Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Амангелді Кеңшілікұлы: Поэзияның екі жұмбағы. Мұқ...

05.07.2017 7610

Амангелді Кеңшілікұлы: Поэзияның екі жұмбағы. Мұқағали мен Жұмекен.

Амангелді Кеңшілікұлы: Поэзияның екі жұмбағы.  Мұқағали мен Жұмекен. - adebiportal.kz

Поэзия – мәңгі шешілмейтін Алланың жұмбағы. Сығырайған шамның жарығымен, тастай қараңғы түндерде мыңдаған еңбектер мен жүздеген кітаптарды шолып шығып, көз майын тауысып өлең табиғатын зерттеген сонау ертеректе өмір сүрген талай ғұламалар да, ғылыми-техникалық прогрестің қарқыны қарыштап дамыған бүгінгі ғасырдағы компьютердің құлағында ойнаған мүйізі қарағайдай данышпандар да оның құпиясын әлі таба алған жоқ.

Шындығында да қызық. Мәртебелі поэзияның алтын арнасы ежелгі адамның қара үңгірдегі тасқа қашап салған таңбасынан бастау алып, сөз өнерінің балалық шағында дүние есігін ашқан Гомер, Гесиод, Вергилий, Овидий, Цюй Юаньдардан кейін де жүздеген жылдар өтіп, жүрегін жырмен жұбатқан мыңдаған шайырлардың тәні топырақтың астында көміліп қалғанымен, ол әлемнің сандығы ашылудың орнына, қайта жаңа жұмбақтарды туғыза түсуде.

Ғажап! Ақындардың әр қадамын аңдыған режимдер қатаң шектеулер мен тыйым салуларды енгізіп тұсаулап тастауға тырысқанымен, құдіретті поэзия мойнына құрық салғызбай, тығырықтан шығудың жолын тауып, идеологияның, діннің, нәсілшілдік пен адам баласының надандығының арқасында пайда болған кедергілерді бұзып-жарып, қоғамның жабайы заңдылығына бағынбай, ақиқатқа ынтызар жүрегіміздің шөлін қандырып, рухымызды кемелдендіріп келеді. Адамдық сезімнің бесігінде құндақталып, таңдайында ана сүтінің дәмі қалған нағыз поэзияның бойында көнеріп бара жатқан сөзді қайта жаңартып, сөне бастаған жалынды қайта жандырып, өліп бара жатқан сезімді қайта тірілтетін Тәңірлік құдіреттің болатынын бізге дейін де талай ғұламалар айтыпты.

Алла мен Адамның, Табиғат пен Тіршіліктің тіл табысқан гармониялық үйлесіміндей болған жұмбағынан жаратылған поэзияның бойындағы таңғажайып қасиеттерін тілге тиек еткен орыс жазушысы Константин Паустовский: «Ол сөзге, қыз күніндегі балғындығын қайтарып береді. Қайталап айта бергеннен өзінің көркемдік шырайын жоғалтып, жансыз қабықтай болып кеткен сөздер поэзияда жарқылдап, сыңғырлап, гүлдей жайнап сала береді» деген екен.

Қуанышы көңіл құсыңды сайратып, қайғысы ой орманыңды теңселтіп жіберетін мұң мен сырға толы Мұқағали мен Жұмекеннің жыр жинақтарын оқығанымда, мен ылғи да мына бес күндік жалғанның қызығын ұмытып, қайта тірілген сөз құдіреті арқылы жаныммен тілдескендей болған бір жұмбақ күйдің әсерін басымнан кешемін. Не сиқыр, қандай құпия бар олардың поэзиясында? Бала күнімнен өлеңдерін жастанып оқығандықтан ба екен, кітапханамның төрінен орын алған олардың шығармалары жиі сырласпасам тұра алмайтын менің ең аяулы достарыма айналды.

Ия, Мұқағали мен Жұмекен. Дәуірдің тайғанақ өткелінде кіндігі кесіліп, жандарын жалғыздық алдандырған Мұқағали мен Жұмекен бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі түрлі құбылыс болғанымен, ақындық тағдырларында таң қаларлық ұқсастықтар да көп. Екеуінің де шерлі жүрегіне «соқыр, мылқау, таскерең» қоғамның топас қанжары қадалып, тажал тағдырдың азабын тартқызды. Көктемнің таңындай жадырап атқан екеуінің де өмірлерінің ақыры белгісіздік тұманымен қоршалып, запа шекті. Асау көңілдері тұлпардай тулаған екі ақын да жанкеспе қасқырдай жалаңдаған сұмпайы заманда өмір сүре отырып, дүниеге іңкәр, өнерге ынтызар жүрегімен сезімнің мекенін, парасаттың биігін іздеді. Уақыт озып, дәуірдің бағыты өзгеріп, заманның сын-тезіне шыдай алмаған қаншама көлдер құрғап қалса да Мұқағали мен Жұмекен поэзиясының өзені күркіреп ағып, келіншек - жастықтың да, кейуана – қарттықтың да құмарын қандырып, жан-жағы ну орманға айналып, мәңгілік өнердің хабаршысындай жайқала түсуде.

Оқырман жүрегінен мәңгілік тұрағын тапқан нағыз әдебиеттің кешегісі мен ертеңі болмайды, оның мәңгілік бүгіні ғана бар. Адам тағдырын дауылдай шайқаған өткен күннің шырғалаңы мен белесінде туған шайырлардың жырлары біздің көңілімізді қалай толқытса, келешектің есігін қағатын ұрпақтың жанын да тап солай тебірентетін болады. Егер маған «Өмірдастан» мен «Менің топырағым» атты екі кітаптың біреуін таңда десеңіз, қайсысына тоқтам жасарымды білмей қиналарым сөзсіз. Жо-жоқ, аяулым, сіз дәл осындай таңдау еркін жасау қажеттілігін туғызып, менің жанымды қинамаңыз. Жалынды жырлары жүрегімді жандырған Мұқағали маған ғана періште сезімін ақтарған сырласым, ал, Жұмекен ақыл-парасатының шуағымен ой-санамды аймалаған данышпаным болғанын кімнен жасырайын. Адамға жанның тазалығы қалай керек болса, рухтың тереңдігі де дәл солай керек қой.

Ең әуелі мен Мұқағали поэзиясымен таныстым. Бұл оқиға менің мектепте оқып жүрген, бала күнімде болды. Әкемнің жазу үстелінің тартпасынан «Өмірдастанды» тауып алып, демімді алмай бір күнде оқып шыққанымда көңілімнің найзағайын ойнатып жіберген алапат сезімдердің сиқыры еркімді билеп алды. Дүние-жалғанның сел-тасқынындай болып сарқыраған сәруәр сезімнің құдіреті жаңқа құрлы да көрмей, менің жанымды толқытып, өзімен бірге ағызып әкетті.

Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,

Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.

Рақат та іші-сырты ауылдың,

Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені.

Сағынышым – тек өзіңсің бір ғана,

Ұшып кетті қарлығаш та, тырна да.

Саралақаз жұмыртқалап үлгірді,

Кеше екеуміз асыр салған жылғаға.

Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп,

Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.

Байлық, бақыт – бәрі де бар ауылда,

Әттең, сәулем, тек сен жоқсың, не керек?!

Махаббат пен сағыныштың шуағынан жаратылып, сиқырлы әуенімен жаныңды дуалап алатын өлеңге артық түсініктемінің қажеті шамалы. Өмірдің аузынан түсіп қалғандай болған таныс сүгірет пен бәріміздің де басымызды мұнарлап, көңілімізді мас қылған жылы сезімдер. Поэзияны өмірге айналдырып жіберген ақын өлеңдерінің табиғатында жарық әлемнің бүкіл қуанышы мен қайғысы, мұңы мен шаттығы жалған дүниенің өзіндей болып ағып барады. Жүрегінің аманатын саған ғана сеніп тапсырып, қара тастан да мейірім күткен Мұқағалидың жаны қандай нәзік, әрі сезімтал еді, десеңізші. Қатыгез пенделер ашынтқанда ақын жанын өрт шалып, ой орманы жалынға оранды.

Дәм-тұзы таусылғанша, өмірдің биік аспанын армандап, лапылдап жанып кеткен ақын жырларын құмарта оқығанымда, ақбұлақтардай шапқылаған адам көңілінің тап осылай табиғи қалпында ақтарыла алатын шынайылығына қайран қалған едім. Қанша ішсең де шөлің қанбайтын, таудың суын сіміргендей жаным рахаттанған. Құдайым-ау, өмірдің сыңарындай болып жаратылып, тамылжыған табиғаттан айнымай қалған, не деген сұлу әлем еді - Мұқағали поэзиясы. Тіршілік атаулының бәрін сол қалпында поэзияның құшағына сыйғызып жіберген не деген сиқырлы сезім, бұл.

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе,

неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,

Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.

Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,

Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,

Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Махаббаттан, іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан.

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,

Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.

Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттардан іздедім, сағаттан да.

Сені іздедім.

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!

Мұқағали арнасына сыймай тебіреніп, тау суындай тасып аққан - алапат сезімнің ақыны. Біресе ол аласұрған дауыл, толқыған теңіз, ақ түтек боран болып буырқанып, шатырлаған найзағайдай күркірейді. Енді бірде Мұқағалидың ақындық жүрегінен төгілген жырлардан кіршіксіз ашық аспанның ақ дидарындай сезімдердің жасыны жарқылдайды. Көңілін мұң шалғанда жылы жаққа ұшып бара жатқан құстарды шығарып салған күз мезгіліндегідей бір қимас сезім ет жүрегіңізді елжіретіп жібереді. Қайғыға батып, қасірет шеккенде, жынды құйыны сезіміңді шыр айналдырып, жаныңды қоярға жер таппай, көңіл көбелегің кеңістікті кезіп, шарқ ұрасың. Ол ұйқас іздеп қиналмайды. Жүрек қойнауынан табиғи да, шынайы болып шыққан шымыр ұйқастар, өмірдің өзіндей төгіліп-тасып, ақын өлеңдерінде ақтарылып жатыр.

Пай, пай, Өмір!

Өтесің-ау бір күні,

Тыясың-ау қуанышты күлкіні,

Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі,

Пай, пай, Өмір,

Өтесің-ау бір күні!

Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,

Кетеміз-ау, әй, кетеміз,... пендеміз.

Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.

Өмір деген – бұйым емес қолдағы,

Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы.

Қаның кеуіп қаталаған кезіңде

Сусыныңды қандырсаң бір болғаны.

Мына күн де, мына аспан да, дала анау,

Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!

Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс,

Өмір дейтін – өлемін деп қарамау.

Беймәлім сиқырымен, тай-сезімдеріңді аласұртып жіберетін жыр жолдарында бір қарағанда алып бара жатқан дәнеңе де жоқ сияқты. Баршамызға аян, жұрт жақсы білетін қарапайым ғана қағидалар. Бірақ бәрімізге де мәлім сол шындықтарға ақын жүрегінің сәулесі түскенде оған қалай жан бітіп, айта-айта жауыр болған сөздердің жапырағы жайқалып, қалай тіріліп кетеді, шіркін!

Мұқағали поэзиясында қанша оқысаң да көңілің тоймайтын кербез сұлулық пен арғымақ аттың шабысындай еркіндік бар. Ақын кез-келген тақырыптың иінін қандырып, оңай игеріп әкетеді. Мұқағали жырламайды, ол ұзақ жыл көрінбей кетіп, кенеттен жолығысып қалған ескі досыңдай сені қапсыра құшақтай алып, сырласа жөнеледі.

Мұқағали поэзиясының құшағы кең. Мына жарық дүниені өз құшағына ол оп-оңай сыйғызып жібереді. Поэзиясында пенде түгіл, табиғатты тірілтіп жіберетін құдірет, басыңды шыр айналдырып алатын дуа бар.

Ақын өлеңдерінің ең басты ерекшелігі - шынайылық. Сезім көрігінен шоқтай жанып шыққан шайыр жырлары «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», өмір көрген дананың да, жерден таяқ жеп жүрген баланың да көңіліне ұмытылмас әсер сыйлайды. Мұқағали поэзиясындағы сезім тасқыны мен ой ағысының екпіні күшті. Табиғаттың мінезінен айнымайтын шынайылықты жан-тәнімен аңсаған бір өлеңінде ақын:

Ей, Табиғат!

Мен саған өкпелімін,

(Жерде мұхит жатқанмен, көкте күнің).

Бермей-ақ қой күніңнің бетке нұрын,

Қимадың ғой толқынның өктем үнін.

Алысар ем бұлтпенен, жауынменен.

Неге туыс етпейсің дауылменен?

Найзағайдан шашылған жасындарды

Жалғап неге қоймайсың жанымменен?..- деген тұрғыдағы өкпе-назын білдіріп, мұңын шаққанымен, ақын айтқан табиғат құбылыстарының бәрі де Мұқағали творчествосында молынан бар. Ақынның табиғат лирикасы өлі сурет емес – өмірдің жанды көрінісі. Жыл мезгілдерін сүгіреттегенде ол табиғатқа жан бітіріп, сол көріністі көз алдыңда тірілтіп жібереді.

Саршұнақ аяз, салт атқа шана жектіріп,

Сапарға шықсаң, сан ауған жаққа бет бұрып.

Сардала жатса, ақ қарға жонын бөктіріп,

Сабаса келіп, үскірік тікен бетке ұрып.

Оранып алып отаудай қасқыр ішікке,

Жағаңды түріп, жоныңды тоссаң үсікке.

Қатқан қар, шана, тұяқтан ұшқын ұшып тек,

Ұлыса келіп, ұялас жетім күшікше.

Жорғалай басып, жортқанда жомарт құла айғыр,

Шайқалсаң, шіркін, бірде олай, бірде бұлай бір.

Аулақта түлкі азығын таппай жылайды,

Өлексе бағып, өзекті шарлап құмай жүр.

Қырқадан асып, күн батып бара жатқанда,

Қияны басып, іліксең, бәлем, ақ тауға,

Қылғытсаң сонда, отырып алып ақ қарға,

Бір шиша заһар бұйым ба, тәйірі ақпанда...

Қыс мезгілінің құбылысы сипатталып қана қоймай, жанды бейне болып көз алдыңда ойнақшып шыға келеді емес пе, өлеңді оқығанда. Ақын жанына осыдан артық табиғатпен қандай туыстық керек?! Ащы судан ұрттап алып, ләйліп кеткен ақкөңіл сезіміне дейін табиғатқа сіңіп, тұтасып кеткен. Қыстың көрінісіне сөздің бояуынан гөрі, сезімнің шынайылығы жан бітіріп тұрғандай ма, қалай?

Соқпағын аңдып,

сотқарлау қыстың жолының

Сорлаған айғыр

баса алмай тұрса солығын.

Қызулау қосшы

саусағын үрлеп қолының,

Жүрдік деп енді

жағасын түрсе тонының.

Алдыңнан кенет

ақтүтек ұйтқып ұрды да,

Аяңға басса,

тоқжарау айғыр бұрлыға.

Қисая қалғып,

отырған сәтте қынжыла,

Ауылдың жұмсақ түтіні тисе мұрныңа...

Соңғы жылдары кейбір әдеби басылымдарда Мұқағалидің бірінші, екінші тынысы деген мағынадағы сөздердің айтылып жүргенін құлағымыз шалып қалады. Әрине, әдеби қауымның ортасында түрлі жағдайда, сан-қилы әңгімелер айтыла береді. Олардың бәрін қалтқысыз шындық ретінде қабылдаудың қажеті шамалы.

Нағыз шындық, ол – ақын шығармашылығы. Егер біз осы тұрғыдағы өлшеммен ақын творчествосын таразылайтын болсақ, поэзияға құйындатып келген Мұқағалидың табиғи қалпынан танбастан, жалған тіршіліктен дәл солай дауылдатып өте шыққанын көреміз.

Уай, өмір! Көрсеткенің осы ма?

Тыйым салшы көздің мына жасына!

Мінажат қып күн-түн демей зарласам,

Бақыт құсы келер ме екен қасыма?

Тыңда досым! Тыңда жүрек жұмбағын,

Мұңды досты есіңе ала тыңдағын.

Мына өмірдің тұйығына тұншығып,

Қайғылану, жабығудан, тынбадым.

Есіңе алшы кешегі өткен күндерді,

Жасырынбақ ойнап жүрген түндерді.

Сол балалық бақытымнан арылтып,

Ауыр арман мені басып үлгерді...

Тұрмыстың шырмауынан шыға алмай қиналып, сезімдері өрмектің құры секілді шайқалған шағында туған бұл өлең ақынның он сегіз жасында жазылыпты. Шынайылықтың кестесімен көмкерілген дәл осындай көркем туындылар Мұқағалидың сол жылдардағы шығармашылық қоржынында аз емес. Жүрегіңнің нәзік пернелерін дәл басатын, ұйқастары сыңғырлаған сол шығармалар ақынның екінші тынысы ашылмай тұрған кезде жазылды деуге аузың бармайды.

Шындығында Мұқағалидың бір-ақ тынысы болды. Ол – ақындық тыныс. Шабыты шау тартқан шағында, ақынның кейбір өлеңдерінің қиюын келістіре алмаған кездері болғанын мойындаймыз. Шығармашылықтың ізденіс иірімдерін шиырлап, жаңа бір белестерді бағындыруға белін буған шақта, ондай жағдайдың кез-келген ақынның басында болатыны – табиғи құбылыс. Елдің көзіне түсіп, ерекше көрінгісі келетін кейбір сыншылардың бүйректен сирақ шығарып, творчестволық тынымсыз ізденіс барысындағы ақынның шалт кеткен тұстарына ғана назар аударып, оқырманды шолақ қорытынды жасауға итермелеп жататын кездері бар. Талантты ақындардың шығармашылығынан тек мін іздей беру дұрыс емес. Ақын творчествосын тұтас алып қарағанда ғана оның шын мәнісіндегі шығармашылық тұлғасы сұлбаланып көзге шалынады. Абай мұрасына терең үңіліп, жан-жақты зерттеп кітап жазған әдебиетіміздің классигі Тәкен Әлімқұлов ұлы ақын поэзиясында да ортанқол өлеңдердің кездесетінін жақсы байқаған. Ізденіс барысындағы шығармашылық табыстар барлық уақытта жемісті бола бермейді. Алайда, біз Абай поэзиясының құндылығын ұлы ақынымыздың сәтсіз шыққан бір-екі өлеңімен бағаламаймыз ғой. Мұндай мысалдар басқа елдердің әдебиетінде де көп. Мысалы, «Поликушка», «Альберт» сияқты шығармаларды орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой жазды деуге қимайсың. Бірақ, біз Толстойдың әдеби мұрасының ұлылық қасиетін «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу», «Қажымұрат» т.б. кесек туындыларын оқығанда ғана шын сезіне түсеміз ғой.

Толстойды қоя тұрып, үзіліп кеткен ойымызды жалғап, әңгімемізге қайта оралайық. Мұқағали жан сырын ақтарып жазған бір өлеңінде:

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

Халқымның айтқанын қайталадым.

..Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - деп ағынан жарылған-тұғын. .

Ұлы ақынның бұл - шын сыры. Мұқағали өлеңді түрлендіруге тырысқан ақындардың сойынан емес. Ол ғасырлар бойы ұлттық поэзиямыздың қоржынында жиналған байлықты қара өлеңде жақсы, әрі сәтті қолданып, ұтымды пайдалана білді. Мұқағали өлеңдерін оқи отырып, сонау жыраулар поэзиясынан бастау алған қазақтың қара өлеңін кемелдендіріп жіберген ақын шеберлігіне іштей сүйсінесің. Ал, сезімінің шынайылығы жағынан Мұқағалиға тең келетін ақынды табу қиын. Фәниден Алатаудай теңселіп өте шыққан Мұқағалидың мінезінде де, шығармашылық табиғатында да иненің жасуындай да жалғандық болған жоқ, ал, жырларында Алланың нұры түскен, имандылықтың сәулесіндей таңғажайып сезімнің тазалығы бар. Ол жүрегінің түбіне кір жасырмай, ойын бүгіп қалмай, оны ашық айтып кеткен ақын.

Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,

Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!

Рақмет!

Жассың ғой жалыны мол,

Жалыны мол және де қуаты көп.

Ойлы жас!

Өлең - менің бар тынысым,

Жақсы сезім – жаны игі халқым үшін.

Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,

Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.

Оңашада ойларын тыным еткен.

Біздеулердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,

Ақындар бар ішінен тынып өткен.

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Бізді олардың балама біріне де,

Ұлыға да санама, іріге де,

Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,

Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..

Ойлы жас!

Өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай.

Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

Пейілін теңізбен таластырып, терезесін аспанмен теңестірген ақынның бар арманы «жүрегінің түбіне кір жасырмай» шындықты айтып өту болды. Шындық пен адамдардың махаббатын аңсаған ақын ақыры жүрегінен ұщқындаған жырларының жалынына өртеніп өлді. Өзегін өртеген отты сөндіре алмай қиналған ақын Шындық және Махаббат атты Құдай берген екі алып қанатымен биікке ұшып кеткісі келгенімен, тағдырдың құрған қақпанына түсіп қалып, Жерге құлады. Әр құлаған сайын сол аспанда өші бардай, бұрынғыдан да биікке ұмтылып, қанатының қауырсындары сынып қатты қиналды. Шын мағынасындағы биік аспан Жерде емес ақынның өз ішінде болатын. Мұқағали сол биік аспанды фәниден табамын деп, тағдырдың орманында адасты. Байқайсыз ба, ұлы ақынның жалған дүниеден баз кешуінде де өмірге деген құштарлықтың жалыны күшті. Күнделікті тірлікке бойын суытқысы келмей, алысқа самғағысы келген Мұқағалидың отты жырларының бәрі де тағдырмен теке-тіреске түскен қайшылықта туды.

Қысқа жіп келмей күрмеуге,

Қысқа жіп келмей байлауға.

Қысылып жүрген құр кеуде

Қыжылдап босқа қайнауда.

Өзімді бітеп өз демім,

Өзді-өзін сезім қамауда.

Өткізген сәтсіз кездерім,

Өрт болып ішті жалауда.

Қамықпа дейсің сен маған,

Қамықпай қалай тұра алам?

Жел айдап алға самғаған

Қайықты қайтіп бұра алам?

Қамықпа деймін, жарқыным,

Қамықпан, мақұл қамықпан.

Қамыққан жүрек, ал, тыным,

Ал тыным, жүрек жалыққан.

Не деген нәзік еді, ақын жаны! Не деген сезімтал еді, ақын жүрегі? Жалғыз жаны мен жалғыз жүрегін поэзияның лаулаған отына тастай салған ақынды жынды дейміз бе, әлде бақсы дейміз бе? Әлде, Алланың ақ жолынан адасқан пендесі ме, Мұқағали? Жоқ. Ол – поэзияның жаны. Біресе аспандай күрсініп, біресе бура бұлттардай бусанып, алақұйындай жынданып, жаны жараланғанда адасқан шағаладай шарқ ұрған ол жанның шын сыры – бір Аллаға ғана аян.

***

Бір заманда өмір сүріп, бір қоғамның ауасын жұтқан екі ақынның тағдырларында ұқсастық болғанымен, Мұқағали мен Жұмекеннің шығармашылығы бір-бірінен алыс жатқан екі түрлі әлем. Мұқағали таза сезімнің болса, Жұмекен ойдың бұлағы шым-шымдап аққан - сананың ақыны. Ол дәстүрлі поэзияның мұрагері емес, найзағайдай күркіреп келе жатқан келешекке көзін тіккен - жаңа заманның жыршысы. Тек, ақын ғана емес, ол – философ, әрі, рухтанушы да.

Дүниенің сырына терең бойлаған сайын Жұмекеннің – бізге, біздің – Жұмекенге жақындай түсетініміздің жұмбағы осында жатса керек. Ұлы ақын жалған дүниенің өзіндей болып сарқырап аққан сезімнің тасқынында емес, рухани тереңдікте өмір сүріп, өмірдегі құбылыстың бәрін де сол жерден бақылады. Ақпанның дүлей боранындай дауылдату, теңіздей тебіренген сезімдерін жасыра алмай тасып-төгілу оның поэзиясына жат. Жұмекеннің шығармашылық болмысында ұзақ өмір сүріп, көп дүниені көңіліне түйген қазақтың дана шалдарының бойында болатын сабырлылық бар.

...Әлі жүрмін,

Түк бітірген жоқпын мен,

іш қазанын жалайды ыза от-тілмен.

Алып-алып көп қарызды көп күннен,

біреуін де өтей алмай өттім мен.

Жоқ, өткем жоқ,

өтпегенде қалды нем!

Жиырма бестен өттім елдің алдымен.

Туған едім ең соңында бұл жұрттың,

ең алдымен соғар ма екем санды мен.

Осы ойлармен атты әнеки, таң-дағы,

Тағы бір күн келе жатыр жанғалы...

Мен өткем жоқ,

өтеді екен жылдар тек,

бірақ менде қалады екен салмағы.

Жиырмадан жаңа ғана асқан Жұмекеннің тереңнен толғанып, ойдың төресін айта білетін данышпандығы таң қалдырады. Әрине, Мұқағалидың жырлары бір оқығаннан көңіліңде қатталып, жүрегіңде жаталып қалатын – кемел поэзия. Ол тамырын тереңге жіберген, барлық заңдылықтары орнығып үлгерген дәстүрлі поэзиямыздың дарабозы. Жұмекен енді ғана қалыптасып, топырағымызда бүршік ата бастаған интелектуалдық поэзияның жырауы. Қалыптасып келе жатқан поэзия жаңашылының туындыларының барлық уақытта кемел бола бермейтіні – заңдылық. Алайда, Жұмекеннің - ойшылдығы дәстүрлі ақындардан әлдеқайда терең, ол мына өмірдегі қарама-қайшылықтардың құпиясын олардан жақсы біледі.

Шындық деген көк аспандай тым биік
мұхит сын-ды әрі терең тұңғиық.
Жан сендіріп жаңсақ жайлар, қате аңыз
біз де содан қателесіп жатамыз.

Шыңды, рас, мойындадық биік деп,
суды, рас, мойындадық сұйық деп.
Көрген шақта шын қасірет-қайғыны
аяғаннан жүрегіміз айныды.
Шашақтарын самал желге жүздірген
қызыл туды – қызыл дедік біз бірден.
Қараны, рас, қара дедік бір қарап,
адалдықты ақ атадық бір қарап;
жапырақты жасыл деген секілді,
гауһар тасты асыл деген секілді,
жақсы десе – ауруға да дарыды ас,
жаман десе көңіл қайтып арымас, –
рас, рас, бәрі-бәрі-бәрі рас.

Тайғанақтап із секілді мұздағы,
бірақ кейде қателестік біз дағы:
тау мен сайдың арасына, дес бермей
төбелердің өсетінін ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
бақырдың да базары бар екенін,
ұмыттық біз;
әділеттен үміт қып,
әділеттің өзін кейде ұмыттық.
Жақсылардан еңбек күтіп, тер күтіп,
жалқауларды алдық біраз кергітіп.

Төбелердің көңілі үшін,
ғасырлық
Кейде шыңның асқақтығын жасырдық.
Жапалақтың шыққаны үшін тасқа ырғып,
таққа сүйеп отырғыздық «тақсыр» ғып.
Ал, кей күні қыран құстың қанатын
қиып алып бір байғызға жапсырдық...

Таудың даңқын көтерем деп байқаған
төбе бірақ қақты бір күн қайқалаң.
Бұлбұлдардың әнін шырқап байқаған
қызыл әтеш – әтеш болды қайтадан.

Біз керемет кең халықпыз,
сөз бе еді
қателесу көтерем деп өзгені!
Жақсылығын – жақсылардың өздері,
жамандығын – жамандардың өздері
дәлелдеді.
Ал, бір жақта құлан құлап құдыққа,
Құлағына ойнап жатты құрбақа...

«Құдайым, кешіре гөр, поэзия ақымақтау болуы тиіс», деген екен Пушкин бір сөзінде. Қазақ ақыны Жұмекен поэзияның жан мен сезімнің сел-топанында кетіп қалмай, ақылды бола алатынын дәлелдеді. Ұлы ақынның жырлары ақыл-парасаттың қоймасы. Кейбір ірі ақындар тұтас поэма жазып жеткізе алмаған ойды Жұмекен екі-ақ ауыз сөзбен түйіндей салады. Ақын жырларын оқығанда сезімнің дауылы мен ойдың ағысынан бөлек олардың тереңдігі де болатынын түсіне бастайсың.

Мына ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам,

тым тәттілік таңдайды ояр болар.

Үміт деген әдемі көбелек қой,

қай жеріңе гүл өссе – соған қонар.

Мынау, ойдың ащысы-ай,

болар,

болар!

Тым ащылық.. қайтесің, обал болар,

Күдік деген Сауысқан,

ал, сауысқан

қай жеріңде жара бар – соған қонар.

Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап,

жараң ашып,

гүл тоңып жыпылықтап;

бір жағыңнан көзді арбап көбелегің,

сауысқаның бір жақтан шықылықтап.

Жұмекеннің әлемді танудағы басқа ақындарға ұқсамайтын өз жұмбағы болды. Ақынның шығармашылық табиғатында суреткерлік шеберліктен гөрі идеялық, танымдық, философиялық ойдың ағысы басым. Өлеңдерінен сезімнен гөрі, сананың сәулесі көбірек жарқырайды. Жұмекеннің жұмбағын түсіну үшін парасаттың байлығы болуы керек, бойыңызда. Ол қазақтың тағдырын жырлай отырып, әлемдік әдебиеттің асқар шыңдарымен ой таластыра білген - адамзаттың ақыны. Жұмекен шығармашылығы ұлт тағдыры арқылы адамзаттық мәселелерді қозғай білген қазақтың сөзі. Міне, осындай биікке көтерілген ақын туындыларының өз бағасын алмақ түгілі, жөнді зерттелмей де келе жатқаны өкінішті. Өте, өкінішті. Ақынды тану арқылы біз талай жұмбақ дүниенің сырына қанығар едік. Қалыпты шеңберден шығып, жаңа кеңістіктерді, рухани тереңдіктерді табуымызға көмектесер еді, Жұмекен поэзиясы.

Қазақтың жыр патшалығына Жұмекенмен бірге тіршіліктің сырына басқаша үңілген жаңа дүниетаным келіп, жаңа әлемнің қақпасы ашылды. Сол ғажайып әлемнің құдіретін сезіп, ақынның рухына жанасқандарға өмірдің басқа өлшемдері танылды. Дүниенің сыртқы сұлулығынан гөрі ақынды рухани болмыстың тереңдігі көбірек қызықтырды. Ұлы ақын көпшіліктің көзіне байқалмайтын, адам санасының шыңырауында жасырынған, қалыпты қағидаға бағынбайтын өмірдің шындығын зерттеді. Мысалы, Жұмекеннің «Күй кітабындағы» өнер адамының ішкі монологтарынан жұрт біле бермейтін, көпшілік көзінен жасырынған басқа шындықтардың кермек дәмін татып көргендей боласың.

Шындық іздеп келіп ем,

Сөйлеп едім жетіліп,

таппаған соң,

тегі мен

алдым жиып өтірік.

Бешпетімде – бар терім,

өтірік күліп келем ғой.

Шыққаннан соң әйтеуір

құр қайтпайын деген ғой.

Анда бардым – сорым да,

мында келдім – кешіктім.

Шындық гүлдер орынға,

өтіріктер өсіпті.

Паганинидің монологы арқылы ақын өз заманының шындығын жырлап отырған жоқ па, бұл өлеңде?

«Күй кітабы» бізге Жұмекен шығармашылығын екі кезеңге бөлуге итермелейді. Поэзиямыз үшін үлкен жаңалық болған бұл кітапқа дейін Жұмекен ерекше ойлай алатын қабілеті бар, талантты ақындарымыздың бірі болып келді. «Күй кітабынан» кейін біз рухы кемелденген, ойлары тереңдеп, түбегейлі өзгерген, шығармашылығына сезімнен гөрі сананың патшалығы үстемдік ете бастаған басқа ақынды көреміз. Жеке басының мұңынан гөрі, халқының қайғы-қасіретіне көбірек үңілген, қара өлеңді жаңаша түрлендіруге бел буып, тәтті өтіріктен саналы түрде бас тартып, ащы шындықты айтып өтуді мұрат еткен күрескер ақын келді әдебиетімізге.

Тым ащы айтсам, кейіме,

ісінбей кет.

Тым тәтті айтсам мән берме,

түсінбей кет.

Тәтті сөзден – ақыл, ой ауырады,

тәтті жеген сәбидің тісіндей боп.

Тек тәтті сөз емес қой сүйікті етер,

бәрін тәтті айта алман иіп бекер.

Тәттіге ылғи үйренсе таңдай байғұс,

ащы татып бір күні күйіп кетер.

Пәк көңілге,

бет-жүзге қарамай түк,

ащы сөзді кейде мен қалам айтып

Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған,

кезің болсын тәттіні қаламайтын.

Өкпелеме мен емен «таза» жендет,

тұзды сөзбен ойым бар жаза бермек.

Асыл жанның өзі – бір жарақат,

жарақатты ащымен жазады емдеп.

Жұмекенді оқығанда өтіріктің тұтқынында жүрген жаның азаттық алып, бостандыққа шығып, көңілің тыныштық табады. Мағжандардан кейін өнердегі ренессанстық ізденістің ләззатын тата алмай, рухы шідерленіп, азабына тұншыққан қазақ поэзиясының қайғылы жолы Жұмекенді туғызуға тиіс еді. Егер Мұқағали көңілсіз тығырықтан шығатын жол таба алмаған сарыуайымшылдыққа салынса, Жұмекен қазақтың азапты өмірінен де азаттанудың сәулесін іздейді. Шындығында ол қазақтың нағыз ұлы философы болды. Келешекте қазақ философиясымен айналысатындарға мол азық болатын таусылмайтын қазына қалдырды, артына. Жұмекен поэзиясы өмірдің тереңдігін сезінуден қалған адам санасындағы тұсауды алып тастап, оған ойлау еркіндігін сыйлайды. Жұмекенді оқығанда, ой шыңырауынан естілген сиқырлы әуенге арбала отырып, талай жұмбақтың сырын болжап, рухани тереңдігіңнің өлшемін тапқандай күй кешесің. Поэзияның ең ұлы мұраты шыншылдық екенін жақсы білген ақын қоғамдық тәртіп тиым салған шындықты айтудың жаңа жолдарын, жаңа түрлерін, жаңа әдістерін, жаңа айла-амалдарын іздеді.

Мен де ол құсап соғар едім өтірік,

Күзгі көлдің толқынындай көпіріп.

Сөз көбігін тілмен шайқап шашар ем,

Жағалауда жартас болып отырып.

Сапырар ем толқынымда – барда өлең,

Ұйқасты да қалар едім әр неден.

Желік барда, мынау жалпақ әлемде,

Сөз болып па жаға деген, жар деген!

Бірақ, шындық ұрып тұрсың көзге сен,-

Қалай ғана, қалай ғана кездесем!

Соғам ем мен, өтіріктің бәрінен

Өзім кейін өлерімді сезбесем..

Жұмекеннің ішкі сырын жасырмай, ағынан жарылған жырларында шындықтан бөлек – катарсис, яғни, тазару мен азаттанудың құдіреті бар. Оны күрделі ақындардың қатарына қосып қойғандардың пікірімен мен келіспеймін. Қайта керісінше, өмірдегі жұрт айта алмай жүрген күрделі шындықты қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе білген бір ақын болса, ол – Жұмекен. Кейбір ақындардай ол жан әлемінің тереңіндегі жұмбақтарды жасыруға тырысқан жоқ. Ештеңені жасырмай, адам туралы, өмір туралы, қоғам туралы бүкіл шындығын айтты. Әрине, кейбір тиым салынған шындықтарды оқырман санасына символдық белгілер арқылы жеткізгені рас. Бірақ бұл өнердегі күрделілік болып саналмайды. Орыс философы Николай Бердяевтің айтуынша, нағыз өнердің барлығы да символдық екі әлемнің ортасындағы алтын көпір. Ол нағыз өмірдегіден де терең шындықтын құпиясын ашады. Нағыз өмір суреткерлік шеберлікпен тек символдар арқылы берілуі мүмкін, ол өнерге міндетті түрде шынайы күйінде енбейді. Өнер еш уақытта да эмпирикалық шынайлықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді, бірақ бұл басқа әлем өнерде символдық бейнелердің көмегімен танылады.

Ақыл-ойының кемелдігі жағынан Жұмекен туындылары Гетенің шығармашылығына етене жақын. Немістің ұлы ақынындай ол да көзбен көрген шындығын асығыс айтып, шолақ қорытынды жасаудан бойын аулақ ұстайды.

Әй, ағайын, ағайын-ай, білмегесін айтасың,

асықпашы, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын.

Ненің қалып, не қалғанын көресің ғой сонсоң да,

әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың.

Алма ағашы шығармын мен түйін салған шықта алғаш,

мезгіл-дауыл бір сіліксе мүмкін менен түк қалмас.

Бүгін менің бір жемісім түсіп кетті үзіліп,

мүмкін ертең бәрі түсер, бәрі түсер, түк қалмас.

Бәлкім мына шып-шып еткен мөлдір-мөлдір тамшылар,

қағып төгер суың емес, қажып тапқан бал шығар?

Асықпа, аға, мезгіл-дауыл мені де бір шайқасын,

әй, ағайын, ағайын-ай, тым асығыс айтасың.

Өнерде санаулы адамдар ғана рухани өмірдің биігіне көтеріле алып, қалың көпшілік орташа мәдениеттің етегінде қалып қояды. Сол себептен де ақыл-ойы кемелденген тұлға мен құмырсқаның қалың илеуіндей мәдениеті төмен халықтың бірін-бірі түсінуі ұзаққа созылатын үдеріс. Мезгілдің дауылы соғып, қоғамдық санадағы құлдық мінездің қалдығы шайылып кеткенде ғана халық олардың шын бағасын түсіне бастайды.

Жұмекен өнердегі шектеулі қалыпты бұзып шыққан - рух төңкерісінің жыршысы. Мұқағали мезгілдің тасқынымен ағып бара жатқан өмірді жырлаған шыншыл шайыр болса, Жұмекен адам рухының тереңінде жасырынған шындықтарды көре білген ақынымыз. Ақын туындыларында қазақ өмірінің, қазақ тағдырының түнегі қоюлана түскенімен, арғы жағынан үміттің сәулесі жарқырайды. Салыстырмалы түрде Мұқағалиды Күнге теңесек, Жұмекен қараңғылық жасыра алмаған, түнекте де жарқыраған – Алланың сәулесі. Қайратты ойдан өрілген ақын өлеңдерін қара тасқа өсіп шыққан ағашпен ғана салыстыруға болатын шығар.

***

Күндізгі өмірдің ағысы, қайғысы мен қуанышының тасқыны - Мұқағали поэзиясының төл стихиясы болды. Жүрегінің жалынына жыр қайнатқан ақын өлеңдері жарық күннің шұғыласымен нұрланған. Тамұқтың тұңғиығында жарық күнмен қоштасып жатса да Мұқағалидың жаны жалған дүниені еміреніп сүйіп, шөп болып шықса да Жердің бетінде мәңгі тұрақтап қалғысы бар. Көңіліндегі қиял құсы қанатын қағып, қайта-қайта аспанға ұмтылғанымен, ол кіндігі өмірге байланған – Жердің ақыны. Тіпті, түнгі даланың көрінісін сүгіреттеген ақын жырлары да қараңғы әлемнің құпиясынан гөрі, күндізгі тіршіліктің сәулесімен арайланған.

Тұнық көктің төсінде,

Қалықтап қайда барасың?

Күндердің бір-ақ кешінде,

Талай сыр түйіп аласың.

Сүйеді сені жас жаным,

Жаңадан толып туған ай!

Сүйіскен ұрлап жастардың

Суреті сенде тұрғандай.

Соңғы жылдары Мұқағалидың қандай ақын екенін толық танымай жатып, оған жалаң еліктейтіндер пайда болды. Олар жасанды қайғының желі сезіліп тұратын шығармалар жазып, өздері ғана шатасып қоймай, өзгелерді де нағыз поэзияның ауылынан адастыра бастады. Шындығында ақын жырларынан қайғы мен қасіреттің дауылынан басқа ештеңені көрмейтіндер поэзияның ұлылығын түсіне алмай, сезімнің құлы болып кетеді. Біреуге жалаң еліктегеннен гөрі, омбылап өнердегі өз сүрлеу-соқпағыңды салған абзал. Таудай тұлғаның көлеңкесінде қалып қойғанша, төбедей болса да өнердегі өз биігіңді жасап кеткен қандай ғанибет.

Талантын таумен ғана салыстыруға болатын Мұқағали өмірдің сыңарындай болып жаратылған Табиғат-Ананың таңғажайып құбылысы. Біле-білсеңіз, қайғының боранынан гөрі Мұқағали жырларында дүниенің думанын қоңыраулатып, көңіліңді қуаныш пен шаттықтың бесігіне бөлейтін сезімнің сиқыры күшті.

Ат суара барғанда жылғаға мен,

Ашаң жүзің ашылып, бір қарап ең.

Құлағыңда ай сырғаң дір-дір етіп,

Енді үзіліп кетердей тұрған әрең.

Қимыл сайын майысып бос буының,

Асылып тұр арқаңда қос бұрымың.

Құла бесті құлағын тіге қалды,

Қыз көрмеген мақұлық, осқыруын!

Жақындатпай жаныңа үрікті кеп,

Тарпаң неме тулап тұр бүлік тілеп.

Жолбарыстай атылып тізгінді алдың,

Отты, өжет қыз едің, жігіт жүрек.

Сондай-ақ:

Жігіттер! Ал, мен енді серпілемін!

Соқ, самал; бөс, бораным; желпі, желім!

Келмейді уайымдап жер тірегім,

Несіне үһілеймін, ентігемін,

Енді мен желпінемін, желпенемін!

Күйіне домбырамды келтіремін,

Күйінген күйінішті өлтіремін!

Қуаныш – ғұмырымның кенті менің,

Өмірге мен келгенде сен тұр едің,

Сен неге сеңдей ағып мөңкімедің?!

Енемнен жаратылған еркін едім,

Енді мен серпілемін, серпілемін!

Жүрек қылын шертіп, өмірге деген құштарлығыңды арттыра түсетін мұндай лирикалық туындылар Мұқағалида жетіп артылады. Соған қарамастан біздің санамызда Мұқағали бейнесі қасіреттен көз ашпаған ақын күйінде ғана қалып барады. Енді өмірге - ынтызар, дүниеге - іңкәр, жүрегі махаббатқа толы Мұқағалиды ашатын уақыт келді. Бір ғажабы ақынның қасіреттің бораны соғатын қайғылы жырларынан да жалған тіршілікті тастап кеткісі келмейтін, құштарлықтың жалынына шарпылған сағыныштың оты лапылдайды.

Өмір сүрсем енді бір жиырма жыл!

Жиырма жыл!

Шынымен қиын ба бұл?!

Қиын болса, он жыл да жетіп жатыр,

Тек жүректен атылсын құйын-дауыл.

Он да жетер, қимаса жиырмасын,

Асықтырсын, өмірім, қиындасын.

Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған,

Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын.

Кім біледі қанша жыл жасарымды?

Ой түбіне жете алмай бас ауырды.

Ойламаймын қайтадан жасаруды,

Үлкен бір кеңес ашып кетсем деп ем,

Жинап алып жырымды-жасағымды.

Қобыздың қаралы үніндей күңіренген ақын жырларының басын жалғыздық қасіретінің қою тұманы сағымдағанымен, сол мұңға толы жырларды оқығаңызда жаңағы қайғы бұлтының артына жасырынған күн жарқырап шыға келіп, сиқырлы сәулесімен жаныңызды жадыратып жібереді. Аласапыран заманда әдебиетке келген мына біз Мұқағалиды оқығанда одан дәл өзімізден айнымайтын, жаны жараланғыш адамды көрген едік. Ол ең алдымен адам болды. Сол үшін біз оны сүйдік. Адамдық сезімі, қайғысы мен қуанышын бізбен бөліскені үшін жақсы көрдік. Өнерге берілген адалдығы, жүрегіне кір шалдырмаған тазалығы үшін қастерледік. Ақынның асау жырлары еркіндіктің теңізінде толқыған біздің жастық шағымызбен үндесіп жатты.

Кең дүние төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің.

Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар бусанып терлегенім.

Аспанындай кей сәтте күрсінемін,

Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.

Кең дүние, керемет қалпыңменен,

Жүрек болып кеудеме кірші менің.

Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам.

Секілді бәрі менен көз алмаған.

Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.

Мұқағалидың ақындық табиғатында Жұмекен шығармашылығына тән қайсарлық жоқ. Амал нешік, ол күрескер де болған жоқ? Өзінше түр көрсетіп, дүрдиіп, тағдырына, кейде тіпті Құдайға құр босқа кіжінгені болмаса, шындығында, ол сол тағдыр мен Құдайдың бір тамшы мейіріміне зәру адам болатын. Ол ноқтаға басы маталып, Алланың мейірімін, адамдардың аяушылығын зарыға күткен таудың жабайы тағысы еді.

Тау дейтін алып жүрек Ана туған

Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,

Қуат алып қыранның қанатынан....

Ешкімге тең келмейтін алып кеудесіндегі біресе асау теңіздей тебіреніп, біресе долы дауылдай буырқанған табиғаттың дүлей күшіндей аласұрған сезім құдіреті жанына тыныштық бермей, өмір бойы Мұқағали темір торға қамалған арыстандай болған тағдырымен арпалысты. Тағдырына көнгісі келмей, оның берген уы мен қайғысын уыстап ішті. Киіктің сүтін еміп, қыранның қанатынан қуат алып таулық болып жаратылған Алатау ақынның жаны Жердегі пендешілікке бағынып, жабайы заңдылығына көнгісі келмеді. Шындығында да асқар шыңдар желпіген таудың дәу бесігінде тербетіліп, бұлт бүркеніп, жай отын ала туған Мұқағалидың ақындық болмысының басқаша болып жаратылуы мүмкін емес-тін.

***

Жұмекен болмысы бөлек ақын. Жер бетіндегі құбылыстың бәрінен де ол ойдың байлығын іздеді. Ақын іздеген жауһарлар өмір мұхитының тереңінде жасырынғандықтан, оған жету үшін күрескерлік мінез бен рухтың қайсарлығы керек. Көзіне ұйқы ілгізбеген ізденіс пен қабағынан тер кетпеген еңбектің арқасында ғана ой түбінде жатқан маржан сөздерге жете аласың. Сонда ғана мына қарапайым дүниенің шын сыры ашылып, адам табиғатының тереңдігін тани бастайсың.

Адамдардың жан-жылуын сағынған Мұқағали поэзиясы өмірге қарай ұмтылған – сезімнің тасқыны болса, Жұмекен шығармалары сол жалғаннан қашып, жалғыздығын іздеген адамның - жан сыры. Көңіл-күйің аласұрып тұрған мезгілде Жұмекенді оқу мүмкін емес. Ақын өлеңдерінің тұңғиығына бойлау үшін жанның тыныштығы керек. Қызыл түлкідей алдаған дүниенің жалғандығына көзің жетіп, өкінішсіз өлім үшін де даналық керек екенін түсіне бастаған шағыңда, өмірдің ұйқысынан оянғандай болып, жаның жабырқап, көңілің мазасызданып Жұмекенді іздейсің.

Табиғат-Ананың бесігінде тербетіліп, жүрегін жалғыздық жұбатқан кез-келген пенденің өмірі бір жалт еткен түспен тең. Пенделік санадан биік тұрған ақындардың ғана біздің түсімізден басқа өмірдегі болып жатқан құбылыстарды көре алатын көріпкелдік қасиеті болады.

Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып

Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,

талай жорттым жолсызбен,

айдалада ақ тымық,

барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып.

Тыныштық па?

Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы,

ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?

Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,

бір құпия келісім тапқан сынды болды әлем.

Түсініксіз құр сыбдыр:

ескі құран парағын

аударғандай әлдекім – елең қағып қарадым.

Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен

талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем.

Шындығында күндізгі өмірдің жарығы - алдамшы құбылыс. Мәңгіліктің сәулесі тек түннің қараңғылығында ғана аспанға жарқырап шығады. Күннің қызығына алданып, түннің келетінін, өмірдің тәттілігіне малданып, өлім сағатының соғатынын ұмытуға әсте болмайды. Өмірдің емес, өлімнің мәнісіне терең үңіле алған адам ғана Құдайлық сәулені табады. Өйткені, ол сәуле аспанда емес, адам жанының тереңінде жасырынған.

Жұмекен адамдық болмыстың қойнауларын қопарып имандылықтың нұрынан жаратылған сол сәулені тапқысы келеді. Әрине, оны табу оңай емес. Ол үшін қайсарлық пен күрескерлік керек. Екі мінез де Жұмекеннің шығармашылық табиғатында молынан болғандықтан, адамтанудың топырағын терең қазған ақын қазақ поэзиясы үшін көп жаңалық ашты.

Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай,

біреулердің жүр бізде сыртына іші жараспай:

адалдықтар туралы таңдайынан мал тамып,

арамзалар айтады, және ғажап айтады.

Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай,

біреулердің жүр әлі сыртына іші жараспай:

Жомарттықтар туралы таңдайынан май тамып,

тас сараңдар айтады, және әдемі айтады.

Жараспай-ақ келеді-ау, бізде көп іс, көп тірлік:

қанжардағы топастық, қырғыштағы өткірлік...

Қараңызшы өзіңіз, қонар ма еді ойға аса

бұлбұл құстың үнімен жапалақтар сайраса.

Жұмекен көп құпияның шындығын айтқысы келген құмарлықтан ішкі әлемі өртеніп бара жатқан, жаны отқа оранған ақын болды. Тек ақын ғана емес, танымның басқа өлшемдерін ашқан – рухтың төңкерісшілі да еді ол. Мұқағалидың жырлары сезімнің жалынында жанып жатса, Жұмекен поэзиясы рухтың тереңдігінде тұншықты. Сезімге жақын Мұқағали жаны қиналған шағында көкке қолын созып жалбарынып, Құдайдан көмек күтті. Жұмекен болса өмір теңізінің тереңінде жасырынған әлемнің жұмбағы арқылы нағыз Құдайды табуға тырысты. Алланың алыста емес, екі аяқты пендесінің жүрегінде өмір сүретінін білген ақынды адам мен оның тағдыры, адам рухының жұмбақтығы көбірек қызықтырды.

«Жүрегіңе үңіл де – жаза бер», - дейді Сенека. Жұмекен жүрегінің түбіне терең бойлай алған ақын. Қоғам мен адам, әділет пен қиянат, ізгілік пен зұлымдық, адамгершілік пен жауыздық, адалдық пен сатқындық туралы айтқысы келген ақын ойларының бәрі де жазған шығармаларынан көрініс тапты. Ештеңені жасырмай, ақиқатты қазып, адам туралы, қоғам туралы көңіліне түйген шындығын айтты.

«Бар айтарым, арзан атақ әперме», - деген Жұмекеннің атақ пен даңққа құмартпағанына шын сенесің. Өнерге берілген адалдығы мен әділеттің ақ жолынан таймаған рухының қайсарлығы ақын сөздерінің растығын дәлелдей түскендей болады. Ақынның алдамшы атаққа құмар болмауының себебі түсінікте те. Атақ пен даңққа ұмтылған адам өзін амалсыздан тобырдың құлдығына сатуға мәжбүр болады. Құлдық мінездің құрған қақпанына түсіп қалмай, тобырдың шалшығынан аулақ жүрген ақын жүрегінде ғана нағыз шығармашылық туады. Атаққұмарлықтың жарығы адамның көңіл көзін соқыр қылып тастайды. Алған атақта емес, ой жаңғағын шаға білген сөзде ғана өнердің салмағы қалатынына сенген ақын өзінің адамдық болмысын зерттеп, жанының жұмбақтығы мен тереңдігі жайындағы көңілінің күйін шерте отырып, көп жаңалық ашады.

Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,

бір тазартып алайын көңілімді.

Жалаңаштап жанымды көрейінші

Жетпей жатқан жерімді, не мінімді,

төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді.

Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін.

қанша менің, байқайын, халім барын.

Өңменімді өзімнің тексермеп ем

өлеңімнің мінінен арылғалы,

көрейінші тәпіштеп бәрін, бәрін.

Адамдық табиғатының лайланбағанына, ішкі әлемінің тазалығына, жазған өлеңдерінің нағыз өнер туындылары екеніне күдіктеніп, сын көзбен қарай алатын ақын ғана асқар ойдың биігіне көтеріле алады. «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес», деген Абай сөздерінде қандай мөлдір тазалық жатыр, десеңізші. Дәл осы тұрғыда Жұмекен шығармашылығындағы ой ағысы Абай рухымен керемет үндестік тапқан. “Көрейінші саралап: менің ішім кім-кімдерге жамандық ойлады екен», деп өзінің жанын тергеген ақын арамдыққа былғанса, жалғыз өмірін де құрбандыққа шалудан тайынбайды.

Бәрін, бәрін өзімнен бастайыншы,

бата берші, Адалдық, ас қайыршы.

Арам болса жүректі тасқа ұрайын,

жарылсын ол бір тамшы жастай ыршып,

сүйтіп бәрін өзімнен бастайыншы.

«Алдымен өзіңді танып ал», деген жоқ па еді, Сократ хакім. Ал, өзін тану үшін адамда өз мінің көре алатын үшінші көзі болуы керек. Өзгенің мінін байқау қаншалықты оңай болса, өз мініңді көріп, одан жиіркену данышпан Толстой, кемеңгер Абай мен парасаты биік Мұқағали мен Жұмекендердей ақындардың бойында ғана болатын ұлы қасиет. Таза екенін айтып, ант-су ішіп жатқан ақындардан гөрі арам болса жүрегін тасқа ұруға дайын Жұмекеннің ар-ұятының алдындағы адалдығы көбірек иландырады. Өйткені ол өнерге деген адалдығын рухының биіктігімен, өтіріктің алдында басын имейтін қайсарлығымен, әділеттің сөзін сөйлей алатын өжеттілігімен, шындықтың жолынан таймайтын өжеттілігімен дәлелдеген ақын.

Совет заманында ақын шығармаларының өзіне лайықты бағасы берілген жоқ. Алайда, ол мүмкін де емес болатын. Өйткені, ондай бағаны беру үшін талай дүниені қопарып, қоғамдық тәртіп тиым салған талай шындықтардың қопаруға тура келер еді.

Жұмекен шығармашылығындағы парасаттың байлығы мен ақыл-ойдың кемелдігі таң қалдырады. Бұл жағынан қазақ ақындарының ішінде Жұмекенмен ұлтымыздың кемеңгері Абай ғана теңесе алады. Мықты ақын болғанына қарамастан Мұқағалидың ақыл-ойы да дәл осындай тереңдігімен даралана алған жоқ. Мұқағалида көбінесе сезімнің, Жұмекенде ойдың отты құйыны жаныңды үйіріп әкетеді.

Қоңыр дәптер,

ойларымды жаныма батқан кілең,

саған айтам, өзгелер мақтанды дер.

Адаммын ғой, мен сейф емеспін деп

сенен өзге айтпайын мен ешкімге.

Қоңыр айдын, қазымды қомсынсаң ал,

ойларымның аққуы қонсын саған.

Аққуымның, ырғалшы түртіп төсін,

бірақ біреу сөз айтып үркітпесін.

Қарекетім, тірлігім күндізгі ұсақ

түнде жыр боп жансыншы жұлдыз құсап.

Жұлдызымның жанарын жерге төнер,

қоңыр айдын, мен сені кештім жылап.

Түскен шақта алыс бір кеш бұлдырап,

қоңыр айдын, мен сені кештім жылап.

Төңкерілген үстіңе аспанымды

сенен өзге көрмесін ешкім бірақ.

Гетенің өмір жолына назар салсаңыз, тап осындай творчествоның халық пен кемеңгердің бір-бірін жақсы түсінген биік парасатының арқасында дүниеге келгеніне көзіңіз жете түседі. Неге екені белгісіз, бізде бәрі де керісінше болып жатады. Тіпті, өлгеннен кейін де нағыз таланттарымыздың балағынан тартып төмендеткіміз келіп тұратын, қиямпұрыс мінезден арыла алмай-ақ қойдық. Міне, Мұқағали мен Жұмекеннің дүниеден өткеніне 40 жылдай уақыттың жүзі дөңгеленіп қалды. Өкінішке қарай, екі ұлы ақынымыздың әлемдік әдебиеттегі Гомер, Данте, Байрон, Шекспир мен Гетелердің қатарындағы өздеріне тиесілі орнын әперу үшін біз әлі күнге дейін шөптің басын да сындырған жоқпыз. Амал нешік? Ішіміз удай ашып, намыссыздығымызға күйінгеннен басқа қолдан келетін шара да қалмай барады, жылдан-жылға.

Тал-түстікте шықты шырқап Ай үздік,

Сен, сен болсаң көзіңмен тұр тайғанап,

көкжиектен жүрсің әлі Ай қарап,

ей, бейшара тайыздық!

Қарға құсап түрткілейсің қоқырды, -

шикіл сары балапаннан сескеніп,

көрмей жүрсің:

қыран қашан өскелі,

ей, сормаңдай соқырлық!

Жоқтық жаншып тастаған-ау санаңды,

тайраң қақтың тары тапсаң жарты қап.

көз алдыңда тау-қырман тұр жарқырап,

уайхай, шіркін надандық!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар