Әңгіме
"Шайтан, сөз жоқ, адамды аздырушы»
( Құран-Кәрім, Фурқан сүресі, 29 аят)
Ақшам мезгілі, үй іші ала көлеңке. Кәлен қарт кереуетте киімшең жатыр. Басында тақия, оң қолында тәсбих. Көңілі күңгірт, беймаза. Осымен бірнеше рет байқады, келіні Кәмшат мал қораның кіре беріс бөлмесіндегі мәтша ағаштың жоғарғы тұсындағы көлденеңнен салынған бөренеге қарағыштай береді. Бұл тегін емес, әлдебіреуді көргендей, тесіле қарайды көз алмай.
- Астафиралла! - деді жүрек тұсын оң қолымен шеңберлей ұстап.
Өн бойын суық сезім қарып өтті, жөпшеңкі ана-мына қорқынышқа бой алдырмайтын жүрегі ине сұққандай шаншып кетті.
Екі кештің арасында қайдағы бірдеңелер елестеген соң, «Аятүл күрсі» аятын оқыды. Бір емес, бірнеше рет, содан соң ғана көңілі біршама тынышталды.
-О, тоба! – деді кәрия қат-қабат тіршіліктің жұмбақтығына қайран қала. Сонау-сонау әлмисақтан дүн-дүние жаралғалы, жын-шайтан мен адамның, ақ пен қараның мәңгі бақи мәмілеге келмес қарама-қайшылығын ойлады; ойлап-ойлап берік байламға табан тірей алмады. Себеп-салдарына шақшадай басы жетпей пұшайман, ойы айран-асыр.
- Апырым-ай, ә?! Бұл не болғаны?! Апырым-ай?!.
- Әке! – деген дауысқа селк ете басын көтерсе, баласы Керімбек. Ақ ендей бастаған шашы ұйпа-тұйпа. Бет-жүзіне шаң қонақтапты. Қоңқақ мұрны шып-шып терлеген.
- Ы... ы... Сен бе?!
- Жалғыз неге жатырсыз?
- Соны айтам.
- Сіз көрінбеген соң не болды деп.
- Қайдағы-жайдағы ойлар қамап.
- Күн батар шақта жатпау керек дейтінсіз.
- Оның рас.
- Ақшам намазын оқыдыңыз ба?!
- Ойбу-у... қалай байқамағанмын! Кешіктім бе?
- Жоқ, кеш емес.
- Жақсы болды айтқаның.
- Намазды уақтылы оқыған дұрыс деуші едіңіз.
- Жөн балам, оның рас.
- Тұрыңыз! Далаға шығыңыз, бүгінгі кеш біртүрлі ерекше! Тымық, тыныш, мамыражай. Көпте-ен мұндай шақты көргенім жоқ.
Кәрия орнынан тұра берді де, әлде не есіне түскендей қайыра отыра кетті. Керімбек есік көзіне жетіп, аша бергенінде:
-Әй! – деді кәрияның даусы саңқ етіп.
Тыстағы шаруасына асыққан ұл еңсеріле бұрылып:
-Мені шақырдыңыз ба? – деді аялдап.
-Иә-ә, бері кел.
Баласы қасына кеп отырғанда Кәлен қария:
- Байқарсың, - деді жүрек дүрсілін тоқтатып. – Бірнеше мәрте көрдім, келін мал қорадағы мәтша ағашына қарағыштай береді.
- Не-ге-е?!
Түкке түсінбеген Керімбек аң-таң.
- Неге дерің бар ма?! Мал қораға барса, сен де соңынан ілес, жарай ма?!. Көзіңнен таса қылма!
- Түсіндім, әке!
* * *
Іңір қараңғылығы. Сиырларын сауып, қой-ешкілерін жайлап ас үйде ас қамдап жүрген Кәмшат ақырын ашылған есіктен қараңдап біреудің енгенін байқады да, назарын солай бұрған.
-Астафиралла! Кім бұл?! Қайсың?!
Қараңдаған елес-сұлба ақиқатқа айналып, қарсы алдында қара киімді қара шал пайда болды.
-Саламатсың ба, қарағым? – деді елес-сұлба тіл қатып.
-Саламатпысыз.
-Балам... көптен байқап жүрмін... Бейнетқор бақытсыз жан екенсің?!.
-Неге олай айтасыз?!
-Бәрін білем.
- Сіз кімсіз?! Мен сізді танымаймын!... – Көздері өңменнен өтетін қайыстай қара шалдың сөздерінен шошыған жас келіншектің үрейі ұшты.
- Қорықпа қызым! Қорықпа менен!
- Жақындамаңыз! – Кәмшат шегіншектеді.
- Бекер өйтесің балам! - Қара шал Кәмшаттың қолынан ұстады. Алақаны жұп-жұмсақ, дауысы бып-биязы. “Неге соншама қорықтым?! Иман жүзді адам ғой. Марқұм әкеме ұқсай ма өзі?!.»
Кәмшаттың жүрегі орнына түсіп, бойын беймарал сезім биледі.
- Мен саған еш жамандық ойламаймын қызым.
- Енді қорықпаймын, ата.
- Бейнеті бес қабат мына өміріңді таста, ер соңымнан.
Кәмшат қара шалдың соңынан ілесті. Апырым-ау, бұл қалай?! Ақсақал аяқ киімдерін теріс қарата киіпті. Әлде, аяғы кем бе?!.
Келесі сәтте мал қораның сыртқы есігін ашып ішке енді екеуі.
- Көлденең жатқан ана бөренені көрдің бе? – деді қара шал жоғарғы жақты нұсқап.
-Көрдім ата.
-Қазір соған асыл!
-Мақұл.
-Мә, қыл арқан, мен күрмеп байлайын.
-Сауалым бар.
-Сұрай ғой.
-Асыл дейсіз, өліп қалмаймын ба?!
-Қайта тірілесің қызым.
-Балаларым мен, күйеуімді, атамды кімге қалдырам?!
- Сенің артыңнан олар да келеді көп ұзамай.
- Жарайды.
* * *
- Кәмшат, ау Кәмша-ат! Қайдасың?!
Керімбек бөлмелерді тегіс аралап шықты. Жоқ, жым-жылас. Әлгінде кешкі шәйді қамдап жүрген әйелі көрінбейді. “Апырым-ау, қайда кете қалды?! Көршілердің үйіне қыдырып кетерлік әдеті жоқ еді?!.” Кенет Керімбектің бойын әлдебір қорқыныш билеп үйден жүгіре шықты. Әкесінің кешегі сөздері есіне түсті. “Аман болса игі еді?!” - деп келеді жан ұшырып. Мал қораның есігін ашса, келіншегі қазықбауша қатты байланған қыл арқанды мойнына іліп жатыр. Дереу көтеріп алды.
-Не болды саған? – деді қалш-қалш дірілдеп.
-Қайдан келдің? – болды әйелінің алғашқы сөзі.
-Үйден.
-Атам қайда?
-Мырзағалидың үйіне кеткен...
-Не болды саған?
-Бір қара шал соңымнан қалмай...
-Қашаннан?!
-Кешеден.
- Не ақысы бар?
- Асыл дейді арқанға.
-Астафиралла!..
Ертеңінде Кәлен қарт пен Керімбек семіз қара ешкіні бауыздады да, жан адамға білдірмей мал қорадағы мәтша ағашқа іліп қойды.
... Таңғы ұйқының уыз шағы.
Біреу бүйірінен нұқып қалғандай селк ете басын көтерген Керімбек таң-тосын. Қасында келіншегі жоқ, ақжайма сап-салқын. Әлдеқашан тұрып кеткен сияқты. Төргі бөлмедегі әкесін оятып, қолдарына шам алып мал қораға келсе, Кәмшат іш көйлекшең жерде жатыр. Денесі тоңазыған, шашы тарқатылған. Су бүркіп, есін жиғызып алғандағы алғашқы сөзі:
-Әне-е! – деді аяқтары салбырап ілініп тұрған қара ешкіні қолымен нұсқап. – Әне-е, қара шалдың өзі... өзі асылып тұр!..
2005 жыл, ақпан.
Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.