Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Төлен Әбдік. Тозақ оттары жымыңдайды...

04.09.2018 24455

Төлен Әбдік. Тозақ оттары жымыңдайды

Төлен Әбдік. Тозақ оттары жымыңдайды - adebiportal.kz

І

Ұзын бойлы, көзілдірікті кісі өзінің сабырлы, тәкаппар кейпі мен саркідір тартқан жас шамасына қарамай, жеңілтек асығыстықпен есікті лақтырып ашып, ішке кірді.

- Эдуард Бейкер мырзаның операциясы бітіп кетті ме? - деді басқа елдік акцентпен ентіге сөйлеп. Содан кейін зиялы адамдарға тән инабатты жөн-жобаны бұзып алғанына өкінгендей:

- Ғафу өтінем, - деді қолын кеудесіне апарып. - Сәләматсыз ба?

Швейцар шал талай шет елдік қонақтарды өз қолымен қабылдаған, шен-шекпенді көп көрген, оның үстіне аса лауа­зымды мекеменің қызметшісі болғандықтан түк абдырамай, сырттан балаша жүгіріп енудің әбестік екенін көзімен білдіріп, әлі ырғалып тұрған айналмалы әйнек есікке безбүйректене біраз қарады.

- Бітіп кетті, - деді содан кейін. - Әрине, бітіп кетті. Кеш қалдыңыз. Енді мырза ешкімді де қабылдамайды. Өзіңіз ойлаңызшы, төрт сағаттық операциядан соң, дұрыс­тап бір тынығу қажет қой... Солай емес пе?.. Жоқ, өзіңіз айтыңызшы? Солай емес пе?!. - Осыны ол тап Бейкер мырза емес, өзі тынығатындай аса бір кейістікпен айтты.

- Ендеше мынаны білгім келеді: ол кісі қазір осында ма, жоқ, үйінде ме?

Швейцарға бұл сұрақ ұнамай қалды.

- Қабылдамайтын болған соң бәрібір емес пе?! - деді қабағын шытып. Бірақ осы тұста-ақ өзінің тым артық кеткенін сезе қойды да:

- Дегенмен, сізге қажет болып тұрса, айтуға болады. Ол кісі қазір кабинетінде, - деп түсін жылытты.

- Асығыс болмасаңыз, күтуіңізге болады... Шығып қалар... Тегі қателессем ғафу өтінем, французсыз ба? - деді швейцар әңгіме туып кетер деген үмітпен. Өйткені ол таңертеңнен кешке дейін жалғыз отыратын да, зерігіп, сөйлесетін адам іздейтін.

- Италияданмын, - деді шет елдік кісі сұраққа мән бермей, - сонда қанша күтер екем?

- Жиырма минут, - деді швейцар да бұл сұраққа мән бермей. - Бейкер мырзада істегеніме қазір аттай бес жыл. Шет елдіктерді түсінен ажыратуға машықтанып алғам. Сол әдетпен жобалап едім, сәл-пәл қателескен екем... Кешіріңіз, иә!

- Оқа емес. Отыруға бола ма?

- О, әрине, мырза! Отырыңыз, отырыңыз! - Швейцар серік табылғанына қуанып кеткендей, қалтасынан қоңыр шыт орамалын алып, айқынырақ көру үшін жіппен байлап құрас­тырылған ескі көзілдірігінің әйнегін ыса бастады.

Кескіні салқын көрінгенмен шет елдік қонақ кішіпейіл, ашық мінезді адам болып шықты.

- Сіз, бәлкім, естіген шығарсыз, операция қалай аяқталды екен? - деді әңгімені өзі бастап.

- Қалай аяқталушы еді, - деді швейцар осынау жер-жердің бәрін шулатып жатқан ұлы оқиғаға бойы үйренген бейтарап пішінмен. - Әдеттегідей өте сәтті аяқталды... Несін айтасыз, Бейкер мырза топырақтан адам жаратқан жоқ, қалғанының бәрін жасап жатыр емес пе!.. Керемет қой, керемет! - Швейцар сол "кереметке" өзінің де қатысы бардай мүжілген ескі тістерін көрсетіп, мақтанышпен ыржия күлді. Бірақ ол мұнымен тоқтап қала алмады, үйткені бұл тақырып оның ең жақсы білетін, негізгі тақырыбы еді. Сондықтан: - Мәселен, - деді сөзін жалғап. - Мәселен, мен өзім өткен күздегі операцияның куәсі болдым. Жер-жерден дәрігер дегендерің қаптап кетті. Киноға түсіретіндер сыймай кеткен соң, маған "енді ешкімді босатпа" деп тапсырған. Есікті бекіттім де, бер жағынан мен де бардым. Барған соң, құлақ салып тыңдаймын ғой баяғы. Түрлі-түрлі сөз... "Науқастың өмірін сақтап қалуға еш­қандай мүмкіншілік жоқ, ақылға сыймайды" десті біреулер. Біреулер тіпті: "Өлетінін доктор Бейкердің өзі де біледі, операцияны әшейін реклама үшін жасап жатыр" десті. Ақыры не болды?.. Өзіңіз оқыған шығарсыз? Операция сәтті шықты. Ол үшін тек уақыттан ұту керек екен. Эдуард Бейкер 11 сағаттық операцияны төрт-ақ сағатта аяқтаған... Феномен!.. Медицинадағы феномен!!! Моргтен неше адамды тірілткенін естіп пе едіңіз?.. Инфарктан өлген адамды 30 минуттың ішінде жеткізсе, құтқаруға болады дейді доктор Бейкер... Ол пікірді, шындығында мен де қолдаймын... Себебі... мен өзім де медик болдым ғой... Рас... тастап кеттім... Күнкөріс... тіршілік...

Швейцар әңгімені өзіне қарай сәтті бұрып алғаннан кейін, өзі туралы да рақаттана баяндағысы келіп бір тұрды да, алдында тұрған адамның шет елдік екенін ықылассыз мойындап, мүдіріп қалды. - Төніп келген ажалдан кімді құтқармады бұл. Шын мә­нін­де "Медицина тәңірісі" ғой. Осындай бір мақсатына жеткен ар­мансыз адам болатын болуы керек дүниеде...

- Доктордың бала-шағасы бар шығар? - деді шет елдік кісі оның сөзін бөліп...

- Баласы жоқ, әйелі де жоқ. Неге екенін бір тәңірім білсін. Ғылымға беріліп кеткеннен деп те айтады. Кім білген?.. Өзіңіз де медицина жағынан шығарсыз?

- Жоқ, журналиспін.

- А-а-а, солай ма еді?.. Сіз маған мынаны айтыңызшы, журналист мырза, доктор Бейкер адам жасын ұзартатын дәрі жасап жатқан көрінеді. Сонда біз қайда барамыз? Ауру өлмейді, кәрі өлмейді. Жер бетіне қалай сыямыз, а? - Адамдардың жер бетіне сыймай қалатыны швейцарға біртүрлі қызық боп көрінді де, жөтелген секілді булыға күліп, көзінің астымен журналиске сығы­рая қарады.

Әзіл журналиске әсер еткен жоқ. Швейцарға суретке қарағандай тесіле қадалып, ойланып қалды.

- Доктор келе жатыр, - деп сыбырлады швейцар коридор түкпірінен дабырлай сөйлескен бір топ адамды көрсетіп. - Ортадағысы доктор Бейкер... Оның оң жағында академик Клейтман... Сол шақ шеттегі доктор Холл...

Жалпақ, күңгірт көзілдірік киген, ұзын бойлы, ерекше тіп-тік доктор Бейкер бейтаныс қонаққа жақындап келіп:

- Сіз мені күтіп тұрсыз ба? - деді тәкаппарлықтан туатын батыл үнмен.

- Дәл солай, доктор Бейкер. Операцияңызға үлгіре алмадым.

- Қайдансыз?

- Италиядан келдім. Ливино Палетелли, журналиспін.

- Қуаныштымын. Не қалайсыз?

- Доктор Бейкер! Мен сізді операция столының жанынан көрмек боп келіп ем. Әлбетте шешенді мінбеден көрген абзал ғой. (Доктор Бейкер "әрине ғой" дегендей басын изеді). Бірақ ол тілегім орындалмады. Ендігі тілегім - қабыл көрсеңіз, Сізбен тілдесу. Рұқсат етіңіз, доктор Бейкер! Сізбен жолығысудың мен үшін қаншалық куаныш екенін айтып жатудың қажеті болмас.

Доктор Бейкер мұндай сөздің талайын естігем дегендей паркет еденге қарап, тағы да басын изеді.

- Журналистердің көп мазалайтыны рас. Оның үстіне қазір менің тынығатын уақытым... - Доктор журналистің бетіне сынай қарады да, ұнатқан пішінмен, - егер тым ауыр сұрақтар қойып, қинамасаңыз, - деді балаға жымиғандай жымиып, - бір сағат уақытымды үйдегі кабинетімде сізбен әңгімелесіп өткізуге ризамын.

Журналист мұндай бақытты тіпті күтпеген екен:

- О-о! - дей берді қайталап. - О, сізге үлкен рақмет, доктор Бейкер.

Сыртқа шыққан соң доктор жанындағылармен қол алысып қоштасты да, журналиске бұрылып, машинаны иегімен көрсетті.

- Отырыңыз!

Доктор жол бойы тіс жарып, үн қатпады. Тіпті машинадан түсіп, жақтаулары алтындай жарқыраған сұр бас­қышпен жоғары өрлеп, кең коридор бойында алжапқыш байлаған қызметші әйелдердің кейбірімен амандасып, қаңқа сүйекке, қан тамырлары адырайған жалаңаш мүсіндерге толы бірнеше бөлмелі зәулім кабинетке енгенде де үн қатпады. Терезесі күншығысқа қараған түпкі бөлмеге кіргенде барып:

- Синьор Палетелли, отырыңыз, - деді креслоны нұсқап.

Журналист осынша байлық пен сән-салтанаттың ғылым адамына қанша қажеті болғанына түсінбей, қабырғадағы алтын рамаларға салынған Рубенстің "Арыстан аулауы" мен Брюлловтың "Помпейдің ақырғы күніне" т.б. толып жатқан портреттерге, сувенирлерге, асыл тастармен әшекейленген парсы кілемдеріне, доктор Бейкердің мәрмәр тұғыр үстіндегі от сәулесіндей жарқыраған алтын бюстіне таңырқай қарады. "Шамасы сыйлықтар тұратын бөлме болды ғой" деп ойлады ішінен.

Доктор Бейкер креслоға шалқая отырып, галстугін кеңейтті.

- Синьор Палетелли, - дей берді де, әлдене есіне түскендей, - тоқтай тұрыңызшы, - деді ойланып. - Сіз осы "Юнескоға" жазып тұратын Ливино Палетелли емессіз бе?

- Дұрыс айтасыз, соның өзімін.

- Иә, иә!.. Сіздін саяси тақырыпқа жазған бірнеше мақалаңызды көргенмін... Рас... толық оқып шығуға мүмкіншілік болған жок. Дәлірек айтсам, уақытым болмады. Уақыт дегеніңіз алтыннан қымбат болып тұрған заман ғой қазір. Ал енді құлағым сізде.

- Доктор! Сіздің медицина саласындағы ұлы жеңістеріңіз сізге дейінгі тарихтағы ғалымдардың ешбірінде болып көрген жоқ. Осы бір әлдеқашан мойындалған ақиқатты әркім өзінше дәлелдейді. Біреулер сіздің басыңызға қонған ерекше бақыт десе, біреулер уақыт тудырған құбылыс деп қарайды. Енді біреулер дәлелдеуге сыймайтын мистицизмге тірейді. Мұның бәрі де сайып келгенде бірыңғай біржақты пікірлер деп ойлаймын. Дегенмен осы жайында өзіңіз не айтар екенсіз?

- Тегінде адамның өзі жайлы сөйлегенінен қиын нәрсе жоқ... Әлгі айтылған "біржақты" пікірлер жайлы да ештеңе айтқым келмейді, - деді доктор солқылдақ креслода тербелген күйі асықпай сигарын тұтатып. - Шындығында белгілі бір құбылыстың бір ғана себебі болуы мүмкін емес. Тарихи себеп, әлеуметтік себеп, биологиялық себеп, физикалық себеп... м-м-м, философиялық себеп, тағы сол сияқты дегендей, толып жатыр ғой. Ал творчество адамын биікке шырқататын құдіретті күштер - білім, еңбек, ерік күші және интуиция. Ұлы жаңалықтарда осының ең соң­ғысы басым болады... Ал маған келетін болсақ, менің творчестволық методымда бір ғана өзгешелік бар. Ол - шектелу. Яғни... қалай деп айтсам екен... өз бойыңдағы барлық күш-қуатыңды бір нүктеге қадау. Медицинада мыңдаған нүкте бар. Мен қалған нүктелерге көңіл аудармаймын. Сіз сенесіз бе? - деді кенет доктор күлімсіреп. - Мен медицинаның кейбір қарапайым мәселелерінен түк сезбеймін. Иә, иә, бір өтірігі жоқ. Есесіне, мен маңызды нүктелерді жақсы айырамын. Сондықтан да осы уақытқа дейін менің алдымнан о дүниеге аттанған ешкім жоқ.

- Азаматтық борыш пен ғылыми мақсат жайлы не айтасыз?

- Бұл екеуінің арасында қайшылық бар дегенге мен тү­сін­бей­мін. Борышым - жалпы адамзат мүддесіне қызмет ету. Сондық­тан да менің объектілерім - бұған дейін медицинаға берілмей кел­ген ең басты, қатерлі кеселдер. Менімен 10 жыл бойына жекпе-жекке түскен сол дертке барша адамзат дауа күткелі қай заман! Альберт Нобель бәйге тіккеннен бері де осы дертке шипа із­деп, басын байлаған қанша ғалым өтті! Қанша уақыт өтті! Қан­ша­ма ұлы адам құрбан болды. Бірақ мен жүрексінгенім жоқ. Жау­ласпаққа дәл осы қатерлі дертті, "ақиқат ажалды" таңдап алдым. Гете шал айтқандай, орындалған ұсақ мақсаттан орындалмаса да биік мақсат артық қой қашанда. Ақыры, мен жеңдім... Мақсатыма жеттім!.. Рас... - Доктор аузына дәмсіз бірдеңе түсіп кеткендей бетін тыжырайтып, үндемей қалды да: - Рас, - деді тағы да. - Адамзаттың бір маған тіреліп тұрған ештеңесі жоқ. Мен болмағаннан ештеңесі әдіре қалып, құрымас та еді. Сөйтсе де... - Доктор Бейкер сөзін аяқтаған жоқ. Сигарын сорып отыра берді.

Журналист доктордың қызылкүрең, ашаң жүзіне қарап отырып, швейцар шалдың "... араб дейді, еврей деп біреу айтады" деген сөзін есіне түсірді.

Доктор Бейкер креслосын тағы да тербеп жіберді де:

- Сосын не айтуға болады? - деді қолын жайып. - Мақала жазсаңыз осыларды толықтырып, бірдеңе дей саларсыз.

- Сізге тағы бір сұрақ. Өз мемлекетіңіздің өзге халықтармен қарым-қатынаста ұстап отырған саясатына қалай қарайсыз?

- Синьор Палетелли! - деді доктор қатқыл үнмен. - Мен саясатпен айналыспаймын!

Журналист төмен қарап, үндемей қалды да:

- Саясат Оппенгеймердің даңқына зиянын тигізген жоқ қой, - деді ақырын ғана.

- Ал сіз маған Оппенгеймердің саяси қайраткерлігінен адамзатқа тиген игілікті айтып беріңізші. Иә, иә, айтып беріңізші. Ол бөгемек болған зұлымдықтың дәмін халық бәрібір татты. Нәтиже бермеген әрекеттің бәрі әурешілік деп қана аталады. Тарихтың өз заңы, өз стихиясы бар. Оны бұзуға сіз бен біздің шамамыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін шығынсыз сәттіліктен ғана тұрса деп тілеудің өзі қандай аңқаулық десеңізші! Тарихтың мына тұсында бәленше бүйтіп қателеспегенде жағдай басқаша болатын еді деу, алғашқы дәуірдегі динозаврлар табиғат кенет суытып кетпегенде құрып кетпей, тірі қалатын еді деген секілді қиял ғой. Болмаса, сол мұз дәуірінің басталуының өзі белгілі бір қажеттіліктен туып отырған табиғи жәйт емес пе! - Доктор сағатына қарады да: - Қарсы болмасаңыз, осымен әңгімемізді доғарайық, - деді. - Менімен бір партия шахмат ойнауға қалайсыз?

Ол осыны айтып, өзіне ешкім қарсы келіп көрмеген дағдымен жауап күтпей, кнопканы басып, шахмат әкеп тігуге қызметшісін шақырды.

Доктордың тастан қашалған әлпеттей, жадырап, ия түнеріп, құбылыс білдірмейтін, бедірейген көсе жүзі мен қатқыл жанары, пенде баласына оғаштау, өктем мінезі, ақырында ақ-адал еңбекпен емес, әлдеқалай құпия қарақшылықпен қолға түскен қисапсыз қазынаға ұқсас, бір адам бойына сыйғызуға келмейтін ғылыми табыстар - өңкей бір сәттілік - осының бәрі ұғымды ауырлатып, әлдебір ақылдан тыс тылсым күшке, түсініксіздікке әкеп тірейтін. Журналист өзінің болашақ мақаласында доктордың характерін ашу үшін осы түсініксіздік пен қаталдықты негізгі штрих етіп алсам да жарап жатыр-ау деп ойлады. Содан кейін ұсақ детальдар үшін қажет болар деп, үй ішіндегі бұйымдарды, олардың орналасу тәртібін мұқият қайта қарап шықты.

- Жүріңіз, - деді доктор "корольдің" алдындағы пешкасын екі орынға жылжытып.

Журналист те пешкасын екі орынға жылжытты. Доктор f2-ні f4-ке жүргенде, журналист d7-ні d5-ке жылжытты. Одан кейін бір пешкасын құрбан етіп, d5-ті тағы ілгері басты.

- Һ-м-м-м! - деді доктор ойнақы, көңілді үнмен. - Фалькбеердің контргамбиті! Өте жақсы!

Доктор Бейкердің шахматты сөйлеп отырып ойнайтын әдеті бар екен. Тегінде ұтуды мақсат қылмайтын секілді. Сол әдетімен:

- Синьор Палетелли, - деді бір тұста шанышқысымен дәмді бірдеңені түйреп алғысы келіп отырған адамдай ферзасын бұлғақтатып, - құдай үшін бірдеңе айта отырыңыз. Дүние жүзінің чемпиондығына таласып отырмаған болармыз.

Синьор Палетелли күліп жіберді. - Оныңыз рас. Бірақ не айтқанды қалайсыз?

- Өте жақсы, біз онда былай қорғанайық, - деді доктор С2-ні СЗ-ке қойып. - Дүниеде болып жатқан жаңалықтарды көп білесіздер. Көп көресіздер. Соның бәрі әңгіме.

- Оныңыз рас, - деді журналист тағы да. - Мен өте көп жүремін. Әр түрлі оқиғаларға кезігем. Бірақ оның бәрі сізге ұнамауы мүмкін.

- Ештеңе етпейді. - Доктор ферзасын корольдің алдына жүрді.

- Ұнамауы мүмкін, - деді журналист сөзінің аяғын қайталап. Соны айтты да "атын" пешканың алдына шығарды. - Себебі менің саяхат сайын көріп қайтатындарымның бәрі көңіл жабықтыратын, аянышты уақиғалар.

- А-а, солай ма?

- Иә, доктор, дәл солай.

Доктор Бейкер қарқылдап күліп жіберді де, оң қанаттан ракировка жасады.

- Қайтеміз енді. Анда-санда жабығып алған да дұрыс шығар. Табиғат берген құбылыстың бәрін адам баласы аңсауға тиісті. Мейлі ол қуаныш болсын, мейлі уайым болсын. Үйткені адам үшін ең жаманы - зерігу. Зерігуден басқаның бәрі салыстырмалы түрде айтқанда түгел жақсы.

- Сонымен сізге көңіл жабықтыратын әңгіме керек қой?

Доктор ұзақ ойланып отырып қалды да, кенет қуанып кетіп:

- Шах!.. - деді. - Иә, көңіл жабықтыратын бір әңгіме айтыңыз...

Журналист корольдің алдын пілмен бекітті.

- Біздер үшін ел аралаудың ең алдымен саяси мәні қымбат. Әр түрлі халықтардың тарихымен, әлеуметтік жағдайымен, дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен танысамыз. Соңғы сапардан жинаған материалдарымды жинақтап отырып, мен жақында мынандай бір пікірге келдім. Жалпы болашақ атау­лы бәрімізге бірдей және бірдей қажет десек те, жеке адамдардың тілек-мақсаты, мұң-мұқтажы бір-біріне ұқсамайды ғой. Айталық біреу - аш, екіншісі - жалаңаш, үшіншісі - ауру. Аш адамға тамақ керек, жалаңашқа киім, ал ауруға тек дәрі керек. Олардың қажеттерін шатастырып үлестіруге болмайды. Халықтар да сол сияқты... Біреудің мұқтажы біреуге игілік боп жарымайды. Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияны ту етіп, адамзат мүддесі деп даурығып жүргеніміз - үстемдік құрып отырған төрт-бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді.

- Сіз жүрмей қойдыңыз ғой.

- Кешіріңіз! - Журналист бір сәт шахмат тақтасына аңтарыла қарады да, қолайлы ештеңе таппағандай шеткі пешканы ысыра салды. - Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері - экономика емес, мораль болатын кез жетті емес пе?! Айтыңызшы.

- Шах! - деді доктор.

- Әлбетте солай болуға тиісті, - деді журналист корольді асығыс атпен жаба салып. - Бірақ іс жүзінде олай емес. Бір халықтың ар-намысынан бір доллардың ықпалы күшті. Біздер халық үшін деп әуелі тамаша бір идеяларды тауып аламыз да, артынан сол идея үшін халықтың өзін құрбан еткіміз келеді.

- Мұның бәрі рас болуы мүмкін, бірақ сіз айтқандай көңіл жабықтыратындай аянышты әңгіме емес...

- Рас, - деді журналист келісіп. - Аянышты халді мен тек соңынан көрдім. Тіпті соғу ойымда жоқ еді. Аяқ асты шешілді... Біз түнгі сағат 5-те келдік... Одан тағы да самолетке отырып, үш сағат ұштық. Мен осы ғұмырымның ішінде мұндай керемет табиғат көркін кездестірген емеспін... Жер беті көз тұнған көк жасыл бірдеңе. Сан салаға бөлінген өзендер дененің құжынаған қан тамырындай жүз тарам болып айқасып жатыр. Енді оны тілмен айтып...

- Сіз осы қай жерді айтып отырсыз?

Журналист "сонда мен бағанадан не айтып отырғанмын" дегендей докторға көзілдірігін алып, таңырқай қарады.

- Амазонка ғой. Бразилияға барғанымды айтам.

- А-а? - Доктордың көзілдірік жақтауынан асып тұрған биік қабағы дір ете қалды. - А-а, иә, айта беріңіз.

- Біз ньямбикуара тайпасының территориясына қондық. Олардың біразы сондағы американдық миссионерге жалданып жұмыс істейді екен. Мынаны қараңызшы, миссионерге Нью-Йорктан немере інісі келген. Жолай суық тиіп, тұмау болыпты. Соның әкелген тұмауынан бір күнде 50 индеец өлген. "Менің балаларымның ыстығы көтерілсе, бүкіл тайпаның қыл үстінде тұрғаны" дейді миссионер. Индеецтер үшін тұмау ең қауіпті жұқпалы аурулармен бірдей көрінеді. Мен сол арада тұратын дәрігер жігіттің көмегімен Мату-Гроссу штатындағы бірнеше тайпаның мекенін араладым. Индеецтер отанын қазір "Жасыл тозақ" деп атайды. Бірақ Амазонканы тозаққа айналдырған улы жыландар мен ауру тарататын масалар емес, түпсіз құрдым батпақтар мен ажал көлдері де емес, адам жегіш балықтар мен каймандар да емес... кәдімгі цивилизация мен мәдениет апармақ болған "ақ ниетті" ақ адамдар. Мына сіздің...

- А-а! - деді доктор тағы да естімей қалғандай.

- Мен алғашқыда жергілікті тайпалардың этнографиясы, әдет-ғұрпы, салт-жоралары туралы жолжазба стилінде көлемді мақала жазбақ болғам. Бірақ мен кеш қалыппын. Тайпалардың көбісі жер бетінен мүлде құрып кеткен. Мәселен Арипуана өзенінің бойындағы цинта ларга тайпасын пулеметпен қырыпты. Кейін самолетпен жүріп тексергенде бір де бір индеецтің тірі қалмағаны айқындалған. Әрине, оның бәрін жасап отырған - сол жердегі каучук фабрикасының қожасы. Оның қаруланған бес бандитті 800 долларға жалдағаны да айқындалған. Бірақ бұл қылмысты айыптауға ешкімнің шамасы жетпейді. Үйткені ол жоғар­ғы үкімет орындарымен байланысып жатқан құпия әрекет. Ал тапаюна тайпасына не істеген дейсіз ғой?.. Тапаюнаға мышьяк қосылған бірнеше жәшік қант сыйлаған. Кейбір деревняларда лашықтарға кіріп, семья бас сайын үлестіріпті. Бір жетінің ішінде тапаюна да жоқ болған. Содан кейін кезек паташоға келеді. Деревняға жалған дәрігерлер келіп, әр адамға екі екіден укол салған. Шприцтің ішінде кісі өлтіретін шешек вакцинасы бар. "Паташо шешектен өлді" деп жазыпты кейін кейбір этнографтар. Бәрі рас: паташо індеттен қырылды. Бірақ індет қолдан жасалды ғой... Нәсіл құрып барады. Ақ адамдар джунгли ішінде ең соңғы индеецтерді аулап жұр.

- А-а? - деді доктор Бейкер үшінші рет қайталап. Сөйтті де қолы қалтырап, ұстап тұрған "атын" тақтаға қарамастан жылжыта салды.

- До-ок-тор! Ат бұл араға келе алмайды ғой!

- О, не... Ах, кешіріңіз... Мен тіпті қате жүріппін ғой. - Доктор атты екінші рет жүрді.

- Бұл араға да келе алмайды.

Доктор Бейкер есінен жаңылған адамша не істерін білмей, шахмат тақтасына мелшие үңіліп, отырып қалды. Журналист докторға таңырқай қарады да:

- Бәлкім мында жүргіңіз келген болар, - деп қолынан атты алып, І4-ке қойды.

- Рахмет... синьор Палетелли!.. Мен... дәл сол жерге жүр­гім келген... Айта беріңіз.

- Қазір ғалымдар тек өлген тайпалардың этнографиясын жазуда. Тек естігендерін жазуда, әрине. Үйткені растайтын бір де бір куә жоқ. Жақында тағы бір араку тайпасының құрып біткені айқындалды...

- Немене? - деді шүберектей боп-боз болған доктор орнынан тұра беріп.

Журналист докторға үрейлене қарады.

- Араку тайпасы...

- Сосын, - деді доктор қырылдап.

- Араку тайпасынан да бір де бір адам қалмаған. "Неден қырылғаны белгісіз, мекенжайлары қаңырап бос қалды" деп жазды.

Доктор соқыр адамша креслоның жақтауларын сипалап, біртүрлі меңіреуленген күйі қайта отырды.

- Сонда олардың жазығы не? - деді журналист әңгімесін сабақтай. - Бразилия орманында жаратылып, өсіп-өнгендігі ме? Әлде қисапсыз байлығы ма? Иә, иә, дәл солай. Бұл күнде жердің кеңдігі мен байлығы да халықтың сорына айналған. Болмаса XVІІ ғасырда темірден зат жасап, мәдениет құрған, Пастерге дейін жыланның уына ем ойлап тапқан, Европаға картоп пен помидор егуді, қызыл бұрыш пен темекі егуді үйреткен 2 миллион индеецтен бірнеше жүзі қалғанына кім жауап береді? Ғалымдардың айтуынша, енді он жылдан кейін бір де бір индеец қалмайды. Қалса, тек зоопаркке қоюға бірді-екісі қалуы мүмкін. Менімен айтысқан бір миссионер: "Олар қолдарына түскен тұтқындарын жейтін көрінеді ғой" деп жаз­ғырды. Бүкіл Бразилияда адам етін жейтін бір де бір тайпа жоқ. Ол - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сонда шын мәніндегі адам жегіштер кімдер болып шықты?! - Журналист қалтасынан сигарет алып тұтатты да, көкшіл түтін арасынан сығырайып, кінәлаған адамдай докторға қарады. - Мен осылардың бәрін құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. Көрдім де бұл бүкіл адамзаттың арына басылған өшпес қара дақ деп түсіндім. Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. Өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады. Халықты өлтірушілерге адам­ға біткен санамен қандай жаза ойлап табуға болады, доктор Бейкер!

Доктордың бұдан әрі тыңдауға шамасы жетпеді. Тағы да соқыр адамша сипалап жүріп кнопканы басты да, қызметшісіне:

- Синьор Палетеллиді шығарып салыңыз, - деді кекештеніп.

Содан кейін ол журналистің қалай қол беріп қоштасқанын, жайсыз әңгіме айтып, көңіл-күйін бұзғанына кешірім сұрағанын, шығып бара жатып қалпағын түсіріп алғанын аңғарған жоқ.

Есік баяу сықырлап, сыртынан жабылғанда доктор есінен танды.

Доктор Бейкер құрысқан саусақтарын қызметшісі сындыра жазып жатқан кезде есін жиды.

- Мырза, мен дәрігер шақырттым, қазір жетуге тиісті, - деді абыржыған қызметші доктордың жүзіне үрейлене қарап.

Доктор Бейкер қалтасынан орамалын алып, тер бұршақтаған маңдайына басты. Басын салбыратып, ойланып отырды да:

- Дәрігердің қажеті жоқ, қайтара сал, - деп қызметшісін шығарып жіберді.

Доктор мелшиіп ұзақ отырды. Талма ауруына ұшыраған адамдар есінен айырылып, оянғанда мидың қайсы бір бөліктерінде жаңғыру процесі пайда болып, әлдеқашан ұмыт болған оқиғалар, ұсақ детальдар, тіпті айы, күні, сағаты, минутына дейін айқындалатынын ол бұрыннан білетін. Тап қазіргі ақыл-ойындағы әлдебір жаңарған айқын елестерді де сондай сәтке ұқсатты.

Ол қалың том кітаптың арасынан жабылып кеткен бір парақты іздеген адамдай, уақытты кері санап, түгендеп жатып, кенет кілт тоқтады.

Цивилизация әлемінің - Нью-Йорктегі 100 қабат үйлер мен жарқылдаған жасау бұйымдардың өлшеусіз салтанаты мен дабыра қошеметтің, әлемге әйгілі болған даңқ пен ғылыми табыстардың, талантына бас ұрған сансыз тобырдың аһ ұрған даурықпасының тағы сол сияқты өмірдің ойлануға мұрша бермеген әр түрлі алданыштарының астында әлдеқашан ұмыт болып, өлдіге саналған бір тіршілік әлдеқалай жан бітіп, қыбыр еткендей болды. Және ол - о дүние мен бұ дүниенің ара қашықтығындай алыста, тым алыста қалған тіршілік еді. Доктор Бейкер сол сәтте адам баласының ұзақ ғұмырында бір-ақ рет кездесетін, болмаса кездеспей де кете беретін айрықша тағдыр қалтарысына тап болғанын және ендігі ғұмыры осы қалтарысқа байланысты екенін түсінді.

ІІ

Анасынан шыр етіп жерге түскенде әкесі оған Кияку деп ат қойды. Әкесі Чоро осы төңірекке әйгілі бақсы болатын. Бірақ көп ойланып жатпастан әшейін "Кияку" дей салды. Үйткені атта тұрған түк жоқ деп ойлайтын.

Үш жасқа дейін қалай өмір сүргені Киякудың есінде жоқ. Әйтеуір осы мекендегі көп баланың бірі болғандықтан, ол туралы жобалап былай деуге болар еді.

Кияку атам заманнан араку тайпасы мекен еткен ағысты, лай өзен­нің жағасында, төбесі банан, пальма жапырақтарымен жа­был­ған қаракөлеңке лашықтың ішінде қызыл шақа күйінде дүниеге келді. Үй ішіне қосылған екінші баланың қуаныш тойы, ырым-сал­ты әсіре-дабырасыз, әдеттегідей біркелкі салтанатпен өтті. Одан кейін Кияку өзге сәбилер секілді емшек іздеп, жылайтын бол­ды, шықылықтап күлетін болды. Барлық сәбилер секілді ол да сүйкімді болды. Оны көбіне естияр ағасы арқалап жүретін. Ар­қа­лап жүріп, ұзақ жолдан оралған балықшылардың алдынан шы­ғатын, егістікте жеміс теріп жүрген әйелдерге баратын. Шешесі Киякудың өзін танып ұмтылғанына қуанып, мәз болатын.

Екі жасында оны көрші үйдің өзімен жасты бұйра бас қызымен атастырып, аймақтағы лашықтарды шақырып, жоралғы жасады. Өстіп Кияку есін білді. Үш жастан былайғы өмірі оның жадында үзік-үзік елес күйінде, үрейлі иә қуанышты, болмаса түсініксіз, келте сәт күйінде, одан кейін біркелкі, жүйелі тіршілік, ұзын сонар оқиға, қат-қабат қақтығыс, қарекет, уайым, бақ-дәулет күйінде тұтас сақталыпты.

Киякудың туған жері - ақпа өзеннен қол созым жердегі қалың ағаш төбесінен сүмбідей шаншылған күн сәулесінің арасымен сүрлеу қуалап, ашық алаңға шыққанда бір-ақ көрінетін лашықтар тізбегі-тін. Өзеннің бұл қабаты қалыңға кеулеп енген шығанақ тәрізді жайылма тұс. Иірімге ересек балалар ау құрады, тасбақа аулайды. Ағыс айдап шыққан ұсақ балықтар, кейде жалпақ тұмсық тукунарестер, күлгін пинтадастар да балдыр арасынан жондары жылтырап көрініп тұрады. Бірақ неге екені белгісіз, үлкен кісілер балық аулауға екі-үш күндік алысқа кететін. Кейде одан да көп, бірнеше күн жоғалады. Ақырында ағыс бастауынан көңілді қиқу естіліп, балалармен бірге жарыса жүгіріп, (найза, қорап ауға оралған балық арқалаған, ұзындығы кісі бойынан астам қызғылт таңбалы зілдей пиракуруды төрт-бесеуі әрең көтеріп келе жатқан балықшыларды көргенде таңғажайып бір шат сезім бойға тарап, бақытты қылушы еді. Балалар маймылдарша шу-шу етіп, секіріп, бір-бірімен алысып, лашықтарға жеткенше мейрам күнгідей думандатып келетін.

Бұл кезде алаңға жұрттың бәрі жиналады. Шалдар да, кемпірлер де, бала көтерген әйелдер де, найза лақтырып, күресіп жатқан жастар да, іңір түспей отты қоршап, темекі түтінін бұрқыратып, күндізгі жақсылық рухын шығарып салып тұрған бақсылар да шаруаларын тастап, балықшыларды қарсы алады.

Ымырт меңдеп, қараңғы түседі. Жын-перілер жайлаған түн баласында лашықтан шығып, қам ойлайтын тірі жан некен-саяқ.

Кияку аспалы төсегінің үстінде етпетінен жатып:

- Әкем қашан келеді? - дейді оттың түбінде жеміс тазалап отырған шешесіне. Содан кейін "ертең" дейтін жауабын күтіп, үндемей қалады.

- Ертең, - дейді шешесі.

Кияку бір бүйіріне аунап түсіп, "ертең" дейді ішінен. Көз алдына темекі түтінін бұрқыратып, шөп қайнатып отырған әкесін елестетеді.

Әкесі - басына бақ қонған көріпкел, тәуіп адам. Қаршадайынан әлде бір сиқыршылар тайпасының арасында өсіп, бақсы-балгерліктің сырын ұғыпты деседі. Сондықтан оған бүкіл аймақтағы жараланған аңшылар, дертке шалдыққан, қарғыс дұғасы атқан ғаріптер, тіпті күйеуін қызғанған әйелдерге дейін келіп, шипа тілейді. Бірақ әкесі тәңірі жолына берілген тақуа адам болғандықтан, от басында отыруы аз. Жаңбыр тасқыны басылысымен арқасына дорбасын асып, ағаш жапырағынан жасалған қайығына отырып, ұзақ сапар­ға аттанады. Қалың орман, тау-тасты аралап, дуалы дәрі жасайтын шөп, жапырақ, тамыр іздейді. Тек толық ай мейрамына бір күн қалғанда тойды елмен бірге өткізу үшін қайтып оралатын. Одан тағы кетеді.

- Кияку! - дейді шешесі мұның ұйықтамай жатқанын сезіп. Кияку ұйықтап жатқан боп көріну үшін дыбыс бермейді. Шешесі жанына келіп, шашынан сипайды. Кияку басын көтеріп, шешесінің таңғажайып рақат сезіміне бөлейтін мейірбан, мұңды көздерін көреді.

- Ұйықта! - дейді шешесі шашынан еркелете жұлқып. Кияку екінші бүйіріне аунап түседі. "Қашан келеді?" - дейді ішінен. - "Ертең"... "Ертең, ертең"...

* * *

Толық ай мейрамының қарсаңы қашан да қарбалас. Күн көтеріле тайпа көсемі Айруа бақсылар мен кәрі шалдарды жиып алып, бөренелер қойылған алаңда кеңес өткізді. Са­йыс, жарысқа дайындалып жүрген жастардан басқа еркек атау­лы, тіпті балаларға дейін, денелерін бояп, маска жасап, әйелдер нан пісіріп, жеміс шырынынан сусын дайындап, той жабдығына кірісуде. Аңда-санда лашықтар ішінен сыбызғы үні естіледі.

- Кияку! Кияку! Сариді шақыр. Тамақ ішсін.

Бір топ баланың ортасында үюлі құммен ойнап отырған Кияку үн-түнсіз орнынан тұрып, кішкене қолдарын баяу сермеп, жалғыз аяқ жолмен жағалауға қарай жүрді. Ағасы Сари сонау айғай-шу шығып жатқан тұста, ойын-сауықтың ішінде жүр. Қазір бұлардан бөлек, шеткі, үлкен лашықта бойдақ еркектермен бірге тұрады. Өзіне айттырған қызды менсінбей, басқа қызға үйленем деп, бұрын да бірнеше рет бағын сынаған. Бірақ көрер көзге елден үздік шығар ештеңесі жоқ, қарапайым, талдырмаш жігіт аңға, балыққа барғанда ешбір ерлік көрсете алмағансын, тайпа көсемі үйленуге рұқсат бермей қойды. Енді ертеңгі бәсекеге түсіп, тағы бір рет бағын сынамақшы. Кияку қаз-қатар тұрып, кезекпен найза лақтырып жатқан жігіттердің қасына келді де, келген шаруасын ұмытып кетіп, біраз тұрды. "Ақ шағала" белгісімен боянған ұзын бойлы жігіт: "Саған не керек?" - дегенде барып, есіне түсіп:

- Ағамды шақыршы, - деді.

- Сари-и-и! - деп айғайлады ұзын жігіт. Қауырсын қалпақ киіп, белдігін қызылмен бояған Сари найзасын көтеріп, оңтайланған күйі Киякуге бұрылды.

- Не?

- Тамақ іш.

Сари жүгіре түсіп, найзасын жіберіп қалды да, жерге қонған құстай қолын жайып, жалғыз аяғымен секектей, найза түскенше қадала қарады. Содан кейін жалт бұрылып, лашық жаққа жүгіре жөнелді. "Шіркін, Сари үйленуге рұқсат алса" деп ойлады жолай Кияку. Үйткені ол үйленсе, әкесінің де, шешесінің де қуанатынын, олар қуанса, өзінің де қуанатынын жақсы білетін. Кияку лашыққа кіргенде шешесі мен Сари ертеңгі тойдың басы қылып, отқа пісірген балықпен, нанмен тәтті сусын ішіп отыр екен.

- Балам, - деді шешесі Сариге қарап. - Өзіңді өзің қинамай, осы азабыңды қойсаң қайтеді?..

Сари наннан екі-үш рет қауып асады да, түйіліп қалмас үшін сусыннан қылқ еткізіп бір жұтты.

- Сари Томуэні жақсы көреді, - деді. Содан кейін сусыннан тағы бір жұтты.

- Саған бәрібір рұқсат етпейді.

- Сари Томуэні жақсы көреді... - Сосын ұмытып қалмайын дегендей тағы да "Сари Томуэні жақсы көреді" - деді шығып бара жатып.

Түс ауа бес күндік сапардан оралған балықшыларды қабылдау салтанаты болды. Сыбызғы үні күшейіп, тойдың асынан дәм тату үшін еркектер далаға шыққанда, салт бо­йынша оларды көрмеу үшін әйел атаулы бірі қалмай лашықтарына енді. Еркектер асықпай тамақтарын ішіп болып, маскаларын бітіріп, оларды кәде лашығына апарғаннан кейін ғана әйелдер сыртқа шықты. Осы кезде тайпа көсемі Айруа бастаған топ - көсемнің әйелі, бала-шағасы, жақын-жұрағаттары сарнаған сыбызғы үніне әндете қосылып, лашықтарды айналуға кірісті.

- ... Қасиетті періштелер рухы,

Бәрімізді желеп-жебей гөр.

Бәрімізді, бәрімізді, -

деп гүрілдеді ерлер дауысы. "Жебей гө-ө-р", - деді көсемнің ұл-қыздары жіңішке дауыспен тым-тырақай қосылып.

- Сыбағамызға бөлген

аңға толы нуың үшін,

балық толы суың үшін,

Мың да бір рахмет, жаратқан ием!..

- Мың да бір рахмет, жаратқан ием! - деп шулады жұрттың бәрі.

У-шу боп, қуанған балалар жүгіріп, көсем бастаған топқа қосылып кетті. Кияку қосылған бетте біреуінің қолынан ұстай алып еді - көсемнің кіші қызы Кумба екен. Жымиып Киякудың саусақтарын ақырын қысып қойды.

- Қасиетті күннің нұры,

Жұртымызға пана болған,

Сенен асқан құдіретті ешкім жоқ...

- Ешкім жоқ! - деп әндетті Кумба Киякуге қарап. Содан кейін күліп жіберді де, шешесі мен Киякудың қолын ұстата салып, өзі топ ішіне еніп кетті.

- Аңға толы нуың үшін,

Балық толы суың үшін...

Мың да бір рахмет!..

Көсемнің әйелі әлден соң қолында келе жатқан қызы емес, Кияку екенін көргенде керемет таңқалды.

- Қызым қайда, жаратқан-ау?!

- Мың да бір рахмет! - деп әндетті Кияку жауап ретінде.

Сыбызғы үндері көбейіп, күшейіп кетті. Соңғы лашықты айнала бергенде біреу Киякудың қолынан ұстай алды. Қолы өзінің қолындай кішкентай екен. Жалт қарағанда күліп тұрған Кумбаны көрді. Екеуі түк себепсіз сықылықтай күліп, кәде лашығына жеткенше қол ұстасып бірге келді.

- Кумба, - деді Кияку.

- Кияку, - деді Кумба. Сосын Киякудың жалбыраған шашынан ақырын ғана жұлқып қалды.

Ұзамай ымырт жабылып, әйелдер мен балалар лашықтарына кірді. Бірақ ән мен әуен тоқтаған жоқ, сыбызғы даусы ертеңгі нағыз ұлы мерекенің таяп қалғанын сездіргендей тынымсыз безілдей түсті.

Кияку аспалы төсегінің үстінде көзін жұмып, ойланып жатыр. Ұйықтап қалмас үшін анда-санда көзін ашып, қозғалып қоя­ды. Бүгін әкесі келуге тиісті. Ұзақ жолдан қайтқанда қалай да то­лық ай мейрамына ілігуші еді. "Неге жоқ, неге?... Қайда жүр? Ә? Әлде бір жерде... " Кияку қабағын қатты тыржитып, әрі қарай ой­ламауға тырысты. Бар бәле ойлағаннан дейтін әкесі. Ойламасаң түк те болмайды. Ендеше тек жақсылыққа жорып ойлау керек.

Жердегі тері төсеніш үстінде жатқан шешесі басын көтеріп, таяқпен қоламтаның шоқтарын ашып, лашық ішіне күңгірт жарық түсірді.

Бір сарынды сыбызғы әуені басылар емес. Анда-санда бірнешеуі жаппай қосылып, ырғақтарын жиілетіп, құтырта ойнайды. "Билеп жатыр" - дейді ішінен Кияку. Біраздан кейін құлағы үйреніп, сыбызғы даусын сезбей кетті. "Қолы қалай жұмсақ!... - деді есіне Кумба түсіп. - Көзі қандай әдемі!.. Ә! Өзі неге күле береді?.. Аты неге Кумба?... "

Шешесі көсеуді жарқыраған қоламта жиегіне жатқызып, жылжып төсегіне барды. Қисайған жоқ, басын тізесіне қо­йып, мүлгіп отыр.

"Қолы жұмсақ... Неге күледі?.. Көзі... неге?... "

Кияку ұйықтап кететінін сезген жоқ. Әлдеқандай жағымсыз естілген сыбырдан оянды.

Лашық іші қап-қараңғы. Сыбызғы үні естілмейді.

-... Неге жылайсың?.. Жақсылық рухы мені тастаған жоқ. Аман қалдым... Рух қашқан күні бәріміз де өлеміз...

Кияку әкесінің даусын танып, жүрегі тулап қоя берді. Қуанғаннан қысылып, алақандары терлеп кетті. Сүйтіп жатып шешесінің жылағанына таң қалды. "Онысы несі?! Неге жылап жатыр?".

- Мың да бір рахмет!... - деді шешесі тұншыға сыбырлап. - Мың да бір рахмет!

- Ақырын, баланы оятарсың... Егер осы жолда өліп қалсам, әкемнің аруағы о дүниеде жолыққанда кешірмес еді...

Шешесі үндеген жоқ. Әкесі де тіл қатпады. Енді не айтар екен деп тыңдап жатып, Киякудың өзі де ұйықтап кетті.

Кияку таңертең барабан мен ышқынған сыбызғы үнінен оянды. Лашықта өзінен басқа ешкім қалмапты. Далаға жүгіре шықты да, есік алдында құрғақ жапырақтар толтырған тоқыма қапшық үстінде отырған әкесін көріп, селк ете түсті. Денесінде сау тамтық жоқ. Жарақат. Бір қолы сынған секілді, кендір жіппен мойнына асып алған. Кеңірдегін тіліп кеткен тырнақ ізі талаурай қызарып, қанды оқиғаның жақында ғана болғанын білдіріп тұр.

Әкесі әрең бұрылып, Киякуды көрді де, тақа деп ишарат білдірді. Бірақ үндеген жоқ, қасына келген Киякудың арқасынан қағып, бара ғой дегендей ым қақты.

Бұл кезде нағыз той басталып та кеткен еді. Еліктің, қабыланның, шошқаның, түрлі құстардың бейнесінде маска киіп алған еркектер сатыр-гүтір билей жөнелді. Қым-қиғаш, ай­ғай-шу, ән, гүмпілдеген барабандар, безілдеген сыбызғы үні... Алаңға әйелдер мен балалар да жиналды. Еркектер қызынып, "ягуар аулау" биіне кірісті. Қара терге түсіп ентігіп, лашық тұсына келгенде әйелдерден балық пен сусын сұрайды. Әйелдер мәз болып күліп жүріп, еркектерге балық, сусын және той нанын әкеп беруде.

Кәде лашығының қасына барғаннан кейін жаппай би бас­талды. Қызылды-жасылды қауырсын қалпақтары көздің жауын алған көсем бастаған шалдар тобы мен көрші тайпадан келген қонақтар алаңның ортасында мерекелік тамақтарды алдарына жайып салып, әңгіме-дүкен құруда. Екі жас жігіт Киякудың жаралы әкесін көтеріп әкеліп, көсемнің қасына отырғызды. Киякудың көңілін мақтаныш сезімі биледі. Шыдай алмай, балалардың біреуін түртіп қалып:

- Көрдің бе, менің әкем жаралы! - деді. Екіншісіне де, үшіншісіне де соны айтты.

- Көрдің бе, менің әкем жаралы! Көрдің бе?

Балалар қызығып, бөрене үстінде отырған топқа қарады. "Шір­кін, қандай бақытты" деп ойлады бәрі де. Жарақат - ерліктің бел­гі­сі. Жарақаты көп жауынгердің жанына ешкім батып бара алмай­ды. Үйткені ол - жүрекжұтқан, әрі тісқаққы, айлакер. Үйткені ол ажалдың түр-түсін бетпе-бет келіп бір рет көрген, екінші көруден қорықпайды. Денесіне жарақат түспеген адам - бұқпа, әлсіз, қорқақ. Ол шын күресті көрмеген, көргісі де келмеген.

Мақтаныш сезімі мен той қызығынан есі шыға қуанған Кияку билеп жүріп, көсем лашығының алдына қалай келіп қалғанын білмей қалды. Кенет есік алдында күліп тұрған Кумбаны көрді де, одан сайын еліріп:

- Балық бер, сусын бер. Бер маған тойдың нанын, - деді айғайлап.

Үлкендерше зіркілдеп, той нанын сұрап тұрған кіп-кішкентай баланы көруге лашықтағылар сыртқа шықты. Әбден шаршаған Кияку бір мезетте аяғы шалынып, етпетінен құлағанда жұрттың бәрі, тіпті, билеп жүрген еркектер де ду күлді. Кумба ішке кіріп, бір балық, жарты шелпек, ұлу қабығына құйылған тәтті сусын әкеп берді.

Күн еңкейіп, ағаш бастарына, лашық төбесіндегі сабанға қызғылт сәулесін түсірді. Бақсылар алаңға от жағып, темекі түтінін бұрқыратып, жын-перілерді қуалап, зікір салды. Күн батысымен сыбызғы үні күшейіп, жұрт улап-шулап, оттың қасына жиналды. Көкжиектен кісі бойы көтерілген толық ай алыс ойпаттардан көрінген орман төбесін, жазық беткейді боп-боз қылып, әлгінде ғана қымтап тұрған қою қараңғылықты әдемі ақ түнге айналдырып жіберді.

- Үйлену кәдесі, - деп хабарлады бақсы. Тағы да би басталды. Көсем бастаған топ шатырлай жанған отты қоршай, қабылан терісінен жасалған төсеніш-бөстектерге келіп отырды. Ел көбейіп, айналаға сыймай кеткендіктен, бірнеше жерден от жағылды.

- Канато! - деп шақырды бақсы.

Орта ягуар таңбасымен боянған, бұлшық еттері білеуленген, санында, арқасында тыртықтары бар, қауырсын қалпақты, ұзын бойлы, жас жігіт шықты.

- Күннен жаралған адам баласына жұптасып өмір кешу - бұйрықты іс, - деді бақсы мінажат қылғандай әндете дауыстап. - Әйгілі қызыл қабыланның бел ұрпағы Канато, сенің қалаған адамың кім?

Канато оттың қарсы бетіндегі мойнына бірөңкей қызыл түсті қауырсыннан алқа таққан, күнге тотыққан, қан-күрең жұмыр денесі от сәулесімен жылтырап көрінген әдемі қызды көрсетті.

- Ендеше көрсет бізге жігіт екеніңді.

Канато жерде жатқан дәу тоқыма қолғапты қолына кие бас­тағанда-ақ Киякудың іші қалтырап қоя берді. Үйткені ол қолғап ішіндегі үлкендігі бармақтай улы құмырсқалардың қалай шағатынын жақсы білетін. Бір тістегеннің өзінде... "Ыбы-бы-бы-ы!". Киякудың тістері сақылдап, тітіркеніп кетті.

Бақсы қолғапты түбінен бірнеше айналдыра мықтап байлағаннан кейін:

- Отқа тақа, - деді жігітті қолынан тартып.

Канато қолғап киген қолын отқа тақады. Содан кейін сүйген қызына тура қарап: - Мен... - дей берді де, кілт тоқтады.

"Шақты, шақты" - деп сыбырласты отырғандар. Бірақ жігіт сыр берген жоқ. Қызға қарап, аппақ тістерін көрсетіп, күліп қойды.

- Мен, - деді сөзін жалғап, - он үш жасымнан аңға шықтым. Бес ягуарды өлтірдім. Тикандармен соғыста арқамнан оқ тиді. Бірақ мен құлағам жоқ, жауырынымнан қадалған садақ оғын жұлып алып, атқан адамды сайысқа шақырдым. Ол қорқып, шыға алмады... - Канато жұрттың бәрін таң қалдырып, тағы да жымиды. - Мен жылан тайпасының ең атақты батыры - Сикуриді жеңіп шықтым... Ұрыс кезінде бір де бір рет қорқақтық жасап көрген емеспін. Мен Тамали қызды жақсы көремін. Сондықтан үйленуге рұқсат етіңіздер!

Жұрттың бәрі жас жігіттің төзімділігіне, айтқан әңгімесіне қатты риза болды. Бақсы қолғапты шешіп алды да, баланың басындай болып ісіп кеткен Канатоның қолын көрсетті.

- Канато! Канато! - деп шулады халық бір ауыздан.

Бақсы Тамали мен Канатоны қатар тұрғызып, бір ыдыстан балық жегізді. Содан кейін үйлену тойын жасауға рұқсат берді.

Ортаға Сари шыққанда той басталғаннан-ақ қорқып жүрген Кияку жүрек тоқтатып, бойын еркін билеген. Және осынысын өзі жақсылыққа жорыды. Сари қолғап киісімен бақсының бұйрығын күтпестен отқа қолын өзі тақап ұстады.

- Мен не айтамын сіздерге... Менің елден асқан ерлігім жоқ... - Саридің бетіне қан құйылып, күре тамырлары адырайып кетті. Мойын еттері жыбырлап, самайынан тер білінді.

- Мен не айтамын сіздерге, - деді Сари алғашқы сөзін қайталап. - Мен батыр емеспін. Мен ягуар өлтірген атақты аңшы да емеспін. Сайыста да жеңбедім. Мен әшейін ел қатарлы балықшымын. Бірақ Томуэні жанымдай жақсы көремін... - Саридің даусы қалтырап кетті. - Маған... рұқсат етіңіздер... Мен тек осы қызға үйленем... Мен тек...

Саридің даусы жалынышты шыққаны сонша, ілкіде жұрт қалай деп қабылдарын білмей, аңтарылып қалды. Содан кейін топтың арт жағында отырған біреу мырс ете түсті. Екіншісі де мырс етті. Содан кейін әлдекім лекіте күліп жіберді де, іле жұрттың бәрі араның ұясындай гу ете қалды.

Бақсы да селкілдей күліп, Саридің қолғабын шешуге кірісті. Сари тағы да жалынышты үнмен бірдеңе деп еді, бақсы онан сайын күліп, басын шайқады.

Тағы да би басталды. Бірақ Кияку билегісі келмеді. Бақсының Сариге рұқсат бермегені оған көрінеу көзге жасаған зорлық секілді. Ол күлген адамдардың бәріне ренжіді. Тіпті жылағысы келді. Сосын орнынан атып тұрып, лашық жаққа жүгіре жөнелді. Ішке кірген бойда төсегіне құлай кетті. Кияку күндізгі биден әбден шаршаған болатын. Сондықта бақсыға да, Сариді келеке қылып, күлген адамдарға да өкпелеп жатып, ұйықтап кетті.

Түсінде үйлену кәдесі қайта басталыпты. Жұрт улап-шулап, Са­риге тағы да қолғап кигізіп жатыр. Кигізіп жатып бақсы: "Кисең болды, ештеңе демесең де рұқсат етеміз", - деп сыбырлап жат­қанға ұқсайды. Осы кезде жұрт оттың басынан тұра қашады. Қол­ғап ішіндегі құмырсқалар Сариді шағып өлтіріпті. Шешесі ша­шын жайып, оттың басында жылап жатыр. Енді бірде қаптаған құмырс­қалар бүкіл елді қуып жүр екен. Кенет Кумбаны талап жат­қан құмырсқаларды көреді. Жүгіріп келіп, қолын ұсынады. Құмырсқалар Кумбаны тастай салып, оның қолына жабылады. Талап жатыр. Қолы ауырмайтын секілді. Тек домбығып, мұз­дап, үлкейіп барады. Кумбаға қарап, күліп қояды. "Ештеңе жоқ, күлуге болады екен ғой" деп ойлайды ішінен. "Жоқ, болмайды, саған болмайды" дейді бақсы бұған жүгіріп келіп. "Неге болмайды?" дейді Кияку кемсеңдеп. Кияку кемсеңдеп жатып оянып кетті. От сәулесі лашық ішін жап-жарық қылып жіберген. Әкесі темекі түтінін бұрқыратып шөп қайнатып отыр. Шешесі ыдыстағы дәрілерді ауыстырып құйып жатыр. Кияку аунап түсті. Қолы астына түсіп, ұйып қалыпты. Дызылдап, қан жүгіре бастады.

- Сари әлжуаз ғой, - дейді шешесі. - Кішкентайынан ауру болды. Тегі ешқашан да үйлене алмас.

- Біздің тұқымда үйленбей кеткен ешкім жоқ, - дейді әкесі қатуланып. - Біздің тұқым ажалынан өлмейді, кек жолында жаудан өледі. Жау қолынан өлмеген еркек еркек емес!..

- У-у-у! У-у-у!!! - Өзеннің арғы бетінен шыққан дауысты кешкі тымық ауа қақпақылдап, мазақ қылғандай бірнеше рет қайталады.

- У-у-у!!! У-у-у!!!

Бөрене үстінде отырған шалдар да, күнделікті күш сынасуға дайындалып, билеп жүрген палуандар да аңтарылып тұрып қалды. Садақ асынған үш жігіт жылдам қайыққа отырып, арғы бетке жүзе жөнелді. Көп ұзамай олар қайтып оралды.

- Ваура тайпасының адамдары қонаққа келеді, - деді көсемге келіп. - Жандарында ақ адам бар.

Көсем лашығына кіріп, қауырсын қалпағын киіп, асыл тас­ты моншақтарын, қару-жарағын асынып, қайта шықты. Содан кейін жиын өтетін алаңдағы, көсемге арналған биік орынға отырды.

Көп ұзамай қонақтар да келді.

Бұл Киякудың ақ адамды өмірінде бірінші рет көруі еді. Күннің ыстығына қарамастан тұла бойын орап қаптап алған, көзінің алдына таңғажайып жылтыр бірдеңе киген (Кияку оның көзілдірік екенін кейін білді) ақ адам жайдары жүзбен қаруы жоқ, құр қолын жоғары көтеріп, достық, бейбіт ниет білдірді.

- Атың кім? - деді оған көсем.

- Пауло, - деді ақ адам.

- Түсінеді екен ғой, - деді көсем ваура тайпасының адамдарына қарап. - Бұл араку тілін қайдан біледі?

- Мейірбан ақ адам көптен бізбен бірге аң аулайды. Нау­куа, трумаи, маинаку тайпаларында да болған.

- Әкең бар ма? - Көсем ақ адамға қайта бұрылды.

- Жоқ, - деді ақ адам ваура тілінде.

- Аты кім?

- Рикардо.

- Шешең бар ма?

- Бар.

- Қай тайпадансың?

Ақ адам өзінің қай тайпадан екенін ұмытып қалғандай сау­сақтарын жыбырлатып, ойланып қалды.

- Қай тайпадан дейсіз бе? - деп қайта сұрады. - Мен ешқандай тайпадан емеспін.

Оның мұнысы өте ерсі жауап болғандықтан, көсем таңыр­қап, маңайына ажырая қарады. Жұрттың бәрі де бір-біріне ажырайысып, таң-тамаша кейіп білдірді.

- Мен... Мен... - деді абыржыған ақ адам. - Ғафу өтінем, дұрыс айтпадым... Мен испан тайпасынанмын.

- Испан?!..

- Иә, иә, Испания!

Көсем ондай да тайпа бар ма еді дегендей сұраулы пішінмен тағы да маңайына көз тастады. Олардың жүздерінен де "ондай тайпа бар ма еді?" деген күмәнді кейіп білінді.

- Қай жерді мекендейсіңдер? - деді көсем.

- Испания ма? Испания бұл жерден қашық, - деді ақ адам қо­лымен күншығыс жақты сілтеп, - Атлант мұхитының ар жағын­да.

- Атлант?! Ол қандай теңіз?

Көсем ұзақ сұрады. Бірақ ешкім ештеңеге түсінген жоқ. "Испан" деген не қылған тайпа? Ол қай жақта? Неге ешкім білмейді? Қадалып сұраған сайын жер, су аттары тым бөгде, жаттанып, қонақтың бір сөзінен бір сөзі қиындай берді. Ақыры сұрақ тоқталып, от басында отырғандар қонақпен сәлемдесуге кезекке тұрды. "Пауло" деп, бәрі де қонақтың атын атады. Ақ адам қолын кеудесіне апарып, жылы жүзбен иіліп, тағзым етті.

Келесі күні бірнеше жігіт ағаш кесіп, жапырақ жинап, ақ адамға лашық тұрғызды. Сырттан садақ асынған бірнеше жауынгер күзетке қойылды. "Ақ адамға ешқашан да сенуге болмайды, - деді ең кәрі шал Янумака. - Ақ адамда жын-перінің рухы бар. Сондықтан оған ешқашан да сенуге болмайды".

Бірақ ақ адам өте мейірбан, ақкөңіл, жомарт жан болып шықты. Еркектерге қағазға оралған темекі, балық аулайтын қармақ, әйелдерге шыны моншақ, бояулы жұқа мата, балаларға тәтті үлестірді. Ал көсемге мылтығын сыйлады.

Пауло аз күннің ішінде тайпа тіршілігіне етене араласып, сіңісіп кетті. Жұртпен бірдей ерте тұрып, өзеннен су әкеледі, киімдерін жуады, балықшылар әкелген олжадан үлес алып, тамақ пісіреді. Кейін балықшылармен бірге балыққа да барды. Тіпті киімдерін шешіп, аракуларға ұсап жалаңаш жүретін болды.

Паулоны қаны сүймеген жалғыз адам Янумака шал. Янумака Паулоның сыйға ұсынған темекісін де алмады. Маңына да жолатпады. Паулоның опа бермейтіні туралы түс көріпті.

- Кесірі тиеді, - деп кейіді ол лашығында отырып. - Ақ адамнан періште қашады... Періште қашса, бақ та қашады. Әруақтар да желеп-жебемейді.

Янумаканың айтуынша, өте ертеде араку тайпасы күнгей беттегі алтын өзеннің қожасы болыпты-мыс. Өзеннің жағалауы да, суы да сап-сары алтын екен. Ауа да жын-сайтандар рухынан ада, өлім-жітімді білмейтін, бейбіт ел болыпты. Бірақ күндердің күнінде бой-басын қаптап алған, жүзі адам шошығандай сұп-сұр, қаңғыбас жанның кесірі тиеді. Сұп-сұр бәле күнгей беттің бәрін кезіп, тыныстайтын ауаны арамдаған соң, сайтандар елінен от шашатын әскер жинап, қалың елді қырып салған. Содан араку елі шегіне-шегіне өзеннің бергі бетіне өтіп, қалың орманды паналап қалыпты. Енді тағы да ақ адамның осы өлкеден балық жеп, су ішуі жақсы ырым емес...

- У-у-у!!! У-у-у-у!!! - Тағы да кешкі ауаға жаңғырығып қайта­ланған қиқу шықты. Арғы беттен дәл сондай жауап қиқу естілді. Көп ұзамай ағысты өзеннің өрінен ваураның қайығы көрінді де, ақ адамды біржола шығарып салу үшін, екі жігіт қайыққа отырды.

- Қош болыңдар, достарым! - деп айқайлады Пауло аракуларға. Сосын өткен жолғыдай жайраңдай күліп, достық ниетпен қолын көкке көтерді.

* * *

Кияку бұдан кейін ақ адамды екінші рет көрді. Бет-аузын жүн қаптап кеткен, тақыр бас, жуан кісі бірнеше серіктерімен келіп, достасу белгісі ретінде көп адамға балыққа құратын ау, кіп-кішкентай, ашып, жабылатын пышақ үлестірді. Көсемнің әйеліне иіссу сыйлады. Жиын алаңында отырып, тайпа басшыларымен әңгімелесті. Қайтарында уақытша жолбасшылық қызметке балықшы шал Тукамоны өздерімен бірге ала кетті. Кейін олар жиі келетін болды. Ұн, тұз, қант, сабын әкеліп, аңның терісіне, моншақ тастарға айырбастады.

Олардың әкелген заттары шынында да кісі таңқалғандай, өте әдемі болатын. Сондықтан ақ адамдардың қайықтары көрінісімен еркектер де, әйелдер де қолда бар бұйымдарын көтеріп, у-шу болып, жағалауға жиналатын.

Жағалауға бармайтын тек Янумака. Янумака - өте қорқақ шал. Сондықтан ақ адамдар келе жатыр деген хабарды естісімен лашық сыртындағы қалың ағашқа кіріп, тығылып қалады немесе лашығының есігін бекітіп, шықпай қояды.

Янумака жас күнінде өте қайратты, айлакер аңшы болған деседі. Бұл күнде әбден қартайған. Күн сайын кешкілік ересек балаларды алаңға жинап алып, араку тарихындағы ұлы көсемдер туралы, тайпалар арасындағы қырғын соғыс­тар туралы аңыз-әңгімелер, ертегілер айтқаннан басқа қолынан келері жоқ. Ертегі тыңдауға Кияку қатарлас кішкентай балаларға дейін жиналады. Кияку шалдың әңгімесін жан-тәнімен беріліп тыңдайтын. Алдында отырған Кумбаның иығына иегін сүйеп қойып, көзі жыпылықтап, әр сөзін қалт жібермеуге тырысады. Кумба әлденеге жалт бұрылғанда екеуі мұрындарымен сүзісіп қалады да, бұлары өздеріне ең бір қызық оқиға болып көрініп, үн шығармай, булығып, ұзақ күледі. Көсемнің ерке қызы шыдай алмай, дауыстап күліп жібергенде бүкіл балалар, тіпті құлағы шала еститін Янумаканың өзі бұларға таңырқай қарайды да, содан кейін ғана екеуі тынышталып, қайтадан ертек тыңдауға көшеді.

- Ертеде, - дейді Янумака тамақ шайнағандай иегін қисаңдатып, - елік пен адам дос болыпты. Елік адамдардың ізгі ниетті, мейірбан екенін білген соң, қашпай, олардың маңайында жүрген. Олар елікке жем беріп, су беріп, асырайды екен. Осылайша әлгі елік өзге еліктерден оқшау, бақытты тұрмыс кешіпті. Бірақ күндердің күнінде қалың орман ішінде адасып, қарны ашқан бір адам әлгі елікті сойып жемек болып, садақпен атады. Қатты жараланған елік, әйтеуір, қолға түспей, қашып шыққан. "Бұл қалай болды, - деп ойлапты елік, - адамдар ізгі тілекті, мейірбан еді ғой. Олар өлтіруге тиісті емес еді ғой. Бұл қалай?" Сонда періштелер аян беріп: "Ей, сорлы елік, сен ағаттық жасап, адам баласымен дос болдың. Олардың ізгі тілекті, мейірбан екені рас, бірақ сенің жарық дүниемен қош айтысуың үшін жүз мейірбан адамның ішінен бір зұлымы болса, сол жетіп жатыр емес пе?!" - деген екен. Елік өз үйіріне жетіп барып жан тапсырыпты. Өлер алдында: "Адамдарды маңдарыңа жолатпаңдар. Үйткені олардың ішінде бір қанішер жүр", - деп өсиет қалдырыпты.

Янумака өзімен өзі болып, ойланып отырады да, ертегіні неге айтқанын түсіндіру үшін қорытынды жасайды. - Біздер сол елік секілді ақ адамдармен дос болдық. Ал олардың ішіндегі бір зұлым біздің түбімізге жетуі мүмкін.

Кейде Янумака балаларды топырлатып, қалың ағаш арасындағы ұшар басына жалғыз банан өскен, биік төбеге әкелетін. Төбеден көз жетер жердің бәрі айқын көрінеді. Таяғына сүйеніп, әрең көтерілген Янумака құмға қисайып, демін алады.

- Бұл, - дейді ентігіп отырып, - бұрын қарауыл төбе бол­ған. Анау жасыл тауды көрдіңдер ме? Соның етегінде қасиетті көл бар. Бес күндік жер. Сол көлдің жағасында өте ертеде Күн атты адам тұрыпты. Қазір күн құдіретті күшке айнал­ған. Бірақ адам болып тұрған кездегі сол орында араку үшін қасиетті бір зат бар. Ол - аң мен балықтың жаны. Су тартылып, ауға балық түспеген кездерде, елік басқа жаққа ауып, жер ескірген кезде араку тайпасы шапағат тілеп, сонда барады...

Бұдан кейін Янумака ормандағы рухтар, о дүниедегі өмір туралы әңгімеге көшеді. Кеш түсіп, ымырт жабылады. Орман алқабы қарауытып, кенет жоғарғы жақтағы ақ адамдардың мекен-тұрағы тұсынан қаз-қатар жылтыраған ғажайып оттар көрінеді. Олар жанған отқа ұқсамайтын, жұлдыздар секілді жымың қаққан, ерекше бір сәулелі, сиқыр оттар еді.

- Тозақ оттары!.. - дейді Янумака күбірлеп, - Тозақ оттары жымыңдайды... Көріп тұрсыңдар ма?.. Тозақтың оты!!! А-а-а!!!

Янумака көздері бақырайып, қырылдаған қорқынышты үнмен: "Әне, әне, әне!!!" деп қолын шошайтып, сүріне-мүріне тұра қашады. Зәрелері ұшқан балалар да тым-тырақай жүгіріп, лашықтарына жеткенде бір-ақ тоқтайды.

Янумака шал сол үрейден ақыры арыла алмады. "Азаның ақыры" мейрамынан кейін, көп ұзамай жыңданып өлді. Жан тапсырар алдында: "Тозақ оттары жымыңдайды", - деп сандырақтапты.

* * *

Атам заманнан өстіп өзді-өзі біркелкі тұрмыс кешкен араку тайпасының тіршілігі міне, дәл осы тұста аяқ асты тас-талқан болды.

Өзен сулары жаңбыр тасқынынан кейін сабасына түсіп, егістікке тұқым себіліп, келесі мейрамға дайындалып жат­қан кез еді. Көсемнің үлкен қызы көрші тайпа көсемінің ортаншы ұлына ұзатылатын болып, бұл өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген бір қызық думан басталғалы тұрған. Ай толысуға екі күн қалғанда таңғы елең-алаңда ұйқыдағы қалың лашық найзағай шатырындай бір үннен шошып оянысты.

Кияку қаракөлеңкеде лашықтан жүгіре шыққан әкесін байқап қалды. Біртүрлі күннің шатырына ұқсаңқырамайтын үннің үс­ті-үстіне жиілеп бара жатқанын, әлдекімнің атын атап, қатты шыңғырған әйел дауысын естігенде барып, мылтық тарсылын ажы­ратты. Әлі санаға жетіп болмаған үрей мен таңырқау қабат би­леп, сыртқа қалай атып шыққанын да сезген жоқ. Ол тіпті пальма, банан ағаштарының ар жағынан дүркін-дүркін бұрқылдаған от-жалын, түтінге де, "қабылан аулау" биін билегісі келгендей, бір қолын көкке көтеріп, шалқая құлап бара жатқан еңгезердей жау­ынгерге де бей-жай қарап, тұрып қалған-ды. Кенет әл­декімнің:

- Қашыңдар! Атып жатыр! - деген ащы айғайынан есін жиып, қорыққаннан қалтырап қоя берді.

Ол енді адамдардың неге құлап жатқанын, Кәрі Қабан атан­ған көрші шалдың омырауын неге қан жуып кеткенін біршама түсінгендей болды.

У-шудың арасынан: "Өзенге қашыңдар, өзенге!" - деген айғай естіледі. Екі лашықтың ортасында сілейіп тұрып қал­ған Кияку қолынан жұлқып, сүйрей жөнелген адамға қарап үлгірмесе де, шешесі екенін бірден таныған. Артына тағы бір қарағанда Айруа көсемнің сап-сау адамдай жерге тізерлеп шөккенін, сонан кейін тым ыңғайсыз, дәл бетімен гүрс етіп құлағанын көрді.

- Өзенге, өзенге! - деп тынбай айғайлайды әлдекім.

Шешесі орманға кіргеннен кейін де ұзақ жүгірді. Мылтық дауысы саябырлаған кезде барып, Киякуді бауырына басқан күйі қалың шырмауықтың арасына құлай кетті. Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды. Кияку алғашқыда шешесі екеуінен басқа ешкім де аман қалмаған шығар деп ойлаған. Бірақ олай болмады. Күн көтеріле-ақ тым-тырақай босып кеткен халық бір-бірлеп бас құрап, қару асынған еркектер бірөңкейленіп, шоғырлана бастады. Кияку бұтақ жырып кеткен тізесіне жапырақ жапсырды.

- Көсем оққа ұшты, - деді әкесі жандарына келіп. - Денесін алып шығуға Сари жалғыз кетті.

Кияку шешесінің жүзіне қараған жоқ. Бірак қолының терлеп қоя бергенінен жағдайының жақсы емес екенін сезіп тұр.

Әлден уақытта мылтық дауысы гүрс ете қалды. Бүкіл аракулар "аһ" дегендей болды. Кияку шешесінің сыбырлап сиынған дыбысын естіді. Әкесін де көрді. Әкесі найзасын жерге шаншып, қолын артына ұстап, сабыр сақтап тұр екен. Түрінен қорқыныш емес, мақтаныш тәрізді бірдеңе байқалады. Кияку әманда әкесінің осы бір таймайтын, сабырлы пішінін көргенде өзінің қорқақтығына ұялып, қорықпауға да болады екен ғой деп ойлап және осынысымен қауіп-қатерден құтылып кететін бір амал тауып тұрғандай қуанып қалатын.

Мылтық дауысы тағы да гүрс етті. Кияку көзін жұмды. Көзін жұмып, мылтық дауысын естіп тұра берді. Гүрс ете қалғанда "тірі" деп ойлады. "Атып жатқаны - тірі келе жатқаны. Тірі, сосын атып жатыр... "

Мылтық дауысы біресе әлденеге тіреліп қалғандай, келте тық ете қалады да, біресе қызған тасты суға батырғандай бір дыбыспен ұзақ зыңылдайды. Таңғы орман ішінен үріккен құстардың шуылы естілді. Кенет тасыр-тұсыр құлаққа ұрғандай сап тыйылды. Киякудын жүрегі зу ете қалды. "Өлді" деген ой санасын қарып өтті. Сөйтсе де тағы бір рет атылмас па екен деген дүдәмал үмітпен демін ішіне тартып, тұра берген. Жұрттың әлденеге гуілдеп кеткенін естіп, көзін ашып қал­ғанда қарсы алдында екі тізесіне сүйеніп, тері бұршақтап, ентігіп тұрған Сариді көрді. Көсем денесін жерге жатқызыпты. Жанында әкесі тұр. Сари әкелгені, басқа әкелгені белгісіз, дәрі салған дорбаларын, зікір салғанда киетін қауырсын киімдерін, барабан, сылдырмақтарын қолтығына қысып алыпты.

Киякудің әкесі дереу көсемді емдеуге кірісті. Көсемнің оң жақ қабырғасының астынан саулаған қан әрең тоқтады. Бақсы дә­рі-дәрмектерін жаққаннан кейін, сыртынан орап, таңып тастады. Бірақ көсем көзін ашқан жоқ. Өліктей сазарып, сұлқ жатыр. Бақсы ортаға от жақтырып, темекі тұтатты. Жара лы көсемнің ал­дына тізерлей отырып, ағаштың бұтағын аузына тигізіп, будақтатып түтін шығарды. Содан кейін екі қолын айқастырып, кү­ңі­рен­ген дауыспен әндетіп дұға бастады. Көмекші бақсылар дұғаның соңғы тармағына қосылғанда Киякудің әкесі асқабақ қабы­ғы­нан жасалған зікір кеуегін қаңғырлатып, көсемді айналып, билей жөнелді. Кеуек қаңғырығы күшейген сайын бақсының қи­мылы да шапшаңдап, біраздан кейін тіпті көз ілеспей кетті. Жағалай қоршаған аракулар көсем жүзіне телміріп қарап қалған.

Көсем көзін ашты. Таң бозынан арылып, шығар күннің сәулесімен шыңылтырлана бастаған көкшіл аспанға қарап, ұзақ жатты. Басын бұрды, ешкімді танымаған секілді. Тұрғысы келіп, ұмтыла түсті де, бетін тыржитып, қайтадан көкшіл аспанға қараған күйі жатып қалды.

- Өртеп жатыр! - деді кенет әлдекім қырылдаған үнмен. Ел шошынып, көкке қарады. Аспанға лашықтар тұсынан будақ-будақ қою түтін көтерілді.

Киякудің сонан кейін есінде қалғаны - көсемді зембілге салып, ұбап-шұбап, өзен бойымен күнбатысқа - қалың орман түкпіріне үдере көшкен қалың топ. Арттан ізге түскен ақ адамдардың атқан мылтықтары алыстан анда-санда бір шаңқ етіп, төңіректі дүр сілкіндіреді. Орман іші қалыңдап, зәулім ағаштардың басынан күн сәулесі көрінбей, бір түрлі, у-шусыз, қорқынышты, қаракөлеңке шаққа ауысты. Кәрі табиғат: "ау, адамдар, менің еркімнен бөлініп, өз беттеріңше ой ойлап, заң шығарып, тіршілік құрып кеткенде бір-біріңе көрсеткендерің осы ма, ендеше өзіме қайта кел, еркіңді өзіме бер" дегендей тылсым құшағына қымтай түсті.

Дүниеде зұлымдық үшін жаратылған қасақана мақұлықтар бар. Олардың зұлымдықтарына ешкім "бұл не үшін" деп сұрақ қоя алмайды. Олар өз міндетін атқарушылар секілді; жылан шағуға, пираньялар талап жеуге, масалар ауру таратуға міндетті. Кияку ақ адамдардың шабуылын да осындай себебін анықтауды қажет етпейтін оқиғалардың бірі деп санады. Оның тек бар анықтағаны - бүкіл елге түскен мынау қатерлі жәйт, зембілде жатқан ұлы көсем Айруаның да, әруақты бақсылардың да, жүрекжұтқан жас батыр Канатоның да шамасынан тыс. Бел тірейтін сүйеніш жоқ, үміт жоқ, тұңғиық бір түпсіз үрей.

Шалдар да, әйелдер де үн-түнсіз жылап келеді. Көсем әлсін-әлсін тала берді. Қалың жұрт қайда кетіп барады? Қай жерге барып тоқтайды? Ешкім білмейді. Сонау ойын-сауық, той, бейбіт күндер, туып-өскен мекен-жұрт осыншалық ғапыл, ғайыптан-ғайып көзден бір-бір ұшты.

Күн еңкейе аракулар өзен жағасына тоқтап, көсемді зембілден тү­сіріп, тайпа басшылары кеңес өткізуге жинал­ғанда арттан Кана­то бастаған жауынгерлер де қуып жеткен. Қалай ұстағандары бел­гісіз, шашы тікірейген, жағында тыртығы бар, еңгезердей ақ адамның қолын артына қайырып байлап тастапты. Ақ адам қанталаған көздерімен алақ-жұлақ етіп, маңайына үрейлене қарайды. Ка­нато тұтқынды өзен жақтағы ағаш арасына әкеліп, қолын шешті. Содан кейін шырамытқан адамдай тұтқынның бой-басына көз жүгіртіп қарап алды да, шеткі жауынгердің балтасын сұрады.

Бұлшық еттері дір-дір етіп, қолындағы айбалтасын қыса ұстап, тұтқынға тақай түскен Канатоны көрген жұрт не істегелі тұрғанына түсінбей, тым-тырыс қадалып, бағып қалған.

- Қанішер!! - деді Канато құпия бірдеңе айтып тұрғандай сыбырлап.

Тұтқын қолымен басын қорғады. Бірақ Канато шапқан жоқ.

- Ұста! - деді балтаны ұсынып. Тұтқын түсінген жоқ.

- Ұста деймін!

Тұтқын алақ-жұлақ етіп, есі шығып, қорыққанынан балтаны ұстады.

- Таңда! - деді Канато жауынгерлерді қолымен көрсетіп. Біздің заңымыз - жекпе-жек. Үш рет жеңіп шықсаң, басыңа - бостандық!

Бірақ тұтқын мұның біріне түсінген жоқ. Өз тілінде бірдеңе деп былдырап, "артымнан ұра ма" деп қауіптенгендей ту сыртына бұрылып қарай берді.

Канато ымдап түсіндірді. Тұтқынға қолындағы балтаны көрсетіп, одан кейін жауынгерлерді көрсетіп, жекпе-жектің қимылдарын жасады.

- Таңда! - деді тағы да. - Таңда біреумізді!

Тұтқын түсіне қалды. Үрей билеген бет-әлпеті қалпына түсіп, шүңірек көздерінде зұлымдық ойдың нышаны жылт ете қалғандай болды. Бірақ әлде де сенбей, Канатоға жалтақтай берді.

- Таңда!

Тұтқын біреуді оятып алмайын дегендей аяғының

Жауынгерлер абыржып, бір-біріне қарады. Канато да үн-түнсіз аңырайып тұрып қалыпты. Алпамсадай қайратты жігіттің қалайша кемтар шалды таңдағанына бәрі де түсінбей тұрған секілді.

- Мен дайынмын....

Шал беліндегі садағы мен қорамсасын шешіп, жерге қойды да, қабағын түйіп, қолындағы балтаның жүзіне қарады. Ол бір кезде мақтаулы жауынгер, әрі аңшы болған, бірақ бұл күнде сол атақ-дақпырттан басқа басында ештеңе қалмаған кемтар шал ғана. Ұрыстың басталғанын білдіріп, барабандар дүңк ете қалғанда жауынгерлер серпіліп, шегініп кетті.

Тұтқын мен шал бір-біріне тесіле қарап, жақындай берді. Тұт­қын бұрын ұмтылып, балтасын сермеп қалғанда, шал қағып үл­гір­ді. Бірақ әлуетті қолдың екінші соққысына шамасы жеткен жоқ, мойынын қиып түскен балта ізінен қан шапшып, томардың үс­тіне құлап түсті де, аса қиналмай, аз-кем тыпыршып жатып, жан тапсырды.

Тұтқын айқастың тым тез біткеніне қуанғандай сөлекет ыржия күліп, маңайына қарады. Содан кейін тағы бір әлсізді таңдап алғысы келіп, қоршаған топты көзімен алақ-жұлақ тінтіп, жағалай бастады.

- Тоқта! - деді Канато қолын көтеріп. - Қанға қан!

Ортаға шыбықтай майысқан талдырмаш жас жігіт шықты. Сазарған жүзінен иә үрейдің, иә қайғының белгісі білінбейді. Үн-түнсіз балтасын кезеп тұра қалды. Барабан дүңк етті.

Тұтқын қанға құныққандай, құтырына тап берді. Жас жігіт жалт бұрылды. Және жаттығу жасап жүргендей, алдын ала болжап, асықпай, емін-еркін жалтарды. Екінші, үшінші соққыларды да дарытпады.

Тұтқын енді есі шыға үрейленіп, оңды-солды сермей түсті. Бірақ жас жігіт қару жұмсаған жоқ, тұтқынның зәресін алып, соққыларын дарытпай, оң-оңай жалтарып кете берді.

Тұтқын өлетінін шын сезді. Жылағаны, иә күлгені екені белгісіз - кеңк-кеңк етіп, жанұшырған қимылмен құр ауаны тілгілеп жұр. Екі-үш рет етпетінен құлады.

Кенет амалы таусылып, қалшылдап тұрып қалды да, балтаны тастай салып, өзенге қарай тұра қашты. Ешкім қуған жоқ. Тұтқын өзенге қойып кетті. Сол мезетте-ақ жантүршіктіре шыңғырып, жағаға қайта ұмтылды. Шығып үлгірмеді, жанталасып, қарманып жатып, әлден уақытта үні өшті.

Аракулар жағаға келгенде, қан жайылған су арасынан тұтқынның ағараңдаған сүйегін ғана көрді. Бір-екілі пираньялар (жыртқыш балықтар) желке тұсында жалбыраған қызыл етін жұлып кетіп жатты.

Аракулар кейін қайтты. Жас жігіт томар үстінде жатқан әкесінің өлігіне үн-түнсіз үңіліп, ұзақ тұрды.

Аракулар көп қырылғандықтан, әрі өліктердің бәрі далада қалғандықтан, бұрынғыша қасиеттеп, қаралы бимен жоралғы жасап, жерлеуге мұрша болған жоқ. Өлімнің бәрі де жанға бататын ғапыл өлім. Бірақ солардың бәрінен де Киякуге, Киякудің шешесі мен әкесіне қатты батқаны - Саридың өлімі. Жалғыз өзі көсем денесін алып шыққанда жауған оқтың бірі дарымай, аман шыққан Саридың әлдеқалай қаңғыған оқтан қаза табуы ешқашанда орны толмас өкініш болды.

Қараңғы, сыз орманда түнеп шыққан қалың ел таң •саз бере тағы да жолға шықты.

Әлдеқандай жалпақ өзеннің арғы бетіне өткеннен кейін, ұзақ жолдан титықтаған аракулар қоныс тебу мақсатымен лашықтар тұрғыза бастаған. Бірақ адам баласы аяғын баспаған бұл өлкеде шектей шұбатылған айдаһар мен аллигаторлардан басқа мақұлық кездескен жоқ. Үш адамды келген күні жылан шағып өлтірді. Балыққа, аңға кеткен еркектер бірнеше күн қатарынан құрқол қайтты. Аштық басталды. Шөптің тамырын талшық еткен аракулар шеттерінен күп болып ісініп кетті.

Ақыры уайымнан құса болған жаралы көсем ай толысқан күні у ішіп өлді де, тайпаның қалған басшылары кеңес өткізіп, тіршілікке қолайсыз, қайырсыз жерден көшу керек деген байламға келді. Келесі күні лашықтарын өртеп, көсемнің сүйегін зембілге салып, қалың ел тағы да үдере көшті. Бұл бір тірі жанды тіршіліктен түңілдірген, дұшпанның басына тілемейтін, өмірі естен кетпес, бейнетті күндер еді.

Бала-шағасымен ұбап-шұбап, азып-тозған аракулар тағы да бірнеше күн жол жүріп, әлдеқандай бейтаныс таудың етегіне тоқтады да, сол араға біржола қоныс тепті. Баспаналар тұрғызылды. Қаралы билер бірнеше күнге созылып, көсемнің сүйегі жерленді.

Күндер өтті. Күн өткен сайын жаңа қоныстың жайлы орын еке­ні сезіле бастады. Ел есін жиып, күнделікті әдет-ғұрып, діни жо­ралғылар қалыпқа түсті. Жүрекжұтқан Канато көсем болып сай­ланды. Бақсылар бұрынғыша күн батар алдында отты қоршап, те­мекі түтінін бұрқыратып жын-перілер рухын қуалап, пе­ріш­телерден шапағат тілейтін болды. Еркектер маска жасап, әйелдер той нанын пісіріп, тәтті сусын дайындап, толық ай мейрамына әзірлене бастады. Тек Киякудың әкесі ғана әдеттен тайып, екі-үш рет орман тауды аралап қайтқаннан кейін, қайтып алыс сапарға аттанған жоқ. Күн сайын зікір салып, ауруларды емдейді. Түні бойы лашық ішін көк түтін қылып, шөп қайнатып, дәрі жасайды.

Әкесінің лашық ішінде тәуіптік құрып, қанша уақыт сарғайғаны есінде жоқ. Ұзаққа созылған жаңбыр тасқыны аяқталып, балықшылар сүңгі, ауларын қайыққа тиеп, жолға да­йындалып жатқанда әкесі өзінің көмекшілері болып саналатын алты бақсыны лашығына жинап алды.

- Аракудың атақты алты бақсысы, - деді ол түрегеп тұрып, асықпай темекі түтінін бұрқыратып. - Жаратушы куә, аракулар өмір бойы өзгеге қиянат қылып көрген жоқ, бірақ өзінің көргені өмір-бақи қиянат.

Араку әділдікпен бірге жаралған. Әділдік өлген күні қоса өлмек... Ендеше дүниеде әділдік жоқ, сол себепті біз де өлмекпіз!.. (Алты бақсы отқа телмірген жүздерін көтеріп, үлкен бақсыға та­ңыр­қай қарады). Ақ адамдар ата мекен жұртымыздан қуып шығып, жан баспаған меңіреу, батпақты орманға тықты. Батыр ұл­дары­мызды өлтірді. Араку тайпасының атам заманғы асыл қойма­сы жау қолында. Бірақ менің айтарым - ол емес... Араку жұртына кеселді дерт жабысты... Жұқпалы дерт!!! (Зәрелері ұшқан бақсылар орындарынан атып-атып тұрды). Ол лашықтарды өртеп, қоныс аударып құтылатын дерт емес... Мен көсем өлген батпақты орманның неғылған жер екенін енді білдім. Ол - жын-перілер рухы жайлаған індет ордасы. Бізге індет тарады. Бұл - өте баяу тарайтын, ұрпақтан ұрпаққа жұғатын, қатерлі індет. Араку үшін бұдан қатерлі жау қалған жоқ... Араку тайпасын осы күнге дейін көсемдер мен батырлар ғана жан берісіп, жау қолынан аман алып келіп еді. Енді мына жаудан қалың елді сақтап қалу еш­қандай көсемнің де, батырдың да қолынан келмейді. Олардың ешқайсысы да сақтап қала алмайды. Тек біз ғана, мына біз ғана сақтап қала алуымыз мүмкін. Ей, атақты алты бақсы! Ендігі бар үміт біздің мойнымызда... Мен барлық орманды, тау-тасты кезіп, киелі шөп іздедім. Осы індетке шипа болар өзім білетін бір шөпті таба алмадым. Ол шөптің Күн мекені - қасиетті жасыл көлдің маңайында, тау етегінде өсетінін жақсы білем. Ендігі шешім сол ескі мекен жұрттан шөп дәрі әкелу. Жаратушыдан жақсылық болып, тірі оралсақ, араку елінің бағы ашылар. Өзімнің кішкене ұлымды ала барам... Дәрі жасауды осыған үйретем... Киелі құпия балаға ғана қалатын мұра... Әйтпесе дуа қашады. Араку үшін жан пида!

- Жан пида! - деді бақсылар бір ауыздан. Әкесі Киякуды қасына шақырып, отқа қаратып отырғызды.

- Бір үмітім - осы ұлым. Мендегі барлық қасиет, кие осыған қалмақ... Бүгіннен бастап менің жалғыз ұлым Киякуды аракудың сегізінші бақсысы деп біліңдер.

Бақсылар отты қоршап, тізерлеп отырды. Әкесі оттан жанып жатқан бұтақты көтерді де:

- Ант бер! - деді Киякудың қолына ұстатып жатып.

Кияку не дерін білмей, жалтақтап әкесіне қарады.

- Мен, араку тайпасынан шыққан Ұлы бақсы Чоро баласы - Кияку... - деді әкесі айбарлы, биік үнмен аузына сөз салып.

- Мен араку тайпасынан шыққан Ұлы бақсы Чоро баласы Кияку, - деп қайталады Кияку.

- Араку жұрты үшін құрбандыққа әзірмін!

- Араку жұрты үшін құрбандыққа әзірмін!

- Бүкіл бақсылық ғұмырымды...

- Бүкіл бақсылық ғұмырымды...

- Аракуларға арнаймын.

- Аракуларға арнаймын!

Әкесі екінші қолындағы темекі толған қамыс кеуегіне от салды да Киякудың аузына тақап:

- Бір сор! - деді.

Кияку сорып қалды да, қақалып-шашалып, шегініп кетті. Қалған бақсылар да темекі түтінінен бір-бір сорып, отты қоршап, жақсылық рухына мінәжат қылып, дұға оқыды. Бәрі де Чоро ұлы Киякуды араку тайпасының сегіз бақсысының бірі деп мойындады.

Сол түні әкесі Киякуге киелі шөптен дәрі алудың жолын үйретті. (Әрине, елу жыл өткен аралықта осынау құпия өсиетті қанша тырысса да еске түсіре алмас еді. Бірақ әкесінің құлағына сыбырлап:

- Ұмытпа, шипа дәріні жасауды дүниеде екі-ақ адам біледі. Бірі - Ұлы бақсы Чоро. Екіншісі - оның кіші ұлы Кияку, - деген сөзі әлі есінде). Таң ата сегіз бақсы мойындарына дорбаларын байлап, қару-жарақтарын асынып, аруақтардан медет сұрап, жолға аттанды.

Өзеннің ағысымен төмен жүзіп, сәске шамасында жағаға тоқтап, бұлар қайықты жапырақтармен жауып, жасырғаннан кейін, жабайы шошқалар салған жолмен кешке дейін жүріп, аласа тауға шықты.

Күн әуедегі бұлттарды қызыл ала нұрға бояп, батып барады. Алыстан мұнартқан көшкіл тұман бірте-бірте ымырт құшағына сіңіп, күңгірт тартты.

Кенет аяқ астынан нөсер төпеп құйып кетті де, жолаушылар тау іргесіндегі үңгірге тығылды.

- Өткінші жаңбыр, - деді бақсылардың бірі, - жел айдап барады.

Бірақ жаңбыр басылған жоқ. Тынымсыз шақырған бақалардың шырылы мен аллигаторлардың күркіреген қорқынышты үндерін, алыстан талып жеткен құлама судың сарылын естіп, түні бойы отыруға тура келді. Елең-алаңда тұрған бақсылар жалғыз аяқ жолмен күн шыға өзен жиегіне жетті. Одан кейін әлдекім тығып кеткен қайыққа отырып, құлама суға дейін жүзді. Келесі күні тасқа өрмелеп, таудың арғы бетіне өтіп, өзен жағасына түнеді.

Таң ата қалың орман ішіндегі әлдеқандай, аң жүрмеген ескі сүрлеуге түсіп, еш жерге аялдамастан түс ауғанда араку тайпасы жайлаған өлкенің шекарасына кірді.

Өмірі жарық көрмеген түнек жыныс сетінеп, күн сәулесі нұ­рын төккен ашық аспанды, жеміс ағаштары самсаған мәуелі, кө­гіл­дір, көңілді бір өлке басталды. Аяқ басқан сайын піскен банан, жаңғақ, папай, манго жемістері көзге ұрады. Шуылдаған құс­тар үні, тотықұстардың барқылдаған тұрпайы дауыстары ерекше қуанышты бірдеңені білдіріп тұрғандай, той болардағы дабыра-шу­ға ұқсап тұр. Ағаш бастарында отырған ұзын жүнді бақырауық май­мылдар жолаушыларға біртүрлі ұнатпаған әрі мұңды пішінмен бей-жай қарап, жандарына тақай түскенде жылан шағып алғандай оқыс ырғып, орманды бастарына көтере шулап, тым-тырақай қашады. Ал одан әрі тым биікте отырған кішкентай, ұзын құй­рық, тықыр маймылдар бұтақтан бұтаққа секіріп, бұлардың соң­дарынан еріп, ысқырып, жаңғақ, жеміс лақтырып, өздерінше қуа­лаған болады. Адамдар ұзап кеткенде өз істерінің нәтижесіне қуа­ныш білдіргендей күлкіге ұқсас шиқылдаған бір дыбыстар шығарады.

Жолаушылар сақтық үшін сүрлеуден бұрылып, қараңғы түскенше жолсызбен жүрді. Түннің бір уағында олар жолай терген жеміс-жидектермен тамақтанып, көз шырымдарын алу үшін көк шөпке қаз-қатар жайғасты.

Келесі сәске түсте бұлар межелі жерге жетіп тоқтады. Бұл таудың тегістелген қырат тәрізді дөңес іргесі екен. Кияку Күн мекені болған киелі көлі қайсы екен деп маңайына қанша қараса да ештеңе көре алмады.

Бақсылар орманның қақ ортасындағы алып молаға ұқсаған дөңес қыраттың тасты беткейінен шөп қазуға кірісіп кетті. Кияку әкесінің бұрын-соңды дәл бүйтіп жанталасып жұмыс істегенін көрген жоқ еді. Жарқанат шағып, есірік буған адамша балтасын аласұра сілтеп, селдір жапырақтары сарғая бастаған, тырбық қурайға ұқсақ, тікенекке, шырмауыққа, гүлге ұқсас бірнеше шөптердің тамырларын тынбай қазды.

Ақыры күн қызуы қайта тамырлар топырақтардан тазартылып, әркімнің дорбасына тең бөліп салынды. Содан кейін бақсылар ақырғы рет жүрек жалғап, жаратушы ұлы күшке сиынып, дұға оқыды.

- Қозғалайық, - деді Киякудің әкесі балтасын белдігіне қыстырып жатып.

Кияку орнынан тұрды. Әлденеге көзінің алды қарауытып, жүрегі шымырлап, сыздағандай болды. Ол мұнысын ешқандай жақсылыққа жорымайтын еді. Сылдыр еткен дыбыстан сезік­те­ніп, артына жалт қарағанда бұта арасынан мылтығын кезеп, аспай-саспай жақындап келе жатқан ақ адамды көрді. Әкесі:

- Қашу керек, - деді ақырын ғана.

Ол осыны айтып, мүлде жайбарақат тұрды да, көз ілеспес шапшаңдықпен беліндегі балтасын суырып алып, жіберіп қалды.

Мылтық даусы да гүрс етті. Киякудың соңғы көргені - қалпағы ұшып, құлап бара жатқан ақ адам мен кеудесін ұстап, бір бүйірлеп шөккен әкесі.

Бақсылар Киякуды сүйрей-мүйрей қалыңға кіріп үлгірді. Киякудың көзі қарауытып, басы айналды. Құлағы шыңылдап, басқа дыбысты естіген жоқ. Біреулер аузын басып, тұншықтырып жатқан секілді. Талықсып барып, көзін ашқанда өзін дырылдата сүйретіп, жүгіріп келе жатқан жалғыз көз бақсы Курарені көрді. Қайдан екені белгісіз, тарсылдатып атып жатыр. Кесілген ағаштардың тұсына келгенде Кураре Киякуды емшектегі бала құсатып, қолтығына қысып алды. Өстіп қанша жүгіргені белгісіз, Кураре әлденеге сүрініп, етпетінен құлады да, Кияку бірнеше қадам жерге ұшып кетті.

- Бері... Бері!..

Кияку томарға қатты соғылған басын ұстап, мәңгіріп, Кураренің не айтқанына түсінбей, алақтап қарай берді.

- Бері кел деймін, тез...

Кияку мен Кураре қалың тікенек ағаштың арасымен денелерін қан-жоса қылып, шөп басқан терең сайға құлай кетті.

Тым жақыннан дабырлаған дыбыстар естілді. Әлден уақытта мылтықтарын кезей ұстаған үш ақ адам бұлар тығыл­ған сайдың дәл жанына келіп, өз тілдерінде ұзақ дауласты. Арт жақтан тағы бір тобы қосылды. Олар бір-бірлеріне әр тұсты қолдарымен көрсетіп, у-шу болып, дағдарысып, содан кейін мылтықтарын кезеп ұстаған күйлері жан-жаққа бет-беттерімен тарап кетті.

Аспанның тең жартысын қып-қызыл етіп, күн батты. Орман ішіне ымырт тұнып, әлден соң тас қараңғы меңіреу түнге айналды. Кураре дорбасын Киякуге қалдырып, сайдан еңбектеп шықты. Қараңдап біраз жерге дейін барып, одан әрі көмескі елеске айналып, ақыры түн құшағына сіңіп, жоқ болды.

Жел тұрып, ағаш бастарының шуылы естілді. Нөсер төпелеп құйып кетті. Әлдеқайдан сарқыраған сарыл естілді.

- Кияку, - деп сыбырлады әлдекім. Кияку селк ете түсті де, сайға еңбектеп түсіп келе жатқан Курарені көрді.

- Бәрі де... - деді ол ентігін баса алмай. - Бәрі де... Тірі қалған ешкім жоқ... Бәрі де...

Жарқ ете қалған найзағай отынан малмандай болған Кураренің секпіл жүзі, адырайған жалғыз көзі, арқасындағы дәрі шөптер салынған бірнеше дорба көрінді.

Кураре мен Кияку сайдан еңбектеп жылжып, ашық алаңға, одан әрі жалғыз аяқ жолдың жиегінен басталатын қалың ағашқа кіргенше бастарын көтерген жоқ. Одан кейін найзағай жарығымен бағдар жасап, өзеннің өткел беретін етегіне қарай жүрді. Нөсер үсті-үстіне төпелеп, әлден соң қатты жел көтерілді. Ағаштар суылдап, әлдеқандай беймаза шаңқылдаған құстар үні мен сарқыраған сарыл қосылып, азан-қазан, үрейлі шуылға айналды.

Түн ортасы ауа нөсер басылып, жөңкілген бұлт арасынан ай сығалап, алдан ағараңдаған боз мұнар шың көрінді.

- Бұл - біздің бұрынғы аңшылар тұрағы, - деді Кураре арқасындағы дорбасын түзеп жатып. - Лашық тұратын... от жағатын шақпақ та болатын...

Мұнар сейіліп, ай сәулесімен жарқыраған сұр жартас, төменде қап-қара боп тулап аққан асау өзен арнасы айқын көрінді. Кураре төбесін пальма жапырақтарымен жапқан, іші құрғақ, аласа лашықты оп-оңай тапты. Кияку дайын тұрған аспалы гамакқа қисая кетті де әкесінің өлімі жанына жаңа батқандай, солқылдап жылап қоя берді.

- Ұлы бақсы Чороның өлімі ең ауыр өлім. - Кураре іргедегі құрғақ бұтақтарды жинап, от тұтатты. - Бірақ сен тірі қалдың. Әкең өзінің бар құпиясын саған қалдырған. Қазір сенен қымбат ешкім жоқ. Сондықтан жарылқаушы рухтың жақсылығына рақмет айтпау күпірлік болады.

Одан кейін Кураре Көкшіл Мұнар тауына қабылан аулауға барғандағы көрген қызықтарын, жаралы қабыланды қанша күн қуғандарын, (сол жолы Чапу батырды ормандағы әйел перісі арбап, жынұртып жібергенін) өзіне атылған жаралы қабыланды қалай шаншып өлтіргенін айтты. Осыдан барысымен Киякуді өзімен бірге аңға алып шығатын болып келісті.

Кураре, сөзіне қарағанда, бүгінгі үлкен апатқа онша қабырғасы қайысып отырмаған секілді. Бірақ табиғатында зерек туған кішкене бала Кураренің дауысындағы дірілден, "осының бәрі бірдеңе үшін, ол бірдеңе біздің бәрімізден биік, біздің қазамыздан да, Ұлы бақсы Чороның қазасынан да биік, сен кішкентай болғанмен аракудың сегіз бақсысының бірі болып саналғансың, сондықтан түсінуге тиістісің ғой" деген ойды аңғармай қала алмады. Екі жолаушы күн шыға жолға түсіп, Жылан бас тауын бетке алған. Кешке қарай әбден қалжыраған Киякуды Кураре арқалап алды. Күн батты. Кураре от жағып, таңертеңгі ұстаған балықтарды пісірді. Оның жорамалы бойынша ертең қалайда өзен жиегінен қайық кездесуге тиісті.

Келесі күні бұлар өздері меже тұтқан Жылан бас тауының етегіндегі өзеннің өткелді тұсына сәске түсте келіп жетті.

Айналасына қолмен отырғызғандай қаз-қатар пальма ағаштары өскен сарғыш түсті өзеннің жағасында төңкерулі қайық жатыр. Алдыңғы күнгі жаңбырдан өзен суы көтерілгенге ұқсайды. Ағысы қатайып, сарылы күшейе түскен.

Кураре қайықты қолымен көрсетіп, қуанғаннан ыржия күліп, әлдене айтқысы келіп Киякуге бұрыла бергені сол еді, дәл жақыннан мылтық даусы гүрс ете қалды. Кураре етпеттей құлады.

- Қаш! - деді жер тырнап жатып.

Кияку қашып үлгірген жоқ. Алдынан да, артынан да мылтық кезенген бірнеше ақ адам лезде қоршап алды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, ұзын бойлы біреуі маңындағыларға өз тілінде бірдеңе айтты да, аяғымен Курарені шалқасынан аударып:

- Алтын қайда? - деді араку тіліне ұқсас бір тілде. - Алтын таба аласың ба? А? Қай жерде алтын?..

Кураренің құлағынан қан кетті.

Сақалды ұзын жерге бір түкірді де, мылтығын тіреп тұрып Курарені дәл бастан атты. Бұрылып Киякуге қарады. "Мұны қайтсем екен" дегендей сәл ойланып тұрды да, құс атқандай емін-еркін, бей-жай сезіммен мылтығын көтеріп, көздей бас­тады.

Кияку дір ете қалды. Әлдеқалай қорқыныш сезімі жоғалып, әлденеге түсінбеушілік, "енді қайтер екен" деп, асыға күткендей тынышсыз, есірік күй биледі. Ол сақалды ұзынның жанында тұрған ересек баланың әлдене деп жалынғанын, сақалды ұзынның күліп, басын изеп, оған қолындағы мылтығын бергенін, енді мұны баланың көздей бастағанын көріп тұрды. Бала дәл жанында сілейіп тұрған, осынау адам­ға ұқсас "мақұлыққа" тигізе салуды мін көрді ме, қолымен қаш дегендей белгі берді. Кияку меңірейіп тұра беріп еді, тағы да қолын сілтеп, "қаш" деді. Әлдебіреу жерден тас алып лақтырды. Кияку баланың сілтеген жағына қарай жүгіре жөнелгенде мылтық гүрс ете қалды. Кияку кілт тоқтай қалды да, өзіне ешқандай оқтың тимегенін сезді. Бұрылып, өзін атқан топқа қарады. Бала "неге тоқтайсың" дегендей қолын сілтеп, ызалана айғайлап тұр екен. Тағы жүгірді. Тағы да гүрс ете қалды. Тиген жоқ. Шалаесті күйде бұрылып, тағы қарады. Қалпақ киген, жуп-жуан біреуі "енді былай жүгір" деп қол сілтеп тұр екен. Кияку жел құлатқан банан ағашына қарай жүгірді. Тұла бойы өзіне ырық бермей қалшылдап, санасында әлдеқалай бей-берекет, аласапыран бір түйсік, ақырғы демді бітіріп, мәңгі азап шекпейтін тыншығуды асыға тілегендей, "қазір, міне, міне, қазір бәрі де бітеді, тек тезірек, тезірек" дейтін секілді. Болмашы ойлар, елестер, үрей, түйсіктер дәл қазіргі жанай өтіп жатқан мылтық оғындай зу-зу елес беріп, жоқ болып жатыр.

Баланың бұрын мылтықпен көп әуес болмағаны байқалды. Тигізе алмағанына ыза болып, қызарып, жыларман халге келді. "Енді былай қаш" деп өзенді сілтеп, тағы да сығалап, көздей бастады. Ерсілі-қарсылы жүгіру мен үрейден қатты алқынған Кияку қарсы алдында бұрқанып ағып жатқан өзенді көрді. Әлдеқалай есі кіріп, "құтылу керек, өлмеу керек" деген түйсік ап-анық елес берді.

Енді гүрс ете қалған мылтыққа да, арттағы топтың ай­ғайына да мән бермей, зымыраған бойы жартас үстінен өзенге бір-ақ секірді. Құлап келе жатып ештеңе ойлап үлгіре алмады. Тек биіктен жүрегі өрекпіп, жел екпіні тынысын бітеп, үрей буды... Мұздай суға күмп бергенде сіңірі тартылып қала жаздап барып, жазылып кетті. "Басымды шығарсам, атып тастайды" деген қорқынышты ойдан біржола су астында қалуға ризалық тәрізді соқыр сезім шектеп, ағыс екпінімен әрекетсіз, бата берген ол әлден соң демі азайып, булығып (әлгінде ғана санасында ап-айқын елес берген ой-сезімдер ғайып болып), ессіз жантәсілім күйде су бетіне шығуға, ауа жұтуға аласұрды. Ағыс екпіні бағытын өзгертіп жіберген секілді, бір бүйірге үйіріп, зымыратып әкетті. Үздігіп, демі бітіп, су астында көзі шарасынан шыға айналып кеткен Киякудың ішіне су кеткенде "өлдім" деген аса қорқынышсыз, ақырғы ой санасын шарпып өтті. Содан кейінгі сезгені - қолына іліккен жылтыр тас, көкірегін жарып енген ащы дем. Кияку ішек-тамырлары қақырап, өзегі үзілердей үсті-үстіне шашалды, артынша лақылдатып құса бастады.

Біраздан соң бойы бей-жайланып, денелері босап, тынығуды аңсап, сәл жатты да, өзінің қараңғы үңгір ішінде жатқанын көріп, сарқыраған ағыс дыбысын естіп, қалтырап қоя берді. Үңгір жартас астымен ағысты бұрып әкететін бір иірім сала тәрізді. Бозамық сәуле беріп, жоғары өрлеген үңгір түбінен дем секілді бір леп келеді. Жаға тұстан ақ адамдардың дабырлаған дауыстары еміс-еміс естіліп тұр.

Кияку жіп-жіңішке қолдарымен тасқа сүйеніп біраз тұрды да, суды кешіп, үңгірдің түбіне қарай енді. "Қайда барамын, не істеймін" дегенді ойлап жатпады. Білеуленген, жықпыл сұр тастарға алақ-жұлақ қарап, тың тыңдап, үңгір бойлап, жылжи берді. Бірыңғай дымқыл ауадан тас бедерін бүркеген көк қыналар аттаған сайын аяғын жұп-жұмсақ жанды денеге тигендей түршіктірді. Ол ұзақ жүрді. Жүрген сайын үңгір іші кеңейіп, қаңыраған қаракөлеңке жерасты кеңістігіне айналды. Кияку сәуленің қайдан келіп тұрғанын аңғара алмады. Алыстап кеткен зәулім тас қабырғалардың етегінен үңірейген қап-қараңғы тесіктерді көрді. Жоғарыдан суылдаған дыбыстар естіліп тұр. Кияку бағдар айқындау үшін тоқтап, жан-жағына қарады.

Кенет жал-жал болып үйіліп қалған құлама, кесек тастар арасынан таңғажайып бір құбыжық бас көрінді. Жансыз бейнедей, қыбырсыз қатып қалды да, лып етіп ілгері жылжып, тағы да тасқа ұқсап, қата қалды. Кияку құбыжық бастың қайда қарап тұрғаны белгісіз бақырайған көздерін, бүлкілдеген қатпарлы жемсауын, мүйіз жалын, ақырында адам саусағына ұқсаған тас бұжыр аяқтарын көрді. Бас ілгері тағы бір жылжығанда ес-түссіз сілейіп қалған Кияку құбыжық дененің кәдімгі дәу кесіртке екенін таныды. Жалма-жан жерден тас алып, жіберіп қалды. Шақ ете қалған дыбыспен бірге үңгір іші салдыр-гүлдір күңіреніп, төбеден гүрс-гүрс құлаған тастар айналаны қап-қара тозаңға көмді. Етпеттеп құлаған Кияку інге кіруге тырмысқан тышқандай құлама, жайпақ тастың іргесіне басын тіреп, тыпырлай берді. Ойран басылып, шаң сейілгеннен кейін де дірілдеп, есін жия алмады. Үңгір іші біржола тынышталып, жоғарыдан суылдаған дыбыстар қайта естілді. Кияку өзінің тірі екеніне сенгісі келмегендей, басын күмәнмен ақырын көтеріп, маңайына көз тастады. Орнынан тұрып, жел соғып тұрған бағытпен қозғала бастады. Аяғын тілген қиыршық тастарға да, жіберіп қойған кіші дәретіне де көңіл аударған жоқ. Үңгір жоғарылаған сайын тастан тасқа өрмелеп, жанталаса ұмтылды. Өстіп қанша уақыт жүргені белгісіз, құлақ кескен жым-жырт тыныштықтан есін жиды. Ештеңе көрінбейді, көрдің ішіне түсіп кеткендей тастай қараңғы. Кияку өзінің тарсылдаған жүрегі мен ентіккен дыбысын ғана естіп тұр. Жел де білінбейді. Таңқаларлық меңіреу күй. Жүрегі онан сайын тарсылдап, тіршіліктің ақырғы шегіне жеткендей сезімге тірелген ол енді бір оқыс дыбыстан жынданып кетерін кәміл сезінді. Алдын сипап, төрт аяқтап жылжыды... Леп білінді. Үңгір қабырғалары кілт оңға көтерілгенде бозамық сәуле, одан кейін ақша бұлт қалқыған көгілдір аспанның алақандай бөлігі көрінді. Кияку денесін тасқа соға-моға үңгірден шығып, жарқыраған кең дүниені, көкке өрлеген Жылан бас тауының шыңдарын, етектегі тұтас­қан қалың орманды көрді. Ол бұдан әріге шыдаған жоқ. Жұмсақ құмдауытқа отыра беріп, есінен танды...

Есін жиғанда зәулім аспанда ұлпа бұлттар үйіріліп, қызуы қайтып, қызғылт тартқан күн көкжиекке еңкейіп қалған екен. Өне-бойы салдырап, көзіне құйылған терді сүртуге шамасы жетпей, қимылсыз жатты да, өзінің қайдан келіп, қайдан шық­қанына, не ғып жатқанына түсінбей, дел-сал күйге енді. Бүкіл санасын меңдеген бір әлсіздік одан әрі ойлатпай, тек сол түсініксіз күйге дейін ғана сезінуге мұрша беріп, "өстіп жата бер, ештеңеге түсінудің қажеті жоқ, түсінбей-ақ қой, жата бер... жат... жат!.. " деп тұрған секілді. Әрең дегенде жартас басынан өзенге зымырап келе жатқан сәті мен құбыжық кесірткені және үңгір аузынан көрінген алақандай ақ шарбы бұлтты есіне түсірді. Содан кейін әлгі көріністердің арасын байланыстыратын ештеңе таба алмай, ұзақ жатты. Ақыры Кураренің өлімінен бастап, басынан кешірген оқиғалар есіне түскенде қайтадан жүрегі қозғалып, өне-бойын үрей биледі. Тәлтіректеп орнынан тұрып, Жылан бас тауының шыңына қарады. Сонда барып, өзінің тау асты үңгірімен шыңның екінші қабатына шыққанын және сәске түстен күн еңкейгенше жерасты жолының азабын шеккенін түсінді. Дірілдеп, басы айналып, көзі қарауытты. Бірақ ол көп ұзамай-ақ мұның бәрі еске түсіргеннен туған қорқыныш дірілі емес, кәдімгі безгек ауруы екенін анық сезінді. Денесінің қызуы көтеріліп, діріл онан сайын күшейіп барады. Кияку әкесінің тәуіптік өсиеттері есіне түсіп, дорбасынан жапырақ алып шайнады.

Күн батып, бұлт арасында қалып қойған соңғы қызғылт рең шапақтар да сөніп, қас қарайды. Төңірек тұтас түнеріп, түнге айналды. Етектегі орманнан құстар шулап, аллигаторлар күркіреп, бақалар шырылдады. Көкжиектен ай көтеріліп, ала бұлттардың арасымен асыға жүзіп барады. Әрегідік адамның жылаған даусына ұқсайтын, таңғажайып, қорқынышты бір дыбыс сұңқылдайды.

Кияку құрғақ жапырақтарға тас қашап, от тұтатып, үстіне бұтақ үйді. Оттың сар жалқын жалынына мең-зең қараған күйі қалтырап-дірілдеп, ұзақ отырды. "Енді не істеуім керек" - деп ойлап көріп еді, бірақ ақыл-санасы оған жауап бермеді. Ақыры бойды билеген әлсіздік еркін алып, жылы құмның үстінде қалай ұйықтап кеткенін сезген жоқ.

Ертеңіне түске тақағанда бір-ақ оянды. Шақырайған күннен көзін аша алмай, зырқ-зырқ еткен ып-ыстық басын қолымен қысып, "енді не істеуім керек" дегенді ойлап біраз тұрды. Кенет әкесінің өлімі, бүкіл бақсылардың өлімі, өзінің араку тайпасынан алыста, меңіреу қалың орман ішінде жападан-жалғыз, тіршіліктен үмітсіз күйде қаңғып қалғаны есіне түскенде торыққаннан жүрегі шаншып, көзі қарауытты. Жылағысы келді, жылай алмады. Жерге басын ұрып, тұрып-жығылып, кемсеңдей берді. Бірақ ол қанша жыласа да, қанша жалбарынса да, аяушылық білдіріп, көмек көрсететін ешкімнің жоқ екенін жақсы білді. Білгендіктен орнынан тұрып, кешеден бері шеше алмай қойған "енді не істеуім керек" деген сұрақты іштей тағы қайталады. Арт жақтан әлдене сыбдыр ете қалғандай болды. Кияку селк ете түсті. "Ақ адамдар! Ақ адамдар іздеп жүр!" Киякудың денесі мұздап жүре берді. Жалт қарағанда бұта-бұтадан қарғып, қашып бара жатқан елікті көрді, бірақ "ақ адамдар жүр, бұл жерді солар мекендейді, қазір кездеседі" деген үрейлі ойдан жүрегі қайтып орнына түспеді.

Жалма-жан дорбасын беліне байлап, сүрініп-қабынып, етекке түсті. Күн сәулесі көрінбейтін қалың жыныстың ішіне кіргенде аздап есін жиды. Өзегі талып, ашыққанын, әрі шөлдегенін сезді. Күн батарда жапырақтар бүркеп, көзге көрінбей, сылдырап ағып жатқан, жалғыз аяқ жол секілді жіп-жіңішке бұлақтан су ішті. Ал жейтін ештеңе жоқ еді. Маймылдар мен құстардың, жарқанаттардың көздерінен тасада қалған жемістер тым биікте. Жерге түскен бірер жаңғақпен жүрек жалғаған болды.

Қайда келе жатқанын өзі де білмейді. Орман іші қалыңдап, аяқ алып жүрудің өзі қиынға түсті. Тұтасқан қалың шырмауықтар мен жапырақтарды жолынан тазартып отыруға Киякудың шамасы жетпейтін. Сондықтан әлсін-әлсін кері шегініп, мағынасыз жүрісті қайтадан басынан бастауға тура келді. Қас қарайғанда қабаттаса өскен пальма ағашының ортасынан ұйықтайтын құрғақ жер тапты. Түнге қарай орман іші қорқынышты шуға толды. Аллигаторлардың күркіреген дауыстары, бақалардың тынымсыз шырылы, түн құстарының шақырғаны және тағы да сол адамның өксіп, жылағанына ұқсайтын сұмдық үрейлі дыбыс таң атқанша бір басылған жоқ. Күн шыға жеуге жарайтын тамыр, жапырақтар іздеді. Аласұрып, құстарға, маймылдарға жүгірді. Жаңбырдан іркілген қақтан бұзылған су ішті. Сыбдыр еткен дыбыстан шошып, бүкіл уақытын мағынасыз қашумен өткізді. Ол бәрінен де қорықты. Қорқау аллигаторлардан да, жыландардан да, өрмекші, бүйелерден де, жарқанат пен қарақұрттан да, құмырсқаның илеуінен де, қабылан мен ілбісіннен де қорықты. Бірақ оған осылардын бәрінен де ең қорқыныштысы адам еді. Жаратушы құдіретке мың мәртебе табынып, "тек адам баласына кездестіре көрме" деп жалынды. Өйткені ол жер бетінде адамнан өткен қатерлі, мейірімсіз мақұлықтың жоқ екенін жақсы білді.

Төртінші күні аштық азабы адам төзгісіз жағдайға жетті. Не істеп келе жатқанын өзі білмей, көз алдына әлденелер елес­теп, сандырақтай бастады. Ол көңірсітіп, балық пісіріп жатқан шешесін көрді. Шешесі бір қолымен ұлу қабығына шүпілдете құйылған тәтті сусынды көтере ұстап, иегімен балықты көрсетеді.

"Алдымен балықты жеп ал деп жатқаны-ау, - деп ойлайды Кияку ішінен, - сусынды содан кейін ішкенім дұрыс қой... Сонда бұл не? Толық ай мейрамының басталып кеткені ме?.. Исі қалай көңірсиді өзінің! Шіркін!.." Тезірек бер енді! - дейді Кияку күбірлеп - Кәне...

Кияку өзінен бес қадамдай жерде иретіліп жатқан анаконды (айдаһар жыланды) көріп, есін жиды. Анаконд ұйықтап жатқаны, әлде аңдып жатқаны белгісіз, көк теңбіл, алабажақ жондары күнге шағылыса жылтырап, басын көрсетпей, от орнындай аумақта қимылсыз жатыр. Кияку шегіне беріп, шалқасынан құлады да, әрі қарай не болғанын білмей қалды... Әлден уақытта бір ескі сүрлеудің бойында жүгіріп келе жатқан күйінде есін жиды. Енді ол есінен айырылып, шалықтап жүріп, аллигаторлардың аузына өзі түсуі мүмкін екенін біліп, үрейі ұшты.

Үрей оны есінен тандырды, әрі есін жидырды. Кешкілік селдетіп нөсер құйды. Кияку сезінуден қалған бір доғал түйсікпен осы кезде жаңбыр маусымы басталып, сел жүретінін, өзендегі сулар арнасынан асып, буырқанып, үлкен кісілердің балыққа шыға алмай, лашықта отырып қалатынын есіне алды. Нөсер таң атқанша басылған жоқ. Найзағай оты жарқ ете қалғанда түнгі орман бейнесінен жаны түршіккен Кияку қорқыныш пен тоңудан, аурудан тісі тісіне тимей сақылдап, есірік шекарасында отырып таңды атырды.

Келесі күні ол түс кезінде өлген ақ адамның үстінен шықты. Алғашқыда зәресі ұшып, қаша жөнелді де, артынан өлік екеніне көзі жеткен соң қайтып оралды. Іріп, қарайып кеткен еттеріне сескене қарап тұрды да, аузынан сілекейі шұбырып, өліктің қалталарын ақтара бастады. "Аштан өлген екен" деп ойлады жартысы желінген қайыс белбеуді көргенде. Кенет белінде байлаулы тұрған зілдей дорбаны жұлып алды. Қолдары қалтырап, тісімен жұлқылап, әрең дегенде дорбаның аузын ашып қалды да, жарқыраған сап-сары алтын кесектерді көрді. Ол алтынның қымбат тас екенін бұрыннан білетін. Бірақ мынау ақ адамның аштан өлгенше зілдей қылып жанынан неге тастамағанын түсінбеді. Дорбаны итеріп, ақтара салды да, мүңкіген сасық иіске шыдай алмай, шегініп кетті.

Ақыл-есінен ада қылған аштық азабында ажал көлеңкесінің соңынан еріп, қанша күн, қанша түн жүргенін ол сезген жоқ. Бір есін жиғанда тағы да өткен жолғыдай жуық арада аң баспаған ескі сүрлеумен келе жатқанын көрді. "Бұл жол өзенге апаруы мүмкін" деп ойлады. Ол есі түзуінде тезірек ойлап қалуға тырысты. Өйткені осыдан кейін қандай күйге түсері өзіне белгісіз.

"Өзенге... су..."

Ол әр есін жиған сайын, сүрлеуден көп ұзамағанын сезіп, қайта оралып отырды. Әлсіреп, етпетінен құлады. Тұра алмады... Еңбектеп жылжыды... "Өзен..."

Тағы да ақ адамдар елестеді. Иықтарына асынған мылтықтары бар. Қоршап алыпты. Біреуі өлтіргісі келіп, жақындай түседі... "Мейлі елестей берсін, - деп ойлады Кияку, - Өңімде де көргем... Мейлі... қазір аллигаторлар келіп елестейді. Сосын... айдаhар, онан соң... жоқ, ақ адамның керегі жоқ... енді аллигатор келсін... Кел!"

* * *

Кияку таңғажайып бір тастан қалаған "лашықтың" ішінде көзін ашты. Өңі ия түсі екенін айыра алмай ұзақ жатты. Тіпті өзінің тірі екеніне де толық сенген жоқ. Теп-тегіс, аппақ қабырғалар, әр түрлі түсініксіз бұйымдар, үстінде жатқан жұп-жұмсақ жамылғы. Бір қызық ертегі тыңдап жатқандай ұйқылы-ояу сезімде біраз жатты да, бірте-бірте есі кірген сайын қиялға сыймайтын жұмбақ күйде екенін аңғарып, таңырқау әсерінен басқа түк жоқ, ешқандай түйсікке әсер етпейтін сәулесіз, түссіз, жылусыз, беймәлім кеңістікте қалқып қалғандай бір күйге енді. "Жоқ, әлде Янумака қарт айтатын о дүние осы ма екен" деп ойлады ол маңайына бағдарлай қарап.

Кенет қайдан шыққаны белгісіз, өзіне жақындап келе жат­қан киімді, еңгезердей қара кісіні көрді. Қорыққаннан денесі өз еркіне бағынбай, жылан арбаған бақаша сіресіп, қозғалмай қалды. (Қорыққаным - тірі болғаным ғой деп ойлап үлгірді осы арада). Көзінің алды қарауытып, бір тұңғиыққа шым батып бара жатқандай сезінді. Әлден уақытта сейіле

Көп күндер өтті. Кияку бірте-бірте әл жинап, оңала бастады. Күтуші негр күніне үш рет тамақ беріп, асырайды. Киякудың түсінбейтінін біле тұра, кешкілік өзінен-өзі мәз болып ұзақ әңгімелер айтады. Үй ішіндегі заттарды қолымен көрсетіп, атын атап, Кияку оны бұлжытпай қайталап айтса, одан сайын мәз болып, рақатқа батады.

Кияку кейін негрден бәрін естіді. Мұны орман ішінде ес-түссіз жатқан жерінен каучук фабрикасының жұмысшылары тауып алыпты. 5-6 жасар шамасындағы кіп-кішкентай, ап-арық индеец баланың әлі тірі екенін көрген соң, олар плащ­қа орап, деревняға алып келеді. "Ит тұмсығы бат­пайтын қалың орманда жападан жалғыз не ғып жүр және қайдан жүр" деп бәрі де таң қалысады. Ақыры фабрика директоры оқыған, мәдениетті әрі ер көңілді кісі болғандықтан, қызметші негріне индеец баланы емдеп, асырап алуына рұқсат етіпті.

Күтуші негр Киякуге Эдуард деп ат қойды. Сынаптай қалқыған сәби санада Кияку деген ат бірте-бірте ұмытылып, Эдуард есімі біржола орнығып қала берді.

Негр ешқашан да үйленбеген, жалғызбасты адам болатын. Жас шамасына сай келмейтін ерекше ақылды, кіп-кішкентай индеец баланы бауыр басып, жақсы көріп кетті. Кейін тіпті сырттан келгендердің бәріне Эдуардтың орманнан табылғанын жасырып, қайтыс болған әйелімнен қалды, әйелім баладан өліп еді деп өтірік соғып жүрді.

Эду екі жыл өткен соң мектепке барды. Оның ересек адамнан бетер орнықты ақылына, ұғымталдығына мұғалімдер де қайран қалып, бастарын шайқайтын. Ал кішкентай Эду болса, ақыл-ойлары жұмбақ боп көрінген ақ адамдардың балаларының өзінен неге артық емес екеніне түсінбей, әрі өзінің барлығынан зерек болып шыққанына біртүрлі ыңғайсызданатын секілді еді.

Бірте-бірте Эдуардтың орманнан табылғаны туралы лақап та ұмытылды. Тағдыр айдап, өз тайпасынан көз жазған жас бала жаңбырдан кейінгі бұрқанған ағысқа лақтырған құм

Адам баласы бүкіл ғұмырының өн-бойында ғана кешуге тиісті сыбағалы қайғы-қасірет, қорқыныш, түңіліс, қиыншылық тақсіретін алты жасының ішінде басынан өткеріп біткенін, әрине, оның өзінен басқа ешкім де білген жоқ. Және білгілері де келмеді. Эду тоғызға толғанда фабрика қожасы әлдеқандай қылмысты іске араласқаны үшін жауапқа тартылып, каучук фабрикасының жұмысы тоқтап қалды. Жұмысшылар тарап кетті. Ең соңынан есеп айырысқан негр Перри Эдуардты алып, Мату-Гроссу штатының астанасы Куяба қаласына келді. Мұнда бір жыл тұрғаннан кейін, тағы да жұмыс іздеп, Бразилия қаласына, одан Сан-Паулуға келді. Одан Рио-де-Жанейроға көшіп, жарты жыл қайыршылық тұрмыс кешкен соң, Эдуды ертіп, Америка Құрама Штаттарына келді. Ақыры Нью-Йоркке өкше тіреп, біржола тұрақтап қалды.

Перри Эдудың оқуға деген алабөтен зейінділігін жақсы бі­летін. Сондықтан ертең мектепті бітіріп шыққан соң, кол­ледждердің біріне оқуға түсіруді армандайтын. Өмірі семья құрып, бала сүйіп, аталық сезімді басынан өткеріп көрмеген бейнетқор негр Эдуардқа жасаған бүкіл қайырынан кішкентай балалардың "семья" болып ойын ойнағанда өздерін кәдімгідей үлкен адамдарша сезініп, рақаттанып қалатыны секілді ләззат алатын.

Перриді көшеде өлтіріп кетті. Оны кім өлтіргенін, неге өл­тір­ге­­нін Эдуард білген жоқ. Тек өзінің енді жалғыз қалғанын, үлкен ба­қытсыздыққа ұшырағанын анық білді. Көшедегі қайыршылар­ға қосылып, аштан-аш, бос сандалған күндерінде ол "жоқ, бұлардың бәрі мен көрген азаптың жанында түк емес, мен бұдан да зор­ды көргем" деген ойды ғана медет қылды. Ол магазинге кү­зет­ші болып та, газет таратушы болып та, жүк тасушы болып та, аяқ киім тазартушы болып та көрді. Екі жыл өткен соң қаланың шет жағындағы түнгі шағын ресторанда официант болып істеп жү­ріп, колледжге түсті. Күндіз сабаққа барып, түнде жұмыс іс­тейді. Күніне бес-ақ сағат ұйықтап, тамағына жетер-жетпес қаражатпен тағы екі жылдай жоқшылық зардабын тартуға тура келді.

Міне, дәл осы тұста каторганың кесімді жылының аяқталғаны секілді, тағдыр тауқыметі мойнынан біржола сыпырылып, басқа бір сәулелі, жарқын өмірдің кіріспесі басталды.

Университеттің профессоры Джорж Бейкер сырдаң, өзімшіл, ақсүйек адам еді. Бірақ ғылымға жан-тәнімен берілген және ғылым алдында оқымыстылық ар-ұжданын биік ұстауды бірінші мақсатым деп білетін. Профессор Эдуардтың бо­йында жасырынып жатқан талантты бірінші болып байқады. Ол Эдуардқа көңілі құлап, жақсы көргендіктен көмектесті ме, әлде өзінің ішкі принциптерін орындау үшін - ғылым алдындағы азаматтық борыштарының бірін өтеу үшін көмектесті ме, ол арасы беймәлім. Джорж Бейкер Эдуардты өз қолымен жетелеп, ғылым әлеміне енгізді. Шәкірт оған жауап ретінде өзінің тұңғыш ғылыми еңбегін Бейкер деген фамилиямен жариялап, кейін сол фамилияда біржола қалып қойды.

* * *

Эдуард ғылым дүниесіне ессіз құштарлықпен берілді. Оның осынау оңаша, тынымсыз тіршілігі әлдебір қанына қатқан өшпенділіктің кегін алуға өршеленген жанның өлермендігіндей немесе кісі өлтіріп жатқан қарақшының "әлі жаны шыққан жоқ" деген күдіктен құтырына түсетін сойқан ісіндей ессіз, шапшаң, толассыз бір қарекет еді. Осы бір қарекеттің сыртында рақат, тыныштық, тыныстық өмір болары Эдуардтың есіне келіп көрген емес. Қайта осының бәрі көңіліне еміс-еміс елес беретін, сәби күнінде көзімен айқын көрген Ажал елесі, Мәңгілік үрей азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан боп көрінеді.

Сол үрей мұны өмір бойы өкшелеп қуып келеді. Жабайы аюдан қашқан адамның жүгірістен рекорд жасасам деп ойламайтыны секілді, Эдуард та ол кезде ұлы жаңалық ашып, даңққа бөленсем деп ойлаған жоқ. Бірақ даңқ өз аяғымен келді. Және өзімшіл, сұлу әйелдей өзінен басқаның бәрін ұмытуды, өзінен басқа ештеңені сүймеуді талап етті. Ал Эдуардтың бұған дейін қастерлеп, жүрегіне жақын тұтатын ештеңесі қалмағандықтан, даңқпен оңай табысқан. Жалғыздық дерті жайлаған жан дүниесіне бір сәуле енгендей болып, еңсесін көтерді. Сонда ол тауға көтеріліп келе жатқан адамның кенет төменге қарап, өзінің қалай биіктеп кеткеніне таң қалатыны, әрі аздап үрейленетіні секілді бір сезімге келген.

Даңқ мұны Мәңгілік үрей азабынан құтқарды. Енді ол өзінің осы­нау құдіретті күш-жігерін үлкен, мәнді мақсатқа арнау керек екендігін түсінді. Арнамаған күннің өзінде сол қыруар ең­бегінің ішінен ақылға сыйымды, мәнді бірдеңе тапсам деп ойлады. Ол бір затқа - жеке бастың мансапшыл өзімшілдігі мен ха­лық­тық, азаматтық игі мақсаттардың кереғарлық қылмай, қабысып кете беретініне қайран қалды. "Ендеше, - деп ойлады ол, - ме­нің міндетім ғылымға ғажа­йып жаңалықтарды ашып беру ғана емес пе... Ал одан әрі мақсат та, борыш та, мән-мағына да өзінен-өзі сол нәтижеден тарай беруге тиісті... " Ақыры міне, медицина ғылымындағы әлемді дүркіреткен Эдуард Бейкер дәуірі басталды.

Эдуард Бейкер адамдарды қайран қалдырудан, аһ ұрғызудан жалыққан жоқ. Үйткені ол сондай жанға жәйлі, жағымды. Мынау өмірді бәсеке-күреспен теңестіріп тұрған заманда сол бәсекенің жеңісінен артық ләззат, содан артық абырой, содан артық мән-мағына бола ма?..

Доктор Бейкердің есін жиып, қызметшісін шығарып жібергеннен кейін есіне түсіргендері осылар еді. Ол енді өзінің сонау ағысты, лай өзен жағасында қалған араку тайпасынан жеті бақсымен бірге не мақсатпен шыққанын және не деп ант бергенін есіне алды. Осы тұста көкірегін қақырат­қан бір дертті сағыныштан көзінің алды тұманытып, есінен тануға шақ қалды.

- О-о-о-о! - деді кенет ұлыған тәрізді бір үнмен күйініп. - О-о-о!!! У-у-у!!!

Шынында да ол хайуанша, көкке қарап ұлығысы келді. Адамдық белгімен жеткізе алмастай дәрежеге жеткен күйініш даусы аузын ашқанда жабайы, хайуани үнге ұласты.

- О-О-о-у-у-у!!! - Доктор Бейкер кемсеңдеп, көкірегін тырнады. Ол мынау дүниенің құны сертті сәтте өзі үшін түк емес екенін осы уақытқа дейін қалай ажыратпағанына өзегі өртеніп, бұдан да қайыршы болып, не жынданып кетсем әлдеқайда жеңілдер едім деп ойлады.

Тағы да есіне көкпен таласқан қалың джунгли, қаз-қатар тігілген лашықтар, кешкі отты қоршап, жарылқаушы рухты шығарып салып тұрған бақсылар, толық ай мейрамындағы ойын-күлкі, шешесінің таңғажайып, мұңды жанары елестеді...

Торығып, белін ұстады.

- О-о-о-о-у-у-у!!!

Тау басында сірескен қарлы мұз ерісе, сел боларына ұқсас қатал жанның ішіндегі беріш қайғы жібігенде оқыс шешілген бір қауырт әрекеттің болары сөзсіз.

Таң алдында доктор есін жиып, сабырға келді. Түнімен адасқан адамның жарық түсе қай жерге келіп тоқтағанын жобалағанындай, түндегі еске түскен өмір тарихы мен журналистен естіген әңгімесін салғастырып, қазір өзінің қандай жайға душар болып тұрғанын және оның өз өмірі үшін қаншалықты маңызы бар екенін ақылға салды.

ІІІ

Доктор Бейкердің аяқ астынан Бразилияға жүріп кетуі бәлендей дабыра-шуға ұласқан жоқ. Жандайшап қалалық газеттердің бет­терінде "Бүгін доктор Эдуард Бейкер ресми сапармен Бразилияға жүріп кетті" деген хабардан басқа ештеңе жарияланбады. Док­тордың ішкі жан-дүниесіне бір де бір рет бас сұғып көр­мегендіктен айналасын қоршаған қошеметшілері де, қыз­меткерлері де, жанашыр көңілдестері де бұл сапардың мәнісіне тү­сінген жоқ. Және қай күні жүретінін де ешкім жобалай алмады. Тек үйіндегі қызметшісі ғана доктордың жан-дүниесіндегі әл­дебір аяқасты өзгерісті іші сезіп, "тегі әйел, махаббат төңірегіндегі бір құпия сыр болмады ма екен" деп өзінше топшылады.

Доктор өзін шығарып салып тұрған ешкімнің жоқ екенін жақсы білсе де, самолет басқышында тұрып, артына бұрылды. Киноаппараттардың тызылы мен фотоаппараттардың тырсылына, бірін бірі кимелеген журналистер мен лауазымды адамдардың қошемет белгілеріне, салтанатты дабырға дағдыланған докторға ың-жыңсыз самолет басқышымен көтеріліп бара жатқаны біртүрлі ыңғайсыз көрініс секілді еді. Бірақ осылай болғанына іштей қуанып қалды. Өзімен-өзі болып, көңіл күйінің бұрауын бұзбай, көз алдына сол бір суреттерді қайта-қайта елестетіп отырып, өзінің осы уақытқа дейін жалғыз болғанын, енді тіпті, мәңгі-бақи жалғыз қалғанын айқынырақ сезінгісі келді. "Аракулардың қираған лашықтарын өз көзіммен көрейін, - деп ойлады ол. - Олардың қолдары тиген, ұстаған құрал-саймандарының бір сынығын тапсам, қалған ғұмырыма бәлкім алданыш болар". Ол жол бойы осыдан басқаны ойлаған жоқ. Рио-де-Жанейроға түсісімен, аэропорттан билет алып, Бразилия қаласына ұшты. Бразилиядан әлдеқалай жолаушы тасып жүрген әскери самолетке отырып, түс кезінде Куяба қаласына келіп қонды.

Көзінің алды күлтілдеген, бадырақ көз губернатор докторды қабылдап отырып, қалаға әдейі арнап келгеніне қуанышты екенін, бірақ сапарды ресми түрде хабарламағандықтан, лайықты сый-құрметтің жасалынбай қалғанына қатты қынжылатынын айтты.

- Бұл жақта бұрын болмаған шығарсыз? - деді ол секретарь қыз әкелген ыстық кофені аузына апара беріп.

- Жоқ, - дей салды доктор.

- Сырттан келген адамға табиғаты аса жағымды емес. Күн ыстық. Ыстықты ыстық қана қайырады. Кофе ішіңіз.

Губернатор әрнеден хабары бар, мінезі әкімге ұқсамайтын жұм­сақ, ақжарқын кісі екен. Доктордың келу мақсатын үй­рен­шікті әңгімедей сабырмен тыңдап отырды да, Мату-Гроссу штатында кезінде индеецтер өміріне үлкен қатер төнгенін, оның бәрі авантюристер мен бандиттердің ісі екенін, қазір Шингу ұлттық паркінде жағдайдың біршама жақсы болғанын және сөз арасында өзінде де индеец қаны бар екенін, үлкен әжесінің тупи тайпасынан шыққанын, әрі өзі соны мақтаныш тұтатынын айтып кетті.

- Губернатор мырза...

- Білем, - деді губернатор елгезек қызметшілердей әрі айтқызбай, - сізге жеңіл самолет және жолсерік бірнеше адам керек.

- Біреу. Жол бастайтын бір адам болса да болды.

- Бәрі де болады...

- Айтпақшы, - деді ол шығып бара жатқан докторды тоқтатып, - безгек, сүзек, іш ауруларына қарсы егілуді ұмытпаңыз...

Үш күннен кейін доктор Бейкер мен индеецтерді қорғау қызметінің бөлім командирі, полковник Мауро Мартинс күн шыға самолетке отырды.

Самолет көтерілген сайын тұтасқан жасыл орман ұшы-қиырсыз жазылып, тарам-тарам өзендер жалғыз аяқ жол секілді жіп-жіңішке болып көрінеді. Күн батар тұстан көтерілген қара бұлт лезде төбеге көтерілді. Оң қанаттан соққан желден самолет жүрісі бұзылып, шайқалып келеді.

- Жаңбыр маусымы да басталып қалды ғой, - деді полковник самолет гүрілін баса айқайлап.

Көп ұзамай жел бағыты өзгеріп, жарқ-жұрқ еткен қара бұлт қапталда қалды.

- Тәубә! - деді сағыз шайнаған ұшқыш ыржия күліп. Сонан соң айқайлауға ерініп, найзағайлы бұлттың ауып кеткенінің жақсы болғанын ыммен көрсетті.

Доктордың тас мүсіндей көсе жүзі бозарып, қуқыл тартты. Ұшқыш шайнаңдап отырып, жалғыз қолымен картасын жазды.

- Кеп қалдық, - деді көңілді үнмен. Самолет төмен құлдилап, солқ ете түсті де, шоқалақ жер бетімен зіркілдеп біраз барып, тоқтады.

- Бұл арада американдық миссионер тұрады. - Полковник ағаш арасынан көрінген ақ шатырды көрсетті.

Ат жақты, ұзын бойлы, сыртқы пішіні ковбойларды еске түсіретін, орта жастағы американдық миссионер жолаушыларды жылы жүзбен қарсы алды. Кофе үстінде полковник докторды таныстырды.

- Ал мен осындағы этнограф ғалымдардың бірі ме деп едім, - деді миссионер кешірім өтінген жүзбен күле қарап. - Онда келу мақсатыңыз бірыңғай туристік болды ғой...

Доктор Бейкер кіржиіп, біразға дейін жауап бермей отырды да:

- Мату Гроссу штатындағы ең соңғы, тірі индеецтерді көріп қалғым келеді, - деді самарқау. - Сіз бізге осы маңайды аралата аласыз ба?

- О, не дегеніңіз!.. Сөз бар ма... - Миссионердің үнінен аса құлап түскен пейіл байқалмады. - Аралатуға болады ғой.

- Алайда, - деді ол сыртқа шыққанда, - индеецтер мәселесі әбден ескірген тақырып, доктор мырза. Ол туралы индеецтер жайын білмейтіндер ғана сөз қылады. Ал біздер үшін... Бері қарай жүріңіздер, қашық емес... Ал біздер үшін өзінен өзі белгілі, әлдеқашан шешілген, әрі ешкімнің көмегі жүрмейтін табиғи процесс...

Доктор Бейкердің басына қан шапшып, тізелері қалтырап кетті. "Шошқа!" дегісі келді айқайлап. Ол тіпті бұдан да зор, жанға бататын бірдеңелерді айтқысы келді. "Бейбіт тайпаларды динамитпен, умен, уколмен қыру табиғи процесс пе?! - дегісі келді долданып. - Сеніңше осы табиғи процесс пе, сұмырай! Таң алдында ұйқыда жатқан деревняға гранаталар лақтырып, опат қылу табиғи процесс пе?! Табиғаттан жаралған өзіңдей адам баласын екі ғасыр аулап, жер бетінен жойып жіберу табиғи процесс пе, сұмырай! Қарақшы!!!" Бірақ доктор мұны айтқан жоқ.

- Бұрын бұл тұста қанша индеец тұрған? - деді сигарет ұстаған саусақтары қалтырап.

- Қанша болғанын дәл айту қиын. Осыдан 100 жылдай бұрын шамамен осы жердегі тайпада 150-200 мыңдай адам болған....

- Қазір қанша?

- 20 адам.

Доктор Бейкер сигаретін аузына апара алмады.

- Қалғаны қайда? - деді меңірейіп, не сұрап тұрғанына өзі де түсінбей.

Миссионер докторға таңырқай қарады.

- Індеттен қырылып қалды ғой.

- Сосын.

Миссионер докторға тағы қарады.

- Сосын... Рас, ақ адамдардың қолынан да аз қырыл­ған жоқ. Ақ адамдар қарудың күшімен оларды қалың орман түкпіріне ығыстырды. Бірақ индеецтер де қарап қалған жоқ қой. Олар да талай рет бірнеше тұтас отрядтарды қырып салған. Сондықтан бұл соғыста әрқайсысы да кінәлі.

- Сізге индеецтердің өз жерлерін қорғағысы келгені соншалықты таңқаларлық нәрсе ме?

- Неге?.. - Миссионер иығын қозғап, жымиған болды. - Әне, - деді содан кейін қолын шошайтып.

Он қадамдай жерден екі индеец баланың шашы жалбыраған бастары көрінді. Одан кейін қарындары тасырайып, ағаш тасасынан өздері шықты. Доктор Бейкердің жүрегі шымырлап, ауырғандай болды. Жанына соншалық жақын, ыстық көрінген қап-қара, тыр жалаңаш екі баладан көзін ала алмады.

"Мінекей, келдік" деген миссионердің қарлыққан даусын естігенде барып, қарсы алдында тұрған таңғажайып, кіп-кішкентай лашықтарды көрді.

Миссионер қолындағы таяғымен лашықтың төбесін қақты:

- Ей, тезірек шығыңдар! Сендерге қонақ келіп тұр.

Лашықтан қабырғалары ырсиған, жүдеу үш кішкентай бала шықты. Іштен әлдекімнің күңкілдеген, жөтелген дыбысы естіледі.

- Ей, тезірек! - деді миссионер тағы да айқайлап. - Тезірек. Сендерді суретке түсіреміз.

Көп ұзамай деревня тұрғындары түгел жиналды. Үйре­тіл­ген цирк хайуандарындай үн-түнсіз, бір-бірімен де тіл қатыспастан қатарласып тұрып жатыр. Белі бүгіліп, қаусаған шал-кемпірлер, таяққа сүйенген ақсақ еркектер, бір тісі жоқ, қызыл иек әйелдер, соқырлар, бүкірлер, ши борбай балалар... Қатарласып тұрып жатыр.

Полковник Мауро Мартинс фотоаппаратын алып, бірнеше дүркін суретке түсірді. Содан кейін доктордың жүзіне қарап, ұнатпай тұр ма деген оймен:

- Доктор, бұлар осы өлкедегі ең намысқой, жауынгер тайпалардың бірі болған, - деді кепілдікке көзімен миссионерді нұсқап.

Миссионер басын изеп, қолындағы таяғымен етігінің қонышын сарт еткізді де:

- Отыз жыл соғысты, - деді докторға қарап.

Доктор миссионердің сөзін тыңдаған жоқ, торкөз орамалымен қайта-қайта сіңбірініп, әлдене деп сыбырлағандай болды.

Миссионер индеецтерге таяғымен жайқап, тараңдар деген белгі берді. Содан кейін қонақтарды бастап, тайпа көсемі тұратын лашыққа кірді. Қақ төрде, жапырақ үйіндісінің үстінде жерге үңіліп отырған кәрі шал келгендерге нұры қашқан ақжем көздерін бір аударды да, ештеңе көре алмағандай, жерге қайта тұқжиды.

- Сексенде, - деді миссионер тізесін бүгіп. - Тұра алмайды.

Лашық ішіндегі сынған найза, ескі қауырсын қалпақ, шоқпыт шүберек, шашылған жаңғақ қалдықтары, жағымсыз сасық иіс - тіршілік мәнінің мүлде жойылғанын, ал мына шалдың әлдебір себептермен бір күннен бір күнге жылжыған уақытша ғана көрініс екенін дәлелдеп тұрған секілді.

Шал басы қалтылдап, миссионерге баяу бұрылды да, әрең дегенде қырылдаған үнмен бір сөз айтты.

- Қайыр сұрайды, - деді миссионер.

Доктор шалға қалтасынан бес доллар алып, ұсынды. Шал ақшаны астындағы жапырақтың астына тықты да үн-түнсіз, әуелгі күйіне түсіп, қозғалмай қалды.

Миссионер түрегеліп, тізесінің шаңын қақты. Сыртқа шыққан соң доктор тағы да қаз-қатар қолдарын созған кемтар-қайыршыларға тегіс ақша үлестіріп шықты.

Доктор Бейкер миссионердің бұрынғы индеецтер туралы, олардың әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары, әкімшілік-басқару жүйелері туралы айтқан әңгімелерін тыңдай алмады. Тағы да сол жалғыздық дерті жанын күйзелтіп, "тым болмаса, басыма түскен қайғы-қасіретімді бөлісетін адам бар ма?" деп ойлады ішінен "Кім бар?! Әлде әділет жоқшысы, журналист синьор Палетелли ме? Әлде құрып жатқан тайпалардың тұрмыс-тіршілігін тарихқа енгізу үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ұжданы биік ғалымдар ма? Әлде индеецтерді қорғау қызметінің негізін салған атақты, мейірбан генерал Кандидо Мариано Родон ба?.. Жоқ! Синьор Палетелли бөлісе алмайды! Үйткені оған араку да, ваура да, бороро да, шаванте де, каражо да бәрібір. Ол тек дүниедегі әділет заңының принциптері бұзылмауы үшін күресіп жұр. Жоқ! Ұжданы биік ғалымдар да бөлісе алмайды. Олар тек тарих пен ғылымның ақиқаттығы үшін, шындық үшін күресіп жүр. Жоқ! Мейірбан генерал Родон да бөлісе алмайды. Ол тек өз нәсілі үшін жанын кемірген ар-ұяттың әмірімен қызмет қылды. Өзін тарих алдында ақтау үшін күресті. Сонда араку тайпасының рухы оятып, түндер бойы ұйқы көрмей, азап кешетін, жаны ауырып, көзіне жас келетін, сағынатын, іздейтін кім? Ол - мен. Мен - Эдуард Бейкер. Басқа ешкім де емес. Мен! Мен! Мен!... "

Келесі күні тағы күн шыға ұшқан самолет тірі қалған индеецтердің мекені - ұлттық парк орналасқан жерге сәскеде қонды. Мейманханаға түсісімен полковник индеецтер пос­тының басқармасына телефон соғып, машина шақыртты.

Жарты сағат өткенде бұлар отырған машина шаңы бұрқылдаған, ойқы-шойқы, қисық жолмен өзен бойлап келе жатты. Пальма ағаштары жиілеп, зәулімденіп, жол да жіңішкеріп, жалғызаяқ соқпаққа тірелгеңде полковник машинаны тоқтатты.

- Бұдан әрі жол жоқ, доктор. Жаяу барамыз... Әне, естіп тұрсыз ба?

Әлсіз гүмпілдеген барабандар үні естілді.

- Қазір бұл жер туристер орталығына айналған. Әсіресе, июнь, июль айларында киноға түсірушілер қаптап кетеді.

Барабандар үні күшейе түсті. Ширек сағат шамасында доктор Бейкер мен полковник Мартинс джунгли ішінде ерсілі-қарсылы сапырылысып жүрген туристер тобына қосылды. Зоопарктегі секілді аралайтын маршруттарды тақтай стрелкалармен белгілепті. Тек тақтайларда тайпалардың аттары жазылған. Әр тұстан дабырласқан көңілді шу, кинорепортерлардың "ал, кәне, бастаймыз, бастаймыз!" деген даңғой ай­қайлары естіледі.

Доктор полковник Мартинстен көз жазып қалды. Қалай қарай жүрерін білмей, аңтарылып, аз-кем тұрды да, "леопард аулауға болмайды" деген тақтай афишаны айналып өтіп, жал­ғыз аяқ жолға түсті. Шу бірте-бірте алыстай берді. Әлден уақытта сүрлеу де із-түзсіз жоғалып, доктор қауырсын жапырақты папортниктер мен тұтасқан шырмауықтардың қамауында қалды. Ол енді келген ізімен кері қайтпақ ойда еді. Кенет алдан бір қалыппен барабандар үні естілді. Доктор жолын бөгеген шырмауықтарды қолымен үзіп, аяғымен аршып, ілгері жылжыды. Барабан үні, дабырлаған дауыстар бірте-бірте жақындап келеді. Әлдебір жерде жасырын, құпия әрекет жасалып жатқандай аса жаңғырығып, қатты шуламайды.

Доктор ағаш арасынан индеецтердің қызылкүрең жоталарын, түрлі-түсті қауырсын қалпақтарын көріп қалды да, жүгіре басып, ентігіп алаңның жиегіне тоқтады. Айналдыра бөренелер қойылған, оңаша шағын алаңда индеецтер билеп жүр. Бұлшық еттері білеуленген 40 шақты жас жігіттің қолдарындағы жуан таяқтар барабан екпінімен ілесіп, сарт-сұрт соғысады. "Бум! "Бум!"

- Жорық биі! - деді доктор Бейкер қалтырана күбірлеп. - О, тәңірім, мынау жорық биі ғой!..

Сайыпкерлер бір шегініп, бір қосылып, ырғақтан жаңылмай, таяқ қағыстырып, көңілді үнмен гу ете қалады.

- Һа!

Бірақ жүздерінде күлкі. Қимылдары жеңіл. Әлі терлемеген. Аяқтарын ұштарынан басып, бір-бірінен шегініп кетеді де, жалт бұрылады. Таяғы да бетпе-бет келіп, сарт-сұрт қақтығысып өтті. Бірте-бірте қимылдары тездей түсті. Барабандар сартылы да жиілеп, күшейіп барады. "Бум-бум-бум-бум!!!"

Әлден уақытта қимылдарына мүлде көз ілеспей кетті. Бірақ ешкім ырғақтан жаңылған жоқ.

- Һа-а!

Бишілердің жүздерінен күлкі ізі жойылып, көздерінде ашу-ыза, қанды кектің жарқылдаған ұшқыны ойнады. "Бум!"

"Жорық! Қанды жорыққа шақырады. Бум! Қасиетті ата-баба құны үшін, қатын-бала қаны үшін, ақырғы жорыққа, қырғын айқасқа шығыңдар! Жорық! Дүниенің соңғы тынысын ерлікке арнайық! Бум! Ең соңғы рет қасиетті жорыққа!! Ең соңғы рет! Бум! Қане, баста!"

- Һа-һа!!

Доктор шамырқанып, көзін жұмды. "Шіркін, мына дүниені талқан қылып қиратар ма еді!" - деген кекті дәме өн-бойына шымырлай тарап, би ырғағымен теңселе берді. "Бум! Қайда біздің даңқты күндеріміз?!!.. Оралмайтын күндер үшін! Бум! Өлгендер үшін!.. Жер үшін!.. Ақырғы рет... Бум!"

Иңдеецтердің қызылқоңыр жоталары термен жалтылдап, етек жапқыш етіп байлаған жіңішке, ұзын жапырақтары қатерлі ұрысқа шақырғандай беймаза, тынымсыз суылдайды.

Доктор тынысы тарылып, галстугін ағытты. Дәл осы сәтті ол сонау ес білген күннен бастап тағатсыз күткен тәрізді. "Жорық биі, - дей берді күбірлеп. - Дәл осылай билейтін..."

"Бум!.. " Соңғы барабан үні дүңк ете қалды да, тынып қалды. Би аяқталды. Терге малшынып, ауыр ентіккен индеецтер көздерінің оты сөніп, бастары салбырап, қажыған, таусыл­ған түрмен бір-біріне үн-түнсіз мөлие қарайды. Әлдекім туристерден ақша жинай бастады.

Доктор дір ете қалды. Теріс айналып, ағашқа сүйенді. Кедір-бұдыр, тастай қатты қабықтар шынтағына батты. Ауырған сайын батыра түсті. Батырған сайын басқа біреуді қинап жатқандай жаны кіріп, айызы қана түсті. "Әлде де қинар ма еді, жанын көзіне көрсетер ме еді" деген, өзіне-өзі өшіккен бір сезім тұрған секілді көкейінде.

- Доктор, - деген жұмсақ үн естілді ту сыртынан. Доктор Бейкер полковникті даусынан таныса да қозғалмай тұра берді.

- Доктор, мен сізді іздеп, шарқ ұрмаған жерім жоқ. Бұл араға қалай тап болдыңыз?

Доктор жалт бұрылды.

- Араку тайпасының мекенін білесіз бе?

- Араку... дейсіз бе? Араку тайпасының мекені Рибейро селосынан аса қашық емес.

- Рибейро?..

- Иә, Рибейро. Сондай фабрикант болған. Этнографтардың айтуынша араку осыдан 60-70 жылдай бұрын сол село тұрған төңіректі жайлаған екен. Рибейроның бандиттерінен тас-талқан болып жеңілгеннен кейін ығысып, тіршілікке қолайсыз аудандарға шығып қалған.

Доктор Бейкер қалтасынан орамалын алып, тер бұршақтаған маңдайын сүртті.

- Жүріңіз, - деді содан кейін шаршаған үнмен. - Аралайық. Бәрін де аралайық.

***

Жетінші күні доктор Бейкер мен полковник Мартинс Шингу өлкесіндегі индеецтердің қалдық тайпаларын түгелге жуық аралап, Рибейро селосына екі күнде жетіп қалармыз деген ниетпен жағасына маникола, аварра, кокорита, тісті жапырақты зәулім пальмалар өскен жалпақ өзеннің бойымен баяу жүзіп келе жатты. Полковник қайықты жағаға бұрып, қайраңға тіреді. Содан кейін үстін жапырақтармен көміп, тұсына ағаш шаншып, белгі қойды.

Доктор орман ішіне бойлап енген сайын күніге көзіне жүз елестетіп жүрген баяғы бала кезіндегі оқиғалар жан біткендей тіріліп, сол кезең енді міне, жылжып, қасына келгендей, тіпті қол созым жерде тұрғандай бір қызық әсерге қалдырып, айналасына таңырқаған күйі алақ-жұлақ қарай берді.

Бұтақтан бұтаққа секірген қызғылт-сары бақырауық маймылдар қос жолаушыға әлдеқандай өшпенділікпен жапы-

Бойы алты футтық, қызғылт мойынды, аппақ, алып құтандар жайылма, тайыз суға төнген бұтақ үстінде әлдеқандай аянышты дыбыс шығарып және өз даусынан өзі сескенгендей маңайына сақтана қарайды.

Ағаштар бірте-бірте жиілеп, орман іші қараңғылана түсті. Орасан биік гринхарттар, қызғылт-қоңыр уллабтар, пупурея, суари, кастанья ағаштары тіресіп, бұдан әрі өтуге болмайды дегендей сұстанып, түнере түседі.

- Қате келдік, - деді кенет полковник қалың жынысқа шалқая қарап. - Өтіп кетіппіз...

Ағаш төбесінен жел тұрғаны байқалды. Солтүстік-шығыс­тан көтерілген қара бұлт аспанды тұтас торлап, саңылаусыз қымтап алды.

- Жаңбыр жауғалы тұр. - Полковник тағы да бағдарлай қарап, басын шайқады.

Осы кезде найзағай оты жарқ ете қалды да, орасан үлкен шелек жерге құлағандай, күн қаңғыр-күңгір етіп, күркірей жөнелді. Алда келе жатқан полковник тоқтап, артына бұрылды.

- Доктор, біз енді алдағы индеецтер қонысына жете алмаймыз... Онан да...

Тағы да гүрс ете қалған найзағай полковниктің даусын естіртпей жіберді. Полковник қолын ербеңдетіп, сөзін жал­ғамақ болғанда күн үшінші рет гүрс етті де, жаңбыр төпелеп құйып кетті.

- Әрі жүріңіз, - деді полковник тұншыға айқайлап. - Әрі қарай... Кері қайтайық...

Ағаш бастары қатты шуылдап, шаңқылдаған құстар

- Түскен жерімізден қашық емес, - деді полковник етектей пальма жапырағын доктордың төбесіне бүркеп жатып. - Бір миссионер тұрады... Екі жыл болды, осы арадан өнеркәсіп орнын ашқан... Өз қаражатына индеецтерге арнап аурухана салдырды...

Бұрқанған өзен жиегінен жалғыз аяқ жол кезікті. Бұлттың ортасы жыртылып, жаңбыр бағанағыдай екіленбей, ақ

Алдан село оттары жылтырады.

Бұлар селоға кіргенде күн де ашылып, көкжиектегі саңылаудан батып бара жатқан алқызыл күннің сынығы көрінді.

Миссионер қонақтарды жылы жүзбен қабылдады. Полковник Мартинстің жанындағы атақты доктор Эдуард Бейкер екенін естігенде ол ақсүйектерге тән ашық мінезбен бұл кездесуді өз өмірінің ең бақытты сәттерінің біріне балайтынын сол минутте-ақ айтып салды. Одан кейін "Осындай қауіп-қатері мол орман ішінде жаяулап-жалпылап, жауындатып, жол жүрудің өзі не деген таңғажайып қарапайымдылық десеңші!" - деп сыбырлады полковниктің құлағына.

Миссионердің әйелі кезінде өте ажарлы болғанға ұқсайтын, инабатты, кеңпейіл, ақылды адам екен. Балалары да сүп-сүйкімді. Кешкі қонақасы бірыңғай доктор Бейкердің құрметіне арналды.

Кеште жиналғандардың бәрі әр басқан қадамы тарихта қалуға тиісті осынау ұлы адаммен бірге отырғандықтан, өздерінің болмашы, оғаш қылықтары да тарихта қоса қалып қоя ма деп қорыққандай, өте сақ, сыпайы, жинақы отырды.

- Сіздің өз қаражатыңызға иңдеецтер үшін аурухана салдырғаныңызды естідім, - деді доктор бір тұста.

Миссионердің етженді жүзінен қуаныш нұры жарқ етті. Ол тіпті қуанғаннан не айтарын білмей, үнсіз қалды.

- Жақсы істегенсіз, - деді тағы да доктор.

- Жоқ, құрметті доктор... Қалай дегенмен де, мен бұлай істемесем, прогресшіл қауым алдында басқа ешқандай қылығыммен өзімді өзім ақтай алмас ем... Сондықтан бәлендей ерлік тындырдым деп айта алмаймын.

Қонақасы у-шусыз, ресми жиналыстай тыныш, біркелкі өтті. Бәрі де доктор Бейкердің аузынан бір ерекше, ешкім білмейтін, ешкім естіп көрмеген бірдеңелер тыңдағысы келді. Бірақ доктор ештеңе де айтқан жоқ.

- Рибейро селосы қанша жер? - деді жатарда.

- Тура жүргенде 30 шақырымдай...

Таңертеңгі астан кейін доктор аурухананы көргісі келетінін айтты.

Аурухана қызыл кірпіштен салынған, шатырлы, ұзын үй екен. Жапырақтар көмкерген көлеңкелі ауласында қолын таң­ған, басын таңған, таяққа сүйенген, қайсыбірі жалаңаш, қайсыбірі арзан, көк матадан тігілген халат киген, ала-құла боянған индеецтер жүр.

Ұзын бойлы, көзілдірікті жас дәрігер қабырғалары кісі бойы тұсқа дейін жасыл түспен боялған, жіңішке, ұзын коридорға бастап кіріп, қапталдағы бірінші бөлменің есігін ашты.

Дәрі исі мүңк ете қалды. Иін тірескен, керуеттер арасынан өтіп жүрудің өзі қиын секілді. Аурулардың ешқайсысы да кіргендерге көңіл бөлген жоқ.

- Кереуеттер жетіспейді, - деп түсіндірді жас дәрігер. - Алғашқыда жақын тайпалардан ауыр жарақаттанғандарды өзіміз барып, әкеле алмаған едік, қазір... көріп тұрсыз ғой.

Доктор жағалап, шеткі кереуетке келді. Жасы қырықтар­ға келген, бет пішіні іргіл, мосқал индеец асырауға көнбейтін аңның жанарындай жабайы, жат жүзбен докторға әрқилы қарады.

- Сары безгек, - деді жас дәрігер көзілдірігін қозғап. - Алтауы түскен еді, тірі қалғаны осы ғана. Ал мынау жат­қан... - Дәрігер үрген шардың қабығындай жұп-жұқа терілерінің арасынан аппақ сүйектері айқын көрінген екінші индеецті көрсетті. Индеецтің әлсіз ғана көтеріліп-басылған кеудесі болмаса, бет-жүзінен тіршіліктің белгісі білінбейді. - Менкос тайпасынан... Түскеніне бір ай болды. Бери-бери*. Осы өлкедегілердің тең жартысына жуығы бери-бери дертіне шалдыққандар... Ал мынау жатқан бүгіннен қалмауға тиісті... Гангрен... Мына жігітті бізге паралич соққан күйінде әкелді... Тәрізі жарқанат шаққан болуы керек. Бірте-бірте жазылып келеді...

Екінші палатада жатқан индеецтердің жағдайлары бірін­ші­лер­ге қарағанда әлдеқайда жақсы екен.

Кейбіреулері бастарын көтеріп, түрегеп отыр. Бірақ бәрі үнсіз. Бір-біріне бейтаныс, әр тайпадан қосылғандарға ұқсайды. Дәрігер бет-аузын алапестендіріп, қызылмен бояп алған еңгезердей, жалпақтанау индеецтің жанына барды да:

- Аяғыңды ертең шығарамыз гипстен, бүгін болмайды, ертең, ертең, - деді испаншалап. Ертең дегенді қолымен белгісіз бір бағытты асыра сілтеп көрсетті.

Индеец басын изеді.

- Тикандардың көсемі, - деді дәрігер енді докторға қарап. - Аса ержүрек адам... Азғантай тайпалардың басын қосып, ақ адамдарға қарсы әлі де соғыс ашпақ ойы бар. Жарақаттанып, бірнеше рет түсті, жазылып шыққаннан кейін тайып тұрады. Ал басқалары қалып жатыр. 12 индеец осында фабрикада жұмыс істейді... Ал мына жатқандар - тегіс ваура тайпасынан...

Кенет доктор шеткі кереуетке тақай берді де, мелшиіп • тұрып қал­ды... Кереует үстінде мойны мен иығын қызылмен бояған, маң­дайына, жағына, иегіне жасыл бояумен қос сызық ноқат жүр­гіз­ген, елулер шамасындағы индеец жатыр. Өлі, тірі екені белгісіз, кө­зі жұмулы.

- Екі күн болды түскеніне, - деді жас дәрігер доктордың тоқтап қалғанын байқап. - Индеецтер әкеп тастады... Ана палатада орын болмаған соң, осында жатқыздық.

Дәрігер жүре түскісі келді де, доктор Бейкердің қозғалмай тұрғанын көріп, кідіріп қалды.

- Бұл өзі мүлде белгісіз, тропикалық ауру. Және тұқым қуалайды екен. Этнографтар бұл тайпаны осы уақытқа дейін аштан қырылды деп келген. Олай емес, дәл осы аурудан қырылып бітіпті.

Дәрігер болған шығар дегендей, ілгері озып, бірнеше қадамдай жерге барды да, доктордың сол орында әлі қимылсыз тұрғанын көріп, таңырқап, кері бұрылды.

- Айтпақшы, - деді есіне әлдене түскендей. - Бұл жат­қан индеец араку тайпасынан қалған ең соңғы адам...

Доктор теңселіп барып, кереуеттің басына сүйенді. Ол индеецтің араку тайпасынан екенін бетіндегі таңба бояудан таныған-ды. Қапелімде өң мен түстің арасындай бір халде қалды да, санасына "бұл қуанышты жағдай, өте қуанышты жағдай" деген хабар жеткенде барып, бүкіл ғұмырында түйсініп көрмеген алапат сезім тасқыны дем алуға мұрша бермей, тұншықтырып, беймәлім тұңғиықка шым батырып жібергендей болды... Есін жиғанда түймелерін ағытып, қолдан дем салып жатқан дәрігерді көрді. "Доктордың жүрегі нашар екен ғой" деп күбірлейді әлдекімдер.

- Терезені ашыңдар! Сәл кейінірек, кейін...

Доктор Бейкер көмейіне тірелген ыстық жасты сезінді. Жаңа босанған әйелдің өзі әлсіреп жатса да, баласының түрін көргісі келіп, тырмысқан әрекетіндей бір қимылмен мойнын қалт-құлт созып, шеткі кереуетке қарады.

Араку индеец манағы күйінде, аласа жастықта басы шалқайып, қимылсыз жатыр. Жақ еттері анда-санда жыбыр-жыбыр етеді. "Тірі!"

Қарекет-тіршілігінде өмір бойы сәттілікке дағдыланып келсе де, тап осындай бақытты сәт жарық дүниеде бар деп ойламаған еді. Есін жиып, буындарын бекітті. Орнынан тұрып, аракулық индеец жатқан кереуетке келді.

- Жол соғып, қажығандықтан болар, - деді дәрігер доктордың шынтағынан демеген күйі ілесе жүріп. - Жатып, тыныққаныңыз жөн.

Доктор оның сөзін естімегендей, аурудың дымқыл білегін ұстап, көздерін ашып, қабысқан ішін сипап, өте баяу соққан жүрегін тыңдап, үнсіз тұрды да:

- Маған кабинетіңізді беріңізші, - деді дәрігерге.

Доктордың ауру индеецті жеке кабинетке алдыруы тұрған жұртты қайран қалдырды. Жердің сілкінгенін немесе күннің тұтылғанын тамашалағандай бір соқыр сезіммен ентелесіп, істің ақырын күтісті. Аты аңызға айналған доктор Бейкердің мейірімі түсіп, уақытын бөлгені өлгелі жатқан бейшара индеецтің бағы шығар деп жорамалдасты.

Бірақ күтпеген бір оқиға болды. Арада бірнеше сағат уақыт өткенде:

- Көмектес, құдай үшін, көмектес, - деді доктор жас дәрігердің жағасынан сілкілеп. - Іздеген мұратыңа жеткізейін... Көмектес қазір...

- Доктор мырза, - деді дәрігер шарасыз үнмен. - Сабыр етіңізші. Сіз ең алдымен бұл дерттің осы маңайдан басқа жерде кездеспейтініне назар аударыңыз... Джунглидің ішінде екі-үш жерде ғана көзі бар. Араку тайпасы ақ адамдардың әскерінен жеңіліп, мекендерін тастап көшкенде сол ауданға тап болыпты. Тайпаның атақты бір бақсысының айтуымен бұлар басқа жерге қоныс аударған. (Бұршақтап аққан тер доктор Бейкердің мойнына құйылды). Бірақ бақсы ақтардың қолынан қаза тапқаннан кейін жұқпалы дерт тайпаға біржола орнығып қалған. Ақыры 50-60 жылдың ішінде бәрі құрып бітіпті. Мынау жатқан жалғыз тірі қалған көсемнің баласы екен. Сүйретіліп вауралардың арасында жүрген жерінен бізге әкеп тастады... Мұның бәрін де өзі айтты. Кешелер сөйлеп жатқан. Бүгін қатты төмендеп кетті. Ал, менің қолымнан келер еш қайран жоқ, доктор! Бұл ауруды сақтап қалатын бір-ақ адам бар. Ол дәрігер - Рауль Радригес. Осы дертті мақсат етіп, ұзақ жыл зерттеген.

- Қайда? - деді доктор жұлып алғандай.

- Бұрын Гояс штатында істеген, қазір Ресифиде қалалық ауруханада көрінеді. Бірақ оған хабар жетіп, келгенше кемінде оншақты күн уақыт керек.

- Тез хабар беріңіз!

- Доктор, ол мүмкін емес. Көріп отырсыз, ауру бүгіннен, әрі кеткенде ертеңнен қалмайды...

"Бұл қалай?.. " - дей берді доктор қолдары қалтырап.

Бағанағы өлшеусіз бақыт, үміт, қуаныш су сепкендей басылып, арқанмен құзға салбыраған адамның қолынан соңғы түйін шығып бара жатқан сәтіндей қатерлі үрей өне-бойын билеп барады. Ол тіпті әлдеқашан ұмыт болған, сонау балалық шағында алғаш тәуіптік сапарға аттанардағы әкесінің үйреткен емін де есіне түсірмек болып тырысты. Ақыры өзі ешқашан да көңіл аударып көрмеген, өзін одан гөрі мәндірек, күрделірек кеселге лайық көргендіктен, қажет қылмаған мынау беймәлім дертке әлемді дүркіреткен ғажайып данышпандығының да, атақ-даңқының да қажеті жоғын, бұған так Ресифиде тұратын қатардағы дәрігердің ғана қажет екенін анық түсінді. Ол өзінің хал үстінде жатқан ауру шешесіне аптекадан тиісті дәрінің орнына мүлде қажеті жоқ, басқа, қымбат дәрілер алып келіп тұрған ақылсыз баланың күйіндей бір күйге түсті.

- Әрине докторға кінә жоқ, - деген дауыс естілді коридор жақтан. - Ол кісі үлкен істің адамы ғой...

Доктар әкесінің, ағасының өлімін есіне алды. "Біздің тұқымда өз ажалынан өлген ешкім жоқ, бәрі жорықта, араку үшін кек жолында құрбан болған" деп мақтанатын әкесі.

"Қазір аракуді сақтап қалу бір де бір көсемнің, бірде бір батырдың қолынан келмейді. Тек біздің қолымыздан келеді. Тек біз ғана сақтап қала алуымыз мүмкін" - деп еді әкесі.

Доктор жан-тәнімен беріліп, сол суреттерді тірілтіп, көз алдына әкелгісі келді. Әкесінің бет-пішіні бұлдырап, тақап келіп: "Ант бер, ант бер деймін!", - деп тұрған секілді.

- Мен араку тайпасынан шыққан ұлы Чоро баласы Кияку... - Доктор ақылынан алжасқандай өз-өзінен күбірлеп сөйлей берді.

Түн ортасы ауа араку тайпасынан қалған жалғыз индеец доктор Бейкердің алдында біржола көз жұмды.

- Бітті, бәрі де бітті... - дей берді доктор өліктің мұздай қолын тас қып ұстаған күйі. - Енді ешқандай мағына қалған жоқ... Түк қалған жоқ... Ең соңғы араку өлді... Бітті... Бәрі де бітті... бітті...

Бірақ ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін аңғармады. Ол тіпті өзін адам қатарына санаған жоқ.

Бұл жәйт медицинаға тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкердің дәрігерлік қызметіндегі жалғыз ғана сәтсіздік болып тарихта қалды.

Соңы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар