Осыдан бірнеше күн бұрын қазақ музыкасының классигі Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойын Екібастұз қаласы дүркіретіп атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған зиялы қауым мен белгілі өнерпаздар легі тойдың көркін ашты. Мерейтой аясында Республикалық әншілер байқауы ұйымдастырылып, Естай әндері Екібастұз аспанында екі күн қалықтады.
Әнші тойы киіз үйдің көптігімен өлшенбей, сұлу ән, ғибратты әңгіме, келелі кеңес тыңдап, салмақты ой түйген мәжіліске айналды. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай «Жанымды әнсіз өмір тұсайды анық, көңілім Қорланды айтсам – үш ай жарық» деп толғаса, өнертану ғылымының докторы Саида Еламанова Естайдың бас туындысы «Қорлан» әніне ғылыми талдау жасап, композитор шығармашылығының қазақ мәдениетіндегі орнын сөз етті.
Мерейлі жиынға Түркиядан мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлының арнайы келуі – ақын тойының айбынын асырып, мәнін аша түсті. Осыдан отыз жыл бұрын Естай ақынның 125 жылдық мерейтойы аталып өткен болатын. Тойды «Сағынайдың асындай» аңыз қып айтқан ағаларымызды талай көрдік. Дүйсен Қорабайұлы сол думанды кеште де құрметті қонақтардың қатарында болған екен. Ақтоғай ауданынан басталып, Кереку қаласында жалғасқан іс-шараны толық күйінде бейнетаспаға жазып, жеке қорында көзінің қарашығындай сақтап, ақынның 155 жылдық мерейтойына тарту етті. «Өшкені жанды, өлгені тірілді» деген сөз осындайда айтылса керек. Себебі ол бейнетаспада қазақ музыкасын шексіз сүйген ғалым Б.Г.Ерзаковичтың, романист жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың, жазушы Төлеутай Ақшолақовтың, музыкатанушы Зейнұр Қоспақов пен өзінің, яғни Дүйсен Қорабайұлының ақын, әнші, композитор Естай шығармашылығы жайында терең де құнды пікірлері жазылған болатын.
Дүйсен Қорабайұлының қазақ өнеріне қандай еңбек сіңіргенін бүгінгі жас жеткіншектер білмеуі де мүмкін, дегенмен аға буын өкілдері, әсіресе өнер саласының майталмандары ұлт мәдениетінің мұзжарғышының еңбек жолынан бейхабар емес.
Біз Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында композитордың өмірі мен шығармашылығына арнап кітап жазған едік. Материал жинау барысында Естайдың Біржан салдан үш ай, Ақан серіден бір жыл ән үйренгеніне көз жеткіздік. Тіпті, Біржан сал Естайдың туған жеріне келгенде жас әншінің домбыра шертуін жетілдіру мақсатында сол өлкедегі белгілі домбырашы Әлхамбекті алдырып, қолына ақша ұстатып, «Естайдың қолы домбыраға жүгіретін болсын» деп тапсырма беріп кеткен екен. Осы бір детальдардан «дала музыкантында қандай білім болған екен?» деген ебедейсіз сұрақтың жауабын тапқандай болдық. Естайдай музыканттың үлкен мектептен өткенін түсіндік. Себебі заман өзгерді, қоғам құбылды, Совет дәуірі ұлт өнерін кембағал құбылыс ретінде бағалады, қудалады.
Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде әнші, күйшілердің басына төнген қара бұлт сейілмей ұзақ тұрды. Опера мен симфония музыканың асылына баланған дәуір келді. Тек, алпысыншы жылдардың аяқ кезіне қарай Еркеғали Рахмадиев, сексенінші жылдардың бел ортасында Дүйсен Қасейінов сынды тұлғалардың табандылығының арқасында дәстүрлі өнерімізге қайта қан жүгіре бастады. Әуелі Еркеғали Рахмадиев Жаппас Қаламбаевты шақырып қылқобыз класын консерватория қабырғасынан ашады, сәл уақыттан соң Дәулет Мықтыбаевты алдырады. Сонымен қыл ұшында тұрған қылқобыз аман қалады. Еркеғали ұстазының ұлағатты ісін жалғап, ректор Дүйсен Қорабайұлы 1988 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан дәстүрлі ән-жыр мектебін ашады. Осы күні қалықтатып ән салып жүрген кәсіби әншілердің дені – Дүйсен ағамыз еккен дән десек те қисынға келеді. Күйші алған жоғарғы білімді әнші мен жыршы да алуы керек деп шешіп, сол жолда аянбай тер төгеді.
Бірнеше күнге ғана келген қонағымызбен сәл де болса сұхбат құрудың сәті түскенде, консерваторияда дәстүрлі ән-жыр мамандығын қалай ашқанын Дүйсен аға былайша баяндап берді: «Ол кездерде дәстүрлі әншілердің білімі екі жылдық студиямен ғана шектелетін. Ал өзім басқарған өнердің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда халқымыздың үздік музыканттары мен ғалымдары тоғысқан кезең еді. Құддыс Қожамияров, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Кенжебек Күмісбеков, Бекен Жылысбаев, Шамғон Қажығалиев, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Тмат Мерғалиев, Қаршыға Ахмедияров, Сәдуақас Балмағанбетов, хормейстерлер Анатолий Молодов, Базарғали Жаманбаев сынды корифейлер мен Сара Күзембаева, Алтын Кетегенова, Болат Қарағұлов, Әсия Мұхамбетова, Саида Еламанова, Сәуле Өтеғалиева сынды өнертанушы ғалымдарымыз болды. «Темірді қызғанында соқ» демекші осы бір консерваторияның гүлденген шағында дәстүрлі әншілерімізге академиялық білім беруді жөн деп шештік. Оқуға түсуге келген алғаш абитуриенттердің емтихандарына арнайы барып қадағаладым. Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіп, Ержан Қосбармақов сынды әнші-жыршыларымыз дәстүрлі ән-жыр класының алғашқы студенттері болды. Жастарды оқыту үшін Әмина Нұғманова, Алмас Алматов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Сәуле Жәнпейісова сынды әр мектептің өкілдерін консерваторияға шақырдым. Дәстүрді жалғастыру үшін әрине сол саланың мамандарынсыз ештеңе шешілмейтіні анық. Академиялық білім беру мақсатында дәстүрлі ән мамандығының студенттеріне теориялық пәндерді ғылым кандидаттары Айжан Бердібаева, Сағатбек Қалиев, Раушан Несіпбаева сынды ғалымдар өтсе, дауыс қою пәнін академиялық вокал өнерінің өкілі Бейімбет Қожабаев, Махмұт Тойкенов сынды әншілеріміз қолға алған болатын. Домбыра пәнін көзі тірі Қазанғап атанған Сәдуақас Балмағанбетов ағамыз жүргізді. Оқу үдерісі әбден орныққанға дейін бар назарымды дәстүрлі ән мамандығына салдым. Студенттердің оқуға қатысуын, білім беру сапасын қадағалап, тіпті емтихандарына арнайы кіріп тыңдап отырдым. Сапалы білім көптеген өнерпаздардың тұлғалануына септесті», – дейді Дүйсен Қорабайұлы. 90 жылдардың бас кезінен бой көрсеткен осы бір өнер шоғыры қазірге дейін сахнаның көркі болып келе жатқаны талассыз ақиқат. Бекболаттың жаңашылдығы, Беріктің қобыздай күңіренген қоңыр үні, Ержанның шырылдаған «Бозторғайы», Елмираның «Кәнекей тілім сөйлеші» деп шалқытуы, бас дауысты Ерболдың Қали мектебін қайта түлетуі, Ардақтың «Аққайыңды» толқытуы, Сержанның қалықтаған «Балқадишасы», Айгүл Елшібаеваның Наурызбекше жырлауы – «ән-жыр» кафедрасының жемісі дер едік.
Дүйсен Қорабайұлы күй дариясының ағысын баяулатпай, ескі дәстүрді жаңғырту мақсатында дала күйшілері Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Рысбай Ғабдиев, Бақыт Басығараев, Сержан Шәкіратов сынды қас таланттарды консерваторияға шақырып, айлап жеке сабақ бергізеді. Қарақалпақстаннан Наурызбек жырауды алдыртып, салқын сазды сыбызғыны жетілдіруді көздеп Талғат Мұқышевты Башқұртстанға жіберіп, өнерін шыңдауға күш салады. Дәл сол кездерде қазақта сыбызғы тарту өнері тоқтаған болатын. Башқұрттар қурай тарту өнерін сақтап қалды. Хакасияның ең үздік жетігеншісі Евгений Улыкбашовты Құрманғазы атындағы консерваторияға сырттай оқуға алдырып, жетіген аспабының қазақ жерінде жетілуіне күш салады.
«Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп Абай айтқандай Дүйсен Қорабайұлы алғаш ректор болған жылдары «Асыл мұра» жобасын жасауды қолға алды. «Асыл мұра» жобасын жасаудағы мақсат – халық өнерпаздарының аудио таспаларын жинап-топтастырып сапалы түрде өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру болатын. Саида Еламанова: «…Ғарифолла Құрманғалиев, Болат Сарыбаевтан бастап 16-17 дискі жарыққа шықты. Қаржыны «Кока-кола» компаниясынан алып, қайраткерлік көрсетті. Өзім шәкірттеріме сабақ өткенде ауыз толтырып айтатын Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков сынды әншілеріміздің сапалы аудио таспасын таппай қиналып жүретінмін. Дүйсен Қорабайұлының бұл жобасы – өнерпаздарға ғана емес, ғалымдар үшін де баға жетпес құндылық дер едім. Қолында қандай билік болғанымен, ықылас, ниеті дұрыс болмаса жұмыс жүрмейді ғой. Дүйсекең егде тартқан ақсақалмен де, жасамыс жаспен де тіл табыса алатын, маңызды жұмыстарға келгенде ғалымдарға жүгініп, қаржы-қаражат мәселесін шешу жолында жоғарғы билікке хабарласып, қажет жерінде абыройын салып достарына иек артатын. Байдалы бидің тікелей ұрпағы – Дүйсен Қорабайұлының өзі де би» дейді ғалым. «Тектіден текті туар» деген баба тағылымы жамбыға дәл тиер нақ сөз.
Алматыда 1989 жылы «Алтын алма» халықараларық фестивалі өтеді. Мыңнан аса өнерпаз қатысқан ұлы думанның ашылу салтанаты Медеу мұз айдынында мерекеленеді. Дәстүрлі өнер, классика, джаз, рок жанрлары тегіс қамтылған фестивальдің ауқымы айтарлықтай кең тұғын. Эстрада әншілеріне арналған «Азия дауысы» байқауы да «Алтын алма» фестивалінен бастау алған еді. Штаб пәтері консерваторияда орналасқан халықаралық деңгейдегі фестивальге Д.Қорабайұлы көркемдік жетекші болады. 1994 жылы Түркі халықтарының фестивалін ұйымдастыруды қолға алады. Шараны 1995-1997 жылдар бойы үзбей өткізіп тұрады және 1998 жылы мәдениет министрлігіне қарасты комитет төрағасы қызметіне барады. Уәзипалы қызметте де өнерге ден қойып, ең алғашқы жұмысы Құрманғазының 175 жылдығы аясында фестиваль мен ғылыми конференция ұйымдастырып, «Құрманғазы және Ұлы дала сарыны» атты екі аудио дискі шығарады. Бірінші дискіге Құрманғазы күйлерін үздік орындаған күйшілер топтастырылса, екінші дискіге қобыз, сыбызғы, шаңқобыз күйлері енеді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымын 14 жыл басқарып, ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет жасайды. «Біржан – Сара» операсын түрік тіліне аудартып Түркияда сахналап, бүкіл түркі халықтарында Мағжан жылының аталып өтілуіне үлес қосады.
Дүйсен ағаның есте сақтау қабілеті феноменальный десек те болады. Осыдан бес жыл бұрын халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Естайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өткен болатын (Түрксой түрік әлемінің ЮНЕСКОсы деп те аталады). Әрине, шара сол кездегі ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қорабайұлының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Халықаралық жиынға менің «Бір мысқал» атты кітабымды апарып тұсауын кескен болатын. Осы жолы Түркиядан Астана арқылы келген Дүйсен ағаны Екібастұз қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы, Естайдың 150 және 155 жылдық мерейтойының туған жерінде аталып өтуіне ұйытқы болып, тізгінін қолына алып «Глинка» атындағы музыка мектебін «Естай» атындағы музыка мектебі аталуына жанын салған әнші Медғат Манапов екеуіміз қарсы алдық. «Дүйсен аға, мынау – Қайрат Айтбаев деген жігіт, «Бір мысқал» кітабының авторы» – деп еді, Дүйсен Қорабайұлы: «Сен неге кітаптың тұсаукесеріне келмедің?» – деді. Әрі қарай әңгіме кешкі ас үстінде жалғасты. Дүйсен ағаны сөйлетпек ниетпен: «Сіз шертпе күйдің отанынансыз ғой…» – деп едім, «жалпы айтып отырсың ба, нақты айтып отырсың ба?» – деп сұрақты өзіме қойды. «Сіз Сенбектің тұқымысыз ғой» – дедім. Сонда Дүйсағаң: «нақты айтып отыр екенсің» – деді. Айдостың Сенбегінің «Наз қосбасар» деген бір күйін біз де тартамыз. Сенбек күйші қуғын-сүргіннен аман қалмаған. Жазықсыз жала жауып, ату жазасына кескен. Сол себепті күйлері де толық жетпеген. Жас күнінде Мексика оркестрінде еңбек еткен скрипкашы Дүйсен ағаның нағашы атасы да – қазақ өнеріне олжа салған дәулескер күйші болғаны анық. Дүйсен Қорабайұлы әкелген бейнетаспа екі сағат жиырма минуттық екен. Ол бейнетаспаны мерейтой аясында көрсету үшін монтаждау қажеттілігі туды. Таңертеңгі оннан түс ауа екі жарымға шейін тапжылмай жұмыс істедік. Бір секунттың өзін қалт жібермейтін, 76 жасқа келген Дүйсен ағаның асқан жауапкершілікпен тік отырып іс тындырған қуаттылығына қайран қалып, парасат пайымына тәнті болдым. «Алыстан келдім, өздерің монтаждап алыңдар» десе де болар еді-ау. Олай етпеді. Жас күнінен қалыптасқан еңбекқорлық пен кәсібилік қой деп жорыдық. Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновті бір көргендегі әсеріміз осы. Қазақтың «Жақсыны көрмекке» дейтіні содан болар.
Дүйсен аға ректор, министр болды. Бірақ ол кезде «Ән шашу» деген жалған дәстүр сахнада сайран салмап еді. Әр өңірдің бір-біріне еш үйлеспейтін ән-жырынан үзінді айтып попурри жасамайтын. Осы бір жалған дәстүр ресми концерттерден бастау алып, облыс орталықтары мен аудандарға үлгі боп кетті. Мұндай дәстүр болған емес, ән-шашу – «дәстүрлі өнеріміз жасасын!» деп ұрандап жазылып тұрған плакат. Эстрадаға он бес әнші шығып бір мезетте «Гүлдер-ай»-ды айтпайтын. Күйшілер сахнаға шығып, тізерлеп отырып, күй тартпайтын. Дастархан басында ғана ыңылдап айтатын әндер сахнаға шықпайтын.
Қорыта айтқанда, Дүйсен Қорабайұлы – дәстүрлі өнерпаздарға терең білім беріп, оларды сахнада шыңдап, бұрынғы өткен дауылпаздардың мұрасын жинақтап, республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар арқылы Қазақстан және шет ел ғалымдарының назарын дәстүрлі өнерге бұрған, фестивальдар арқылы Түркі музыкасының түбі бір екенін меңзеп, жоғары деңгейдегі концерттер арқылы халықтың талғамын тәрбиелеген бірегей тұлға. 80-жылдардың орта тұсынан 2000-жылдардың бас кезіне дейінгі уақыт – қазақ музыкасының, әсіресе дәстүрлі өнерінің алтын дәуіріндей болғаны ақиқат.
Кейде бір жақсы шығарма оқығанда немесе асқақ ән тыңдағанда рухани сауығып қаламыз ғой. Атасынан аса туған, ұстазынан кем түспеген, Алаштың аманатын арқалаған Дүйсен ағамызбен екі күн құрған сырлы сұхбат көңілімізге жарығын түсіріп кеткен болатын. Осылайша көңілден шыққан көрікті ойды қағазға түсіруді құп көрдік, қадірлі оқырман.
Қайрат АЙТБАЕВ,
күйші, өнертанушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.