Биыл ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Зейнолла Әкімжановтың туғанына 75 жыл. 1951 жылы Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Бар ғұмырын журналистика саласына арнаған жерлесіміз, ақындық-жазушылықты қатар алып жүре білді. Туындыларына туған жерді, сұлулығы талайды тамсандыратын солтүстіктің табиғатын, махаббат пен батыр-жырауларды арқау еткен. 1993 жылы қаламгердің тұңғыш «Жерұйық» жыр жинағы, 2001 жылы «Мизамшуақ», 2008 жылы «Нұрлы шуақ» кітаптары жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін ақынның 2021 жылы «Оттай ыстық Отынағаш», 2024 жылы «Замана шам-шырағы» кітаптары басылды.
КҮЗГІ КӨРІНІС
Боз түс, боз түс – бейжай,
Ызғарлы,
Беймәлім, мезгілдің бейне бір сыз ба алды?
Қарасұр бұлттар жөңкіген аспанның
Қабағы ызбарлы.
Жаз бойы аққан қырларда
Есіліп,
Өзен-бұлақты басқандай күздің сесі нық.
Ақ балтыр қайың да, жас тал да уайымда –
Желегін тастаған шешініп.
Биік жардан көз салам
Төменге,
Жасыл талдардан қалмапты желең де.
Сұр бұлттар шомылып айдында,
Құстар легі ағады төбемде.
Қыр төсі қалыпты
Солғындап,
Құстар легі аспанды жол қылмақ.
Боз тұман кешкен, ызғарлы сеспен,
Күндерім барады қол бұлғап.
ГҮЛ МЕНЕН ҚЫЗ
Аруды ардақтауды білген елміз,
Сұлу боп көрінер ек кімменен біз?!
Көктемнің өзі өңсіз көрінеді –
Болмаса жайнап тұрған гүл менен қыз.
Шабытсыз жырды қалай
Күнде өрерміз,
Шабытты шақ туғанда
түрленерміз.
Жүректің қыл-сезімін шертіп тұрар
Көктемде күлім қаққан гүл менен қыз.
Шабытқа ере алмасақ –
сыр берерміз,
Сыр бермей, шабыттанған
жүлдегерміз!
Наурыздың нақышындай көз тартады
Келбеті келіскен соң гүл менен қыз.
Аруды "Ажарлы жан – бұл" дегенбіз,
Арудың аруын да іздегенбіз.
Көктемнің кескінінен айналайын,
Мәңгілік жасай берсін гүл менен қыз...
КӨКТЕМДІ «ҚЫЗ!» ДЕЙІКШІ, «КӨКТЕМ» ДЕМЕЙ
Таңсық боп көрмегендей көптен мерей,
Тәнтіміз наурыз-айға жеткенде кей.
Көз алдың қызыл гүлдей келбетті кез –
Көктемді «Қыз!» дейікші «Көктем» демей.
Елітіп жүргендейін біз елеске,
Адассақ - елік-сезім түз емес пе.
Қырмызы қырға толар көктемдегі
Түбірі қызғалдақтың қыз емес пе.
Құмартса – сұлулыққа есті біле
Ақынның ағат айтпас ешкімі де.
Қыздардың қызғалдақтай жайнап тұрған
Көктемнің өзі емес пе кескіні де.
Күн келді сезіміме төккен мерей
Ызғарсыз, үскіріксіз, өктемдемей.
Наурыздың ажарына тағзым етіп,
Көктемді «Қыз!» дейікші «Көктем» демей.
ҚАРА ҚАЙРАҚ
Қара қайрақ, сенің тас – тегің,
Тас текті болса - түлер-ді Ер.
Көңілімді басса әсте кім,
Көтерер оны жігер бер.
Нәті тас шарғым – қара қайрақ,
Шалғыдай мені жаны да,
Бәсеңді көңіл жарамайды-ақ,
Қуат бер, қуан, жаныма.
Көрейін содан сорымды,
Бойымнан қуат тарқама.
Кінәлі болсам, өрімді
Таспаңды сілте арқама.
Ұғынар дейсің кімді кім,
Таппассың кемдік санамнан.
Мен үшін ақиқат, шындығым,
Ардақты туған анамнан.
Боламын кейде сергелдең,
Сөйлеуді білмей еппенен.
Әйел сөзіне ергеннен
Әй, асып кімді жек көрем.
Әй, асып кімді жек көрем,
Шындықты сүйіп ар барда.
Ата жауымдай кектенем,
Ақиқатқа бір дақ салғанға.
Қара қайрағым-ау, аңсаған,
Аққа жақ болдым ақын боп.
Қара дақ салған болса - анам,
Турадан қайтар хақым жоқ!
Тас текті болса – түлер-ді Ер,
Таспалы қамшы қолыңа ал.
Жонымды тілсін біреулер,
Ағатым болса - жонып ал.
Ағатым болса – шынында-ақ,
Арқамды қамшы осқандай.
Ақиқат үшін шырылдап,
Азабын тартсам жасқанбай,
Көзімнен тамар жас қандай!
СЕН АҚЫНДЫ ҚОРЛАМА, ҚОРЛАМАШЫ
Сен ақынды қорлама,
Қорламашы,
Ақын деген – тағдырдың өр баласы,
Өлтірсең де болады өрде басы,
Жатпайтұғын жалғанда жерде басы!
Сен ақынды итерме
Кеудесінен,
Ақын жыры емес пе сел-несібең.
Толқын болып тулайтын теңіз де сол,
Сөйлейтін сол домбыра пернесімен.
Ақын деген адам ғой
Елден ерек,
Ақындарды жел, дауыл пенде дер ек.
Есеп-қисап дегенді білмейтұғын
Отқа өзі түсетін ол - көбелек.
Болмашыға қалатын
Жараланып,
Ақын деген жаны әлсіз, дара халық.
Сезіміне сенетін аңқау, аңғал,
Баладайын балауса болады анық.
Ақындарда өзгеден
Басқа жүрек,
Шабыттанса шығады аспаны үдеп.
Жырын ұққай бәйгеге қосқаны деп,
Жаралама жүрегін босқа мінеп
Жырын оқып, жан жылып,
Тамсанатын,
Тепкілерге төзбеген қаншама ақын.
Тірісінде сыйламай, өлгеннен соң
Тілді безеп мақтаумен там соғатын.
Сен ақынға төре боп
Ірісінбе,
Ірілігім өзіме, құрысын де!
Қай ақынды табарсың жер бетінен
Көріп кеткен құрметін тірісінде.
Жүрегінің лүпілі –
Жырдағы үні,
Бұлт үйірме – күлімдеп тұр ма Күні?!
Жүрегіне шындығы шуақ берген
Ақын деген – өмірдің шын лағылы.
Ақын емес, сызданған
Салқын адам,
Ақын жаны, өртенген жарқыраған.
Бастауындай қайнардың таза, мөлдір
Ол жаралған жарықтан, нар-тұмадан.
Ақын деген – айнасы
Көп өнердің,
Ақын деген – өзі ғой кенен өрдің.
Жүрегінің түбінде күмән болмас
Өзі емес пе нұр болып себелердің.
Кеудесінен итерме сен ақынды,
Көрсетіп ап мінезін тебегеннің.
Қалдырмаған көңілін көбегеннің,
Ақ жүректен ақтарған жырын ал да
Көз жасыңды көлдетіп төге бергін.
Сонда ғана ұғарсың бар болмысын
Сыршыл, жыршыл шын ақын деген Ердің!
МАҒЖАН РУХЫ
Сонау заман ақынды еңіреткен,
Киім емес, кигенін кебін еткен.
Ыза кернеп, ызғарға кегі кеткен,
Кек қайтарар жастарға сеніп өткен.
Қаншама жыл арада жатсадағы,
Адырнасын керіпті ақ садағы.
«Мен жастарға сенем!» деп үміт етіп,
Ертең атар арайды тоқ санады.
Тегін болмай түбінде осы медет,
Желтоқсанның жалғасқан көшіне кеп.
Рухы мықты бұл үміт дауыл болып,
Санамызды оятқан есіп, елеп.
Иілсек те, емеспіз мүлдем сынар,
(Намыссызға қайраумен кім берсін әл?).
Желтоқсанда бойында жас ұланның
Ұлы Мағжан рухы жүрген шығар?
ЖҮРЕКТІ НЕМЕН, ҚАЛАЙ ЖАЗАМЫН, Ә?!
Сергей Есенинге
Не ругайтесь. Такое дело,
Не торговец я на слова.
Заирокинулась и отяжелела,
Золотая моя голова...
С. Есенин.
Өсекке таңылып ең, уа, Сергей,
Өсектен құтылмадың, рас, өлмей.
Жалғанды жалпағынан бассаңдағы
Жауызбен дәрменің жоқ күресердей.
Өсектен құтылмадым мына мен де,
(Білгеннен ақыл, жәрдем сұрар ем де).
Күңкілдің күйігінен оты қызу
Қандай өрт болады екен бұл әлемде?
Өмірдің қалмаған соң бұл көшінен,
Жақсымен де жаманмен бірге сүрем.
Кеше-ғана қызықты күн кешіп ем,
Ертең де жалғасар ма бұл несібем?
Ертең де жалғасар ма бұл несібем,
Сөйлейін өмірімнің мінбесінен.
Біреудің бермесіне жармаспадым,
Біреудің дәме етпедім жүлдесінен.
Мұң, қамсыз өте берсе есіл өмір,
Несіне жыр жазамыз шешіле бір?
Өмірдің мазағы мен азабына
Жүректі шыжғырамыз несіне кіл?
Отырам ой – тұтқында сан қамалып,
Өмірдің заһарынан толғап, алып.
Пыш-пыштың бықсығынан құтыла алмай
Жүрегімді кейде бір қанға малып.
Бір сүрініп, бір құлап, бірде тұрып,
Жанымды азап, тозақ қылды өтірік.
Шындықтың шыңына бір шығамын деп
Жолымнан қайта алмадым шын бекініп.
Аяқтан өсек-аяң іле берді,
Білдірмей, босағамнан күле кірді.
Жалауын жүрегімнің жығып кетсе,
Бір жігер жүрегімнен түрегелді.
Соның бәрі, шіркін-ай жара маған,
Бойымды өсек өрті аралаған.
Ана бір жақсылыққа сараң адам,
Жамандықпен туысқан шаранадан .
Кешір мені етсем бір сырымды әйгі,
Кейде бір жақыным да бұрылмайды.
Жүрегімді біреулер ұғынбайды,
Шындық үшін бейшара шырылдайды.
Ізгі тілек, ниетке арманды едім,
Біреудің қызғанбадым сал-дәуренін.
Ұнамайды біреуге алған демім,
Ұнамайды біреуге әл-дәрменім.
Қызғанады біреулер тірлігімді,
Қиғысы да келмейді нұрлы күнді.
Қуанатын жандар бар өліп кетсем,
Көз жасыммен жаба сап түндігімді.
Ғайбаттап, біреу мені кінәлайды,
Біреуге тірі күнім ұнамайды.
Біреу келіп жаныма үңіледі,
Біреу келіп жаныма сығалайды.
Қызғаныш па, күйік пе соның бәрі,
Кесек атқан сұмдардың соңымдағы.
Жақсылықты тілеген жүрегіме
Жамандықты жапсырып тарылғаны.
Күңкілдің көп ілініп назарына,
Айналамын жосықсыз жазалыға.
Шыдау үшін өмірдің азабына
Жүректі немен, қалай жазамын, ә?!
Өсекке таңылып мен, уа, Сергей,
Ғайбаттан құтылам ба, рас, өлмей.
Жауызбен дәрменім жоқ күресердей,
Болам ба әлде бейбақ мына сендей?
Бірде құлап, бір тұрып, сүрініп мың...
Жанарымнан жүремін білініп мұң.
Заһар іштім, жалған ба - жылыныппын,
Мына өмірдің келіп бір сырын ұққым.
ҒҰЛАМА
Облыстағы тұңғыш қазақ профессоры Қайырбек Оразовқа
Ғұламалық жарасқан,
Сірә, қандай,
Білімпаз деп халайық құп алардай.
Даласындай дарқан кең ойлар тулап,
Ғылым үшін жаралған мына маңдай.
Даңғыл емес,
Өрмелеп қия бетпен,
Сан ойларды салмақтап жияды еппен.
Жаңалықтар армандап қиял еткен
Айнымайды ізденгіш жиі әдеттен.
Есептеген, екшеген,
Шамалаған,
Үркер ауып кеткенге қарамаған.
Формулалар қаптаған көп ойларды
Ғұламалық қамшысы сабалаған.
Мына баста тулаған
Кемеңгер ой,
Қалай тынар ізденбей, елеңдемей.
Тарта берсін даңғылы асуларға,
Төбелерге қонып қап, төмендемей.
Дана басқа дарын кеп
Дарығасын,
Кешіп жүр-ау ғылымның дариясын.
Ғалым деген ол да бір дара балаң
Ойламаған бас пайда, жанұясын.
Бұл ағамыз ізденгіш,
Қашан да әлек,
«Кәдеге асар жаңалық ашам ба?!» деп.
Алынбаған ғылымның асуларын
Арман еткен алқынбай басам ба деп.
Жаңалықтар жау болсын –
Арбасыңыз,
Арбасыңыз,
Мереймен алға асыңыз.
Қас дарынның біткені рас болса -
Ғұламадан қалайша қалмасын із,
Елің үшін аянбай төккен терлер
Бола берсін ғұмырда жалғасыңыз!
ҒАЖАП ӘНІ ӘЛЕМДІ ЕЛЕҢДЕТКЕН
Әнші Ермек Серкебаевтың қазасына
Кім өткенін өмірден ойланалық,
Заман оны төріне қойғаны анық.
Бір дәуірі өнердің ойсырады,
Жетпіс жылдай жасаған бойға дарып.
Бейжай етер бұл ажал жайы кімді,
Жоғалтты әлем Ай, Күнге лайық ұлды.
Хас өнердің қанаты қайырылды
Бір жұлдыздан көк аспан айырылды.
Шаттық болып ән қанат сермегені,
Ғалам жұрты қол соққан Ермек еді.
Жер-жаһанның сахнасын сазға бөлеп,
Ән шырқаса, өсетін ел беделі.
Баса да алмас өзіңнің ізіңді әркім,
Тамыры – алтын тумасы Қызылжардың.
Қарашаның күні де қабарып тұр,
Жүректе – мұң, көңілде – қыжыл бар күн.
Өтер күз де, қыс та өтер, келер көктем,
Жаз қоштасар желекті көп өрнекпен...
Ұмытпас ел, сағынар саңлағын
Ғажап әні әлемді елеңдеткен.
Тарланбозға табиғат өнер берген
Тәнті болып, дарынын әлем көрген.
Есімі оның өшпейді ел жадынан
Әні өлмейді мәңгілік, тәні өлгенмен.
АЛДАНҒАН АҚҚУ
(Өмір аңызы)
Аңыз дейік,
Сонда-дағы өмір бұл,
Жас шағыңда өмір нұрлы, көңіл – гүл.
Шағын ғана бір ауылда бейкүнә
Болған еді әдемі аққу – көгілдір.
Сол көгілдір көркем еді,
Пәк еді,
Аяулы еді, асқақ еді әдемі.
Арман толы жүрегіне арудың
Жоламаған ешбір жанның әлегі.
Сұлу еді сол көгілдір
Таңдардай,
Сұлулығын адам қоймас аңғармай.
Қара бұлттың көлеңкесі түспеген,
Аппақ ару ақындар жыр арнардай.
Сол арудан болғандар көп
Үміткер,
Ұсынатын жүректерін жігіттер.
Мың адамға жалғыз өзі татитын
Көгілдірдің жан-жүрегін ұғып көр.
Мен жыр жазам
Көзден жасым төгіліп,
Қайғысына қабырғам да сөгіліп.
Сұқтанғандар көгілдірге көп еді,
Қайран ару, сезді екен не біліп?
Бұл қазақтың бәрінен де
Тойы көп,
Тойдан өзге кейде оның ойы жоқ.
Қиырдағы бір ауылға келді ару
Құрбысымен қызық көру ойы боп.
Көгілдір-ай,
Еркін жүзген айдында,
Қанатыңды қызыққа еріп жайдың да.
Осы тойда қарақұсқа кезігіп,
Сол болды ғой сенің шерің, қайғың да.
Отыздағы сол қарақұс
Шалыпты,
Көгілдірді тамсандырған халықты.
Жас аруды аңдатпастан шеңгелге
Түсіретін бір амалын тауыпты.
Бейкүнә боп, дені сұлу бір жансып,
Сол қарақұс көлгірсіпті ділмарсып.
Қашандағы ару қыздар аңғалдау,
Ал арамы келеді ғой сұмдар-сұқ.
Ару бала, айласы жоқ,
Ұрыншақ,
Кез келмеген оған мұндай бұрын сәт.
Әлгі жігіт – отыздағы қарақұс
Отырыпты оны арбап, сұғын сап.
Жылмаң тілмен жас аруға жақсын да,
Бір амалын алдауменен тапсын да!
Арам ойын асырыпты жүзеге,
Көгілдірді топшысымен қақсын да.
Көз жұмулы десең-дағы,
Ел мейлі,
Аяғы ауыр қызды қалай көрмейді?
Қаңтар-қыста оны салған қақпанға
Қара ниет жаз өтсе де келмейді.
Кетіп еді: «Қамықпа!» деп,
«Алам!» деп,
Ару жүрді жолын тосып алаң боп.
Анасына жайып салды бар сырын
Ақылдасар адамы ғой,
Амал жоқ.
Бермей қойды сол қарақұс дерегін,
Қолы жетті, алдап алды керегін.
Ару қалды жүрегіне у толып,
Қайтсін енді, шекпейді ол неге мұң?
Опық жеді абайсызда баласы,
Соны ойлаумен қайғы шекті анасы.
Қара ниет қарақұстың арбаумен,
Аққу-құсты жұлмалауын қарашы.
Асыл ана балайтұғын заңғарға,
Сенен асар, пана болар жан бар ма?
Баласына жанын қияр аналар,
Қиын сәтте ана барын аңғар да.
Қайран ана, асқақ еді қиялы,
Шамшырақтай нұрландырған ұяны.
Кенже қызын қалай жатқа қияды,
Сол жігітің адам ба екен зиялы?
Кім екен ол, білген бұрын оны кім,
Адам ба екен өнеге етер өмірін?
Осы жайды айтып-айтпай не керек,
Күйеу бала қалдырды оның көңілін.
Жақсысы бар, жаманы бар - өмір бұл,
Уға толды, болды енді көңіл кір.
«...Керегің жоқ, күдер үз!» - деп жазылған
Жеделхатын алды кейін көгілдір.
Көгілдір-ай –
аққу-құстың баласы,
Ойда жоқта толып кетті наласы.
Шарқ ұрады ауылында амалсыз
Қолдан келер болмаған соң шарасы.
Көрді солай ойда жоқта тосынды,
Сүю деген сезімін де өшірді.
...Жыл өткенде жылмаң қағып келгесін
Амалсыздан қарақұспен қосылды.
Арасында бар едәуір айырма,
Қарақұс кеп қонды аппақ қайыңға.
Қаншама жыл содан бері өтуде
Аққу-құстың жан-дүниесі - уайымда.
Ол жылайды,
Ақын да оған ереді,
Көгілдірдің көзінен жас көреді.
Өмір ғана жыламайды, ол – мылқау
Өмірге тек қатыгездік - керегі!
Жанарынан жазылмайтын сезіп мұң,
Қайран Мағжан, Аққуыңа кезіктің.
Ол жүр екен озбырлыққа көнумен,
Езгісіне өзімшілдің төзіп тым.
Мейлің асып,
Мейлің кейін атыңдар,
Көгілдір-ау, самғуыңа хақың бар.
Сырға ұғып, жырды жазып, жүрегін
Жаралайды сүйе білген ақындар...
Болмасыншы бұдан әрі көңіл-кір,
Жадырасын шуақ шашып өмір бір.
Аспаныңа самғай берші, Аққуым,
Ауылыңнан түлеп ұшқан КӨГІЛДІР!
