Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Халықаралық сарапшылар: Абай – әлем таныған ұлы ой...

26.06.2025 2781

Халықаралық сарапшылар: Абай – әлем таныған ұлы ойшыл 12+

Халықаралық сарапшылар: Абай – әлем таныған ұлы ойшыл - adebiportal.kz

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткізілген іс-шаралардың бір парасы ретінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық дөңгелек үстелдің маңызы зор болды. Бұл дөңгелек үстел Абайдың рухани мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау, оның философиясы мен шығармашылық мұрасын талқылау, сондай-ақ халқымыздың мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесін кеңінен таныту мақсатында өткізілді. Ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің және шетелдердің ғылыми қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Онлайн және оффлайн форматта өткен дөңгелек үстелде Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның адамзатқа арналған құндылықтары, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына ықпалы жайлы құнды пікірлер айтылды.

 

Рустам Әли, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы:

«Биыл Абайдың 180 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Абай облысы әкімдігі бірлесіп, республикалық ауқымды іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар жақында ғана мақұлданды және өңірлерге таратылуда. Жоспар аясында 305 шара ұйымдастырылады, оның ішінде: 

- 7 халықаралық, 

- 44 республикалық, 

- 254 өңірлік деңгейдегі іс-шаралар. 

Сонымен қатар, мерейтойға бұқаралық сипат беру үшін 333 тармақты қамтитын республикалық іс-шаралар жоспары әзірленді. Италияның Рим қаласында Абай ескерткіш-бюстінің орнатылуы Сыртқы істер министрлігі, Абай облысы әкімдігі және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталуда. Бұл жоба бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. 

Тамыз айында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, жастар арасында «Менің сүйікті кітабым – Абай шығармашылығы» тақырыбында республикалық челлендж ұйымдастырылады. Мемлекттік тапсырыспен «Абай өлеңдері мен поэмалары», «Абай жолы кейіпкерлері және Абай», «Абайтанудың кейбір мәселелері» кітаптары басылады. Министрлік бастамасымен демеушідер тартылып, мерейтой аясында қосымша кітаптар шығару жоспарлануда», - деді, сонымен қатар Рустам Әли тағы былай деп тың ақпаратпен бөлісті:

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Абай институтын құру мәселесі бойынша Сыртқы істер министрлігі белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыста біздің министрлік те өзара тығыз байланыста, бірлесе атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды Данияр Қадіров басқарып отыр. Ол Гёте, Конфуций, Сервантес институттары секілді басқа да халықаралық институттар мен үйлестіре ашумен айналысуда. Біз де осындай халықаралық институт құрылымын тек тіл үйретумен ғана шектелмей, мәдени және ғылыми бағыттарды да қамтитын жобаны дамытуға ниеттіміз. Бұл үлкен қаржылық ресурсты қажет ететін ауқымды жоба, бірақ оның бастамасы мен тапсырмасы айқын және оған жауапты қызметкерлер белсенді түрде жұмыс істеуде», - деп болашақта құрылмақ Абай институты туралы жағымды жаңалықпен бөлісті.

Махсат Алпысбесұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

«Абайдың ақындығы, философиялық ойлары мен әдеби танымы ұзақ уақыт зерттелді. Менің зерттеуімнің бір ерекшелігі – Абайдың мемлекет қайраткері ретіндегі бейнесін ашу. Абайдың саясаткерлігі мен тарихи ойлары туралы айту бұрын оңайға соқпады. Абайдың ақындық мектебін зерттеген Қайым Мұхамедхановтың қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі. Бұл – Абайдың қазақ қоғамына рухани әсерін жасыруға бағытталған шаралар еді. 

Мен Абайдың қара сөздеріндегі тарихи ойларды талдадым. Оның «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» еңбегі қазақ тарихының қатпарларын ашады. Өткен жылы Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өттік. Жошы ұлысы – Шыңғыс қаған құрған ұлы мемлекеттің бөлігі. Шоқан Уәлиханов қазақ этногенезінде қыпшақтардың Жошы ұлысының негізгі халқы, ал арғындардың Шағатай ұлысынан шыққанын атап өтті. Абайдың тарихи көзқарастары Шоқан Уәлихановтың осы пікірлермен үндеседі. Бұл – ұлттық тарихымыздың концептуалдық негізі, қазір жеті томдық академиялық «Қазақстан тарихы» басылымына негізіне алдық.

Советтік тарихнама қазақтың мемлекеттік сабақтастығын жоққа шығаруға тырысты. Түрік ру-тайпаларының тарихы, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінен Шыңғыс қағанға, одан Жошы ұлысы, Әбілқайыр, қазақ хандығына дейінгі сабақтастық бұрмаланды. «Алтын Орда» деген жалған атаумен тарихымыз сан саққа жүгіртілді. Абайдың «Шыңғыстау» туралы сөзі, қазақ қарияларының 1206 жылы Шыңғысты хан көтергені, Орда деген жерде құрылтай өткені туралы деректері – шежірелік мұрамыз. Біз бұған сүйенуіміз керек», - деді Абайдың тек әдеби тұрғыдағы ғана тұлға емес, тарих тақырыпта да пікірі мен орыны бар тұлға деді тарихшы.

Ләйлә Баймағамбетқызы,  Абайдың ұрпағы: 

«Қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны – Абай Құнанбайұлы халқына өшпес рухани байлық, мәңгілік рухани бұлақ сыйлады. Абайдың өлеңдері мен шығармашылығы тәрбиелік мәні зор асыл мұра! Абай өлеңдерінде, қара сөздерінде: «Еңбек ет, адам бол, адамгершілігің мол болсын, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», – деп, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген қағидаларды ұстанды. Бұл – әсіресе жастарға бойтұмар іспетті. 

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың мақтанышы. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», – деп, ол барша адамзатты сүйетін гуманист, бейбітшілікке шақырушы болды. Абай ұлт мәдениетін, сөз өнерін әлемге танытты. Ол өшпейтін, өлмейтін сөз қалдырды: 

«Көп адам өлмеуге бой алдырған, 

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. 

Өлді деуге сияма, ойландыршы, 

Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» 

Абай мәңгі өлмейді, оны бүкіл әлем таниды. Ол – әлемге ортақ тұлға!» - деді ақынның ұрпағы.

Әбдіуқап Қара, тарих ғылымдарының докторы, профессор (Түркия, онлайн):

«Әр елде ұлы ақындар болады. Мәселен, Германияда Гете, Түркияда Юнус Эмре сияқты ақындар әлемге танымал. Қазақтар да ақыннан кем емес, әсіресе Абай – әлем таныған ұлы ақын.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Абайды әлемге танытуға күш салдық. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы кең көлемде аталып өтті, оны Түркияда да тойладық. Сол жылы ЮНЕСКО Абай жылын жариялады. Түркияда Абай атындағы мектеп ашып, қазақтар көп шоғырланған ауданда көшеге Абай аты берілді. 2002 жылы Ыстамбұлда мектеп салынып жатқанда, әкімшілікке хат жазып, мектепке Абай атын беруді ұсындым. Абай – тек ақын емес, ағартушы, Алматыда Абай атындағы университеттің барын айттым. Ұсынысым қабылданып, мектепке Абай аты берілді.

Бұл Абай атының түркі әлеміндегі беделін көрсетеді. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы әлем бойынша, соның ішінде Түркияда тойланды. Ыстамбұлдағы Зейтинбұрну ауданындағы теміржол станциясы орналасқан көшеге Абай аты беріліп, мүсіні орнатылды.

Сол жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Абай шығармалары түрік тіліне аударылды. Мен әріптестеріммен бірге өлеңдерді түрік поэзиясының мәдениетіне сай ұйқастырып, әдемі кітап етіп шығардық. Бұл – Абайды түріктерге таныстыру бақыты тағы ды бізге бұйырып, үлкен абырой атқарып шықтық. 

Түркияда Юнус Эмре институттары сияқты ұлттық мәдениетті насихаттайтын мекемелер бар. Астанада да Юнус Эмре институты жұмыс істейді. Енді міне әлемде Абай институттары ашылғалы жатыр. Бұл – қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік. Абайдың еңбектері, өлеңдері рухани мұра болып қалмай аты мен беделі де бізге игілік әкелуде.

Бүгінгі 180 жылдық – қазақтың ғана емес, түркі әлемі мен адамзаттың ұлы ақынын тойлау. Ұлттық академиялық кітапхана ұжымына және қатысушы ғалымдарға алғыс айтамын. Рақмет!» - деп пікірі мен өзгеше паймын жеткізді.

Гүлтас Құрманбай, абайтанушы, Назарбаев университетінің Жаратылыстану әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры:

«Назарбаев университетінде ағылшын тілінде білім беретін ортада қазақ ұлтының болашағын ойлағанда, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде Абайдың мұрасы негіз болды. Университеттің тәрбие өзегіне Абайды енгіздік.

Ахмет Байтұрсынов: «Бүкіл қазақ Абайды танып-білуі керек», – деген. Егер барлық қазақ Абайды біліп танитын болса, біз көгерген, өркендеген ел болар едік. Сондықтан микро әлемде, бір университеттің ішінде тым болмағанда жастардың жүрегіне Абайды салып берсек – үлкен жеңіс.

2024 жылы Абайдың қайтыс болғанына 120 жыл толды. Міржақып Дулатов 1914 жылы «Қазақ» газетінде: «Абайдың қазасына 10 жыл толды», – деп жазды. Батыс елдерінде ұлы тұлғалардың қайтыс болған күнін атап өтеді. Міржақып: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз», – деп сол кезде сәуегейлік жасаған екен.

Тәуелсіздікке дейін Абай шығармалары мектеп бағдарламасына толық енбеді, қара сөздері оқылмады. Үлкен буын абайсыз қалды. Тәуелсіздікпен Абайға оралдық, бірақ Мәдениет министрлігі ұйымдастырған шаралар халықтың тамырына жете ме? Бұл – мәселе. Шаралар элиталық ортада қалып, ұрпаққа толық жетпей жатады.

Абайдың:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, 

Сонда толық боласың елден ерек. 

Жеке-жеке біреуі жарытпайды. 

Жол да жоқ жарым есті жақсы демек» деген сөзіне мән бере отырып, түсінетініміз — осы үшеуі де толық адам бола алмайды, егер олардың тұғыры әділет болмаса.

«Әділет, шапқат кімде бар 

Сол жарасар – адамға» дейді Абай. Яғни әділет болмаса, осы үшеуінен де (ақыл, қайрат, жүрек) еш нәрсе шықпайды. Абай айтпақшы, ондай жағдайда «жарыместің көкесі болады».

Бәрін тең ұстайтын — әділет. Ал бәрін толық тең ұстау – максимум, бұл Аллаға ғана тән. Бірақ адам бойында әділет атты мықты қамшы болса, сонда ғана адам – адам болады, қоғам – қоғам болады, мемлекет – мемлекет болады. Тек әділетті қоғам ғана өркениетті бола алады. Әділет оты жоқ жерден еш нәрсе іздеп, табуға болмайды», - деді Абайтанушы ғалым.

Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры (онлайн):

Абайтанудың ғылыми орталығы – Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. 1933 жылы Мұхтар Әуезовтің бастамасымен осы институт қабырғасында Абай шығармаларының алғашқы толық жинағы жарық көрді. Кейін бұл бастама жалғасын тауып, Әуезовтің өзі басшылық еткен кезеңде бес-алты толық жинақ шықты. Әуезовтен кейін де институт бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпады. Осы уақытқа дейін Абайдың 11 рет толық шығармалар жинағы жарық көрді.

Абайдың 175 жылдығына орай 3 томдық академиялық толық шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл жинақ – Абай мұрасының ең толық әрі ғылыми негізделген нұсқасы. Әр өлең мен қара сөзге ғылыми түсініктер беріліп, қолжазба нұсқаларымен салыстырылған текстологиялық зерттеулер ұсынылған. Мысалы, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай жинағының факсимилесі араб графикасында беріліп, оның қазіргі әліпбидегі аудармасы мен түсініктері қоса ұсынылған.

Жинақ 3000 данамен жарық көріп, енді екінші басылымы дайындалып жатыр. Бұл еңбекті әсіресе қазіргі Абай туралы даулы пікірлер көбейіп тұрған кезеңде ғылыми негізде насихаттау маңызды. Біздің электронды қорда «Абайдың электронды кітапханасы» да бар, оны пайдалануға шақырамыз», - деп ойын жеткізді К.Матыжанов.

(zhaikpress.kz)

Дәуіт Шомфаи Кара, Мажарстан Ғылым академиясы, Гуманитарлық ғылымдар орталығы, Этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері  (Венгрия, онлайн):

«Мен 1993–1994 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып, бір жылдық тағылымдамадан өттім. Сол кезде қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениетіне алғаш қадам бастым. Университетте оқып жүрген кезімде Абай өлеңдерін тыңдап, сол әуезділіктен әсерленіп, кей өлеңдерін жаттап, домбырамен айтып үйрендім. Қазақ тілі мен руханиятына деген ықыласым сол кезден басталды.

Күні бүгінге дейін Абай шығармалары мажар тіліне кең көлемде аударылып, насихаттала қойған жоқ. Әзірге венгр тілінде жарық көрген бір ғана кітап бар. Ол – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының венгрше аудармасы. Ол 1956 жылы шыққан болатын. Аударма Кеңес Одағы мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстардың нәтижесінде жүзеге асқан. Алайда бүгінде ол кітап өте сирек кездеседі. Қазіргі кітап дүкендерінде табу қиын.

Сондықтан менің алға қойған мақсатым – осы аударманы қайта жаңғыртып, қайта басып шығару. Сонымен қатар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мажар тіліне толық аудару жоспарым бар. Ол үшін, әрине, қолдау, демеушілік, қаржылық мүмкіндік қажет. Бірақ бұл жолда мен өзімнің күшімді, білімімді, қазақ тілін білгенімді салып, қолдан келгенше еңбек етуге дайынмын», - деп ағынан жарылды мажарлық ғалым.

Нұржан Қуантайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы:

«Абай – біздің ұлттық темірқазығымыз. Ғасырлар ауысып, заман өзгерсе де, Абайдың рухани мұрасы – халқымыздың мәңгілік бағыт-бағдары болып қала бермек. Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш арыстары, оның ішінде Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер: «Абай – қазақ халқының темірқазығы» деп бағалаған еді. Бұл – үлкен тарихи, философиялық баға.

Жақында, Жеңістің 80 жылдығына орай, университетіміз «Майдан хаттары» атты кітап шығарды. Бұл жинақта Ұлы Абайдың тікелей ұрпақтары – шөберелері мен немерелерінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласынан жазған хаттары жарияланды. Бұл хаттар – тек отбасы шежіресі ғана емес, ұлттың тарихынан сыр шертетін құнды дереккөздер.

Майдан хаттарында Абай ұрпақтарының бір-біріне жазған хаттарында бір-бірін іздеп, амандығын сұрап, туған елден хат күтіп отырған сәттері баяндалады. Біреуі – Фрунзеден, біреуі – Семейден, біреуі – басқа өңірден. Бір-бірінен жырақта жүріп жазысқан хаттары – Абай ұрпақтарының тағдырын ғана емес, бүкіл қазақ халқының сол кезеңдегі тағдырын көрсетеді.

Қазіргі заман – ақпарат ғасыры. Сол себепті Абай журналын халықаралық деңгейге көтеріп, бірнеше тілде (ағылшын, испан, қытай, түрік т.б.) шығару қажет. Бұл – Абай арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытудың нақты жолы. Бұған мысал ретінде Қытайдың «Конфуций институтын» немесе Германияның «Гёте институтын» алуға болады. Олар өз мәдениетін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттап келеді. Біз де дәл солай «Абай институтын» құруымыз керек.

Абай институтының бөлімшелері қазақтар көп шоғырланған шетел қалаларында – Орынборда, Омбыда, Астраханда, Үрімжіде, Ыстамбұлда ашылуы қажет. Бұл – сол жақтағы қандастарға рухани қолдау ғана емес, сонымен қатар қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін сақтап қалуға мүмкіндік беретін қадам болар еді», - деген нақты ұсыныстарын Н.Қуантайұлы ортаға тастады.

Сөз кезегін алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жа­нын­дағы «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абай тағылымы туралы былай деді

«Абай академиясы – Хакім Абайдың мерейтойы қарсаңында ашылған. Негізгі бағыты – ғылыми зерттеу. Қазіргі таңда тоқсаннан астам ғылыми-танымдық еңбек жарық көрді. Бұл бұрын жарық көрген еңбектер емес, Президенттің талаптарына сай дайындалған жаңа шығармалар. Абайтану саласындағы белгілі ғалымдар – ҚазҰУ-дағы абайтанушылар, Абай атындағы университеттегі Хакім Абай орталығының мамандары, Семей, Ақтөбе қалаларының ғалымдары осы еңбектерге атсалысты. Сондай-ақ белгілі қаламгерлер Айгүл Кемелбаева және басқалар Абай тақырыбында жазып, зерттеулер жүргізіп, оларды бұл жинаққа енгіздік.

Сонымен қатар, біз «Абай даналығы» атты суретті альбом дайындадық. Ол қазақша жарық көрді. Түрік ағайындарымызға арналған қазақша және түрікше нұсқалары Стамбулда тұсаукесері өтті. Қазір ол кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалуда және 180 жылдыққа дейін жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Бұл кітаптың ерекшелігі – Абайдың қара сөздерін түгел емес, негізгі түйінді ойларын беру. Сонымен қатар еліміздегі белгілі суретшілердің Абайға арналған туындылары да осы кітапқа енгізілді. Бұл да біздің абайтануға қосқан үлесіміз», - деген пікір білдірді Ж.Әубәкір.

Дарья Белякова, М. Рудомино атындағы Шетел әдебиеті жөніндегі Бүкілресейлік мемлекеттік кітапхананың кітапханатану және кәсіби өзара әрекеттесу орталығының жетекшісі (Ресей, онлайн):

«Біздің шетел әдебиеті кітапханасының қорында 27 кітап бар. Бұл – ақынның өлеңдері және оның шығармашылық мұрасы туралы кітаптар. Олардың ішінде 5 кітап орыс тілінде. Мысалы, Абай Құнанбаевтың таңдаулы шығармалары, екі тілде шыққан – қазақша және орысша «Қара сөздері», ол дәл осы 175 жылдық мерейтойына шығарылған. Сонымен қатар, мен бүгін экран арқылы қонақтарға керемет кітапты көрсеткім келеді. Бұл кітапта таңдаулы өлеңдер мен трактаттар, философиялық ойлар, қара сөздер және орыс тілінде әлі жарияланбаған шығармалар бар. Бұл кітап Қазақстан Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шыққан және онда он тілге аударылған. Бізге орыс тіліндегі нұсқасы сыйға тартылды.

Сонымен қатар, біздің кітапханада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының аудармалары бар. Бұл кітаптар орыс тілінен басқа ағылшын, болгар, неміс, фин, француз және чех тілдерінде де бар. Қорымызда Абай Құнанбаевтың шығармашылығы туралы әдебиеттанулық кітаптар мен Мұхтар Әуезов туралы бес кітап бар.

Сіздерге айта кеткім келетін тағы бір қызықты кітап бар. Оның аты – «Абай және оның әдеби мұрагерлері Францияда». Бұл француз авторларының Қазақстан әдебиеті туралы еңбектер жинағы. Кітап Алматы қаласында 1995 жылы жарық көрген және орысша мен французша басылып шыққан», - деген көптеген ақпарлар берді.

Филология ғылымдарының кандидаты, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің сениор лекторы Раушангүл Мұқышева «Абай Құнанбайұлы мұрасының Мажарстанда насихатталуы» хақында баяндама жасады (онлайн):

«Менің баяндамам Дәуіт Шомфаи Караның зерттеу тақырыбының жалғасы іспеттес. Абайдың есімі XIX-шы ғасырдағы Мажар ғалымдарының еңбектерінде кездеспейді. Олар қазақтың өзге тұлғалары, мысалы, Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған. XX-шы ғасырдың бірінші жартысында да мажар әдебиеттанушылары қазақ әдебиетін зерттеп, мақалалар жариялағанымен, Абай шығармалары туралы нақты зерттей қойған жоқ.

Абайдың шығармалары алғаш рет 1956 жылы әлем әдебиеті антологиясына мажар тілінде енгізілді. Бұл аудармалар көбінесе орыс тілінен жасалды, сондықтан қазақ тілінің ерекшеліктері толық ашылмаған. Дегенмен, 2005 жылы шыққан аудармаларда өлеңнің ырғағы мен мазмұны жақсы сақталған.

Мажарстанда қазақ әдебиеті мен Абай шығармашылығын насихаттау жұмыстары өз жалғасын табуда. Будапештте Абайға қойылған мүсін Шығыс Қазақстан облысының сыйы ретінде ашылды. Сондай-ақ, мажар университеттерінде Абай оқулары мен семинарлары ұйымдастырылып келеді.

Абай шығармаларын мажар тіліне аудару ісіне мажар тілін жетік білетін, қазақ тілін жақсы меңгерген мамандар тартылуда. Бұл аудармалардың сапасы мен мазмұнын арттыруға септігін тигізеді. Студенттер де осы аударма жұмыстарына қатысып жүр, алайда кәсіби аудармашылардың қолдауы аса маңызды.

Қорыта айтқанда, Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы Мажарстанда кеңінен танылып, зерттелуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табады деп сенемін», - деп сөзінің түйінін жеткізді.

Шушана Жабко, Ресей Ұлттық кітапханасының Ұлттық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі (Ресей, онлайн):

«Өткен кездесуімізде мен Уәлиханның мерейтойы туралы сөйлеген едім. Сонда біздің қор туралы, біздің іс-шараларымыз – ғалымдар, ақындар, жазушылардың мерейтойлары ешқашан көзден таса қалмайтынын айттым. Біз әрдайым онлайн кездесулер ұйымдастырамыз.

Мен қорлар туралы аздап айта кетсем. Біздің кітапханада қазақ тілді кітап қоры өте бай – шамамен 40 мың кітап бар. Оның ішінде 3 мыңдайы араб графикасымен шыққан басылымдар, ал 600-ге жуығы революциялық басылымдар. Бірақ бүгін мен Абай Құнанбаевтың қорына тоқталғым келеді. Бұл қордың мақтанышы – Абайдың алғашқы баспадан шыққан өлеңдер жинағы, 1909 жылы жарық көрген ««Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты кітап. Бұл кітапты Бораганскийдің «Восточная» баспасынан шыққан. Бұл кітап баға жетпес құнды жәдігер. Басылымның тиражы шамамен 1000 дана болғанымен, қазіргі таңда оның 3-4 ғана данасы сақталған.

Осы кітаппен қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жазба дәуірі басталған деп айтуға болады. Абай мұрасы біздің қордың ең құнды бөліктерінің бірі. Бізде оның толық жинағының бірнеше басылымдары бар, ең көне басылымы 1933 жылы шыққан. Тағы да 1939 жылғы жинақтар, сондай-ақ ең алғашқы қазақ тіліндегі таңдамалы шығармалары 1936 жылы жарық көрген. Абайдың шығармалары армян, ұйғыр, өзбек, түрік, грузин, татар және басқа да тілдерге аударылған.

Бүгінде Ресей Ұлттық кітапханасының сайтына кірсеңіз, электронды каталогта Абайға қатысты 1260 құжат бар, бірақ шын мәнінде қорда бұдан әлдеқайда көп материал бар, өйткені кейбір кітаптар әлі сандық форматқа көшірілмеген», - деген құнды пікірімен бөлісті.

Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы директоры (онлайн):

«Абай музейі – еліміздегі мәдени-тарихи мұраны сақтаушы негізгі музей-қорықтардың бірі. Бұл музей 1940 жылы Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтың ұсынысы бойынша құрылған. Биыл музей өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Жыл басынан бері біз Абай атамызға байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Оның ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер, көшпелі көрмелер бар. Қазіргі таңда Семей қаласы мен Абай, Мақаншы аудандарында Абайдың және оның шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығына арналған он музейдің жұмысы бір жүйеге келтірілген үлкен ұжым болып отыр.

Бүгінгі таңда Абай Құнанбайұлының жеке заттары, өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі, ақындық мектебі осы мектептің өкілдері – Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әсет Найманбайұлы, Алаш қайраткерлері, абайтанушы Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, халық ақыны Шәкір Әбенұлы, Кәмен Оразалин сынды тұлғалардың атындағы музейлер «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы құрамына жинақталып, бүгінгі күнде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мұражай үлкен кешенге айналып отыр. Абай музейінің қорында 22 мыңнан астам музей экспонаты, 16 мыңнан астам кітап бар. Сонымен қатар, Әуезовтың өз қолымен тапсырған жәдігерлері сақталған. Былтыр музейге 100 мыңнан астам турист келді, оның ішінде шетелдік қонақтар, мектеп оқушылары, студенттер мен жастар көп.

Сонымен қатар, Әзірет Сұлтан музей-қорығымен бірлесе «Яссауи және Абай әлемі» тақырыбындағы көрме ұйымдастырылады. Астана қаласының Ұлттық музейінде «Адамзаттың Абайы» атты көрме жоспарланған. Сондай-ақ «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты халықаралық деңгейде Минск қаласындағы Янка Купала музейінде көрмелер тамыз айының аяғында өткізіледі деп жоспарлап отырмыз», - деген алдағы мерейтойға байланысты көптеген жаңалықтарымен бөлісті.

Демесінова Ләйлә, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының басшысы:

«Абай институты 2019 жылдан бері қызмет атқарып және әлемдегі Конфуций, Юнус Эмре институттары сияқты қазақ тілін үйрету, мәдениетті насихаттау мақсатында жұмыс істейді. Қазіргі таңда біз әлемнің сегіз елінде офлайн курстар өткізіп отырмыз. Бұл курстар тек қана қазақ қандастарымызға ғана емес, шетел азаматтарына да арналған.

Мысалы, Түркиядағы Ыстамбұл қаласында, Венгрияның Будапешт қаласында, АҚШ, Австрияның Вена қаласында, Францияның Парижінде қазақ тілі курстары сәтті жұмыс істеп жатыр. Ресейдің Астрахань, Омбы қалаларында да қазақ тілін үйрету курстары ұйымдастырылуда. Монғолияның Ұланбатыр қаласында да қазақ тіліне қазақ балаларының қызығушылығы артқандықтан онда да оқыту жұмыстары жүріліп жатыр.

Сонымен қатар, «Отандастар қорымен» бірлесіп онлайн курстар ұйымдастырып, әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларын әзірлейміз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз қазақ тілін дамыту мен Абай шығармашылығын әлемге танытуға үлкен үлес қосуда.

Алдағы уақытта Қазақстандағы барлық Абай институттары мен академияларын біріктіріп, Абайдың атымен аталған ірі ғылыми-мәдени орталық құруды жоспарлап отырмыз. Бұл орталық Абайға қатысты барлық зерттеу, оқу, мәдени іс-шараларды жүйелі түрде үйлестіретін болады», - деп сөзін аяқтады.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар