Айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлы жайында
Құрманбек Зейтінғазыұлы Қытай қазақтарына кеңінен танылған айтыс ақыны. Атышулы «Мәдениет төңкерісі» атты зобалаң заман Құрекеңнің жасы отыздан асқанша ел алдына шығуына тиым салып келген. Сөйтіп, өлең бәйгесіне түсе алмай, аяғы тұсауланған дара талант тек 1980-ші жылдардың басында ғана үлкен сахнаға шыға бастаған. Ол сахнаға шыға салысымен-ақ ерекше дарынымен бүкіл халықтың таңдайын қақтырған. Құрманбек Зейтінғазыұлы жыл сайын өтетін аудандық, өлкелік, обылстық, аймақтық ақындар айтысының барлығына қатысып, тек қана бас жүлде, бірінші орын деген марапаттардан төмендемей кеткен. Ол өзінің суырып салмалылығымен, қашан, қандай қысылтаяң жерде айтсада мән мағынасы терең, тапқыр жырларымен тыңдармандарын мойындатты. Қ. Зейтінғазыұлы өзінің замандасы, Қытай қазақтарына танымал айтыскер ақын Жамалқан Қарабатырқызымен отыз жылдай сахнада әріптес болуы да елдің есінде ерекше қалды. Тіпті, жетпіс жасқа келген шағында, ауыр науқасқа шалдығып Үрімжіде жатқанда да көне әріптесімен бірге елге өнерлерін көрсетті. Қарт ақын халықтың ұсынысын қайтармай, аурухана төсегінен тұрып, дәрігерлердің бірер сағаттық рұқсатымен өлкелік айтыс сахнасына шығып еді. Сүйікті ақынының жыр маржандарын тыңдаған халықтың көбі көздеріне жас алғанына өзім де куә болған едім. Бұл Құрағаңның халықпен ең соңғы дидарласуы екен. Әйгілі айтыскер содан 4-5 ай өткен соң мәңгілік мекеніне бет алды.
Мағыналы өтсе екен өмір деген,
Құр аунамай қаңбақтай жел үрлеген.
Жер бесігі денемді құндақтаса,
Сөз қалса екен артымда көмілмеген, - деп жырлап кетті ол кетерінде.
Құрағаң (елі солай атаушы еді - авт.) сахналық айтыстан тыс күнделікті өмірде де ауызынан өлең төгіліп тұратын дарын иесі. «Құрманбек айтыпты» дейтін талай қызықты өлең шумақтары ел арасына тарап жүретін еді. Біз бүгін Зейтінғазыұлымен біраз уақыт жақын араласқан ақын, журналист Айдынбек Шәріпханұлы дайындаған Құрекеңнің тап бермеде тауып айтқан өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Құрманбек Зейтінғазыұлы
«Ұстара өлең»
1997 жылдың бір күні көпшілік қымызбен қызынып, шараппен шалқып, шаңырақ астын шаттыққа бөлеп отырады. Балдыздығын бұлдап Құрағаңмен құрдасындай қалжыңдасатын жас ақын Ғылымбек Солтанияұлы ащы-тұщы әзілмен бөгет бола берген соң, Құрағаң «тыныш отыр» дегендей қолындағы домбырамен Ғылымбекті нұқып қалғанда, домбыраның бетіне сызат түсіп, міңгірлейді де қалады. Бұл көрнекті композитор Дәкен Ырымханұлының Қазақстаннан қалап алдырған «киелі бұйымы» екен. Дәкең домбырасының жарылғанына өз басы жарылғаннан арман кейиді. Масаңдап алған Дәкенге сөзін өткізе алмасын білген Құрағаң оның тікірейе түскен мұртына бір қарап алады да:
Тілім - у, ұшында оның қандала бар,
Қателік бір мен емес ханда да бар
Дәкен бауыр, мұртыңды едірейтпе,
Ол құсаған қара жүн малда да бәр, - деп жұртты ду күлдіреді.
Таңертең орындарынан тұрған жұрт теріс қарап отырып, мұртын қырып жатқан Дәкенді көреді. Осы өлеңнен кейін Дәкен мұрт қоймайтын болды да, Құрағаңның бұл өлеңі «ұстара өлең» атанып кетті.
Өлім үстіндегі өлең
Шіңгіл ауданы Байшын қалашығындағы руы шақабай Бәдуан атты ақсақал 90 жасқа келіп қайтыс болғанда жаназаға барған Құрағаңды құрдасы Сайфолла мұғалім үйіне шақырыпты. Отырғандар: "Жасы жеткен қарттардың қазасы тоймен тең ғой", - десіп Құрекеңді өлең айтуға қолқалапты. Құрағаңның жаңғырған дауысынан айналадағы ел түгел жиналып, соңы дыр-думанға айналып кетеді. Бұл ауылдың денін шақабай руы құрайтындығын бетке ұстаған Құрағаң ауылдан аттанарда құрдасы Сайфолланың қолын қысып тұрып:
Қалжыңның Сайфоллаға жоқ салмағы,
Араға қанша қатын от салмады.
Шақабай дулығуда* жиылып ап,
Бәдуан өлген күні тоқсандағы, - деп өлең десе өлімді де ұмытатын қазақилықты қағытып өткен екен.
*дулығу - Моңғолдардың топтасып ән шырқайтын салты.
Ауызға түкіру «батасы»
Құрманбектің талантына тәнті болғандар, ақынды арнайы іздеп келіп, немесе үйлеріне шақыртып батасын алып, баласының аузына түкіртіп жататын көрінеді.
Аузы дуалы, ел алдында жүрген ақынға немересінің аузына түкіртіп алуға бір әйел адам келсе керек. «Ауызға түкіру» ырымын жасаған соң, енді немереме арнап жақсылап тұрып өлеңмен батаңды бер деп қиыла ұсыныс жасайды келуші. Немересін ерте келген әже Құрағаңмен замандас екен дейді. Сол замандас, құрдастығына сүйеп ақын былай деп «батасын» беріпті:
Өрлік тілеп келіпсің немереңе,
Ендеше тартынасың неменеге.
Нағыз ақын өмірден сен тілесең
Бір түкіртіп берейін «неменеңе», - депті Құрекең.
Тапқыр ақынның бұндай тауып айтқан құрдастық әзілін тыңдағандар күлкіге қарық болыпты.
Маотай арағының «батасы»
1980-ші жылдары қарбалас шаруамен көшеде қалбақтап келе жатқан Құрағаңа замандасы Қарағұл деген кісі: «Не ішем, не жейім десең де әзірлейін, қонақтарымның көңілін көтерсең...», - деп жығыла жабысады. Құрағаң: «Онда маған маотай арағын құясың», - деп шарт қойып, жоқты тап дегендей әдейі әуірелейді.
Ол кезде Шіңгіл базарында мұндай қымбат бағалы арақ табылмайтын кез екен. Қарағұлдың базардан арақ таба алмай, көрші үйдегі ханзу әжейден қарызға алғанын үйдегілерге айтып жатқанын Құрағаңның құлағы шалып қалады. Отағасы қонақтар отырған бөлмеге кіре сала: «Мені аз сабылтқан жоқсың, әкел дегеніңді әкелдім, енді арақтың ауызын ашып құйғанша бір шумақ өлеңмен бата жасайсың», - деп базына айтады. Сонда Құрағаң:
Сыр кетсе де, кетпейді сын аяқтан,
Алал асын достардан кім аясқан.
Ұялмай арақ сұрап «ши аяқтан»,
Басыңа не күн туды құдай атқан? - деген екен.
Сиыр қарап жүріп сыра ішу
Жоғалып кеткен сиырын іздеп ертемен атқа қонған Құрағаңды бір ауылдан өте бергенде, бір топ жас жігіттер қаумалап алып, «дәм» татып кетуін өтінеді. Мұқағали айтқандай «ит құйрығын бұлғаса еріп кететін» ақ көңіл ақын көп тілегін жерде қалдырсын ба?! Әлгілермен бірге кешке дейін сыра ішіп, өлең айтып гөлайттаған ақын, кеште үйіне қайтпақ болады. Аттана бергенде ғана жоғалған сиыры есіне түскен Құрағаң:
Осы менің барма екен миымда дақ,
Миымның қай жеріне құйылды арақ.
Кемпіріме не деймін «жиында» нақ,
Жүргенде мас боп қайттым сиыр қарап, - деп жүріп кеткен екен.
Ақсақ аяқтың айғағы
Жас ақын Жаңатай Қабдыкерімұлы Алтай қаласында өткен Алмасбек Шәймаранұлының композиторлық кешінің жүргізушісі болып барғанда, абайсызда аяғын қайырып алып, сылтып қалады. Ертесі жазушы Шәйсолтан Қызырұлы мерейтойына қатынасқалы келген Құрекең екеуі жолыға қалғанда: «Ассалаумағаликүм!» - деп айбаттана сәлем берген Жаңатайдың теледидарда оқыған «Аюлы» деген өлеңімен әбден таныс Құрағаң оның қолын қысып тұрады да, енді бір қолымен ақсап қалған аяғын нұсқап тұрып:
Аюлы сай ұлында айбат бар ма,
«Қылмысқа» бұдан артық айғақ бар ма?!
Күйеуі жоқ, иті ұйықтап, ай батқанда,
Аяқты шаптырды екен қай қақпанға, - деп әзілдеген екен.
«Еркек келінге» ескерту
Құрағаңның жасы менің әкеммен шамалас болғандықтан, «әкесі құрдастың баласы да құрдас» дегендейін, менімен де әзілдесе беретін. Келіншегім екеуміздің біріміз Шіңгілде, біріміз Күйтіңде қызмет істегендіктен, менің Күйтіңге ауысып баруыма тура келді. Ауылдан аттанар кезде Шіңгіл телевизиясындағы саптастарым қоштасу шәйін беріп аттандырды. Құрағаң осы дастарқанның құрметті қонағы еді. Отырыс соңында Мұқият деген саптасым: «Құреке, түнімен талай өлеңіңізге қарық болдық, қоштасарда Айдынбекке не айтасыз?», - дегені. Сонда Құрағаң:
Елесі естен кетпес мына түннің,
Алыстап туған жерден жыласын кім.
Әлсіздігі осы ғой қуатыңның,
Басыңа жаулық салмай ұзатылдың.
Баянды боп барған жер, «шығатының»,
Келіскен «келін» болып бұратылғын.
Өнерге өршелене құлаш ұрғын,
Мұрты да ойылмасын мұратыңның,
Ауылдағы апаңдар аман болса,
Тағы бір ұл таптырад мына ақының, -
деп әзілмен әрлеген ақылын айтып, маңдайымнан сүйді. Сол бір түнгі өлеңдер әлі құлағымда, маңдайымда ақын ернінің табы әлі тұрғандай, жиі-жиі сипай беремін.
***
Мәдениет төңкерісі ақырласып, ақындар айтысы қайта қалпына келе бастаған кез екен. 1979 жылы Қанаста өткізілген Алтай аймағының ақындар айтысына барарда Шіңгіл ауданының Мұрат Інгеншеұлы, Мәдіхан Жақсыбайқызы қатарлы сақа айтыс ақындармен Құрекең сапарлас болыпты. Ол кезде автобус жоқ болғандықтан, «Азат» маркалы қара машинаның үстін шатырмен жауып, өздері «автобус» жасап алыпты. Кесек төртбұрыш тасты орындық етіп отырған Құрекеңе Мәдіхан апай :
- Құрманбек, тастан тақ жасап алыпсың ғой, - деп әзілдепті.
Сонда Құрекең:
Өлеңнен жүрсемдағы таспа түйіп,
Қойған едім бір кезде басқа тиіп.
Қу тілден тартпағаным осы бопты,
Артымды отырайын тасқа түйіп, - деп өлеңдеткен екен.
Өнермен өрнектелген телефон нөмірі
Қаба ауданында өткен көрнекті көркемөнер қайраткері Шәмен Исаұлы мен Құрекең құрдас болғандықтан «Құрдастың құдайы бір» дегендейін, араларында әзілдің шегі, қалжыңның кегі сақталмай сөзбен қағысып жүреді екен. Бірде Құрекеңдер үйде отырыс жасап дырдулатып жатқанда отырған үйіне Шәмен Исаұлы телефон шала қалыпты. Көпшіліктің Құрекеңмен бірге отбасында «өлең өрбітіп» жатқанда, Қабада тұрып Шіңгілдегі дүбірге елеңдегенімен «ұшарға қанаты жоқ» күй кешіпті. Ақыры Құрекеңмен телефонда болса да тілдесіп тұру үшін ақыннан үйінің телефон нөмірін айтып беруін өтініпті. Сонда Құрекең:
Сегіз, сегіз, жиырма бес, нөл отыз үш,
Болып жатыр бұл үйде мол отырыс.
Мол отырыс кезінде бір бола алмай,!
Қаңғып жүру Қабада сол өкініш! -
деп өз үйінің 8825033 деген телефон нөмірін өлеңмен айтып берумен бірге, құдайы құрдасын қалжыңмен қағытып өткен екен.
Актер досқа «әдемі» баға
Құрекең Іле Қазақ автономиялы облыстық саяси мәслихат кеңесінің тұрақты мүшесі болып жүрген кезінде, белгілі кино актері, әйгілі комик Мүтәліп Әбдрақыманұлымен күлкі көрігін бірлікте қыздырады екен. Адуын ақын мен комиктің жүрген жерлері әзіл-қалжыңсыз болсын ба. Айнала отырғандардың бәріне бір шумақтан өлең арнап отырған Құрекеңе Мүтәліп ағамыз әдейі:
- Құреке, мені мына жұртқа бір шумақ өлеңмен жақсырақ таныстырып жібермейсің бе? - депті. Мұндағы «жақсырақ» деген сөздегі Мүтекеңнің не тілеп отырғаны да Құрекеңе бесенеден белгілі еді. Сонда Құрекең:
Мүтәліп актерлікте әйгілісің,
Сәнісің, сахнаның айбынысың.
60 жылдай кіндіктен өрлемеген,
Сайтанның сары қасқа айғырысың, -
деп жұртты күлкіге қарық қылған екен. «Әділ бағасын» алған актер ағамыз да, қол соға құптап, қарқылдап күліп кеткен екен.
«Кексе айғырдың» кесетуі
Үрімжіде өткізілген Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық тұңғыш кезекті ақындар айтысы кезінде әртүрлі себептермен Алтай аймағының кейбір ақындарының нәтижесі ойдағыдай болмай қалады. Аймақ басшылары да, ақындардың ұстазы болған Құрекең де жүлделі орынды қолдан беріп қойған ақындарға өкпелі жүреді екен. 2001 жылы Ақөзен жайлауында өткізілген Іле Қазақ автономиялы облыстық ақындар айтысында олар шабытына қайта мініп, ел үмітін ескерусіз қалдырмайды. Бас байгені иеленген Еркін ендігі жерде Құрекеңе еркелегісі келеді. Автобуста егделеу бір әйелмен қатар отырып әңгімелесіп келе жатқан Құрекеңнің назарын қызмыштап алған Рақметоллаұлының сөзі бөле беріпті. Сонда Құрекең:
Ей, бала, артаман жүр дәуірікпей,
Әлі жүр районның дауы бітпей.
Арқаңды кексе айғырға алдырасың,
Үйірді жағалаған сәуіріктей, -
деген екен. Көпшіліктің ду күлкісі ішінде жүйелі сөзге жүгінген ақын онсыз да қызғылт реңі күреңіте түсіп өз орынына отыра кетіпті.
Кетерінде кемпір сұрау
1998 жылы Шіңгіл ауданынан шыққан жас айтыс ақыны Гүлнұрдың ата-анасы балаларына Құрекеңнің батасын бергізу үшін Шіңгіл ауданындағы әдебиет-көркемөнершілерден Мақсай, Жодай, Құттыбай, Дәкен, Сағдат қатарлыларды Құрекеңмен бірге үлкен Шіңгілдің басындағы Күнгейті жайлауына шақырды. Өлеңмен өрнектеліп, әнмен әдептеліп, күймен көмкерілген бір таулік бір сағаттай ғана сезілді бізге. Үй иелерінің, ауыл адамдарының ақ жарма көңілі мен ақжарқын мінезіне Құрекең де бір жасап қайтты. Осы разылғын бейнелегені болса керек, аттанып жатып қимай қарап «не бұйымтайыңыз бар?» дескен жұртшылыққа:
Халқым-ау, жырды айтам ба, сырды айтам ба?
Жасым да келіп қалды бір қайқаңға.
Шырыштай ел жиналған Күнгейтіден,
Бір кемпір құшақтамай құр қайтам ба?! -
Әкесіне көңіл айтып, шешесіне сөз салу
2006 жылы Күйтіңде тұңғыш реткі студент ақындар айтысы өткізілді. Басталу салты ақырласып, айтысқа кезек берер әредікте мектеп алдындағы асханалардан ақ шәй іздеп келе жатсақ жас сатирык Әділ Тұқанұлы кездесе кетті. Шәй іше отырып әңгімелесу барысында Әділ әкесінің жуырда қайтыс болып кеткендігін айтты. Құрекең бұл көңілсіздікті естімегенін ескертіп, Әділге көңіл айтқаннан кейін:
- Жә, Әділ балам, әкеңмен де көптен таныс болып, шешең Биғайшаның қолынан дәм татқан едім. Ақын қызым Гүлсынайға телефонда болса да көңіл айтып қояйын, ол ақын болғасын әзіл араластырып өлеңмен айтайын. Көңіліне ауыр алып жатса түсіндіріп қоярсың, - деді де телефонда өлеңдете жөнелді:
Гүлсынай, аманбысың жан қарағым,
Алғашқы арыныңа таң қаламын.
Әкеңнен артық айттың (аңғарамын),
Сауығуын тілеймін жан жараңның.
Шырағым жырың неткен айысты еді,
Ажалдан бұрын алар намыс мені.
Әкеңнің Алла алдынан жарылқасын,
Апаңды аңсап жүрмін шәй ішкелі.
Баласыз әкенің жоқ мүлде бағы,
Тірлікте қуаныштан мұң бағалы.
Қарғам-ау, Биғайшаны кім бағады?
Құлазып бос қалыпты ірге жағы, -
деп жас ақынға басында шабыт беріп, ортасында көңіл айтты. Соңын әдемі әзілмен ақырластырып, сықылықтап күліп жатты. Бәлкім телефонның арғы жағындағы Гүлсынай да ақын атасының өзімсініп айтқан өлеңіне өзегі жылып, жылы қабылдаған болар.
Сабан тойдағы «сары бидай» өлең
2007 жылы маусымда Шіңгіл ауданындағы татарлар тұңғыш рет сабан той мерекесін өткізді. Құрекең де осы тойдың құрметті қонақтарының бірі еді. Тойдың беташар арнауын айтып бергесін Құрекең ауданның сақа басшыларымен бірге татарлардың ашытқан сырасын сіміре отырып, карта ойнауға кірісіп кетті. Концерт ақырласқасын мен Шынжаң телевизиасындағы, Алтай телевизиасындағы, Күйтің телевизиасындағы және Шіңгіл телевизиясындағы тілшілермен бірге Құрекеңдер отырған топқа таяй берген едім, Құрекең кенет:
- Ей, тілші бауырлар, аппараттарыңды дереу ашыңдар, мен мына Айдынбекке арнап бір шумақ өлең айтам, - деді.
Аналардың алды аппараттарын ашып үлгерді, арты үлгере алмай қалды. Сол қас қағым уақытта Құрекең:
Ел-жұрты жүретұғын мақтан қылып,
Айдынбек болды бүгін атпал жігіт.
Бұл ақынды әзерге тудырып ек,
Шәріпхан мен Құрманбек қаптап жүріп, -
демесі барма! Ел-жұрт қыран-күлкіге батты. Кейбірі мені мазақтап жатса, кейбірі «Құрекеңнің назарына ілініпсің» деп мақтап жатты. Мен бір жағы Құрекеңнің карта ойнап, ашытқан сырадан сілтей отырып біздің әрбір сөзіміз бен әр шумақ өлеңімізге сәп салып отырғанына қайран қалсам, бір жағы мақтау естігеніме марсиып қалдым.
«Тап берменің тарланы» кітабынан алынды.
Авторы: Айдынбек Шәріпханұлы,
дайындаған Бейсен Сұлтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.