Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Үміт Зұлхарова. Саясатты жаза бастасаң сені халық ...

26.01.2023 1408

Үміт Зұлхарова. Саясатты жаза бастасаң сені халық жауы сияқты қабылдайды 14+

Үміт Зұлхарова. Саясатты жаза бастасаң сені халық жауы сияқты қабылдайды - adebiportal.kz

Үміт Зұлхарова – қоғамдағы келеңсіздіктерді өткір сынап, сатира саласының өрісін кеңейтіп жүрген санаулылардың бірі. «Келеке керек пе?» атты жаңа кітабының жарық көруіне орай сатирикпен әңгімелесудің сәті түскен еді. 

– Үміт ханым, «сатираның диюі» атанған Садықбек Адамбек, Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбек сынды тұлғалар бүгін ортамызда жоқ. Қазіргі сатираның жай-күйі жайлы не айтар едіңіз?

- Бұл кісілердің тұсында, яғни Кеңес дәуірінде сатира жанры – қоғамдағы келеңсіздіктермен күресудің басты құралы болып табылатын. Фельетон жанры арқылы сыналып, мекеме басшылары, тіпті қатардағы жұмысшыларға дейін қоғамға жат теріс қылықтары үшін  сөгіс естіп, жұмыстан қуылып, «жазасын алып» жататын. Үлкен-кіші мәселелерге сын-сықақтың ықпалы күшті еді. Ал қазір заман басқа. Фельетонмен дүрдей дөкейлердің, кейбір шіренген шенеуніктердің ұятын оята алмаймыз. Өйткені сын-сықақ келеңсіздіктерді жоюға пайдаланылатын негізгі құрал болудан қалды. «Ара» журналы 2003 жылы жалғасын тауып, қайта шыға бастағаннан Көпен аға «Фельетон жанрын қайта жаңғыртамыз, жазыңдар, сынаңдар» деп тапсырма беретін. Бірақ сынымыздан баяғы Кеңес заманындағыдай керемет нәтиже болды деп айта алмаймын. 

Ал сатираның қазіргі жай-күйіне келсек, мәз емес. Сын-сықақ жазатын қаламгерлер қатары азайып кетті. Дәл қазір сатира саласы өзімен-өзі, ешкімнің бұл жанрмен шаруасы жоқ. Сатириктер өзінше қаламын тербеп, саяқ күн кешуде. Сонда да болса қаймықпай, қайтпай қазіргі қоғамға ілесіп, жазуын тастамаған Ғаббас Қабышұлы, Қазыхан Әшен, Берік Садыр, Еркін Жаппасұлы, Ермахан Шайхы, Мұхтар Шерім т.б. сынды ағаларым бар. Осы кісілердің жазары таусылмасын деймін. Мен де біраз жыл үзіліс жасап, сатираға ат ізін салмай кеттім. «Бәлкім менің қалауым басқа сала шығар» деген де ойлар келді арасында. Бірақ сын-сықақымды жазбасам «ауыратынымды» байқадым. 

– Кезінде бір фельетонымен-ақ талай жағаланы орнынан босатқан сатира саласындағы ағаларымыз, әпкелеріміз, жаңа заманғы сатирашылар үні бүгінгі оқырманға жете бермейді. Жалпы, сатирашыларға мемлекеттен арнайы сыйлық, жеңілдіктер бар ма?

– Иә, бұрын сынға мән берілетін. Идеология солай еді. Ал қазір лауазымды тұлғалар, шенеуніктер анау-мынау сын-ескертпеңе пысқырып та қарамайды. Бұл – белгілі бір идеологияның жоқтығынан деп түсінемін. Бірақ сатираның іздеушісі – халық, оқырман. Қышыған жерін дөп басатын, тым болмағанда айызын қандыра күліп алатын қарапайым халық үшін сатира ауадай қажет. 

Ақын, жазушыларға арналған неше түрлі конкурстар, мүшайралар өтіп жатады. Ал сатирашыларға арналған конкурстар жоқтың қасы. Бәлкім сатираны көбірек дәріптеп, сын-сықақтың қоғамға маңызды екенін ескеріп, осы жанрды дамытуды әдебиет-мәдениет саласына жауапты адамдар қолға алса, сатирашылар, жазуға қабілеті бар жастар ынталанып, қатары көбейер ме еді.

Басекеңді жақтадым,

Мақтадым.

Сонда да жақпадым.

Бабын тіпті таппадым, –дейсіз. Қазір сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Бұл жаңылтпашымда жағымпаздықты әшкерелегім келген. Қоғамдағы ең ауыр «дерт» – осы жағымпаздық. Өзінен лауазымы жоғары басшының ғана көңілінен шығуға барын салу, құзырлы орындарда отырған адамдардың өзін құдайдай сезінуі – өте жағымсыз мінез-құлық деп білемін. Осындай жасанды мінездерден қатты аяқ тартамын, жиіркенемін. Жалбақтамай-ақ жұмысыңды адал атқарып, өзіңнің маңдай теріңмен көтерілуге болады. Тіпті, «көкесіз» көтеріле алмайсың ба, жағымпазданбай-ақ жұмысыңды істей бер. Неге қалайда бетіңнің арын бес төгіп басекеңді мадақтауың керек? Кеше ғана Елбасымызды мақтап теңеуге сөз таба алмай жүрген жағымпаздар енді сол мадақ-одаларын Тоқаевқа бұрып ала қойды. Ертең бұл президент кетсе, сол мадақ келесі президентке ауысады деген сөз. Жағымпаздық осылай шеті-шегі жоқ жалғаса береді. Жаным шынайылықты қалайды, сонықтан өзім ұнатпайтын осы мінезді жиі жазатын шығармын. 

Толғандыратын мәселе көп қой. Сатирама арқау етіп жүрген тақырыптар – мені толғандыратын өзекті мәселелер.  Іштегі қыжылымды айғайлап емес, мысқылмен, тістеп, мазақтап отырып білдіргім келеді. 

Белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек

– Сіздің жүрегіңіздегі классик Көпен Әмірбек қандай адам еді?

– Көпен аға сүйкімі мол, мейірімді, сонымен бірге өзіндік харизмасы бар, өткір жан еді. Ал айтқыштығы бөлек әңгіме. 

Ол кісімен 15 жылдай бірге жұмыс істедім. Бастықпын деп шіреніп, қызметкерлерін жерден алып, жерге салған адам емес. Ұжымымен еркін қарым-қатынас ұстанатын. Болмысы солай еді. Ол кісінің алдында бүгежектеп, ықпайтынбыз. Тіпті «жұмысқа неге уақтылы келмейсің, неге жұмыста жоқсың?» деген әңгіме айтқан адам емес. Кейде анда-мында шаруаларымыз шығып, ол кісіге айтпай кетіп қаламыз. Бірде вокзалдан, бірде тағы бір жақтан телефон соғып: «Көпен аға, мен екі-үш күн бола алмаймын-ау жұмыста» деп ескертіп қойып, жүре беруші едік. Өте еңбекқор, тынымсыз кісі болатын. Құр босқа, әңгімені соғып отырған кезін көрмеппін. Қашан көрсең ізденіп, шығармаларын жазып, кітап оқып жүретін. Кейде әріптестері редакцияға келіп әңгіме-дүкен құрғысы келеді. Содан Көпен аға аз-кем әңгіме айтады да, ары кетсе 15 минуттан соң әріптесіне қолын созып: «Ал, жақсы!» дейді. Бұл «ары қарай сенімен әңгімелесіп отыруға уақытым жоқ» дегені. Отырған адам сасқалақтап, «ә, ия, жарайды онда» деп кетіп бара жатады. Әлгі кісі кеткен соң бізге қарап: «уақытымды алады бекерге, сөйтпесең кетпейді бұлар» деп күлетін. 

Кейде алыс жолдан редакциясын сағынып келеді. Есіктен кіргеннен: «қыздар, бүгін өзіміз отырып шай ішейік ә?» дейді. Сөйтіп, ет, тәтті-пәттілерін үстел үстіне қояды. Біз дереу дастарқан жасаймыз. Ол әңгімесін айтады, әрбір сөзіне шегіміз қатып күлеміз. Ол кісіні күлмей тыңдау мүмкін емес.

Бірде Францияға барып келді. Көпен ағаның әңгімесін тыңдап шай ішпекші болдық. Әдеттегіше, дастарқанды жасап ары-бері жүгіріп жүргем. Дастарқан басына отырып алған басқа қыздар Көпен ағаның бір сөзіне жырқылдап күліп жатыр. Мен естімей қалдым. Бәрін даярлап, отырған соң «жаңа неге күлдіңдер?» дедім қыздарға. Олар үндемей қалды. Көздерінен айтуға ұялып тұрғанын сездім. Сонда да қызығушылығым артып, «Көпен аға, не айттыңыз? Парижде не көрдім дедіңіз?» деп тықақтап қоймадым. Қасымда отырған қыз мені түртіп, «тыныш отыр» деп ымдады. Көпен аға тоқтасын ба, әңгімесін басынан бастады: «Парижді аралап жүргенбіз. Бір жерге барғанда дүкен көрдім. Жалаңаш қыздар дүкені екен, соны көріп таң қалдым ғой» деді. Мен де қоймаймын: «жалаңаш қыздар ол жерде неғып тұр екен?» деп. «Еркектер келіп таңдап, қалағанын алып кетеді екен. Жезөкшелікті заңдастырып қойған да» деді. Жұмысқа алғаш келген жылдары ол кісінің осындай әңгімелеріне бетіміз шыдамай, жүзімізді төмен салып ұялып қалатынбыз. Кейін оған да үйрендік. Сондай ашық-жарқын кісі болды ғой. 

– Лауымызды кісілерді шенеген шығармаңыз үшін теперіш көрген кезіңіз болды ма?

– «Ара» журналынанбыз десең көп кеңселер жақтырмай қарсы алатын. Бірақ теперіш көрген кезім болмапты. Көпен аға «қорықпай жазыңдар, бастысы – фактілерің нақты болсын» деп отыратын. Фельетонымыздан нәтиже шығаруын сұрап талай рет құзырлы орындарға хат жаздық. Көп жағдайда жауап келмейді немесе «мәселені қарап жатырмыз» деген бір жапырақ ресми хат жолданатын. 

– Әлем әдебиетіндегі сатира өрісі қазір қалай дамуда? Бақылап отырасыз ба?

– Әлем әдебиетіндегі сатираның дәл қазір қалай дамып жатқанын керемет білемін деп айта алмаймын. Бірақ біздің қоғамның қазіргі көрінісін дөп басатын басқа ұлттардың сатиралық шығармаларын қазақшаға аударып отырамын. Алдағы уақытта аудармаларымның қатарын толықтыра түссем деген жоспарым бар.

– Сатираның экранизацияланған түрлері қоғамда жоғары сұранысқа ие. Кейде анайы сөздер сөйленіп, кейде сахна мәдениеті сақталмай жатады. Бүгінгі сатира театрларына көңіліңіз тола ма?

– Бүгінде оқырманға жазудан гөрі көзбен көріп, құлақпен есту қолайлы. Сондықтан әзілдің қойылымдық, телеарналық түрі, әлеуметтік желіде көп таралған қысқа-нұсқа әзіл-сықақ роликтер, жылдам оқылатын әзіл-қалжың өтімді болып тұр. Иә, әзіл-сықақ театрлардың көпшілігі әлі күнге анайы, әбден жауыр болған отбасылық кикілжің, отырып қалған қыз тақырыптарын сахналаудан аса алмай жүр. Ал халықтың талғамы баяғыдай емес, өскен. Бетіңді тыржитып, тамағыңды жыртып айғайлап ешкімді күлдіре алмайсың бұл күнде. Дегенмен әзілге сусаған халық амалдың жоғынан сол театрларға баруын тоқтатқан емес. 

Бұрын «Бауыржан Шоу» театрына сықақтарымды беріп тұратынмын. Бірақ менің саяси сатирам олардың ойнауына онша келіңкіремеді. Кейбір салмақты әзілдерім жеңіл әзілге айналып, сахнаға өңі айналып шықты. Содан кейін бермейтін болдым. Саяси сатира бізде жоқтың қасы. Саясатты жаза бастасаң сені халық жауы сияқты қабылдайды. Сондықтан көптеген жазбаларымды сахнада қоюға әртістер де қарсы боп жатады. Көзі тірі кезінде жазбаларымды Құдайберген Сұлтанбаев ағамызға да ұсынып көрдім. Ол кісі бәрін асықпай оқып шығып: «әзілдерің салмақты, жақсы екен, бірақ мен саясатқа бара алмаймын ғой» деп өзіме қайтарып берді. 

– Қазір немен айналысып жүрсіз? Шығармашылық жоспарларыңыз қандай?       

– Сатираларым, фельетондар мен аудармаларым жинақталған «Келеке керек пе?» атты үшінші кітабым баспаханадан шығып жатыр. Айналам толы тақырып, құдай қаласа ары қарай да тоқтамаймын деген мақсатым бар. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Батырхан Бөріханұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар