Салтанат Қайырбек. Бүгін Мо Яннан естіген ең маңызды ой...

231

Салтанат Қайырбек. Бүгін Мо Яннан естіген ең маңызды ой... - adebiportal.kz

Бүгін мен үшін Мо Яннан естіген ең маңызды ой оның өзіне емес, ұстазына тиесілі болды.

Мо Ян Нобель сыйлығының лауреаты атанғаннан кейін ұстазы оған қытайдың классикалық әдебиетін, әсіресе көне поэзиясын терең зерттеуді тапсырған екен. Автор бұл сөздерінің астарында үлкен мәселені қозғап отыр деп ойладым. Мәселен, біз мәдениетті сақтаудың жолын жаңа жобалардан, технологиялардан, жаңа форматтардан іздейміз де, ұлттың рухани тірегі оның ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби жадында, сөз өнерінде һәм тілдік дүниетанымында сақталатынын назардан тыс қалдырып жатамыз..

Кейінгі кезде ұлттық код, поэзия, мәдени жады мәселелері төңірегінде ізденіп жүргендіктен бе, автордың бұл сөзі мені ерекше ойландырды. Сондықтан Мо Янның ұстазы айтқан бұл ойды мен бір адамның жеке шығармашылық жолына берілген кеңес ретінде емес, ұлттық мәдениетті сақтаудың әмбебап қағидасы ретінде қабылдадым.

Шынында да, біз қанша жерден жаңашыл болуға ұмтылсақ та, айналып келгенде тірелетін жеріміз - өз поэзиямыз, өз әдебиетіміз, өз тіліміз.

Кездесу барысында студенттердің бірі Мо Янға шығармаларының өзге тілдерге аударылу сапасына көңілі тола ма деген сұрақ қойды. Жазушының жауабы мені тағы да ойда қалдырды.

Ол ең алдымен өз халқы үшін жазатынын айтты. Егер оның шығармаларын қытай оқырманы түсінсе, соның өзі жеткілікті екенін, ал оны өзге халықтарға дұрыс жеткізу сол халықтардың өз міндеті екенін айтты.

Бұл жауаптың өзі кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы идеологиямызға қосымша, жүйелі, нақты шешімдер керек екенін аңғартқандай. Себебі қандай да бір кітап шетелде танылмай тұрып-ақ өз халқының рухани өміріне ықпал етсе игі, ал бірнеше тілге аударылғанымен, өз елінде оқылмаса, оның негізгі функциясы толық жүзеге асты деу қиын.

Лекция соңында Ғазиза Құдайберген жазушыға қазақ әдебиетінен кімді оқитыны туралы сұрақ қойды. Мо Ян Абай Құнанбайұлын білетінін айтты. Алайда қазақ прозасының аударылған үлгілерімен мүлде таныс емес екенін де жасырмады.

Бұл – қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде насихатталуы әлі де толық қалыптаспағанын аңғартты. Бұл- сын жанрына аса назар аударуымыз керек екенін білдіретіні анық…

Жә, Мо Ян дәріс барысында тағы бір қызықты жайтты айтты. Ол достарымен бірге қытай поэзиясын насихаттайтын арнайы сайт ашқан екен.

Демек, әлемдік деңгейдегі жазушының өзі әдеби ойлаудың қайнар көздерінің бірі ретінде поэзияны атап отыр. Бұл әсте кездейсоқ нәрсе емес. Өйткені поэзия – дүниені қабылдау тәсілі. Сондықтан да әлемдік әдебиеттегі көптеген ірі қаламгерлердің шығармашылық бастауларында поэзияның тұруы заңды құбылыс сияқты көрінеді.

Қорыта айтқанда бүгінгі кездесу мен үшін белгілі бір тұлғаны көру немесе дәріс тыңдау ғана емес, соңғы уақытта айналысып жүрген зерттеулерімнің бағытын қайта саралап, ұлттық әдебиет пен ұлттық мәдениеттің болашағы туралы ойларымды тереңдете түскен маңызды тәжірибеге айналды.

ҚЖО ұйымдастырған шеберлік мектебіне қатысу туралы ұсыныс түскен сәтте көп ойланбастан келістім. Әуелі, бұл шараның Алматыда, өзім туып-өскен қалада өтуінің өзі бөлек әсер сыйласа, тек ізденіске арналған кеңістік пен уақыт зерттеулеріме тереңірек үңілуге мүмкіндік береді деп ойладым. Ал ең бастысы, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Нобель сыйлығының иегері атанған қаламгердің келуі тамаша мүмкіндікті жіберіп алмауға жеткілікті себеп болды.

Осындай мүмкіндік жасаған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағына және Қарағанды облыстық филиалына алғысымды білдіремін. 

Фотосуреттер автордың және ҚР Жазушылар одағының фейсбук парағынан алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan