Әдебиеттанушы Жібек Болтанованың «Классикалық комедияның сахналық интерпретациясы» атты талдау мақаласына режиссер Асхат Маемиров сахналаған Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» комедиясы арқау болған.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамы театр өнерімен енді ғана таныса бастады. Бұл кезеңдегі көрермен санасында театр табиғаты әлі толық орнықпаған. Мұндай психологиялық ахуал Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романында көркем бейнеленеді. Романдағы кейіпкерлердің: «Спектакльге бардың ба?» – «Онысы немене?» – «Кісілер бет-аузын бояп, сақал жапсырып алып сөйлесіп ойнайды ғой...» деген диалогы театрды өнер құбылысы ретінде емес, таңсық көрініс ретінде қабылдаған қоғамдық сананың (наивті) деңгейін аңғартады. Бұл кәсіби театр эстетикасы қалыптаспаған, сахналық шарттылықтың мәні толық ұғынылмаған кезеңнің көрінісі.

«Сылаң қыз» комедиясы қазақ көрерменінің күлкі мәдениетін жаңа деңгейге көтерген шығарма. Мұндағы күлкі қарапайым қызықтау немесе тұрмыстық мысқыл деңгейінде қалмай, қоғамдық мінезді әшкерелейтін, әлеуметтік ой тудыратын эстетикалық құралға айналды. Сондықтан комедияны сахналау тәжірибесі көрерменнің театрды қабылдау мәдениетінің қалыптасуымен қатар жүрген рухани жаңғыру үдерісінің де маңызды көрсеткіші.
«Сылаң қыз» комедиясы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-психологиялық ахуалын, ескі мен жаңаның тартысын және адам мінезіндегі қайшылықтарды бейнелеген сатиралық туынды. Пьесада көтерілген мәселелер белгілі бір тарихи кезең аясында шектеліп қалмай, уақыт өткен сайын жаңа мағынаға ие болып, әр дәуірдің әлеуметтік болмысымен үндесіп отырады. Қойылым режиссері Асхат Маемиров Аймауытов сомдаған кейіпкерлердің типологиялық табиғатын сақтай отырып, оларды қазіргі заман контексінде жаңаша пайымдайды.
Комедияның көркемдік құрылымында символдық шешімдер маңызды орын алады. Сахна төрінде киіз үй пішінінде орналастырылған сәукеле алғашқыда декорациялық элемент ретінде қабылданғанымен, қойылымның тұтас идеялық-концептуалдық жүгін арқалаған метафоралық бейне. Киіз үй – ұлттық дүниетаным мен дәстүрлі кеңістіктің символы болса, сәукеле – әйел тағдыры мен өтпелі кезеңнің белгісі. Осы екі символдың тоғысуы Бәтима бейнесі арқылы қазақ қоғамындағы мәдени және әлеуметтік өзгерістерді көркем тұрғыдан ашуға мүмкіндік береді.
БӘТИМА БЕЙНЕСІ
Жүсіпбек Аймауытұлының пьесасында Бәтима ерке, өз сұлулығын бағалайтын, бірнеше жігіттің назарында жүрген байдың қызы. Ал режиссерлік интерпретацияда бұл бейне едәуір тереңдетілген, тарихи өтпелі кезеңдегі қазақ қызының рухани және әлеуметтік ізденісін танытатын күрделі кейіпкер. Алғашқы бөлімдегі Бәтиманың құрбыларымен би билеуі және қазақ күйінің революциялық маршпен алмасуы қоғамдағы тарихи өзгерістерді ишаралайтын маңызды сахналық шешім. Осы көрініс арқылы режиссер Бәтиманы екі дәуірдің тоғысындағы тұлға ретінде таныстырады. Біріншіден, ол дәстүрлі ортада тәрбиеленген қазақ қызы болса, екіншіден, еркіндік пен білімге ұмтылған жаңа буын өкілі.

Бәтима өзіне сенімді, арманы мен мақсаты айқын, өмірге құштар бойжеткен. Ол айналасындағылардың ықыласын сезінеді және жігіттердің өзіне деген қарым-қатынасын сынайды. Әрине режиссер кейіпкерді тек сыртқы тартымдылықпен шектелетін образ ретінде ұсынбайды. Керісінше, Бәтиманы жаңа заманға бейімделуге ұмтылған, өз тағдырын өзі таңдауға талпынған жалынды жас ретінде сипаттайды. Кейіпкердің сыртқы келбеті оның дүниетанымымен қабысады. Карэ үлгісіндегі шаш сәні, еуропалық үлгідегі киім мен аяқкиім (туфли) Бәтиманың жаңашыл көзқарасын білдіреді. Бұл бейне оның тек сәнқойлығы емес, қоғамдық өзгерістерді қабылдауға дайын екенін де аңғартады. Режиссер Бәтима бейнесін тарихи тұлға ретінде ғана емес, уақыттан тыс көркем тип деңгейінде интерпретациялайды. Соның нәтижесінде кейіпкер қазіргі көрерменмен де табиғи эстетикалық байланыс орнатады. Бүгінгі қоғамда жиі сезілетін сыртқы тартымдылыққа ұмтылу, көпшіліктің назарында болу ниеті Бәтима табиғатынан да байқалады. Бәтиманың шынайы болмысы мен өмірлік ұстанымы комедия финалында анық ашылады. Ол өзіне байлық, әлеуметтік мәртебе немесе жалған сезім ұсынған жігіттердің ешқайсысын таңдамай, сүйген адамы Махмұдпен қосылады. Бәтиманың әрекеті мен көзқарасынан дәстүрлі ортадан жаңашыл дүниетанымға бет бұрған қазақ қоғамының рухани келбеті көрініс табады. Нәтижесінде Бәтима бейнесі жеке тағдыр аясынан шығып, белгілі бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-психологиялық сипатын танытатын көркем образ деңгейінде бейнеленеді.
ЖАБАҒЫ– АЙСҰЛУ– БӘТИМА
Қойылымдағы негізгі тартыс желілерінің бірі Жабағы, Айсұлу және Бәтима арасындағы қарым-қатынас жүйесінде ашылады. Жабағы бейнесі қазақ драматургиясында сараңдықтың типтік көрінісі. Ол материалдық байлықты адам өмірінің басты өлшемі ретінде қабылдайды. Оның дүниетанымында қаржылық есеп пен пайда мәселесі алдыңғы орынға шығып, рухани және адамгершілік құндылықтар екінші қатарға ығыстырылады. Автор сараң байдың мінезін оның күнделікті әрекеті мен сөздері арқылы ашады. Жабағының ұсақ қарыздарды жатқа айтып, әр тиынды есептеп отыруы («Бес теңге жиырма бес тиын... Жеті сом қырық бес тиын...») оның психологиялық болмысын дәл сипаттайды. Комедиялық әсер кейіпкердің мінез ерекшеліктерінен ғана емес, оның сөзі мен әрекеттері арасындағы сәйкессіздіктен де туындайды. Жабағы қызына аяқ киім алып беруді артық шығын санай отырып, өзін қоғам игілігі үшін қаржы жұмсап жүрген жан ретінде көрсетуге тырысады. Оның «Ұлт қазынасына миллион жарым сом беріп отырмын» деген сөзі мен тұрмыстық деңгейдегі сараң әрекеттері арасындағы қайшылық шығымсыз байдың ішкі болмысын аша түседі. Бұл тәсіл сатиралық әшкерелеудің негізгі тетігі.
БӘТИМА МЕН МАХМҰД
Махмұд пен Бәтима арасындағы қарым-қатынас драматургиялық құрылымдағы маңызды психологиялық желі. Бұл эпизодта кейіпкерлер арасындағы сезімдік қарым-қатынас қана емес, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық санадағы өзгерістер мен жаңа әлеуметтік құндылықтардың қалыптасуы көрініс табады. Қойылым режиссері жеке тұлғаның ішкі әлемі мен қоғамдағы тарихи өзгерістер арасындағы байланысты сахналық әрекет деңгейінде ашуға ұмтылады.

Махмұд – ағартушылық идеяны қолдайтын, білім арқылы қоғамды жаңартуды мақсат еткен жас буын. Оның Петерборға оқуға аттану туралы шешімі жеке өмірлік мақсатпен ғана шектелмейді, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу жолымен астасады. Білім алуға ұмтылысы мен қоғамдық мәселелерге белсенді көзқарасы оны жаңа тарихи кезеңнің өкілі ретінде танытады. Махмұдтың әрекеті жеке тағдыр шеңберінен шығып, қоғамдық жаңғыру идеясымен сабақтасады. Бастапқы бөлімде Махмұд пен Бәтима арасындағы диалог бір-біріне деген шынайы сезім білдірумен сахналық әрекеттің табиғилығын күшейтеді. Әсіресе, Махмұдтың әзілге құрылған сөздері мен Бәтиманың ұяң жауаптары вербалды комизмнің көрінісі. Бұл әзілдік сипаттың астарында алдағы драмалық тартыстың белгілері байқалады. Диалог барысында Бәтиманың әке ұстанымына күмән білдіруі кейінгі оқиғалардың драмалық негізін дайындайды. Режиссер қақтығыстарды алдын ала меңзейтін драматургиялық тәсілді қолданады. Көрермен екі жастың сезімінің беріктігін аңғарғанымен, олардың бақытына кедергі әлеуметтік және отбасылық факторлардың бар екенін де сезінеді. Мұндай шешім сахналық әрекеттің ішкі шиеленісін күшейтіп, көріністің эмоционалдық әсерін арттырады. Бұл эпизодта Бәтима бейнесі терең ашылады. Ол Махмұдқа сезімін ашық жарияламай, астарлы жеткізеді. Бәтиманың сұрақпен берілген ишарасы мен тұспалды сөздері оның ішкі толғанысын, сезімдік толқынысы мен әйел психологиясына тән ұстамдылығын көрсетеді. Бұл ерекшелік Бәтиманың мінезін шынайы әрі нанымды бейнелеуге мүмкіндік береді. Комедиялық қойылымдағы анттасу көрінісі ерекше мәнге ие. Махмұдтың анты дәстүрлі және жаңа идеологиялық ұғымдардың тоғысуын көрсетеді. Бір жағынан «ақ сүт» ұғымы қазақ дүниетанымындағы қасиетті білдірсе, екіншіден, кеңестік идеологияға қатысты символдардың қолданылуы тарихи өтпелі кезеңнің рухани ерекшелігін, ал Бәтиманың ата-анасының атымен ант беруі оның дүниетанымының отбасылық құндылықтар мен дәстүрлі тәрбие аясында қалыптасқанын аңғартады. Осы арқылы екі түрлі құндылықтық қатар өмір сүріп отырғаны байқалады. Сонымен қатар шығарманың идеялық желілерінің бірі – дәстүр мен жаңашылдық, жеке сезім мен қоғамдық міндет арасындағы қайшылық нақтыланады. Махмұд пен Бәтима арасындағы қарым-қатынас жеке махаббат тарихы деңгейінде ғана емес, тарихи кезеңнің рухани-әлеуметтік келбетін танытады.
БӘТИМА МЕН ХӘКІМ
Бәтима мен Хәкім арасындағы көрініс әлеуметтік-сатиралық мазмұнды тереңдететін маңызды эпизод. Хәкім өзін білімді, заман талабына сай тұлға ретінде таныстыруға тырысқанымен, оның мінез-құлқы мен әрекеті бұл ұстанымның жасандылығын нақталай түседі.
Бәтиманың Хәкімге қысқа әрі салқын жауабы («Келмей-ақ қойыңыз», «Білмей-ақ қойыңыз») кейіпкерлер арасындағы психологиялық арақашықтықты аңғартады. Хәкім өз сезімін білдіруге ұмтылса, Бәтиманың репликасынан оның бұл қарым-қатынасқа ықылассыз екені байқалады. Осы сәйкессіздік драмалық ирония туғызып, көрерменге кейіпкерлер арасындағы шынайы қатынасты бағамдауға мүмкіндік береді. Оңаша сөйлесуге талпыныс, сырт көзден жасырыну әрекеттері және олардың арасындағы психологиялық тартыс сахналық әрекетті жандандырады. Мұндай комедиялық тәсілдер әзілден гөрі қимыл-қозғалыс пен әрекет арқылы жүзеге асып, классикалық комедия эстетикасына тән белгілерді танытады. Хәкімнің сөйлеу мәнерінде әсірелеу тәсілі жиі кездеседі. Оның Бәтимаға арналған романтикалық сипаттағы сөздері шынайы сезімнен гөрі әсер қалдырғысы келген риторикалық ұмтылысты аңғартады. Осы арқылы кейіпкердің ішкі болмысы мен сыртқы мінез көрсетуі арасындағы алшақтық байқалады. Әсіресе оның өзін «оқыған адам» ретінде дәріптеуі мен нақты әрекеттерінің арасындағы сәйкессіздік характерлік комизмді тудырады. Хәкімнің жалған зиялылығы (ғылыми ұғымдарды орынсыз қолдануы, өзін өзгелерден жоғары көрсетуге тырысуы, қарым-қатынас мәдениетіндегі жасандылығы) әртүрлі сахналық детальдар арқылы көрініс табады. Оның отбасылық жағдайына қарамастан Бәтиманы иеленуге ұмтылуы жеке бас мүддесін көздейтін пиғылын білдіреді.

Бәтима мен Хәкім желісі спектакльдің идеялық өзегіндегі ең өткір әлеуметтік-психологиялық қабаттардың бірі. Бұл желі арқылы режиссер жалған интеллигенттік, беделге табыну және сыртқы мәдениеттілікке негізделген қоғамдық сананы сынайды. Хәкім белгілі бір дәуірдің ғана емес, барлық кезеңде кездесетін жасанды зиялы типінің жинақталған бейнесі. Оның сахналық болмысы бүгінгі қоғамдағы диплом мен лауазымды рухани кемелдіктің өлшеміне айналдыратын, мазмұннан гөрі формаға мән беретін әлеуметтік құбылыстармен табиғи үндеседі. Осылайша, қойылым классикалық мәтіннің әлеуметтік сатирасын қазіргі заман контексінде қайта жаңғыртып, оның көркемдік-идеялық өзектілігін сақтап қана қоймай, жаңа интерпретациялық деңгейге көтереді.
БӘТИМА МЕН НҰРМАШ
Бәтима мен Нұрмаш қарым-қатынасы қойылымның лирикалық-комедиялық табиғатын күшейтеді. Автор мәтінінде сатиралық сипатта берілген бұл қатынас режиссерлік интерпретацияда жастық сезімнің, романтикалық қиялдың және өмірлік тәжірибенің жеткіліксіздігін бейнелейтін көркем желі. Нұрмаш романтикалық кейіпкер. Оның Бәтимаға арнаған өлеңі мен сезімін поэтикалық тіл арқылы жеткізуге ұмтылысы – ақындық болмысы. Бәтиманың Нұрмашқа деген қатынасы да күрделі психологиялық астармен ерекшеленеді. Ол ақынның ықыласын қабылдап, оның өлеңінен рухани ләззат алғанымен, оған өмірлік серік ретінде сенім артпайды. Нұрмаштың сахнаға шығуы мен алғашқы репликаларынан романтикалық көтеріңкі көңіл күй қалыптасады. Алайда бұл көңіл күй біртіндеп комедиялық сипат алып, сезімге шектен тыс берілуі арқылы күлкілі реңкке ие болады. Нұрмаштың альбомдағы өлеңдерін пафоспен оқуы және сезімін ерекше әсерлі көрсетуге ұмтылуы оның романтикалық болмысын аша түседі. Режиссер романтикалық кейіпкердің жастық максимализмі мен қиялшылдығын көрсетуге назар аударады. Көріністегі комедиялық шиеленіс Әбутәліптің келуі туралы хабардан кейін күшейеді. Осы сәттен романтикалық атмосфера фарстық сипаттағы сахналық әрекеттерге ұласады. Кейіпкерлердің абыржуы, жасырынатын орын іздеуі, есік жаққа жүгіруі және Нұрмаштың кереует астына тығылуы сахналық динамиканы арттырып, физикалық комизмді қалыптастырады.
БӘТИМА МЕН ӘБУТӘЛІП
Әбутәліп пен Бәтима арасындағы қарым-қатынас әлеуметтік сатираны тереңдететін маңызды желі. Комедиядағы алғашқы әсерде Әбутәліп тәрбиелі, ұстамды әрі білімді адам ретінде танылады. Оның сөйлеу мәнері мен өзін ұстауы зиялы тұлға ретінде сендіреді. Алайда драмалық әрекет өрбіген сайын бұл сыртқы сипаттың астарында есепшілдік пен пайдакүнемдік жатқаны белгілі болады. Әбутәліптің жалғыз қалған кездегі монологы оның сырын ашатын драматургиялық тәсіл. Монолог барысында Әбутәліптің Бәтимаға ықыласы махаббат сезімінен емес, оның әлеуметтік жағдайы мен материалдық мүмкіндігін пайдалану екені әшкереленеді. Бәтиманың «Мұғалім, өзі келген соң сөйлесерміз», «Қоя беріңізші», «Бір түрлі адам екенсіз ғой...» деген репликалары Әбутәліптің жасанды романтизмін жоққа шығарады. Ол өзін тартымды күйеу жігіт деп есептейді, ал көрермен оның сөздері Бәтимаға түк әсер етпейтінін көреді. Әбутәліптің өзін бағалауы мен сырт көздің бағалауы арасындағы алшақтық күлкі тудырады. Әбутәліптің сыртқы байсалдылығы мен ішкі есепшілдігі арасындағы контраст ерекше маңызды. Сахнада оның әдеп жөніндегі ұзақ насихатын салмақты интонациямен айтып тұрып, кейін монологта ұсақ есептерге көшуі көрермен үшін күшті ирониялық әсер. Жүсіпбек Аймауытұлы комедия жанрының характерлік және сатиралық мүмкіндіктерін шебер пайдаланады. Әбутәліп бейнесінің көркемдік құндылығы оның типтік табиғатынан көрінеді. Бұл кейіпкер нақты бір дәуірдің әлеуметтік өкілі болумен қатар, уақыт пен қоғамдық өзгерістерге тәуелсіз өмір сүретін адамдық мінездің тұрақты үлгісін жинақтайды. Сыртқы әдеп пен ішкі есептің, моральдық қағида мен жеке мүдденің арасындағы қайшылық спектакльдің сатиралық өзегін құрайды. Әбутәліп бейнесі қазіргі көрермен үшін де өміршеңдігін жоғалтпайтын, типологиялық жалғастыққа ие көркем образ ретінде қабылданады.
РУХ КҮЗЕТШІСІ БЕЙНЕСІ
Қойылымның маңызды ерекшеліктерінің бірі – қойылым режиссері тарапынан енгізілген Рух күзетшісі бейнесі. Рух күзетшісі – спектакльдің инсценировкалық құрылымы барысында қалыптасқан шартты-символдық кейіпкер. Ол оқиға желісінің қатысушысы емес, керісінше сахналық әрекет пен көрермен арасындағы байланысты жүзеге асыратын дәнекер тұлға ретінде көрінеді. Кейіпкердің әр көрініс арасындағы монологы қойылымдағы оқиғаларды тек тұрмыстық-комедиялық деңгейде қабылдауға мүмкіндік бермей, олардың астарындағы әлеуметтік және тарихи мағыналарды ашуға арналған. Оның сахналық қызметі Жүсіпбек Аймауытов көтерген ағартушылық және қоғамдық идеяларды қазіргі көрерменге жаңа көркемдік форма арқылы жеткізуге негізделген.
ФАРСТЫҚ КОМЕДИЯНЫҢ ҮЛГІСІ
Комедиядағы ең сәтті режиссерлік шешімдердің бірі – Бәтиманың бөлмесінде өрбитіні. Бәтимаға келген жігіттердің бірінен кейін бірі кереуеттің астына тығылуы, классикалық фарс заңдылығына құрылған, комедиядағы ең күлкілі сахналар. Әр кейіпкер өзін жағдайдың қожайыны санап тұрған сәтте келесі адамның пайда болуы оқиғаны күрделендіреді. Соның нәтижесінде сахнада абсурдқа жақын комедиялық ахуал қалыптасады. Эпизодтың күлкілі болуы тек мәтінде емес, режиссер құрған мизансценаларда. Кейіпкерлердің абыржуы, бір-бірінен жасырынуы, тар кеңістікте орын үшін таласуы көрерменді еріксіз күлдіреді. Сонымен бірге бұл сахна әр кейіпкердің табиғатын да ашады. Өздерін батыл, ақылды, беделді етіп көрсеткісі келген ер адамдар қауіп төнген сәтте кереует астынан пана іздейді. Жабағының сараңдығы, Әбутәліптің есепшілдігі, Нұрмаштың романтикалық аңғалдығы, Хәкімнің жалған зиялылығы бүгінгі қоғамда да кездесетін мінез үлгілері.
АКТЕРЛІК АНСАМБЛЬ
Қойылымның көркемдік тұтастығын қамтамасыз еткен негізгі фактордың бірі – актерлік ансамбльдің үйлесімді жұмысы.
Бәтима бейнесін сомдаған Жанель Нұрмағанбетова кейіпкердің ішкі эволюциясын сахналық әрекет арқылы нанымды жеткізеді. Актрисаның дауыс интонациясы, пластикалық шешімдері, сахнадағы еркін қозғалысы мен табиғи темпераменті Бәтиманың ерке мінезін ғана емес, оның рухани кемелдену жолын да сипаттайды. Жабағы бай рөліндегі Ақәділ Иманғали характерлік комизмнің табиғатын дәл меңгерген. Актер кейіпкердің сараңдығын сыртқы әсірелеуге ұрынбай, интонация, пластика және сахналық әрекет арқылы ашады. Әсіресе ұсақ есепке құрылған репликаларды орындаудағы дәлдігі Жабағының психологиялық болмысын ашып, әлеуметтік сатираның әсерін күшейтеді. Айсұлу образындағы Диана Тұржанова кейіпкердің аналық мейірімі мен дәстүрлі дүниетанымын табиғи актерлік мәнермен бейнелейді. Актрисаның сахнадағы сабырлы пластикасы мен ұстамды интонациясы отбасылық кеңістіктің ішкі үйлесімін қалыптастыруға ықпал етеді. Махмұд бейнесіндегі Нұрдәулет Кеңшілік жаңа дәуірдің ағартушылық идеясын бойына жинақтаған жас тұлғаның келбетін сенімді сомдайды. Оның сахнадағы жинақылығы, табиғи ойыны және Бәтимамен сахналық серіктестігі қойылымның лирикалық желісінің әсерлі шығуына негіз болған. Хәкім бейнесіндегі Ернар Мұхамбет кейіпкердің жалған зиялылығын дәл ашқан. Оның сөз саптауы, өзін ұстау мәнері және сахналық қимылдары сыртқы білімдарлық пен ішкі рухани жұтаңдық арасындағы қайшылықты дәл бейнелейді. Нұрмаш рөліндегі Дінислам Нұрмағанбетов романтикалық кейіпкердің аңғалдығын шынайы береді. Өлең оқу сәттеріндегі эмоциялық бояу, пластикалық еркіндік және кейінгі фарстық көріністердегі сахналық әрекет оның актерлік диапазонын танытады. Әбутәліп образындағы Аққанат Қуандықов бастапқыдағы зиялы ұстаздың сыртқы болмысынан біртіндеп есепшіл адамның ішкі табиғатына өтуді психологиялық сабақтастықпен көрсетеді. Кейіпкердің қосқабатты мінезін актер интонациялық өзгерістер мен сахналық әрекет арқылы бірізді дамытады. Өмірзақ рөліндегі Ильяс Өтетілеу қосалқы кейіпкердің драматургиялық қызметін дәл орындап, спектакльдің комедиялық ырғағын сақтауға үлес қосады. Шағын рөлдің өзінде актер кейіпкердің мінездік ерекшелігін айқын көрсетеді.

Спектакльдегі көпшілік сахналар да режиссерлік шешіммен үйлесім тапқан. Комсомол жастарының, қыздар мен жігіттердің сахналық қозғалысы, пластикалық ұйымдастырылуы мен ансамбльдік әрекеті тарихи кезеңнің қоғамдық атмосферасын сенімді қалыптастырады. Бұл көріністер қойылымның темпоритмін күшейтіп, сахналық кеңістіктің тұтастығын қамтамасыз етеді. Рух күзетшісі бейнесіндегі Қазбек Есқара спектакльдің идеялық-композициялық өзегін ұстап тұрған ерекше кейіпкер ретінде көрінеді. Актердің байыпты дауыс интонациясы, сахналық мәдениеті, пластикалық ұстамдылығы және зиялылықты аңғартатын сыртқы келбеті символдық образдың философиялық салмағын арттырады. Оның монологтары спектакльдің әлеуметтік-философиялық мазмұнын тереңдетіп, көрермен мен сахналық әрекет арасындағы рухани байланысты жүзеге асырады. Актерлік орындаулардың өзара үйлесімі спектакльдің көркемдік тұтастығын қамтамасыз етіп, режиссерлік интерпретацияның идеялық әсерін күшейтеді.

Режиссерлік интерпретация – «Сылаң қызды» қарапайым тұрмыстық комедия емес, қазақ қоғамындағы әйел тағдыры мен ұлттық жаңғыру мәселесін қозғайтын қойылым ретінде ұсынады.
Асхат Максимұлының жетістігі – ғасыр бұрынғы комедиялық ситуацияны бүгінгі көрерменнің тәжірибесімен байланыстырып, шығарманың әлеуметтік-философиялық мазмұнын жаңа қырынан ашуында.
Жүсіпбек Аймауытұлы көтерген әлеуметтік мәселелер бүгінгі қоғамның рухани сұранысымен сабақтастырылып, авторлық сатира режиссерлік ирониямен ұштасады. «Сылаң қыз» спектаклі классикалық драмалық мәтінді жаңаша сахналық интерпретациялау тәжірибесінің сәтті үлгісі.
Жібек Болтанова, әдебиеттанушы
