Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлихан Бөкейханның Л.Н.Толстойдан тәржімалаған мыс...

01.03.2016 4025

Әлихан Бөкейханның Л.Н.Толстойдан тәржімалаған мысалдары

Әлихан Бөкейханның Л.Н.Толстойдан тәржімалаған мысалдары - adebiportal.kz



8bddbbaf27f918a65f23dd59c9b73f03_big.jpg

Қасқыр мен аңшылар


Қасқыр қой жеді. Аңшылар қасқырды ұстап алып ұрды. «Мені неге ұрасыңдар? Менің жазам – қасқырлығым. Мені қасқыр қылған құдай» – деп, қасқыр дауласты. Аңшылар: «Қасқырды қасқыр деп ұрмайды, қой жеген соң ұрады» деді.


Екі кісі


Шанаға мініп екі кісі қарсы келе жатып, ілінісіп қалды. «Мен қалаға асығып барам! Жолды босат!» деп, біреуі айғай салды. «Мен асығып үйіме барам! Жолды босат!» деп екінші кісі ақырды. Дауласып со арада екеуі көп тұрды. Бұларды көріп, көлденеңінен келген көк атты: «Екеуің де асықсаң, аттарыңды кейін шегіндіріңдер» деді.


Кісі мен ат


Атына сұлы алуға бір кісі қалаға жүрді. Ауылдан шыға бере ат үйге қайта бұрылды. Қамшымен атты иесі тартып, тартып жіберді. Ат жүріп кетті. «Ақымақ, мені қайда айдап барады. Үйге қайтсақ қандай жақсы болар еді» деп, ат ойлады. Қалаға таянғанда жол батпақ болды. Ат иесі тас төсеген жолға бұрылды. Аяғын ат бұл жолға баспады. Шаужайға қағып, қамшымен атты салып-салып жіберді. Ат жүріп кетті. «Мені тасты жолға салды, мұнда аяғым ұлуып, тұяғым сынады, табаным ауырады» деп, ат ойлады.

Кісі базардан сұлы сатып алып, үйге қайтты. Келген соң атқа сұлы берді. Сұлыны ат жеп тұрып: «Адам баласы қандай ақымақ! Бірақ бізден ақылдымын деп, мақтанады. Ақылы біздің ақылымыздан ана құрлым аз. Неменеге менің ием азаптанды? Қаңғып мені қуып қала барды, қайтты. Қанша сандалғанмен бәрі бір үйге қайттық. Тентіремей үйде отырған артық емес пе? Өзі от басында рахаттанатын еді, мен де сұлы жеп тұратын едім» деп ат ойлады.


Екі ат


Екі ат екі жүк алып келе жатты. Алдыңғы ат тоқтамай жүріп келеді. Соңғы ат тоқтай-тоқтай келеді. Мұнан жүк алып алдыңғы атқа бірте-бірте сала берді: жүктің бәрін алып алдыңғы атқа салған соң, соңғы ат босанып алып: «Азаптан, терле! Елгезек болсаң, азаптың бәрін саған тартқызады» деді.

Кешке қонатын жерге келді. «Екі атқа жем беріп, бір атқа жүк артқанша, бір атты жақсылап күтейін, ананы сойып терісін алайын» деп, қонған жерде ат иесі ойлады. Шабан атын сойып терісін алды.


Балта мен ара


Екі кісі орманға отынға барды. Бірінде балта, бірінде ара. Бір ағашты тауып алып: біреуі балталайық деп, біреуі аралайық деп екеуі керісті, таласты. Көлденеңнен көк атты келіп: «Балта өткір болса, балталаған артық, ара өткір болса аралаған артық; осы бітімге тоқтаңдар» деді де, балтаны алып, ағашты балталады. Бірақ өтпес балта тіс қатпады. Араны алып, ағашты аралады. Бұ да боқ кеспеді. «Дауласпай сендер тұра тұрыңдар: балта балталамайды, ара араламайды. Әуелі балтаны қайрап алып, араны түзеп алып, сонан соң дауласыңдар», деді. Екі отыншы бұрынғыдан жаман ұрысты. Бірінің балтасы, бірінің арасы өтпейді. Екеуі төбелесті.


Ит пен аспазшы


Ет асуға аспазшы қамданды. Ас үйдің есігінің алдында иттер жатыр. Аспазшы бұзауды сойып, ішек-қарнын қораға лақтырып жіберді. Қағып алып, ішек-қарынды жеп, иттер: «Аспазшы жақсы кісі, тамақты жақсы пісіреді» десті. Әр беріден соң аспазшы бұршақ, салқан, сарымсақ тазалап, қабық, тамырын лақтырып жіберді. Иттер таласа жүгірісіп барып, иіскелеп: «Аспазшы алжыды. Тамақты бұрын жақсы пісіруші еді, енді өзі түк болмай кетіпті» деді.

Иттердің сөзіне құлақ қоймай, аспазшы етін пісіре берді.

Етті жеп, аспазшыны бай мақтады.


Қоян мен тазы


«Сен бізді қуғанда неге үресің? Үндемей қусаң бізді жылдам ұстар едің. Ұстап бізді қорқытып, аңшыға қуып барасың, біздің қай жерде кетіп бара жатқанымызды біліп қарсы шығып, бізді атып алып, саған түк бермейді» деп, тазыдан сұрады, тазыға ақыл айтты. «Мен аңшы естісін деп, үріп жүргенім жоқ, сенің иісің шыққанда ашуланып, қуанып үрмеске амалым жоқ, сені қазір ұстайм деп, жынданып кетем, үрмей тұра алмайм» деп, қоянға тазы сырын айтты.


Емен мен жаңғақ


Еменнің басынан ұрығы бауырындағы жаңғақтың арасы- на түсті. «Емен, сенің астында жер аз ба? Ұрығыңды бос жерге төксең болмай ма? Мұнда менің өз ұрпағыма да жер тар болып тұр. Мен өз жаңғағымды жерге тастамайм, адамға тамаққа берем» деп, жаңғақ еменге сөйледі. «Мен екі жүздемін. Мына менің балам еменшіктен өскенде екі жүз жыл жасайды» деп, жаңғаққа емен жауап берді. Бұған жаңғақ ашуланып: «Олай болса, мен сенің балаңды ашықтырайын, қақтықтырайын, үш күн де өмір сүрмес» деді. Емен бұған түк жауап қайырмады, баласын ұрықтан шығып өсе бер деп, жарлық қылды. Бұ әкесінің айтқанын қылып, суға тойып жарылды, тамырланып, мұны жерге бойлатып, өзі қайқайып жердің үстіне шыға келді.

Жаңғақ жас баланы қақтықтырып, күн жағын ала берді. Бала емен жарысып көкке таласып, жаңғақтың көлеңкесінде күш алып кетті. Жүз жыл өтті. Жаңғақ жоғалғалы көп болды. Бала еменнен өскен емен көкке таласып, астындағы жаңғақтың бәрінің басынан асыра құлашын жайды.


Жұмыртқа басқан тауық пен балапандар


Тауық жұмыртқа басып, балапан шығып, бұларды қалай қорғарын білмеді. «Қайтадан жұмыртқа қабына кіріңдер! Сендер кірген соң, бұрынғыдай астыма басайын, сөйтіп сендерді пәледен сақтайын» деп, тауық балапандарына айтты. Балапандар тауықтың айтқанын қылып, жұмыртқаның қабығына кірмек болып, әуреленіп, кіре алмай, құр қанаттарын ұйпалап қайта шықты.

«Біз өмір бойы жұмыртқада қалатын болғанда, бізді, шеше, неге балапан қылып басып шығардың» деп, балапандар сұрады.


Ерлі-қатынды бөдене


Бір бөдене жұмыртқасын кеш салып, кенже қалып, пішен уақытында жұмыртқа басып отырды. Бір күні таңертең пішеншілер келіп, киімді жұлып тастап, шалғыны қайрап, құлаштап пішен шауып жөнелді, шөпті қырып, баудай түсіріп, сұлатып салды. Бөдене ұшып шығып, пішеншілер неғып жүр? деп, қарады: бір пішенші шалғымен салып қалып, жыланды екі бөліп тастады. Мұны көрген бөдене қуанып, қатынына келіп: «Пішеншіден қорықпа! Бұлар жыланды өлтіруге келген екен. Жылан бізге күн көрсетпегелі қашан» деді. «Пішеншілер шөпті шауып жүр, шалғыға шөптен не ілінсе, соны кеседі, тастайды: жыланды екі бөледі, бөдене басын кеседі, ұясын талқандайды, ішім бір жамандықты сезеді. Жұмыртқамды алып, ұядан ұшып кете алмайм, жұмыртқа туып қалады» деп, қамқор ана бейқам еріне жауап берді.

Пішеншілер бөдене ұясына жетті, бір пішенші шалғымен жұмыртқа басқан бөдене басын кесіп тастады. Жұмыртқаны алып қойнына салды, ауылдағы балаларға апарып берді.


Сиыр мен теке


Бір кемпірде сиыр мен теке болды. Сиыр мен теке малда бірге жүрді, сауын болғанда сиыр ауылға қайтады. Кемпір сиырға тұз салып нан беріп: «Тоқта, шырақ! Мә, мә! Тағы берем, бірақ тоқтап тыныш тұр!» деп, мәпелейді. Бір күні теке сиырдан бұрын ауылға қайтты. Кемпірдің алдына келіп талтайып тұрды. Кемпір орамалмен сілтеп қалды. Теке тым-тырыс тұрып алды. «Тыныш тұрсаң, нан берем» деген кемпірдің сиырға айтқан сөзін теке бақыр ұмытқан жоқ. Теке ұқпады, мұны кемпір біліп, таяқ алып текені ұрып тастады.

Теке кеткен соң, кемпір сиырға тағы нан берді, сиырды мәпелеп еркелетті. «Адам баласында әділеттік жоқ: мен сиырдан көп тыныш тұрдым, мені дүрелейді» деп, теке жазған сөйледі.

Шегініп барып, жүгіріп келіп шелекті сүзіп жіберді: кемпірді жығып, сүтті төкті.


Түлкінің құйрығы


Бір аңшы түлкіні ұстап алып: «Түлкі, сендерге құйрықпен итті алдауды кім үйретті?» деп, сұрады.

Түлкі: «Алдаған деген не? Біз итті алдамаймыз, бар тапқанымыз өлгенше қашқан» деп, жауап берді.

Аңшы: «Жоқ, сендер құйрықпен алдайсыңдар: ит жетіп ұстайын дегенде, құйрықты бір жаққа тастап жібересіңдер, ит құйрыққа ұмтылғанда, бұлт беріп ана жаққа қашасыңдар» деді.

Түлкі күліп: «Біз итті алдағалы құйрықты тастамаймыз, бұрылуға тастаймыз: ит жетіп келеді, біз мұны білеміз, тура қаша берсек өлдік, біз жалтарамыз, оңға жалтарсақ, солға құйрықты тастаймыз. Жүгіріп бара жатып кісі бұрылам десе, қолымен осыны қылады. Мұны біз ойлап тапқанымыз жоқ. Бізді жаратқанда, ит түлкіні алып, түлкі тұқымын құртпасын деп, құдірет өзі мұны бізге түлкіге сүндет ат қылып мінгізген».


Күн


Қыс. Желсіз күн. Аяз. Далаға, орманға шық та, жан-жаққа қара да тыңдашы: шыр айнала қар, мұз болып қатқан өзен, кемпірдің шашындай, селдір шөп қардан шығып тұр, ағаш сырдай жалаңаш, еш бірінде түк қимыл жоқ.

Енді жазды күні қарашы: сылдырап аққан өзен; қақ басы шулаған, ән салып дулаған бақа: ағаштан ағашқа ұшып қонып, ысқырып сайрап ән салған құстар; жыбырлап быжынап ұшқан шыбын-шіркей; ағаш, шөп көк киімін киініп теңселіп өсіп тұр. Шойын құманға су толтырып аязға тасташы: тас болып о қатады. Осы тас болып қатқан құманды отқа қойшы: мұз жарылады, ериді, қимылдайды; су толқиды, қуықтады, сабынның көбігіндей, домалақ шығарады; сонан кейін қайнай бастағанда, күңіреніп, құйындай айнала бастайды. Осының бәрін істеген жылылық; жылылықтың жерде, дүниеде істейтін ісі осы. Жылылық жоқта қимыл, тіршілік жоқ. Жылылық болса, қимыл, тіршілік. Жылылық аз болса, қимыл аз, жылылық көп болса, қимыл көп; жылылық әсерлесе, қимыл да әсерлейді.

Жерде, дүниеде жылылық қайдан? Жылылық құты, құдық, бұлақ көзіндей, жылылық көзі – Күн.

Қысты күні күн төмен тұрады, жарық сәулесі, бұған байлау- лы жылылығы жерге жанып, жалап түседі, тас төбеден шаныша түспейді: жарық сәуле, жылылық жерге аз түседі: жер үстінде түк қимыл жоқ. Жазғы тұрға таянғанда, күн аспанға шырқай бастайды. Жарық сәулесін, жылылығын тіктен төгеді. Енді не болады? Жер жүзі, дүние жылынады, жылынған соң қимыл басталады.

Қар астынан сулады, өзенде мұз сынады, таудан су төгіледі, судан бу шығып аспан барып бұлт болып, жаңбыр болып жерге жауады. Осының бәрін қылған кім? Күн.

Жерде жатқан өсімдік ұрығы жылынады, тамыр шығарып, жерге бойлап шаншылып кетеді; бұрынғы тамырдан бұтақ шығып, ағаш, шөп заулап өсіп жөнеледі. Мұны қылған кім? Күн.

Қысты күні ұйқыда жатқан аю, суыр, көртышқан көрден тұрады; қысты күні сілейіп қалған шыбын, ара ұйқыдан ояна- ды; маса да балаларын өргізеді; балықтың уылдырығы да жы- лынып балық болады. Мұны қылған кім? Күн.

Бір аймақта ауа жылынып аспанға шығады, мұның орнына көрші суық аймақтан суық ауа, судай ағып келеді: жел соқты дейміз. Мұны қылған кім? Күн.

Аспанда бұлт жөңкіліп, біріне бірі соғады, сүзіскен қошқардай, кейін шегініп кетеді, жайдың отын шағады. Мұны қылған кім? Күн.

Ағаш, шөп, бидай, өзге бар өсімдік өсіп өнеді; жан-жануар қарық болып тояды. Адам да тойып қоңаяды, қысқа деп, азық, отын жиып алады; қорасын түзетіп, үйін салып алады, темір жолын, қаласын салады. Мұның бәрін кім қылған? Күн.

Адам өзіне үй салады. Үйді неден салады? Ағаштан. Ағашты шығарған – Күн.

Адам жегені бидай. Бидайды кім шығарды? Күн.

Адам жегені ет, етті берген төрт аяқты мал. Аң мен құс. Малды, аңды, құсты асыраған кім? Шөп. Шөпті шығарған – күн.

Адам кірпішпен әктің құйыртпағы лайдан үй сала-ды. Кірпішпен әктікті отқа өртеп алады. Отынды – ағашты шығарған – күн.

Жерде, дүниеде не адамға керек, несіз адам тұрмысы мүмкін емес, бәрі күннің берген жылылығынан.

Адам нанды неге тамақ қылады? Нанда ақ шелек, жомарт күн берген жылылық бар. Нан жеген адамды жылытады. Нан орнында май десек, қазаққа май асатқандай, түсінікті бола кетер. Майдың да қасиеті күн берген жылылықта.

Отын мен үй ағаштың қасиеті де бұлардағы байлаулы күн берген жылылық.

Базардан отын сатып алған, күннің жылылығын сатып алады. Керегінде отынды жағып, күннің жылысымен бөлмесін жылытады. Жылылық болса, қимыл бар. Қандай қимыл болса, бәрі жылылықтан. Қимыл атасы жылылық. Бұ жылылық не қолма қол берген күннің жылылығы, не көмірде, отында, майда, етте, нанда, шөпте күннің жиған жылылығы.

Өгіз, түйе, ат жүк тартса, адам жұмыс қылса, бұларды алып жүрген қимыл қайдан? Жылылықта. Бұлар жылылықты қайдан алғын? Тамақтан алған. Тамақты берген жомарт күн.

Диірменді айналдырған су мен жел. Желді соқтырған кім? Жылылық. Суды ағызған кім? Жылылық. Жылылық суды бу қылып аспанға айдады, онда барып, бу бұлт болып жаңбыр болып жерге жауды. Бу болмаса, жаңбыр жоқ. От арбаны, пароходты бу алып жүр. Буды жасаған кім? Отын. Отындағы жылылық тағы жомарт күндікі.

Жылылық қимыл – жүріс, жүріс – қимыл жылылық.

Жылылық та, жүріс те жомарт күннен.


Магнит



1


Бұрынғы өткен заманда Мағнис атты бір қойшы бопты. Бір күні қойын түстеп жіберсе, бір саулығы жоқ. Мағнис жоқ саулықты қарап тауға жөнелді. Бір тауға келіп шығып еді, со тау қып-қызыл тас, таспен жүріп еді, тас табанынан тартады, табаны таспен түстеген сықылды өзіне сезіледі. Қолымен тасты сипады: құп-құрғақ тас, қолға жабыспайды. Тағы жүрді, етігі тағы жабысты. Отыра қалып, етікті шешіп алып, етікпен тасты түрткіледі.

Етіктің қонышы, ұлтаны тасқа жабыспайды, темір шегесі тасқа тисе, тістесе кетеді, жабысып қалады.

Мағнистың темір ұшты таяғы бар еді. Таяқтың ағашымен тасты түртіп еді, таяқ тасқа жабыспады; темір ұшымен тасты түртіп еді, таяқ таспен ұстасып қалды: таяғын тастан азар-азар дегенде тартып алды.

Мағнис тасты айналдырып қарап еді, кәдімгі темір тәрізді. Біраз тасты үйіне алып келді. Сонан бері таспен адам таныс бо- лып, тасқа «магнит» ат қойды.


2.


Магнит жерден темір кені тас болып табылады. Темірдің ең жақсысы магнит кеннен алынады. Магнит өзі сауысқанның ба- лапанындай, темірге ұқсайды.

Бір бөлек темірді алып магнитке қойсақ, темір өзге темірді өзіне тартады. Құрыш инені алып әр бері магнитке қойып алсақ, ине магнит болып қалады. Өзіне темірді тартады. Екі магнитті алып біріне бірін тигізсек, бір бастары, келші деп құшағын жа- йып, ұстаса кетеді, екінші бастары кетші деп қымтанып, итеріп тастайды. Біріне бірі сырт береді, шыр айналып кетеді.

Бір ұзынша магнитті екі бөлсек, бұ екі бөліктің де бір баста- ры ұстаса кетіп, екінші бастары сырт беретін бола қалады. Ал осы екі бөліктің әр қайсысын тағы екі бөлсек, тағы бір баста- ры шұрқырасып қосылып, екінші бастары тебісіп айрылады да тұрады. Магнитті қаншаға бөлсек те, осы болады да тұрады.


3.


Ал енді құрыш инені алып магнит үстіне көбірек қойып алып, екінші инені шаншып, осы шаншулы иненің ұшына алдыңғы инені қимылына мейман тұтқау қылмайтын қылып сұлатып салсақ, бір басы терістікке, екінші басы түстікке қарап орын тебеді. Қозғап өзге жаққа бет бергізіп, қоя берсек, босатсақ, тағы бір басы терістікке, екінші басы түстікке жатады. Байлап қоймаса, өз еркімен бұ бетін ине бұзбайды. Магниттің осы сипатын ұмытпау керек.

Магнит жоқта, адам баласы теңізде ұзап жүзбеген. Ұзап кет- се, жер жоқ. Бетті күнге, жұлдызға қарап түзеген; күнде, түнде тұман болса, күн де, жұлдыз да жоқ, теңізде жол да, белгі де жоқ. Қайда барарын білмеген. Кемені жел айдап барып тасқа соқса, кеме күл-парша болған.

Магнит жоқта, адам баласы жағадан ұзап теңізде жүзбеген. Магнит тапқан соң, жоғарыда жазылған екі инені істеп алған. Магнит ине қалай айналса, бұған бостандық. Магниттің бір басы терістікте, екінші басы түстікте. Осыған қарап теңізде қайда бара жатқан бетті білген. Енді теңізде қанша қиырға жүзсе, ада- су жоқ болған. Жағамен ғана жүзуді тастап талай жаңа теңіз, талай жаңа жерді тапқан.

Енді кемеде магнит ине болады, мұны камбас дейді. Кеме- де жүзген жолын өлшейтін өлшеуіш арқан бар. Кеме жүзгенде шумақтаулы арқан жазылып отырады, қанша жол сумен жүзгенді, айтып береді.

Енді кемеде жүзіп келе жатып, қамбасқа қарап бетті, арқанға қанша жүзгенді біледі. Мұны білген соң, кеменің жағадан, бір белгілі жерден, қай жақта қанша жерде келе жатқаны мәлім болады.


Қасқыр баласын қалай баулиды?


Мен жолмен кетіп бара жатып, артымнан шыққан дауыс есіттім. Айғайлаған қойшы бала, қу далада бір нәрсені қолын былғап көрсетіп, өзі жүгіріп келеді.

Мен далаға қарап едім. Қашып бара жатқан екі қасқырды көрдім. Қасқырдың бірі үлкен, бірі кіші. Күшік қасқырдың арқасында айқара салған қозы. Арқалаған қасқыр қозының аяғынан тістеген. Енесі артынан ұйғастасып бағып бос келеді.

Қасқырды көрген соң, мен де балаға қосылдым. Бала екеуіміз айғайлап қасқырды қоя бердік. Біздің дауысымызды естіп, ауылдан кісілермен иттер келді.

Қаншық қасқыр итті, кісіні көрісімен ұмтылып келіп күшігінен қозыны алып өзі арқалап, күшігін босатып алып, екі қасқыр, көз ілескенше, зымырап жүгіріп көзден таса болып жоғалды. Көрінбей кетті, жоқ болды. Сонда қойшы бала мынаны айтты: мен қойдың шетінде тұр едім, сайдан қасқыр шыға келіп, бір қозыны ұстап алып арқалай жөнелді. Күшігі алдынан қарсы шығып қозыға тап берді. Енесі қозыны күшігіне арқалатып, өзі қасында бос екеуі қашып жөнелді.

Тар асу, тас кешу, қуғыншы көбейіп, басқа күн туғанда, енесі баласын баулуды қойып, қозыны өзі арқалап жөнеп бергені.


Сезім мен көз


Сұқ қол мен ортан қолды бірінен бірін артылтып салып, екеуі бірдей тиетін қылып астына бытырадай домалақ қамырды салып, екеуінің арасымен домалатып көзіңді жұмшы. Жалғыз домалақ қамыр екеу болып сезіледі. Көзді ашып жіберсең, біреу екені көрініп қалады. Қол алданды, көз түзетті.

Жанынан келіп жақсы айнаға қарашы: терезе не есік болып, ар жағында бір нәрсе тұрғандай айна көрінеді. Қолыңмен со көрініс терезе – есікті сипашы: айна екені анықтала кетеді. Көз адасты, саусақтағы сезім түзетті.



Қыр баласы



Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866–1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағынан алынды.

Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа»



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар