Белгілі ақын, жазушы, тарихи тақырыптарды жүйелі зерттеп, көлемді роман жанрында өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер Ұларбек Дәлейұлының жаңа еңбегі «Бату хан» тарихи-деректі романы жарық көрді.
Бұған дейін автордың «Жошы хан» романы оқырман тарапынан жоғары бағаланып, әлеуметтік желілерде көптеген жылы пікірлерге ие болған еді. Жаңа кітаптың таныстырылымы Түркістан қаласында өткен Түрік елдерінің халықаралық кітап жәрмеңкесінде ұйымдастырылды.
Шараға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері — ақын Ұлықбек Есдәулет, танымал жазушылар Құлбек Ергөбек, Баянғали Әлімжанов және руханият саласының басқа да қайраткерлері қатысты. Кешті белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Жылға жуық уақыт бойы жазылған «Бату хан» романының бірінші томының нүктесі Республика күнінде қойылды. Сайын ханның ғұмыр жолы мен ұлы жорықтарының сан қырлы оқиғалары бір томға сыймайтыны белгілі. Сондықтан әйгілі Шайо шайқасынан Бату ханның Еділге қайта оралғанға дейінгі кезең осы кітапқа арқау болды», — дейді Ұларбек Дәлейұлы.

«Бату хан» романы Ұлық Ұлыста Жошы ханнан кейін билікке отырған Бату ханның жастық шағынан басталып, оның Шыңғыс қағаннан бата алған сәтін, алғашқы жорықтары мен тарихи тартыстарға толы дәуірін көркем және деректі тәсілмен бейнелейді. Бату ханның шығыс жорықтарына қатысуы, Батысқа жасаған әйгілі жорығы, Орталық Еуропаға дейінгі кең байтақ аумақты бағындыруы, дала заңына негізделген жаңа тәртіп пен өркениет орнатуы романда қазақы құнарлы тілмен суреттеледі. Кітап кең аудиторияға арналған.

Түркістандағы халықаралық жәрмеңкенің аясында қаламгер Ұларбек Дәлейұлы TURKSOY Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, түркі дүниесі әдеби байланыстарын нығайтуға үлес қосатын жаңа мәртебеге ие болды.
