Ақкүрең Бақыт. Байғыздар ауылы

147

Ақкүрең Бақыт. Байғыздар ауылы - adebiportal.kz

Қолындағы чемодан еденге түсіп кетіп, екі-үш киім ақтарылып жатты. Бір-бірін қимаған екеуі құшақтасып алып, жылағылары келді. Соқталдай екі жігіттің жылағанын күзетшіден басқа жан түсінбеді. Тоңып көрмеген, табаны тілінбеген, ағайыны қара ормандай көп адамдар түсінбес те еді.

Жолдыбай кеудесі өртеніп, зар еңіреп қоя берді:

– Сені мен туысқаным деуші ем... 

Әке мен шешенің бейнесі де өшкен, іздеген туысқан-туыс та болмады. Балалар үйінде қатар тұрған сытырлаған мұздай қара кереуетте бір үзім қатты нанның дәмін татып, бір-біріне ағалы-інілідей жәутеңдеп қарап, аш қалған күндері күлдірлеген қарнын алақанымен басып, жыламсырап, жылусыз жамылғыда бүрісіп жатып, ұйқысырап бір-біріне тығылатын.

Жолдыбайдың Жолдастан басқа жанына жақын адамы жоқ. Қашып та құтыла алмайды. Себебі аш қалған күндері, таяқ жеп, ақысы кеткен күндерінің қара көлеңкесі екеуін өмір бойы байланыстырып қойған. 

Жолдастың мақтанып сөйлегені мен өзімшілдігін көтеретін жалғыз адам – Жолдыбай. Жолдыбайдың егін алқабындағы жауырыны қақпақтай суреті газеттің бірінші бетіне шығып, оны орталықтағы әртістер даярлайтын оқуға шақырған. Ала чемоданын арқалап, жолға шыққалы жатқан күні екі өкпесін қолға алып, көзі жастан құрғамай Жолдас жетіп келді: 

– Мен қайтемін? - деп, борша-борша терге батып.

Қолындағы чемодан еденге түсіп кетіп, екі-үш киім ақтарылып жатты. Бір-бірін қимаған екеуі құшақтасып алып, жылағылары келді. Соқталдай екі жігіттің жылағанын күзетшіден басқа жан түсінбеді. Тоңып көрмеген, табаны тілінбеген, ағайыны қара ормандай көп адамдар түсінбес те еді. 

*** 

Жолдас пен келіншегі Айнаштың айғайы жер түбіне жетіп жығылып, сатырлаған он ұлдың ұрандаған даусы жеті қат аспанға жетіп артылатын. Кейде балаларын жапырлатып қуып шығатын. 20 жылдан кейінгі Жолдастың отбасы осылай болды. Мұндайда олар Жолдыбай ағасының үйін паналап, әке-шешеге өкпелеп, бір жетідей жатып алатын.

– Жүре берсін, қаптесерлер, - деп күлкісін тыя алмайтын Айнаш. — Миым көшіп кетіп еді, өзіме келіп алайын.

Ақдария мен Қарадарияның арасы жүз шақырымдай жер. Сатырлап ағасының үйіне барған бір взвод бала Жолдыбайдың үйінің төрінен бір-ақ шығатын. Екеуі де кісінің баласы демей, алыстағы туысы келгендей бауырына басады. Пейілдері кең, тынымсыз жандар ірі қарасының санын білмей шатасатын. Қыбырлаған қара құмырсқадай таң атқаннан күн ұясына батқанша үй көрмейді. Еңбекпен көрікті болғандар.

Арал – алақандағы аялы жер. Аралдың бір шетінде – Ақдария. Суы мөлдір, мұздай, тұнық. Бір шетінде – Қарадария. Лайлы, суы кермек. Екі дария қосылып, тау-тасты жағалап, төмен қарай ағысы қатты, екпіні күшті болып ағып жатыр.

Жолдыбайдың жұлқына аққан жалғызы – Айсәуле. Сатырлаған он ұлдың бір көгерген қырсығы – Сәнімбай.

Айсәуленің анасы да, әкесі де көк теңіздей кең адамдар болғанымен, екі жақсыдан туған қыздың адам айтса нанғысыз қырсықтығы бар еді.

Жолдастың түрінен адам түңілгендей, әйелі көгерген көк долы. Он ұлға әр екі күн сайын бір керсен нан пісіргеніне қиналатын. 

Құдай Жолдыбайға байлықты үйіп-төгіп беріп, жалғыз қызға келгенде тілін байлағандай, апырым-ау! 

Айсәуле он төртке толған соң, он ұлдың келуі де жиіледі. Тілі удай, түйреп-түйреп алады. 

*** 

Екі дарияның тоғысқан тұсында үлкен тастың үстінде екі әке отыр.

Сәнімбайға сұрағаның не осы? Сенің он ұлың менің үйімде өсті ғой. Екеуі де қырсық. Біреуі жуас болуы керек. Екеуі де қыңырқұйрық алақарға. Үй болып кетеріне көзім жетпейді. Қызымды берейін, бірақ Сәнімбайға емес. Сөздің тоқ етері осы. 

Баласын аяқтандырып, ел қатарлы өмір қызығын көру оңай емес еді. Азбыз-ау, біз. Бір-бірінің баласын иемденіп алатыны табиғи еді. «Сәнімбайға бермеймін» деген сөзі Жолдастың жанына қатты батты. Он ұлдың ішінде бүйрегі Сәнімбайға бұрылып, іштей сүйсінетін. Жолдастың сұрағанын алмай кетпейтін түрі бар. Қаны қарайып, жағы қарысып, сазарып отырып алды. 

Жақ ашпастан тастың үстінен түсіп, атын жетектеп, «Жолдыбай өзгерген, ілгергі Жолдыбай емес», - деп, реңі қашып, кірпідей жиырылып келеді.

Үйіне ене бере, Сәнімбайды айғайлап шақырып алып:

Істі тындырмай келмейсің! - деп мықтап тапсырды. — Бермегенін көрейін осы!

Жынды Сәнімбай Айсәулені алып қашып кетті. Көптен аралас-құралас Темірдің үйіне апарып тастады. Бір аптадай Жолдыбай ауыл сақшысымен бірге қызын іздеп, еңіреп, етегі жасқа толды. Жолдас та, Айнаш та, Темір де хабар айтуға асықпады. 

Аяғы отқа күйген тауықтай тау-тасты кезіп, жалғызын көз жасы моншақтай төгіліп іздеумен жүрді. Ел іші хабарды құпияда жатқыза ма? Ақыры хабар сақшыға жетіп, Айсәуле де табылды.

Жолдыбай Жолдасқа ашуланып, бір-ақ түнде Ақдарияны тастап көшіп кетті. Жолдас пен Айнаштың есіл-дерті Жолдыбайға біткен байлық еді. Қу тақырда қарайып үйдің орны ғана қалды.

Жолдыбайдың қызы Айсәулені қайтпек? Айсәуле емес, мыңғырған табын-табын мал мен байлық керек еді ғой.

Мақта пункті көшіп, ескі мекемені төрт отбасыға бөліп берді. Тентек Сәнімбайға да бір үй тиді. Алақандай ауыл екі жасқа алаңдаулы еді.

– Екі тентек үй болып кетер, - деп, елеңдеп жүрген үлкен шалдар бір қуанып қалды.

Пункт көшкен соң, жұмыссыз қалған ауыл адамдары да көше бастады. Ауылдың ажары ұрланып, әр жерде шошайып бір-бір үй қалды. Тату-тәтті төрт отбасы ауыл берген үйді қимай қиналып жүргенімен, орталыққа көшіп кетті. Пунктте жалғыз Сәнімбай мен Айсәуле отыр. 

Таң атпай қараңғыда жолға шығып, түнделетіп келеді. Сәнімбайды жол ұзақтығы мен құрылыстың ауыр жұмысы есеңгіретіп тұр.

Жолдыбайдың бір түнде көшіп кеткені Темірге аяздай батып, сары уайымға салды. Бір бұзаулы ала сиырын жетектеп келіп, есігінің алдына байлап кетті.

– Ақылды болыңдар. Тыныш отырғандарыңның өзі үлкен бақыт, - деп, көзінің жасын сүртіп, айыпты адамдай жер шұқып біраз отырды да, жолға шықты.

Соқпақ тасты жолда құттай шал ойыншығын жоғалтқан баладай теңселіп кетіп бара жатты.

Айсәуле тауға барып отын жинайды. Жұма базарға шығып, отын сатып, азын-аулақ тиын тауып, керек-жарағын алып қайтады.

Жұма базарға барған сайын әке-шешесін сұрастырып жүреді. 

***

Сәнімбайдың аппақ қызы Шашу төрт жасқа келді. 

Кезінде қызу еңбектің ошағы болған мекемеде бүгін аппақ Шашу бөлмелердің о шеті мен бұ шетіне жете алмай шапқылап жүр. Мақта пункті он төрт бөлмелі үлкен мекеме болатын. 

Шешесіндей бір түйір қызды бағып отырған Айсәулені көргенде, он ұл тапқан долы Айнаштың тұтқанағы ұстап қалатын болды.

– Сен ғой Жолдыбай байдың қызын аласың дейтінсің. Балаң жүр қара жұмыста, ал Айсәуле қатын отыр, шешесіндей, бір қызды құшақтап. 

Айнаш Жұман жындының екі қалтасын кәмпитке толтырып, қолына үш сом ұстатып, ертіп келеді. Жұман жынды жасы елуге қарағанымен, ақыл-есі алты жасар баладай.

Мақта пунктіне ертіп келіп:

– Екі албасты қатын бар. Тас лақтырып қуу керек. Біреуі шешесі, біреуі қызы. Күнде келіп қуасың. Жолды ұмытып қалмайсың ба? Күнде ақша мен кәмпит беріп тұрамын. Одан да зоры  саған Айсәулені алып беремін, - деді.

Айнаш көңілді. Үлкен бір істі тындырғандай.

Жынды Жұман жүр:

Айсәулеге үйленемін. Айсәуле менің қатыным. Менің он төрт бөлмелі үйім бар. Үлкен үйім бар.

Көше ала шаңыт болып, топырақ ұшып, дауыл тұрды.

Бармағын тістеп, Сәнімбай тұр. Жынды Жұманды буындырып өлтіргісі келгенімен, құдай ұрған Жұманды ұра алмады.

«Мақта пунктіндегі мақтаны ұрлады» деген айыппен бригадир Есен қамалған күні оның әйелі Нұрсұлу пунктті өртеп жіберген. Нұрсұлудың өзін әрең құтқарып қалған. Екі айдай емханада жатып тәуір болған соң, күйеуі екеуі сегіз жылға сотталған еді.

Бүгін удай мас Сәнімбай өзінен басқа ешкімге керек болмаған он төрт бөлменің қураған ағашына май құйып өртеп, қызыл жалынға қарап тұншыға жылады.

Долы Айнаш мас күйінде ірге алдынан тұңғышы Сәнімбайды көріп, шошып кетті.

– Жынды Жұман сияқты ақыл-есінен айырылып қалса қайтеді? - деп ойлады.

Шашын тарақтап жұлып, өкіріп жылағанымен, Сәнімбай анасына қарай бұрылып та қарамады. 

Тағдыр қосқан екі қырсық шойын жолдың қарама-қарсы екі бағытына қарай пойызға отырды. Сабырсыз Сәнімбай Торғайға, Айсәуле Байғанин асып кетті.

Екі рет өртенген мақта пункті байғыздың мекеніне айналып, ел үдере көшті. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan