1 шілде - тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды оқиғамен басталды. Бүгін Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді.
2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум нәтижесінде қабылданған бұл негізгі заң – тәуелсіз Қазақстанның үшінші конституциясы. Бұған дейінгі конституциялар 1993 жылғы 28 қаңтарда және 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған болатын.
Бағынған өз заңына жұмыр ғалам,
Сондықтан Күннен Жерім суынбаған.
Қоғамның сан саласын реттейтін
Әрбір заң Ата Заңнан туындаған, -
деп қазақтың белгілі ақыны Айбатыр Сейтақ жырлағанындай, кез келген мемлекет үшін заң – елдің тірегі, Конституция – мемлекеттің жүрегі болып саналады. «Бүгін жаңа Конституция күшіне енді» деген сөйлем – жай ғана күнтізбедегі өзгерісті білдірмейді. Ол – халықтың тарихи таңдауының, мемлекеттің жаңа белеске аяқ басуының белгісі. 11 бөлімнен, 96 баптан тұратын жаңа Конституция – қоғамның құқықтық айнасы ғана емес, ұлттың ертеңге деген сенімі мен мемлекет құрудағы мұратының көрінісі.
Әрбір халықтың тағдырында уақыттың таразысына түсетін шешуші сәттер болады. Сондай кезеңдерде қабылданған Ата Заң елдің бүгінін ғана емес, болашағын да айқындайды. Сондықтан жаңа Конституцияның күшіне енуі – құқықтық құжаттың заңды күш алуы ғана емес, қоғамның жаңғыруға деген ұмтылысының нақты көрінісі.
Конституция – мемлекеттің рухани паспорты. Онда азаматтың құқығы мен бостандығы, билік тармақтарының қызметі, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығының негіздері айқындалады. Заңның үстемдігі орныққан жерде ғана әділет салтанат құрады, ал әділет бар жерде халықтың мемлекетке деген сенімі беки түседі.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі әр азаматқа жаңа жауапкершілік жүктейді. Заң тек мемлекеттік мекемелердің немесе құқық қорғау органдарының құжаты емес. Ол – мектеп табалдырығын аттаған баладан бастап, ел басқарған азаматқа дейін ортақ өмір сүру ережесі. Конституцияның қағидалары қағаз бетінде ғана қалмай, күнделікті өмірдің мәдениетіне айналғанда ғана оның шынайы құндылығы ашылады.
Тәуелсіз елдің тарихы – үздіксіз даму тарихы. Заман өзгереді, қоғам өзгереді, адамдардың сұранысы өзгереді. Осындай өзгерістерге сай құқықтық жүйенің де жетіліп отыруы – табиғи құбылыс. Өйткені мықты мемлекет өзгерістен қорықпайды, керісінше, оны заң аясында жүзеге асыра отырып, тұрақтылық пен дамуды қатар алып жүреді.
Жаңа Конституция – өткенді жоққа шығару емес, жинақталған тәжірибені жаңа талаптарға бейімдеу. Ол мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғам қалыптастыруға қызмет етеді. Әрбір құқықтың артында міндет тұрғанын, әрбір бостандықтың жауапкершілікпен ұштасатынын ұғындыру – Конституцияның басты мұраты.
Елдің ертеңі заңға деген құрметтен басталады. Конституцияны сыйлау – мемлекетке құрмет көрсету, тәуелсіздікті қадірлеу, болашақ ұрпақтың баянды өміріне негіз қалау. Заңды құрметтеген қоғам ғана өркениетті елдердің қатарынан лайықты орын алады.
Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Бұл – жаңа үміттің, жаңа жауапкершіліктің, жаңа мүмкіндіктердің бастауы. «Заңды сыйлаған елдің – еңсесі биік», - деп Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай айтқанындай, Ата Заңды және одан туындайтын, тармақталатын заңдарды сыйлап, аясында елдің тыныс-тіршілігін жүйелеп реттеу – көргенді жұрттың игі іс-әрекеті.
Ендеше Ата Заңның әрбір бабы азаматтың жүрегінен орын алып, әділет пен бірліктің, тұрақтылық пен дамудың темірқазығына айналсын. Өйткені Конституцияның күші – оның мәтінінде ғана емес, оны құрметтейтін халықтың санасында.
Жаңа Конституциямыз елімізге құтты, берекелі болғай!
