Нағыз ақын кім?
Бір сұлтан бас уәзірін шақырып алып:
– Менің мемлекетімде қанша ақын бар? – деп сұрапты.
– Жүз ақын бар, – деп жауап беріпті бас уәзір.
– Олар не жазып жүр?
– Өмір, махаббат, ғылым-білім, жорықтар туралы. Көпшілігі Сізді мадақтап, біразы ғайбаттап жазып қояды.
– Олардың ішіндегі нағыз ақыны нешеу?
– Әлбетте, Сіздің атақ-даңқыңызды келістіріп жырлағандары нағыз ақын болады да!
Жартысынан көбі!..
– Мен осы тұрғанда мақтағанға жақсы боп, даттағанға жаман болып кетпеспін.
Сондықтан, бүгіннен бастап, бүкіл ақынды бірін қалдырмастан зынданға таста! – деп әмір беріпті сұлтан.
Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады.
Бір жыл өткенде сұлтан уәзірінен тағы сұрапты:
– Қане, менің ақындарымның жағдайы қалай екен? Отыр ма? Қаншасы жазып жатыр?
– Бәрі отыр. Іштерінде қыңыр-қырсық он әпенді ғана жазуын әлі қояр емес. Қалғандары қысымға, қапас пен қамауға шыдамай жазуды доғарды, – депті уәзір.
– Ендеше, солардың бәрін босатып жібер, ал ішіндегі жазуын қоймаған әлгі он ақынды алып қалып, әрқайсысына сый-сияпат көрсетіп, жеке-жеке салтанатты сарайға орналастырып, барлық жағдайын жаса! – деп әмір етіпті сұлтан.
Айтты – бітті! Оның пәрмені қолма-қол орындалады.
Тағы бір жыл өткенде ол бас уәзірінен:
– Менің ақындарым қалай? Енді қаншасы өлең жазуын жалғастырып жатыр екен?– деп сұрапты.
– Үш-ақ ақын қалды. Қалғаны жақсы тұрмыстан тоғайып, масайрап, жазбай кетті, – деп жауап беріпті уәзір.
– Ендеше, міне – нағыз Ақын сол үшеуі. Тауқыметке жасымаған, марапатқа тасымаған сол үш ақынды ардақтап, жазғаны мен айтқанына құлақ асыңдар! – деген екен сонда сұлтан.
Ақындардың тізгіні
Ана бір жылы өзбектің көрнекті жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Камел Яшен Алматыға келіп, оған атқосшылыққа мені қосты. Кешкілік қонақ үйдің алдында сейілдеп жүргенде ол маған Хорасанның билеушісі Әбілғазы Құсайын Байқара сұлтан туралы әңгіме айтып берді.
Құсайын мырзаның маңдайына басқан бір аққу мойын ақбоз арғымағы бар екен. Бір күні сұлтан Гераттағы өз сарайының алдында, тамам жұрттың көзінше сол арғымағына әйгілі ақын Әлішер Науаиды (1441-1501) қолтықтап мінгізіп, өзі тізгінінен ұстап, атын жаймен жетелеп жүріп, ақынмен асықпай әңгімелескен көрінеді. Сол әңгімеден жаны жадырап, көңілі өсіп сарайға келсе, уәзірі:
– Әміршім, өзіңізге ғана лайық тұлпарыңызға қарапайым бір пендеңізді мінгізгеніңіз, оны өзіңіздің жаяу жетелеп жүргеніңіз дұрыс болмады. Керісінше, өзіңіз ат үстінде отырып, оған жетелету керек еді. Ел алдында беделіңізді сақтағайсыз, – дейді.
Сонда Құсайын Байқара сұлтан уәзіріне:
– Ол – ақын ғой, ақындар биікте жүруі керек, біз олардың тізгінін ұстап жүрсек, сол да жарайды. Біз кетеміз, олар қалады, – деп жауап беріпті.
Осы әңгімені бүгінгі әкімдердің құлағына құйса ғой деген ой келеді.
Дегенмен, басы асау тәкаппар ақындар да кім көрінгенге тізгінін ұстата қоймас.
Абай жұмбағы
Біздің көбіміз осы кезде ұлттық мұрат, ұлттық идеямыз неден бастау алатынын біле бермейміз, «ұлттық идеология қайда?» деп қақсаймыз. Негізі бұл ұлттық санаға байланысты мәселелер. Біз Абай жұмбағын кемеңгер ақынның жеке басының жұмбағы емес, күллі қазақ ұлтының, қала берді бүкіл Қазақстанның жұмбағы деп қарастыруымыз керек. Абайдың ғажайып феномені оның шығармаларына үңілген сайын осындай ойға итермелейді. Бірақ біз бұл жұмбақтың шешуін, бүгінгі әдетімізбен, жұртымызды билемесе де ырқымызды билеп бара жатқан сыртқы инвесторларға салып қойып қарап отыра бермей, өзіміз шешкеніміз жөн. Жұмбақсыз жан, құпиясыз адам жоқ. Дей тұрсақ та, қоғамдық санада «Інжіл құпиясы», «Құран құпиясы», «да Винчидің құпиясы» дейтін белең алған ұғымдар бар. Абай жұмбағы – қазақ жанының құпиясы да осы тектес құбылыс. Біздің ұлттық санамыз алдымен Абайды жете танып, ол қалдырып кеткен қазақ құпиясын – ғасырлардың ұлттық жұмбағын толық түсініп, түгел шешкен жағдайда ғана әлемнен өз орнын ойып ала алады. Еліміз де солай. Елуінші болса да. Оған әлі жету керек. Бұл жолда ұлы Әуезов ұсынған ғылыми амал, өз қолымен салып беріп кеткен танымдық биік баспалдақ бар. Қазақстан қаншама дарқан, ақкөңіл, ашық-шашық, аста-төк ел болғанымен, Абай өзі көп ашпаған ұлттың жұмбағын сыртқа көп әйгілей бермей, қазақ жанының құпиясын қымтап ұстағаны жөн деп білемін. Түбінде «Қазақ жанының құпиясы», «Қазақтың ұлттық санасы», «Қазақтың мақсат-мұраты», «Қазақ жұмбағы», «қазақ феномені» деген сияқты ұғымдар әлемдік деңгейге шығатын күннің келеріне сенемін.
Шарықтау шыңы
Ғарыш ғылымында апогей, перигей деген ұғымдар барын білесің. Ұмытпасам, Айдың немесе орбитадағы айналып жүрген корабльдің Жерден ең шығандап алыстау және төмендеп жақындау нүктесін білдіреді. Өнерге осы ұғыммен қарауға болады. Әр ақынның өзің айтқандай «шарықтау нүктесі» – оның апогейі. Ал тоқырау тұсы – перигейі. Мысалға, Мұқағали ақынның шарықтау шыңы «Жан азасы» десек, Төлеген ақынның «Сағынышты», Жарасқанның «Ақ бұлақтарды», Кеңшіліктің «Анарды», Темірханның «Көк түріктер сарынын», Фаризаның «Шашы ағарған қызын», Нұрлан Мәукенұлының «Хұснихатын», Гүлнәр Салықбайдың «Жанын», Иранбектің «Батқан кеменің бейбақтарын», Ақсұңқарұлының «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәтін», Есенғалидың «Маңғыстау мақамдарын» жазған кезеңін олардың апогейі деуге болады. Осы жағынан алғанда, басынан бұлт кетпеген «Киіз кітап» менің өлеңдегі жетістігім екені рас шығар. Сезімнің қайнап тұрған ыстық кезінде, жүректің домнасы қуатты тұста он-неше жыл жазылды ғой. Сол «Киіз кітап» шыққан кезде, өлең танудағы талғамын өзім қатты сыйлайтын әдебиетші досым Сауытбек Әбдірахманов: «Енді саған бұдан асырып жазу аса қиын болады» деген. Талайды білетін терең жігіт қой, айтқаны расқа айнала бастады. Кітап шыққалы он жылдың жүзіне айналды, біраз жаңа өлеңдер жаздым, бірақ сол белес көбіне алдымды орап жатып алады. Содан асырмақ боп тырмысып қоямын. Былтыр жарық көрген «Ынтық зар» деген кітабыма кейінгі жазылған жырларымның бір парасы енген. Қазіргі күнде «Әбілхаят» деген атпен естеліктер мен эсселер кітабын жазып жүрмін.
Ақында ауық-ауық тоқырау болып тұруы заңдылық, бірақ оны әр қаламгер әртүрлі бастан кешеді. Пастернак пен Ахматова, біздің Қуандық Шаңғытбаев аға ондай кезде тәржімамен айналысқан көрінеді.
Шығармашылықтың мәні
Өмір сүріп жүрген адамның сол өмірдің мәніне көп үңіле бермейтіні сияқты, жазып жүрген адам да шығармашылық деген ұғымның түпкі мәніне сүзіле қарақтап, жете зер сала бермейді. Шығармашылықтың мәні деген не өзі? Зигмунд Фрейдке бақсақ, кез келген шығармашылықтан жүрек айнуы мүмкін. Ол шығармашылықты «нәпсілік қанағаттанбаудың нәтижесі» деп атап, «сублимация» деген терминмен түсіндірген. Мұнысының өзі екіұшты ғана емес, үшкүл, төрткүл ұғым. Қоғамдық пікір әдебиеттің болашағынан түңіліп отырғанда тек жанкешті қаламгерлер ғана санатта қалары хақ. Өйткені олардың қолынан жазудан басқа ештеңе келмейді. Бұл ащы да болса шындық. Қазір Жазушылар одағының қатарында жеті жүзден астам мүше болғанымен, бүгінгі күні солардың кейбірі қаламын қайда қойғанын біле ме екен? Кім сұрау жүргізіп, аттестациядан өткізіпті? Қараңыз. Енді бүгінгі ес жиып, еңсе көтерген кезде осыдан он-он бес жыл бұрынғы кезеңге ойша шолу жасап көрелік. Мінеки, «Бостандық алдық!» деп қуана айғайлап, бөркімізді аспанға атып жіберіп, жалаңбас қалдық. «Қыс кетті, мәңгілік жаз жетті!» деп сеніп қалып, аяғымыздағы етігімізді жүгіре шешіп, жалаңаяқ қалдық. Бұл жалаңаш-жалпы күйіміз біраз жылға созылды. Сөйтіп, созылмалы аурудай өтіп болмаған өтпелі, өліара кезеңнің, нарықтық дәуір қиындықтарының тұсында байтал түгіл бас қайғы болды. Біз бәріміз сол бірер жылдың бедерінде бейтаныс, өгей, жабайы капитализмнің құрбанына айналып шыға келдік. Нарықтың портына бейсеубет ағып келген бөрененің күйін кештік. Малтып келген жоқпыз, малтығып келдік. Өздігімізден есіп те, жүзіп те жеткен жоқпыз. Тұншығып, есіміз кіресілі-шығасылы жеттік. Кеңес өкіметі кезінде аталарымызды күштеп ұжымдастырғаны секілді, жаңа заманда күштеп нарықтандырылдық. Жекешелендіруден құр қол шықтық, бос қалта қалдық. Жан сақтау, бала-шағаны асырау мұң болды. Көбіміз кітап жазбақ түгілі, көшіміздің жүгі қайда ауып, басымыздың қайда қалғанын білмей қалдық. Кәсіпсіздік жайлап, жеп отырған нанынан айырылған ауыл халқы қап арқалап, қалаға шұбырды. Ауылдай асыраушысынан айырылған қала жұрты жерге қарады. Басымыздан «кіші октябрь» дегендей, «кіші ақтабан шұбырынды» өткендей болды. Ондай зобалаң кезде әдебиет қалай өрістесін?! «Құдайға шүкір», «Тәуелсіздігімізге тәубе» деп жүріп, қайта жетілген шағымыз осы ғой... Азат дәуірдің, егемен кезеңнің көркем тарихы енді жазыла бастады, бодан заманның болмаса, бостан өмірдің бағасы әдебиетте әлі берілген жоқ.
Тарихпен бетпе-бет
Тарих дегеніміз ит тұмсығы батпас қалың жыныс. Уақыт болса, өзің үшін бір-ақ сәттік, көзді ашып жұмғандай мезет қана болғанымен әлем үшін мәңгілік құбылыс. Ұлттың жаны – ұлы мұхит, ұлан асу, түпсіз терең шыңырау. Бір қазақтың тілін таба алмай жүріп, ұлттың жанын қалай түсінбекпіз? Тарих, Уақыт, Ұлт үшеуі де ақырзаманмен ғана сөйлесетін ғаламдық, жаһандық ғаламат ұлы категориялар. Ал олармен сұхбаттаспақ тұрмақ, іштей тіл қатысудың өзі мұң. Бірақ нағыз ақынның арқасы ұстап, шабыт шын қысқан сәтте солардың бәрі бір-ақ уыс болып көрінуі мүмкін. Өзін айтып отыр деп ойлама. Менен мықтылар, арқалылар көп қой. Екі иығын жұлып жеген. Шетінен ақиық. «Келеді, келеді әлі нағыз ақын» деп Мұқағали ағамыз айтқандай... Тарихқа тұмсық тықсаң, әлмисақта сүйегі қурап қалған әруақтар тіріліп, алдыңнан андағайлап шығады. Бір досыма атақты Зейнолла Самашев туралы «Зиратқа түнемесе, археологтың ұйқысы қанбайды» деген едім, бұл да сондай. Өз тарихымызға үңілмей, өткеннен сабақ алмай, әруақтарды риза қылмай, болашаққа сену қиын, жетіп бару жөнсіз. Ұлы ақынның әлеміне «Абай жолы» деген атты қойған өзі емес, Әуезов. «Дүкенбай жолы» деген кино көрдім, оның атын қойған кейіпкерінің өзі көрінеді. Ал мен өз әлеміме не деп ат қоярымды әлі ойламаппын. Қайдан болсын, әдетте өзімше бір тәуір ат тапсам кітабыма қойып аламын. Сондықтан бұл жерде өздерің қол ұшын берерсіңдер.
Дарын туралы
Әр ақынның ішінде өлетін – өзінің өлеңінен басқа қабілет-дарыны. Дүниеге келген сәби скульптордың қолындағы саз балшықтай. Одан кісіні де, ит пен құсты та, жылқы мен жолбарысты, түлкі мен қасқырды да сомдауға болады, ағаш пен гүлді, тікен мен жапырақты, тіпті құрт-құмырсқаны да жасау түк емес. Илеуге байланысты. Құдайдың берген сыбағасына, тағдырдың жазуына қарай. Айналасына, өзіне қатысты. Адам өзінің басты дарынын аялау үшін, бойындағы басқа қабілеттерін өрбітпей, дамытпай құрбандыққа шалады. Ақындығы басым болса суретшілігі, немесе спортшылық, әншілік күйшілігі, т.б. екінші планға ысырылады... Мысалға, Жүсіпбек Аймауытов пен Ақселеу Сейдімбековтың ұсталық-зергерлігі қаламгерлік пен зерттеушіліктің қасындағы қосалқы ермек қана болған.
Қараңыз, Шәмші ағамыздың композиторлығына қоса, ақындығы да бар еді ғой, неге дамытпады? Қазіргі өз әніне шатпақтап өзі мәтін жазып, екі сөздің басын құрай алмай далбасалап жүрген Жолбарыс Сейфуллиндерге қарағанда әжептәуір ақын болыпты. Ал Жұмекен ағам ақындығына қоса, күшті күйші болған, консерватория бітірген. Неге сахнаға шықпады? Олар өздерінің ең басты қабілеттеріне жол ашып, қалғандарын қысып, тізгіндеп, тұншықтырып ұстады. Шашылмады, шашырамады. Онысы дұрыс-ақ болған деп ойлаймын.
Сонау жылдары орыстың бір ақын қызының «ішімдегі кейбір өлеңіме аборт жасаттым» деп жазғаны есімде. Неге олай деді? Ал Абай атамыздың «іштегі ойдың сыртқа шыққанда көркі қашады» дегеніне мән бердік пе?..
(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)
Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.