А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында «Алаш кезеңіндегі аударма: түпнұсқа мен ұлттық таным үйлесімі» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Семинар алаш зиялыларының аударма мұрасын кешенді түрде зерттеуге арналған «Алаш қайраткерлерінің аударма еңбектеріндегі адамзатқа ортақ құндылықтар» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинар барысында жоба нәтижесінде жарық көрген «Алаш қайраткерлерінің көркем аудармаларындағы ұлттық идея» (авторлары: Е.Адаева, Л.Дәуренбекова, Е.Солтанаева, Г. Тусупова) және «Алаш зиялыларының аударма оқулықтарындағы баламалылық» (Л.Дәуренбекова), «Алаш қайраткерлерінің көркем аудармалары» (хрестоматия), «Алаш қайраткерлерінің аударма мұрасындағы пән сөздері» (электронды сөздік) атты еңбектер таныстырылды. Аталған зерттеулерде алаш қайраткерлерінің көркем және ғылыми аудармаларындағы ұлттық идеяның берілу жолдары, сондай-ақ түпнұсқадағы ұғымдарды қазақ тіліне баламалау тәжірибесі талданған.

Еңбектің авторлары алаш аудармаларының тек мәтіндік деңгейде емес, ұлттық таным, мәдени код және ғылым тілі тұрғысынан зерделенгенін атап өтті. Әсіресе аударма оқулықтарындағы терминжасам мәселесі, ұғымдық дәлдік пен баламалылық принциптері қазақтың ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Семинарда Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, А.Мамытұлы, А.Сейітов сынды алаш зиялыларының оқулық аудармаларындағы қазақ тілінде ғылыми стильдің орныққаны, терминологиялық қордың жүйелене бастағаны жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды.
Түпнұсқа мен көркем аударма арасындағы үйлесім мен ұлттық сипаттың сақталуы негізгі мәселелердің бірі ретінде көтерілді. Алаш кезеңіндегі аудармалар ұлттық идеяны таратудағы, сондай-ақ қазақтың ғылым тілін қалыптастыруда маңызды екені атап өтілді.

Семинар жұмысына қатысқан ғалымдар: Қ.Әбілжанұлы, Т.Сағымбекұлы, С.Ботпайұлы, Ж.Әскербекқызы, М.Социалқызы, Қ.Ризабекұлы, Б.Дәулетханқызы алаш кезеңіндегі аудармалардың қазақтың ұлттық ғылым тілін дамытуда, ғылыми стильді орнықтыруда ерекше рөл атқарғанын атап өтті. Түпнұсқа мәтіндегі ұғымдарды қазақы танымға бейімдеу арқылы жасалған терминдер мен ғылыми атаулар бүгінгі тілдік тәжірибе үшін де маңызды екені айтылды.
Семинар қорытындысында алаш аудармаларын білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларына енгізу, жоғары оқу орындары мен мектептерде арнайы курстар мен элективті пәндер арқылы оқыту, сондай-ақ жас ұрпаққа ұлттық идея мен ғылым тілінің сабақтастығын таныту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алаш мұрасын жүйелі түрде меңгеруге және ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.
