Кеңестік содыр саясаттың кесірінен атаусыз қалған наурыз мерекесінің қазақ топырағында қайтадан салтанат құрғанына биыл тура отыз алты жыл. Отыз алты жыл бойы тәуба дейік, «Ұлыстың ұлы мейрамы» туған халқымызбен бірге жасап келеді. Сонау 1988 жылы бабадан қалған бастаманы қайыра көтеріп, оның төл халқымен қайта қауышуына тер төккен бір адам болса, ол сөзсіз Тоқтасын Міштайұлы Өмірзақ еді. Бұл ескерген адамға ерлікке пар еңбек болатын. Біз осы орайда осыдан көп жыл бұрын Өмірзақ ағаның өзімен жолығып, наурыз мерекесінің тарихы мен танымдық мазмұны жайында әңгіме шертіскен едік.
– 1926 жылдан кейін тамырынан ажыраған наурыз мейрамы 1988 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ халқымен қайта қауышты. Бұл бабадан қалған дәстүрдің сабақтастық табуына көп еңбек сіңіріп ұйытқы болдыңыз. Осы жылдары наурыз хақында үлкен ғылыми мақала жаздыңыз. Тіпті наурызды түп-тұқиянына дейін зерттеп «Ұлыс күн» атты кітабын шығардыңыз. Осындай игі бастаманы қайта жаңғыртудағы мақсатыңыз не?
– Қазақ топырағында 1986 жылы жастардың үш күнге жалғасқан үлкен көтерілісі болды. Көтеріліс білесің тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен тарих парағында мәңгілік қатталып қалды. Бұл жылдар еліміздің еңсесін төмен түсіріп, отаршылдық саясаттың асқынып тұрған кезі болатын. Жастардың еркіндікке деген ынтызарлығы мен сол кездегі жүйеге деген қарсылығынан тұтанған осы шеру менің көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы. Бірақ біздердің бұл тілегімізді ешкім де ескерген жоқ. Керісінше тілегімізді табан асты етіп, аяусыз басып жаныштады. Осы оқиғадан кейін халықтың қанаты қайырылып, сағы сынғандай болды. Бұл жағдай ұлтын сүйетін әр азаматтың арқасын аяздай қарыды десем артық айтқандық емес. Сөйтіп абдырап жүргенде 1988 жылы 13 ақпан күні халқымыздың белгілі азаматы, ақын Мұхтар Шахановтың «Лениншіл жас» газетіне «Наурызды тойлайық, ағаш отырғызайық» деген бес жазушымен қосылып қол қойған үндеу хаты шықты. Қайтсем халқымның рухын көтерем деп шерменде жүрген маған осы үндеу үлкен қозғау болды. Сөйтіп наурызды қайта жаңғыртуымыз керектігі жайында көлемді зерттеу мақала жаздым. Ол мақала 1988 жылдың 26 наурызында «Горизонт» пен «Өркен» газеттерінің бетінде қазақша-орысша : «Улыс күн – Великий день весны», «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» деген атпен жарық көрді. 1988 жылы 1 сәуір күні Алматы қалалық атқару комитетінде Жібек Әмірханқызының тікелей басшылығымен екі мақаланы талқылаған, атағы республикаға танымал ғалымдар мен жазушылардың бас қосқан мәжілісі өтті. Жиынға шақырылғандарға «Горизонт» пен «Өркен» газетінде орысша-қазақша жарық көрген мақаланың әрқайсысы 300 данадан арнайы көбейтіліп таратылды.
Менің сондағы бар мақсатым, халықтың төл мерекесі арқылы оның рухы мен тарихын, салт-дәстүрі мен күмбірлеген күйін кешегі қырғын болған алаңға қайтадан алып шығу еді. Бұл жердің байырғы тұрғыны, шын иесі қазақ халқы екендігін өзгелерге мойындату еді. Наурызды жаңғыртудағы менің бар мақсатым осы ғана болатын.
– Сонымен мақсатыңызға жеттіңіз ғой?
– Аллаға тәуба, жеттім деп ойлаймын. Әлгі еңбегіме қатысты жақсы мен жайсаңдар бас қосқан жиында мақаламен қатар тағдырым да тарызыға бірге түсті. Ол уақты Жібек Әмірханқызы Алматы Қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Қалаубайұлының бірінші орынбасарлық қызметін атқаратын. Колбиннің қылышынан қам тамып тұрған мезгілінде менің мақаламды жан-жақты талдаған Жібек Әмірханқызы 62 жылдан бері тойлануға тыйым салынған Наурыз мерекесін қала басшыларының алдында түсіндіріп берді. Оған Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, марқұм Мардан Байділдаев, Бек Ибраев тағы басқа ғалымдар қызу қолдау көрсетті. Сонымен, Жібек Әмірханқызының тікелей араласуымен 1988 жылдың 22 сәуірінде Алмат қаласының Калинин ауданында тұңғыш рет Наурыз мерекесі тойланды. Бір ұлтты жою үшін оның сат-дәстүрін тұншықтыру ежелден бар үрдіс қой. Сондай асыра сілтеушіліктің салдарынан ұлыс күн 1926 жылы күрт тоқтатылған болатын. Одан кейінгі жылдарда да Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айта қою қиын болар. Оған бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жала жабылған. Халық жадында еміс-еміс, үзік-үзік сақталған Наурыз мерекесі Қазақстанның кейбір өңірлерінде сақталғаны болмаса, көптеген аймақтарында мүлдем ұмыт бола бастаған еді. Алпыс екі жыл бойы атаусыз қалды деуге болатын осы ұлыс мерекесін қазақ халқы ерекше қуанышпен қабылдады. Наурыз, шынтуайтында ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, жаншылған рухына жаңбырдай әсер етті. Алғашқы жылы Алматы қаласының бір ауданында ғана аталып өткен бұл мейрам 1989 жылы Алматының ескі алаңында мерекеленді. 1990 жылы Республика алаңында тойланды. 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Наурыз мейрамы Қазақстанның ұлттық мерекесі деп жарияланды.
– Біздің білуімізше, «наурыз» сөзі парсы сөзінен пайда болған. Анығында бұл пікір қаншалықты дәйекті? Осы орайда наурыздың танымдық мазмұны мен тарихына қарай ойысып көрсек...
– Бұл біздегі мерекелердің ішіндегі ең көнесі болып саналады. Тарихи деректерге үңілсек, Ефрат пен Тигр (Джилдә) өлкесі Месопотамияда Иса пайғамбар тумастан төрт мың жыл бұрын Вавилония мен Ассирия атты екі мемлекет болған. Вавилония халқы тарихта Халдей деп атала берген. Осы Халдейде жыл мерзімі аймен есепке алынушы еді. Бір жыл – 12 ай, бір ай – 28, 29 һәм 30 күннен саналып, жыл санағына кірмей қалған күндер 13- інші ай деп есептелген. Қазақтың халық күнтізбесі бүгінге дейін Халдей күнтізбесімен сабақтас жүргізілуінің себебі, ол елдің әлмисақтан бері байырғы түркілермен етене тұрмыс кешіп келгендігінен. Халдейде жаңа жыл күн мен түн теңелген сәттен басталатын болған. Ілкідегі Кенгерлер мен Халдей елін біздің заманымыздан бұрынғы 558 жылы басып алған ежелгі парсылар сол күннен бастап халдейлік күнтізбені пайдаланған. Жыл басы – «бірінші күн», «жаңа күнді» халдай тілінен парсы тіліне «ноу» – жаңа, «руз» – күн деп аударып алған. Сол күннен бастап парсы тілінен рим-латын тіліне: «бірінші күн, жаңа күн» – календарь деп аударылған уақыт есебі Еуропаға «календарь» деген атпен тарап кеткен. Тарихи жазба деректер бойынша о баста жыл басы мерекесінің басталған бастамасы осынау екі өзеннің өлкесіне барып тіреледі, алайда оның танымдық желісі көшпенділердің рухани әлемінің негізінде жатса керек. Ертедегі Шумерлердің есімі аккад (семит) тілінде бұрмаланып кеткенін, олардың өз аты Кенгер болғанын кезінде атақты шумеролог А.Фалькенштейн дәлелдеп берген болатын. Қаратаудығ қойнауы мен Сырдарияның сағасын жайлаған байырғы қазақ Қаңғарлардың (Қаңылы) атының, Орталық Қазақстан мен Сарыарқадағы Кенгір өзенінің, сонымен бірге Кеңгірбай, Сеңгірбай тәрізді адам есімдерінің көнедегі Кенгерлердің (Шумерлердің) атымен үндесуінде үлкен сыр жатқан тәрізді. Сонымен, ілкідегі кенгер, халдейлер мен байырғы қазақтардың өзара аттастығы, тілдік ортақтастығы, аспан әлеміндегі шоқ жұлдыздармен өлшенген уақыт есебінің сәйкестігі, сондай-ақ жыл басын қарсы алу дәстүрлерінің сабақтастығы олардың бір-бірімен етене жақын халықтар екендігін меңзейді. Мұны Алаштың рухани көсемі Ә.Бөкейханов та өз еңбегінде айрықша атап өткен болатын. Демек, жыл басы мерекесі бізге Иран елі арқылы енген жоқ, керісінше парсыларға халдейлер мен кенгерлерден ауысқан. Ал тілімізде «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні» атаулары бір-бірімен синоним ретінде қолданылған. Қазіргі таңда уақытты есептеуде пайдаланылатын дүние жүзінде үш түрлі күнтізбе бар: Біріншісі – Күн айналымына негізделген күн күнтізбесі, екіншісі – Ай айналымынан алынған ай күнтізбесі, үшіншісі – жұлдыз айналымынан қалыптасқан Жұлдыз күнтізбесі. Бүгінде ғалымдар арасында жер шарындағы тұңғын күнтізбе көкте сүмбіле жұлдызы туып, Ніл өзенінің тасуын есептеуге қатысты Мысыр елінде жасалған деген пікір бар. Алайда Ұлыс күн – осы үш күнтізбеден де бұрын, яғни үшеуінің де пайда болуына негізгі дәнекер болған.
«...Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты
Молшылыққа аңыз боп,
Басталыпты Наурыздан», –
деп халық ақыны С.Оңғарбаев жырлағандай көшпенділер жыл басын Ұлыс күннен бастаған.
Мәселен, бізде наурызды «Ұлыстың ұлы күні» дейді. «Ұлы күн» деп отырғаны жылдың «бірінші күні» деген сөз. Наурыз айы қай жағынан болсын жылдың басы болып саналады. Өйткені «жатырдан жарылып төл шыққан, қауызын атып гүл шыққан» осы бір айда табиғат өзгеше жаңарып сала береді. Бұл ғажайыпқа сіз күн мен түннің теңесуін қосыңыз. Осыншама дәлдіктің тамырын тап басып таныған біздің бабаларымыз тегін адамдар болмаса керек.
– Cіз 2001 жылы жарық көрген «Ұлыс күн» кітабыңызда көптеген елдерде жыл басы алғашында наурыз айымен тұспа-тұс келгендігін келтіріпсіз. Қазір өкінішке қарай бәрі де өзгеше ғой. Дүниежүзі бойынша жаңа жыл қаңтар айының бірінен басталады. Осының себебін оқырман қауымға кеңінен таратып айтып берсеңіз?
– Наурыз мейрамы дүние жүзі халықтарының көпшілігінің дәстүрінде бағзы замандардан бері орын алған дедік. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының наурызды тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балхи, Омар Һаям еңбектері арқылы жеткен. Мәселен, иран тілдес халықтар осы күні жер-жерге үлкен от жағып, оған май құйған. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық тағамы «сумалак» ұсынған. Ағаш соқалармен жер жыртып, ат шаптырып, жамбы атып жарысқан. Ескі-құсқы киімдерін тастап, үйдегі көне шыны-аяқтарын сындырған. Бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – Күн белгісін салып, оның тіреу сырғауылдарына гүл ілген. Ал, ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеген. Алты күн бойына садақ тартып машықтанған олар жетінші күні алтын теңге - жамбы атып жарысқан. Негізгі тамыры Халдей мемлекетінен сабақтастық алған жыл басы наурызды о басында көптеген елдер жаңа жылдың басы ретінде мерекелеген. Мәселен ежелгі Рим жаңа жылды наурыз айында тойласа, еврейлер Мұса пайғамбардан кейін жаңа жылды наурыздан кейін бастаған. Ал ағылшындар болса, XVIII ғасырдың бас кезіне дейін жаңа жылды 26 наурыздан бастап тойлап келген еді. Халифа Рашиддин заманында мұсылмандар жыл басын «тарих ал-Хиджра» есебіне сай, 622 жылы 16 тамыздан Мұхаммет пайғамбардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударған жұма күнімен ауыстырған. Сондай-ақ, ежелгі славяндар жыл басын 1 наурызда қарсы алатын. Олар біздің заманымыздың 1988 жылы християн дінін қабылдағаннан кейін жаңа жылды 1 қазанға шегерген. 1699 жылы Ресей патшасы Бірінші Петрдің жарлығымен жыл басы Иса пайғамбардың туған күнімен ауыстырылған болатын. Православия християндарының санағы бойынша Иса пайғамбардың туған күні 31 желтоқсан түні мен бірінші қаңтар күніне сәйкес келеді. Ең алдымен Германия қабылдаған бұл жаңалық Еуропаға өте жылдам тарап үлгерді. Десек те олар Ресейге қарағанда 13 күн ілгері жүрген. 1918 жылдың 24 қаңтарынан бастап Ресей өз күнтізбесін Батыс Еуропамен бірлестірген еді. Сөйтіп, осы жүйеге біртіндеп дүниежүзінің көптеген елдері де көшкен болатын.
– Айтулы осы бір мейрам күні жасалатын рәсімдердің кейбірінен зороастризм мен тәңірлік ілімдерінің кей элементтерін байқап қаламыз. Мұның өзі бұл мейрам тарихының тым ілкіде жатқандығының бір белгісі емес пе?
–Жоғарыда атап өткеніміздей, парсылар Холдейлерді жаулап алғаннан кейін олар осы күнтізбені діни мерекеге айналдырып жіберді. Оған дейін пасылардың негізгі діні отқа табынушылық болатын. Бұл анығында сол дәуірде жыл басынан гөрі діни мейрамға өте ұқсас болды. Бастапқы мағынасынан айырылған парсылық діни мейрам бізге жеткенге дейін түрлі діндердің айталық, шамандық , тәңірлік, бақсылық, Орта Азияда пайда болған ислам дінінің кей ритуалдарымен толықты. Мәселен, осыларды жеке-жеке жіліктеп тарататын болсақ: үй аластау, отқа май құю, сол секілді отқа қатысты атқарылатын рәсімдердің бәрі бізге парсылардан яғни отқа табынушылардан жеткен. Ал, Ай мен Күнге табыну, ақ бүрку, су бүрку рәсімдері шамандық белгі болса, Ұмай ана, Үтбикеш секілді ұғымдардың дені Тәңірлік дінімен тікелей байланысты. Бақсы-балгерлікке келер болсақ, бұл бізге Шыңғысхан дәуірінен жеткен. Көрдіңіз бе, наурыз мейрамы бізге осындай сандаған наным сенімдердің әр түрлі элементтерін өз бойына жинақтау арқылы көрініс берді. Осыдан-ақ бұл мейрамның тым көне екендігіне шынымен-ақ көз жеткізе беруіңізге болады.
–Сіз кітабыңызда Нұр, Қызыр, Ұмай, Үтбикеш ұғымдары турасында жазасыз. Мұның негізгі мағынасы қандай?
–Бұл бар болғаны мифологиялық деректер ғой. Қазір елімізде екі жыл басы бар. Біріншісі қыста мерекеленетін жаңа жыл болса, екіншісі көктемдегі наурыз мейрамы. Бәрімізге таныс қысқы жаңа жылдың өзіне тән «Аяз ата», «Ақша қар» секілді кейіпкерлері бар. Бұған неміс халқының мына бір мифологиясы барынша әсер еткен. «Желтоқсанның 26-сы күні Иисус Христос көктен түсіпті. Түскен жері орман мен шыршаларға толы болған екен. Сол шыршалардың үстінде шырақтар жанып ерекеше жарқырып тұрған екен» дейді. Көріп отырғанымыздай бұл мифологияның христиан дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл бар болғаны аңыз ғана. Олар осы аңыздан «Аяз ата» жасады. Шыршаның үстіне неше түрлі суреттер мен шамшырақтарды іліп, оған түрлі аңдардың бейнесіндегі кейіпкерлерді қатыстырып «Ақша қарды» да ойлап тапты. Сөйтіп мұны жалпықалықтық мерекеге айналдырып жіберді. Дәл осылар секілді бізде наурызға қатысты кейіпкерлерді аңыз әфсаналардан алып Қыдыр атаны жақсылықтың жаршысы ретінде көрсеттік. Оның негізі мәні мына аңызда жатыр. Әфсана бойынша жиырма бірінші наурыз түні даланы Қызыр ата шарлайды екен. Сол себепті осы түн – «Қызыр түні» деп аталған. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын көбіне ақсақал кейпінде көрінетін қиял-ғажайып бейне. Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, тасты ерітіп жіберетін көрінеді. Халқымыздың қалыптасқан сенімі бойынша Қызыр әрбір ізгі ниетті азаматпен тосыннан, күтпеген жерден қайыршы, немесе ақсақал кейпінде ғұмырында үш-ақ рет кездеседі екен. Осы орайда Қызыр атауы бізге қайдан келді десеңіз ол «Нұр», «Қызыр ата», «Қызыр түн», «Қызыр қамшысы» деген секілді ұғымдармен ислам діні арқылы жеткен. Шынтуайтында Қызыр Іляс пайғамбардың балама аты. Сондықтан да Қызыр есімі Құран-Кәрімде бірнеше жерде кездеседі. Бірақ оның мәңгілік тірі екендігі жайында ешқандай дерек жоқ. Наурыз тек жылдың басы ғана. Сондықтан да оның басқа күндерден бәлендей сакральді еш айырмашылығы жоқ. Осы күні күн мен түн теңеліп, тек жаңа жылдың бірінші күні басталады.
–Наурызды қалай тойлау керек деп ойлайсыз?
–Бұл күні бабаларымыздан біздерге мирасқа қалған мынадай салт-жоралғыларды көздің қарашығындай қорғап, алғы шарт ретінде ұсынуға тиіспіз.
Мысалы, ата-бабаларымыз қалыптасқан дәстүр бойынша ұлыс таңын;
«Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен.
Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен...» -деп, Наурыз жырында жырлағандай, жаңа күнді көрісумен бастаған.
–Жастарың құтты болсын!
–Ұлыс бақты болсын!
–Төр түлік ақты болсын!
–Пәле-жала жерге енсін! – деп, бір-біріне ақ тілегін білдірген.
Бабаларымыз төс соғыстырып көрісіп, «Жасың құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтауы арқылы жаңа туған жылмен бірге өздерінің де жасына жас қосылғанын тек ұлыс күннен бастап ғана есепке алып отыратын болған. Осы күні қолдарына кетпен күрек алған жігіттер айнала төңіректігі бұлақ-бастаулардың көзін ашса, қариялар ағаш отырғызуды рәсімге айналдырған. Тікелей осы оқиғадан туындаған «Атаңнан мал қалғанша, артыңда тал қалсын» деген мақалдың мәні: ата-бабаларымыз өзімнен кейін артымда мал-мүлігім емес, керісінше өзімнің ғұмырымды, ісімді, арман-мақсатымды жалғастырар мұрагерім қалсын дегенге саяды. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген нақылдарды басшылыққа алған бабаларымыз ат құйырығын кесісіп, араға жік түскен ағайын-туысқандар мен дос-жарандардың арасын татуластырып оларды бір дастарханнан дәм татқызып табыстырған. Отбасын тентіретіп жібергендерін қайта жинап қосып, жалғыз-жарым, жетім-жетімектерін үйлендіріп, жеке шаңырақ көтеруіне көмектескен. «Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кембағал-мүгедектерін жақын туыстарының қарауына міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап ақ таяқ ұстап қалғандарына «дүние кезек», «адамның күні адаммен» деп көп болып жылу жинап берген. Міне, осы секілді ізгілікке толы төл дәстүріміз болған. Мұндай салт-жоралғылар өзге ұлттар мен ұлыстардың көбінде кездесе бермейді. Бұл қазақ халқының өзіне ғана тән қасиет. Ұлыстың ұлы күні ұрпақ үшін осындай құндылықтарымен де құнды. Бүгінде көмескіленіп бара жатқан осы тәрізді салт-дәстүрімізді «Наурыз мерекесі» күні қайыра ел болып жаңғыртып жатсақ әрине, ол біздер үшін зор мәртебе болар еді.
–Әңгімеңізге көп-көп рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.