Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
"Жетісу көктемі" прозашылар байқауы. №3 шығарма...

10.03.2023 1668

"Жетісу көктемі" прозашылар байқауы. №3 шығарма 14+

"Жетісу көктемі" прозашылар байқауы. №3 шығарма - adebiportal.kz

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №2  шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Киік жаным

БАЙҚАУДЫҢ ЕРЕЖЕСІН ОСЫ ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР

Баланың басы дірілдеп қалшылдап қалды. Сопаңдап белге шыға келгені сол, бел астынан келе жатқан әскери ұшақты қарсы алуға шығып жүгіре жөнелгені сол бел үстінде қалқиып, басы қылшылдап қалған бала өз басын тоқтата алар емес. Бүкіл полигон аумағының ядросы мінекей өз басына кіріп алып, шыға алмай жатқан. Мөлдіреген жәудір көздерінің ішіне бір тал мөлдір жүзімді тастап жібергендей, булыққан мөлтек жас шықты. 

- Әг-г-ге!.. 

Созалаңдап шыңғырып шыққандай болған дауысты шала естісе де баласының төбеде қалтақтап тұрып қалғанына әбіржыған майор баласының қос тізесінен құшақтай алып, ентігіп демалып отырды. Ентіккен әкесінің қолындағы тізесі жансыз денедей солқ етіп бүгілердей, бала қисаңдап еді, шынымен аяғы қозғалмай тұр екен. Баласының аяғын бір жіберіп босатып қалған әке мұны баласының қылтыңына балап еді, қайта сынап көріп баланың аяғынан хауіп көріп: 

- Орнығып тұршы, -деді. Бала орнығып тұра алмай сүріне берді. Сол күйі баласын дереу көтеріп әкеліп үйіне жатқызды да, білек-қолын жуып жіберіп, асығыс емшілік темір талысын ашып, дәрі-уколдарын жағалата тізіп қойып барып, баланың аяғын белін басып көріп, қолын ұстап ауырған-ауырмаған тұстарын сұрап, сипалап анықтап білді. Құлағын ауызына төсеп тұрып: 

- А-ах!, -деші. 

Бала: 

- А-а-ах!..., -деді. 

Демік тексеретін 3-4 түтікті қатар қойып, оны әртүрлі реңдегі сұйық заттарға жалғап,«ал, үрле» деген. Бірінші үрлеуді тексеріп тізесімен жерге отыра қалып, төсек үстіндегі сұйықтықты тексерген. Бас шайқады.«Ештеңе жоқ» 

Екіншісіне түтік салды.«Ештеңе жоқ» 

Үшіншісіне салды.«Ештеңе жоқ» 

Төртіншіне салды.«Ештеңе жоқ» 

- Тәуірленіп кетесің, балам. Уақытша қиналыс. Саған жақсырақ демалу керек. Фантастикасы ауыр кинолар мен жүйкені тоздыратын ұзақ сериалдарды бірнеше күн қалпыңа келгенше көрмей тұр. Кемінде төрт күн. 

Сосын, әжеңді де сағынып жүрген шығарсың? 

Бала үнсіз. 

- Влас, неге үндемейсің деймін. Влас... 

Баланың бетін қағып көріп: 

- Қуарып кеткен. Не болған?... 

Бала дөдегеге аңырып қарап жатып: 

- Домбыра деген не?, -деді. 

Олег аңтарылып: 

- Домбыра... 

- Иә... 

Бала әлі төбеден көз алмай. 

- Көрмедің бе әлі. Телеарнадан білесің ғой. 

- Маған біреу «домбыра» деп айтты. Олег қабақ шыта, тіпті аңтарылып: 

- Жабайылардың қуыс ағаш аспабы. Маған оның ештемесі ұнамайды. Жамыраған саз да шықпайды. Ішінен ағаштың өз дүңгірі шығады. Міне, былай, -деп екі шынтағымен үстелді түйгілеп, баласын осындай қылықтармен күлдірмек еді, бала жыламсырап көзін жұмды. Жақындап келіп үңіліп қараған еді, жас бар екен көзінен баяу сырғып секпіл бетіне жылжуға әзір. Өлге басын шайқады да: 

- «Қойлардан» бірдеңе жұқпаса тәуір. 

Олег пешке от жағып, үйді қыздырып екі қолын пеш аузына қақтап отырды. Майордың жасыл иығының үстіндегі қос сызығының ортасында жалғыз сары жұлдыз түн тілеп көкке қарап жатқандай. 

***

- Ауылға атақты Біржан сал келіпті.

 Көсеге сыртында естілген дауысқа елең еткен Айгерім бүкшеңдеп баланың жаялығын жайып жүріп артына бір қарап қойды. Сыңғырлы дауыс иесінің лезде жетіп келетініне сенімді. 

- Оу, ақ жеңеше, амансызба, -деп күңгір де мейірлі дауыс иесі жарқылдап келіп  Айгерімнің мойынына асылды. Қайын сіңлісінің бетінен сүйіп «сәлемің қабыл» деген. 

- Абай ағам «салды сасық қамал қорада қарсы ала алмаймын» деп Тізесу жақтан дей ме жер таңдап жатыр екен. 

- Отыр, қырмызым. 

- Рахмет жеңге, -деп құйрығын басып отырған пысық қыз қопаңдап оңды-солды қарап, кішкене сәбиін шалқайтып қойып шалбарын ауыстырып жатқан жеңгесіне қарап: 

- Мен ауыстырайыншы.. 

- Жоқ, өзім ауыстыра берейін. Болып қалдым. 

- Құ-лұн-ша-ақ!... Тағы былғап қойған екен ғой шешесін әбігерге салып. И-и-ій, тәттісін-ай, бетінен... 

Шымшып алды. 

Жеңге, естідің бе? Біржан сал келеді екен. 

- Естідім қырмызым деймін. Ән үйренетін болдың? 

- Иә, соны айтсаңызшы.

Жадырап күлді қыз.

- Абай ағаңның да қуанышы қойынына сыймай жүрген шығар.

- Иә-ә!... Айтпаңыз. Аралтөбеге келгелі бір жыл болып қалсада мұнда көп керемет жаңалық жоқ еді. Жаңа қыстау сарайға айналатын болды. 

- Жаңа Абай ағаң салға жаңа орын әзірлеп жатыр демедің бе? 

- Иә, солай екен ғой. 

- Тізесуды талдап па? 

- Анығын Абай ағамнан өзіңіз сұраңыз. Менің де білгім келіп отыр. Өзінен сұрайын десем үйде жоқ. Қайда? 

- Семейде. Ұлық шақырып кеткен. 

- Өткен жылы Қарамола сьезінде генерал-губернатор Цеклинцкий ағамды төбе би сайлап заң-жарғылардың үстінен қаратып, Ақмол мен Семей халқына кең таныстырғаннан бері ағамның аты шарықтады. Ұзын құлағын түрген Біржан ағамның төбе билігін де, ақындығын, қаракөк тұқымдығын естіп бір кезіккісі келген болар. Айтыңызшы, өзі жалғыз келеме мұндай адам? Бір топ өнерпазын ертіп жүреді деуші еді, солай ма? 

- Көп болып келсе, иә? 

- Сол ғой. Думанды болар еді. 

- Құрбы-құрдастарыңды жия бер. 

- Ой, қо-ой жеңге олар менен бұрын естіп алған. Шыңғыстаудың еді салды көреміз деп малдарын қамап тастап, өздерін салдың алдына байлап тастауға әзір отыр. 

- Оның бәрін қайдан біліп келдің қырмызым. 

- Мен білмейтін жаңалық болама бұл таудың қуысында. 

Екеуі қосыла сыңғырлап күлді..

- Әй, сылқымдар, мәзсіңдер ғой. Біржан сал келеді деп пе? 

Беліне оратылған Әубәкірмен бірге кірген 76 жастағы Ұлжан ананың алдынан шалбары енді ауыстырылған Мекайыл шығып балағына жабысты. 

- Әже, -деп екеуі де күлміңдеп иілді. 

- Енді қанша жас жасарымызды білмейміз. Біржан деген Арқаның күнін көретін де күн болады екен ғой. 

- Біржан Арқаның күні болса, Ақмола мен Семейдің шартарабына аты кетіп жатқан ағам кім болмақ? 

- Абай ағаң ай ғой, -деп қыздың маңдайынан иіскеп қойды. 

- Иә, солай деп айтпасаңыз өкпелеп қалатын едім. 

Ұлжан ана бойжеткенді шашымен қосып емірене иіскеп қойды. 

- Бәрің сыйасыңдар. Енжарласпай қатар қарап отырыңдар. 

Қалтасын тіміскілеген Мекайлға тыныш отырған да қалтасынан жарқышақ науат алып үлестірді. 

- Байқаңдар, ақ жібін шайнап жұтып алмаңдар. 

***

Есікті жұлқып өз қолымен күшеп ашпақ болған еркін адамның дыбысы. 

Маздаған оттың жанында тоңқайып ойланып, отты ермек қып көсеп отырған Олег атып тұрды, есікті жұлқып қалып: 

- Кірме деймін есуас қой, ағарған қой, сұры қой, өз түсі жоқ, оңып кеткен қой. Кірме деймін. 

Анау жұлқып есікті ашып қалды. Шапкасын мыжырайтып киген, жасыл киімінен май дақтары көрініп тұрған, алынбаған күтімсіз мұрты өсіп кеткен жігіт. 

- Что случилось, мой друг Олег, случилось что-то плохое? 

Не болды Олег досым, жағымсыз бірдеңе болды ма? 

- Сұрама ештеңе. 

- Не болды деймін?

- Түсінесің бе, есікті жап. 

Тістеніп тұрды да:

- Бала ауырып жатыр. 

- Мүмкін менің көмегім тиетін шығар. 

- І-ій, баран, сөзді ұқпай тұрсың ба, кет. 

- Майор, түсіндіріңізші. Енді түнде қайда барам. Жатуға бұйырылған ортақ тұрағымыз ғой. Бұл сіздің жеке үйіңіз емес, бұл полигон. Бұл әскери арлақталған орын. 

- Әскери ме? 

Тістене жауап қатып. 

- Бұл жерде мен майор ма, қарапайым лейтенант бола тұра менімен қалай сөз таластырасың? Ертең-ақ сені ауыстырып тастаймын. 

- Жоқ, басеке. Қала берейін. Тек бүгінше жүрегіңізді жараламай кете тұрайын. Көңіл-күйіңіз орнына түскенде ертең түсте қайтып келем. 

Олег есікті шарқ еткізіп жапты. Әбігерленіп жүріп есіктің әлдеқашан сынып қалған ілмегін жөндеуге отырды. Бұл ілмек жарамсыз болған соң балға, сымтемір алып жаншып жасауға жанталасты да, есікке екіншісін салып көруге сынап жатыр еді, есіктің сыртында тағы дұбыр естілді. 

- Мен ғой, басеке. Бір сұрау сұрауға болама? 

- Сұра. 

Есік ішінен әбігерленіп жатып. 

- Есікке жаңа ілмек алғам. Соны беріп кетейін деп. 

- Қашан қайдан алып жүрсің. 

- Түсте алғам. Есікті қанша жапсақ та суық кіре берген соң. Оның үстіне айналада ядроның уы тиіп жардай болып үлкейіп кеткен қояндардың өзі есікті шықырлатып кеміріп ашып тұрса өзіңді жей ме деп қорқасың. 

Жұмсарды да: 

- Қойып кет, баран(қой), -деді. 

- Басеке, әлі балағаттап тұрсыз ба? Қатты айтып жібермедіңіз бе? 

- Баран болмаса домбырасың. Кешір, енді саған баран деп айтпаймын. Бірақ, сен бүгіннен бастап менің жанымдағы мазасыз, шыңғырлақ домбыра боласың. 

- Домбыра деген жақсы ғой. Рахмет, басеке. Айтпақшы, мен домбыра білем. Ұнатсаңыз тартып бере алам. Домбыраны қала жақтан ба, алдырам. 

Олег үндемей есікті сипап тұр еді, бәрін тыңдап жатқан баласы көзін ашып тіл қатты: 

- Кіргізбесеңіз де домбырасын еститініңізді айтыңыз. Мен үшін әке. 

Олег сүйеніп тұрған күйі есікке басын бір ұрды да, есікті жұлқып қалып андағайлап тұрған арбақай бұландай жігітке суық, өп-өтірік жымиып: 

- Рахмет Шойын. Домбыраны әкеле аласың ба?

Ол қолына ілгекті беріп жатып, қараса көкпеңбек әдемі темір ілгек екен: 

- Ертең демеймін, бүрсігүнге дейін таба алам. 

- Әзірге қажет емес. Балам демалуы керек. Дәл бір аптадан кейін алып кел. 

Оқталып тұрып қайта суық жымиып: 

- Сол кезде күтем. Өнеріңді көреміз, бағалаймыз. 

Көреміз деген сөзді кореймиз деп әдейі қазақша айтты, қалғаны түгел орысша. 

Ол қуана қоймады. Бастығынан сескену мен өз орнының төмендеуі, өтірік суық жымтыстар мен айбарға лағып шапкасын бір көтеріп, бастығына тіке оқталмай, есіктің дөдегесіне қарады да, аяқ киімінің ұшымен қары сықырлап жатқан жерді тепсінте бір шұқып қалып бұрылып кетіп бара жатып, жамбасы бір бүлкектеп артына шапкасының шетінен ұстаған күйі қарап қойды. Есікті керіп тұрып суық жасыл жылан жанарымен көмекшісін ұзатып салған Олег есікті дереу қымтап жауып, жаңа ілгішті ауыстырды. Есіктің қуыс-қуысына қазақтар басқан киізді тығындап, есіктен сығалап кірген ақ будың бәрін тұншықтырды. 

***

- Інім, інім, Тізесу десе Тізесу екен. Шұңқырайтып түбін саусағыңмен қозғап екшесең су шығар келер ме екен бұрқ еткен шабыттың жалынындай. 

- Біржан аға, айтасыз-ау? Сіз келеді деп дайындаған сарайым осы. Сіз бізден кетіп қалмаңыз. Шыңғыстаулықтарға шыңырауыңыздың түбінде жалтырап жатқан жәудір көз әндеріңіз бен өлеңдеріңіз олардың көзін тойдырмайынша қайтпаңыз. 

- Үкімет шақырып, ел сұрап төбе би болып жатқан інімді домбырамның құлағына қалай байлап қоя аламын? 

- Біздің де мына қабақтай қарынымыз тамақтың емес, өлең-ғұмырдың кеңдігінен отыр. Баяғының саба құрсақ билерінің жеткізген өсиет-нәсихаттарын екшеп ол жұмысты да бітіргенбіз? 

Біржан аңғарымпаздықпен қарап: 

- Шар бойы талай жиын ашылған, топырағы күміспен күрелген жер ғой. Сол жерде ардақталғаныңызды жақсылыққа жорыдым. 

- Ырғызбай атамның қайын ағасы болып келетін, байтақ Қазақта батырлық шешендік, көсемдік үшеуін қатар ұстанған үш кісінің бірі атақты Бердәулетұлы Ер-Жәнібектің де қабірі басына барып жүзден астам би зиарат еттік. Содан кейін барып орнығып отырып заң-жарғымызды әзірледік. 

Біржан бас изеп ұйып тыңдап отыр. Екеуі де аяғын жазып, мәсілі күйде арқасын тамға жасталған жастықтарға тіреген. Арқар мүйізін иіріп, әсемдікке бұлқынып шыға алмастай болып ілмектелген юлы үй көздің жауын алады. Қайқайып, ыстық булы шайға қана отырып сал Біржан:

- Сол жасаған заң-жарғыларың туралы айтсаң. 

- Ескі жолды Есім хан мен Қасқа жолды Қасым хан, Жеті жарғын жел жүйріктеріне жасатқан Әз-Тәуке міне солардың ел ішіндегі үлгі тұтар заңдарының жинағын тердік, мына Қара-Ертістегі Керей баласы  96 жыл бойы Алтай деген еркіндігі өз алдында өлке болып отыр. Солардан Тұрым батыр, Өсер би, Көкен би қатарлы 12 парасатты адам жиылып, осы үш ханның заңын үлгі тұтып, 17 тарау, 35 бапқа сыйдырып, сонымен өз ішін Қытайдың саясатынсыз басқарып отыр. Сол жердің төрт төбе биінің бірі болған әкемнің көне көз досы, Топан  биден том-том үлгі тұтар заң мен іс қағаздарын алып, оны Арқаның қалың қазағында сақталған ескі заң көздерімен салғастыра қарап отырып 3 күн, 3 түнде Қарамолданың шаңын көтеріп, 93 баптан тұратын заң жарғысын жасап шықтық. 

- Бұл болса патша үкіметінің зорлықшыл, әпербақандығына сыпайы да арлы заңдарымызбен қарсы тұрып ел ішін алабөгеттен аулақтатып, өз ғұрпын сақтауға көмек етпек. Мен бұл жайлы біраз естідім. Анығын өзіңнен ұғып отырғаным сол. 

- Әкемнің тұсында Үдербай қатарлы тентек жігіттер Ақояз атанып Қазаққа тізесі батып кеткен сорақы орыстың ұлығын өлтіріп, почтаны тонаған. 4-5 жігіт. Барлық тауына барып тығылған екен. Ол кез менің15 жасар кезім, бәрін естіп құлақ түріп отырам. Аякөздің аға сұлтаны Барақ пен әкем екеуі екі жақтан ұстап құрықтайды. Ақсақ-Қиян деген топ басы жанына біреуін ертіп Алтайға өтіп кетеді. Керей баласы Орыстың қаһарынан ықпады, «келгені шын, көксау адамдар екен, өліп қалды»  деп екі жас моланы көрсетіпті. Мен туардан 10 жыл бұрын жүз бес мыңнан асып, батыры мен биі дүркіреп шығып дүрілдеп тұрған сол елдің Ажы төресі төрт төбе биі, Шәку байы әкемді мейлінше қонақ қылып мерейін асырыпты. Сырттан жаудың азуы, іштен егескеннің іріктісі түспеген елмен әлі де тамырласып заңдық сұхбат қылып отырмыз. Қажыға аттанғандары осы жақта аялдайды.

Абай жуан мойынын қылт етіп қозғап қойып: 

- Патша үкіметті елдің ала ауыз болуын да, тыныштықшыл, ырымшыл болғанын да қалайды. Осыны ескеріп патшаға бағынып айтқанын екі етпей отырған пысық ұлығы болып, қоңыр бөркімізді жапсырып киіп сыпайылық жасадық. Осыдан 7-8 жыл бұрын үш жыл болыс болғанымдағы қиянат пен әділдіктің үкімі үкідей қадалып бөркімнен әлі кеткен жоқ. Сондағы айбар мен әділдік, жылылық пен теңдікті бір үйге отырғыздық. Заңға келгенде әйел дауы, қылмыс дауы, ұрлық істерін түйіншек қалдырмай шешетін пысық заңдарға үстемдік беру мына біздің қолдан келді. 

- Абайла, інім. Ел үшін әлсізді мүсіркеймін деп емес, әлдіге әл берем, жанашырлық күткенге жасын төгіп ойнап көрем дейтін құшағына шоқ салынған тегене ұстап теңселтіп жіберетін аярларды сезіп те қалам. Сол Қарамолдадағы Қазаққа жасаған ісіңе алғаннан кейінгі құрметіңді көре алмайтындардан, тобан аяқ тобырдың бұрқыратып тізеңді тұзаққа қыспауынан, айғыр құлақ ащы дауыстылардың әйел не еркек екені айырғысыз болып алқымыңнан тістелеп көрем дейтінінен сақ бол. 

Абай еңкейіп отырып, мойынының артын ағаш қасығыш жүгіртіп қасып:

- Биыл жазға қарай бір жаңалық болып қалатын сияқты. Наурыздың көп көжесіне қарай келдіңіз де, ең жақсы кезде міне сізге арнап сарайымды соға қойдым. Қозыкөш жердегі Аралтөбедегі қамал қорадағы келініңіз айтады «салдың әнін қамалдың ішінде отырып мізбақпай тыңдадық. Дауысы жетіп жатты деп». 

Екі ұлы сырлас тұлға ошарыла күлді. Ол екеуінен өзге үлкен кісі жоқ еді. Абай қызына шәй құйдырып жеке кеңес құрып отырған. 

- Мынау қызым – Райхан ғой. Сүйегі Қаракесек - Ділдә бәйбішемнен туады. Бәрі қырмызым, жұлдызым деп атын ұмыттырып жібереді. Кейде Райхан деген өлеңімнің бір тақырыбы ма еді баламның аты ма еді деп еске түсіре алмай қалам. 

Еңкейіп шәй құйып отырған Райхан қызарып кетті. 

- Он бесте, отауға ие болатын алтыным. 

Қызына кең жеңді қолын созып: 

- Әкелші бері қақтаған ақ маңдайдан. Иіскейін. Ұялма. 

Қызы жылдам еңкейіп маңдайын иіскеткенде: 

- Сіз келеді деп ең қуанған мерейлі адам осы. Сосын өзі қуанып ап елді қуандырды. 

Абай мен сал қырқылдап күлгенде қырмызы-Райхан тіпті қуанып, маңдайы бөлек жарқырап кетті. 

- Әке бірдеңе айтайын ба? 

- Айтшы. 

Құлағына ентігіп жетіп келген қызы сыбырлап: 

- Әке жеңің недеген кең. Шайға тиетін болды ғой. Неге қасыңыздағы атам құсап жеңіңзді өрнектетіп, сыптығырдай қылып алмайсыз. 

Абай кеңкілдеп күліп, салға бір мейірленіп қарап оның жеңіне көз салды да, аузына тістеген құртын алмаған күйі: 

- Сізше киін дейді, сізше. 

Тосырқап барып қуанған Біржан: 

- А-а-а, -деп қойып қошамет қосып қойған.

***

- Бүгін баран келмеді, -деп қамықты Олег. 

Домбыра ілінуге тиісті қабырғадай көрінген шегесі шұқшиып тұрған, бұрын әлде бір картина ілінген тұсқа ауруы айықпаған бала қарап жатыр. 

- Балам, әлі қызып тұрсың ба? 

Бала «иә» дегендей қызып, шомбал тартып суға тартқан сазан басындай ауырлыққа бейімделген ол мойынын қозғалта алар емес.«Әке» деді бала іштей. Бірақ, әке атауын үнсіз қайталай берді. Іштей қайталап айтсам, дауыстап айтқаныммен бірдей деп есептеген. 

- Баранды... 

- Жоқ, әке!... 

Бала үні жарқ етіп балағат сөзінің соңын қоңырсытып күйдіріп жіберді. 

- Ол енді баран емес... Әдеп сақтайықшы. 

Мектептің құба қабырғасын жаңғыртып тәртіпке шақырып жатқан мұғалімдей текті сипатқа әке жалт қарап. Әке енді шөке түсіп отқа алақанын жылытып, қуқыл тартқан қос бетін сипалап отқа табынған ежелгі қауымдардың осы заманға адасып көшіп келген тұрғынындай. Олегтің көз алдына шынымен Заратуштықтар кедді. Ол бабаларының Заратуштыраға сенгеніне сенімді, аракідік отқа беріліп одан қуат алып, осы күндерінің сарпалдаңына араласқан алашұбар қылды іркіп отқа тастап отырғандай, қолын ошаққа қарай сермеп-сермеп жіберді. 

-  Ұлым, сол төбеге неге жүгіріп шыға бересің? 

... 

- Влас... 

Шамырқанып шалт етті. Бала мізбақпай иегін мойынына тірей түсуде. 

- Влас, сол төбеге енді шықпашы. Естіп тұрсың ба деймін. Валас, бірдеңе болып қалған жоқ па? 

Бала ентігіп жатыр. Баланың жүрек лүпіліне құлақ тосын, демі мен тынысына да мән берді. Ештеңе сезе алмай құр дағдарып төсектің қасына жүрелеп отыра кетіп енді қалай істеу керек екені жайында ойланды.

- Влас... Енді не істесем болады. Басым қатты. 

Еңкейіп төбесін сипалаған әке шөженің жүніндей сарғыш жұқа шашты баласының басынан сипап келе жатып, саусағын оның самайына әкеліп тоқтады. Төбеге көз шарасын толықтай ашып жатқан баланың көзіне қарап оның соңғы кездегі әдеттерінше жас сырғытып жылай салатынын немесе қамығып көзін жұмып алатынын, әлде осылай безеріп жататынын болжай алмаған әке тыныш, тас көздерден жалыға бастады. 

- Домбыра, -деді. 

Әке домбыра тапса ғана баласын сауықтырып алардай болып, ұлының өзіне қажетті емді «домбыра» деп сенімді түрде атағанын білді. Білді де, малақайын киініп, мақталы тонын жабынып, түймелестен құр қаусырып сыртқа шықты, етігін шала-пұла сұға салған. Күнсап қарап алыста бұлдыраңдаған әртүрлі адамдарды, полигонның маңырап тұрған кешендерін, соқталдай боп өсіп иіліп су алып жатқан баладай бүкір орналасқан темірлер, қары шала боз беткей... Темекісін тұтатып қиырларды білімсіз, толғанусыз өлі жанардың ішіне кіргізіп қамап тұрған ақ суық орыс аяғынмен жер тарпып содан соң етігін бір-біріне соғып, қалтасына салған насыбайын алып, алақанын ашып жіберіп шегірткенің иісіндей сасық иісін иіскей насыбай атпақ болып еді ауызында темекі қыстырылып тұрғанын ұмытып кеткен екен кіжініп алақанға төккен насыбайын құмырасына қайта тығып қалтасына сүңгітті, сонда да алақанын қайта-қайта қақты. Ол бір мезет Қазақстаннан жоғалып кетті. Ол дәл қазір Қазақстанда жоқ. Оны ешкім іздеуді ойына алмайды. Бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен ұшыратқан, көрген, сөйлескен, араласқан адамдарының ойында ол жоқ, бұл да басқа әлемге өтіп оларды ойынан ығыстырып шығарып тастады. Өзінің тәуелсіздігіне толық сенгенімен сол адамдарда қалып қойған кейбір заттары, беруге тиісті заттары, өтеуге тиісті қарызы, олардың да қайтаруға тиісті қарызы барын ұғып тағы да олармен хабарласса Қазақстанға түсетінін білді. Бұл топырақ - Қазақстандікі. Бірақ, дәл қазіргі жеке басының таңғажайып тыныштығы оны ешбір мемлекеттің картасына жатқызбайтын. Тізесін бүгіп отырып өзін патша сезінді. Өзінен шені жоғары подполковник пен полковниктерден бір-екі адам аяқ астынан келіп қалса алқымынан алып, қоянды құрықтаған барақша бауыздап тастап сол тыныштығының тұманына жалғасты көрінуге әзір. Бойында оянған тағылықты осыдан 4 жыл бұрын жеген қасқыр етінің кетпес әсерінен деп біледі. Сол кезде аурушаң болмаса да, рухани әлсіз күй кешіп жадап-жүдеп жүрген ол қасқыр етін әлдебіреулердің денсаулыққа пайдалылығы туралы алданыш сөздеріне нанып, күшпен жеп белгілі уақыттан соң жүні қасқырдай жадырап, жонына айбар тебітіп шыға келгенін байқаған. Отты, өжет тұлғаға айналды да кетті. Онсызда түбі өжет жігіт сол кездегі арсалаңдаған тағдырының әлсіз ойындарына көніп, басын әрең шығарып алған кезі еді. Қасқыр етінің дәмі қалайда өзінің бұрынғы сәтті, адуынды шақтарына қайта жетелеп әкелгендей болды. Ойындағы қасқыр етін бөлшектеп қазанға салып ұзақ қайнатып, қақпыш болған қасқыр етімен қоректенудің өзі әурешілік екенін, иісінің тым жаман екеніне бойы үйрене алмай өте аз жеген ол «сол кезде көбірек жеп-жеп алсамшы» деп ойлады.

«Влас неге тіземнің астындағы мына төбеге емес, солдағы төбеге емес, алдағы жуан төбеге емес, неге ана от төгілген сары төбеге қашып жүгіріп шыға береді?» 

***

- Неше балаңыз бар сал аға? 

- Мен төрт әйел алған адаммын, інім. Бәйбішем Балқаштан мүйізі қарағайдай төт ұл – Ақыл, Алтынбек, Әділбек, Мақұлбек. Ақылым толмай тұрған есер күнде тұңғышымның атын Ақыл қойдым. 

Екі ер езуінен сілекейі аққанша күлген. Сыртта ұйлыққан желдің дыбысы алғаш рет естілді. Абай арқасын тамға берген күйі құр тамға бұрылып қарап жел ызыңына құлақ түріп ағасына қайта тоқталып:

 - Күнгенеңізден? 

- Күңгенемнің аты Ләйлі. 

- Пай, шіркін әуен ғой, әуен. Әнмен тербеген адамыңызды жар ету бақытына ие болған сіздей салда арман жоқ аға. 

- Сен де өзіңнің жырыңа тоғытқан Шүкіманыңа Айгерім деп ат қойып, келінді өлеңіңмен ататып етпедің бе күллі елге. Аласыз «Аласыз қара көзі нұр жайнайды» деген жолды шәкіртім Сүйіндік-Жарылғапбердіден естігем. 

- Айгерім жайлы не жазғаным жұртқа толық жетпеген, сүйіктісі деп біледі. Тобықты ішінде Текей деген кісінің қызы. Біақ, барша Қазақ Ләйлім-Шырақ деп айтып жүрген жан өз жаныңызда екенін білгенімде тұла-бойым Құдайға деген разылықпен ерій түседі. 

Бүгулі тұрған бір тізесін бір жазып қайта бүккен Біржан: 

- Ендеше осы ән болған, бар болған, шаңырақтың астындағы таң болған қыр арқаның қырмызы жон киігі болған Ләйлісінен... 

Қырмызы сөзі айтылғанда Райхан орнынан бір көтеріліп қалып, өзі жайлы айтпағанын біліп ұялып қолын тізесінің арасына тығып қыса берген. 

- Ләйлісінен Ахметжан мен Ахметбек деген екі ұл. Қазақ ән арқылы аймалап сүйген Ләйлім-Шырақтың маған бергені осы. 

- Нақсүйеріңізден?

Абайдың беті жалтырап, екі ұрты майланып алған. 

- Мұрты майданып алған інім аты әнде бар деп ойлайсың ба, жоқ деп пе? 

- Мұрт дегенге бір шабытым келіп отыр. Ұстарасыз аузына мұрты түскен елім жайлы, өзегімде кептелген отты ойнап отырып шығара салдыңыз-ау, сал аға. 

Біржан құлақ қойып тыңдап отыр. Шабытына сызат қоспады. 

- Ұстарасыз аузына түсті мұрты... 

Толғанып-ойланып бас шайқап: 

- Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың... 

- Көке, қалам-қағазыңызды әкеліп берейін бе? 

Абай Біржанға қарап рұқсат күткендей еді, Біржан бас изеді. Абай қызға бас изеуін жалғады. 

Қызы жүгіріп барып есік ашқанда алдынан шыққан Ділдә: 

- Отыр. Қайда жүгіріп барасың. Әңгімелессін асықпай отырып. 

- Жоқ, ана, әкем жұмсады қаламға. Дереу қайтып келем. 

Қызының жонынан сипап, есікті жауып қойды.

Қалам әкелінгенге дейін дастархан шетін сипалап, саусақтарының арашып ауадан өлең сипағандай қол.

- Қалың елім - Қазағым, қайран жұртым... 

Саусақтары тағы да ашаланды. Арғы жақтан қырмызының қалам іздеп дабырлап кеткені, дереу тауып жүгіріп келе жатқаны оқта-тек естіліп қалады да, сырт етіп есік ашылды. Жүрелеп отыра қалып жымиып қалам ұсынған. 

- Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Әуендетіп айтты. Әуен патшасы Біржан сал әуенге бір сәп салып қойып тыныштала берген.

- Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.

Өлеңді қоңырлап, жатылған әуенмен қоңырлатып жатқандай болған байсалды да парасатты дауыс Біржан салдың әуендеріне барынша әділ баға беретін патша қазысының жүйрік біліміне шалма салып, жонына жабысып Арқа жонында зымырап келе жатқандай. Біржан ұйып отыр. 

- Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Жоқ, бұл екеуін ауыстыру керек. 

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Осылай түзеп... 

***

- Неге осы төбеге жүгіріп шыға береді екен? 

Бұл төбенің астында арыстандай аунап бүк түсіп жатқан құпияға тояттарлық жауап таба алмай, бүк түскен арыстан төбе қазір қайырылып өзіне сес жасай ма тыныш бұрылып қайта орнығып орнына жата ма бұл біле алмады. Төбеден сескенейін деді. Төбеге қарап оңалмай қиял соққан баласының халіне қарап қорқып кетті төбеден. 

- Мені сескендірмеші. О, мені қорқытпа... 

Темексіні ауызынан жұлып жерге тастап, қар араластырып табанымен жанши берген. Баласы жазыла қалса жүрелеп отыра қалып төбеге тәу етуге дайындығы бар. 

- Балам жазылса, сен төбеге тәу етуге бармын. 

Жағасын жұлқып ашып тоны мен жейдесінің басқы түймелерін ағытып жіберді. Жүрелеп, еңкейіп отыра қалып солқылдап жылады. 

- Құдай-ау, 6 күн болды ғой. Ештеңе өзгерген жоқ. Ұлыма не болды?

Бүгін домбыра келе ме өзі, домбырамен бірге ем келе ме осы? 

Құр төбеге бұтқа табынғандай ақтарылып сөйлеген Олег бір жеңілдеп қалды. Осы жеңілдеген қалыппен екпіндеп, бұрқасында дала төсіндей бұралаңдай ойнап соғатын ақжорғадай бұрқақпен үйінің есігін айқара ашты. Бала «әке» деп бірдеңе дей ме деп асау, құла көңілмен кіріп келген ол баласын сұлық түрде көрді. Бас салып жылап құшақтады, суық, тоң беттерін шапалақтап енді қызу тіледі. 

- Барсың ба? Тірісің бе? Влас, мен ғой сенің сүйікті әкең. Мен... Мен... Танымадың ба?... Та... Таны... Таныш... 

Бетін шапақтай беруден қолы талып, дөдегеге бір қарап қойды, құдай сол арада мізбақпай қарап тұрғандай. 

Сол кезде аяқ астынан құлағына таңертең ғана күзетте радиодан естіген «Сайрайды сандуғаштай әсем дауысым» деп көңілдене, дала сарғалдақтарының арасында сары көйлек киіп шыр айналған бөрікті Қазақ қызының елесін жетелеген сайрауық әннің үні қайта келді. Осы әнге жадырап отырып қалып еді, содан ба, ән соңында жақтырмай тістенген еді, содан ба бұл әуенге жартылай батқан ай басын қайта суырып алып балаға алаңдауын жалғастыруы тиіс екенін білді. Дереу емшілік темір талысын ашып, орнығып отырып қалың құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекке асығыс көз жанарын бостырып, жанарының қарасы мен ағын бір өшіріп, бір жандырып қараңғы, алакеуім күйге түсті. Басын екі жағынан қысып әлсіз түрде «а-а-ай-й-й...» деп шыңғырып жіберген де. Осы кезде саңқ етіп бітелген құлағы ашылды, аңқ етіп есік те ашылды. Ашылған есіктен кірген Шойын сілейіп тұрып қалды. Әбіржіп есі шығып санасы шығырауға соғылған Олег басын төсекке соқты да, сүле-сопақ отырып есікке бөрі кіріп келгендей өшпенділікпен әрі қарама-қарсы қайсарлықпен және әлсіздікпен қарады. 

- Қорықпа. Олег. 

Майор деген жылбысқа әдеп жоқ. Ол тіке атап жанашырлықпен келіп тұр. Олегтің дірілдеген қолындағы қайшыны, үшкіл заттарды ақырын алып, талысының аузын бекітіп арқасындағы ілулі домбыраны бұрышқа апарып сүйеді. 

«Иә ол неге қорықпа» деді. Олег осы сөзге тіпті өшігіп, енді жынданған адамша тасбақадай еңбектеп барып баланың бұтын, аяғын, кіндігін иіскеп басын оның қарнына салып жата кетті. 

- Бала тәуірленеді. Күтейік. 

Шойынның қауға басында шынымен ақыл бар сияқты. Осы ақылға сене алмай қарады да, оның сабырлы да қуатты жүзінен Қазақтың ғасырдардың әрі жағына көміліп қалған бабаларының қуаттылығын байқап тыныштала қалды. Ол дәл қазір өзін қанша кіжінсе де Алтын Ордаға тәуелді болып тұрған Мұжық(Москованың ескі ұғымы) кінәздігінің ұсақ билеушісіндей сезініп одан көмек күтті. 

- Сен жазшы. Сен жаза аласың. Ұқтың ба домбырамен жазшы. 

Жүрелеп отыра қалып, тік тұрған Шойынның екі тізесін, санын сипап, Шойын оны жұбатпаққа еңкейгенде оның бетін сипап сабалап сөйлей берген. Енді Қазақ тіліне ауысты: 

- Сен жаза аласын. Домбыра жазад оны. Жаз, жарай ма? Мен сенин шенинды кутерем. Ук ук па?

Қазақ тілін бұлбұлдай былқылдатқан басшысына Шойын тұңғыш рет таңғалды. Әбден жақсы біледі екен ғой. Менсінбей жасырып келген бе бұған дейін? 

ШШойын тіпті таңғалып, бетін сипалап жалбарынып отырған оның жүзіне тұңғыш рет ренішпен үңілді. Қазақ тілін оның алдында алғаш жақсы көрді. Мұның сыры, оның өзін төмен ұстап тәубеге келуі домбырадан ба деп бұрышқа сүйелген оюлы домбыраға қарады. Домбыра өрнекті шапан киген атасындай, екі аяғын жазып отқа жылынып, сарқыратып кеңес төгіп отырғандай. Домбыра - ата. 

***

Жә, жә, сал аға, салкүрең аға, болып қалған сияқиымын. Енді жартысы бардай. Бұлтқа ұйыған дәруіштей бір сәтімде жалғамасам көңілімді қара тұман иектеп алатындай. 

Біржанға ойшылдықпен, сыйласыммен, мейіріммен қарап: 

- Айтба-а-ай!, -деп баяу шақырылған ұрандай сөз айтты. 

- Таптың. 

Біржан еміреніп, өткір ұшты жұқа сақалы иегімен шыт-шыт қозғалып. 

- Ахметқали, Айтжан, Айтмұхаммет деген үш бала. 

Шәйін жоғары көтеріп төңкеріп ішті. Қалам-қағазын жиыстырып қойған тақиялы Абай әдеппен, еппен үстелдегі шынтағын денесімен бірге бұрып: 

- Ашбұлаңыздан? 

- Ашбұламнан енді туады. Қазір екіқабат. Есімі Әпіш бұл айнамның. Бәйбіше, күнгене, нақсүйер, ашбұламды түгендеттік. Енді өзіңнен айта отыр. 

- Сал аға, ҚҚазақ екі әйелі барды Моқы деуші еді, біздей Мұқы Қойланға қалай жетсін, жетсек енді жетерміз. Бірақ, бала бағам ба, дін бағам ба, ел бағам ба, жазу бағам ба, апшынып алысқа қол ербеңдетгуге жарамаспын. 

- Ие, інім, екі әйел алғанды Қазақ Мұқы десе, төбесі биіктеді дегені. Үш әйел алғанда Құреке десе құрмет бергені. Төрт әйел алғанды Қойлан десе қоюлана түскен берекесін, сары қымыз түбіндегі сарқытты айтса керек. 

- Жаным - Біржан аға, Қазақтың сіздей жаны болғанда, сіздей әні болғанда көзіме қалай жас келмейді. Біздің жанымыз сіз. 

Абайдың тебіренген көзінен шығып кеткен жасқа қалтасынан қызыл шұға шытын алып сүртті. Шәй құйып отырған қырмызы аңтарылып қалды. Біржан бойжеткенге қарап: 

- Абай ағаң толқып отыр, қызым. Қан қарындас болмасақ та дін қарындаспыз, өнерге озған тіл қарындаспыз, ән қарындас та болармыз, лептенген өлеңіңнен, сыйасы кеппеген өлеңіңді жылытып айтқан әуеніңнен әнге деген қадіріңді, бірнеше қабат биігіңді таныдым. Арқа әндеріндей асқақ болмасада, Қоңырәулие үңгірінің ауызында тұрған адамның таңданысындай жұмсақ. 

Біржан ағасын құшақтап, мейірленіп бауырын басып, сосын қызына: 

- Ділдәні шақырып кел, -деді. Ділдә кимешегімен ұзын ақ көйлегімен жетіп келді. 

- Біржан ағам көкірегімді көкке жазып тебірентті. Қазан шеберлері тіккен зері алтыннан болған, тігіншінің бар мейірімен аңқуда болған, атам Өскенбайдан қалған ырысты сандықта жатқан өрнекті тақияны алып келші. Ағама кигізейін. Бәйбіше «мақұл» деп шығып кетті де, енді бір кіргенде есікті қызына аштырып, өзі қос алақанының үстіне қып-қызыл матаны жазып, оғаг тақияны қойып, патшаға ұсынғандай етіп сал ағасының алдына иілген. Сал аса бір көркемдікпен, көңілділікпен көтеріліп маңдайы үшбұрышталған салдық тақиясын шешіп жаңа тақияны киді. Киіп барып шайға үңілгенде, кесе бетіндегі шәйдан тақияның сағымын көріп «Жарасып тұр. Жарасып тұр, міне...» деп көңілденіп лезде-лезде дауыстап жіберген. 

- Енді осы Шыңғыстаудан кеткенше осы тақияның төбесіне ән құям. 

Келіні тіл қатып: 

- Шыңғыстаудан кеткен соң шы? 

- Одан кейін төбеме Көкшедегі Кенесарының Оқжетпесінің төбесіне кигізіп қойып, домбырамен қарап отырып ән айтып берем. 

Қарқылдап күлген дауыстардан ештеңе түсінбеген қырмызы қыз көзін бір кіржитіп, басын шайқай берді де құр жымиды. 

- Бұл ештеңе ұқпай отыр, ә, -деп қызды көрсеткен сал тағы бір күліп алды.

Абай бәйбішесіне шыға беруге ым жасады, бәйбішесі иіліп құйрығын артына беріп алдын қонақтарға қаратқан күйі шегініп шыға берді. Қырмызы қопақтап, қызықтап отырып қалды. 

- Мына қырмызымның аты – Райхан. Райхан гүлін шешесі қатты жақсы көруші еді. Бақанас бойлап гүл теріп қыдырып, балауса әнмен көңілін тербеткенімде « баламыз қыз болса Райхан десерміз» дескенбіз. 

- Э-э-э, -деп Біржан жаңа әсем тақиясын сұлу шоқыдай қозғап, иегін көтеріп қойды. 

- Мекейіл сәбиді, Тұрағұл өренді біліп қалдыңыз. Мұнымен тете жүрген Мағауияны көрдіңіз. Сәлем беріп күні бойы сал ағасының аяғына ооратылып жүрген қызыққа көңілі тоқ балақайлар. 

- Мағауияны келтірші. Жанымызда, кеңесімізде болсын. 

Қырмызы қызы әдеппен көтеріліп есікке беттеді. 

- Мағауияны ескіше оқытып көзін ашып, одан кейін үш жыл орысша оқытып, денсаулығы сыр берген соң жаныма алдырдым. Нәсихатымның жинақтаушы, ұғушысы сол. Бұдан бір жас үлкен Әбішім бар. Оны биыл Төмен қаласына оқуға жіберуге оқталып отырмын. 

- Бәр-ре-келді!...

- Әбіштің алдында жеті жасында шетінеп кеткен бір балам болған. 

- Шапағатшы болсын, -деп бетін сипады Біржан сал. 

- Әмин, -деп қосанжарлап бет сипады дана Абай, -Күлбадан деген қызым ұзатылған. Ақылбай бүгін келеді. 

- Ең үлкенің бе? 

- Дәл солай. 

- Онда атасының баласы де? 

- Атасының баласы. Мені басында ағам деп ұғып келген. Нұрғалым деген әжеміздің қолында тәрбиеленді. Мына жерде әжесінің беліне оратылып жүрген Әубәкір содан тарайтын екінші тұяғым. Оның алдында Әлімқұл деген қияғым бар. Соңында Сағадат, Бәкизаты бар. Өзі Асқан домбырашы, жыршы болды. Діни білімі таяз емес. 

- Көрікті жолыңды қууға жараса бауырымызға басып маңдайынан иіскеуге илігеміз. Ол балаңның сән-сымбатын, жалындағн жастық отын кешкі қоналқада көрерміз. 

- Мұндай жас мыңдап саналады ғой Қазақтық байтағында. Бір сәулеңіз түссе болды. 

Абай енді екі тізесін бүгіп еңкейіп отырды, сөйлеп отырып, баяу қимылдатқан саусағының ұшымен дастархан шетіндегі шашыраған нан қоқымдарын үйіп бір арнаға жия бастады. Кеш жақындап келеді, кеш жүгіріп кедеді... Терезеден осы айқын хабар үні тынған желден кейін кіріп-шыққан өңі құла бояулардың шұбыра түскенінен, кіріп-шыққан бәйбіше мен қызының етегіндегі көлеңкенің шашын ұзарта түскен серілігінен байқалады. 

***

- Бала төбеге жүгіріп шыға береді. Шығады да аңырып тұрып басы айналып жерге құлайды. Құлағын мазасыздаып басады. 

- Аяқтан түрғанына шүкір. 

- Шүкір? Не? 

- Жаратушыға разылық. 

- Мен атейспін. 

Шойын басын қиқаң еткізді. 

- Балалан сұрайық?

- Не деп сұрарымды білмеймін. 

- Әне, өзі үйден шықты... Аңыра қарап тұр. 

- Күнге, көкке, төбеге қарайды, иә. Бірақ, бізге, кешенге полигон аумағындағы заттарға көз қадап тұрмайды. 

- Оған керегі басқа? 

- Жалғыз күйден басқа ештеңе білмейтін болып шықтың. Домбыраны сонша алыстағы туысыңнан. 

- Эх-х-х, -деп салбырады бетіне қара май жұққандай божырайып, күтімсіз жүретін Шойын, -сендерге Курчатовтан кету керек. 

- Қайда бар демексің? 

Ұрысқақтанған Олегтің дауысы қасықырдың кеңірдегінен шығып жатқандай еді. Қасқыр кеңірдекке қарап отырып, оның майор шенін ұмытқан ШШойын оған қолымен асылып тұрып: 

- Полигон жабылғаннан кейін ашылған Азот кәсіпорынында қала бердің. Ал, көптеген әскерилер бет-бетімен бытырап кетті. Сен қалдың, қалғанда қандай, балаңды осындай бір газ тәрізді, сұйық оттегі, ацетилен өндіретін зиянды томылдырық киіп тұрған аумақта қалдырдың. 

Кеудесін балғамен ұрғандай қағып: 

- Менде бала жоқ. Аздап ішкілікке салынғам. Маған ұрсасың ба, кеудеме жұдырық тигізесің бе бәрібір. Ал, менің ақылымды ал да табаныңды жалтырат. Балаң үшін осы жердің аспанына көрінбе. Балаң есеңгіреп ауру болып қалды. 

- Сен Власты түсінбейсің. Ол физикалық тұрғыда дертті емес. Ол рухани тұрғыда бірдеңе іздеп жүр. Мен тауып бере алмаудамын. 

Олегтің иығына ентелеп жабысып: 

- Дө-өмбірә?... Мен шерттім. Ол ештеңе ұқпады, қозғалмады. 

- Сен тағы қайталап шерт. Ол бірдеңе ұғады. 

- Домбыра саған не керек? Ашуымды тудырма. Жалғыз күйді шерте берем бе? 

Олег екпіндеп тұрып оны жел ұрғандай итерді бірақ ол жығылмай сенделектеп барып қалпына келіп теңселіп тұрғанда, Олег оны күшпен емес, айбармен тықсыру керек екенін білді. Жантайып отырған күйі мән бере қарады. Ол теңселіп тұрып қалтасынан құйттай мөлдір күрең құмырадағы шарабын алып ыржалақтап күліп, түбінде қалған аз сарқындысын төңкеріп, әр тамшысын телміріп ішіп: 

- Міне балаңның осыншалық ғұмыры қалса қайтесің? Сонда да Курчатовтың уына қамалып, балаңды байлап беріп отырмақсың ба? 

Содан еңкейді де Қазақ тілінде: 

- Жексұрын, -деді. Олег ашуланып, мән бермегенсіп алға қарады да, аяғын екі жағынан жұптап алақанымен қысып қояды, аяқ астынан атып тұруға әзірлік жасап отырған болар. Күшін бойға жияды. 

- Сау тұр, -деп ыржалақтап қисаңдаған Шойын жиырма қадамдай ұзап барып гүрс етіп құлады.«ООны үйге әкетсем бе, далада қалдырсам ба?» 

Олег кештетіп, оның азапты аязға үсініп жазасын табиғаттан алған соң барып әкетуді шешті. 

- Жалғыз аяғың қалғанда әкетем. 

Оқты көзінен көк қылыштың жүзін шығарып кірпігінің астында ойнатты. Серейіп, суық жерге тезектей жабысқан Қазақтың денесі тоңмен қабаттаса бастады. Шегір көзі оның сұлсұлық денесін жанап өтіп, біраз жүріп,  аяз бетін қари бастаған соң бұрылып үйге кірді. 

Баласы сергіп қалыпты. Жадыраңқы үнмен: 

- Әке ботқа(каша) ішкім келеді, -деді. Баласының төсіне екпеттеп келіп жасыл жыландай жақындап қоңыржай ауаны, тыныштықты, бейғамдықты, сауығып жақсарған бейнені көріп: 

- Қазір даярлап берем. 

Осы жасыл киімді денесімен жыландай сырғып сәкіден түсті. Әбігерленіп күрішті жуып тазалап ботқа қайнатып берді де жұмсақтап әкеліп үрлеп: 

- Іше ғой, Влас. Сен үшін ең дәмдісін жасадым. 

- Күріш ботқа сүйсінем, -деп Валас езуіне ботқа жұқтырған күйі кеудесін көтеріп емініп жұтып алды ұсынған қасықтағыны. 

- Қалғанын да аузыма салыңыз. 

- Өз қолыңмен жеп көрмейсің бе? 

- Әзір емес. Қолм қалтылдап тірей алмай жатырмын. 

- Ұқтым, жаным. 

Шашын тақырайтып алдырып тастап еді, қайтадан тебендей жөнелген кесені қоя салып, шашын қасықсыз қолымен қаси бастады. Бала жұтынып әлек. 

- Ағам қайда? 

- Кім?, -деп ұрысқақтанып саңқ етті. 

- Домбыра тартатын ағаны айтам. Оны үйге кіргізіңізші. Тағы қуаламадыңыз ба? Мен оның күйінен кейін сауықтым ғой. Мен іздеген дүние бар сол аспаптың ішінде. 

- А, рас солай ма?

Басынан қолын түсірмеген күйі. 

- Рас айтам, әке. 

- Ол келеді, келеді қазір емес, кемінде екі сағаттан кейін. Оны өзім ертіп келем. Сен әуелі домбыра күйін тыңдайтындай қуатқа келіп ал. Бәрін ішіп қой, қазанда әлі көп. Оған да бір кесе алып қоям тымқұрығанда. 

- Аха, болады, әке. 

Марсиған бала қасықты тістеп алып жібермей алғаш рет жадырап ойнады. Аздан кейін тізесін қозғап баяу көтеріп көрді. Оның аяқ, қол қозғалысына әкесі жадырап қарап күлді.

***

Ызыңдап көтерілген жаз сонасы безек қағып домбыра құлағына қонады. Үш инелік су жағалап, мөлдір қанатын көтеріп келіп Біржанның басында ханшадай ойнақ қағады. Тұнық су бүлкілдеп ағып, көмейі дамыл таппаған адамдар қызық қуып, өз сөздерін көпіршіте төгеді. 

- Жаз бойы өзіңізден ән үйрендім. Әкеліңізші домбыраны, құлағын бұрап, ішегіне сыбырлайын деп едім. 

Біржан шоқша сақалымен кейкиіп, мысы домбырасының күшін басып домбырасын ұсынып тұр, созбады, құр ұсынды. 

Абай жаз бойы әсер қара топырақты далаға шөп шығарып бергендей. Қоңыр топырақты көктемнің түні миын дыңғырлатып, үй ішінен бүлк шығарып, қабырғаны, дөдегені шақ-шалекей құлатқандай мүйізді күйдің тарпаңдығын сабырлы үнмен жуасытып, шанаққа баяу балпаң бастырғанда туған күй еді - «Мамыр түні». Біржан ағасының мінезінің тыншып, жайсаңдыққа енген сәті мен өзінің тыныш, зиялы жан әлеміне құйған ағасының қоңырлығын «Біржан түні» демекші еді.«Біржан түні» енді «Мамыр түні» болып шертілді. Шала шертілген күй өлең айтқысы келген абайдың жөткірінген тамағымен бірге тоқырай түсіп, күй ббуыны үзіп сырғақ желіс «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деген сөзбен тұсалып барып тоқтады да, кідіріп тұрып «Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй» деп бұрқылдатып, жадыратып барып тоқтады да Біржанға қарап, домбырасын безектетіп: 

- Солай емес пе, аңа?, -деді. Дереу қырмызысын жұмсап өзінің Абай домбырасын алдырып: 

- Ал, өз бүлкіліме күй түсті. Енді өз жорғасына әуеншіл өлең түссін. 

Түймелерінің жоғарысын ағытып жіберіп, жадыраған кеуденің апайтөс сезімге жақындығын аша түсіп: 

- Көбінесе ән басы келеді ащы, 

Кел тыңда деп өзгеге болар басшы, -деп саусағы пернелерде құлдыраңдай шауып тоқталғанда бірге жайнап, саусағынан жүрекке от алған, төбелері алауланып тұтанған қос жүйріктің ыңы мен шуын қоршап отырған отыз шақты адам күнбағыстай дөңгелетіп, жаз аспанының астында, Бақанас жайлауының ең күнісіз, пәк қалпын қошаметтеуге шақырған еді. 

- Қызы еді-ің Ақтентектің шұға-мақпал... 

Үкілі бөркін дірдеңдетіп, басы шу асауланып, домбыраға қол соғып отырған, жалыны қара қазаннан қайнаған сал үкіленіп ұшқан үшкіл жалынның ұшын найзадай соза түскен. Абай да, Көкбай да, Ақылбайдың достары да қау деп бір шұбыра қосылып, сал қайырмасына келгенде қосылуы тиіс шу сап тиылып, ақбауыр жүйріктің бауырын жаздырып үздік жіберді өз алдына. 

- А-ақ... Тен... те-е-е-ейік... Ақтентек... 

Қызы едің Ақтентектің, Ажар - атың... 

Бұрқ-бұрқ еткізді ерінін салдың осы әуен: 

- Ешкімнен кейін емес салтанатың... 

- Ақ Тен... Те-е-еек!... 

Жамырай қосылған қыз-ккеліндер, бұзауқан балалар қозықұйрық сәбилер... Сәл алыста сырмақ салып қарап отырған сақалы балмұздақтай қариялар отырған ақ төбелерінің бауырына су боп қайылып еріп түскен. Әжелер ұршық иіргендей бүлкеңдеп таймаңдайды. 

- О, о, о... Айтпай ғой мынау... 

Сал жымиып ширақы тартты шылбырын. 

- Атымның қақ тұрады сауырына,

Қос тепкі салып келем бауырына.

- Ай неге қақ тұрады салдың атының сауырына, -деп бір көзін қысып жақын тұрған төбеден Қиясбай қарт айхай салды. Отырғандар ду етіп, салдың әнінің балына арадай ызыңдап дөңгелене айналды. Бұл ызыңға енді сөз кіргізіп арасына үн қосу мүмкін емес екенін Қиясбай біліп көзі күлміңдеп омалып қалды. 

- Қолынан шай құйдырып ішейін деп,

Келеміз Айтбай сұлу ауылына.

- Шәй емес, қымыз құйдырып ішсе ғой, өзі әппақ. Ішкенің ақ болса бетіңе шығады, -деп құнжыңдағанымен, бұл сөзін өз құлағы ғана естіген Қиясбайға жанында отырған Бейісқан кемпір қарап қойғанымен, алысқа жебе шаншып арқыраған салдың әуені ештеңе естіртпеді. Кемпір құр қарады да қойды. 

- Шідер... Шідер... 

Шіт, шіттаған Ақылбай бастаған топтың шідірлетіп әкетуі сол екен, шідерін қолына ұстап Біржан тұр. 

- Шідеріме сен, Көлбай, қылма зорлық,

Шідерсіз ат тұрмайды, о да — қорлық.

Үкікә, ой, үкәкә, ой... 

Айх, шідер... 

Уйх, шідер... 

Үкіленген үн шідер... 

Бүлкіл енген бұл шідер... 

Өзі жалғыз, өзі асау күрең төбел,

Жексем — арба, мінсем — құс, жүрер жедел.

Сатпаймын да, бермеймін еш адамға,

Қолқа қылсаң, басқаны ал, шідерді алма!

Ух деп тыныстады ән ақырласқанда көп. 

Сал домбырасын Көкбайға сілтеп, кезек ұсынды. Көкбай алақанын бір-біріне уқалап жіберіп, көзін қысып: 

- Абай ағам толғатып отыр. Өкшеңізді басып бірдеңе десін. Сосын мен қалқан құлағымды ашып, көмекейімнен шыққан әлаулайыма түрермін. Әзірге аттай алмаймын. Батылым жетер емес. Абай таңданыспен қарады да, байрақтай тік ұстап тұрған домбыра құлағын аспанға шаншыған күйі бір қақпақылдап жіберіп қағып алып, Біржанның бүлкектеп шабар асау ағынына салып құйқылжытып алды да, кідіріп шауып жөткірінген ырғақпен тұтығып отырып: 

- О, аға, шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды... 

Жүрек тербеп, ояттың баста миды. 

Бұл дүниенің ләззаты - бәрі сонда, 

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды. 

Тербеп-тербеп жіберіп домбыра құлағын өз құлағына тіреп сүйене қалғанда, жасыл көйлек қанатты ала шыбын сарғалдақтың басын құшырлана бір иіскеп көтеріліп, зымырап ұшып бара жатып Абайдың құлағын домбыра құлағына тіреп тұра қалған сәтіне бұрылып жалт қарады. Бақанас жайлауының тірі көзі, бақылаушысы дәл сол кезде осы жасыл көйлек қанатты ала шыбын болатын. 

***

- Шойын аяғынан айырылды. 

Аурухана ауласында күтіп басы қатып тұрған Олег таңдана сұрады. 

- Екі аяғынан да емес шығар. Бір аяғы аман қалуы керек еді. 

- Суыққа тастап қойып бір аяғының үсінуін ғана күткен адамша сөйлейсіз ғой, өзіңіз? 

- Кешіріңіз, барынша амандық тілегенім еді. 

- Екі аяғын да кеспейміз. Ұзақ уақыттық жансыздану. Омалып отырған жерінен бір күні оңалып көтеріліп кетеді. Қанша уақыт кететінін дөп басып айту қиын. Мүмкін  бір жыл, екі жыл... Күте білу керек, күтім қажет. 

- Жарайды, ұқтым. Шипагер. 

- Сау тұрыңыз 

Жалт қарап, тайғақ еденді тайықтыра жорғалап кеткен шипагер қызға қараған басын дереу жұлып алып өз ойының қатігез балта шабар тұсына әкеп қойды да, өз басын шапқысы келді. Тістеніп, екі тізесін ұрғылай берді. Мұны шипагер әйел көріп қалама деп жалт қарап тоқтатып, қайтадан бірнеше рет төмпештеп жіберіп тамға жабысып керіліп айхайлап жібергісі келіп: 

- У-ууа-аау, -деп жеңіл ышқынып тоқтаған. Телефон келіп қалды. Бетін албырттанып сипап, бір бозарып, бір қызарған бетін шапақтай жүріп тұтқаға жабысқан: 

- Алло, балам, қалайсың? 

- Жақсымын, әке. Шойын ағаға не болды, жазылды ма? 

- Ағаң аяғынан жүре алмайды. Уақытша дейді. Белгілі уақыттан соң қалпына келеді деп дәрігерлер уәде беріп жатыр. 

- Сондай ауыр ма? 

- А-а-аау, ондай да ауыр емес. Жеңіл де емес. Біраз уақыт керек. 

- Ол кісінің қарайласатын адамы жоқ қой. Бізбен бірге болама, сіз қарайсыз ба? 

- Иә, құзырлы органның құлағына жетсе біз әдейі үйге кіргізбей үсіндіріп тастаған адам болатынымыз мұнда тұр. Ол кезде екеуміз де кіналі боламыз. Барлық құлақтың тыныштығы үшін оңалғанша біз қараймыз, қырсық-ай деші! Оның үстіне екеміз тұрып жатқан үйді үкімет оған да, маған да жұмыс есебінен берген ортақ мүлік есептеледі. Сондықтан, біз оны шығара алмаймыз. Иә, менің әскери шенім, дәрежем, жұмыс өтілім одан жоғары болғандықтан көп зекідім. Өкінем. 

- Тым аямайтын едіңіз. Құлша жұмсадыңыз. Енді біз оны құлша бағамыз, әке.

- Құлша деген сөзді қайдан тауып алғансың, Влас. Миымды қарымай тұршы, онсызда терезенің алды сүңгі-сүңгі мұз, әппақ қар. Көзіме көрініп тұр. 

- Мен де қарды көріп тұрмын, әке. 

- А, сен не емін-ееркін еңбектей алатын болдың ба? 

- Жақсарып үй ішінде әрлі-берлі жүріп жүрмін, әке. Басында қиындау болды. Аз жүрген соң көзіме ұйқы тығылып сұлай жаздайтынмын. Өзімді қинап бетіме суық су шашып қолымды, мойынымды, қолтығымды дымқылдап әлсізлікке қарсы күрестім. 

- Шөуп, шөуіп, бетіңнен сүйдім ақ балығым, сен менің қошақанымсың? 

Сыңғырлап күлген ұлы: 

- Әке, сен қойды жақтырмаушы ең ғой. Қалайша мен қойдың қошақанына айналып шыға келдім? 

- Қо-ой ма, ол жақсы екен. Төзімді қыңқ етпейді, адал, зиянсыз. Шойынды қойдың жақсы жағынан көре бастадым. 

- Енді ол қорланады. Аяғынан тұра алмай жатқанда осылай деп зекісеңіз ол мәңгілікке өзін тастап жіберуі мүмкін. Абай болайық, әке. 

- Ім-ім, балам, сен бүгін мен жағындасың. Мен үшін күйініп, бәрі... Мүлдемге... Маған - өзіме тартқансың. Соңғы апталарда баранға көп жаның ашығанын түсіне алар емеспін. Енді міне ол сенің жаның тіпті ашитын бейшара күйге түсті. Бұған күйініп көмектесеміз, бірақ ол үшін болысып сөйлеп мені қасіретке батырма. Ұқтың ба, сүйкімдім? 

- Ұқтым, әке. Деседе, мені тағы бірнеше мәрте «ққошақаным» деуге қалай қарайсыз? 

- Әлбетте дап-дайын. Қоша-қа-а-аан... Қошақан... Қошақаны-ы-ым... Қошағым менің... Қозым... Лағым... 

- Негізі мал түліктері өте әдемі әрі жуас, төзімді ғой. Ешкінің ұзын жүні маңырап тау-тасты желше кезіп кете беретіні... Қойдың домалақтау пішіні, ақбұйра жүні қозының... Жастықтай жұмсақ... Үні қоңыр, әдемі, балаларға арналған аспап үні сияқты. 

- Ід-ді-дід... Сол аспапты қозы болып ойнап берейін бе, мәнг-мәнг... Мәнг... 

Маңыраған үнге сықылықтай күліп мәз болып жатқанда телефоны қолынан түсіп сасып қалды.«Әке-ке» леген баланың үні еденде естіледі. Телефонын еденнен алуға асықпады. Арбаға отырғызылған Шойынды дәрігер әкеліп тұр екен. Шойын өңі ағарғанымен, жүзі түтіге қарайды. Маңдайын ақ шытпен орап қойған. Сол жақ білегіндегі үсінген бір тұсына ақ дәкі жапсырылған. Екі аяғы түгел ораулы. Еденнен жаңа дауыстар естілді. Баланың маңырап ойнап жатқан қозы үні шығып тұр. Шойын еденге суық қарады, аяқ жағында тұрған телефонды тебе алмайды, Олег болса еңкейіп ала алмайды... 

***

Талағы тарс айырылып шаба жөнелгей тұрған тау ғой мынау? 

- Шауып-шауып шаңытып қайтып келген шығар? 

- Семейтауды да көрсін дедім. Дегелеңге ең жақыны осы. 

- Бұл таудың аты үрей шақырады екен? 

- Неге олай дедіңіз сал аға? 

- Таулар шөбінен, майынан бұрын атымен қадірлі. Семіп қалған қу сүйек бала, шұбырған адам, соғыстың сарсаңы мұрныма қан иісін емес өліктің, сордың иісін бұрқыратып әкеп тұр. 

Абай кеудесін басып қалтиып құлай берген Біржанның қолтығынан демеп: 

- Сал аға, қан басымыңыз бар ма еді, неге иіліп кеттіңіз? Күні кеше Бесқарағайдың орманында өз қарағайларындай шоқиып тік отыр едіңіз. Бүгінгі сапарымда осы қураған тауды көрсетем деп жол соқтырып алдым ба екем? 

- Құлағым шыңылдап барады би інім. 

 Не деп? 

- Өлеңдеп соққан кие емес. Әуен деп соққан әулие емес. Ішімді тұлпар теуіп кеткендей жаралы қаңсық. 

Біржан бүгіліп, аяғын қозғай алмай отырып қалды. 

- Құлағым шыңылдап, сенің үніңді ести алмай барамын, бауыр. 

Біржан құрысып ішін баса бастады. Екі тұлғаны оңаша қалдырып төменгі жақта жүрген жігіттер тауға өрлеп келе жатқан. Олардың сұлбасын көзі бір ашылып, бір жұмылған Біржан алыстан көрді де:

- Оларды келтірме. Қысылып барам. Қолыңмен белгі жаса. 

Абай қолымен ым қағып белгі беріп еді Тәкей, Белет екеуі қалш етіп қатып тұра қалып, жанындағы жігіттерін қолының ымымен басқа жаққа бұрып әкетті. Жасыл шапанды, үкілі кәмшат бөрікті, мығым денелі, балуан Біржанды сүйемелдеу домалақтау Абайға оңай тимеді. Бір ысылдап, пысылдап ағасына серік болғанымен оның сүйемелдеуі қиынға соққанын білген Біржан: 

- Мені мінеу көк тасқа отырғызшы. Енді сүйей алмайсың. Домбырамды әкел сосын. 

Абай әрең сүйемелдеп отырғызып, домбырасын ұсынып, бір тізерлеп отырды. 

- Сен осы менің мұңымды білесіңба? 

Абай тақиялы басын бір шалқақ еткізіп барып, қайта еңкейіп аңырды да қалды. 

- Шалқағым-ау, арманым-ау, армандым-ау, өткен күндері қазаяқты арбаның ізімен әр төбені тырнатып Ханшыңғыстың жотасына да алып шықтың. Сол Шыңғыстың алақанымен сипап отырып еңкейіп төсін басып сәжде еткен жері осы екен. Бірақ, мына Семейтауыңда қалш етіп жығылған себебім көзіме болашақ көрініп елес беріп қалатын жартыкеш әулиелігім бар еді. Біз келген Дегелең жақтан осы араға ұзын алып темір тас құлады да, басы тобықты тымақ киген сенің шалдарыңның бірі екен деймін құлап жатқан қай тобықты екен деп, жаңағы ұзын темір тастың адам басын сүйей беремін дегенде, ол жеті басты айдағар болып қайқаңдап шықты да тымағын түтіп, үгітіп тастап, от құсып, аяғы темір тас, басы құбыжық болып сенің Шыңғыстауыңды шайнаймын деп талпынды. Мойыны жақындап барып, жақындап барып қалғанымен жете алмады. Осыншама ұзын аралыққа жеткен айдағар басты темір тас жете алмағанына шамданып аспанға тік көтеріліп мойынын бұлғаңдатып, аузынан ала бұрқақ от шашқанда қаша алмай бұлт күйді, жер бетінде көлеңкелер қаптап, көлеңкелердің иесі болған жануарлардың өзі айдағардың жемі болды. Әй, сұмдық-ай, құсқым кеп тұр. 

Абай қорқақтана аспанға, қайғысыз жүзіп жүрген бұлтқа қарап: 

- Қазір не болып жатыр аспанда аға? 

- Тынышталып қалды. Оталып қопаға түскен даланың әр жерінде лапылдап от жанады, көбі сөнуге айналды. 

- Айдағар шы? Денесі қайда? 

- Оның басы жұлынып жерге сіңді. Қалың қазақтың домалақ баласы келіп басын қазып алды да соны домалатып ойнап кетті. 

Аух деп Біржан қатты қысылып Абайға құлады. Біржанның мұрнынан тік шапшып нәзік қан атып шықты да, орамалымен Абай баспақ болып еді, Біржан қолын сілтеді. 

- Атып шықсын. Дереу тоқтайды. Долылықтан шығып тұр. 

Біржан Абайдың бауырына сүйеніп жатты. Қан тік атылып шығып шаншылған күйі бірнеше кезек ытқып барып тоқтады. 

- Орамалыңды былғама. Топырақпен сүйкейін. 

Біржан топыраққа еңкейіп қарап, аяқ астынан алаңдап, топырақтан қаша жаздап, жанарын күнге дейін көз шұбыртып қарап: 

- Бәрі күрең болып кеткен. Бұл топырақта отыруға болмайды Абай, -деп айхайлап жіберді. Айхайлап есі шыққан сал өзіне келе алмай: 

- Жігіттеріңді шақыр. Мына жерге бір алапат төніп тұр. Көтеріп әкетсін мені. 

Жігіттер келгенде Біржан: 

- Қымыз арасында су сұрап көп ішкен ем, ішімді ауыртыпты. Абайламаппын. Бұрап ауыртып барады. Зембілді асықпай баяу көтеріңдер, лықылдатпаңдар, -деп Абайға ашқан сырын бұларға ашпады. Абай зембілдің жанында балпаңдай басып келе жатып: 

- Аға, ақырын сұрайын. Ұзын темір тастың соңы не болды, тас жарылды ма? 

- Е, е, інім, арысым, ардалы тұлғам, құбыжықтың басымен ойнаған Қазақ балалары күн астынан маған қайырыла қарағанда өңдерінің қолдарының құбыжық болып кеткенін саусағының ұшынан айдағардың уы қызыл сиядай сорғалап жейдедерін еттерін күйдіріп кетіп тұрғанын көрдім. 

- Ап, пәлекет-ай! 

- Не айтып кеттіңіздер ағалар? 

- Сал мырза парсы дастанынан оқыған әсерлерін бөлісіп жатыр. Ағаны мазалап жай таптырмаған әңгіменің қырқыншы үзіні еді. Ақырласып қалды. 

- Сонда қалай Абай аға, сал аға оқып біз оқымайтын, өзіңіз ғана еншілеп тыңдайтын қандай сиқырлы әңгіме? Бізді шәкірт қып тәрбиелеп келесіз, аңғарымпаздығым сізден жұққан болса мен қателеспеймін, меніңше мынау әулиелік сипат сияқты. Біржан басқалар қарамаған тұста Көкбайға қарата сұқ салсағын аузыны ұстап құпия сақтауды аңғартты. Көкбай сүлкіні түскен жұмыс атындай ұзын етек сары шапанымен салпаңдай басты. Әлденеде Көкбай кілт тоқтап: 

- Құлағым темір қыжыртқандай шыңылдап барады. Алыста гүрілдеп жер соққан дауыстарды естимін. Дала қат-қабат болып сілкініп, адамдардың терісі соған шыдамай шынылардай шытырлап. 

Біржан, Абай үндемеді. Салмақтылықпен Көкбайдың сезгірлігін сараптады. Қалған жігіттер екі арыстың алдында сөз айтуға да батпады. Біраз жүрістен кейін шалқайып жатып Біржан аспанға сұқ саусағын созып: 

- Абай, ұзын темір тасты біреулер тік сүйеп Семейдің ортасына тұрғызып қойды. Неге екенін білмеймін адамдар жылап-сықтап түбіне гүл шашты. 

- Астағфируллах! 

***

- Олег, Олег, братан, уважаемый майор? 

- Ни болд, ние болд, братишка? 

Қою қара балшықтай болып божырайып жатқан Шойын қою қара бетін селкілдете күлді. 

- Тамақ ішкім келеді. 

- Жә, онда кеудеңді көтер. Влас екеуіңді тойдырайын. Еңсеңді көтеріп отыра тұт. Балама бірдеңе айтып бер. Мүмкін, домбыра шертіп берерсің. 

Олег қазан жуып жүріп, есіне бірдеңе түскендей бұрылып қарады да:

- Шойон, сенің арқаңда баламның маған деген ықыласы жақсарды. Мені қойшы, ең бастысы өмірге деген ықыласы ерекше. 

Шойын екі жаққа кезек қарап мәз болып қалды, Влас та оған жымиып қараған бетін сағымды қуанышқа жалатып қайтарған еді. 

- Е, мен, алдында қырсығып шертпегем. Жақсы құрмет болмаған соң. Мен бір күй емес, кемінде он бес күй білем. Атамнан үйренгем. 

- Мә, солай ма? 

- Сол ғана дейсің бе? Мен ұлы Біржанның әндерін, Абайдың әнін, Көкбайдың, Ертіс бойын елең қақтырып тұрған Жарылғап деген жүйріктердің де әндерін көкейіме сақтағам. Мына менің басымда бар ғой, -деп шекесін бауырсақтай саусақтарымен тоқылдатты. Қазан ішіне май, су құйып болып, ошақ қыздырып тұрған Олег те басын шұқып: 

- Мұндай терісі тым қалың, миы кішкене бас, қопал қол, бауырсақ саусақ, жуан құлақ, шынымен мұның ішіне өнер сиса өнер адам талғамайтын болғаны да.

Олектің кемсітуі әрі тәкәппар әзіліне көзін сығырайтып жымиған Шойын: 

- Әкел, домбыраны, -деді. 

- Тұра тұр қолымды жуып алайын. Қол жумай домбыра ұстасам тағы ұрсасың 

- Қалай аударып жеткізерімді білмеймін, Қадір деген ақынның домбыраға арнап айтқан сөзі: «Нағыз Қазақ - Қазақ емес, Нағыз Қазақ - домбыра». Қысқасы, Домбыра - нағыз Қазақ. Ол ішекпен сөйлеп, мың жылдық тарихыңды ақтарып береді. Менен де Қазақ, мен қайта орыстанғанмын. Домбыра мәңгілік орыстанбайды. 

Шойынның ескеуілдеп айтқан сөзіне, дайын тұшпараны қаптан алып жатып аз кідірген Олег қабақ шытып барып жұмысын жалғастырды. Олег бұрынғыдан да елпек болып кетті. Елпек әрекетіне Шойын көзін сығырайтып қарап отырды. Мізбақпай домбырасын құшақтап отырған Шойынға Олег тұшпарасын қазанға толық тоғытып болған соң назар аударып: 

- Аспабыңды «тыңқылдат».

Шойын: 

- Брава!, -деді де бас бармағын шығарып көзін тағы сығырайтып күліп алып домбыра құлағын теңшеуге кірісті. Сыңқылдатып Тәттімбеттің «Сылқылдағын» тартты. Күй ортасында Олег шыдамсызданып: 

- Өткен аптада қайталап тарта беретін күйіңнің аты не еді?

Күйдің шырқын бұзған Олегке Шойын тіл қатқан жоқ.«Сылқылдақты» аяғына шығарып болған соң, соңғы үзбелерін кері қайыра тартып ортасынан біраз үзбе алып атасының жанындағы сәттеріндей рахат алып отырды да, ұйып мәз болып тыңдап отырған Власқа қарап сондай бір нәзік, аяулы сүйсініспен жымиып қойды. Күй Шойынның балалық шағының уызын оның кекселенген бетіне анасының қолымен қайта жаға бастады. Өз күйіне өзі балқып отырған Шойын «Күй шақыртқыны» қайталап тербеп отырды да, тереңге күмп етіп басын сұғып ойнаған үйрекше «Желдірме» күйін тартып әкетті. Бұл күй Біржанның сүйікті бауыры Абайдың күйі еді.«Желдірмеден» кейін дүркін-дүркін үш күй тартып тастады. Үйдің іші оттың жылуы, от жылуына жүзі қызарған Олег, қуанған Властың қан жүгірген беті, балалық шағына оралып, соның торына түсіп омалып отырған бала жүректі Шойын, тербелген күйдің үй ішіндегі тұманды, торлы көзге шалынған елесі, тербелген қыстың соңғы тыныштығы... Көп өтпей қар кететіні жайлы Олег қызықты сөздерін айтып екеуін қуандырып жатты. Жылы маусым жүректі одан бетер жылытар еді. 

Бір кезде Шойын құмығып, көзін жаны ауырғандай қатты қысып отырып қалды. 

- Не болып Шойын? Қолыңды крокодилге тістетіп алғандай домбырадан алып қаштың. 

- Байқап қойдың ба? 

- Әрине, Влас та осыған көз тігіп отыр. 

«Солай емес пе?» дегендей Власқа иек қаққанда оның көгілдір көздеріне мейірім ұялап, шарасы «иә, иә» дегендей толқып тұрды. Қолын қасып жіберіп: 

- Майор братан, Властай, ренжімеңдерші. Бір әуен тамағыма тығылып тұр. Бірақ, айтайын десем атамның әруағынан әлі сескеніп отырмын. Осы әнді өзі үйретті, кейін айтуға өзі тыйым салды. 

- О, неге? 

Олег қабағын аспанға тіреді. 

- Айтып көр. Біз тыңдайық. Атаң түсінеді. Ауыр болса әрі қарай айттырмай тастаймыз. 

- Жарайды. Түсінгендеріңе рахмет! Мен жетім өстім де, атамның өз баласындай болдым. 

Олег басын салбыратып пеш басындағы орындықта отырып қалды. Шойын гүрілдеген дауысын сым сияқты үзіп алысқа лақтырып тастаған. Мүлдем сызылған дауыспен жаңа шымылдық ашып одан кейін басы жұмсақ болсада, негізі ащы басталған, жүрісі жеңіл болсада, сүйегі ауыр әнді үй ішіне толтырды. Үйдің ішін бір өзі толтырып тұрған әннің қамырықты шері барын Олег барынша түсінуге жанталасады. Құлағы оңды-солды қозғалады. Шашын тақырлап алып тастағандықтан, басы оңды-солды қозғалғанда қуақай баланың елпек басындай. Оның елпек көрінуіне осы шашы тақырланған басы әсер етіп жатса керек. Әнді беріліп тыңдаған Влас екі тізесін құшақтап алған. Олег толық тыңдап болған соң бас шайқады да:

- Әннің аты? 

- «Теміртас». 

***

- Дегелеңге тартыңдаршы. 

- О, неге? Ол тауға барып тастамадық па? 

- Абай біледі себебін. Мені сол тауға бір аунатып қайтарыңдар. 

Жолаушылар енді өгіз арба жалға алып Біржанды соған отырғызып алды. Сойдиған соқпақтардың соңы түнге ұласты. Түнгі қысыр-кеңес иен бөктердегі иесіз тамда жағылған оттың айналасында үпір-шүпір өтіп жатты. 

- Таң ағарса болды, біраз қырқадан соң Дегелең көрінеді. 

Бітжан үндемеді көзіне ұйқы тығылып бөркін алып, ақ торғынды маңдайын айналдыра орап, дәрет алып келіп жантайды. Өзінің сандықтағы үш түрлі тігілген әсем шарандарын үстіне түгел жаптырып арба үстінде ұйықтап қалды. 

Таң ағарып таң сүті сыздықтағанда күн емшекке қарап жатқан Біржан екі шапанын сандыққа салып, жұқа біреуімен ғана жатты. 

- Таң суық болатын еді. Бүгін жылы екен. 

- Иә, Біржан аға, Дегелеңге қайыра бұрылғанда қандай іздегеніңіз бар еді? 

- Мен көрген ұзын темір тастың түбі осы Дегелеңде былқылдап тұрды. Үзілсе де, сынса да ашылып-жұмылып тұрған тамыры осында. Мен осы кесапаттың жартысын болсада әнмен емдеп кетейін деп келдім. 

- Әнмен емдеп? 

Абай бойына біреу суық су құйып еткендей қалшылдап иығын көтеріп барып тоқтады да, бір таңданысты оқиғаны күтті. Біржан шалқайып жатып бозторғайдың таңды оятар сарылына басты. Біржанның сайрауық үніне оянған жігіттер әр жақта жантайып жатып ұйқысын баппен ашты да, ағаларына қызмет қылып қолдарына су құйып, тоңазыған еттен, наннан, өрік, мейізден дәм таттыра бастады. 

- Жігіттер, ренжімеңдер, бүгін көңіл-күйім бабында. Әйтседе, көңілді ән күтпей тұра тұрыңдар. Бір құпия сапарым болсын Дегелеңге қайыра келуім. Шерлі толғақты орындауым керек. Басқа түскен бір міндет. Құдай салған ой мазалап өзін орындатпаса жанымды шүйкедей түтпек. Ағаларыңа рақым қылып ән сұрай бермеңдер. Бақанасқа қайтар жолда тілектеріңді орындармын. 

- Жарайды, аға. Асығыстық жоқ. Күткеніміз де асыл ән. Өз бабымен келсін. 

- Өз бабымен болсын. 

- Ағаның айтқанына тұрақтайық. 

-Рахмет жігіттер! 

Біржан жылтыраған мұртын рахмет атауымен майлап жібергендей тіпті жылтырай түскен. 

Біржан Дегелеңнің жотасына іліне бере әрлі-бері аспан мен жерге шалқайып қайырылып қарап, бөркінің үкісін шошаңдатып отырды да: 

- Екі қозыкөш жер жүріп барып тоқтаңдар. Біз әлі келмедік, -деді.

Кіші бесін болғанда тоқтаған арбадан секіріп түскен Біржан құлашын жазып-жазып жіберді де:

- О, сұры тау, сұры тау, әулиең де болайын, әурең де болайын, әбігерің де болайын, дәрігерің де болайын, -деп еңкейіп барып жусанын жұлып иіскеді де: 

- Ім, мынау жусан ғой. Жігіттер жусаннан алып иіскеңдер. 

Жігіттер жусаннан алып иіскей бастады, Абай құр қозғалақтағанымен жусанға қолы жетпеді, оның айналасында жусан жоқ екен. Біржан жусан сабағын мұртына тигізіп шертіп тұрып ойға қалды. Ой үстінде зымырап ұшқан қос бөктергіні көріп оларға да көз жүгіртті.«Жеке өзім айналып келейін» деп бірер бөктерді кезіп жүріп келді де, домбырасын қолына алып: 

- Дауысым ең шығандаған кезде жаныма жиналыңдар, -деп өзі жалғыз сұрғылт шоқыдан асып қарасын үздіріп кетті. Сұлбасы талып-талып көрінеді. 

- Те-е-е..., -деп ызыңдаған те дыбысы бұл жаққа ысқырықтай ысылдап, шыңдауылдай шыңылдап аралас үнмен естіліп тұрды, басқа көп сөз жоқ. Әудем жерден «Темір тас» деген сөз анық естілді. Тұнық, жеке тақырып боп. Одан кейін уіл мен гуіл, құпия түсініксіз сарындар, ежелгі тілдің толқындары, сөзі жоқ, ыңылы көп қайталамалы шулы ырғақ, өкініш, тепкін естіліп жатты. Дауыс шығандағанда барса бұлар тыныш қалпы сопиып қалды. Біржан домбырасын құшақтап арудай билетіп жүр екен, әуен деген сан құбылып, иегі сақ-сақ етіп қолы неше бұлғаңдайды. Иықта тыныштық жоқ. Жерді күңірентіп жердің жанын астынан жыланша созып шұбыртып тұрып жұлқымақ болған адуынды сал Біржан аспанның жерге теңгедей етіп жіберген елшісіндей, қатулы,  сұсты, кішкене болсада көктің күшіне молынан сенімді шымыр жүректің иесі. Басқа сөзін анықтап тыңдағысы келгенімен ешкім ештеме ұқпады, ұзын темір тастан өткен күні қорыққан сал Біржан енді ұзын темір тастың елесі алғаш шыққан тау түкпіріне келіп әнмен, сөзбен емдеп пәлекетті қуалауда. Абай маңдайынан белгісіз қанжарға осылып бөлек аққан терді жеңімен қатты жанап сүртіп жерге қақты. 

***

Влас жеңілдеп, бойы жазылған соң тағы сол төбеге жүгіріп шығып алады да құлашын еркін жазып барып, одан кейін бүрісіп қалшылдап тоңған адамның кейпін келтіреді. Қолға, аяққа тұрмай тынымсызданып секіреді. Олег ұшыртып келіп баланы қағып алып: 

- Бұл төбеде не сиқыр? Қайт, -деп беліне құшақтап үйге ала жүгіреді. 

Екінші күні Влас тағы қашып барып, мойыны алғаш осы төбеде әкесінің есін шығарғандай мойыны дірілдеп, басы қалшылдап тұрып қалады. Қырқардай дірілдеп тұрған бастың әкесі алаңдап көзіне жас үйірді. Көк сүмбі көзінен алғаш жас тамғанда бұтағы қатулы қарағайдан шық тамғандай болды. Жас емес шық та сияқты. Жігіт ашулы. 

- Неге кете бересің? Ол төбеде не көрдің? 

Өкпелеп теріс қарап отырған баласы? 

- Не естідің деп сұрамадың ешбір рет. 

Отырып баласын аймалақтап, иегінен сипап: 

- Не естідің айтшы? Мен неге ештеңе естімедім әр барғанда? Саған ғана естілетін күш-құдірет пе? 

- Маған. 

- Не естідің? 

Баланың мойынындағы маржанын қозғап жыбырлатты. 

- Әке бір құпия айтайын ба? 

Көзін ұйықтап жатқан Шойынға аударды. 

- Ол естімей ме? 

- Естімейді. Тек ақырындап, баяулатып айт. 

- Онда әке құлағыңа сыбырлайын. Сыбырлаудан бұрын мына сұрақтың жауабын домбырашы ағадан алып бер. 

- Қане, айт. Құлағымды тосып тұрмын ғой. 

- Ол кісі атам рұқсат етпей әрең айтамын деп айтқан ән ше? Есіңде ме, көз алдыңда шығар? 

- Әлбетте. 

- Атасы не үшін тыйым салды екен? Соның құпиясын біліп бер. 

- Жарайды, балам, -деп басын шайқай берді Олег. 

-Уәдені орындайсың ба? 

- Еш қиын емес, орындаймын. Одан бірдеңе сұрау мәселе тудыра ма?! 

- Ол қалайда айтпауы мүмкін. Өйткені бұл атасы мен арадағы құпиясы ғой. Оның үстіне атасы жетімдік көрсетпей баққан. 

- Ім-ім, ақылды балам, әкелші бетіңнен... Айтқаныңды орындаймын. Иісін-ай сәбидің... 

Бала бетінің сүт шұқырлары ойыстанып, тәп-тәтті жымиды да, қайта құлағына тақау келді: 

- Мен бұл кісі айтқан әнді одан бір ай бұрын естідім.

- Қайдан деп жалт қарай бастаған әкесінің мойынын бұрып жіберіп: 

- Әлі айтып болмадым. Бұрылма. Сосын...,- деп сыбырлап тұрды да Шойынға ұрлағыштап қарады, ол бейне көзін өтірік жұмып тың тыңдап жатқандай. Бала сезіктеніп тіпті ақырын сыбырлап: 

- Бұл менің ауру тарихыма әсер етеді. Басқа ешкім білмеуі керек. 

- Жасырмай айтшы енді,-деп бар олжаға қолы енді жетердей, бұған дейін баласының дертіне жіп таға алмаған әрі дәрігер, әрі әскери маман тіпті асықтырды баласын. Бала әкесінің құлағын уәлдетіп үрлеп болымсыз ысытып барып: 

- Мен сол төбеде алай-дүлей жел ойнап, сол желдің іші адамша немесе арқарша домалақтанып әлгі әннің қайырмасындағыдай «Темир та-та-та-ас-с» деп созылтып тұрған ащы дауысты естідім. Сол дауыс төбемнен құйылып кіндігімнен шықты. Тұла бойымды азулы аңша шайнап тастай жаздап. Осы әуен шыңылдап кеткен кезде тыныш тұра қалам да, ұзақ назар аударам. Бір кезде тоқтайды. Ол сол төбеден ғана емес, оның жан-жағынан да естіледі. Жүгіріп шығып өзімнің құлазуымды басам, бірақ ол дыбыстан кейін өзім қанша жеке қалсам да сол үн мені басқа әлемнен бөліп құлазытпайды, сіздердің бар-жоқтарыңызды да білдірмейді. 

Олег қабағын бір ашып-жазып таңданды да отырды. 

- Темір тас деген сөзден қорқа бастадым. 

- Құпиясын ағадан білу керек. Атасы бірдеңе білген. 

- Дұрыс айтасың. Бұл полигонға, ядролық бомбаға да қатысты сияқты. Үкіметтік құпияларға, бір халықтың өміріне, аман-саулығына да тіреледі. Атасы кемеңгер адам болғаны ғой, бекер жасырмаған. 

Екеуі де үнсіз қалып, өзара көз арқылы сөйлесіп ұйықтап жатқан Шойынға қарап оның өз еркімен оянуын тіледі. Олег иығына қалай іліп алғаны белгісіз, иығындағы қол сүртетін көк орамалды иығынан суырып қолына алды. 

***

Біржан сал Есіл алабындағы Жөкей көліне жетіп сәнді арғымақты арбадан түскенде балапандарын бауырына басып иіскеледі. 

- Кіші анамыз ұл тапты, әке. 

- Иә, ұл. 

- Кіші анам сіз қыз болар деп күткен дейді. 

- А, жарайды, жиылып ат қойдыңдар ма? 

Осы кезде бойжеткен келіп: 

- Сіздің қалауыңызсыз кім қоя алады, аға? 

- Ақық, Асыл деп өңкей лағылдардан ат дайындап қойып ем қызым туар деп. Батырым туса жарады, қапелімде не таба қояр екем деп бөркін шешіп, жіпсіген кең маңдайын орамалымен сүрткен. 

Ұлар-шулаған балалардың екінші дүркінін ертіп екі әйелі келді. Сал жұптарына алыстан емеурін танытып, балаларын түгел сүйіп шықты, ең кішілерін бір-бір мәрте көтерді. Бәріне мейіз, қақ үлестірді. Арбадан алып шыққан қызыл түйіншекті бойжеткенге беріп «балалармен бөліспесең де болады» деген. 

- О, Жөкей көл!, -деп тамсанып қарады, -атың ат па, қыздың аты сияқты, жекей бөрік те сияқты, ашық-жарқын жолымды ашар тәтті жеңгей де сияқты, қалай сал-сері ат қойып мені осыған әкеп қондырып қойды екен? Уақ-Керейдің ғана емес, исі Қазақтың намысын жыртқан Ер-Жәнібек, Бармақ бабалар-ай! 

Шаршап ерте сұлап түсіп, кешкі ас ішер уақытта жұбайы Әпіш ерін оятты. 

- Не ат қоятын болдыңыз балаға? 

Қатты шаршағандықтан ұйқысырап, өң мен түстің арасында ыңылдап оянбай жатқан Біржан аяулысы бірнеше рет түрткенде «Теміртас» деген сөзді бірнеше рет айтты. «Балаға қойған аты осы болды ғой» деп салдың ағасына айтып еді. Ол әп-сәтте азандап балаға ат қойып жіберді. Ертесі Біржан ештеңе түсіндіре алмай «неге соны қойдыңдар?» деп әбігерге түсті. Одан кейін қузап жатудың керегі жоқтай сезініп,«жә, болды» деді де қойды,«құдайым жақсылыққа бұйырсын. Қылыш, қайрат қаруларын шығарған темір тас та оңай асыл емес, бір керегіме жарар». 

Теміртас сүп-сүйкімді болып өсіп бара жатты. Теміртастан кейін өзі даярлап жүрген Асыл, Ақық деген бағалы есімдеріне сай екі қыз бірінен соң бірі дүниеге келіп сал Біржан кіші арманы орындағалғандай, көңілі түлкі жүніндей құлпырмалы болып, Жөкей көлдің шөптері де түлкі жүндестеніп тұрған күз уақытында бір айтулы оқиға болды. Біржан салдың ағайындары елуден асып кеткен салдың жүрісіне намыстанып, оның жұбайларының өкпесі қосылып, оның ілескен жолдастарына қырғидай тиіп, қарумен сес көрсетіп салды байлап үйге қамап тастады. Қолын патша ұстамас салдың қолы байланғаннан кейін, ол ақырып әупірімдеп зорлыққа қарсы шатынап шаңқ еткен сайын өз қылықтарын жасырып салды «көтеріліп ауырды, құс демімен келген сырқат қыс түбінде оңалар» деп елді ұлы салмен кезіктіруден тыйды. Оңашада омалып жатқанда азық тасыған бауырлас туысы көз жасын көлдетіп амалсыз екенін айтып, саулық тілеп шегініп шығатын. Сыртта қарулы күзет. Жамағайындары өлімнен тайсалмайтын оқ қаққан, шоқ басқан білекті болған соң Біржан сал қанша білекті болсада туыстарының қыспағынан өте алмады да, қысаңда қыстырылып қалып қойдың. Елдің көркі өз үйінде омақасып жүдеді. Осы кезде Семейтаудағы зар құлпырып кетіп қайта семген көңілін дауылдай бұрқап соғып, Теміртас ауызына тағы түсті. Әнші қолы орындыққа жабыстырыдып байлауда жатып: 

- Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,

Шешеннің сөз шығады таңдайынан.

Теміртас, Асыл, Ақық, қарғаларым,

Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан. 

Сал аласұрып буырқанып соңғы жылдары бой тартқан сүйіктілерін іздейді. Иіскесем дейді, иіскетпей тұр-ау аналары да мұны ауырғанға балап. Баласын жолатар емес. Өзіне келіп емінер, салдығын қояр деп басында өздері ұсыныс жасап, енді міне қиянатшыл қайын ағаларынан аса алмай өздері ішқұста болып «жындының қатыны» атанып отырған болар. 

- Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым,

Үкідей мен сендерді балақтадым.

Бірге өскен құрбы-құрдас, замандастар,

Есіктен келе ме деп алақтадым.

Іздеп келгеннің шаңын алыстан бағып топырлатып қуып қашпағанын сабап әкеліп салға бір көрсетіп қайта әкеткен жуан жұдырықты жамағайындары бұған дейін салдың тепсінген тізесі болса, енді күш бермес білегіне айналып құрсағы мен кеудесін, кеуде астына жасырынған бүлкілдеген жүрегін соққылап кетуде. 

- Салғаным ағаш үйге ызботты пеш,

Жаратқан, мен бендеңнен күнәсін кеш.

Денеме кендір арқан жаман батты,

Қайдасың Асыл, Ақық қолымды шеш.

Темі-ір-та-а-а-ас!...

Темір-та-а-а-ас!...

Семейтау мен Дегелеңде тұтанған айдағар отының кіші сипаты болып от құшақтаған Теміртас жүгіріп өтеді, бірде өзін құтқармақшы, шешпекші екен. Артынан келіп қалып алдап-ссулап, қорқытқан жамағайыны «әкең жынданды. Шешсең сені, анаңды, бізді өлтіріп тастайды» дейді. Сәбидің жылаңқы көзіне құм құйылып, көзі бір қарайып, бір ашылып әкеге кешіріп тілеген жалынышты әрі шарасыз көзбен қарап теріс айналады. 

***

- Атаң неге бұл әуенді салуға тыйым салды деп ойлайсың? 

Көзі шарасынан шыға, ашынып-тұшынып қаз сорпасын кілкіте ішіп алған Шойын енді ғана тершіген көзін ашып: 

- Осы Дегелең-Шаған өңірінде Курчатов қаласы ссалынбай тұрған, патшалық кез екен. Сонда әнді шығарған Біржан сал осы төңіректі айналып күні бойы зарлап, осы жерге түсер пәлекеттің хауіп азайтпақ болыпты, әннің күшімен, әннің құдіретімен. Бірақ, арманына қолы жетпей көңілі жүдеп қайтыпты. Мүмкін, ол ән құдіретімен бұл жерді жамандықтан аластамағанда біз бұл жерде ас ішіп отыра алмас та едік. 

- Не деп тантып тұрсың? Өз қиялыңнан құрастырған бірдеңеңді қалайша атамның құпиясы деуге ауызың барады?! Бұдан былай сенің ертегіңе алданбаймын. Власты да бұлай алдама, ол қағілез, көп оқыған. 

- Енді менде не амал? Болғанын айттым. 

- Рас айтып тұрсың ба? 

Үңіле қарады. 

- Еш қоспасы жоқ. Қазақтардың сезгірлері осы өңірге қандай алапат келетінін жүз жыл бұрын біліп қайғырған.«Тобықтының қақ төбесіне сойдитып пәлекет салардай Тобықты кімге не жазып еді?» деп Абай қайғырған. 

- Солай ма? Ендеше, Абай неге басқа жаққа көшіп кетпеді? 

- Оны менен сұрама. 

- Тобықты бар болғаны бір ру,«Абай» эпопеясының аудармасы арқылы орыстар да осы руды жақсы біледі, арғын, керей, найман, уақты да содан табасың. Бірақ, бұл бомба оның тобықты жеріне орыс қас қылып жарған жоқ, кішкене руды жер аударып қууға да болар еді. Семей жерінің қыртысы ең қатты. Сол үшін осы жерде жардық. Қаттылығы сондай жері төменге 7 километрге дейін граниттағаннан тұрады. Мысалы, Жетісу жақта жарсақ бір бомбаның күлі жүздеген шақырымды қопсытып кетеді. Үлкен шығын. Ал, Семейде қай жерде жарылды, сол жер ойылады. Мұндай қыртысы қатты жер табу қиын. Семей неліктен Совет одағының әскери базасы болды? Алыс аралықтан бақылайтын шетел көздеріне шекаралық өңірлер әрқашан толық көріледі. Бұл шетелдің арнайы бақылау жүйесіне түсіп айбат көрсету, Қытайға жақын шекарада айдағарға от құстырып ауыздықтау, зиянды күлді сол бағытқа ағызу, көптеген технологиялық, энергетикалық қазыналарды тудырып халыққа жақсылық әкелу мұның бәрі осы түйінде қамтылған. Бізде 118 рекаталық нысан бар. 18 минутта Пекинге жетіп бара алатын пырақ реката, әрбіреуі 4 Пекинды шайып кете алады. S112 деген 9 қабатты үйдің көлеміндей ардагер рекатаны қозғау, жылжыту қиын. Кілттері Кремьлде. 

- Осы жерде істеп жатсам да мұны біле бермейді екем? 

- Сен барып кел, шауып келге жұмсалатын сержантсың. Мен құпия әскери орында 2000-2004-да болдым. Саусақпен санап, алақанға жайып айтатын дүние көп. Мұның бәрі осы жерде қалсын.

- Семейдің даңқты көпірінің астында 30 метр төмен орналасқан құпия тәнкі жолы, жалпы Семейдің әскери соғыс дайындығындағы қала болып жасалуы бізге қаншалықты пайдасын тигізеді? 

- Әрине, Қазақстанның амандығы, технологиялық, энергетикалық дамуы үшін қажет. Бірақ, біле білсең құпияның кілті Кремьлде. Қайталап айтам Кремьлде, Кремьлде. 

- Алматыдағы нағашым айтады, биологиялық құпия зерттеу орнын байқапты. Құпия орталықтың алып жататын биошеңбері қаланың басынан Саймасай деген ауылға дейін екен. Осы аралықта биологиялық өріс жасап көп нәрсені тізгіндеп тұра алады. 

- Мұндай биологиялық аса құпия зерттеу орталығынан елде 27 орын бар. Жемқорлықтың кесірінен қабырғалары іріп-шіріп әрең тұр. Әйтеуір, күзеті қатаң. Алда-жалда біреуінің қорғалуы сыр берсе, бүлінсе онда Қазақстанға ғана емес, әлемге ауыз толтырып айтарлықтай үлкен шығынға әкеледі. 

- Қорқынышты! 

- Қорқынышты. Ал, біз адамдар ең қорқатын Курчатовта өмір сүріп жатырмыз. Қалған атомдық аумақтар бұған қарағанда еркін жайылған киікке ұқсайды. 

- Атамның айтқаны шын. Қайталап айтам. Маған сеніңіз. Біржан сал деген ұлы өнерпаздың ісі еді. 

- Ендеше, ол өте киелі адам болғаны. Балам да мұның байыбына бармай отыр. Демек, осы төңіректе сол ұлы адамның айтқан әуені тау мен таста, тіпті бұлтта сақтаулы. 

- Не айтып тұрсыз майор? 

- Жай, ештеңе. Мен ыдыстарды жууым керек. 

***

Адырлы даланың сағымын адырнадай керіп, аяғымен әудем жердің арасын қосып күйге іліккен дауылпаз киік ұшыртып келеді. Киік ешқашан жүгірмейді, шаппайды, киік деген жануар жүзеді. Кәдімгі далада олар бой бермей, өлген-тірілгеніне қарамай, басын бір жіберсе ағызтып кете береді, ол кезде оны тоқтату, бөгет болу емес. Құрлықта жүзетін жалғыз аң - киік. Толқындай ағызтқан жануардың жалғызы - шұбар киік ағызтып келеді. Бір кезде оны пайғамбардың ақылы тоқтатты. Қашып құтыла алмасын білген соң құланмен шатыс шұбар жүйрікпен қуған аңшыға жасаурай қарап жақын тұрған шұбар дөңге тұяқ іліктіреді. Сол тауға лағын тығып кеткен киік қашып кете алмады. Төбенің үстіне шығып тұрғанда өзіне жақындап кезенген аңшыны көрді. Қаракөзі адамдай жәудір қағып, кеудесін жалағае күйікті ішімен тырнап екі тұяғын көтеріп жіберіп сөз айтты: 

- Шұбар атты, шоқ тымақты, жебесі ащы әй аңшы, қауырсын оққа бай аңшы, сөзіме рұқсат қой аңшы. 

Аңшы тымағын көтеріп «кім сөйлеп тұр?» деп ойлады. 

- Егіз лағым бар еді. Желінім сыздап дертіп жүрегім елжіреп жүзе алар емеспін даланы. Әлдеқашан қашып кетер ем. Сол егізімді емізіп кетейін. Сары түкті сары мерген рұқсат берсең, содан соң қайтып келемін. 

- Адамша тіл қатқаныңа болайын. Қашып кетпесіңе кім кепіл? Оғымнан қалай құтқарам? 

Осы кезде киіктің екі жағы дың етті де, осы көрініс, осы тіл алынып, ақ бұлттардан екеуі пердеше төмен сырғып, ортадағы сахнада сәлделі тығыршықтай, жүзі ыстық ақсақал шығып: 

- Мен кепіл. Мұхаммед пайғамбарыңызбын, -деді. 

Әккі аңшы сенер-сенбесін білмей тұрып бас изеді. Киік лағын емізуге жартастан асып кетті. Тұмантқан дөң бетінен пайғамбар бейнесі өше берген. Аңшы «айырылып қалдым ба аяулы киіктен» деп сан соға бастап тырнағын қыршып отырғанда, жарық сәуле қайта ашылды. Пайғамбарды көктен салбыратып түсіргендей, періште қанатты екі ұшпа жарық бейне кісі бойындай ұзын сары желпуішпен желпіп тұрған. Пайғамбардың бойы жарық нұр мен желпініске рақаттанып жоғарыдан аңшыға өң тоқтатып қарайды. Қолдары да бір ырғақпен қозғалып, жоғары-төмен ақырын сырғып-шығып тұрғандай. Әккі аңшы оғын оқтап тағы қарады. Киік келе қоймады. Саусағын тағы босатты. Аңшы күте-ккүте шекесі тырысып, басын ұрғылап алдында тұрған шымды тасты ұрғанда тас қақ бөлінді, жұмсақ тастың бұрышында қолының шетінің мөрі қалып бара жатты. Пайғамбар жымиды. Ойнақтап көзі жасты ана киік шыға келді. Сирек кездесетін қандай шұбар киік. Оғын дәлдеді. Осы кезде әлемде қаһарлы аңшыға арналған қолайлы уәде, орындалған уәде бар еді, мейірім қалмаған еді. Мейрімді жүрекке дарығалы тұрған оққа ешбір әлем қарсылық жасай алмайды. 

Шойын шұбар киіктің осы аңызын айтып өтіп, сондағы күйшілер осы қасірет пен қасиеттің бояуын араластырып осы күйді шығарған екен деп «Шұбар киікті» безектеткенде Олегтің басына өзінің киік туралы кінәсі есіне түсті. 

- Бір жолғы киікке қарсы зымыран сынағын сәтті орындап едім. ММыңдаған, тіпті екі мыңнан астам киікті зымыран уымен шаңытып қалай өлтіргенімді білем. Егістікке қолданған улы тыңайтқыш дәрілер жер асты суларына өтіп бәрін былғағаған, киіктерге мынадай дерт енген деп жаптық бәрін. Бірақ, киіктердің миын шайқалтып, генін бұзып, олар оңтүстікке ауатын кезде ауа алмай санасы күрт бұзылып, Арқа қысында қырылды да қалды.... Қостанай, Торғай, Ақмола... Тау мая киік өлексесіне толды да қалды. 

- Сол кезде жиған асығым бар, -деп киік өлекселерінен жиналған асығын Влас қобдишасынан алып көрсетті. Олег бәрін қызылды, сарылы қып сан алуан түске бояп беріпті. 

- Киіктерге вирус жіберілгені де жалған емес қой? 

- Жалған емес. Бірақ, зымыран уымен қоршап тұншықтырғанымыз шын. Дала суырлары да қоса қырылды. Аш емес еді, семіз аңдар теңкиіп түкке керексіз затқа айналды. 

- Сол кезде арақ беріп ор қаздырып еді. 25-30 метр жерде тау-ммая киік үйіліп жатты. 

- Көрдің бе, вирустан өлсе бір жерге соншамасы жиналып өлмейді, шашырап өледі. Бұл зымыранның күші... Бәрі аяқ астынан болды. Қазір 1 миллион 300 мың бастан асты. 20 жыл бұрын 21 мың бас ғана қалдырған едік. 

- Неткен өсімтал еді! 

Шойын тамсанды. 

- Киік сендердің халықтарың. 20-, 30-жылғы ашаршылықта Қазақтың 80 пайызы құртылды. Бірақ, міне соншама өсімталдықпен 15 миллионға жақындап отырсыңдар. 

- Киік пен Қазақта бір байланыс болғаны ғой? 

- Сендер туыстарыңнан, көршілеріңнен, тіпті жауларың болған қалмақтан жетім бала қалса асырап, бауырына қазан астырып, тіпті тұтқындарыңды руларыңның жоғын жоқтайтын маңызды мүшесіне айналдырып алып отырған мейірбан халықсыңдар. Киіктер үйірі төлдеген соң төлін тастап жүріп кетеді, келесі киік үйірі енді туылған құралайларды емізіп қатарға қосады, ал өздерінің қалдырып кеткен лағын келесі үйір бауырына алады. Төлдеу кезіндегі қысқа маңызды уақытта олар осылайша бәрін қатарға тез қосып, қасқырлардың шабуылынан қорғана алады. Тез өсетіні содан. 

- Демек, Қазақтың бауырына бала салуда көзсіз жасайтын ерлікке толы мейірімін киіктердің өмірінен қабылдаған болып отыр ғой? 

- Мұны мың жылдықтардың тәжірибесі деуге болады. Шығыстағы Аляскадан батыстағы Германия жағалауларына дейінгі ұшы-ққиырсыз көлденең алқапта киік сүйектері табылады. Осы аралықта киік қалай жайылды, көшпенділер қанаты солай кең жайылды. Қай жерде киік өмір сүруін тоқтатса сол жерде көшпенділер өркениеті кілт үзіліп отырған. Сол үшін киікті құрту керек, киік құрыса Қазақтың құндылығы, көзі жоғалады. 

- Менің Қазақтың бір мүшесі екенімді ұмытпа. 

- Сенің Қазақ екеніңе күмәнім бар. Бауырмал Қазақ асырап алған қалмақ болып шығуың да мүмкін.

- Оны айттың. Біз Қаракесек руының ішінде Қалмақ атанамыз. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен туыспыз. 

- Жазбай танығам. Қанша ғасыр өтсе де өзгермейтін нәрселер бар. Сол үшін Қазаққа жаның жалаудай желбірей бермесін, -деп кескен Олег шоқты көсеп жатып. 

***

- Құйу, ұйу сөздерінен әуелі Құйғ, артынша Құйғр(Құйғыр) сөзі қалыптасқан. Осы жағдайдан қарағанда айғыр мен үйір, киік мен оның сүйегі(тобы) бір ұғымнан бастау алады. Біздің рулық жүйедегі ру мен сүйек сөзі де бір тектен шығады. 

Бұл жайлы төменде кеңітіп, тарихтың бұрымын тарқатып отырған ғалым Альвиан Олегтің көзін шарадай жандырады. Бұл деректерді шойынға, Власқа жеткізудің қажеті жоғын, жеткізуге тілі жетпейтінін де ұғынып отыр. Еңкейіп басын қаси береді. Тәртіпке келіп шапкасын екі қолына қысып ұстап үнсіз бағжияды. 

- Ескі түркі тілінде с дыбысы мен к дыбысы қосақталып қатар айтылған. С дыбысы мен к дыбысы қосақталған сөздер уақыт өте келе біреуі с дыбысын сақтап қалса, біреуі қ дыбысын сақтап, ал кейбір сөздер с мен қ дыбысының қосындысынан туған ч, ш дыбысындағы сөздерге айналған. Ескі тілдегі киіктің аты болған Skhoyk сөзі осы үрдіспен дыбысталғанда, одан Сойғ, Хойғ, Койг сөздері ірге көтерген. Қаратеңіз алабындағы қауымдар ақбөкенді Сайга деп сол Сойғ нұсқасында алса, Тұрандағы ел оны Киік деп Хойғ, Койг нұсқаларын алған. Қойғ, Койг деген нұсқаларының дыбысталуы қойдың атымен жақын. Онсызда киік пен қойдың ұқсастықтары көп. 

Құйғыту деген сөз бар тілімізде. Бұл тоқтамай, жер бетімен сырғып отырып жөңкуді білдіреді. Бұл осы Қойғ деген дыбыстау бойынша киіктердің жаппай құйғытып жүгіретін әрекетіне қаратып айтылған сөз. Киіктер жаппай құйғытқанда сізді таптап өте шығады. Мертіккеніне қарамайды. Біріңғай ағызтады. 

Қайғ, Қайы. Османлы империясының негізін қалаған Қайғ деп те, Қайы деп те алатын осы біздің Сыр мен Маңғыстаудан кеткен рудың таңбасы және олармен ең жақын туыс болып саналатын әлімдердің рулық таңбасы осы киіктің қос мүйізінің орналасу бейнесімен ұп-ұқсас. Олар да сол киіктің қойғ деген ескі нұсқасы негізінде өз атын алған ру. 

Осы аңның Сойғ деген нұсқасы ру сөзінің екінші бір синонимына айналған. Сойғ сөзі Сойк, Сүйек болып дыбысталып, "Сүйегің қай ел?" деп сұрайтын еді қазақ ру сұрасқанда. Қазақ рулары жат елдің адамын өзіне сіңіріп өз ру атын беріп кіргізіп алады. Біреудің баласы деп алаламай жаттың баласын бауырына басып өз руынан етіп алады. Киіктер болса көктемгі төлдеу кезінде құралайын туа салып тастап кете береді де, екінші бір бөкен сүйегінің төлдерін жолшыбай емізіп ертіп алады. Ал, олардың өз төлдерін келесі киіетің сүйегіндегілер емізіп қатарға қосады. Қазақ осы бауырмашылдықты, өз сүйегіне бөтен сүйектің адамын сіңіріп кете беруді осы киіктен алған. Жылқы үйірге, сиыр табынға бөлінсе, киік сүйекке бөлінеді. Қазақ та үйір(ұру, ру) мен сүйекке бөлінеді. 

Біздің Кіші Жүздер ішінде "Үш Сиық" тарихи одағы бар. Бұл сол ежелгі Сойғ, яғни сүйек сөзі. Үш Сиық дегегі Үш сүйек, яки үш ру. Олар Бақсиық, Сұлтансиық, Қадырсиық. 

Скифтер, яғни Сақтардың атауы және отырықшы Сақтардың Соғ, Соғд(Соғды) деп аталуы да сол киіктің Сойғ деген ескі нұсқасы бойынша аталған. Сақ атауы сол Сойғ атауының о дыбысының а болып айтылуынан шыққан. 

Ежелгі Сойғ атауы мен Сиқ одағы негізінде бүгінге жеткен Ысық, Ысты, Ысты(Ыссы), Ыссықкөл(Ыстықкөл), Асы, Ассы деген ру және жер атаулары бар. Мұнда сөз басына а, о дыбыстары ұлықтауыш жұрнақ ретінде қосылып отырған. Малдың асығы мен үйдің есігі осы атауларға байланысты аса қадірленген.

Сақ болу сөзі де киіктің ескі сойғ деген атына сай, сақ, сезімталдығына қаратылған. 

Сойғтар, яғни сайгалар, киіктер жануарлар дүниесінде жыныстық қосылуы жағынан ең жетілген аң. Олардың қандағай, яғни хантекелері бұғы сияқты аузына күш беретін шөп тістемей-ақ, соншама көп бөкенді оңай ұрықтандырып шығады. Ежелгі адамдардың көзқарасында ол аң жыныстық қосылудың, көбеюдың симовлына айналған. Орыстардың және көшпенді қазақ-қырғыздардың ер мен әйелдің түнгі байланысын білдіретін төрт әріптік сөзі киіктің сол ескі Сойғ деген аты негізінде пайда болған. Бұл Сойғ атауы осы аңның үшкір мүйізінің сұғу әрекеті арқылы қорғануын, үйірге түскендегі байланыстағы сұғыну қимылдарын, аңның сақтығын ортақ білдіретін, мағынасы жапырақтай жайылған атау. Сойу сөзі де сол сұғу, тілу сөздерін ұқтыратын сойғ атауымен ұштасады. Бұл киіктің сойдақ, сойғақ мүйізімен жымдастырылған сөз. 

Көшпенділер тілінде р дыбысы бірде жасырын, бірде ашық айтылып отырған. Мысалға, байлық пен барлық, қорлық пен қойлық. Бірақ, екеуі бір мағына берген. Сондықтан, сойғтың сойрг, яғни сүйрік деген нұсқасы киіктің осы үшкір мүйізіне қаратылған. Сүйріктей саусақ деген жіңішке, ұзын саусақты айтатын себебі сол. Осы сойрғ(сорығ) сөзі сары деген ұғымның да ескі нұсқасы. Сары жерді, шөлді жерді сор, шөл деп айтатынымыз да сол ескі сойрғ нұсқасынан шыққан. Киіктер осы атауға сай терісі сары түсті аң болып табылады. 

***

- Қазақ киіктен көп нәрсені үйренген соншама мейірімді халық болсада қазір туған баласын сату жетімдер үйіндегі балалардың шетке сатылуы жиі болып жатқан ауыр ұлттық дағдарыстар ғой. 

- Байқайсың ба, киік көбейген сайын мейірімді аналар, өз баласынан бас тартпайтындар көбейіп барады. 

- Бұл осы елдегі Қазақ санының, мәдениетінің дамуымен байланысты емес пе? 

- Жоқ, қателесесің. Үкімет Қазақтың ұлттық дамуы үшін мардымды ештеңе істеп отырған жоқ. Халық киіктің рухани амандығымен іштей қатты қазақыласып жатыр. Бұған дау жоқ. 

- Киік киесі дегеннен хабарың жоқ надан қалмақсың ба? 

- Наданмын. Айта бер.

- Киелер, рухтар байланысы деген болады. Бұл жайлы маған ғалым Альвиан кеңірек айтып берген. Қазақтың көбінің киесі - киік. Біз сол үшін оған өш болдық. Ойлашы, Қызылордада өзім танитын бір жігіт, мен Байқоңырда тұрған кезде азық-түлікке жауапты болған қызметкеріміз киік атуға шыққан. Қар машинасымен киікті қашырмай, әбден дікклетіп қуып ата бергенде киік оған аңның емес  адамның, әуелі өзінің айнадағы жанарымен бұған күйініп қараған. Өз көзін киіктің жанарынан жазбай танысада масаны басып үлгерген, киік омақасады, машинадағы май аяқ астынан от алып жанып аңшының денесін өрт шалады. Қалаға жеткізілді.«Киіктің киесі атты» деп сандырақтай берді.«Киіктің киесі атып өлді» деген адамнан 118 оқиға тіркеліпті бір ғана Ақтөбе, Қызылорда аумағындағы 20 жылдық тексеру материалдарында. Альвианда осындай құнды, ауыз екі тілде ел үшін елеусіз қорлар бар. Атомдық ғалымдар осының бәрін есепке алады. Игор, Беря қатарлы ғалымдардың бәрі осыны шаңнан тулақ көтергендей сілкіп қараған. 

Шойын ауызын ашып қалды. 

«Мыңдаған қаралы көздеріміздің бақытты махаббат, жылы отбасына ие болуы үшін киіктерді өсіру керек екен ғой...» 

- Неге қатып қалдың, -Шойынды иығынан түртіп, -адамның рухани тіреуі өзінен тыс жерде, айдалада сақталады.«Ертөстік» аңызында сен аттас Шойынқұлақтың жаны айдаладағы киік үйірінің құрсағындағы сандықта шырылдаған балапан күйінде сақталады ғой. 

Шойынның тіпті ауызы ашылып қалды. Қазақты менсінбейтін адамның оның мәдениетін жетік түрде ежіктеп әскери қажеттіліктерге жаратқанына қарап жыландай сұқсыр майордан шошиын деді. Жамбастап жайланып жатып, тамаққа тойып күй шертуі қаншаға жалғасар екен? 

- Ертөстік атаң киік құрсағындағы Шойынқұлақтың жанын алу арқылы ғана оны жеңеді. Тікелей айқасып жеңе алмайды. Сенің бабаң қу болған, әрине кейінгі асыраушы Қазақ бабаларың. 

- Енді? 

- Енді сол Қазақтың мыңдаған киіктерге ұялаған әруағын тоздырдық, күл-талқан еттік. Темір тасқын шайнады, жолындағының бәрін қи сыпырды. Мыңдаған қара көз сол үшін тастанды болып, мыңдаған қара көз жалған махаббатқа алданып, мыңдаған отбасы ажырасты. Бір байланыс барма? Қалай ойлайсың? 

Олег терезенің жақтауына сүйеніп солқылдап күлді. 

Олег Шойын жақсара бастаған сайын оны арбаға отырғызып аумақты сейілдететін болды. Власты жылы киіндіріп жанына ертіп алады. Ұсақ-түйек әңгімелер сарқылып, саясат, тарих туралы әңгімелердің буыны бекіп алға қол созады. Влас сол төбеге келіп тұрып, сор төбеге еніп тұрып аспаннан төбесіне түскен күшке басы морт сынардай шытынап «Темир-р-р» деп шыңғырып жіберіп жылайды. Осы әлсіз, қиыншылықтағы қалыпқа Олег көзін жыпситып, толғаныспен әрі жанашырлық етпей суық көзденіп, осы жағдай үшін өткен ғасырдағы әншіге қисынсыз өшігіп тұрады. Көзі аспандай кең ашылып, көгілдір көзінде еш бұлттың, ноқат күннің қарасы да жоқ, сұп-сұры суық. Көгілдір көздеріне мейірім бұлты оранып жылысып жүретін Властың көзіне қарап күннен-күнге тәуір әңгімелерден санасы мен сергектігі артқан Шойын көзін күнге кіржите, бұл да Власты бақылап қарап тұрады. Күніне жарты сағат апарып Властың шағылардай шақ-шалекейге дайын тұрған миын еркіне жудырып тазалап әкеліп тұратын әке дөң бетінде ескерткіш тастай сопайған. 

- Әке,«темир-та-а-ас» деп шыңылдап тұрып алатын, ұзаққа жететін сол дыбыс бүгін тіпті шарықтап ән болып айтылып тұрды. Тұлабойым тартылып қалып, сіңірлерімді бір нәрсе ұстап әрең жіберді. 

- Аһ, -деп аспанға қарап көз шарасының ойығын кеңінен ашты Олег әке. 

- Мен Шойынға киіктің құралайын асырап берейін деп шештім. 

- Әке, мұның не ақылдан жаңылдың ба? 

- Өз есебім бар. Біз үшін пайдалы. 

Бала алыстан арба үстінде сәбидей талпынып отырған Шойынға суық көз жіберді. 

***

Киіктің құралайы Шойынның көзін онан әрмен мөлдіретіп жіберді. Құралайды мойынынан асыра көтеріп баласындай баулып бауырына басты. Иіскей береді жүнін. Киіктің құралайының бағымына небәрі екі ай толғанда көктемде қапырыққан алғашқы қараөзек шақтың шөлінде Олег құралайды қатты ашықтырып қамап қойды. Жемін құлыптап тастады. Шойын арба үстінде қолын созып киік үшін жалынды. Олегтен қайыр болмады. Олег Шойынды арбасымен сүйреп шығып, қамаудағы жүні тоза бастаған, көзінен мөлдір жас ағып тұрған құралайды әй-шәйге қарамай атып тастады. Шойын тепкіленіп барып аһ ұрып жылап жерге құлап гүрс етті. Шойын осыдан соң нәр татпай екі күн құсаланып жатып аяқ астынан өмірден өтіп кетті.. Ешкім атпай, шаппай, уламай осылай тым жылдам өліп кетті. Шойынның қазасынан кейін теміртас әуенімен шуылдап тұратын сор төбеге шыққан екеудің қарасы көрінді. Дала көктем емес сияқты, сары топырақты ұйлықтыра ұрып тұрған бебеу жел. Дала шаңытып қыран көзін аштырмайтын әулекілікке ие. Желде түтігіп тұрып сөйлеген Олегтің сөздері шала-пұла естіліп қалады. 

- Байқаймысың, мына қалмақтың заты да, жаны да қазақ болып кеткен. Бұдан бізге пайда жоқ. Жанын киікке көшіріп барып өздерінің ертегілерінше құрттық. 

***

Тыныштықтағы бала анда-санда үйіріле соққан желге желпініп қалады. Олег Шойыннан қалған киім-кешек, ол қолданған сақпы, қасыққа дейін отқа тастауда. Сырттағы сабан үйіндісіне тұтанған оттың ішіне соңында барып ағаш домбыраны тік шаншып қоя қойды. Сор төбеде ққұлағы шыңылдап бейтарап тұрған бала кенет бері қарай өжеттеніп, көзін өңменнен өткіздіре қарады. Төбе үстінде өзін бауыздап жіберді. Қойынына сақтап жүретін шолақ кездігі бір ғана қажетіне жарады. Алыста сұлап түскен ұлына не қатер төнгенін білмей, сұлап түскеніне абдыраған Олег ұшыртып келе жатыр. 

Болницада айтылған соңғы сөз: 

- Әке мен де, сіз де қашып құтыла алмаймыз. Менің жанымды домбыраға, сор төбенің шуына байлап тастапты бір күш. Домбыраны неге жақтың, мен сол сәтте құрыдым. 

- Кешірші балам, кешірші.

«Соңғы сөз» дегені соңғы болмай шықты, бала құтқарылып аман қалды. Баланың мойыны жара-жара, қылғынып сөйлей алмайды. Шала жанған домбыраның мойыны шорт үзіліп,мойыны ортасынан жанған.Қалған жері шаңғырлап аман тұр,жел ұрып оттан шығарып еткен екен. Бір сүйеулі шала жанған домбыра, мойыны жара балақай, домбыраны қозғасаң зар жылайтын әпенділік, дала зары, бір жұтым таза суға зар болған мейірім сұраған дала,шыңылы жел сайын қатты үдейтін « Темир-та-а-а-ас...»дейтін төбе, ол сор төбеге жүгініп ондаған вирустық сынақ, атомдық, рекаталық сынақтың бас білгірі, майор шенінде қалқаланып елеусіз көрсетіліп жүрген Олег: 

 - Кешір баламның тағдыры, кешір жер, кешір Қазақ, кешір Иса, -деп көз шарасына толған жасты сор төбеге сауып тастады. Олег бәрінен бас тартты. Тобықтының тымағын киіп алып, тымағының қос құлағы көктемгі желде делдиіп, Қазақтың бір жаман сары шалынша белін буынып, көгілдір көзі көкпен тұтасып Курчатовтан Қарауылға біржола кетіп қой бағуға асықты. Көз алдында отар қойдың елесі жайылып жүрді. Енді дыңғырлаған тау, шыңғырлаған шатқал, күңгірлеген домбыра, күбірлеген қазақ сөзімен Қарауылда жұпыны өмір кешкен әкелі-балалы екеуі егіс алқабына шығып жер жыртқалы жатқанда, бір желемік тұрды да соқа сүйреген 6-7 жігіт көз алдында былқ-сылқ етіп жан тапсырды. Қай кезде, қай жерде, қандай сынақ жасалып тұрады ол үкідей бағжиған Олегке аян. Бұл улы желдің сынағын жасаушы өзінің әріптес досының аты Олегтің аузына бірден алынды: 

- Юрий, нең бар еді ерігіп? Сақтық дәрісін ішпегенде бізді де қырып салар едің. 

(Соңы)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар