Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Жасымда кескен жамбас...

03.08.2020 5475

Жасымда кескен жамбас 12+

Жасымда кескен жамбас - adebiportal.kz

Қазақтың көнеден жеткен құндылықтарының бірі – ет турау дәстүрі. Ұлт танымындағы жазылмаған заңдылық бойынша астаудағы етке алдымен үлкендер қол тигізу керек. Яғни, әркім өз сыбағасына иелік етеді. Әсіресе, жамбас ұстау – екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін құрмет. Төрде төредей қария отырғанда, есік көзіндегі жастар жамбас ұстауы – аса көргенсіздік болып есептеледі. Бір ағамыз жастау кезінде басынан өткен мына бір уақиғаны айтып еді. Көптен бері қағаз бетіне түсірсем деп жүретінмін. Енді ғана сәті келгендей...

– Қазақы жөн-жосықты әлі дұрыс біле қоймаған жас кезім еді, - деп бастады ағамыз әңгімесін. – Жігіт болып, бозбала желіктің бас көтерген шағы. Тең құрбымен үзеңгілесіп, сейіл құрып, қызды ауылды жағалап жүреміз. Біріміз жылқы қараған, енді біріміз түйе іздеген болып шығамыз үйден. Сондай бір жүріс кезінде Қобда өзенінің төменгі жағалауы Қызыл қарағанда күзеп отырған ауылдардың үстінен шықтық. Шеткі үлкен ақ үйдің белдеуінде төрт-бес ертоқымды ат байлаулы тұр екен. Иттерін абалатып, біз де келіп түстік. «Ассалауды» жаудырып үйге кірсек өңірдің көне көз қариялары, көптің сөзін ұстаған үлкендері жиналып қалыпты. Түскен үйіміз алқапқа аты мәлім Мұқан деген жылқышының шаңырағы болып шықты. Арғы-бергі тарих қопарылып, жақсы бір мәжіліс болып жатыр екен. Сары май кілкіген қызыл күрең шайды сораптай ұрттаған жұрт төрдегі оюлы тақия киген күміс сақал қарияның сөзіне тамсанады. Отырған жұрт біздің сәлемімізге шұбыра жауап берді де, әңгімешіл қарияның сөзіне қайта құлақ бұрып кетті. Біздің қайдан жүргеніміз оларды аса қызықтыра қойған жоқ. Сөйтіп әңгімеге балқып біз де отырып қалдық.

Әлден уақытта шай дастарқаны жинастырылып, қонақтарға арнайы асылған сыбаға ет ортаға келді. Бұл – күзеуге қонған елдің ауылдас-көршілерді шақырып, күздіктен дәм татыратын бұлжымас дәстүр. Бата жасалды. Төрде отырған абыз ақсақалды бәрі ерекше құрмет тұтады екен, жамбасты да әгі ұсынып жатты. Сөйтсек, әлгі атамыз «жоқ қарақтарым, батасын қылдым ғой, жамбасты өздерің кесе беріңдер» деп болмайды. Көпшілік «жоқ үлкен кісі, сіздің жолыңыз, сіз алыңыз» деп жалпақтап жатыр. Отырғандардың ешқайсысы жамбасты алар емес. Осы сәтте «Бұларды қинамай мен неге турай салмаймын» деген ой лап ете қалмасы бар ма: «Рұқсат болса мен кесіп берейін» - деп сары мойын бәкімді жалаңдаттым. Үлкендер «Ала ғой, ала ғой» деп ет толы табақты ыңғайлай берді. «Әп, пісміллә» деп өткір бәкімен төңкерілген майлы жамбасты жапырақтай жөнелдім. Одан кейін астаудағы ортан жілік пен тоқпан жіліктің шаруасын бітірдім. Сол екпінмен жауырынның етін сылып тастадым. Осы мезетте үлкендердің бірі маған:

- Қарағым қай ауылдың баласы боласың, - деді қатқылдау үнмен.

- Жоғарғы Қызыл таудың сыртында отыратын «бәленше» шалдың баласы боламын. Өзенге түсіп кеткен жылқыларды іздей келіп едім.

- Е, жөн қарағым, қолыңдағы бәкіңнің өткірлігіне сүйсіндім, - деді бірі.

- Өзінің қолы епті бала екен, етті қандай жақсы турайды, - дегенде отырғандардың бәрі ду күлді. Үлкендердің алдын орап, сыбағаларын турап тастағанымды жақамай қыжыртып отырғанын мен қайдан білейін. «Мақтау» естіген сайын табаққа төне түсемін. Арасында «Бәкімді түнеу күні әкем саптап беріп еді» деп бір мақтанып қойдым.

Кешке үйге оралып, әкеме көрген-білгенімді айтым:

- Солай да солай, өзенге түсіп кеткен жылқыны көріп қайттым. Қызыл қарағанға ел түсіпті. Жылқышы Мұқанның үйінен ауқаттандым. Күздікке ауылдың үлкендерін шақырыпы. Бұрын аттарын ғана естіген біраз шалмен жүз таныс болдым. Әнеукүні өзіңіз саптап берген сарымойын бәкімен жамбас кестім, - деп ыржиып әкеме қарадым. Сөйтсем әкемнің жүзінен тұман үйіріліп келеді екен. Шошып қалдым. Ежірейе қарап тұрып, «Сосын ақсақалдар саған не айтты?» деп сұрады. Мен болсам, дастарқандас шалдардың ептілігіме «сүйсінгенін» және қалай «мақтауымды» асырғанын айтып бердім. Әкей:

- Әй, көргенсіз-ай, мына қылығыңмен менің бетіме шіркеу келтірдің-ау. Алдыңда ақ сақалды қария отырғанда жас баланың жамбасқа жармасқанын қай ата-бабаңнан естіп едің, - деп ақырды.

Төбеме ойнаған қамшының астынан әзер қашып құтылып, сыртқа шықтым. Міне, содан бері өзімнен бір жас үлкен адам отырса қолыма пышақ ұстап, ет кеспейтін болдым.

Тілеуберді Сахаба,

Павлодар қаласы.

Көрнекі сурет old.baq.kz сайтынан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар