Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
«Ұшқан ұяның» кенжелері...

29.07.2022 5475

«Ұшқан ұяның» кенжелері 12+

«Ұшқан ұяның» кенжелері - adebiportal.kz

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы жазылғанына да жарты ғасырға жуық уақыт болды. Әлі күнге ел руханияты үшін қызмет етіп келе жатқан әдебиетіміздің үздік туындыларының бірі. Біздің бүгінгі зерттеу нысанымыз осы романдағы қазақтың кенже балаға деген көзқарасы мен мәдениеті туралы болмақ. «Ұшқан ұя» батыр атамыздың балалық шағынан мәліметтер беретін шығарма. Онда бала Бауыржанның көрген-білгендері, отбасындағы үлкендердің іс-әрекеті, әжесінің үлгілі тәрбиесі, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның ұстанымдары, салт-дәстүрлері бәрі-бәрі кең қамтылып, бала жүрегінің таразысымен бағаланып пайымдай жазылады. «Ұшқан ұя» аты айтып тұрғандай Баукеңдей тастүлек қыранның тұғырдан ұшар алдындағы өмірінің деректі нұсқасы десек те болады. Бұл шығармада біздің қарастырып отырған тақырыбымызға байланысты бір неше «кенжелердің» қатар жүретіні, сонымен қатар ол «кенжелердің» бір-бірімен құрдас болып келетін сәйкестіктері тағы бар.

Әуелгі кенже Бауыржанның әкесі Момыштың інісі, шаңырақта отырған Момынқұл болып, оны батыр «Көке» дейтін едім деп жазады. Баукең өзінің барлық рулас, етжақын туыс-туғандарын дерліктей жазып, шығармасынан кеңінен кіргізген екен. Сол туғандарының ішінде өзінің бірге туған әпкелері, әкесінің аға бауыр туыс-туғандарын қоса баяндайды. Сол туысқандарының ішін де бала Бауыржан отбасына жақын, тіпті бірге жүретін, қиын кездерді бірлікте өткізген Момынқұл туралы біраз естеліктер айта кетеді. Шығармада Момынқұл өзінің шешесі, Бауыржанның әжесіне сөз қайтарып, ренжітетін жерінен бастап кездеседі. Момыш қандай пысық, сабырлы, ақылды болса, Момынқұл тентек, айғай-шуға құмар төбелестің бел ортасында жүретін адам болды дейді автор. Бұл турасын да батырдың өзі сөзін келтірсек: «Момынқұл көкем атам мен әжемнің ең кенже баласы екен. Ұзын бойлы, сұлу, сымбатты, дөңгелек қара көзді, кертпе мұрындау, астыңғы ерні дүрдектеу, аққұба жігіт еді. Әжеме өз ұлының осы дүрдек ерні мен кертпіш мұрны ұнамаушы еді. Жайшйлықтың өзінде жаратпай, қымсынып отырғаны: «Тәңірінің мұнысына амал бар ма. Бір биеден ала да, құла да туа береді деген осы да. Әйтпесе өзіме тартайын деп-ақ тұр екен ғой»- дейтін ол. Оның есесіне көкем әжемнің ең еркесі, ең сүйіктісі болатын. Кенженің аты кенже ғой». Кенженің кенжелігі мен аусарлығы бірге жүреді ғой. Үйдің кішісі әуел баста шаңырақ менікі деп ойламаса да, үйдегі үлкен ағаларына арқа сүйеп, сеніп өскен кенже ұл тентек болмайын десе де тентек болады-ау шамасы. Сол тентектікті осы біз шығармада Момынқұлдан әлденеше рет кездестіреміз. Жоғарыда «Абай жолында» Оспанның асау тайды үйрететіні жәйлі айтып кеткен едік. Батыр атамыздың осы шығармасынан да дәл сондай асау үйреткен тентек кенже Момынқұлдың әрекетін кездестіреміз. Бірақ бұл жерде Момынқұл бала емес, үйрететіні де тай емес, кәдімгі асу ат. Бауыржан Момышұлы оны былай деп баяндайды: «Қашағанмен қатарласа беріп, құйрығына жабысақаны сол еді. Жерге топ ете түсті. Көз тіккен жұрт шу ете қалды. Аттан құлап майып болды ма деген ой әркімді бір зірік еткізген еді. Жоқ, сөйтсем, көкем сол асаудың құйрығынан ұстаған күйі аяғы жерге тимей, бүйірлей тартқылап барады екен. Мұнысы сілтеген тұяқты дарытпаудың амалы екенін кейін білдім. Бөксесі бұраңдаған қашағанның екпіні бәсеңдеп, осқырына ойқастарп барады. Бір мезет асаудың сәл бұылып шабысын кідіртуі мұң екен, көкем қас қағымда ат арқасына мініп үлгірді. Сөйтті де жалға жабысып, қыбырсыз жатып алды». Мен деген көп жігіттің жүрегі дауалай бермейтін асау үйретуге қаншама білек пен қайрат керек. Ал, бір емес екі кенжеден сондай ерлікті кездестіріп отырмыз. Бұл сюжеттердің ұқсастығы кенжелердің бойында болатын батыл мінездерін ашып беретіндігі шындық.

Бұл Момынқұлдың бір ғана қыры еді. Момынқұл мақтауды жек көрмейтін адам. Сол мінезінен үнемі от пен суға түсіп жүреді. Айталық: «Ол мықтымын деп жүктің ауырын көтертін... шынында да ол бапкері жоқ тұлпардай, байлаудағы сұңқардай өзіне-өзі симай жүретін. Ат үстінде де, қаражаяу кезінде де қарап жүрген сәті жоқ-ты. Көкемнің көкпар десе, арқасы қозып тұратын және сол көкпардан бір жерін жараламай қайтқан кезі жоқ шығар». Осылай тізбелей берсек Момынқұлдың кейбір аусар тірліктері жетерлік. Осы аусарлығынан айыру үшін Баукеңнің әкесі Момыш оқуға да отырғызған, бірақ одан біздің кенжеге титтей пайда болмаған. Жігіт басымен желкілдеп жүре берген, ақыры тентекке де бір тұсау демекші, аусарлығы өзінен асқан нағашы ағасына тапсырып беруге тура келген. Нағашысы Серкебай өте шаһар мінезді алдам болыпты. Оның мінезінің тік, өткірлігінен, ашуланғанда адырайып кететін қаталдығынан, біз ол кісіні көргенде кірерге тесік таппай қалушы едік деп еске алады автор. Міне осы Серкебай нағашысының қолында Момынқұл тура екі жыл тұрып қайтады. Әжесі жіберуі жіберіп алса да, артынан іздеген Момынқұлды, шал қайтесем де адам етемін деп жібермей сіресіп, басқа емес құран оқуын үйреткен. Ақыры екі жыл дегенде ауылына келген Момынқұл сауатын ашып, ауылдағы Момыштан кейінгі екінші сауатты кісі болды дейді.

Осылай сәлде болса жуасыған кенжеміз, бір күні басына сәлде орап, үстіне ұзын ақ шапан киіп, жіңішкелеп мұрт қойып ауылға жетіп келді дейді. Бірақ, молда жігіт аз ғана уақыт жүрді де, көп өтпей бұрынғы таз қалпына қайта түсіп, басына тымақ, үстіне тон киіп шыға келеді. Ескі ауыруын қайта жалғастырып, қай жерде той-думан бар, ол сол жерден табыла кетуді қайта басатйды. Жыршылығы да бар Момынқұл енді таң атқынша жұрттарға жалықпай жыр айтатынды шығарып, өзінің екі жыл үйренген дінни оқуын рәсуә етеді. Бұл да болса Момынқұлдың туа бітті мінезі еді. Қашанда күресуге де, белдесуге де даяр тұрады. Жаяу жарыстарн да алдын берместің өзі. Не керек, соның бірде-бірін берік тұтынып, үдесінен шыққан емес. Алаңғасарлығы мен аусарлығы қатар жүретін Момынқұлдың мінезі қалай аласапыран болса, өмірі де солай болды. Енді жоғардағы айта кеткен осы шығарма да, бір кенже ғана емес, әлденеше кенжелердің кездесетінін айтып кеткен едік. Енді солар туралы, аз да болса тоқтала кетсек.

Бауыржан Момышұлы атамыздың қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-ержеткеніне осы шығарманы оқып отырып көзіміз жете түседі. Қазақы орта, әрі ол кезде ауыл-ауыл болып туыстар бірге отыратын кезі. Ондай орта да кенжелердің қағыс қалуы мүмкін емес қой. Бауыржан атамыз осы еңбегін де Момынқұлмен бірге тағы үш кенжені атаын атап, түсін түстеп кетеді. Олардың екеуі Момынқұлдың құрдасы. Енді біреуі Бауыржанның әпкесін алған жездесі болып келеді. Ал, санаңыз, бір емес, төрт кенже. Бұл анық белгілі кенжелер, ал түспалдап, мынау кенже-ау деп, бұл санды тағы да ұлғайтуға да болатын еді. Бірақ жазушы нақты ашып мынау кенжесі еді демегесін артық қазбалуды жөн санамадық. Момынқұлдың құрдастары деп отырғанымыз, Бабастың кенже ұлы Орманқұл мен нағашымыз Текебай бидің кішісі Құлжабай. Бұл үшеуі де бір жылдың төлі. Құрдастар. Орманқұл қолдың қысқалығынан үйлене алмай көп жүріп қалса, Құлжабай атастырған қалыңдығы ерте қайтыс болып, оның сіңлісін күтіп қап, екеуі де бойдақ боп ұзақ жүріп қалады.

Алдымен Құлжабайды айтсақ бағанағы тік мінезді, адуынды Серкебайдың інісі еді. Ал мінезі жағынан екеуі екі адам. Құлжабай сабырлы, салмақты, өзін қандай ортада да ұстай алатын орта бойлы жігіт болған. Осы Құлжабай күлдірігі сөзді көп айтатын, жүйрік тілді, табан асты құрайтын ақындығы бар тілді-жақты жігіт. Бұл да болса біз санамалап келе жатқын кенжелерден кездесе бермейтін бір қасиет еді. Өзі көңілді де жайдарлы, отырған жерін қыран-топан күлкіге қарыққып отыратын ерекшелігі оның өз артықшылығы еді. Келесі құрдас әрі туысқан кенже бала Орманқұл. Ол орта бойлы, атжақтылау, қалың қара қасты, мұнар көз, қыр мұрын, қара мұрт, қабасақал жігіт. Осы Орманқұл, Құлжабай мен Момынқұлдан мүлде басқаша қарама қарсы адам еді. Қатты ашыла бетмейтін, түйық жан болады. Ән-жырға да жоқ еді, есесіне домбыраны ерекше беріліп сүйсініп тартатын еді дейді. Ол домбыра тартқанда дүниені ұмытып, бар ықыласын асқақ әуенге беретін күйші болған. Бауыржанның әжесінің үйінде осылай екі құрдас екі түрлі артықшылығымен ерекшеленіп, біреуі сөзбен қағытса, енді бірі орнықты отырып домбыра тартады. Сол Орманқұл туралы батыр былай дейді: «Енді ойлап отырсам, Орманқұл сөзсіз композитор болуы керек. Ол нота түгілі хат танымаған. Ол кедейліктің зардабынан жалғыз еді, саяқ еді. Қолы қысқалықтан қорынып, оның ұзтазы да, оның ізін қуған шәкірті де болған емес. Оның шығармалары өзімен келіп, өзімен кетті ғой, әттең....» деп Орманқұлдың күйшілігін жоғары бағалыйды. Бұл үшінші кенжеміздің өзін тән өнері һәм ерекшелігі еді. Байқап отырғанымыздай кенжелердің функциясы барған сайын ұлғайып, кең түс алып, әр түрлі кескін-келбеттін ашып беріп жатыр.

Үшеуін салыстырып көрсек. Момнқұл атына сай момын емес еді, алып ұшқан от, тұғырына тұрақтап отырмас қыран еді, Құлжабай тілді жақты көңілді жан, ақындығы, сөзуарлығы бір төбе. Орманқұл намысқой еді, қанша кедей болса да, сумаңдап кім көрінгеннің есігін күзетпейді. Баукең айтқандай саяқ деседе, саяқ болайын деп саяқ болмайды, жоқшылықтан қолы қысқалықтан еді. Үш кенженің де үш түрлі өнері бар. Қараңыздар біздің кенже балалар жан-жақтыланып келеді. Қанша жерден Момынқұлды желіккен жынды бас десек те, оның жыршылығын шығармада жақсы келтіре кеткен. Және жазушы басқа туысқандарынан көрі осы Момынқұлды көбірек жаза кетеді. Себебі, әжесінің кенжесі болғасын, әжесінің қасында өздерімен осы Момынқұл көп болатындығы. Бір жағынан кеш үйленгендіктен көбінде әкесі Момыштың қолғанаты іспетті адам болғасын да. Ендібір жағынан біресе көкпарға түсе салатыны бар, біресе жау құлататын ерлігі бар, енді бірде ортадан қойып кетіпғ асау үйрететін жері бар, осы сияқты есерлігінің көп болуы да, бұл шығармадан басқаларға қарағанда оның көбірек орын алуы заңды еді. Сода да, Он беттің екі беті осы Момнықұлдың қылығын жазумен болады. Осылайша тентек Момынқұлдың есерлігіне кенжелігі қосылып, біздің жұмысымызға сәйкес келіп қалған жағдайы бар.

Келесі айтпақшы болған төртінші кенжеміз Баукеңнің туған жездесі Аюбай да бір шаңырақтың кенжесі болып шығады. Аюбай атына заты сай әзіл-қалжыңды түсіне бермейтін дойырлау жан. Баукең «Ұшқан ұясында» неше кенже келтірсе, әр кенженің өзініндік мінездерін аша білген. Аюбай жоғардағы үш кенже сияқы ақын, жыршы, күйші де емес, нағыз шаруаның адамы, не сөзге ұсталығы жоқ, не қағытпаға ебі жоқ болады. Қайын жұртына алғаш қайыншылай келген де, сөз таппай сасып, қатты қысылатын жері бар. Аюбайдың дойырлау мінезін сезген келіншектердің бірі: «Жетіқарақшы жұлдызы қоныстасыңыз емес пе еді»,- деп қағытып сөзге тартады. Келіншектің мысы басқан жаңа келген күйеудің берген жауабы тіптен ебедейсіз: «Жетіқарақшыңыздың мекенін аңғармаған едім. Бірақ әйтеу ұры болған жайым жоқ». Келіншектер жағы қыран-топан күлкі. Тағы бір қу тілді жеңгей тыныш отырмай: «Айдың жүзі толар кез қашан екен?»- деп қиыла сұрақ қойып қалады. Сонда Аюубай кібіртіктеп: «Жеңгей, ол жағын білмедім. Ай мен жұлдыз сырына үңілген ғұлама емес едім. Ауылымызда ондай тәуіп болған жоқ». Күйеу баланың бұл жауабына елдің бәрі күлгені сонша, үй теңселе жаздайды. Осылай біздің Аюбай кенжеміз келіншектер арасында отырып әбден масқарасы шығып, қалыңдық ауылында аянбай сөзден сүрініп, әбден күлкіге қалған еді. Әрине оның бұндай момындығы қалыңдыққа ұнамайды. Болашақ жары Баукеңнің әпкесі бұған қатты ашуланып, тіпті бет көрісер кезінде абдыраудан әлі есін жимаған Аюбай батырдың қылығына қатты сөздер айтып тастайды.

Осы шығармадағы негізіг төрт кенже төрт түрлі. Ешқайсысынан Ер Төстіктің, не Дотан батырдың да сұлбасын көре алмаймыз, әрине ертегі, жыр дегендер әбден көркемделеген, әсерленген дүние болғасын да, біз олардан кемдік көре алмайтын шығармаз. Алай да, «Ұшқан ұя» авторлы шығарма болғандықтан одан, ондағы кенжелерден ертедегі кенже балалардай кемшіліксіз бейнені, кемшіліксіз іс-әректтерді көре бермейтініміз түсінікті. Енді сол кемшіліксіз идеал бейнелер кездеспеді, кенже балалар бұрынғы сипатына сәйкес келмеді деп сын айтып, әдебиеттен қарастырмай қоюға да болмас. Құнанбайдың Абайға айтқан кемшілігі, іс жүзінде оның артықшылығы болғаны секілді, кейінгі кенжелердің де кемшілігі олардың өздеріне тән тағдыр-тәлейі. Бұл жерде адамды, адамдық, пенделік тарапынан суреттеп жатқасын, оның осы секілді кісі баласында тән мінездері мен ұстанымдары нанымды, тәбиғи суреттелетіні даусыз. Бұл кенжелер бұрынғы кенжелер сияқты жалпы халықтық деңгейге көтерілмегесін, күнделікті тірлікте күн көру қамымен жүрген жандар ретін де олардың қаһармандық сипаты да бола бермес. Сол үшін бұл төрт кенжеге сендер сондай болмадыңдар деп, жазушыға кенжені жоғары көтермедің деп мін тағып, сөз айтудың өзі артық сөз.

Жалпы жазушының осы шығармасынан нақты өмірде екездесетін адамдар бойындағы кемшіліктер мен артықшылықтар, бір адамда болуға тиісті қасиеттер барынша ашып айтылған. Мысалға Аюбайдың сөзге шорқақ, әзілге жоқ екенін, әнді де қатырмайтынын білсек; Орманқұлдың да қызыл тілді қалжыңнан гөрі үнсіздікке, өзі жеке ойланып отырып күй тартуға әуес екенін көреміз; Құлжабайдың қу тілді қасиетін, ортаға сиымдылығын; Момынқұлдың «момындығын» шығарманы оқу барысында біліп жатамыз. Қазақ әдебиеті дейік, тіпті түркі әдебиеті дейік, дәл осы повесттей бір шығармадан бір емес, төрт-бес кенже баланы қатарынан қойып жазу кездеспейтін шығар деймін. ХХ ғасыр қазақ әдебиетінде кездесе бермейтін бұл кенже балалар образы, топырлап «Ұшқан ұя» да жүргені қызық. Әрине соңғы ғасыр жазушылары Баукең құсап нақты өмірден алып жазбағаны шындық. Көркем дүниеге айналдырамын деп басы қататын көпшілік жазарман арнаулы кенже образын көтеремін деп қалам тарпасы анық. Бұл үрдісті бұрынғы ертегінің сарыны ретінде қарағандықтан қолдан кенже батыр жасап жазғысы да келмеген болуы керек. Әрі бұрынғыдай кенжені әспеттеу үрдісі ұмыт болғасын да, оны идеал етіп шығарма жазу көп ешкімді тарта қоймаған сыңайлы. Ал, батыр атамыз, бұл шығарманы өз өміріне қатысыты болған әрі қазақ ортасынада кенже бала шаңырақ егесі болғасын, реті келіп тұрған кенжені жазушы жазғысы келсе де, жазғысы келмесе де, амал жоқ тоқтала кеткен жайы бар. Әрі Момынқұл сынды есі жоқ тентектің жындылығын жазбайын, айтпайын десең де, өзі тіленіп тұрған көркем мәтін болса, сол кенжелерді көзінен тізіп қалай жазбасқа. Көркем дүниеге арналған бұл шығарманың бас кейіпкері өзі болса да, кенже балаларға біраз орын берілген.

Қазақы таным да кенже ұл ұғымы Қара шаңырақ пайымымен қатар жүретін іргелі ұғым. Киелі несібе. Сондықтан да кенже балаға қойылатын талаптар басқаша. Олардың тәрбиесі де өзгеше. Жоғарыда талданған шығармалар соның нышаны. Сол ардақты, нысаналы ұғымның жазушы қаламынан түрегелген бір бейнесі. Байырғы түркілер дәуірінен бүгінгі алаш баласына дейін жалғасып келе жатқан бұл ұғымды алда тағы жалғасты талдау ниетіміз бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар