Жанартау

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

112

Жанартау - adebiportal.kz

(әңгіме)

Гүлзира күндегісінше шәй үстінде жадырап, жайнап көңілді отыр. Бірақ жүзі әлденені жасырып, қосағына білдірмей қыбыжықтайтын да сияқты. Маңғыт пәленбай жыл табанын қызыл құмға жүзгізіп, сахараның тап өзінен қазір келіп отырғандай шәй ішіп өліп барады. Бір кесені бір-ақ қотарып, сосын Гүлзираның жаңа түскен келіндей сызылып, келесіні асықпай ұсынғанына шыдамай кетті, сірә. 

– Құйып қойшы анауыңнан тағы біреуіне, суып тұра берсін, – деді әйелінің оң шынтағын ала жиылып тұрған сырлы кеселерді көрсетіп. – Уһ, жаным-ай десейші, мына күн тас төбеден ұрып, таңдайды қаталатып өлтіретін шығар. Әй, өлтірмей тынбайды. Айтқаным айтқан, – деп бір қойды сосын. Ішіп отырып сөйлеп те отыр. – Барсам, Құмарық дегеннің халқының теледидар көрмегеніне жүз жылдан әй асып кеткен дерсің, бәрі Әбдібайдың үйіне жиылып апты. Неғып жүрсіңдер десем сериал көрмейміз бе сонда дейді. Ау, үйлерің бар емес пе, әлде сендерде сериалды Әбдібайдың үйінен көру керек деген заң бар ма деймін мен де тек отырмай әрі шынымен аң-таң болып. Сөйтсем, бір қора адам саспайды-ау саспайды. Әбдібайдың үйі қалаға ең жақын үй деп шу-шу етеді. Шығып қарасам шынымен Әбдібайдың үйі дәрияның тура жиегінде екен. Ар жағында қала тұр. Үйге қайта кіріп, дұрыс айтыпсыңдар десем, «Әні, антенна осы жерде ғана ұстайды, біз жақта тартпайды. Быжырлап кете береді. Сөйтіп киноның да берекесі қашады» дейді сарытіс Шөкелек. 

Шөкелек дегенге Гүлзира жымың ете қалады. Қыз күнінде бұған сөз салып, алып қашамға басып әуре еткені бар еді. Сол есіне түсіп кетті. Маңғытқа бәрібір. «Басқасын қойшы, тіпті мені сонда Шөкелектен де қызғанбайсың» дейтін Гүлзира кейде қай кездегі еркелігіне салып. Маңғыт сонда да селт етпейді. Әйтеуір, маған тидің ғой, енді несін қызғана берейін дейді біраздан соң барып. Сосын әдеттегідей қою мұртының қос шалғысы шошаң етіп, сояудай әппақ тістерін жарқыратып тұрып күліп алады. Гүлзира күйеуінің сол мінезін де өлердей жақсы көреді. 

– Мақұлдарың ал деп, әуелі шалекеңе бата оқиын, сосын жылқысын сойып, жіліктеп бере қояйын деп Темірбайдыкіне барсам, жирен биені тек Темірбай әулеті емес, қапшықтарын қолтыққа қысып бүкіл ауыл қоршап тұр. Сендердің немене бүгін Әбдібай мен Темірбайдың үйіне ғана баратын күндерің бе еді деймін. Осы Маңғыт-ақ қыршып бітетін болды деп күледі қызыл бет Жантақ: «Біз немене ет жемейміз бе, қарын сипамаймыз ба?». Темірбайдың әкесі өлмегенде, аштан қалған екенсіңдер ендеше деймін мен де қалыспай, – деп Маңғыт бір дамылдайды да, қайтадан шәйға бас қояды. Сосын самбырлап келесі әңгімесіне кіріседі. Сыртта ғой, сөз суырып ала алмайсың. Ал дастархан басында ол барда жәйіңе отырғайсың. Сөз атасы Маңғыт би болып шыға келеді. 

Гүлзираға күйеуінің осындай сөзуарлығы да, сырттағы томпиған болмысы да ұнайды. Ал Маңғытқа Гүлзирадан артық қандай әйел керек... Іштей ыңылдап әндеткісі келді. Сосын мазасызданып терезеге қарады. Жүзіне шуақ құйылып, қайтадан шылқа терлесе де шәйға қанбай отырған күйеуіне көз салды. Маңғыт – пәруайым. Үстінде әр-әр тұсы дақ тиіп, әбден тозған шолақ жең жейде. Бұтында – мешін жылғы джинсы. Өзі айтпаса оның джинсы екенін тану да қиын. Гүлзираның да сыңғырап тұрғаны шамалы. Былтыр қызы Айжан каникулға келгенде туған күніне сыйлап кеткен қызыл-күлгін шифон көйлек. Өзі де, Маңғыт та жұмыс істеп, дүрілдеп тұрғанда көйлек дегеннің түр-түрін киуші еді, сөйтіп Күлжәманның дүкеніне сыңғырлап барып, сыңғырлап қайтатын Гүлзира еді ғой. Қазір де өңінен айырылғаны шамалы. Бірақ уақыт дегенің жыл озған сайын сенің тозып, ескіріп бара жатқаныңды есіңе салып, ұмытпастай етіп таңбалай беруден танбайтын пәле болып шықты емес пе! Ондайын Маңғыт пен Гүлзира қайдан біліпті? Бұрын қартайып көрді дейсің бе? Жас күнінде Гүлзира күйеуіне қалай еркелеуші еді, шіркін. Қалай назданса да, қайтіп еркелесе де Маңғыт дегенің меңірейіп – әйелінің бүкіл қылығын алпауыт бойына сіңіріп алып отыра беруші еді ғой. Сонда Гүлзира да жынды емес пе, айтпайтынды айтатын. Өзінің оқымағаны жоқ. 

– Сен тап балбал тас секілдісің, мөлиіп осылай отыра беремісің енді? – дейді қитығына тиіп. 

– Қой әрі, балбал дегенің не тағы, әлгі далада маңқиып тұратын тастар ма? – дейді Маңғыт жайма базар секілді май-май шүберек үстінде жатқан бөлшектерін аударыстырып отырып. 

– Иә, саған маңқиып тұратын тастар, оларда жазу бар, қасиетті, – дейді Гүлзира сылқ-сылқ күліп. 

– Сен үшін әйтеуір бәрі қасиетті, – деп езу тартқанда ол кезде әлі жұқарақ мұртының екі жағы тиіннің құйрығындай қайқиып көтеріле қалушы еді. 

– Қарашы мына журналды, – дейді енді бір жолы момын күйеуін тағы да әлекке салып жатып, – Дүниеде атылатын таулар болады екен, сұмдық қой, ә, біраз жыл сам-соз болып тұрады да, бір күні бүкіл дүниені әбігерге салып, бір атылса бірнеше ай тоқтамай тұрып алатын көрінеді. 

– Атылса атылады да енді, – дейді Маңғыт бей-жай.  

– Қарашы, міне, таудың қақ ортасынан ракета секілді атқылайды тура. Тау от құсып жатқандай, – дейді Гүлзира жылтырақ журналды кісінің бетіне тықпалап. Маңғыт енді амалсыз үңіледі. Онда да бірдеңе түсініп қалайын деп, не шынымен таңырқап емес, жай сұлу келіншегінің көңілін жыққысы келмей ұзақ қарап тұрып алады. Соның өзі қызық. Гүлзира да өз көңілі үшін қарап тұрғанын біледі. Біледі де тырқылдап тұрып ұзақ күледі. Соған екеуі де мәз. Екеуі де бақытты. 

– От құсқаны несі тағы, осындай сөздерді тауып алатының-ай сенің, – дейді енді Маңғыт басын журналдан бұрып әкетіп жатып. 

Гүлзира тағы бірдеңелерді айтады. Еркелей күледі. Мойнына асылады. Қоймай бара жатса Маңғыт қара майға бөккен саусағын келіншегінің маңдайына баса қояды. Өшіріп тастама дейді жымиып: Гитадан аумай қалдың. Мен Гитадан да әдемімін деп наздана қалады сонда Гүлзира. Апырай десеңші, ерке екен-ау сонда. Қазір де қылықсыз емес қой, бірақ сол кез тым тәтті, бақытты шақ екен. Алаң жоқ. Уайым жоқ. Тек қуаныш. Тек шаттық салтанат құрып тұрған не деген ғажап шақтар. 

Маңғыттың екі қолын алдына салып бос отырған күні жоқ. Түртінектеп көк тракторының астында жүреді. Не мотоцикліне мініп алып, түлкі қуып, қоян аңдып Ақтүбектің құмдауыт аңғарына қарай аңыратып бара жатады. Ол кезде колхоздың қырманын күзететін. Армияда бірге болған украин досы бәстегі ұтылысын мойындап, бұған су жаңа Урал мінгізіп кеткен жылды айтсаңшы. Тұңғыштары дүниеге келетін жаз. Қос қуаныштың қатарласқанын қарамаймысың, не деген құтты жыл болды деп мәре-сәре болған. Қуаныштары қойнына сыймай, бір жұма тойлаймын деп ақыры Маңғыт арақтан уланып, тойларын әрең доғарған. 

Екі кесені бірінен соң бірін төңкеріп тұруға ыңғайлана бергенде барып, Гүлзира не істерін білмей абыржып, қарсы алдындағы кесеге апыл-ғұпыл қол жүгірте берген. 

– Қой әрі, ішпеймін, – деді Маңғыт маңдайының терін оң қолының сұқ саусағымен сылып тастап тұрып, – Не болған бүгін өзі саған? 

Мұртының екі жағы қайқиып көтеріліп, ерепейсіз ыржиды. 

– Еркінжан келін әкелгелі жатыр екен... Назар... қайныағамның баласы... Тойды осында жасайтын көрінеді, – деді дауысына еріксіз діріл қосылып. Бағанадан бері даудырап, сергек отырған Маңғыт та сол кезде серейіп үнсіз қалды. Біртүрлі ауырлап, алпауыт денесі одан әрі үлкейіп кеткендей көрінді Гүлзираға. Қазір сол дене үлкейіп-үлкейіп мұның үстінен басып қалатын сықылды. Дене емес, екеуін де ауыр мұң басып қалғандай.

– Е-е, дұрыс қой, енді, – деді Маңғыт қайта серпілгендей болып, – Келін әкеле жатқаны дұрыс болған екен... Еркек...

Еркек дегенді сірә, өзін қайрау үшін айтса керек, дауысы жарықшақтанып кетті. Сөйтті де сатала-сатала болған жейдесінің төс қалтасынан басы қылтиып тұрған темекісіне қолын жүгіртіп, сыртқа ұмтылды. Кеше түсте Құмарықтағы Әбдібайдың теледидарын жөндеймін, одан шығып Темірбайдың жылқысын соямын, бұйыртса анау-мынауды сол жақтан ала келермін деп, бырқылдақ мотоциклімен таң бозынан аттанып кеткен. Сырттай оқыған дипломы жарамай мектептен қысқарып қалғалы Гүлзираның да қолы бос. Ертелі-кеш көрпе көктейді, бітпейтін үйдің тіршілігін істейді, әйтеуір тыным таппайды. Тыным алса болды әр жері сырқырап ауыратынды шығарыпты. Сол әдетімен арамшөп отап алаңсыз отырған.

– Жеңеше, – деп саңқ ете қалды бір дауыс. Гүлзира селк ете түсті. 

Бойы сорайған, ақшыл жүзді келісті жігіт ашық тұрған дарбазадан еңкейе қарап, аттап баспай, барлап тұр екен. Мұның бақша жақта екенін көрген соң ғана мейірлене күліп, бері қарай адымдады. Үсті-басын қаққылап Гүлзира да тосын қонақтың алдынан шықты. Кеудесін өзіне белгілі қуаныш кернеп кетті. Сонысымен арпалысып әуре. Жігіттің ойында не бар екенін қалай білсін. Ол да солай қуанып, ол да солай арпалысып келе ме екен. Әлде жеңешеме келдім ғой деген кәдуілгі орта көңіл ме. Ол жағын айырып жатарлық шама қайда Гүлзирада. 

Жігіт келе мұны құшақтай алды. Гүлзира қонақтың иығына да жетпеген күйі, басын жігіттің оң қабырғасына сүйеп, ауыл жаққа қарап ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң қозғалақтап, көзінің ұяшығынан сытылып шыққан жасты орамалының ұшымен іркіп қалды. Еркінжан мені ұзағырақ құшақтап тұра тұрса екен, жасымды жиып алатын деп ойлады. Бірақ жас шіркінің дегеніңе көне қоюшы ма еді. Еркінжанның иісі бойына тараған сайын ажырағысы келмей, ажырағысы келмеген сайын жанарына сауылдап келіп ыстық жас құйылсын. Көзін қатты қысып-қысып қалғанда түйдек-түйдек жас жұмарланып, төгіліп сала береді. Құшақтарын тым баяу, әрең ажыратты. 

– Аманбысың? – деді Гүлзира есін сонда ғана жиып, мұрыны пышылдап. Ауыл жақтан біреу-міреу көріп қоймас па екен деп алаңдай жан-жағына қарады. 

– Жылағаны несі, – деді Еркінжан ұзын бойын еңкейтіп, мұның көздеріне үңіліп, екі қолымен шынтағынан ұстай алып – Жылағаны несі... жеңеше... жыламаңыз, – деді сосын өзі де көздерін аулаққа әкетіп, – Жақсы хабар әкеле жатырмын, үйленетін болдым. 

– Ааа.. үйленемін деймісің... жақсы болған екен... иә, қандай жақсы болған... үйленетінің... қандай жақсы... қандай жақсы...

Жасын орамаланың ұшы тыя алмайтындай, енді алжапқышын жиырып алып, сонымен сүртіп жатыр. Ыстық жас сонда да ытып-ытып кетеді. Бойын тіктеп, жүзін қатайтып: «Әке-шешең қуанатын болды-ау, келін әкелетінің қандай дұрыс болған, ә, Еркінжан» деді. Запыран болып төгіліп жатқан жасқа бұл сөз де тежеу болған жоқ. Иығы селкілдеп, танауы бозара қусырылып сала бергенін өзі де сезбеді, сірә.  

– Иә, жақсы болды, – деді Еркінжанның да дауысы аз-маз дірілдеп. 

– Көкем қайда? – деді сосын аула ішін шола қарап, – көрінбейді ғой...

– Көкең... көкең Құмарыққа кетті... оның да жұмысы қазір мәнтті емес... анда-мында шапқылайды...

Бәрі де сендердің қамдарың үшін ғой деген сөзді жұтып қойды Гүлзира. Әлгі айтылмаған сөз тамағына кептетіліп тұрып қалды. Өксік тығылған дауысының ырғағы өзгеріп кетті. Басын еңкейтіп алып, сол күйі көтермеді. 

– Ертең келесіздер ғой... – деді Еркінжан да бұл жерде тұра беруді қолайсыз көріп, – Тойға келіңіздер жеңеше... көкеме айтарсыз... кешке тағы да соғармын...Еркінжан бұрылып алды да, ауылдың батысындағы үйін бетке алып тартып отырды. 

Үйге барып жыласа біреу келіп қалып, үстінен түсердей, Гүлзира бақшаның түкпіріне барып әй бір армансыз егілді. Бағана Еркінжанмен құшақтасып тұрғандағы жас жас па екен тәйірі, жас дегенің мынадай-ақ болар-ау, ағыл-тегіл бір сел, таусылып бітпейтін, жанарын суалдырмай тынбайтын бір ұлы ағын. Бұрын «ыстық жас» дегенді естісе, яки оқыса мән бермепті. Жас дегенің шынымен-ақ ыстық болады екен. Гүлзираның беті сел боп аққан жастан от боп алаулап тұрды кешке дейін. Басын көтеріп, орамалын жөндеп, үй жаққа қарағанында тас төбеден күн де ауып қалған екен. Ау, кешке дейін жылағанымда түгім қалмай, денемдегі су атаулы таусылып бітсе керек еді ғой, не деген бітпейтін жас, не деген таусылып болмас дерттің запыраны мынау дейді сілейген күйі отырып. Маңғытты балбалсың деп келемеждеуші еді. Енді міне, өзі де сол меңіреу тастан аумай қалды...

Мұрнына Еркінжанның иісі келді. Өзгерсейші, жоқ, тап баяғы иіс. Құмарын қандырып, көкірегін идірген сол иіс. Балпанақтай болып өмірге келгені, қолдарын тарбитып ұмтылып омырауын құныға сорғаны, кейін аяғын апыл-тапыл басып аттағаны бәрі-бәрі кешегідей көз алдында. Еркінжанның әрбір қылығы айна-қатесіз, сапалы фотоаппараттың пленкасы секілді сайрап тұр. Ап-анық. Қазір де ажарлы жігіт болып ержетті, ал сәби шағында тіпті қандай сүйкімді еді десеңші. Тамсана беріп, дертті етіп алмайын деп Гүлзира біресе маңдайына қара күйе жағып, біресе саусағына қызыл жіп байлап әуреге түсетін де жүретін. Маңғыт сол кезде тіпті еңбекқор болып кетті. Баласы өмірге келген соң тауды да қақ айыратын, тасты да қақ бөлетін мықтының өзі боп алды. Ол істемейтін шаруа, ол жайғармайтын тірлік болмайды. Балаға біресе сүт керек. Балаға біресе ет керек. Балаға біресе дәрі керек. Күн демейді, түн демейді, мотоцикліне секіріп мініп, қаланы да, даланы да кезіп кетіп бара жатады. Еркінжан әр сөздің басын бір шалып айтып, тәп-тәтті тілі шыға бастағанда Маңғыт пен Гүлзира соның ауызына қарап отыра беруге бейіл еді. 

Сөйтіп жүргенде ғой... Сол жылы бұлардың баланы апарып Маңғыттың туған ағасы Назар мен бәйбішесі Пәтимәнің бауырына салғаны. Ол кезде Маңғыт пен Гүлзира Түпарықта колхоздың малын бағатын. Түпарық деп кәделеп ат қойғаны болмаса отырған осы жалғыз үй. Назарлар Карльмаркста тұрады. Онда да Карльмаркстің өзінде емес, одан он бес шақырым жерде отырып, түйе бағады. 

– Шүкір, жоқ емес, ұл-қыздарың бар, әлі бастарың жас, сендерге мен де риза, Алла да риза, бұйыртса Еркінжан ендігі сәбилеріміздің бастаушысы болар, – деген Назар назарын жерден көтермеген қалпы. Біреудің баласын ала салу бұған да оңай тимейді ғой, қайтсін енді деп ойлаған Гүлзира... сол кезде де ештеңенің байыбына бара қоймаған екен-ау қазір ойласа...

– Бала бөтен емес қой, Назеке, – деді ауыр үнсіздіктен кейін Маңғыт сөз алып, – Шыққан тегі бір, қаны бір, ауыл арасы жақын, келіп-кетіп ойнап жүре береді де...

– Әрине, әрине, сөйтеді... сөйтеді ғой... – деп елпектеді үлкен ағасы. 

Маңғыт пен Назар бір атадан екеу. Басы артық туыстары да жоқ. Әкелері Қырбұлақта мектеп ашқан, бала оқытқан зерек кісі еді. Көп өтпей-ақ қара қағаз келді. Кейін Беларусиядағы қаһармандар зиратына көмілген екен деген хабар жетті. Мына тұрған аудан орталығына әрең баратын Назар мен Маңғыт Белорусияны қайтсін. Әке рухына қайда жүрсек те дұға бағыштасақ болмай ма деген ойлана келе. Шешелері осыларды жеткіземін деп жүріп қырыққа жетпей дүниеден өтіп кетті. «Біріңе-бірің пана болыңдар, тұқымдарың көбейсін...» деп еді өлер алдында. Гүлзира енесін тек суреттен көрді. Бірақ суретіне қарап ешкім оны қырықта деп айтпас еді. Ескі альбомды ашқан сайын тап бір алпыстан асып барып дүниеден озған кейуана кейпінде тұрады да қояды. 

Қайынағасы мен абысыны үйге арнайылап келіп, «баланы бауырымызға салайық, Маңғытжан, келінжан қалай қарайсыңдар?» деген кезде аз аңырып қалғаны болмаса, Еркінжанды апарып берген күні де, одан кейін де Гүлзираның ойыны ойын, күлкісі күлкі болып жүрді. Сонда иланғаны Маңғыттың «қаны бір, тегі бір, келіп-кетіп жүреді де» дегеніне сенгені ме, әлде «өсіп келе жатқан кішкентайларым бар, бір баланың орыны үңірейе қоймас» деген ой ма, әлде тіпті жалындаған жастық желік пе, қайдам-ау. 

Еркінжанды бауырларына басқаннан кейін Назарлар қазіргі ауылдары – Жейделіге көшіп кетті. Арада алты-жеті жыл өтті ме, өтпеді ме, бұлар да сонда қоныстанды. Колхоз тарады, мал тұяғы құрыды, сабылып жұмыс іздегенде Гүлзираға мектептен бір орын шығып, ойланбастан осы жақты бетке алған. Бұлар келген бойда Назар Еркінжанды қалаға интернатқа оқуға жіберді. Одан әрі тағы оқыды. Кейін Назар мен Пәтимә да Еркінжан оқып жатқан қалаға қоныс аударды. Ауылдағы үйін аталас інілеріне тапсырып, қайтып ораламыз деп кетті. Бірақ оралған жоқ. Сол күйі. Назар Маңғыт деген інісі бар екенін, Маңғыт Назар деген ағасы бар екенін ұмытып қалатын күн туды. Одан да пәлендей астар іздеп жатқан Гүлзира жоқ. Ойыны – ойын, күлкісі – күлкі. Сабағын береді, сыланып-сипанып отырыстарда жайнаң қағады, үйге келсе еркелеп Маңғытты әурелейді. Еркінжанды қайынағасының бауырына салатын жылы туған Шәкірейін айналып-толғанады. Кей-кейде Еркінжанды ойлай бастаса өз еркімен бе, әлде еркінен тыс па, жабырқатқысы келіп тұратын зәрлі уайымды лезде санасынан қуып шығуға талпынады да тұрады.   

...Еркінжан келін әкелген күні Маңғыт пен Гүлзира қазан-ошақ жақтан айналсоқтап шыға қоймады. Пәтимәнің сіңлісі Жауқазын құдалар кит кигізейін деп жатыр деп Маңғытты сүйрелеп әкетіп, келіндер табақ алсын деп жатыр деп әлгі Жауқазын енді келіп Гүлзираны сүйрелеп әкеткенде ғана, сүйретіліп үйге әрең кірді. Құдай біледі, сонда Гүлзира келіннің бетіне тіктеп қарамаған да шығар. Еркінжан да біресе достарымен, біресе келіп жатқан қонақтармен абыр-дабыр болып, алыста айналып жүріп алды. Гүлзира да оны көруден қашқақтай берді. Енді көрсе бүкіл ауылдың көзінше есінен танып жылайтынын, сосын мұны ешкімнің де, ешқашан да тоқтата алмайтынын сезді...

Далбасалап аулаққа қашты. Мен кімнен қашамын? Несіне қашамын дейді бір ой. Енді қараса «Назекең бүкіл байлығын шашып-ақ жатыр, шіркін. Жалғыз ұлдың тойы деген осындай-ақ өтер болар» деп шулаған қатын-қалаштың дауысы екен мұны аулаққа шығандатып әкеткен. «Құдалар тоғызға тоғыз әкеліпті, бірақ Пәтимәнің кигізіп жатқаны өңшең дубленка, ішік тон, Түркістаннан сатып әкелді. Көрдім. Өз көзіммен көрдім. Кигіліктің мәшинесін жалдап әкелді емес пе» деген қатындардың тағы бір шуылы құлағының тұсында ызыңдап тұрып алды. Бұл артынан жетіп жатқан сөз бе, әлде өзі ойдан шығарып алды ма, бағана қазан-ошақ басында айтылған өсектің райы миында жатталып қалды ма. Онда Гүлзираның шаруасы қанша? Естіп келеді. Соны естімейінші деп, міне, қашып келеді. 

Бұлардың шын әке-шешесі осы еді, кигізсең қымбат киітті осыларға кигіз деп абысыны да айта қоймады. Гүлзира да ләм-мим деп тіс жарған жоқ. Әу баста тіс жармаймын деп уәдесін берді емес пе?! Оны қалай бұза қойсын. Назар да әсілі дәу құдаларыңыз деп Маңғытты желкелеп апарып таныстыруға құлық танытпады. Көппен бірге атап өтті де, бәрі сыпырылып далаға жөңкілген кезде Маңғыт бірінші болып шығып кетті. 

Гүлзира аяғы аяғына тимей қашып келеді. Жан-жағына қарап еді, Маңғыт көрінбеді. Мұны біреулер іздеп жатты. Жеңешесін шақыр дейді шу-шу етіп. Сақина тағамыз дейді бір топ әйел үйді айнала жүгіріп. Ау, жалғыз абысыны ғой, Гүлзираға тақпағанда маған тағушы ма еді дейді аулақта қазанның шоғын көсеп тұрған желауыз қатын. Бәрі де бұған алыстан еміс-еміс естіледі. 

Кенет, көк жүзін айнала ұшқан алып қарақұстың шаңқ еткен ащы дауысы миын тесіп өте жаздады. Құстың сербек жүнінен ширатыла шыққан ысқырық мызғымастай көрінген тал-теректің басын қалтаңдата тербей жөнелді.   Гүлзира мақсатсыз жүрісін сонда да доғарған жоқ. Жүргеннен жүріп отырып екінші ұлы Шәкірейдің бейітіне тірелді... 

Назардың үй жағы ысқырған, шулаған, айғайға басқан дауыстарға толып кетті. Дабырлаған дыбыс бірде дүркіндей көтеріліп, қайта басылып, біраздан соң қайта асқақтай жөнеледі. Енді музыка ойнады. Айдаладағы бұған естілгеніне қарағанда ауылды тіпті селкілдетіп жатса керек. Кешкі суық жел жұқалтаң күртешесінің қуыс-қуысын тінткілеп жалмаңдап барады. Гүлзира оны да елер емес. Беті айғызданып кетіпті. Оны да байқамайды. Жүйткіген жел ысырып тастаған орамалының астынан еркіндікке шығып, жайқала шашыраған шашының ұштары жасқа шыланып, бетін сабаламағанда тіпті өзін жылап келе жатырмын деп ойламайтын да еді Гүлзира. 

Бір дүлей мұң қанаты майырылған ауру құстай мұның кеудесін әлсіз сабалайды. Гүлзира оны анық сезіп келеді. Төбесінен төнген алып қарақұстың көлеңкесі әйелдің айналасындағы әлсіз жарықты бүркемелеп, тас-түнекке айналдырып үлгеріпті. 

Құдай біледі, өмірінде бірінші рет сәби Еркінжанның былдырлаған дауысы, аяғын апыл-тапыл басып ізінен томпаңдай жүгіріп келе жатқан бейнесі көз алдына елестеді. Елестеді де кетпей тұрып алды. Оңға бұрылса да, солға қашса да алдынан шыға береді. Тура сол Еркінжан. Тура сол сәби. Сортаңды борпылдатып арлы-берлі шапқылайды. Мұның жылдар бойы жымиғаны, күлгені, ойнақ салып сауық құрғаны бар болғаны өзін жұбатқаны екен. Алдаусыратып, тағдырдың салғанына өзін бейімдеп баққаны екен. Ыза мен ашу, нала мен реніш көкірегінде жиналып-ақ қалыпты. Соның бәрі жиылып кеп бір сәтте қозғалысқа түсті де кетті. Енді оны тоқтатар, қайтадан жалған сауық-сайранға оралтар қауқар қалды дейсің бе Гүлзирада?! Қауқар осы жылдарға ғана жетті. Осы жылдарға ғана жетерін Гүлзира білді де...

Қалай қарай жүргенін, қанша жүргенін өзі де анық білмейді. Назардың үйінен алыстаған сайын азабы жеңілдейтіндей жүріп келеді, жүгіріп келеді. Бірақ содан жеңілдей қалған кеуде қәне? Оны Гүлзира анық білмейді. Білсе тоқтар еді, әрекетін байыптар еді. Түрін көргісі, сөзін естігісі келмеген адамдардың қасынан тым-тым аулаққа кетті. Енді олар жүгірсе де жете алмас. Таяса да тоқтата алмас. Гүлзира қашуын сонда да доғармады. Енді қараса көкірегіндегі азапты мұңмен арпалысып, соның зәрлі естелігінен қашып келеді екен. Кейде қапталынан, кейде қарсы алдынан былдырлай жүгірген сәби зу етіп өте шығады да, аулаққа шығандап кетеді. 

Бұл өз көкірегіндегі азапты мұңнан құтыла алар ма? Ол өле-өлгенше Гүлзираның шерлі кеудесіне қонақтаған қайғылы құс емес пе? Гүлзираның соны да білмегені ме? Жоқ, Гүлзира бәрін де білді. Біле тұра рахаттанды. Біле тұра күлді. Шемен боп қатқан ауыр мұңы бар ауру құс жабырқап отырғанда бұл мәз-мейрам болып шалқыды. Сөйтсе де оның қанатын сындыра алған жоқ. 

Келесі қырды асып түскенде көз ұшында пайда болған Маңғытты анық таныды. Бұған қарай жүгіре басып келе жатты. Күйеуін көріп санасы сергігендей болды аздап. Ол қанша тез жүгіргенімен бұған жетіп болар емес. Ау, бағана келіп алатын уақытың болды ғой, Маңғыт-ау, келсеңші енді зарықтырмай дейді бұл, айғайлап айтқаны, не ішінен күбірлей салғаны белгісіз. Жоқ, Маңғыт жалғыз емес. Қасында өзі жүр. Күледі, ойнайды. Иесіне еркелеген күшіктей күйеуінің біресе о жағына, біресе бұ жағына шығады. Апыр ау мынау мен ғой деді енді қалт тұра қалып. 

– Қарашы мына журналды, – дейді енді әлгі әйел көзі қиыла күліп, күйеуінің арқасынан асылып қарап, – Дүниеде атылатын таулар болады екен, сұмдық қой, ә, біраз жыл сам-соз болып тұрады да, бір күні бүкіл дүниені әбігерге салып, бір атылса бірнеше ай тоқтамай тұрып алатын көрінеді. 

– Атылса атылады да енді, – дейді Маңғыт селсоқ. Өзі абыр-сабыр шаруамен айналысып жатыр. Жас баладай мұрыны пыс-пыс етеді. О, тоба қарсы алдындағы екеудің сөзі тұрмақ, мұрындарының пысылдағанына дейін естіліп тұр бұған. 

– Қарашы, міне, таудың қақ ортасынан ракета секілді атқылайды тура. Тау от құсып жатқандай, – деді әлгі сұлу әйел жылтырақ журналды күйеуінің бетіне тықпалап. Маңғыт енді амалсыз үңіліп отыр. Онда да бірдеңе түсініп қалайын, не шынымен таңырқап емес. Сұлу келіншегінің көңілін жыққысы келмей ұзақ қарап тұрып алды. Соның өзі қызық. Әйел де өз көңілі үшін қарап тұрғанын біледі. Біледі де тырқылдап тұрып ұзақ күледі. Соған екеуі де мәз. Екеуі де жайнаң қағады. 

– От құсқаны несі тағы, осындай сөздерді тауып алатының ай сенің, – деді Маңғыт басын журналдан бұрып әкетіп жатып. 

Оларға аулақтан қарап тұрған ессіз сәби сықылықтай күлді... Сықылықтаған сәби күлкісі маң даланы жаңғыртып тұрып алды... Гүлзираның басы айналып кетті. Тамған жастан табанының асты ұлы теңізге айналғандай тобығын су шайды. Жентектелген саз топырақ қақ айырылғандай, салмақсыздықты сезінді. Кенет, мұның тас төбесінен бір елі қалмай еріп келе жатқан алып қарақұс тағы да жер-әлемді тітіретіп шаңқ ете түсті. Шіркіннің үні неткен ащы еді. Зарлы құс бұған төнген сайын айналасындағы қараңғылық қоюлана берді де, жан-жағын зұлмат бір қапас торлап ала қойды. Баланың өзі көз алдынан ғайып болды, бірақ былдыр күлкісі тоқтаусыз естіледі. Алып қарақұстың шаңқ еткен ащы дауысы жиілей түсті, жақындай түсті.  Оның өзіне таяп келе жатқанын түйсігімен түсінді. Гүлзира қайда қашсын енді? Көкірек тұсын бунаған бір запыран лықси көтеріліп келе жатты. Құстың шеге тұяғы тап желкесіне баяу азаппен сыналай кіріп, кеудесіндегі мұң атаулы қанатын серпе қағып ұшып шығып, еркін далаға самғай жөнелгендей әлдебір күйді есеңгіреген хәлімен-ақ сезіп үлгерді... Баланың да дауысы сап тыйылғандай болды. 

Ертесі бүкіл ауыл Жейделінің сай-саласын, қоныш-қолатын түк қалдырмай кезіп, Гүлзираны ұзақ іздеді. Күн кешкіріп, дала суып, үміттерін үзе алмай, ендігі барлауды ертеңге қалдырмаққа бекіне бергенде ғана Шәкірейдің бейітінен аулақтағы, жұрт Қаншеңгел атап кеткен ескі разъездің орнынан тапты. Қаншеңгелге адам аяғы тимегелі не заман...

Жиналған жұрт құлпытасына «жарың Маңғыт, ұлың Еркінжан, қызың Айжаннан» деп қашап жазды.

Лақап аты: Ақжігіт

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan