Жас қаламнан төгілген жаншуағы...
Бұл мақала 2025 жылы басылымдарда шығармалары жарық көрген Қытайдағы жас қазақ қаламгерлерінің поэзиясына еркін пікірге негізделген сыни шолу. Туындының көркемдік қуатын оқырманның алған әсері белгілейді деген тұжырымды негізге ала отырып, автор әр ақынның қолтаңбасын өз түйсігі арқылы талдауға ұмтылады. Ізденімпаз жастардың өлеңдеріндегі ой тереңдігі, образдылық пен стильдік ерекшеліктер кеңінен қамтылған. Жазбаның басты мақсаты — жаттанды қағидаларға ұрынбай, шетелдегі қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылық ізденістеріндегі соны соқпақтарды оқырманмен шынайы бөлісу.
Осы жазбамды ғылыми тұрғыдағы ресми сын дегенге қарағанда, сыни сипат алатын шолу деу жөн сияқты. Ал, жазбада, тек, 2025 жылы журналдарда шығарма жариялаған, 80 жылдың соңына ала өмірге келген жастардан бері қарайғы ақындардың шығармашылығымен шектелдім, одан кеңейтуге шолудың көлемі басылым көтере алмайтындай далиып кететін болды. Егер, оқырман осы мақаланы әдеби сын деп танып жатса оған менің бөтен пікірім де жоқ. Ойды осы тұрғыдан өрбітер болсақ, айтарым, сынды сыншы жазбайды, шығарманың өзі жазады, кейде сыншы шығарманың құпиясын ашуға қызығушылық танытып, тылсым сырына бойлауға құлықтанады. Кейде дәл түскен тапқыр тұстарына сүйініштен жазуға деген шабыты оянады, кейде, шығармасын автор белгілі деңгейде, өз шамасынша жақсы жазғанымен, одан әрі тереңдеуге тиісті болған мүмкіндікті қапы кетіріп алғанын, не солай дендеуге өресі жетпей тұрғанын аңдағанда, шығарманы сол бағытта талдап, авторға үнсіз ескерту жасайды. Сол арқылы өзі сезініп, алдағы шығармашылығында ескеруін ашық айтпай аңғартады. Мұны сұңғыла автор өзі байқайды. Байқамағандары болса, «мен сөйтіп не деген керемет жазған едім» деп шелдене түседі немесе енді біреулері «жоқ, мен олай жазбағам» деп өз-өзінен таңғалып, сене алмауы да ғажап емес.
Иә, бұл жерде, расында сіздің олай жазбаған болуыңыз мүмкін. Бірақ, біз басына қайырылып, «шығарма өзі жазады» деген сөзді еске алғанымыз жөн. Себебі, шығарма жарияланып кеткен соң өз алдына дара организм сияқты автордан тысқары тұрып, өз ықпалын тудырып, өз алдына өмір сүреді. Одан әрқайсы оқырман әрқалай әсер алады, әрқалай ләззаттанады, автор тұрғысынан сіз үстемдік жүргізе алмайсыз. Қысқасы, шығарманың құқығына қол сұға алмайсыз, яғни, «туынды күшін, көркемдік қуатын жазушы тұлғасы емес, оқырманның шығармадан алған әсерімен өлшейді» (Ролан Барт). Адонис айтады: «Әрбір оқырман ұқсас бір өлеңнен, тек, өзіне тән өлеңді ғана оқи алады», – деп. Бұл сөз өлеңге ғана қаратып айтылғанымен, өнердің қай саласына да осы көзқараспен мәміле жасауға әбден болады. Осы жазбаға да...
Басты мақсатым — қайталауды қайталаумен, жаттандыны жаттандымен қорғауға ұрынбай, мүмкіндігінше, санадағы шешім негізінде өлеңдерден тек өз сезгенімді ортақтасу. Ал, шығарманың артықшылығы не кемшілігі туралы барлық адам разы болатындай толыққанды айтып тастау — ол мүмкін емес шаруа. Әрқандай сөз, кез келген мәтін бәрін тауысып айтуы қиын, сезінуші де оның мағыналық қамтымын түбегейлі қазбалап ашып бере алмайды, ең жеткіздім деген күнде де сарқын қалары хақ.

Ыбырай Дүйсен өлеңде өзіндік өрнегін салған, жазу тәсілі, сөз қолданысы, қысқасы, өзінің ойлау жүйесі әрі көркемдік деңгейі жағынан болсын белгілі деңгейге жеткен ақын. Өлеңдегі өз ойын сарқын қалдырмай сарқып айтуға, діттемегін түбегейлі жеткізуге ұмтылады. Бұндай тәсілді енді бір тұрғыдан ойлағанда, лирикалық тұтастыққа да келеді. Яғни, ақын бір өлеңде бір идеяның ғана түйінін шешеді, басқа кіріспелерге соқпайды, қосымшаламайды. Сондықтан, біз көп айтатын өлеңнің бас-аяғы баланың сабындай жинақы, шашауызсыз шығады. Ойды қазбалап, шымыр қайырып, ұшқыр жеткізеді. Бұның өзі, белгілі мәннен алып айтқанда, өзі ұстанған жолында ұзақ тәжірибеден өткені нәтижесі. Әр түрлі көңіл күйді, ішкі-сыртқы себептерден пайда болып, жыр қазанында қайнап, поэзия болып төгілген сәттегі құбылыстың күйін дәл басады, сұлу сөзді үйіп-төгетін «көркемдік өлшемнен» ада, оқырман көңілінен шығатындай етіп жеткізеді.
Жылы ғана жан шуағы екен,
Жанарыңа таңдай ұйығаны.
Бір бегзаттық аңқыған әсем,
Миығыңыз қандай ибалы.
Ғажап күйге бөлеген еліте,
Сезім, сірә, немен өлшенер?!
Көйлегіңіз недеген ерке,
Балтырыңыз недеген шебер.
Еркім кетті саз жиі бөтен,
Еркіңізге құлданып тілсіз.
Ел тұрса, жай, қаздияды екен,
Сіз сиқырлы ырғалып тұрсыз.
Жұрттар жүрсе, жай жүреді екен,
Ал, сіз билеп, жүзіп немесе
Қаймананы қай бір елесің,
Тойлайтындай қылып мереке.
Таныссам ба әдеппен ғана,
Қатып тұрған қалыпты бұзып.
Айыбыңыз, ай, әттеген, ә,
Саусағыңыз тағыпты жүзік.
(«Аялдама», «Тарбағатай» журналы 2025-жыл 1-сан)
Қандай тамаша лирика, қандай бір жанды елітер ынтық сәттің көркем көрінісі сәті-сәті бойынша көз алдыңыздан экрандай өтіп жатқан. Өлең сөзден сөзге, тіркестен тіркеске, шумақтан шумаққа сатылай жылжумен бірге, оқырманды да жетелей түседі. Сөздің сөзге сәулесі өтіп, ойдың ойға іліктестігі басқыш бойынша көшіп отырады. Ең соңына келгенде, тәртіпті қадам күйісін, жаңарақтағы қызықтаудың қалпын бұзып, секіріс жасайды, көңіл күйде де бұрылыс болады — «Таныссам ба екен», апыр-ай, өкініш...
Өлеңді бастан-аяқ баяндауға ұрынып қалмаудың мүмкіндігінде талдап, дәлелдеп көрейік. Ең әуелі, бірінші шумақта, көз алдында тұрған сұлудың жанарынан бастап сіздің назарыңызды аударады, әрине, нақ сол сәтте анау ару ақынның назарын солай аударғаны енді кез келген оқырманның бастан кешкеніндей өтіп жатыр дейік. Сосын миыққа, одан көйлекке, балтырға, әрі қарай тал шыбықтай ырғалған сиқырлы бейнесіне, тіпті, жүріс-тұрысына бақылау заңдылығы бойынша тәртіппен, рет-ретімен көшіп, оқырманның өзін өлең тармақтарына «құлданып» қалуға мәжбүр етеді, енді ой туады кім - кімге де, оның ішінде басты кейіпкер ақынға: «Таныссам ба екен». Осыдан соң жаңағы сатылай жүріс бірден бәрінен аттап өтіп, «әттегеннің» ауылынан бір-ақ шығады. Менің бұл айтып отырғаным шығармадағы құрылым ерекшелігі. Осы құрылым ерекшеліктің табиғи жүрісі, бұл табиғилық қайдан келді десеңіз, ақынның қалыптасып болған жазу машығынан келген түбегейлі, шашау шығармай жеткізу әрі осы барыстағы әлем-жәлемсіз, қайталауға ұрынбаған көркемдік үлгісі менмұндалайды. «Қандай ибалысыз» демейді, қайта оның ибалы екенін айту үшін бірнеше мағынаны қатар алып жүреді, «миығыңыз қандай ибалы», көрдіңіз бе? Қыздың ибалылығын айтумен бірге, әдепті жымиысын, сүйкімді миығын бірдей аңғартады. «Көйлегіңіз недеген ерке, балтырыңыз недеген шебер». Мінекей, шебер балтырды суреттеуге осындай шебер тіл керек шығар. Көйлектің еркелігі балтырдың шеберлігінен қып жарасқан көйлек пен ақ сазандай балтырдың ғажаптығын жеткізу түпкі ақынның ақи-тақи тауысып, түгін қалдырмай айтатын ойға, образға жомарттығынан болып тұрған жоқ па, ол әрине. Не, не керемет арулардың өзі қиын қылғанда қаздиып тұрады екен де, ал, мынау ақынның кейіпкері ғажап сиқырмен ырғалып тұрады екен, енді неге еркіңді тылсыз, тылсым бір күш ырқына алмасқа. Мұнда құбылысты тіке бейнелемей, қолданған сөз тіркестеріне, тармақтарына көп мағына міндеттейді. Қош сонымен, жүргенін көріңізші ақын көзімен, оның өзін басқа теңеумен жырындай салуға ауыздығын шайнаған ақындық қуат көне қоятын емес, мереке қылып тойлайтындай шексіз мәрттікке апарған шек-шегарасыз ғажап ойлау. Мұндай құдіретті бейнелеу қуаты сұлу қыздар мен сұлу жылқы баласына ғана қызмет етуі керек қой, басқа жерге келіп жатса, мен білмеймін, тек, поэтикаға обал болмаса...
Ыбырай ақынның баста айтқанымыздай көрнекті ерекшелігі жеткізіп айту, соның өзін жай образдармен, үйреншікті тіркестермен емес, өзінше, өзіне ғана тән сөз тіркестерімен, сөз саптау дағдысымен, ой қорытындылау жолымен жеткізуінде тұр. Біз күнделікті тұрмыста, өмірде немесе өзіміздің ішімізде қоршаған ортаның, әлде басқа бір белгісіз көзге көрінбейтін кедергілердің, тежемдердің аясында өмір сүріп жүргендей күй кешеміз. Бұл осылай болғандықтан деп кесіп айтып, кесіп шешім жасауға келмейтіндей, оның алуан түрлі себебі бар болуы мүмкін. Ақын осындай белгісіз, сұр түсті қамал ішінде қалған сәттің құрсауынан құтылғысы келген көңіл күйді «Ешкім ұстап тұрған жоқ, тұр сонда да, ‹Мені жіберіңдерші› дегім келіп» («Ешкім болмау — өзімді құтқарғаным», «Тарбағатай» журналы 2025-жыл 1-сан) деп өте ұтымды жеткізеді. Көрнеуде біреу сені ұстап тұрған жоқ, тіпті, өйтіп жүрген ешкім де жоқ. Бірақ, солайда өзіңнен-өзің босанғың кеп, құсалы күйдің құрсауында жүргендейсің, формасыз бір қол, көзге көрінбейтін бір күш бардай, содан құтылу керек сияқты... Әрине, ол сіздің ішіңіздегі біреу, оның ешбір сыртқы себебі жоқ, құрсаулаған да, құрсаудан құтылғысы келетін де ішіңіздегі біреу ғана. «Кісі көру, сағыну, не біреудің үміт күтіп жүруі азап маған» («Ешкім болмау — өзімді құтқарғаным», «Тарбағатай» журналы 2025-жыл 1-сан) десе, ол да сіздің ішкі идеалыңыз, пенде болудан қашқан ішкі сұранысыңыз. Осы өлеңді бір сыдыртып оқысаңыз ақынның кер толғауы сияқты сезілуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, Иегоның ойнаған сәтіндегідей жан айқайы, барахат күй кешетін жанның тазалығына ұмтылуға деген өтініші. Бұл жай өлең емес, психикалық күй, философиялық өре.
Ақын Ыбырай Дүйсен 2025-жылы «Тарбағатай» журналынан басқа жерде өлең жарияламағандықтан, менің осы өлеңдер төңірегінде ғана талдау жасау мүмкіндігім болды. Әйтпегенде, бұндай ақын шығармашылығы туралы әлдеқайда көлемді, әлдеқайда жүйелі түрде толғауға болатын еді. Осы журналдағы екі ұдай ойларды шабыттырып жырлап, керағар көңіл күйдің кергісінде тұрған сезім тебірелісін поэтикалық күшпен, өлең табиғатымен жеткізген «Сізге өтініш», «Түсіме кіргенің қалай» немесе бар айқатын жайып салған «Келіншекке» деген өлеңін оқыңыз, қай-қайсы да бейжай қалдырмайды.

Мұрабек Сайлау менің түсінігімде дәл қазіргі кезеңде тынымсыз ізденіс үстіндегі ақын. Поэзияның жаңару кезеңінде ішкі мәні жаңа әлемге, тың дүниеге ұмтылған ақынның жан дауаcын кейінгі кездегі салма-салма тастай салған ойлардан немесе уақыт-кеңістік аясынан емін-еркін аттап өткен поэтикалық қуатты құймалардан қалыптасқан шеңбер, қағидалардың ықпалынан сытылып шығуға барынша күш салған әрі сол әрекеті нәтиже бере бастағанын дәлелдеп келе жатқан сюрреализмдік қиықтарға толы стилистикасымен қызықтыра түсетінінен; әлдебір оқырмандар еріксіз оқуға өзін итермелейтін аңдату мен сезіндіруге жүктi, оқырманға ойлау бостығын қалдырған өзіне тән тәсілін біртіндеп қалыптастыра бастағанынан аңғаруға болады. Ли И -Лян: «Нағыз ақын өзі білмейтінін жазады, әуесқой ақын өзі қанық білетінін ғана жазады. Ақын ойлайды, ‹әлдеқашан белгілі болған дүниені жазатын несі бар› деп. Әуесқой ақын ойлайды, ‹мен бір нәрсе білем, соны сендерге жеткізе қояйын› деп. Сонымен ол жазады да қолды-аяққа тұрмай асығыс жариялайды. Бірақ, басқалар да бұл шығармада айтылған дүниені әлдеқашан білетін еді — комедия осында болып тұр», — дейді. Мұрабек өлеңін қырындысына дейін «оқып түсіну» дейтін кеудемсоқтықтан аулақ тұрып, ақыл мен логиканың шектемесіне ұшырамау шартын назарға ала отырып, өзімше оқып көрейін.
Қыздың ерніндей қып-қызыл шапаққа
Маңдайым боялып...
Ештеңеге селт етпейтін жүрегім
Езу тартып күледі, — («Шалқу», «Ұлттар әдебиеті» журналы 2025-жылғы 5-сан) десе, осы шумақтағы образдаулар ешқандай ақылға сыйып тұрған жоқ-ау. Шексіз үлкендіктегі «қып-қызыл шапақ» «қыздың ерніндей» кішірек аяға, шексіз нәзіктікке жинақталған бұл тармаққа физикалық өлшем тұрғысынан шұқшымай, қыз ерніндегі қырмызы түске ұқсағандығына бола мейлі деуге келетіндей... Ал, ештеңеге селт етпейтін жүректің езу тартып күлгені не ғажайып?! Жүректің күлгенін кім көзімен көріпті деп ойласақ, көруге болатын да сияқты — адамның көңіл күйінен менмұндалайтын қуаныш пен мұңның қайнары жүректің күлкісі мен қайғысында жатқан жоқ па!.. Дегенмен, ақын шаттандым, шарқ ұрдым деген бәрімізге белгілі даңғылмен ғана, одан әрі тереңдемей, ұғымға жеңіл тіркестермен де жеткізуге неге болмасын? Бірақ, қағидадан шығу, қасаңдықтан арылу керек екенін жас буын сезінеді әрі қалыптасқан логикадан, тіпті, логика атаулыдан саналы түрде тайсақтаған еркін ойлауға көшеді, әр өлеңінде өзінің жаңа үрдісіне дендeй түседі, сырттан ішке қарай қазбалайды. «Жал-құйрығы жұлдыз шашқан тұлпармен, ояу түнді бөктеріп ап қашамын» («Ояу түн», «Ұлттар әдебиеті» журналы 2025-жылғы 5-сан) деп көлем мен шек арасындағы үйреншікті формуланы бұзып, ұлғаю мен сығымдаудың біздің поэзиядағы жаңа ұрпаққа тән соны өрнегін ұсынады. Поэзиядағы «автоматты тілге» шабытты шақтың еркін билетеді, ақылдың шектемесінен ырғып шығып, түпсанадағы «нағыз менді» бейнелеудің тың соқпағына құлшынады.
Төменде «Уақыттың қима суреті» деген өлеңді толық оқып көрейік.
Әлде нені есіңе түсіре алмай отырғанда,
Кенет
Ертең осы сәттің өзі ұмыт болатыны есіңе түсіп,
Онан әрі ештеңе ойлауға батылың бармайды.
Сағат стрелкасы бірінші рет айналғанда
Уақытты өзің жетектеп,
Өткелдерден қанатың жоқ болса да қалқып өтесің.
Екінші, үшінші рет айналғанда...
Адасқан сөздердің кептелісі тұншықтыра бастайды.
Суатқа қарай шапқылаған марқаның жылдамдығы
Кофе стаканындағы мұздың еру қарқынының үштен біріндей.
Құстың өз салмағынан гөрі
Қапияда құлаған жалғыз тал қауырсыны ауырлау келеді.
Кейде
Жоғалған сезімдермен қайта қауышатын сәттер болады
Тұла бойыңды бір рақат күй шарпып өтетін.
Алайда, сол сәтте мәңгілік қала алмайтының есіңе түсіп,
Онан әрі ештеңе ойлауға батылың бармайды.
(«Тарбағатай» журналы 2025-жыл 5-сан)
Өлең түсініксіздеу, ақынның айтпақ ойы параллел ғана дамып отырған, іліктесіз сияқты аңғарылады. Дегенмен, формалық жақтан кірісіп, сөз бен сөздің қатынасын, тармақ, шумақтағы ырғақ өзгерісі мен ішкі әуез қатынасы тұрғысынан ой жүгіртсек, өлеңнің құпиясын аздап ашқандай, стилистикалық заңдылығынан бойлағандай боламыз. Өлеңнің басында «Ертең осы сәттің ұмыт болатыны есіңе түсіп, ештеңе ойлауға батылың бармайды». Ал, соңында, «Жоғалған сезімдермен қайта қауышатын сәттерің болады». Бірақ, осы екі түрлі қорытындыдағы нәтиже біреу, «Онан әрі ештеңе ойлауға батылың бармайды». Осы тармақ, бейне, өлеңнің қайырмасы іспетті. Осы екі қайырманың алдында екі түрлі көңіл күй кешірмесі — ұмыт болатын сәттер мен қайта қауышатын сәттердің өкініші мен рақат күйі жатса, осы екі қайырманың арасында көрнеу мен көмескі, ашық күй мен жасырын күй қозғалысы мен жоғалтуларға болған адамдар көзқарасына деген ой түйіні, ес-сана динамикасы жатыр. Сағат стрелкасының үш реткі айналысы, сөз кептелісі, қапияда құлаған жалғыз тал қауырсынының бізге берер түсінігі оқырманның өз ойлау кеңістігіне қарай әр түрлі болатыны хақ. Бұл жердегі үш реткі айналыста ақын нені шарт, бір айналысты қаншалық өлшем етті, сол арқылы нені меңзеді дейтін шартты сұрақ туатыны заңдылық. Деседе, мен оны шешуге ұмтылмадым. Себебі, бұл деген автордың оқырманға қалдырған ойлау бостығы, әркім өзінше ойлауға хақы әрі құқылы, тіпті, бұл түйсінуді, сезінуді ғана қажет ететін, сөз жоқ, арифметикалық өрнек құруды қажет етпейтін өнер таңбасы. Тіл дегеніміз таңбалардың әмбебап жүйесі. Сондықтан, ақын өзінің өзгеше тіл қолданысын қалыптастырып, өзіне тән таңбалық жүйе жүйелеп, оны өлең қып сөйлетуіне әбден болады. Бұл оған тән еркіндік, оған тән ая. Даралығы жоқ шығармашылықты, әрбір жазарманның бір бет-бейіндегі ұқсастығын саналы оқырман да қажет етпесе керек. Ақын «Сапар» деген өлеңінде: «Жанымның реңіне боялған дауысымды, ешкім көрмейтін ізіме көмемін» («Ұлттар әдебиеті» журналы 2025-жыл 5-сан) дейді. Жанының реңі ақынның ұланғайыр ішкі әлемі. Ал, дауыс алдымыздағы ақынның өлеңдері десек, бұл жерде жанның бояуын дауыс арқылы сезінеміз, одан ләззаттанамыз, бейне, музыкадан ләззаттанғандай ләззаттана аламыз, бірақ, оны нақтылыққа айналдырып қолмен ұстап тұра алмайтын музыкадағы анықсыздық сияқты, ақын оны да «ешкім көрмейтін ізіне көмеді». Бұл менің есіме «ың-жыңсыз тыныштық ішінде өзін жетілдіру» деген айтылымды түсіреді. Мәндік тұрғыдан жаңа өлеңде әр тармақты бір мәтін ретінде, ең кемінде, әр шумақты бір мәтін ретінде қарастыратын мағыналық деңгейге көтерілсе, мән жиілігі, мағына нығыздығы артады. Бұл деген бір өлең бірнеше мәтіндерден құрама табады деген сөз. Ал, сонда мұнда тұтастық бола ма? Болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Болып жатса ол көңіл күй кешірмесіндегі тұтастық. Мағыналық тұрғыдан әрқайсысы өз алдына азат, бағынышсыз. Сол үшін де Мұрабектің біраз өлеңдерінен біз үнемі оқып жүрген машыққа түспейтін, көз үйренбеген, жинақталмаған формадағы шашырандылыққа ұшыраса береміз. Бұл өлеңдерді айна десеңіз, ол нұр-сәулені бір жерге жинайтын айна емес, қайта сәулені шашыратып тарататын айна деп елестетуіңізге болады. Бейне, автомобильдің жарығы алысқа түсетін шамы сияқты қиялыңызды өзі жарықтандыра алған біраз жерге дейін жетелей алады. Дәстүрлі үлгіде, әлде, жаңа үлгідегі өлеңде болсын, әр ақынның өзіне тән мәтін құпиясы болады, оқырман содан өзіне тән сезініс қабылдаса, сыншы өз сезініс деңгейінде мәтіннің бойында бар құпиялылықтар мен тілініп тұрған сырларды ашуға ұмтылады. Мұндайдағы өз тереңіне тартатын бір қасиет — көркем ой. Өйткені, ой мәтіннің философиялық салмағын арттырады. Жаңа өлеңде тіпті де солай, солай болуға тиіс. «Мың көрерменнің мың түрлі Гамлеті бар» дейтін сөз бар, бұның мәнісі әркім сахнадан өз ішіндегі Гамлетті көреді, өз ішіндегі Гамлет тұлғасын сомдайды деген сөз. Осы айтылым маған, әсіресе, жаңа өлеңге тіпті де дөп түсетіндей әсер береді. Күллі ғаламның барлық ғажабы, мүмкіндіктері, ақ-қарасы бәрі де адамның ішінен басталады, ешқашан сыртқы дүние түпкі, түбегейлі себеп болмайтынын философтар да, ойшылдар да, психологтар да айтып келеді. «Маңдайымнан аққан жарыққа жиылған адамдарға, қараңғылықтың әсілінде жоқ екені туралы әңгіме айта бастадым...» («Күнді жетектеу», «Тарбағатай» журналы 2025-жыл 5-сан) деген ақын бұл жерде қараңғылық біздегі таным, ұғым ғана екенін аңғартады, оқырманды да бірге ойлауға жетелейді. Оқырман идеясын біраз шиырға салатын бұндай ұқсастықтан қашып, даралыққа ұмтылатын өлеңдердің көбірек болғаны өнер заңдылығына үйлесімді, алдағы уақыт сұранысына да бап келеді. Туынды электрден шыққан балапан сияқты бір-бірінен аумай қалса онда ол өнер болмайды. Сол үшін өз ойым Мұрабектің стильдік тұрғыдан өзгеше түрен салған бұл жолын табандылықпен алға жылжыта беруін құптайды. Сөз дегеніміз қаңқа әрі мән. Біз қаңқа күйінде қалдырамыз ба, нағыз мәндік деңгейіне көтереміз бе, бұл көп ізденісті, қабыршақты қызықтаудан арылып, өзекке ұласуды қажет етеді.

Нұраш Айтыкеннің өлеңдерінен өзіне тән өр мінез, тәкаппар аңғарым бірден байқалады. Сонымен бірге, нәзіктікке оранған ішкі сыр, гүл мінездес өлең жолдары, лирикасының өзінде батырлықпен, ойлылық бірдей кездесетін ауыр салмақ, нәзік сезім жан дүниеге сіңіп, рухқа әсер етеді. Сөздің шыны керек, көп әйел ақындарымыз өз сезінісінің домна пешінен өткізбей, еліктеп ғашық болу, еліктеп музаға айналдыру, еліктеп біреуді рухани тұлға етіп жырлап, өз өтірігіне өзі сенетін әлгі бір күлдіргі кейіпкеріміздің кебін киіп жүр. Бұл өтпелі кезең болса екен деп тілейміз. Ал, мен сөз етіп отырған Нұраш ақынымыздың, мейлі, лирикалық кейіпкеріне, мейлі, туған жеріне арнауы болсын, әлде өзінің әлдебір аласа-пыраңға толы көңіл күйін ақтарған немесе тосын шабыттың төпелеп келген жыры болсын, оқи қалсаңыз жан шындығының сәулесін бірден аңғарасыз. Бейне:
«Қап-қара бұрыштaн ұшып кеп,
Аппақ құс
Жарық етіп жаныма қонғандай»
(«Жан сарайым», «Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан) деп өзі айтқандай жаныңызды өз нұрымен шарпып өтеді. Өлеңдері мейірге, жылылыққа толы, «Кеңкілдеп кеудеме басар ем» деп ойға алғанымен, өлеңдерінде еңіреп жыламайды. Ауыр мұң, салмақты қайғының өзін де шымқай шуаққа орап, іштей ғана «айналайын» деген елжіреуік сезіммен, оны да даңғазалап, алыс-жуыққа білдірмей, өз биігінде, өз мәнінде жеткізеді.
«Анаңның алтын кеудесіндегі жаны үшін,
Сен туған күні айтылған тілек, әні үшін.
Жұлдыздарыңды аралап ал да тез жетші,
Нұрахметім, осы ауылдағы бәрі үшін» («Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан) деп басталатын «Бауырыма» деген өлеңі түсе берісінде-ақ жаныңды елжіретіп, белгісіз сезім мұңына орайды, өлеңдегі «мен» өзіңмен тағдырластай жаныңның қыл ішегін бебеулетеді. Әлде, бәлкім, дәл осындай өз туысын жоғалтқан менің жаныма жақын тартып, жүрегімді өз сарынымен жылатып тұрған да шығар. Бірақ, одан да маңыздысы ақын өлеңдегі «мен» — автордың өзі, сонымен бірге, сол өлеңді оқып отырған әрбіріміз. Әрине, бұл деңгейге жету үшін ақындық түйсік керек. Осы «Бауырыма» деген өлеңнің тұла бойында ақын ешқандай жоқтау сарынына бармайды, көз жасын көлдетпейді. Тек, «меннің» жан күйзелісінің өте өрелі көркемдік биігінде жеткізеді.
«Әр таңдар сайын аяулы, әрлі шығыстан
Сені көрейік!
Тәмәм болсыншы іздеулер...»
Немесе:
«Өзің сүйетін, өзің сенетін жарға кел,
Жүрегіне кел, түнде де, күнде, таңда кел!
Аңсауық құсы аққу боп орал, кей сәтте
Жанарыңдағы толқып тамса да айнaкөл», – дейді. Бұл жерде ешқандай азан-қазан жоқтау, бая-шая бозалану жоқ. Қайта, бүкілдей поэтикалық биіктіктегі ойлы жыр өрімімен жымдасқан әпекенің бауырына деген қимастығы, жоғалтып алғаннан кейінгі соңғы тілегі, мәңгілік махаббаты жатыр.
«Анаң үшін бе, балаң үшін бе,
Жар үшін,
Барахат рухың, бай нұрың, күнім, өлмегей...»
Көз жасын ішке жұтып, керісінше, бізге білінбейтін көз жасында болатын бояудың тынысын бүкіл өлеңнің өн-бойына тін етіп сіңірген қуатты күш, «сырбаз сәуледей» кенендік оқыған, оны түсінген жанды өзіне етене тартып, күрсіндіріп тынады. Күрсінген кеуденің удай ашып, өрттей лаулaп іздеген жүректің, әттең-әттең дейтін арманға толы көңілдің шарасыздық дейтін тұйық жолға тірелген сәтте еріксіз өз ішіне қарай аққан жалынының ең шынайы бояуы — мәңгілік ескерткіші. Бұл тасқа емес, өлеңдегі «меннің» әр түйір қанына ойып жазылған ескерткіш, үнемі оралып соғып отыратын сағыныш құсының іштегі дауысы.
Ақынның «Көкеме» («Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан) дейтін өлеңінде де бастан-аяқ асқақ сүйетін, шынайы іздейтін батыр жүректің дауысы әр тармақ сайын лүп-лүп етіп соғып, «жүрегі ауыр жігітке» деген жан сезімін оймен, ораммен, еш бұлтақсыз, жалтарусыз шынайы жеткізеді. Ақын жалпы жырларының ұзын ырғағында оптимистік позициямен, үмітке толы сеніммен жырлайды. «Бауырын мұз қатқанша жарататын, аққудай жылы жаққа қайтарында» («Аппақ құс», «Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан), «Құпияшыл боп өстік жасыл жердің, жүрекке жақын ұстап бар асылын... Бұл тағдырды қойсаңшы, туған жердің кеудеме үйіп берді бар сабырын» («Мойылды сай», «Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан) дегендей, дара мәдениеттік көріністер айқын белгі танытып, сөздің ежелгі мағынасынан туатын мәнін қайталай еске салатын тұстарды да Нұраш өлеңінен жиі кездестіреміз.

Нұрғабыл Жеңісбек мені өзіне өте баттаспаған әрі сондай үлбір, дәл бабында берген бояуларымен, ақылға сыйымсыз, логикаға шектеусіз образдары арқылы жан түкпіріндегі, түпсананың терең қатпарларындағы аңсарға толы шындығын жеткізетін, әр түрлі тілдік шектемелердің қоршауынан өтіп, «шексіз мәтін» деңгейіне жақындай түскен, еркін сілтеген қолтаңбалардың көрініс беруімен қызықтырады.
Темекімнің түтіні бұл ирек бір
Ою сынды иір-иір...
Түсі аппақ.
Баяу басып шыр айналып билеп жүр,
Қиялымның қынай белін құшақтап. («Бокалымда айдың нұры дірілдеп», «Шыңжаң қазақ жастары» журналы, 2025 жыл, 11-сан)
Қандай қисынсыз әрі қандай көркем сурет, түтін мен қиял бірдей жанданып, бірі жігіт, бірі қыздай билеп жүргені бірден көңіліңізде елес береді. Дәл осы өлеңнен тағы мынадай жолды кездестіреміз:
«Бірге өлейік көкжиекке асылып,
Қолыңдағы құлаш жіп қып құсжолын!..»
Біз ақынның өлеңдерінен осы сияқты физикалық құбылыс пен тәжірибелік фактіден алшақ өтіп кеткен, қалыптасқан мүмкіндіктердің құрсауын бұзған, логикалық білім шектемесінің ығына көнбейтін, метафизикалық түс алатын тілдік нормаларды жиі кездестіреміз. Осы арқылы өлеңнің мәнін ашуға жетелейтін стилистикаға тәнті болатынымыз да жасырын емес. Бұл өзі Нұрғабылдың бөгенайын бірден танытатын қолтаңбаға айналып бара жатқаны да шындық.
«Түн.
Жанарыңа ай жасырып, от іліп,
Осы бақта екеуіміз қосылып
Құшақтасып
Өбісетін күн қайда,
Жапырақтың алақанына отырып.
..................
Қарғалардың қанатына жабысып,
Қара түннің қиықтары ұшып жүр!..» («Елес», «Шұғыла» журналы, 2025 жыл, 9-сан)
«Жапырақтың алақанына отырып» деген тармақ мүмкін емес құбылысты айтып отырғанымен, оқырманды өзінен жерітпейді, керісінше, осынша нәзіктік дәрежесіне көтеріп жеткізгенімен қызықтырады. Қарғалардың қанатына жабысып ұшып жүрген қара түннің қиығын ойлаңыз. Ұшып жүрген қарға ма, қара түннің қиығы ма, жоқ, анау қарғаның қанаты түннің қиығы ма, әлде түннің қиығы қарғаның қанаты ма? Міне, осындай анықсыздықтың ішіндегі нақтылық, абстракт іс-әрекеттерді бейнелеген нақты сурет өлеңге құдірет бітіреді.
«Шашырата шауып өтсе сулардан,
Көкке асылып қалатын-ды мың маржан!» («Түн жылқылары», «Шұғыла» журналы, 2025 жыл, 9-сан).
Ақын жылқылар шауып өте шыққандағы су тамшыларының көкке қарай шашыраған сәтін ғана ұстайды, ақын қиялында уақытты сол жерде тоқтатады, бұл жердегі шашыранды тамшылар ақын санасында тоқтап қалған уақыттың белгісі. Одан кейінгі құбылыстың ақынға керегі де шамалы. Өйткені, ол жаңадай таза, жаңадай жанды, жаңадай көркем емес. Поэзияның міндеті не сұлулықты, не сұлулыққа оранған ойды жеткізу жолында ең көркем суретті дөп басып ұстау, тілдің құдіреті арқылы рухқа өту. Одан тысқары арғы-бергісінің бәріне бас қатырып, шимайлап отырса ол мыжғaуылыққа айналар еді. Төмендегі өлеңді толығымен оқып шығайық:
Мәйхананың масаң нұрын түн жеуде,
Сақи бикеш салқын сыра жүр тасып...
Баяу, бәсең саз тербетіп тұр бөлме,
Менің мұңды көңіліме ұйқасып.
Сақи бикеш асқақ жүріп өтеді,
(Оны үйреткен Мәйхананың көп кеші)
Жанарымды жаншып өтіп кетеді,
Тықылдаған өкшесі.
Шарап қана шайырларды түсінген,
Жұбатады ол иірімденіп күлімдеп.
Түнге тосит соғыстырып
Ішімнен:
«Бақыт үшін!» деп қоямын күбірлеп.
Сақи бикеш салқын сыра жүр тасып...
(«Мәйхананың масаң нұрын түн жеуде», «Тарбағатай» журналы, 2025 жыл, 5-сан)
Осы өлеңді тұңғыш рет оқығанда, «Егер, мынаны поэзия-фильмге айналдырса» деп қиялдадым. Сіздер де қиялдап көріңіздер. Күңгірт шырақ нұры кернеген Мәйхананың іші, әлдебір мұң иектеген ақын өз қиялына ерік беріп, Сақи бикешті бақылап отыр, қыздың бұрала басқан әр қимылымен ұйқасып, жанды елітетін баяу, бәсең саз сыңсиды. Мәйхана ортасына бойы әбден үйренген еңсесі асқақ Сақи бикеш біздиген биік өкшесімен мұңға мөлтектеген ақын жанарын жаншып өте шығады.
Дәл осы жеріне келгенде режиссер қандай шеберлік танытып, дөп басып көрініс кіргізетінін мен білмеймін. Бірақ, бір суретші дәл осы тармақты кенептің бетіне түсірсе, қайтер еді? Далимен бәсекеге түскендей болар ма еді, жоқ, әлде оның балқыған уақытынан да әлдеқайда жүрекке жақын жанның жанардағы дауысын бізге жеткізер ме еді, бұл енді бізге жұмбақ.
Біздің алдымыздағы шындық түнге тосыт соғыстырып, бақыт тілеген ақынның бізді де өз өлең жолдары арқылы Мәйханаға ұсыныс еткені, Иә, енді оқып отырған өлеңнен басыңды көтеріп, қиялдай бастасаң салқын сыра тасып жүрген сіздің де бір Сақи бикешіңіз елестей бастаған жоқ па!? Сіздің де көкірегіңізде өлеңдегі болмыс еркін қанат қаға бастаған жоқ па, қиялыңызды әлдебір қиырға, әлдебір уақыттың сарғайған парақтарында хатталып қалған мүйістерге жетелеп... бара жатқан не, ол, әрине, өлең бойындағы эстетиканың әсері.

Фариза Жайдарқызының өлеңдері адамды ғажайып көңіл күйге бөлейді. «Біз Фаризаның өлеңінен не күтеміз?» деген заңды сұрақ туындаса, оның да жауабы әрқалай болатыны сөзсіз. Бейне, өлеңге әркімнің әрқалай таласы болғаны іспетті. Ал, өз басым жолы жіңішке, нәзік жандылар поэзиясынан үнемі бір таза, мөлдір, қоспасыз асқақтықты күтетін сәттерім болады, сондай болмысқа шөлдеймін де жүремін. Сондай сәтте, көбінде Марина Цветаеваны оқып көңіл сарқылып басылып, ішкі меннің сусыны қанағандай күй кешемін, Фариза өлеңінде де сондай бір дара жан дүниені қара көрсетіп, жаныма жақын сезіле береді... Поэзияда уақыт болмайды, өйткені, «поэзияның өзі уақыт» дейтін ұлы зергерлердің идеясын құптаушымын, бейне, сол сияқты қаршадай қыздың әр өлеңі бір-бір салма уақыт сызығындай, қағаз бетіне қонған ақын рухының уақытқа айналу барысындағы табиғи бедер-белгісі сияқты. Фариза өлеңдерінде тосын образдар жиі емес секілді, бірақ, өзгеше сезімге бөлейтіні әр өлеңнің өз алдына біртұтастығы, бір деммен, бір сәткі көңіл күйдің жүлгесін үзбей, қалыппен құйғандай құрау-сұраусыз тұтас шыққандығы болса керек...
Егер, бір жас ақын көзсіздікпен бұрыннан бар қағидалардан аспай, бар ұғымдар аяcында жаза берсе, онда өзіне тән даралық пен бейнелеу тәсілін қалыптастыра алмайды, түпсанада тұнып жатқан тамшылардың ашыққа шығатын сәулелі сәтін дөп басып ұстауы да мүмкін емес болар еді. Әдебиет тарихында шабыт, шабыттың қайнары туралы әр түрлі айтылымдар болған, батыстықтардың танымында шабыт дегеніміз тылсым әлемнің үндеуі болса, ал, шығыстықтар шабыт дегеніміз табиғаттан тысқары әсерлестік деп келген. Дегенмен, Фройттың осызаман психология ғылымынан кейін шабыттың іс жүзінде түпсананың қимыл-әрекеті, яғни түпсанадан бастау алатын жарық сәуле екенін бірден білдік. Шабыт ішіңізден келеді екен, онда шабыттың, ішкі қуаттың жемісі болған өлең иесімен мінездес болатыны да содан болса керек. Фариза өлеңіндегі өзіне тән мінез деген ой түйінінің ғылыми негізін осыдан іздестіруімізге әбден болатынтай.
Қойшы, Ардақтым, бүлінеміз біз неге?
Өкпелесем ұмытқалы жүр деме.
Мен жанымды жайып салдым алдыңда,
Өртеп кете алмадың ба,
Үндеме! («Уыз сәуле сияқты алтын таңдағы», «Құмыл алқабы» журналы, 2025 жыл, 4-сан)
Қандай асқақ тұрып сүю, тәкаппарлықпен ой тастап, сөз түйіндеу. Фариза өлеңдерінен қазірге дейін жылаған, езілген, көз жасы көлдеген, ол болмаса болмайтындай шөлдеген халдегі жалынуға толы, әлсіздікке бой ұрған, жүрек елжіретіп, жанашырлық сезімді оятар жолдарды кездестірмедім. Өз алдына дара тұрғыдан келіп, көңіл күйін білдіреді, өз тәсілімен сүйеді, өз тәсілімен жырлайды. Мінезді өлеңдер оқырманды тәнті етеді.
Мөлдіреген жасындай жапырақтың,
Баянсызын сезгенмін осы бақтың.
Сенсіз өмір сүре алман деген сөзге,
Сенбей тұра сенетін ақымақпын.
Өртенді деп беймәлім отпен кеуде,
Елеңдеме біз жақтан ескен желге.
Хат жазбан жыл құсының қанатынан,
Еріп бара алмаймын көктемге де.
Бір сағыныш меңдетіп санаңды алып,
Жеңешемнен хат берме маған налып.
Ағамыз алты таспа бұзау тіспен
Жон теріңе береді жауап жазып.
Жасаған-ай, недеген өкпеші едің,
Деп сен мені ешқашан сөкпе тегін.
Күтпе мені мақпал кеш, шайы таңнан,
Келер болсаң қасыңнан кетпес едім. («Уыз сәуле сияқты алтын таңдағы», «Құмыл алқабы» журналы, 2025 жыл, 4-сан)
Фаризадағы осындай төңкеріп (кері) ойлау тәсілі, яғни орнын ауыстыру — қалыптасқан тәртіптер мен логиканы бұзып, әсылі, болуға тиіс кейіпкер тұрғысын ауыстыру бастан-аяқ өзінің жазу машығы болып қалыптасқан, сол арқылы өлеңмен уақыттың қатынасын, тіл күшінің тығыздығын, сөз құрамындағы мәннің серпімділігін арттырады, ойламаған тұрғыдан ой салып, оқырманды иландырады. Қараңыз, өлеңде сағыныш «менді» меңдетпейді, керісінше, оның кейіпкерін меңдетуі керек, «біздің жақтан ескен самалға елеңдеген» де, «Мақпал кеш, шайы таңнан күткен» де «мен» емес, «ол» болуы керек. Осындай төңкеріп ойлау тәсілі арқылы жазылған өлең әр тармақ сайын, әрине, иланымды, дұрыс шешім дайындайды, өлең соңына шыққанда да солай, осының бәрі «неге керек?» дейтін тәкаппарлықтың жауабын береді, ойлау, сағыну, кіналасу, күту неге керек, тек, «өзің келсең ешқайда кетпес едім» дейді. Ақынның махаббат туралы әр өлеңдегі шешімі осылай нәзіктіктен өрілген ерлікке ұласады, қыз жүрегінен күтпеген батылдықтың, бүкпесіз талап пен талғамның тілінен сезетініміз ақын қан тамырынан ағып жеткен ақсүйектік қасиеттің өлең өрнектеріндегі нышаны.
Не түзейді тірлік деген көш күйін,
Айта қойшы, назарым сап естиін.
Шын махаббат керек бізге қысқасы,
Ажарың да, назарың да көк тиын. («Шаттығымды бере алмаймын ешкімге», «Тарбағатай» журналы, 2025 жыл, 2-сан)
Табиғаты бұзылмаған далалық мінез, кесімді түйін. Шын махаббат болған жерде бәрі де болмай ма, сол үшін де көк тиындық құны жоқ қырттыққа не жорық... Фариза жырларын толық оқып шықсаңыз, еш боямасыз, ақпа-төкпе өлең табиғаты сергек те ойнақы сияқты болғанымен, бәрібір есті әрі ойламды оқырман үшін шөккен тұмандай жан әлемінде етек алған әлдебір мұңның, онан да таза, тәкаппар мұңды күйдің болмысын бекзаттықпен үнсіз айғайлап тұрғандай сезіледі.
Сөз — жанның айнасы, өлең тіпті де солай ақын жанының айнасы, рухтың қағаз бетінде бейнеленуі, түпсана, бейсананың таңбаға айналып сөйлеуі. Поэзияны жіті бақылап, барлығын аңдап жүрген адамды қуантатыны көбедей көп ақынның болғаны емес, бір-біріне ұқсастықтан ада даралықтың болғаны, жасампаздық дегеннің енді бір баламасы даралық, стиль дегеннің енді бір баламасы өзіне ғана тән кемшілік. Шегелеп айтуға тиісті бір шындық, егер, ақын біткен бір-біріне ұқсап жүрсе, өнер жалғаспаған, дамымаған болар еді. Кейінгі кезде ақынның саны көбейген жоқ, есесіне өзіне ғана тән соқпағы бар даралықтар әдебиет майданында бой көрсете бастады, соның бірі, әрине, ақын қызымыз Фариза Жайдар.

Шығармаларында өмірдің күнгей-теріскейі толыққанды менмұндалап тұратын қуатты ақынның бірі — Балапан Айдарқан. Бірақ, Балапанның 2025 жылы «Тарбағатай» журналында бірнеше өлеңі жарияланғаннан тыс, басқа басылымдарда өлеңі жарияланбапты. Ал, бұл өлеңдерді талдау арқылы ақынның шығармашылығын толық қамтып айту, қыр-сырын ашу мүмкін болмады. Ақынның өлеңдерін Вичат желілерінен көп оқимын, өлеңдік өлшем тұрғысынан ой жүгірткенде тұрманы толық, етек-жеңі бүтін жырлардың тамыр соғысынан өмірдің өзін бүкпесіз сүйген, сол үшін де қаймықпай шымбайына батырған, өміршең сөйлеген өмірдің өз туындысы — ақынға жолығамыз. Оның махаббат лирикалары да өзгеше ой арпалысына салып кете береді, бұл жерде біз Вичат желілеріндегі өлеңдерді мысалға ала алмай отырмыз, әйтпегенде, ойымызды толық дәлелдер едік, дегенмен, бір мысалы ретінде «Тарбағатай» журналының 2025 жылғы 3-санында жарияланған «Жалғыз қалу» деген өлеңін толық оқып көрелік.
Қайғым да досқа айналды,
Көбелек отқа құмар.
Арманым жоққа айналды,
Себебі отбасың бар.
Тым қиын жаз ауғанда,
Сейілге жалғыз бару.
Кешкісін базарларда,
Көп ішіп жалғыз қалу.
Жалғыздың таңы ұзақ,
Шын сүю кінә ма еді?
Сұрап ем сені жылап,
Ешбір жан елемеді.
Шашылып жан-жағыма,
Төгілдің өлеңім боп.
Ол дағы қалды адыра,
Ешкімге керегім жоқ.
Жырым да жалғыз еді...
Құрыды іштей тыным.
Шынымен тағдыр ма еді,
Түске де кірмейтінің?!
Қайғы не, тағдыры не?
Бәріне шағынам көп.
Жарымжан халім, міне:
Денем бар, қабырғам жоқ.
Тым қиын алаңдарға
Сейілдеп жалғыз бару.
Кешкісін базарларда,
Мас болып жалғыз қалу...
Біз осындай, әлде осыдан әлдеқайда өрелі құлазыған күйге оранған, «таңы ұзақ», «денесі бар, қабырғасы жоқ» сергелдең жанның бірде жазғы жапырақтай сыңғырласа, бірде қара қурайдай мұң толқытқан жан айқайына толы өлеңдерді Балапаннан көп кезіктіреміз. Аттең, соның бәрі тек Вичат желілерінде ғана жүр. Тек, ресми мақалаға ситатқа келтіре алмағанымыз болмаса, өлеңдердің қайда жариялануы ақынның өсуіне, нағыз өлеңнің халыққа жетуіне кедергі болмайтынын да ашық айтуымыз керек. Өз басым Балапаннан үлкен үміт күтемін. Алда бұдан да жемісті шақтар күтіп тұрғанына сенемін. Өлеңмен ат кекілін кесіспей, өмірінің бір бөлшегіне айналып кете беруін, тіпті, керек десе өлең жазу өмір сүру тәсіліне айналып кетуін тілер едім.

Жаннұр Әлімбек те менің байқауымша ресми басылымдарда шығармасы көп жарияланбаған ақын. Бірақ, «теңіздің дәмі тамшысынан» дейді, қолға түскен топтама өлеңдерін оқып көріп-ақ ақын қыздың қалам сермесінен поэзияның мөлдір моншақтарымен қауышамыз.
Жанымды кетердей ұсақтап,
Сағыныш іші мұң, түсі аппақ.
Жыладым ешкімге білдірмей,
Көктемнің жаңбырын құшақтап. («Тарбағатай» журналы, 2025 жыл, 6-сан)
«Көктемнің жаңбырын құшақтап» деген осы тармақты оқығанда әсерленгенім сонша, орнымнан неше тұрып, неше отырғанымды, неше қайталап оқығанымды, қашанға дейін тамсанып жүргенімді өзім де білмеймін. Бұл тармақтағы образ кенендік десең кенендік, соншама суық, соншама сұрапыл, соншама кең көлемде «арқауын тарқатып, өрмегін төгіп» тұрған жаңбырды құшақтау физикалық тұрғыдан ойлағанда, мүмкін емес тілек құдіреті арқылы мүмкінге айналдырып тұрса, жан дүниең тұрғысынан неткен шексіз махаббат, ыстық сезім жатыр демейсіз бе... Сағыныштың өрті қаулаған жүрек көктемнің суық түніндегі суық жаңбырын құшақтап, өз отын осылай басқан шығар.
Жаннұрдың өлеңдерін оқығанда, ақынның мұңлы тағдырына, үп еткенге құлап кетердей қорғансыз сезім кешуіне жиі-жиі жолығасыз. «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр ...» демекші, ақынның жаны ненің күйін шертуге тиіс болса, сол тағдырдан қашқақтамай жан дүниесін шынайы жайып салса, біз көп іздейтін объекті мен субъектіның жоғары дәрежелі, біркелкі, ортақ танымынан туған өлеңдегі шындық табылар еді.
Ол ешқашан өлең жолдарының қарапайым тіркестермен келіп, айтқыштықпен айта беруінен жеміс бермейді, қайта, ақынның өз жанын жеп қазбалауынан, ішкі шындығын бүкпесіз жеткізген сәттегі көркем ойлау оралымдарынан келер еді.
«Көктемнің жаңбырын құшақтап» («Тарбағатай» журналы, 2025 жыл, 6-сан) деген тақырып аясында берілген топтама өлеңін оқығанда бір байқағаным, ақын стилистикасында табиғат құбылыстары белсенді рөл ойнайтыны болды, мысалға: көктем, түн, бұлт, ай, гүл, құс, таң, жұлдыз... т. б. сөздердің ақынмен жиі қарым-қатынаста болатыны, сол арқылы өзінің сезімін, көңіл күйін, хал-жағдайын оқырманға аңдатып отырады.
Осындай табиғат құбылыстары оның өлеңінің негізгі бояу қайнарына айналған, бұны біз әдеби таным тұрғысынан табиғат пен адамның бір тұлғаға айналып, өзара тоғысуының алғашқы басқышында тұрып, өмір сүрген ортасы мен өз жан әлемін үндестіре ойлаудан қалыптастырған бастапқы сезініс дейміз.
Гил Делез: «Мағына сөйлемде кейіптеледі, нәрселерде өмір сүреді» десе, Шын Хау Бо: «Заттан тысқары өлең жоқ», – дейді. Ал біз де Жаннұр өлеңінің мән-мағынасын табиғат құбылысы мен жан құбылысын ұқсас бір кеңістікке орналастыруынан іздестіреміз. Заттардың жанға әсерінен туындаған құбылыс суреті арқылы образдардағы айтпақ ойды көлемдейміз.
Гүлдер де күз келмей солады,
Көбелек сезген жоқ ол әлі.
Сен үшін келмедім өмірге,
Маған да сенбесең болады. («Көктемнің жаңбырын құшақтап», «Тарбағатай» журналы, 2025 жыл, 6-сан).
«Құстардың мазасын құшақтап ұшқан» қиял қанатын қағып, «баянсыз сағыныштың» күйі ақын жанын өзінің қилбұрауына салып, бебеулеткенде де ақын «күйдім, жандым, сүйдім, мен сен үшін жаралған, бәріне көнер едім сен келсең» деп құр логикаға баспайды, басқа бір образға кіріп, махаббат періштесіне айналып, көз арбап, өз көңілін тоқайтатын өмірдегі де, жырдағы да жаттандылықтың бет-шітын шығарады:
«Сен үшін келмедім өмірге,
Маған да сенбесең болады».
Алғы бір пенделік мүләйімсу мен жырдағы көркем бейнеге айналатын шын-өтірігі аралас қиял мінез арқылы ауызда ғана айтып, көңіл арбау емес, бұл алдамайтын шындықты ашып айту арқылы ұғындыру. Сен үшін өмірге келмедім, сенбеуің еркіңде дейді.
Мен өзім ойлаймын, әр адам ол кім болуына қарамай өз шамасында бір-бір тұлға, ешкімнің кіндігі ешкімге байлаулы емес, сол үшін біреу біреудің еркіндігіне қол сұқпауы керек, әр адам өз ішкі қалауы бойынша өмір сүруге хақылы, өз ішкі қалауы бойынша шешім жасау құқы бар.
Ендеше, сен маған сен, сен маған сүйіт дейтін көп талапты қойып, екінші біреудің түрмесіне айналуға тиістіміз бе, біреудің аз өмірін қор қылып, өз өмірімізді ысырап қылып. Сондықтан, бәріне рұқсат, бәріне жол қоюға болады. Иә, соның бірі «Маған да сенбесең болады». Өйткені, екінші біреу сен үшін өмірге келген жоқ.
Осы өлеңнің тұс-белісінде «Таң бойы сайраған құстардың, мазасын құшақтап ұшқанмын» дейтін тармақтары бар. Осындағы тыныштық пен қозғалыс күйінің шебер орналастырылуы өзіне тән етеді. Маза дегеніміз тыныштық, дамыл деген мағынаны беретіні бәрімізге белгілі, оны әр затта бейнеленуі арқылы көзбен көруге, жүрекпен сезуге болады, бірақ, ұстауға келер ме екен, әй қайдам, ал біздің ақын құшақтайды, онымен қоймай құшақтап ұшады.
Осындай өлеңдердегі қиял-ғажайып дерліктей бояулардың адам жанының шындығын ашуға жанды қызмет етуі одан әрі дамытуға, табандап іргелетуге татитын шеберлік екенін баса айтсақ артық болмас.

Нұршат Әзінбектің өлеңдерінде мөлдір сезім мөлтілдеп, шынайы, тіпті де бүкпесіз, аңқылдақ мінезі аңқып тұрады, сөйтe тұра, кейде емексітіп қана көрініс берген өкпенің лебі де бой көрсетіп, өз тұрғысын аңғартып отырады, ұяңдықпен ішке жасырады, мен сүйдім, мен сағындым, аңсадым деп әшкере жалаулаламайды, бәрінде жан самарқаулығына ерік береді, өзінен тысқары екінші бір жан мен тәннің шекарасына моральдық тежемге толы шабуылға өтпейді, қайта осы өлең үшін, бәлкім, басқадай себеппен, осындай күй кешкені үшін көп істің мейлі бұралаң, мейлі ашты болса да, өз табиғатымен жүлге тартқанына разы да сияқты сезіледі есті, қиялы ұшқыр, болжамы жүйрік кез келген оқырманға.
Тереземе көктеді көшіргенім,
Гүл әкелдім жайнатып өсіргелі.
Қурап қалды, жарықтық, қайран ойым,
Қайран гүлдің қауызı, кешір мені.
Өзі де жоқты іздеймін, бардан қашам,
Шыға келер екенсің қайдан, қашан?
Қурап қалар едің ғой бәлкім сен де,
Жоғалып сағынышқа айналмасаң.
Сенгем, оның тағасын несіне мін,
Бірақ, бірақ, бәріне кешігемін.
Ұмыттым ғой дегенде жүрегімді,
Жұлқылап ойнайтыны несі менің.
Бекер бәрі,
Бәрі де бекер десіп,
Шулайды бір дауыстар... кетем көшіп.
Шердің дәмін басар деп таңдағыдай,
Қызыл күрең шай ішем шекер қосып.
Ақ көйлеґім етегі жел оралған,
Ақ жүзіңе қондырма нала қарғам.
Күз де келді, күні ертең сен өсірген
Гүлдей болып қурайды, сол ақ арман.
(«Сені маған тағдыр жазған сый деймін», «Ұлттар әдебиеті», 2025 жыл, 3-сан)
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демеуші ме едік, «жоғалған пышақтың сабы алтын» дейді, осының бәрі ескі құндылықтар, сөз арқылы бізге жеткен адам жан дүниесінің қатпарын ашатын метафоралық тіркестер, біздің жаңа дәуірдің ақыны өз кешірмесімен, өз жан табиғатының шынайы көрінісімен, өз тұрғысында тұрып қалай жеткізеді демейсіз бе?
«Қурап қалар едің ғой бәлкім сен де,
Жоғалып сағынышқа айналмасаң».
«Қасыңда жүрсем қадірім саған жоқ екен,
Қасыңнан кетсем адамның нағыз зоры екем» дейтін еді. Ал, бүгінгі жаңа ұрпақтың метафорасы өз формасында анадай тапқыр тіркестермен «шекпен жауып» алдыңыздан шығып, бізге жаңа бір бейнесімен, өзгеше өрнегімен, өнер топырағында жаңа қауыз жарған жауқазын иісін аңқытады. Қайталап оқып көріңіз, тіпті, тұтас өлеңнің кіндік сөзі, құпия сарайдың ішіне енер кілті осы екі тармақта тұрған сияқты... Иә, өлең нені айтпақ дейтін заңды сұраққа ендігі осы кіндікті шеңберлеп жауап іздей беруіңізге болады.
Бұрын да көп өлең жазған, көп өлең жариялаған, мен де әркез назарымда ұстап, қадағалап жүретін ақындарымның бірі осы Нұршат Әзінбек еді, 2025 жылы жариялаған осы топтама өлеңдерін оқығанда, бұрынғы өлеңдерінің деңгейіне жетпегендей сезілді, шабытында аздап қайту бардай аңғарылды. Бірақ, алда өлеңдегі өзін тауып, тыңнан түлеп, әлі сансыз сәтті жырларды тудырады деп сенемін.
***
Жоғарыда біраз ақындар туралы түпкілікті, жүйелі тоқтала алмасам да, өзімше шолу жасадым. 2025 жылғы журналдардың қолымда барын ақтарып отырсам, өлең жариялаған жас ақындардың саны аз да емес екен, дегенмен, мен бұдан да көп болуын тілер едім. Жас күнде көп жазып, көп жариялау керек, қорғалаудың қажеті жоқ, адам жас күнінде өзін көбірек сынға салса, етек-жеңін ерте жинайды, өнерге де, адамға да жетілу, белгілі деңгейге шығу үшін кешірме керек, сол үшін ресми басылымдардың да кеңістігін пайдаланып, оқырманның талқысына түсіп тұрған жөн.
«Жұпары аңқып раушан гүлдеген шақта,
Жырымды гүлге сиямен жазғым келеді» деп бірде гүл бетіндегі көркем көбелекше нәзік қанатты жырларын да қондырғысы келсе, бірде «Алғашқы сен сүйген жігіттен, жоқ әлде тұрмын ба аумай қап» деп тағы бір сезімдердің көшесін қыдырыстап, құлашты, өзекті, өрелі, өрнекті өлең тармақтарын кестелеп келе жатқан үлкен үмітті, қалыптасып қалған ақынның бірі Заңғар Тұрарбек;
«Шылымын шымшылап жеп отыр ма әкем,
Кенже ұлдың қамын ойлап қаладағы...
Жармасып жағасында үйеңкі тұр,
Сағымын судағы айдың тырнағалы...
Ақша іздеген ақ такси аптығып кеп,
Қағып кете жаздайды жаяуларды...
Оқиаттан тыс етіп терезеге,
Бірер тамшы жолынан жүр адасқан» деп етістік арқылы тірі сурет салып, «мелодиямен ит үріп, тактіні бойлап мұз» қатқанына дейін жіңішкедей бақылап, образ сомдап, ой түйетін ақын Бағдат Озат; Қиял көкжиегінде «құлынның күн шырап төбелінен», «текеметке ойылған ой көктетіп», әр тармағын образды, ойлы жеткізуге құлшынып, «қанаты жыртылған хаттарды» сағынышымен үкілеп, қимас сезімнің елес қуған лүпіліне орап, ой толғап, жаңаруға, түлeуге құштарлана кіріскені бірден аңғарылатын ақын Әкімбек Мұстақ; «Жалғыздық жырын жырлаймын жалқы кеш бойы, Жаңбыр бояған жасыл жүрекпен» деп өз жан әлемін жайып салған ақын Жанатбек Серғазы; «Қоспақты арқан қолқа салып атанға,
Шырышталған ноқта тағып ботаға.
Салтанатпен көш келер деп анам да,
Дайындайтын сыбағаны тартарға.
Жанымыздан жанай көшсе басқа ауыл,
Дейтін әкем «шөл басыңдар, асқа жүр».
Айран алып жүгіретін анашым,
Сезілмейтін ешкім онда жат бауыр» дейтін өлең тармақтарымен сана түкпірінде қалған ежелгі өмірдің құндылығын елестетумен бірге, жылқы туралы «Сенің анау жел ойнаған жалыңда, біздің аңыз басталған...» деп сүйінішті сипаттамаға толы мармар тамшылардан маржан өріп, «Жұлдызынан жүрек жасап түндердің» сәулелі мұңмен махаббат мақамын құлақ күйіне келтірген ақын Алмақан Жеңіс; Кесесінде ай келбеті дірілдеп, «Киелі құс ғұмырын аңсадым ба, Сағыныш бар шашымның әр талында» дейтін жолдары арқылы жыр періштесінің «түнгі сағынышын» немесе «Ағарған шашым мың құлаш, Қайғымды жетпес орауға» дейтін ұрпақтан ұрпаққа көшіп, тарихи санаға мәңгілік қашалып қалған құдіретті жолдарды еске салатын Қастер Серікқазы;
«Мезеттік шақ қайырылмас қайта айналып,
Құшақтаңыз, иіскеңіз, аймалаңыз» деп бүкпесіз шешіліп, үздігіп ынтыққан, көңілдің сырын көздің айнасынан сезініп, әр тармақ сайын жүрек лүпілі тіл қатқан Дидар Серік;
«Еш жүректе мұңнан сұлу өлең жоқ,
Ешбір жылда күзден сұлу мезгіл жоқ» деп құлазыған қайыңдай күзбен бірге үнсіз сарғайып, тілсіз мұңның сұлулығынан жыр өрген ақын Еркін Болат;
«Сізбен бірге жоқ болды қамсыз күндер,
Содан кейін есейді сүйген балаң» деп атасының өлімінен соң есейіп кеткенін жыр кестесімен жеткізген Ақыл Омарбек;
Жүректегі тебелісінен жыр туындап, «Сағал аттың жалында кеткен екен, Сағынуды білмейтін балалығым» деп балалығы атасы алдына алып отыратын Сағал аттың жалында бірге кеткен және бір ақын Таңжарық Серік;
«Анда өзімді жоғалтып қалтарыстан,
Қайта тауып аламын көшелерден» деп өлеңдерінде сөз саптаудың ескі машығына ұрынбай, өзінше айтқысы кеп-ақ тұрған Мұратбек Табысқан;
«Мен өзіңе ғашықпын білесің бе,
Мұң толқиды көзімнің көзесінде» деп Шығыс шайырларына тән ғашықтықтың от-жалынына оранып, махаббат үшін жомарттық танытатын Хафизша атымтайлығы асқынған Бақытқазы Жарқын;
«Сен де менің соңымнан жүгіргендей,
Мен де арманның соңынан жүгірeмін» деп бала досы күшігінің әрекетімен өз жүрегінің арманын ұластырып, ескі күннің естемесін бірде күшікпен сырласып, бірде жүректе табы қалған махаббат қоламтасын көкейде қайта қозғастырып жырға айналдырған Ерен Тұмарбек; Жыр керуеніне енді ғана қосылған «жанарынан жас моншағы тамған қыз» Ыңкар Бердіқан қатарлы ылғи бір өрімдей жастардың 2025 жылы әрбір журналда жарияланған өлеңдерін оқып отырып, поэзияның ертеңіне деген үмітіңіз лаулай түседі, сеніміңіз артады.
Осы ақындардың бәріне ортақ бір тілек: екі өлеңі жарияланған соң немесе Вичат желілеріндегі «керемет» дейтін арзан бармақ пен құр қолпашқа уланып, «жұлдыз ауруына» душар болмай, өзінде жоқ мінезбен жасандылыққа ұрынып, қарабай «классиктенбей», арық айтып, семіз шығар қажырмен, таза ізденіс жолын қаузаитын асқақ рухпен үлкен-үлкен нәтижелерді жарату.
Бүгін арнайы тоқталған немесе атап өткен ақындардың енді бес те он жылдан соң, кермеден нешеуін тосып аларымыз белгісіз. Ал, бұл жерде ауызға алынбаған ақындардың немесе 2025 жылы шығармасы жарияланбаған ақындардың ішінен де небір мықтылар шығатыны сөзсіз.
Менікі жас қаламнан төгілген жан шуағын өзімше сезініп, шабыт болсын, азда болса оқырманға әлде авторға заредей сәуле сыйлай алса соған да қанағат деген оймен осы жазба жазылды.
Әйтпесе, біреуді мақала жазу арқылы әдебиетте қалдыра алмайсың, біреуді ол туралы мақала жазбай, тілге алмау арқылы әдебиеттен қуа алмайсың. Бәрі де әркімнің өнерге адал беріліп, табандылықпен ізденіс жасап, тосырқамай жазып, тосылмай еңбектенуінде; өлеңдегі географиялық, шежірелік шеңбердегі мақтаншақтық бар болса арылып, жоқ болса, ол шиырға ұрынбай, өнердің адамзаттық, ғарыштық сипатына ұмтылған эстетикалық қуат-күшінде; сөзді жай қаңқалар тізбегінде қалдырмай, жаңа тыныс-леп беру, тамырдағы үнін тыңдау арқылы, тарихтың сөзге жүктеген сырын ашып, жадтың тереңінде жатқан рухын оятуында.
Сөздің сырға жиарында бұлт өткізер бір түйін: басқа жанр немесе көлемді шығарма емес, шағын өлеңнің өзінде сөз қайталау, әсіресе етістікті қайталау. Сөздің мәтіндегі атқарған қызметіне қарай, кей өлеңде қайталану орынды болғанымен, көп жағдайда қайталау көркемдікке әсер ететін үлкен кемшілік. Мұны абайлау керек, ұқсас мағынаны жеткізуде бір сөзді жауыр етпей, есесіне синоним сөздерді орнымен қолданған абзал. Бұл өзі жастарымызда ғана емес, біраз ақындарымызда бар ақау. Сол үшін жасымыз да, кәріміз де, бәріміз де... қажетсіз жерде сөз қайталаудан сақтанғанымыз жөн.
Мақала авторы: Қажыбек Айдарханұлы
Қытай қазақтарының «Сетер» әдеби WeChat
желісінен дайындаған Қаусылхан Қасымханұлы
