Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.10.2017 6915

Жұмекен жолы

Жұмекен жолы   - adebiportal.kz

(«Тамырым менің тереңде» атты кітаптан)

Адамда не көп - арман көп. Жұмыр басты пенденің қиялына қанат бітіріп биік мақсаттарға жетелейтін де, қиындыққа душар еткізіп, өмір сапарындағы ауыр жолды таңдатқызатын да - арман. Ия, сол ұлы арман кімде жоқ дейсің! Келешегіміз белгісіздік тұманымен қоршалып, жанымыздың көлі суалып, аңқамыз кепкен жылдарда да ашыған көжедей бәрімізді де құмарымыздан арылтқан сол арман емес пе еді?

Бала күнінде Жұмекеннің сәбилік қиялына мына дүниенің бәрі де әкесінің ақ тілеуі мен анасының ақ жүрегіндей әппақ нұрдан жаратылған әдемі әлем болып елестейтін. Ағарып атқан таң да, артында құйыны қалған шаң да, алыстан мұнартқан тау да, алғашқы қарлардай болған адамдардың сезімі де, қылыштай болып туған ай да, жалқын сәулесін таратқан аспан да.. бәрі-бәрі жүрегіне әппақ шұғыласын шашып, оны арманның асқар шыңына жетелейтін. Балалық бақыттың ақ сағымын қуалаған содан бері талай күндер, айлар, жылдар өтті. Сәбилік күндерімен қоштасып, есейе бастағанда ол мына жалғанның өзі ойлағаннан әлдеқайда күрделі, әрі қиын екенін түсіне бастады. Күні кеше ғана қол созған арманына жету оңай іс болып көрініп еді, көзіне. Енді ойлап қараса, оған оп-оңай жетемін деген балалық қиялы, айды алғысы келіп аспанға қолын созған сәбидің ісіндей әрекет екен.

Тағдырдың Жұмекенге дайындап қойған сынағы да көп болып шықты. Бұл тағдыр неге онымен нағашысындай ойнай береді, осы? Алдымен әкесін қан майданға айдап алып кетті. Хабарсыз қалдырып, не тірі, не өлгенін біле алмай ішкендерін ірің, жегендерін желім қылды. Ақыры шаңырақтың тірегі болған әкесі соғыстан оралмады. Анасын да ауыр сырқатқа шалдықтырып, алдағы күндеріне алаңдатып қойды, бұл тағдыр. Енді сол тағдырдың Жұмекенге өнерді сүйетін үлкен жүрек беріп, алдына бөренедей көлденең жатып алғаны несі? Мазақ қылатындай, тағдырға не жазды ол, соншама?

Құдіреті күшті тағдырдың айтқанынан шыға алмаған Жұмекен 1954 жылы мектепті бітіргеннен кейін әскери комиссариат оқуға жібермей, ауылда ДОСААФ-та оқуға мәжбүр болды. Арманы астанаға кетіп, білім қуып, ақындық жолға түсу еді. Қошалақ құмында жүргенде ойына келіп, сәулесі санасында сағымданған шығармаларын қағаз бетіне түсіруді қиялданып, ұлы дүниелер жазғысы келген. Өнер әлемінде мәңгі өшпестей ізін қалдыру еді - ең ұлы арманы. Енді бүкіл өміріне алыстан нұрын шашып, оған мән беріп тұрған сол арман отының біржолата сөнгені ме? Жүрегін дүрсілдеткен ұлы сезімдердің тасқыны маза бермей, неше түрлі ауыр ойлар Жұмекеннің санасын шырмап алды. Жан тыныштығын алып, көңілін алаңдатып, кеудесін кернеген жыр тасқыны мен күй бұлағы ақынның ішінде өлмек пе, сонда? Осындай сауалдар санасын сансыратқанда ол ештеңеге қарайламай, бүгін-ақ астанаға тартып кеткісі келеді. Бірақ, оны жібермей, осы жерге жіпсіз байлап қойған екі үлкен себеп бар. Біріншісі - екі шешесі (әжесі мен анасы), екіншісі – Нәжімеден атасы. Мына қиын заманда, оларды кімге тастап кетеді? Кім қарайласады, олардың жағдайына?

Ашып айтпағанымен атасы да мектепті тәмәмдаған немересінің өздеріне қарайлап көңілі алаңдап жүргенін іштей сезетін. Жалғыз ұлын соғыстың оты жалмады. Енді сол перзентінен қалған жалғыз тұяғының армандаған мақсат-мұратына жете алмай, бағы байланып қалмақ па? Соны ойласа Нәжімеден шалдың түн ұйқысы төрт бөлініп, ішкені ірің, жегені желім болып, қабырғасы қайысып, жанын уайым жегідей жейді. Оның үстіне, соңғы кездері сырқаты меңдеп, көрер күнінің аз қалғанын өзі де сезіп жүр. Жоқ, қандай қиын күн туса да, баланың бағын байлауға болмайды.

1955 жылғы маусымның он тоғызында Нәжімеден ақсақал өмірден өтті. Дүние саларын сезген әулие жан қайтыс боларының алдында мектепте мұғалім болып жүрген немересін шақырып алып: «Мен бұл дүниеден өтіп бара жатырмын, сен екі анаңа алаңдамай, оқуға бар», - деген соңғы өтінішін айтып көз жұмады.

Ата аманатын орындау - перзентке парыз. Ауылда қалып бара жатқан екі шешесіне көңілі алаңдаса да Жұмекен ағайын-туыстарымен қоштасып, Алматыға аттанды. Мектепте тек беске оқыған ол оқуға түсетініне нық сенімді еді. Бірақ, тағдыр тағы да ақынды мазақ қылғандай, тышқан ұстап алған мысықтай онымен ойнай бастады. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өсіп, сәби күнінен ұлы ақындардың жырларымен сусындаған ол алғашқы емтихандағы жазба жұмысынан құлап қалған балалар тізімінің ішінен өз есімін көргенде өз көзіне өзі сенбей аң-таң қалды. Мүмкін емес, ол. Не істерін, кімге мұңын шағарын білмей, құлап қалуының себебін түсіне алмай, сол жерде есеңгіреп біраз уақыт тұрды. Сәлден кейін есін жинап, өзімен бірге емтихан тапсырған еті тірі, пысықтау баладан жөн сұрады. Жұмекеннің жаны ауырып, қатты күйзеліп тұрғанын көрген ол деканның атына арыз жазып, жазба жұмыстан қандай қателік жібергенін тексеріп көруге болатынын айтты. Оның сөзінің ақыл көріп, ол әрең дегенде жазба жұмысын қолына алып көреді. Мына, сұмдықты қараңыз. Шығарма бірде-бір қатесіз жазылған. Бірақ әлдекім дәптердің бетіне көлденеңнен сия төгіп, «2» деген баға қойған. Дәл осындай ұятсыздыққа баруға кімнің батылы жетті? Кімнің? Әйтеуір, бейкүнә жігітке қиянат жасаған пенденің адам түгіл, Алладан қорықпайтын имансыз екені көрініп тұр.

Бұл сұмдықты көргенде Жұмекеннің жүрегі ауырып, жаны қиналып кетті. Алайда, оқуға өзінің білімсіздігінен емес, әлдекімдердің жасаған қиянатынан түсе алмай қалғанын кімге дәлелдей алады? Кім сенеді оның сөзіне? Ең құрығанда Алматыдай алып шаһарда жаның күйзелгенде мұңыңды шағып, жүрегіңді езген қайғыңды жеңілдететін бір адамыңның болмағаны қандай жаман? Тұла бойы қалшылдап, буын-буыны дірілдеп, барар жер, басар тауы қалмаған ол Алматының көшесін кезіп жүре берді. Ауылына қайтудан намыстанып, не істерін білмей басы қатты. Қошалақта арманның сағымын қуалаған жылдары бір жетуді аңсаған сүйікті Алматысы талантты ұлына құшағын жаюдың орнына, оны сыртқа тепті. Ең қиыны егер ауылға баруға тура келсе, мектепте жазба жұмысынан бестен басқа баға алып көрмеген ол емтиханнан құлап қалуының себебін жұртқа қалай түсіндіреді? Тәлім-тәрбие алған отбасын айтпағанда, осы уақытқа дейін өзі өскен ортада да ол мұндай әділетсіздіктерді көрген емес. Қалтасына қолын салса, жүріп-тұратын қаражаты да қалмапты. Тағдыр қуып келген үлкен қалада тірі жанды танымайды. (Кейін бұл оқиғаны есіне алғанда Жұмекеннің өзі: «Менің ең алғашқы маңдайыма тиген сәтсіздігім – шығармама төгілген сия болды» деп айтыпты)

Баратын жері, басатын тауы қалмай, шарасыздықтан не істерін білмей қамығып бір арықтың жағасында Сталин (қазіргі Абылайхан) даңғылы мен Октябрь (қазіргі Әйтеке би) көшесінің қиылысында салы суға кетіп отырғанда, жанынан өтіп бара жатқан адамдардың біреуі оны көзі шалып, оған арнайы бұрылып келеді. Жаңағы адам еңсесі түскен Жұмекеннің күйзеліп отырғанын сезіп қалып: «Балам, өңің қашып кетіпі ғой. Бұл жерде неге отырсың? Бір жерің ауырмай ма?» деп жанашырлық танытып, жөн сұрайды. Әділетсіздік пен қатыгездік танытқан суық қаладан да жүрегі жұмсақ, жаны мейірімді бір адамның табылғанына қуанып кеткен Жұмекен басынан кешкен жағдайдың бәрін де танымайтын адамына тәпіштеп баяндап береді. Баланың ауылға қайтқысы жоқ екенін білген әлгі мейірімді жан болса, бұрынғыдан да бетер жүрегі елжіреп: «Қарағым үйіңе барғың келмесе бізде тұра бер. Бір жыл жұмыс істеген соң қалаған оқуыңа қалай да түсесің, шырағым», - деп оны үйіне ертіп әкеледі.

Ұлы ақынға ең қиын сәтінде демеу болып, көмегін аямаған адам Ғұбайдолла Ержанов деген азамат еді. Әскери білімі бар. Ұзын бойлы, денелі, қара кісі. Турашыл, ешкімнен сескенбей ойындағысын бетке айтады. Тәкәппар, көп адамды аса менсіне бермейді. Адамды асып-тасыған дәулетіне емес, ақыл-парасатына қарап бағалайды. Тұрып жатқан үйінің сыртқа шыға берісінің тарлығы сондай, екпініңмен ұмтылсаң көршінің есіне басыңды соғып аласың. Үкімет партизан –жазушы Қасым Қайсенов екеуіне бір пәтерді бөліп берген екен. Ғұбайдолланың мінезі тік, үйде де, далада да өзін еркін ұстайды. Қоғамдық ортадағы беделі де зор. Кез-келген бастыққа еркін кіріп бара алады. Жұбайы Фәзила дәрігер.

Тағдырдың жазуымен Жұмекен осылайша Алматыда қалып қойып, Ғұбайдолланың бір баласындай оның үйінде тұрып жатты. Намыс буып, ауылға қайтпай қойғанымен туған жерін, Қошалағын қайта-қайта ойлап, сағыныш деген мысық күн батқанда кеудесін тырнайды. Кешкі тамағын ішкен соң ас үйдің есігін жауып алып, түні бойы қағаз шимайлап, өлең жазады.

Жатырмысың самалды сай, сырлы алап,

жусаныңнан сынап-шықтар сырғанап.

Құм-шағылдың өсіп шоққан шоқына,

жолаушыдай өте алмадым бір қарап.

Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,

көз ілдім мен төсегінде сезімнің.

Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңмін:

тұла бойым тұтас құйған төзіммін.

Сен секілді мен де Күнге күйіппін,

сен секілді жұпар жұттым, сүйіп гүл.

Сен секілді аласамын тап-тайпақ,

Сен секілді, таласамын биікпін.

Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ,

ойым да жоқ сені өлеңмен «өңдемек».

Дәл өзіңдей қарапайым болам мен,

Дәл өзіңдей! Маған, сірә, сол керек!

Соңғы күндері жүрегінен талай тамаша жырлар туып, бірте-бірте өлең Жұмекеннің жалғандағы жалғыз серігіне айналды. Ендігі үлкен арманы осы жазған жырларының басын құрап бір өлеңдер жинағын жарыққа шығару. Өлең жазудан қолы босағанда түні бойы кітап оқиды. Кітаптарды құныға оқыған сайын бұрын-соңды назар аудармаған көп нәрсеге басқаша қарайтын болып барады. Әсіресе, таяуда ағылшындардың ұлы ақыны Байронның шығармашылығымен танысқаннан бері көңілін неше түрлі ойлар түрткілеп жүр. Өз елінің отаршылдық саясатына қарсы шығып, өзге елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Байронды оқығанда еркіндікті аңсаған күй атасы Құрманғазының аянышты тағдыры есіне түсті. Байронның ғажайып ғазалдары қиял бесігін тербеп, азаттық жайлы балапан ойлар жұдырықтай жүрегінде қайта-қайта шырылдады. Пушкиндер мен Лермоновтардың өздері табынған ақын бірте-бірте Жұмекеннің сырласына ғана емес, тіпті, ең жақын туысына айналып бара жатқандай ма, қалай? Бүгін түнде Байронның туындыларын оқып шыққанда бір нәзік махаббат пен жібектей сезім жан жүрегінен өлең болып төгілді-ай...

Уа, керемет!

Буырқана туды өлең

Сол ғасырда өсек-ғайбат гулеген.

«Азаматтар» азап атты, тас атты

атқан тастан Байрон букет жасапты.

Осы екен ғой, осы екен ғой ой деген,

Осы екен ғой ақын болып сөйлеген!

Көз алдымда от күреген алақан..

Ойхой менің британдық дана атам!

Кіп-кішкентай Британия аралын

тарсындың сен, жер шарына қарадың

Арыстандай ағылшындық жүрекпен

асындың сен грек қару-жарағын..

Толқын болып құладың сен бір керім,

Шалшық болды теңізім деп жүргенің,

Алыс жаға көрінбек ед, көрінбек..

Бітті ақыры даңқты бір өлім боп.

Чайльд Гарольд көз салмайды кемеден,

Чайльд Гарольд, Чайльд Гарольд – көп өлең.

Қайда, қайда, махабаттың ұлы жан,

«Жүрегімді мұнда көмдім» - деген ең.

Жұмекен өлең жазғанда мына жалғанда өзінен басқа жандардың да бар екенін ұмытып кететін. Үстіне біреу кіріп келсе, қабағы сұстанып, жақтырмай қалатын. Кейін Ғұбайдолла ағасы: «Жұмекен өте еңбекқор еді. Мінезі өте ауыр, қиын, өзіміздің ас үйімізге өзіміз кіре алмай, есіктен қарауға бата алмай жүруші едік. Ал, кіре қалсаң ұнатпай қарайтын», - деген екен.

Бір жыл да аз уақыт емес. Тепсе темір үзетін жігітке келесі жылы оқуға түскенге дейін үйде отыру ауыр. Шығармашылығына кедергі болмайтын, оңтайлы бір жұмыс табу керек. Ондай жұмысты табу, бірақ, қайда... Жоғары білімің болмаса кіргізбек түгіл, еш мекеме сені есігінен де сығалатпайды. Оңтайлы жұмыс табудың қиын екенін өмір көрген Ғұбайдолла жақсы біледі. Бір күні ол Жұмекенге жұмыс іздестіріп жүріп, БЛКЖО Орталық Комитетінің жолдамасымен Қарағанды шахтасына жастарды жіберіп жатқанын естиді. Бұл жаңалықты естіген Жұмекен де қатты қуанып, сол шахтаға баруға ниет танытады. Сөйтіп, ақын болуды армандап астанаға келген жас жігіт тағдырдың айтқанына көніп, Қарағандыға аттанды. Өндірістің ошағы болып саналатын қаладағы №33-34 «Сталинградуголь» шахтасына комбайнердің көмекшісі болып жұмысқа тұрды.

Қарағанды қаласы Жұмекеннің азамат болып қалыптасуына, рухының шыңдалуына зор септігін тигізген нағыз өмір мектебі болды. Бала кезінен жырларын жаттап өскен Қасымның туған елі ақын қиялына қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлады. Арқадағы білімді азаматтармен әңгімелесе жүріп ұлы Қасымның аянышты өмірі туралы талай сырға қанығып, оның тағдырлы туындыларын бұрынғыдан да бетер жақсы көре түсті. Поэзия аспанындағы жұлдызы ерекше жарқырап, өнердегі жолы Ашақ-Мәші сорында қалған әкесінің ізіндей ап-анық болып сайрап жатқан Қасым өмірінің өз тағдырына ұқсас екенін бажайлады.

Ия, Қасым! Қайран, Қасым.. Ұлтымыздың ұлы ақыны дауылды дәуірде, қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы заманда дүниеге келді. Бірақ замана дауылы Қасымның жігерін жасыта алған жоқ. Бір өзі бір дәуірдің поэзиясын жасаған, бір өзі бір дәуірдің ауыр жүгін мойнымен көтерген қазақ әдебиетінің нар тұлғасы еді, Қасым. Қазақ өлеңін қайта тірілтіп, оған жан бітірген Қасымның махаббат лирикасы адамдық ұлы сезімді қайта тірілткен Мағжан поэзиясының заңды жалғасы болатын. Сондықтан да оның өртке тиген дауылдай болған отты жырлары Жұмекенге қатты әсер етіп, жан әлемін тебірентті. Жұмыстан келе салысымен ол дауылпаз ақынның туындыларын қайталап оқып, өз мінезінен ұлы ақынның рухымен үндестік іздейтін.

Ышқына соққан дауылға,

Құмартушы едім жасымда.

Нөсерлеп құйған жауында,

Қызығушы ем жасынға.

Жүгіруші ем жарысып,

Сарыарқаның желімен,

Ойнаушы еді алысып,

Соққан дауыл менімен.

Ышқына соққан дауылға қарсы тұрудан қорықпайтын Қасымның бойындағы өжет мінез Жұмекеннің ақындық табиғатында да бар-тын. Қасым өлеңдеріндегі рухтың құдіретімен жан дүниесінің алқабын суарған Жұмекен одан сезімнің кір шалмаған шыныдай тазалығын, парасаттың бұлағын, ойдың кенішін тапты. Танымын тереңдете түсті. Уақыт өте келе ұлы ақынның өнердегі ізбасары болған Жұмекен өмірден өткенше Қасымға деген махаббатын жүрегінде сақтап, оны бойтұмарындай қастерлеп өтті. Біздің бұл сөзімізге «Жұмекен-құдірет» атты кітапта айтылған, Нәсіп апамыздың мына естелігі дәлел бола алады: «Ташкентский көшесінде тұрғанымызда үйге жақын жерде қорым бар. Қорымға кіргенде есікке жақын жерде оң жақта қара сырмен сырланған темір шарбақпен қоршалған Қасым Аманжоловтың зираты жатыр. Құран оқуды білмейміз ол кезде, заман басқа, талап басқа болатын. Әр демалыс күні ақын зиратына барып, топырақ салғаннан кейін әруағына бас иіп біраз уақыт тұратынбыз. Қала тұрғындары бес күн жұмыстан шаршап, бала-шағасымен орталық саябаққа барып демалса, біз Қасым ағаның басына бір барып қайтқанымызға риза болушы едік.

Өйткені, Жұмекенді дауылды өлең-жырдың пірі болған Қасым ағаның әруағы қолдайтын болуы керек. Сол ескі зираттағы Қасым қабірінің басына жиі барып, өлең шумақтарын күбірлей, ой құшағында томсарып ұзақ тұратыны есімде. «Пушкинді де қайтейін-ау, маған өзімнің Қасым ағам жетіп жатыр» дегенді де айтқан Жұмекен емес пе еді.

«Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам,

«Дүние қасіретіне жасымаған».

Жоқ енді, амал қанша!

От еді ол

Мен ұшқын сол бір оттан шашы­раған» -

деген жыр жолдарын жазған жаны жырға ғашық Жұмекеннің жүрегі нені қаласа, менің де қалауым сол еді. Бала кезімнен, өзім оқуға түсе алмаған екі жыл ауылда болған кезімде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істедім. Әсіресе, сол жылдары Қасым Аманжоловтың қара тысты үш томдығын қолымнан тастамай оқитынмын. Қасым жырларын біздің тұстастарымыз қолдан қолға тигізбей оқитын едік-ау».

Әттең, Жұмекен Нәжімеденовтың Қарағанды қаласында жұмыс істеген жылдардағы өмір жолы әлі жөнді зерттелген жоқ. Заң қызметкері бола тұрса да қарағандылық азамат Марат Азбанбаев қана Атыраудың, Алматының, Қарағандының мұрағаттарында болып, Жұмекен оқыған консерваторияның мұғалімдерімен сөйлесіп, Жұмекен жұмыс жасаған Майқұдық шахтасына түсіп, құжаттармен дәлелденген заңды мәліметтерді тауып, «Менің Қазақстаным – ЖҰМЕКЕН» деген құнды кітап жазды. Бұны айтып отырған себебіміз, біздің ойымызша Жұмекеннің ұлт қасіретін жырлауға ден қоюына Арқа жерінде болуының көп әсері тиді. Өйткені, елдік мұратты ойлаған Алаш азаматтарының қаймағы Сарыарқада дүниеге келді. Қарағандыда жүргенде Жұмекен солардың көзін көрген зиялылармен сөйлесіп, талай нәрсенің сырына қанығуы әбден мүмкін. Ақын Мағжан поэзиясымен де Арқада жүргенде танысып, оның сұлу жырларына ғашық болып қалған сыңайлы. Қалай болған күнде де Жұмекеннің бірнеше жылдан кейін сүйген жалғыз ұлының атын Мағжан деп қоюы тегін емес. Ол Мағжанды пір тұтып, ұлы ақын жайында көптеген мәліметті білгенге ұқсайды. Ұлы бір жасқа толғанда ол Мағжан Жұмабаевтың жесірі Алматыда тұрады деген әңгімені естіп, сәлем беріп, батасын алу үшін Зылиха апайды арнайы іздеп барады. Ол кісі ВДНХ жақтағы сол кезде КИЗ деп аталатын жерде кішкентай бір бөлмелі үйде тұрады екен. Баланың атын естіп, өткен өмірінен әңгіме айтып, күрсініске толы кеудесін бір босатып алады. Баласына «Маңдайың менің Мағжанымның маңдайына тартқан ашық екен. Менің Мағжанымның көрген бейнетін бермесін, талантын берсін!» - деп маңдайынан сипап батасын береді.

Сондай-ақ, Жұмекен Нәжімеденовтың бүгінгі таңда еліміздің әнұранына айналған, ұлттық рухымыздың айбынын аспандатқан «Менің Қазақстаным» туындысының алғашқы шумақтарының осы Арқа жерінде жазыла басталуында да үлкен гәп бар. Біздің бұл болжамымызды Нәсіп апамыздың осыдан он жыл бұрын «Жас қазақ» газетіне берген сұхбаты да растай түседі. Пікіріміздің негізсіз емес екенін дәлелдеу үшін, сол сұхбатты сәл ықшамдап, оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.

«Жас қазақ: Апай, «Менің Қазақстанымның» өмірге келгеніне дәл осы қараша айында 50 жыл толыпты. Бұл да бір үлкен тарихи күн ғой. Сізді арнайы құттықтап, екінші жағынан аз-кем әңгімелессек деп келдік.

Нәсіп Нәжімеден келіні: Алла разы болсын! Расында содан бері де аттай 50 жыл зулап өтіпті-ау. Жұмекен 1955 жылы Алматыдан Қарағандыға арнайы жолдамамен барған. Сол кезде Сарыарқаның сары даласын, Қасымның отанын тұңғыш көруі ғой. Өзі бала күнінен Арқаның ақын-жырауларын, күйшілерін пір тұтқан адам. Солар жайлы нешеме өлең, поэмалар жазды.

Ел-жұрттың жадында болу керек, 1955-56 жылдары солтүстік және оңтүстік облыстар талан-таражға түсе жаздап тұрған болатын. Мұның бәрі тарихтан белгілі жайт. Сол жағдайға жалғыз Жұмекен емес, сол тұстағы санасында түйсігі бар жастар қатты қорланды. 1956 жылы Алматыға келді. Жолда жүргенде алып жүретін Жұмекеннің аспан түстес бір шабаданы болатын. Ол шабаданды біз жеті жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жанымыздан бір елі тастаған емеспіз. Әлгі шабаданның ең астына газет төсеп қоятын. Алматыға келгенде көрдік, Жұмекен сол газеттің астына «Менің Қазақстанымның» кейбір нұсқаларын жазып қойыпты. Жанында өзіне жазылған хаттар бар. 1956 жылы Жұмекен Алматыға келген соң консерваторияға оқуға түсті. Осы оқу орнында Шәмші Қалдаяқовпен кездесті. Сол жылдары Қазақстан миллиард пұт астық берді, ту тапсырды. Соған орай ұйымдастырылған болу керек, әлі есімде, 25 қазанда қазіргі Әлия мен Мәншүктің ескерткіші тұрған ескі алаңда үлкен митинг болды. Консерватория іргесінде ғана орналасқан. Сол митингке І-курста оқитын Жұмекен де студенттермен бірге еріп барған. Алаңға жиналған халықтың қолында қаптаған ту, тумен бірге халық та теңселіп, тербеліп тұр. Сонда Сарыарқадан жазып келген өлең жолдары Жұмекеннің көз алдында елестеп жүре берген.

Жас қазақ: «Менің Қазақстанымның» ілкідегі нұсқасындағы аз-кем өзгерістерді де айта кетсеңіз?

Нәсіп Нәжімеден келіні: Әсілі, «Менің Қазақстанымның» бір шумағы кешегі гимнге байланысты алынып қалды ғой. Ол былай болатын:

Айнала қарасам, асықты жүрегім,

Заманға жарасам, жарасып тұр елім.

Біздің ел орденді көтерді туларын,

Елмен ол тербелді, тербеле жырладым.

Бірақ Жұмекен қатарлы жастар ол тұста өз көзқарастарын сыртқа шығарып ашық айта алмайтын еді ғой. Өзара ғана белгілі бір орталарда сырласады. Сонда Жұмекеннің осы жыр жолдары Шәмшінің ойындағы патриоттық әуенге дөп қона кеткен. Екеуі бір факультетте оқыды, бірге жүрді. Себебі, ол кезде дайындық курсы деген жоқ болатын.

Жас қазақ: Әлгінде бір сөзіңізде «Менің Қазақстаным» жазылып болған соң біраз уақыт қабылданбай, шетқақпай көріп жүрген де кезі болды» деп қалдыңыз.

Нәсіп Нәжімеден келіні: Ол рас. Тиісті орындар «Менің елім, менің жерім» деп неге айтасың?» деп қыспаққа да алды. Орталыққа шақыртып алады. «Өлеңде партия туралы айтылмаған, партияны қос» деп сес көрсетеді. Сосын Жұмекен: «Партияның аясында елім, туған жерім менің» деп, енді бір тұсын «Жеті жыл жоспары, жеті қыр асқаны» дегендей сәл өзгерткен болды. Осы жолдар кейін бір жинақтарда шығып та кетті. Одан кейін теле-радиода қабылданбай үш жылға таяу жағы жүрді. І курста жазылған дүние болатын, арада желіп үш жыл өте шықты. Жұмекен ІV курста оқудан кетті.

Жас қазақ: Ең алғаш теледидар мен радиодан қай жылдары беріле бастады?

Нәсіп Нәжімеден келіні: Бір күні Жұмекен үйге өте бір көтеріңкі көңілмен келді. Сәлден соң: «Менің Қазақстанымды» Жамал Омарова апай орындайтын болды», - деп қуанышты хабарын да жеткізді. Шәмші Жамал апайдың үйінде пәтерде тұрды ма, әлде Шәмшінің үйіндегі Жәмила жеңгеміз Жамалдың туысы ма, есімде жоқ, әйтеуір Шәмші мен Жамал апайдың қарым-қатынасы өте жақсы болатын. Сосын жалдап тұратын пәтерімізде радио болмаған соң жұмысқа барып, орыстармен таласып-тармасып отырып, «Менің Қазақстанымды» тұңғыш рет Гүлжан Қожасбаева есімді құрбым екеуіміз радиодан тыңдадық. Бұл – 1959 жылғы қарашаның басы болатын. Жамал апайдан кейін Ришат Абдуллин орындады.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған соң баяғы Жамал апай орындаған түпнұсқаны іздеп радиоға бардым. Алтын қорда сақтаулы екен. Түгел көшіртіп алдым. Қазір менде. Аракідік даталы күндері өздерің секілді «Менің Қазақстанымның» шығу тарихын сұрап келген азаматтарға осындай мәліметтер беріп жүрмін.

Ол кезде Шәмші әлі үйлене қоймаған кезі, Жәмила көп біле бермеуі мүмкін ғой. Гүлсара Піржанова дейтін ғажайып шаңқобызшы болған, кейін қайтыс болып кетті. Ол Қазақстанға шаңқобызды тұңғыш әкелген адам. Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, «Отырар сазында» қызмет еткен еді. Күйеуі геолог болған. Өзі ғажап әнші болған. Белинский көшесінде тұрған. «Менің Қазақстаным» 1956 жылы шыққанмен, ең алғаш әнімен сол Гүлсараның үйінде орындалды.

Жас қазақ: Жұмекен ағаның өлеңі Әнұранға айналды. Үлкен салтанатты шараларда, мерейлі жиындарда бүкіл халық (өзге ұлттар да) Әнұранды қосыла шырқайды. Бойыңызды мақтаныш сезімі билейді дегендей...

Нәсіп Нәжімеден келіні: Әрине, «Менің Қазақстаным» Әнұран болған кезде жүрегіміз жарыла қуандық. Бәлкім, Жұмекен Әнұран болады деп ойламаған да шығар. Бірақ Жұмекен қазақтың Азаттық алатынын, бостан ұлт болатынын бүкіл шығармашылығы арқылы айтып кеткен адам. Жұмекенді түсініп оқитындар білуге тиіс, ол – ХХІ ғасырды болжап кеткен ақын. Кейде мен өлеңдерін қайта оқып, әрқайсысына өз шамама қарай талдау жасап отырамын. Сонда байқасаң, Жұмекен көріпкел секілді әсер қалдырады. «Аспан шақырады» повесін оқысаңыз, тіпті айтатыны жоқ.

Ал Шәмші Қалдаяқов өмірінің ақырында «Менің Қазақстаным» түбі Әнұран болады» деп айтып кетті....

Әңгімелескен Жанарбек Әшімжан

(«Жас қазақ», 2006 жылғы 10 қараша)

Қарағанды қаласындағы өмір де заулап өтіп жатты. Жақсы азаматтар бұл жақта да табылғанымен көңіл шіркін, бәрібір Алматыны аңсайды. Алдағы күндерінің қалай боларын білмейтін ақынға астанаға жету енді қол жетпес армандай болып көрінеді. Алайда, Құдай сәтін салса, тағдырдың асығы да алшысынан түседі екен-ау!

1956 жылы шахтер жастардың өнерпаздары есеп беру концертімен жол түсіп Мәскеу қаласына барады. Хорға қосылып, «Қара торғай» әнін айтып, бір күй тартып Жұмекен де осы концерттің жақсы өтуіне ат салысады. Жас өнерпаздар Мәскеу жұртшылығының құрмет-қошеметіне бөленіп, бірінші орын иеленіп, Қарағандыға жеңісті көңіл-күймен қайтады.

Мәскеуден жүлде алып келгеннен кейін Жұмекеннің бойындағы өнері мен талантына сүйсінген кәсіподақ комитетінің төрағасы Әукебай Кенжин құжаттарын қолына ұстатып, оны Алматыға жібереді....

Тағдыр тағы да Жұмекенді астанаға алып келді. Бұл жолы бірақ бәрі ойдағыдай болып, ол консерваторияның халық аспаптары бөліміне оқуға түсті. Ақынның бір үлкен арманы орындалды. Көңілі біраз жайланғанымен оқуда жүріп ауылда қалып қойған сүйікті қызын ойлаумен болды. Ең алғаш рет онымен қалай кездескені, өлеңмен жазған хаттары, екеуінің бір-біріне білдірген сүйіспеншілік сезімдері есіне түсіп, түнде ұйықтар алдында тәтті ойлар көңілін шымшылайды. Құрманғазы атындағы консерваторияның бірінші курсын тәмәмдаған соң Жұмекен ауылға барды. Нәсіп ол кезде ауылда кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жұмекен ауылға келе салысымен қыздың әке-шешесінің алдынан өтіп, ағайындарын жинап, кеш өткізіп, екеуі отау құрды. Қазақ әдебиетінің әйгілі сыншысы Зейнолла Серікқалиев сол жылы Жұмекенге күйеу қосшы болып, Нәсіпті оң босағасынан алып шықты. Құдай тілеуін беріп, Жұмекеннің тағы бір арманы орындалып, құсын қолын қонғызды. Ендігі үлкен арманы өнердегі өз жолын салып – дәулескер күйші немесе үлкен ақын болу. Өнердің - қатал сын, ақындықтың - ауыр тағдыр екенін ол кезде бірақ Жұмекен білген жоқ...

***

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романы «Адам тағдырды іздейді, ал тағдыр адамды» деп басталады ұмытпасам. Шындығында да біз арман қуалап, көп жағдайда өз тағдырымызбен ойнап жүргенімізді білмейді екенбіз-ау. Жұмекен де елесі алыстан мұнартқан сағым бақытты қиялдап жүріп, ауыр тағдырды еншілеп алғанын сезген жоқ.

Өмірлік жары болуға серт берген Нәсіппен бірге 1957 жылдың тамызында ол тағдырдың жазуымен тағы да астанаға келді. Алда екеуін тағдырдың қандай сыйы күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Поездан қолтықтасып түскен екі жасты Алматы вокзалынан Құдай жолықтырған туысындай болып кеткен сол баяғы Ғұбайдолла Ержанов ағасы күтіп алды. Абылайхан даңғылы мен Окябрь (қазіргі Әйтеке би) көшесінің бұрышындағы үйдегі ағайдың баспанасы тар болғанымен, көңілі кең еді. Жұмекен мен Нәсіп бірінші қабаттағы ол кісінің пәтерінің ас бөлмесіне орналасты. Ағай мен әйелі Фәзила апай, қызы Айша, ұлы Марат тағы бір сары күшігі – бесеуі бір бөлмеде жатады.

Жарты ай тұрған соң екі жас Ғұбайдола ағайдың отбасына зор алғысын айтып, пәтер іздеп, бөлек шығып кетті. Алматының шығыс жақ түкпіріндегі Малая станица деген жықпыл-жықпыл қисық көшелердің бірінен пәтер жалдады.

Қаланың әр бұрышында көшіп-қонып жүрген жанда қандай күй болушы еді. Жұмекен күндіз оқып, түннің қара пердесі терезесін жапқанда күйбең тіршіліктің бәрін ұмытып, үстеліне отырып, ақ параққа сырын ақтарып, өлең жазуға кіріседі. Адам баласына бір өнердің өзін арқалап жүру - ауыр жүк. Ал, ол болса екі өнерді тел еміп, тағдырдың басқа салған қиындығын көріп жүр. Таң атпастан сағат алтыда тұрып сабағына кетіп қалады. Ерте тұратын себебі, ол жылдары консерваторияда музыка аспаптарына дайындалатын класс жетіспейтін.

Пәтер жалдаушылар үшін ол кезде Алматыда қай бір жетіскен, жібі түзу баспана болды дейсің. Кісі есігін сағалап, тапқан пәтерлерінің бәрі суық болып шығады. Отынды қанша салсаң да жылымайтын үйге тап болады. Алматы таулы жер, ескі үйлердің сызды еденінің салқындығы сүйегіңнен өтеді. Құмды жердің ыстық топырағына табандары күйіп өскен екеуіне Алматының ылғал ауасы көп бейнет тартқызды. Сөйтіп жүргенде жаңа жыл қарсаңында салқын тиіп, Жұмекен қатты ауырып қалды. Ауырғанына қарамастан, қалғысы келмей екі апта бойы сабағына барғанын қайтерсің. Әй, бірақ, батпандап кірген ауру қоюшы ма еді. Жас жігітті мұрттай ұшырды. Денесінің қызуы күлге піскен таба нандай көтеріліп, ауруханаға түсті. Сол кездегі болған оқиға Нәсіп апамыздың кітабында былайша сипатталыпты: «Ол кезде Төле би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында КазПИ-дің корпусына жақын орналасқан жерде бір қабатты екі пәтерлі үй болды, біз сонда пәтер жалдап тұрып жаттық. Сол үйде 1958 жылдың желтоқсан айының жетісі күні тұңғышымыз Әйкен дүниеге келді. Сол пәтердің бірінде КазПИ-дің мұғалімі тұрды, әйелінің аты Қазына екені есімде қалды. Екінші пәтерде Ғұбайдолла ағамыздың балдызы Мәжит деген жігіт тұрады екен, ол Ленинградқа аспирантураға кетіп, оның үйінде біз қалдық. Сол үй көп уақытқа дейін бұзылмай тұрды.

Жұмекен ауруханаға 1959 жылдың қаңтар айында түсті. Төле би көшесі мен Амангелді көшесінің бұрышында орналасқан аурухана ол кезде «Городская больница» деп аталады. Қазіргі «Жедел жәрдем» ауруханасы.

Ауруханада жатқан кезде Әбу Сәрсенбаев ағамыздың көп көмегі тиді. Дәрігерлермен сөйлесіп, қан құйдыртып, операция жасауға рұқсат бермеді. Дәрігерлер «Операцияға көнбесең, біздің жай еміміз ем болмайды. Егер күн сайын қымыз ішетін мүмкіндігің болса, қымызбен ғана жазылуың мүмкін» деген соң, күн сайын үш литр қолдың қымызын апарып тұрдым. Екі айға да толмаған Әйкенді студент қыздарға тастап, көкбазардан күнде барып сырлы жасыл бидонмен үш литр қымыз аламын. Сол кезде қымыз тасыған сырлы жасыл бидоным әлі сақтаулы.

Қымызға қоса күнде ет асып алып барамын. Ол кезде қымыздың литрі 1 сом, қымыздары таза болады, қазіргі қымыз сатушылардай емес, таза, қоспасыз қымыз сатады.

Ауруханада жатқан екі ай он төрт күннің ішінде бір күн де қымызын үзген емеспін. Өкпесі құлан-тағы жазылып кетті. Ауруханаға алғаш жатқан кезде шығармай, жүргізбей қойды. Төсегінен тұрмай жатқан кезде маған «Қымызың үшін рахмет» деп хат жібереді. Сол хаттардың бірінде: «Нәнжіпжан! (бұл бір еркелеткен кезде қоятын аты) қымызың үшін тағы да рахмет, маған ем болып жатқан тек қана сенің қымызың болар, өйткені қымызға тойып алғаннан кейін керемет терлеп ұйықтап қаламын. Түбі жазылып шығамын-ау деген үмітім бар» деп жазыпты.

Ақыры осы ойы өзін емдеген дәрігердің тәжірибесіне де дәл келіп, үйге шығарда қағазына жазып берген: «Біз өкпеге түскен «абцесті» тек операция арқылы жазушы едік, ал сен болсаң өзіңді өзің қымызбен емдедің» деп жазыпты. Ауруханадан шығарда дәрігерлер бір жылға дейін музыка аспаптарында ойнауға болмайды, өкпеңе күш түседі деген соң академиялық демалыс алды.

Ол кезде төртінші курста оқитын. Өлеңдері баспасөз беттерінде жарияланып жатты. «Поэзиямызға жаңа терең ой, жаңа образ әкелді» деп, әдебиет жанкүйерлерінің ағынан жарылып жазып жатқан кезі еді».

Жұмекен академиялық демалыстан кейін оқуын жалғастырған жоқ. Өлеңдерін оқыған ақын достары мен жазушы ағалары «Сенен мықты ақын шығайын деп тұр, оқуға уақытыңды кетірме, жұмысқа орналас та, өлеңіңді жаз» деп оны біржолата шығармашылық жолға бет бұруға көндірді.

Тағдырын іздеген Жұмекен осылайша ақындық жолға түсті. Мүмкін, керісінше ақынды іздеген тағдыр Жұмекенді ақындық жолға салған шығар. Қалай болған күнде де ол сол уақытта күтпеген жерден тағдырының осылайша өнердегі өз жолын тапқызғанына дән риза еді. 1959 жылдың қыркүйегінде «Көркем әдебиет» баспасына кіші редактор болып жұмысқа орналасты. Қазақ поэзиясын биік белеске көтерген марғасқа ақындармен танысты, сырлас достарын, рухтас інілерін тапты. Баспада тегеурінді ақын Тайыр Жароков бас редактор болды. Ғафу, Шәміл, Тұманбайдай талантты шайырлармен бір бөлмеде отырып, әзіл-қалжыңдары жарасып, бір үйдің балаларындай болып кетті. Олар талантты інілерінің маңдайынан шерткен жоқ, қайта керісінше «Жұмаш» деп еркелетті. Ғафу ағасы тіпті, «Менің Жұмашым» деп туған інісіндей жақсы көріп, бауырына тартты.

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне Шерхан Мұртаза бас редактор болған жылдары ол осы басылымның әдебиет пен өнер бөлімін басқарды. Әдебиетте енді көрініп келе жатқан жас ақындардың өлеңдерін газет бетінде жариялап, олардың халыққа кеңінен танылуына жол ашты. Ақмола облысында болып, тың игерушілер туралы біраз материалдар және фотосуреттер әкеліп, «Жас алаштың» мұрағатына тапсырды. Бір жолы Сәбит Мұқанов, Қасым Тоғызақов т.б. ақын-жазушылармен бірге Қостанай облысына іссапарға бірге барады. Қасым Тоғызақовтың әкесінің үйінде бір топ ақын-жазушылардың ең жасы Жұмекен екен, дастархан басында төменірек отырады. Оны байқаған Сәбит аға «Жұмекен бұл елдің қонағы» деп, өзінің қасына шақырып алып отырғызады.

Жұмекен баспасөзде қызмет істеген кезде де, консерваторияда дәріс алған жылдары да ақын-жазушылармен бірге республиканың облыстарын көп аралады. Ел аралап, талай жерді көрді. Консерваториядағы фольклорлық кафедраның тапсырмасымен студенттер ел ішінен ән-күй жинауға шығатын. Шәмші екеуі бірге жүріп, біраз облыста болды.

Оңтүстік облыстарда (Қызылорда, Шымкент) болған сапарында Жаппар Өмірбеков, Хамза Есенжановтармен бірге Асқар Тоқмағанбетовтың үйінде болған. Бұл өңірде оқырмандармен кездескен сапарында әдебиет пен өнерді қастерлеп, жақсы түсінеді екен деп, риза болып қайтыпты. Кішкентай балаларға дейін әдебиет жайында көзқарасы ерекше, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмағанына көз жеткізіп еді.

Бірақ осыған қарап Жұмекеннің әдебиеттегі жолы тақтайдай түзу болды деп айтудың қисыны жоқ. Шығармашылық ортада да талантты жастарды көре алмайтын қызғаншақтар мен нағыз өнердің не екенін терең таразылай алмайтын түйсіксіздер толып жатыр. Оның үстіне Жұмекен -жаңа поэзияның өкілі. Қызыл сөздің саумалын сапырған ақындарға ұқсамай мағынасы терең, ойлы өлеңдер жазады. Ақынның ол шығармаларына да шүйлігіп, тырнақ астынан кір іздегендер табылды. Өлеңінің әр жолы үшін күресуге тура келді.

Ең алғашқы «Балауса» жинағы жарық көргенде әдеби қауым жұмған аузын ашпады. Шындығында Жұмекеннің бұл жыр жинағы қазақ поэзиясының тынысын кеңейтіп, оқырманның танымын тереңдете түскен әдебиеттегі құбылыс болуға тиіс туынды еді. Әсіресе, Жұмекен лек-легімен жыр әлеміне келіп жатқан жастардың сүйікті ақынына айналды. Оған еліктеп өлең жазатын ақындардың тұтас бір толқыны келді, поэзияға. Ең өкініштісі, осы болып жатқан оқиғалардың ешқайсысы да әдеби ортада айтылмады. Жұмекеннің өмірден озғанына отыз жылдан асса да ақынның жүрегін жаралаған осы келеңсіз құбылыстардың ешқайсысы да зерттелмей, кейінге қалып барады. Сондықтан да бұл тарапта ізденгенде көп жағдайда Нәсіп апамыздың «Жұмекен-құдірет» атты кітабындағы деректерге, замандастарының естеліктеріне сүйенуге тура келеді.

Нәсіп Мұстахқызы Нәжімеденкеліні: «..Ақын өмірінің соңғы он жылы шығармашылық табысқа қол жеткізген әрі адамдық биік парызын жоғары ұстаған, жүрегіне жүк түсірген жылдар болатын. Ақын сол биігінен – адамдық тұғырынан төмендеген жоқ.

Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жүрген жерінен Мәскеуге М.Горький атындағы әдебиет институтына Одақтың Бірінші хатшысы 2 жылға оқуға жолдамамен жіберіп, 1971-1972 жылдары Мәскеуде оқыды. Оны бітіріп келгеннен кейін өзінің жұмыс орнына қайтадан алмай қойды. Біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалды. Ол жылдары Одақтың Бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов ағай болатын. Шығармашылық ортадағы бақталастық «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсынның» керін келтірді.

Қарапайым жұрт үшін зиялы қауым болып саналатын жазушылар да адам. Адам жүрген жерде пендешілік ден алмай қоймайды. Оның қызметтегі орны әлдекімдерге керек болғанымен, ақындық биіктігін, өзімен біте қайнаған бойындағы дарынын ешкім иелене алған жоқ. Ақын өлеңін жазып жүре берді. Дегенмен, ер азамат үшін қоғамдағы орны, оның қызмет дәрежесі де басты мәселе болып табылатыны сөзсіз.

Мектеп баспасында география бөлімінің бастығы болып істеген қызметі шығармашылық адамы, дарын иесі үшін бұл кәдімгі қара жұмыс еді. Қоғамға пайдасы, өзі үшін жалақысы бар демесең, ақын өмірінің нағыз толып-толысқан шағындағы жеміс беретін біраз асыл уақытын зая кетірген жылдары еді. «Кеңсе жұмысы – шығармашылықтың жауы» дейтін өзі.

Осы жылдары Жұмекен Жазушылар одағына әлденеше рет барып (ол кезде Жұбан Молдағалиев хатшы болатын), қызмет сұрады. Ол кезде одақта үш бос орын болған. «Жершілдікке жол беріп отыр, батыстың адамдарын жинап алды» деген жергілікті арызқойлардың әрекеттерінен Жұбан ағайға сол жылдары Мәскеу тыныштық бермейді дегенді кейін естідім....

1973 жылы Мәскеудегі екі жылдық әдебиет курсын бітіріп келгеннен кейін жазу стилі де, мінез-құлқы да өзгеріп кетті. Бұрынғыдай менімен өлең туралы сырласуға да зауқы жоқ. Мен тұрмақ кейбір баспасөз бетіндегі біреулердің әлдекімдер туралы жазған пікірлерін оқып, күйіп-пісетін. Соңғы кезде, 1978 жылдан бастап күні-түні тек өлең жазумен отыратын болды. Өте көп және түзетусіз жазатын. Қонаққа шақырған жерлерге де сылтау айтып бармай қалып, жұмыс істейтін. Жылға бір рет келетін еңбек демалысында да ешқайда шықпай, тіпті тамаққа да уақытында келмейтін. Сонда ойына лек-легімен келген өлең жолдарын қағаз бетіне түсіріп үлгіре алмай жүреді екен ғой. Ондайда ойын бұзуға бата алмай, есіктен сығалап қана жүретін едім.

«Жаңғырық», «Қыран қия», «Ақ көгершін», «Тамыр мен жапырақ», «Алдаркөсе» дастандары осы сексенінші жылдың басындағы үш жылда дүниеге келген шығармалар.

«Жаңғырық» – Махамбет Өтемісұлына арналған. Жұмекен Махамбет Өтемісұлымен нағашылы-жиенді екенін атасы Нәжімеденнің айтуынан білетін. Жұмекеннің алтыншы атасы Қартпанбет жыраудың қызы – Махамбеттің анасы Қосуан. Ақын бұл жайында кейінірек ғұмырнама жазамын деген ойы болатын....

«Қыран қия» – Бауыржан Момышұлына арналған үлкен дастан. Батырдың тағдыры мен ақын өз тағдырын сабақтастырады. Момышұлын өзіне құдырет тұтқан адам. Осы дастаны «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көргенде Бауыржан Момұшұлының әйелі газетті ауруханада жатқан Баукеңе апарып оқып берген екен. Ол кісі қатты қуаныпты. Әйелі үйге телефон соғып, ағаң қуанып жатыр, рахмет деді.

Осы дастан «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған тұста Жұмекеннің үйге қатты ренжіп келгені есімде. Бір досы «Бауыржан Шерханның жерлесі, жақыны ғой. Сен бұл дастанды Шерханға жағыну үшін жаздың ғой» депті. Үйге далада естігенін көбіне айтпайтын адам ғой. «Байғұстар, маған тағатын ештеңе таппаған ғой. Бұл менің ойымда көптен бері қайнап жүрген, жүрегімді жегідей жеп жүрген ойлар ғой» деп, сонда да сол сөзді айтқан досының сөзіне ызаланып, түнімен темекісін тартумен болды. Мен оған «сол адам сенің көріп жүрген әділетсіздігіңді, еңбегіңнің елеусіз қалып жүргенін Бауыржанның көрген әділетсіздігімен салыстырғаныңды білмей отыр дейсің бе, шын батырға батыр атағын кезінде бермегенін білмей отыр дейсің бе? Ол тек сенің жаныңа тиіп, сені пышақсыз, мылтықсыз өлтірудің айласы ғой, - дедім. Сондықтан ондайларға мән бермей, қарқылдап күліп қойсаң ызасына тиер едің» дегенімде, «әрине, ондайларға күлгеннен басқа жауап жоқ, көбіне өзім де сүйтемін. Бірақ, қайдағы адамның ойына келмейтінді айтқанына ызаң келеді екен. Әй, бұл сорлылар ешкімге жағымпаздығым жоқ екенін де біледі. Білсе де әйтеуір ретін тауып, жаныңа тию керек қой» деген. Қазір ойласам, бұл да болса, ақын жүрегін жаралаудың арамзалар ойлап тапқан айласының бірі екен ғой.

«Тамыр мен жапырақ», «Алдаркөсе» дастандары – заманның көшіне ақынның жүрегімен жасалған шолу іспетті. Жиырма бірінші ғасырдың, болашақтың бағдарын болжап кеткендігі көрінеді.

«Ақ көгершін» – жастайынан денсаулығы болыңқырамай жүрген перзенттерінің біріне арналған. Ақын тілегі қабыл болып, бала тәуір болды. Бұл дастан арқылы әке өз ұрпағының бойына қуат, жүрегіне шуақ бағыттаған секілді.

...Сексен екінің күзінде енем қатты ауырды. Жастық шағы Азғыр маңында өткен ол кісі қан ауруына шалдыққан еді. Жылына екі рет қалалық аурухананың гематология бөлімінде емделеді. Кезекті осындай емделу кезінде Жұмекеннің жұмысына дәрігерлер хабар беріпті. Ауырлап қалды деген. Содан жақын достарымыз Рая, Айтбай үшеуміз ауруханаға жеттік. Апамның екі құрбысы Айсәуле апай (Әбіштің анасы) мен Жаңыл апай (Қайраттың анасы) қоштасып қалғалы ауруханаға келіпті. Клара да (Әбіштің жары) сонда екен. Апамды бар киімін шешіп, үстіне ақжайма жауып, «адам болмайды» деп жансақтау бөліміне алып бара жатқан жерінен дәрігерге қолхат беріп, «өз төсегінен аттансын» деп, Жұмекен үйге алып кетуді ұйғарды. Содан үйге әкелдік. Мұндайда адам қатты сасқалақтайды. «Иманын үйірсін, дем салсын, әрі басы-қасында отырсын» деп құран оқи білетін кісі іздедік. Әбу ағаның үйінен кісі үзілмеуші еді, деп сол үйге хабарласып едік, Өзбекстаннан Шолпанның енесі келіп жатыр екен. Үстінде жасыл қамзолы бар кемпір кісі апам жатқан бөлмеге кірген бойда «мынау ма, өлейін деп жатыр деген кемпір, бұл өлмейді!» деді. Содан бір-екі күн қасында отырды.

Апамды ауруханадан әкеліп, жантәсілім жатқан кезінде үйде дос-жаран, жанашыр адамдар отырған. Бұл 1982 жылдың 22 қарашасы болатын. Жұмекен болса, қарама-қарсы бөлмедегі өзінің кабинетінде жерге етпетінен жата қалып жылады. Сондағы айтқаны әлі күнге құлағымда: «Жиырма бес жасыңда жесір қалып едің, өмірден ешбір жақсылық көрмеп едің. Енді қызығымды көрсетем бе дегенде, көре алмай кеттің-ау» деп өкіріп жылады. Сол кезде үйдегілер – хабарды естіп келгендер түгел жылады. Айсәуле апай айқайды салып: «Тұр, орныңнан! Жылама! Анаңа тура келген ажалды өзіңе аударып аларсың, тұр!» деп қолынан ұстап, орнынан тұрғызды. Апайдың бұлай қатты дауыс көтергенін естігенім осы. Келесі жылы дәл осы күні 1983-тің 22-ші қарашасы күні Жұмекен қайтыс болды. Апам жазылып кетті, Жұмекеннен кейін үш жылдан соң қайтты. Айсәуле апамыз әулие екен».

Жұмекен поэзияда ғана емес, проза саласында да толайым табысқа жеткен суреткер. Бірақ, прозалық туындылары мен романдары сыншылар тарапынан өзіне лайықты бағасын алмады. Қайта керісінше, қатты сынға ұшырады. Әрине, сөз өнерінің алатын бағасы барлық уақытта әділ бола бермейді. Әсіресе, дәл біздегідей күншілдік пен қызғаныштың қызыл иті құтырып тұрған қоғамда талантты туындының бағасын берудің орнына оған қара күйе жағуға тырысатындар көп. Оның үстіне, шындығында да Жұмекеннің бұл романы сол уақыттағы советтік қалыпқа сыя қоймайтын тың туынды еді. Әйтпесе, әдебиетті біледі-ау деген сыншылардың роман оқиғаларының отбасы тірлігіне, адамдардың өзара қарым-қатынасына құралғанын сынға алуын басқаша түсіндіру қиын. Ақын шығармаларын сынағандардың көбісі әдебиеті дамып кеткен батыс пен орыстың классикалық прозасында тұрмыстық романдардың болмағанын білмеді дейсіз бе? Шығармадағы кейіпкерлердің күрделі мінезі станоктың қасында, комбайн штурвалында, қойдың соңында емес, қайта керісінше, қарапайым тіршілікте жан-жақты ашыла түседі емес пе? Кейіпкерлердің қоғамдық өмірде, мемлекеттік қызметте, саяси күреске белсене араласпағынына сыншылардың көңілдері толмады. Әлбетте, сол уақытта өнер атаулыға, әсіресе, әдебиетке үстемдігін жүргізген социалистік реализм тұрғысынан алып қарасақ, бұл - үлкен кемшілік. Ал, нағыз әдебиеттің таразысына салып өлшейтін болсақ, бұл сол кездегі біздің ұлттық прозамыздағы – үлкен жаңалық. Осыған байланысты ақынның прозалық туындыларын қорғап айтқан зейнеткер Мұрат Аташұлының сөздерінің жаны бар. Оның айтуынша, Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, көркем әдебиетте компартияның рөлін көрсету талап етілген ғой. Сол кездегі көптеген шығармаларда шаруашылықпен өндіріс басшылары орашолақ, тайыз болып келеді де оны партия өкілі түзеп отырады. Немесе өзекті мәселені шешуге «ұлы» халықтың ақылды бір адамы қатынасып жүреді. Мұрат Аташұлының дәл байқағанындай бұл қалыптан ұлы Әуезов те шыға алмаған. Оған мысалға «Қараш-Қараш» оқиғасындағы Афанасиді, «Шатқалаңдағы» Паншинді, «Бүркітшідегі» Александрды, «Өскен өркендегі» Карповты атасақ та жеткілікті. Ал, «Ақ шағылда» ондайлардың бірі жоқ. Керісінше, ауданнан келген шенеуніктер мен газет тілшісі өресіз, сауаты солақай саясаттан аспайтын адамдар болып келеке етіледі. «Ақ шағылдағы ауыл ақиқаты» деген мақаласында Мұрат Аташұлы әдебиетіміздегі танымал сыншымыз Шериаздан Елеукеновтің тізіп берген «кемшіліктерімен» келіспей, мынандай пікір айтады. «Осы орайдағы әдебиетші-ғалым Ш.Елеукеновтің «Классикалық роман авторының көне салты бірдеңе жазардан бұрын тең-тең материал жинайтын, ел аралап, жұрт ақтап қанша адаммен жүздесіп, әңгімелесіп, өзіне керек деректерге жолығып, тақырыбына қатысты жүздеген кітапты бажайлап оқитын құнарлы дәстүрі ұмыт болған ба деген сауалға еріксіз тірелесіз» деген жалпылама пікірді Жұмекенге тіреп айтуы – ұшқарылау пікір. Жұмекен сыншының сол талаптарының бәрін де орындаған. Оның үстіне балаң көңіліндегі өшпестей таңбаланған ой оған әрқашан маза бермеген. Яғни, өзі күйіп-піскен тірліктен артық қандай зерттеу болуы мүмкін»....(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар