Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жазушының жан байлығы ...

15.11.2017 13624

Жазушының жан байлығы

Жазушының  жан  байлығы           - adebiportal.kz

Қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Көкалат ауылында туған. Жазушы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Жалын» альманағында қызмет атқарды. «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының екінші хатшысы болды. 1994 ж. ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 1997 жылдан Қазақстан Президенті аппаратында ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Өмірбаянынан көрініп тұрғандай, ауылда туып-өскен қаламгер әуелі бала тілін табатын газетте қызмет жолын бастаса, кейін жастар мен жасөспірімдерге арналған журналда талантын шыңдады, киностудиядан бастап газетке дейінгі басшылық белестерден абыроймен өтті, қаламгерлік қабілетін мемлекеттік қызметпен жақсы ұштастыра білді. Кейін өзі бас болып «Өркениет» деген атпен әдемі әдеби журнал шығарды.

Төлен Әбдіктің «Райхан» деп аталған тырнақалды әңгімесі жас жазушылардың «Таңғы шық» жинағында жарияланған болатын.Бұл әңгімесі жарық көргенде жазушы небәрі жиырма жаста екен. Одан кейін «Көкжиек», «Күзгі жапырақтар», «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» атты әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өліара», «Ақшоқыда қыс қатты» романдары жарық көрді. Қаламгердің еңбегі жанып, халықаралық Франц Кафка атындағы алтын медальмен марапатталды, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды.

«Өліара» романының бас қаһарманы Асқар қазақ халқының рухани құндылықтарын бойына жинаған иманды адамдардың жиынтық бейнесі. Құдай сүйер қылығы жоқ биліктің илеуіне көнбей, айдалып бара жатқан Асқардың жүрегі таза, санасы нұрлы. Қатал заманда қамыққан Асқардың арманы орындалмаса да, оның адамгершіліктен аттамаған міңезі қайсарлықтың көрінісі. Ал жазушы шеберлігі сол дәуір шындығын айнытпай бере білуінен көрінеді.

«Өліара» деген роман атауының өзі алуан түрлі ойға жетелейді.Өліара мезгіл – ескі ай бітіп, жаңа ай басталар аралықтағы уақыт, ескі мен жаңаның айқасы өтетін уақыт деп түсінген абзал. Қазақ халқының басынан өткен сол өліара мезгіл тезірек өтіп, жаңа күн туса екен деп іштей тілек тілейсің.

Жазушының «Ақиқат» атты кітабы «Истина» деген атаумен орыс тіліне аударылды, әңгіме, повестері украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылды. Орыс тілінде жарық көрген кітап әуелі 100 мың данамен таралса, арада көп уақыт өтпей тағы да осындай таралыммен қайта басылды. Осыдан-ақ жазушының орыс тілдес оқырмандарға кең танылғанын аңғарамыз.

«Ақиқатта» жындыханадан қашып шыққан кісінің аурухана сыртындағы өмірде жүйкені тоздыратын жегі құрттай қатерлі дерттерге жолыққаны сөз болады. Екіжүзділік пен опасыздық, алдампаздық пен аярлық – осылардың барлығы кейіпкерді бұл өмірден бездіріп, жындыханаға қайтып әкеледі.Автор фантастикалық повесть деп атаған бұл шығарманың кейіпкері Роберт ақырында асылып өледі. Алайда, бұл фантазия емес, ащы да болса ақиқаты осы.

Жасыратыны жоқ, кейбір қалам ұстаған ағайынның жазуы мен айтуы бөлек, жасаған ісі бөлек болып жататыны бар. Төлен ағаның сөйлеген сөздері мен жазған туындылары шындықты шыңғыртып айтуымен бағалы. Сөзі мен ісі арасында алшақтық болмаған жазушы туралы ақын Темірхан Медетбек тамаша портреттік өлең жазды.

Бипазсың! Содан да сен
Осынау лас өмiрден жиiркенiп тұрасың.
Жиiркенiп жатасың.
Осынау опасыз сұрқия тiрлiктiң
Отына оранып, өртенiп жатасың!

Бiлем мен
Оспадар өмiрдiң кескiнiн көрiп,
Ұлтыңды ойлап қаншама сен
Таусылып шыдамың,
Өзiңе тығылып тұншығып жыладың.
Мен сенiң тұншығып құмыққан
Сол бiр зарыңды
Арқырап жатқан сарқырамалардан да
Бес бетер есiтiп тұрамын.

Осынау жолдар Төлен ағаның бүкіл болмысын, қайтпайтын қайсар міңезін, ақиқатқа ара түсетін қаламгерлік қайратын көрсетіп тұрғандай.

«Оң қолдағы» оң қолы өзін буындырса, сол қолы араша түсетін Алма психологиялық шығармадағы тиынның екі беті секілді кейіпкері. Бұл әңгімеде өмірде итжығыс түсіп жататын жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық арасындағы тартыс нанымды суреттеледі.

«Мен өзімнің пышақ ұстап тұрған оң қолыма үрейлене қарадым» – дейді автор. Мұнда да гәп бар. Шайтан алжастырса, теріс жолға түсіп кету оп-оңай. Кез келген пенде қылмыс жасауға бейім. Бірақ, оларды тура жолға салатын ақыл және жат істен қашық қылатын сабыр.

Жазушы Сафуан Шаймерденов: «Менше неге болмайды деген өзімшілдік секілді қатерлі дерттен мені айықтырып алған дауа – «Оң қол» әңгімесінің өзі. Дәлірек айтсам, Төлен Әбдіков бойындағы баяу болса да айқын ашылып келе жатқан жазушылық талант. Ал талантқа бас имеу – ақымақтардың ғана үлесі болмақ» – деп ағынан жарылған.

«Тозақ оттары жымыңдайды» қатал цензура кезінде жазылған, айтар ойын емеуірінмен білдірген ең үздік повестердің бірі. Могиканның соңғы тұяғындай болған үндіс тағдыры қазіргі қазақ елінің келешегіне де ескерту секілді.

Философиялық проза жанрында жазылған «Парасат майданы» ПЕН-клуб сыйлығына ие болды.«Парасат майданының» кейіпкері: «Рухани әлемде екi бағыт бар: бiрi – пенделiк мүдде, екiншiсi – биiк парасат пен iзгiлiк құдiретi. Пенделiк мүдде, негiзiнен, тобырға жақын, ал биiк парасат - сирек тұлғалардың еншiсi. Бiз қазiр пенделiктi қоғамдық дәрежеде ашық насихаттауға кiрiстiк, тобырдан жеңiлгенге ұқсаймыз» – дейді.

Алайда, періште мен сайтанның, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес күресінде махаббат және шындық үстемдік жасауға тиіс. Автор бұл ойын ашық айтпайды, тұспалдап жеткізеді, ал өмір сүруде қандай жолды қалау керек екенін оқырманның еншісіне қалдырады. Повесті оқи отырып Абайдың «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен...» деген жыр жолдарын еске түсіресің.

«... Тазалықты тәңiрi тұтқан қорғансыз жанның одан арғы тағдыры маған беймәлiм. Ғайыптан-ғайып тiрi жүрген болса, бағы жансын, iзгiлiкке деген сенiмiнен айрыла көрмесiн. Адам баласының жетiм сәуледей сығырайған үмiтiн жақсылықпен жалғап әуре болған әулие жан қайда жүрсе де аман жүрсiн. Ал егер ол бұл дүниеде жоқ болса, онда... амал қанша, иманы саламат болғай. Әумин!» Шығарма осындай сөздермен аяқталады. Автордың әдеби кредосы да осы жолдарда тұр.

Әбдіжәміл Нұрпейісов «Парасат майданын» оқып шыққаннан кейін гипноз алған кісідей бір ай бойы есеңгіреп жүргенін жазыпты. Талант құдіреті, қалам қайраты деген осы емес пе?!

Төлен Әбдік өзінің сұхбаттарының бірінде: «Творчестволық кредо деген болады. Творчестволық кредода менің ойлайтыным, адамның жалпы сөзі мен ісі бірге болу керек. Сөз бен іс ажыраған жағдайда ол адамды үлкен, терең парасатты адам деп айтуға болмайды. Себебі ішкі дүниенің жарығы, сөзі бір болып, ісі екі болып жататын... сондықтан сен шығармада қанша талантты болғанымен де, егер жүрегің таза болмаса, адал болмаса, өмірде сол адалдықтар үшін талай қиындықтар көріп жатпасаң, онда сенің шығармаң үлкен, шын мәніндегі шығарма болмайды деп есептеймін» дейді.

Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» атты драмалық шығармасы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар және жасөспірімдер театрында қойылды. Қостанайдағы орыс драма театры автордың Мұрат Ерғалиев аударған осы пьесасын орыс тілінде сахнаға шығарды.Режиссер Александр Лиопа сахналаған туынды Қарағандыда өткен фестивальда «Қазақ драматургиясын меңгергені үшін» арнаулы дипломымен марапатталды. Осы заманның өзекті мәселелерін арқау еткен пьесада 20 жыл өткен соң бұрынғы бірге оқыған достардың кездесуі сөз болады. Мұрат, Өмірбек және Дариғаның біреуі елім десе ет жүрегі елжіреген перзент болса, екіншілері ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруді көздеген тоңмойындар. Үшеудің аққу, шортан, шаяндай ара-қатынасы көрерменді тәрбиелейді, жаманнан жирентіп, жақсыдан тәлім алуға шақырады.

Соңғы жылдары жазылған «Ардагер» пьесасы ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған драматургиялық шығармалар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры осы пьесаны сахнаға шығарды.

Жазушының «Қайырсыз жұма» деп аталатын әңгімесі қазіргі ұңғыл-шұңғылы көп қоғамның дертін тамыршыдай тап басқан шығарма. Әңгіме кейіпкерлері министр мен хатшы бір бірінен айнымайтын кейіпкерлер. Қызметтен түскен күні министрдің дәм-тұзы таусылады. Бірақ, біреулер үшін қызмет қолдың кірі болса, биік мансапқа қол жеткізгендер үшін одан айырылу азап.

Автор әңгіме желісін былайша сабақтайды: «Марқұмның қара жамылған әйелі көзіне жас алғаны болмаса, дауыс қылып жылаған жоқ. Әбеннің қазасын естіп, хатшы ауырып қалыпты дегенді естіген болатын.Көңіл айту рәсімінен кейін, марқұмды жөнелту шаралары төңірегінде бірер сөз болды. Қаралы әйел хатшыға рақметін айтуды ұмытқан жақ. Бүкіл зиялы қауым, қалың ел қабырғалары қайысып, қайғыға ортақ болып жатыр екен. Әсіресе, Үлкен кісінің хабарды естісімен, командировкасын тастап, әдейі келгенін, таңертең үйге кіріп шыққанын айтқанда осыны өзіне зор бедел, мақтаныш тұтатынын жасыра алмады.

– Дәм-тұз таусылып тұрса, оған кім араша бола алады? – деді әйел тағдырдың бұйрығына келіскен бір үнмен. – Кешеден бері бұған да үйрендік. Шүкірлік еттік. Әйтеуір мынандай қызметте жүріп кеткенінің өзі жұбаныш секілді. Әйтпесе, осынша үлкен құрмет болар ма еді... Әйел тағы да көзіне жас алды. Қабырғада қара лентамен көмкерген Әбеннің суреті тұр. Сәл жымиып түсіпті. Кешеден бергі оқиғаның осылай болып аяқталғанына өзі риза болып тұрған секілді. Хатшы суретке ұзақ қарады. Оның өзiмен ең тағдырлас, өзiне ең жақын адам екенiн қалай байқамағанына iштей қайран қалды. Сол сәтте келесi өлiм кезегi өзiнiкi екенiн сезгендей, жүрегi болар-болмас шым еттi».

Баянсыз жалғанның жанды жаралайтын көріністері әңгімеде өте әсерлі берілген. Төлен шығармаларының қасиеттерін санамалап көрсеткеннен көрі сол шығармаларды қайыра бір оқыған адам көп әсерге бөленеді. Ең бастысы, автор оқырманды ойлауға, ойлануға мәжбүр етеді.

Талантты тұлғалар тобырдың дегеніне көнбейді, топастардың айтқанына сенбейді. Қоғамдағы дертті сөз шипасы арқылы емдейді. Бұралаң жол болса да ақиқаттың тура жолынан таймайды. Адамзаттың қамын ойлайды. Төлен ағамыз осындай сирек таланттардың қатарында.

1982 жылы ол өз қолымен берген қолтаңбасында «қазақтың талантты ақыны Ақылбек ініме, бақытың жансын, абыройың ассын, халқынның сүйікті азаматы бол!» деген лебізін жазып еді. Бұл тілекті орындауға тырысып бақтым, халық көңілінен шыға алдым ба, білмеймін. Бірақ, менің талантыма сондай баға берген аға көңілі жаныма қанат байлағаны рас.

Қызметті міндет қылатындар да бар. Сол қызметіне құрмет іздейтіндер де аз емес. Жетпістің белесіне шығып отырған Төлен Әбдік қызметтің де қызығын көрді, құрметтен де кенде болған жоқ. Жағадан алмаса да, аяқтан шалғандар да болған шығар. Соның бәріне төзді. Ең басты құрмет – ел құрметін жан-жүрегімен сезді. Жазушының жан байлығы ел игілігіне жұмсалды.

Ақылбек Шаяхмет


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар