Жәди Шәкен. Қайыршыға қарыз болған адам
Әңгіме өзінен жәрдем тілеп, қайыр сұраған мұқтаж жанға уақытында қолынан келген жақсылығын жасай алмаған адамның өкінішіне құрылған.
Ол жұмысының қарбаласына қарамай жұма сайын мешітке асығатын. Әкесі өлер шағында: «балам, тазалық пен намаз – иманның кілті. Бұл дүниені ғана ойлама. Екі дүниеде назарыңнан тыс қалмасын...» деп көз жұмған.
Бүгін де жұма намазына қарай асығып келе жатты.
Мешіт ауласына кіре берісте қалың қайыршы. Бірі қарт. Бірі жас...
Тіпті бала-шағасын шұбыртып жүрген әйелдер де молаң. Алақан жайған кішкентай балаларға қараудың өзі қиын.
Оның назарын ерекше аударғаны төрт балалы ана. Әйелдің жүзінен жастықтың нұры емес, жоқшылықтың табы менмұндалайды. Киімі де жұтаңқы. Басындағы орамалы да оңып кеткен. Қасында алды алты-жеті жастарда, арты екі-үш жаста көген көз балалары бар. Көздері жасаурай телміреді. Жамау-жасқау ескі киімдерін алақандарымен қалқалаған болады. Ең кішкентайы анасының етегіне тығыла жабысып, айналаға үрке қарайды.
Ол қалтасын сипады.
Соңғы тиындарын жалдамалы пәтер ақысы үшін төлеп, асқан азын-аулақ ақшасына үйіне нан, картоп, сұйық май сынды бірдеңелер апарған.
Қапшығы бос.
«Мүмкін келесі жолы...»
Күнделікті күйбеңмен жүріп көп нәрсені ұмытқан.
Бір күні жұма намазынан кешігіп қалмайын деп құстай ұшып мешітке таяғанда жаңағы әйел тағы да балаларымен алдынан көлденеңдеді:
– Ағай, тым құрыса бүгінге жейтін нанға бірдеңе қалдырып кетіңізші..., – дейді жанары жасаурай мөлиіп.
Қалтасын сипалады.
Әйелдің мұңлы жанарында үміт шоғы жылтырап, зарыққан жүдеу кейпі өңменін тесіп барады.
Қолына ештеңе ілікпеді. Маңдайынан шып-шып тер шықты.
Мешітте азан шақырылып жатыр.
– Аллаһуакпар, Аллаһуакпар...
– Келесі, келесі жолы..., – деп тұтыға күбірлеген күйде алға жүгірді.
Намаздан кейін қайыршылар жоқ қалтарыс жақпен сытылып шығуды ойлап еді, болмады. Әлгі әйел балаларымен тағы да көлденеңдеді:
– Ағай, қамқорлық жасай көріңізші. Балаларыма тамақ, киім керек еді.
Оның ойына қалт бірдеңе түсе қалды.
Әйелдің құлағына жақындай сыбырлап:
– Жуылған таза, ескі киімдер болса да бере берейін бе? - деді.
– Иә ағай, бізге өмір сүру керек. Ескі киім болса да бола береді. Тіпті үйде тұрып қалған ескі нан болса да..., - деп көздері жәудіреді. Сынық жүзінде болмашы сәуле дірілдеді.
– Келесі жолы, келесі жолы ала келемін, - деп тағы да асығыс басып жұмысына жүгірді.
Жаңа оқу жылы таяп қалған сайын мұның жаны мұрнының ұшына келеді. Әйелі өмірден қайтқаннан бергі бес баланың жүгі өз мойынында. Әр күні таңнан кешке дейін жұмыс. Ілініп-салынып үйіне зорға жеткенде балаларына сөйлесуге де шамасы келмей мұрттай ұшатын кезі көп. Жалдамалы пәтердің ақысы, балалардың киімі, мектептің шығыны, үзілмейтін несие... Бір-біріне маталған ауыр шынжыр. Былай бұлқынса аяғынан тартады, былай сүйресе қолын байлайды.
Өткен жолы балаларының киімін түгендеп еді, бәрінің киімі тар болып қалыпты. Бірінікі тізеден шықса, екіншісінікі етегін жаба алмай шолтиып тұр.
Ол осы сәтте тап бір ешкім білмейтін тың жаңалық ашқандай:
– Кішілерің үлкендеріңнің киімін киіңдер. Мен де солай ержеткенмін, - деген жарқын бейнеде жайнай күлімсіреп.
Сол сәтте сегізінші сынып оқитын үлкен қызы:
– Сонда мен кімнің ескі киімін киемін? – деген. Екінші қызы:
– Мен әпкемнің киімдерін кимеймін. Оның қолтығынан ащы тер исі шығады, – деген. Бұл жауап таппай желкесін қаси берген.
Екінші сынып оқитын кенже ұл болса, бір жағы шын, бір жағы қиқар әзілмен:
– Біріншіден, мен қыздардың киімін кимеймін. Ал екіншіден сонда менің ескі киімдерімді кім киеді? – деп бұртиған. Оған да мардымда жауап айта алмай:
– Балалар, сабыр, сабыр. Бәрі де жақсы болады, – деп жұмысына асыққан.
Мана қайыршы әйелдің балаларын көргенде, өз балаларының сондағы кішірейіп қалған киімдері есіне түскен еді.
Кеште көзіне ұйқы тығылғанына қарамастан, балалардың жарамсыз киімдерін жуып-шайып, үтіктеп дайындады.
Жұма күні ескі сумканы көтеріп жұма намазына асықты. Бұрынғы әдетінше кешікпей ерте барды. Балаларымен тұратын қайыршы әйелді іздеді. Таппады. Келесі жолы... Тағы киім...
Тағы іздеді, таппады... Іздеді, Таппады....
Тіпті тағы бір оқу маусымы өтіп кетті.
Тағы да жұма келді. Пәтерден пәтерге көшкенде ескі киімдер салынған сумканы кім, қайда жібергені белгісіз, іздеп таппай, өлдім-талдым дегенде балконның бір бұрышынан зорға тауып, мешіт жаққа тағы құстай ұшты.
Қайыршы әйелді де балаларын да кезіктіре алмай, дал болды.
«Келесі жұмада...» деп күбірлеген күйде сумкасын тағы да көтеріп қайтты.
Уақыт аялсыз... Айлар емес жылдар өткенін аңғармады. Бір күні жұмаға тағы асықты. Балаларынан: «Ескі киімдер салынған сумка қайда?» деп сұрады. Балалары күлді. Екінші қызы: «Әке, қызықсыз. Сол ескі киімдерді жүк қылып қаншама сақтап жүрдіңіз. Өткен жолы тағы да пәтерден пәтерге көшкенде қоқыс жәшігіне лақтырып жібергенбіз» деді. Ол қызына мелшие қарады, түк демеді.
Сол күні мешітке де көңілсіз барды. «Әлгі әйел жолығып қалмаса екен» деп адамдар арасымен бұғына, қайыршылар отырған жерді айналып өтті. Бір тәуірі әлгі қайыршы әйел де, балалары да жолықпады.
Өмір адамның алақанында қанша тұрады, ешкім де жіп таға алмайды...
Жан алғыш періштелер оның жанын суырып алып, өзін тозақтың қыл көпіріне оп-оңай лақтыра салыпты.
Алдында тозақтың қыл көпірі. Астында лаулаған от. Ол аяғын қалтырай басып, дір-дір етіп жүріп келеді.
Кенет, Кенет....
Алдында баяғы қайыршы әйел тұр. Тура қыл көпірдің үстінде мұның жүрер жолында оны күтіп тұр. Артындағы буалдыр бейне арасында балалары да жаутаңдай қарайды.
Астында лаулаған от... Мұрнына қоңырсыған дүниенің кермек, ащы күйік исі келді. Көзі жасаурады.
Қалтасын сипады.
Ақша түгілі қалтасы жоқ. Иығын сипалады... сумкасын іздеді. Сумка түгілі үстінде лыпасы да жоқ. Жұқа торғындай көгілдір пердені ғана жамылшы етіп тұр. Астыңғы жақтан лаулаған оттың ыстық жалыны күйдіріп барады.
Қанша сипалақтанса да қолына ештеңе ілікпеді.
Астыңғы жақтағы түсті жалыны жалаңдаған алапат от лаулай жанып, барған сайын күйдіріп барады. Тіпті құлағына зарлаған, өксіген, ойбайлаған сан мыңдаған адамның өртеніп бара жатқан ащы дауысы келді.
Қайыршы әйел жолын бөгеп тұр.
Аяғын аттамақ еді, қозғалмады. Әл-қауқары жоқ, дір-дір етеді. Бар күшін салып, алдыға қатты-қатты басамын деп ойлап еді, басылмады. Тізесі дірілдеген күйде аяғы тайып кетті.
Астында лапылдаған от, құлап барады, өртеніп барады, күйіп барады... Өз денесінің шыжғырылып жана бастағанын анық сезінді.
– Алла, Алла, құтқара көр, құт-қа-а-а-ар!
Ол айқайлаған күйде түсінен шошып оянды.
Өн бойы шылқылдаған қара тер. Жұпыны үйдің терезесінен айдың аппақ сәулесі төгіліп тұр. Жүрегі атқалақтай тулап, өн-бойын сипалап, тірі екеніне зорға сенді.
Өзі қарыз болған баяғы қайыршы әйел есіне түсіп, орнынан тез тұруға асықты...
31.07.2026, Алматы
