Әр түрлі әдебиеттерде «Әтік», «Әтіке», «Әйтік» деп жазылып жүрген, шын мәнісінде Әдіктің Манабай, Жаңабай, Көкбай есімді үш ұлы болған.
Алаш Орда ұлттық кеңесінің кіндік қаласы Семей ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде саяси оқиғалар тартысына, қызу қоғамдық жұмыстарға куә орталыққа айналды. Батыстан шығысқа, түстіктен күнгейге өтетін жол торабы қалай болғанда да Семей шаһарынсыз өтпейді. Алаш зиялыларының таңдауы түскен қала ел мен жердің кіндігі болғанынан бөлек, аласапыран уақытта жылдам жиылып, оңай қыр асып кетуге оңтайлы орын болғандығымен құнды.
Алаш қайраткерлерінің 1918 жылдың ішінде күрмеуі қиын істерді шешу жолынан хабар беретін, осы Алаш қаласында түсірілді делінетін екі қымбат жәдігер бар: ол – ұлттық лидер Әлихан Бөкейханның және руханият ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ел жақсыларының басын қосып келелі кеңес құруы. Осы екі фотосуретте де ең шеткі жақтан орын алып, есімі әр кезде әрқалай жазылып, өмірбаяны дұрыс түзілмей келе жатқан Алашқа ниеттес игі жақсының бірі – Жаңабай Әдікұлы. Ғұмырының соңы түпсіз тұңғиыққа айналған бұл арыстың өмірбаянын толықтыру мақсатында белгілі өлкетанушы З. Қайсеновтің Ұлан ауданының тарихына қатысты зерттеулерінен, алаштанушы Б. Мүрсәлім құрастырған «Алаш Орда» фотоальбомындағы тарихи фотосуреттерден, жас ғалым, зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың «Сурет сырын кім ашар?» деп сауал қойып жазып шыққан жаңа мақаласынан және бай-болыстың ұрпағы Мағрипа Сейітбатталованың ауызша баяндауынан қажетті деректерді жинап, тұлғатану тақырыбына тыңнан барлау жасап көрмекпіз.
МАЗМҰНДАС МАҚАЛА: Тірісінде тіресіп, аруағында ардақтап
Жаңабай Әдікұлы 1860 жылы Семей губерниясының Өскемен уезіне қарасты Тарғын болысында дүниеге келген. Бұл аумақ қазіргі кезде Ұлан ауданының Бестерек деген жеріне кіріп тұр. Сүйегі найманның көкжарлы руының ішіндегі қаршыға атасынан тарайды. Қазақ құрамындағы қабырғалы ру саналған сарыжомарттан көкжарлы болып шықса, одан аластым, жәрке, қара, қаршыға, есенәлі аталары деп тармақталады. Өз әкесі Әдіктің кім болғаны, қандай қызмет атқарғаны, қоғамдағы орны жайлы нақты деректер әзірге жоқ, бірақ қалай болғанда да ұлдары болыс болып сайланатындай, тіпті сайлататындай қолында азын-аулақ билігі бар, малды-жанды, аймағына ие боларлық тұлға болар-ау деп шамалауға келеді. Әр түрлі әдебиеттерде «Әтік», «Әтіке», «Әйтік» деп жазылып жүрген, шын мәнісінде Әдіктің Манабай, Жаңабай, Көкбай есімді үш ұлы болған. Атадан балаға ауызша тараған деректерге қарағанда, бұл үш ұл да ескіше оқып, жаңа заманның да сауатын меңгерген, өтпелі кезеңнің өзгерістерін өздерінше пайымдай алатын саналы жан болғанға ұқсайды.
Тарғын өңірі. 2000 жылдар
Ағайынды үшеудің қайда білім алғаны, не мамандықта оқып жетілгені жайлы да деректер іздестіріп көргенімізбен, ай та қаларлықтай жаңалық таба алмадық. Тіпті деректің тапшылығы сонша, 1918 жылғы Семейдегі Алаш партиясы мен олар өткізген съез жұмыстарына дейінгі өмірінен бір мәлімет жоқ.
Ақпан революциясы туып, алмағайып заманда қазақ жерінің түкпір-түкпірінде земстволық ұйымдар құрыла бастады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Земство – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды. Земство үш орында, үш дәрежеде болады: болосной, уезной, облосной» деп тәптіштеп түсіндіріп жазғандай, жұрт жұмысының дәнекері земство мекемесінің аймақтық ұйымында Ж. Әдікұлының да есімі айшықталып жазылған.
Земство мекемелері халық ағарту, денсаулық сақтау, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, банк ісі, жол жөндеу, егін шаруашылығы, ветеринария, почта желісі сынды т.б. істерді жүргізу, үйлестіру жұмыстарын қамтыды. Земство мекемелері ұлттық кадрларды қалыптастырудың шеберханасы болды. Ұйымға елдің оқыған, көзі ашық, көкірегі даңғыл адамдарын жинап, қоғамдық ділгір жұмыстарын атқаруға белсене кіріседі. Тарихи деректерге сүйенсек, Өскемендегі земство ұйымының алғашқы жиналысы 1918 жылдың 6 желтоқсанында ашылыпты. Деректі сөзбе-сөз келтірсек: «6-шы декабрьде сайланған гласныйлардың 37-і келді. Мұның 25-і қазақ, 10-ы орыс, 1-і ноғай еді. Топбасылыққа бір орыс, орынбасарлыққа Жуандық Болғанбаев сайланды. Земский управаның председателі Әміре Айтбакин, орынбасары Костян (орыс), ағзалары Дүйсенбі Қалматаев һәм үш орыс болды» деп басталады. Уездік қазақ сотына сайланғандар қатарында алашқа әйгілі, Катон жұртының соңғы болысы Әбдікәрім Ережепов, екі Мұхаметжан (Елболсынов, Жәкежанов), Нәсіполла Смайылов, хатшысы Жуандық Болғанбаевтармен қатар Жаңабай Әдікұлы «Айткин» деген фамилиямен аталады. Алайда уездік қазақ сотының құрамында болғанымен, аталған есімдердің ішінде біздің кейіпкерімізден басқасы түгел облыстық земствоға мүше болып сайланады.
Алақандай ақпарат хабардың иесі Хасен Күленовтің жазуынша, Өскемен земствосы, біріншіден, 14 болыс елден бір-бір балаға стипендия тағайындалып, оқып жүрген кедей балаларына қай оқуда болса да берілсін. Стипендия 400 сом болсын деп, екіншіден, Өскеменде қазақ атына бір мұсылманша оқу оқитын медресе ашуға болыс басы бір мың сомнан жисын деп және, үшіншіден, 15 қаңтар күні земский собрание қайтадан жиылсын деп нақты үш талаппен қаулы шығарады.
Уақытша үкіметтің қоғамдық-саяси ұйымдарына белсене араласқан қазақ азаматтарының осы құрылымда қызмет атқара жүріп, тәжірибе жинап, саяси істерде, ел ішіндік және сыртқы байланыстарда аса маңызды келіссөздерді жүргізуде кейіннен Алаш қозғалысының өрісті қарқын алуына көп үлесін қосқаны шындық.
Алаш зиялылары. Семей, 1918. «Алашорда» фотоальбомынан
1918 жылдың көктемінен бастап мәжбүрлі түрде таратылғанға дейін Алаш қозғалысының барлық жұмысы қауырт әрі қарбаласқа толы болды. Қысылтаяң уақытта олар ең алдымен ел-жұртты, әсіресе идеяны қорғау мақсатында әскер құруға көп күш жұмсады. Саяси серкелер ой мен қырды түгел кезіп, ел арасына үгіт жүргізсе де, бұлардың барлығын ұлттық буржуазия өкілдерінсіз – қазақтың ауқатты жақсыларынсыз іске асыру мүмкін емес еді. Сондай алқалы бір жиын Семей шаһарында 1918 жылдың көктемінде өтті. Басқосуға Абайұлы Турағұл, Болғанбай баласы Жұбандық (Жуандық деп те аталып жүр), Жәкежанұлы Мұқан сияқты дала шонжарлары қатысып, әскер құру мақсатында жылқы мен жігіт жинауды ақылдасқан болар, не жөнінде сөйлескендері жайлы нақты ақпарат табылмай тұр.
Бұл жиыннан соң, жазғы мезгілде Әлиханның қырға шығып, бой жазып қайтқаны жайлы шежіре ақсақалымыз Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» кітабында марқұм Жұмағазы Кенжебаев әңгімелеуінде бір оқиға баяндалады: «1918 жылдың жазында Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаштың» бір топ азаматы Оразбайдың Медеуінің үйінде айға жуық қонақ болды. Әлекеңе сәлем берушілер Медеу үйін басып жатты. Жас жігіт кезім. Күтушінің бірімін, жылмаң қағам. Ауыл Терісбұлақта» деп келеді де, ары қарай Тәуке батырды шақырып алып, оның елге белгілі жүйрік аты жайлы сөз қозғасады дейді. Қырдағы қарайған халыққа қорған болар айбатты ұлдың бірі Медеу Оразбайұлы да советтік жүйеге қарсы күрескен, қару көтеріп, майдан ашқан есіл ердің сойынан болатын.
«Шіркін-ай, алты алаштың басы қосылса» деп армандаған ұлт арыстары талай ойландырып, терең толғандырған мәселенің бірі – тағдырдың талайымен, жазмыштың жазуымен атамекеннен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың жай-күйі. «Елге ел қосылса – құт» деген халық даналығын жүрегіне сыйдырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды» деп кесіп айтқан. Бұдан оның ішкі-сыртқы алашты бөліп-жармай, бір тұтас ел деп қараған зор танымын айқын аңғарамыз.
Осыны ескерген Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары 1918 жылдың көктемінде бүгінде Шыңжаң өлкесі деп аталатын Қытай қазақтарына бару сапарын ойластыру мақсатында Семейге жиылады. Өзімізше шартты түрде ғана алдыңғысын «Әлекең жиыны» деп атап, осы соңғысын «Ақаң басқосуы» десек, екі кеңес те бір-біріне жақын мезгілде, уақыт жағынан орайлас уақытта өтуі мүмкін. Екі суреттегі адамдардың кейі бар, кейі жоғына қарап, айналасы екі-үш күннің ішінде тайға басқандай тарихи таспаға ілініп тұрғанын байқаймыз.
А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы Шәуешекке аттанар алдында.
Семей, 1918. «АлашОрда» фотоальбомынан
«Ақаң басқосуына» Міржақып Дулатұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Көкбай Жаңатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Жұбандық (шын есімі Жуандық болуы мүмкін) Болғанбайұлы, Сейдазым Қадырбайұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Елдес Омарұлы қатарлы Алаш көсемдері мен ниеттес жандардың қатарында Жаңабай Әдікұлының да қатысқаны көрініп тұр. Ж. Әдікұлы, Ж. Болғанбайұлы, М. Жәкежанұлы – осы үш азамат екі суретке де түскен.
Жиылған игі жақсылар басқосуда сырттағы қазақ қандастарға Алаш идеясы жөнінде дұрыс насихат айта барып, олардың бір тудың астына – Алаш туы астына бірігуге шақыруды, сондай-ақ Шәуешек қаласындағы патша заманынан бері қызмет етіп келе жатқан Ресей консульдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізу үшін жергілікті үкіметтен қару-жарақ алуды да ақылдасуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Бұдан соң Алаш саяси көсемдері мамыр айының басында Шәуешекке бет алады.
Осы Алаш ренессансы кезеңінде шығыс өңірі бойынша саяси-қоғамдық жұмыстардың бел ортасында Жаңабай Әдікұлымен бірге Мұқаметжан Жәкежанұлының және Жуандық Болғанбайұлының есімдері қатар аталады. Бұл үш азаматтың кескін-келбеті суреттен белгілі болғанымен, олар туралы деректер тым жұтаң. Балуан Қажымұқан сияқты ірі денелі, бойшаң Мұқан Жәкежанұлы Өскемен уезіне қарайтын Ұлан болыстығын отыз жыл басқарған аса дәулетті бай деген жалқы мәліметтер аз да болса кезігіп қалады. Оның Алаш әскеріне 500 жылқы бергені жайлы ел аузында айтылғанымен, нақты архивтік құжатпен әлі дәлелденген жоқ. Біздің кейіпкеріміз Ж. Әдікұлының да қанша малы, байлығы болғаны жайлы алтын сандық архивтен қандай да бір дерек шығарынан үміт үзбейміз.
Тарғын болысының басқарушысы, болыс Жаңабай Әдікұлы 1929 жылы 69 жасында опат болды. Мал-мүлікті тәркілеп, байларды қуғынға ұшыратқан кәмпескенің кәріне мініп тұрған шағында көпті көрген Жаңабайдың да ілінбей қалуы мүмкін емес жағдай. Қалай болғанда да бабасы жайлы ұрпақтарының ұзақ уақыт бойы білмей, тіпті тегін жасырып, бұқпантайлап келуі де көп жайтты аңғартады. Атасы түрмеде өлді ме, қабырғаға тұрғызып қойып, қорғааын оқпен жайратты ма – ол жағы белгісіз. Оның Алаш жолында тік тұрып, барын да, байлығын да жұмсап, тілектестік білдіргені енді айтылып, ашылып келеді және ашыла береді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.