соған себепші болған Шырын Ағышева еді. Шырын – қазақ әйелдерінен шыққан ең алғашқы кәсіби телережиссер. Айтысты ұйымдастыруда екі кісінің еңбегі жемісті болды: ақын Темірше Сарыбайұлы мен ғалым Мардан Байділдаев. Мардан – телеқызметкер болмаса да, барынша белсене араласты. Ерекше жанашырлықпен көмектесіп отыратын. Ал Темірше ақын ұзақ жылдар бойы айтыстың тұрақты редакторы болды. Атап айтар бір жай, қатардағы редактор ғана емес, барлық ыстық-суығын көріп, айтыс өнерінің биік деңгейге көтерілуіне көп еңбек сіңірді. Темірше мен Марданның бұл саладағы қыруар еңбегін білетін өнерсүйер қауым айтыстың да, ұлттық бояуы қанық басқа хабарлардың да жай-жапсарын осы кісілерден сұрайтын. Ал енді жарты ғасырға жуық уақыт бойы айтыстың бар ыстық-суығын көріп, небір аламан-тасыр кезеңде де тиянақтылық танытып, табандылық көрсете білген ақын Жүрсін Ерманның телевизиялық айтыс өнерінің өріс алуындағы қызметінің орны бөлек.


***


23 жыл ғана өмір сүрген қаламгер Саттар Ерубаев новеллалар, өлеңдер, публицистикалық туындылар, сатиралық суреттемелер мен пародиялар, «Менің құрдастарым» романын жазып үлгерді.


***


Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы жүрген кезде аралап шыққан алғашқы жазушы – Қалмұқан Исабай.


Бұл кісі Ресей империясының қолшоқпары Ермак атына қойылған қаланың Ақсу атын алуға, басқыншының ескерткішін алып тастауға белсене араласты (1992жылы). Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» (Лермонтов арқылы Гетеден аударылған) өлеңін мәрмар тасқа қашатып, Гетенің Габелбах (Германия) мұражайына қойғызып, осы сөзге жазылған Абай әнінің таспасын тапсырады. Тюрингияда шырқалған Абай әнін жыл сайын алпыс мыңдай адам тыңдайды екен. Қаламгердің бастамасымен Берлиннің бір көшесіне Абай есімі берілген.

***

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы (1992 жылы қабылданған) әнұранының авторларының бірі – ақын қызымыз Жадыра Дәрібаева.


***

Қазақстан Жазушылар Одағын ең аз басқарғандар - Ғаббас Тоғжанов (1935-1936) пен Мұхамеджан Қаратаев (1937-1938). Ең ұзақ басқарған – Нұрлан Оразалин (1996-2018).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар