Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тілеубек Батыс. Жалғыздықтан ләззат алуды үйрендім...

09.04.2022 9561

Тілеубек Батыс. Жалғыздықтан ләззат алуды үйрендім 12+

Тілеубек Батыс. Жалғыздықтан ләззат алуды үйрендім - adebiportal.kz

Жарықты өшіріңдер

Жарықты өшіріңдер!

Қараңғы түнекте жасайық қылмыс!

Сезіммен қайшы кеп, ойлармен жарысып,

Жарықтың жарықсыздығын айтайық,

Қараңғының жазықсыздығын айтайық,

Көзімде түнеген түндермен қауышып.

Өзімнен айырып, санамның ішінде,

Жалқы болмысыма бойлаған.

Жалғыздығыма ортақтасып,

Күнәмді жариялап, көлеңке түсірген.

Жарықты өшіріңдер!

Шіркін…

Менің құзырым аспандағы қызыл күнді өшіруге жетсе ғой,

Сырғыған уақытты тоқтатар күш бар болса ғой менде.

"Жарықты" шаужайлап,

Табиғат заңына қайшы кеп жасандылықты тудырған.

Өмірді өгейлеп, түнменен тілдесем

Жаһанды батырып шыңырау құрдымға.

Бұл ұйқтау үшін жасалынған шешім емес!

Тасбауыр бұл қоғам ізгілікті көрерде сондай көне,

Әлемнің мейрімін, адамның жылуын сезерде

Тәңір көзіндей тас қараңғы…

Неге?!

Өшіріңдер жарықты!

Жағыңдар, өзіме апарар шынайы әлемнің алауын.

Көңіл құрышымды басатын.

Еркін аспанды лаулатар жасанды "жарықтан да" жарық

Қараңғылық жасасын!

Жарықты өшіріңдер!

Бізді қылмыс жасауға итермелеген жарықты,

Қолдан жасалған жарықты…

Шығыстың қоңыр аюына

Жауып тұр алғашқы қар,

Ұшады кеңістікте қисапсыз ақ көбелек, ақ ұшқындар…

- Омарғазы АЙТАН

Тарих сенің тарихта болғаныңа сенбейді.

Алып от шардың әлсіз қызуын сезіну оған да ауыр.

Немесе кішкантай нүктенің ғажайып жарқылын көру

- Саған бару!

Былтырғы соңғы қардың дәл өзіндей,

Аспаннан самаладай гүл төгілді.

Алақанымда еріді әппақ көбелектердің жаны,

Әуедегі мылқау тіл жұтты

Санамдағы үркек үнді.

Жауып тұр алғашқы қар,

Әуедегі есепсіз қар ұшқындарының ең сүйкімдісі,

Ең қасыреттісі келіп менің көзіме тамады.

Жанарымда өзіне ғашық еткісі келетін тағдыр жазуы да жаралы.

Біз ешқашан сезінбейтін шексіз құдырет,

Біз ешқашан жетпейтін ұлылық,

Тамырымда әлі соқпаған сәби сезімді қозғасын.

Азырақ жазшы, Ақыным,

Азырақ ақсын табиғаттың көз жасы…

Кеңістіктегі қалықтап ұшқан миллион көбелек,

Мені оятады әлмисақта өлген ұйқымнан.

Сен,

Жақындама, ақынға да, ұшқынға,

Жақын барсаң жұтып қояды сиқырлап.

Түс аулау


Қиялымда бір нәрсені ұмытқаным ғана есімде,
Бірақ, не нәрсе екені есімде жоқ…
Кешкі іңірге де, таңғы алекеуімге де ұқсамайтын өлара шақ.
Бір жаққа беталып бара жатырмын,
Бірақ, қайда бара жатқаным белгісіз.
Астымдағы жол, жол емес алып жыланның тілі екен деймін,
Бағзыда кездейсоқ жартасқа айналған.
Кенет, ол теңіздегі майда малта тастарға өзгерді,
Суға батқан тас молалардай байырғы.
Әлдененің тамыры жыланның тіліндей тіземе оралып теңіз құйына тартады.
Құрғап қалған кенеземді кептірердей.
Үздіксіз қозғалыста теңізге тұншығып барамын.
Теңізге тұншығып барамын…
Аһ,
Мынау қарғыс атқыр түстен оянғым келеді.

***

Аспаннан
Соңғы үміт жетегімен теңіз бетінде қалқып оянған өзімді көрдім.
Жанталаса ұмтылады,
Теңіз жағасында өмір ұшқынының бар екеніне сенгендей.
Жағалаудағы енді пысқан өрік ағашына қырау қатқан,
Оған келіп мекеніне қайтқан жыл құстары қонып жатыр…

"Айқай"…
«Жыл құсы да жылына бір қайтады ғой» деп,
Анам шақырып жатыр екен деймін…
Мен де айқайлап жауап қайтарғым келеді,
Үнім шығар емес…
Боз боранда мұнарланып жаңғырық та жоғалды.

Өзімді тоқтата алмай әлі қозғалақтап келемін.
Иә, бұл кәдімгі түс!
Оянғым келеді қарғыс атқыр осы түстен!
Оянғым келеді…

Санамда бір нәрсені ұмытқаным ғана есімде,
Бірақ, не нәрсе екені есімде жоқ…

Өлшем

Құдайды таңғалдырған кіршіксіз тазалық,

Құдайды құлазытқан меңіреу тыныштық,

Құдайды ойландырған шешімсіз бір сұрақ,

Құдайды ғашық қылған ғажайып сұлулық,

Құдайды жарылқаған аяулы шапағат,

Құдайды имендірген кінәсіз махаббат…

_ Сенде болса ғой…

Сені тағат таптырмаған аңсарлы сағыныш,

Сені елжіреткен мөп-мөлдір мейірім,

Сені арбаған әуейі сезімдер,

Сені сендірген құдіретті қасиет,

Сені мойындатқан шүбәсіз ақиқат,

Сені иландырған қалтқысыз адалдық,

_ Менде болса ғой…

Соңғы нота

Түркістан.
Тағы да кесене…
Тыныштыққа мүлгіген қоңырқай үн,
Әлемнің үні…
Қиялдар тоғысындағы көпшіл ойым дірдек қағады.
Жалғыздықтан ләззат алуды үйрендім.

Беймәлім көшедегі мен - "мен" емес,
Менен гөрі көлеңкем ажарлы,
Сүреңсіз қала - тұманымен асем,
Жапырақсыз ағаш бұтақтары да сұлу.
Ұйқы алдындағы дәрменсіздіктей бір сәт.

Теңселіп келемін,
Өмір нотасының қайсы иіріміне келдім,
Қайсы ырғағын тыңдап,
Қайсы бір кілтін бастым.

Мен күткен соңғы нота әлі ойналмады.
Естілмеді тағдыр әнімнің сұлу әуені…

Мені
Ертеңім мысқылдап,
Өткенім жатырқайды.
Әлдебір бақытты сәтімді есіме түсіріп,
Көше бұрышындағы естеліктер ғана мүсіркейді…

Сол бір үн алыстан тамылжып жетердей,
Сол әуен мені жалғыздықтан құтқарардай,
Әлемді билейтіндей,
Жүрегімді қолыма алып елегіземін.

Шексіз бақытқа бөленетіндеймін,
Бар өмірімді тәркі ететіндеймін сол сиқырлы саз үшін.

Мен,
Ешқандай дүниеге айырбастамас ынтызарлықпен күтемін.
Кәдімгі немесе өмірімнің,
Соңғы нотасын…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар