Ақылбек Шаяхмет. Жалған дүние жоқ болады бір күні
Өткен күнді ойласам
Қас жауымды зорлық қылған жанымда жоқ атарға оқ,
Қаншама жыл болдық құрбан басыбайлы отар боп.
Айырылғанда шөбі шүйгін, малға жайлы қоңыстан,
Ата-бабам қорлық көрді уын шашқан орыстан.
Басқыншылар жаулау үшін сәтін күтіп қолайлы,
Қырып салды қазақтарды, башқұрт, татар, ноғайды,
Болды талай қанды қасап, тыныш күнде жел тұрды,
Азияға жорық жасап, мұсылманды өлтірді.
Жендеттері жеңін түрген одан зұлым жоқ қауым,
Тұтқиылдан шабуыл жасап, қан құстырды Қап тауын.
Қарақшылар соңына ертіп қаруланған тобырды
Тұтқын қылды ел қорғаны еңіреген Шәмілді.
Қырымды алды, жұрт шошыды жаудың қылған ісінен,
Қазанды алды оқ-дәрінің, зеңбіректің күшімен.
Мұнарадан құлап өлген Сүйінбике ханымды
Қор қылмақшы болған дұшпан есебінен жаңылды.
Ар-ұяты, иманы да тұрғаннан соң қорған боп,
Тұрғындарды дарға асса да шоқындыра алған жоқ.
Азып-тозып қатал соғыс, талан-тараж, қырқыстан
Көкірегі шерге толды гүл жайнаған Түркістан.
Шейіт болды есіл ерлер өз ұлтына жанашыр,
Бекіністер алды қоршап байтақ қазақ даласын.
Кене ханның басы кетті осы айқастың жолында,
Тау мен өзен, дархан дала қалды жаудың қолында.
Махамбет пен Кейкі басы денесінен бөлініп,
Құзғындар мен ши бөрілер алғанда әбден семіріп,
Бәлшебектер озбырлықты одан әрі жалғады,
Төрт түлікті төскейдегі түк қалдырмай жалмады.
Атып, асып, қойдай қамап, қолдан жасап тамұқты,
Асылдарды оққа байлап, аштан қырды халықты.
Контра деп адал жанды, басмашы деп сарбазды
Абақтыда орын жетпей, арыстарға көр қазды.
Неше түрлі қитұрқы мен ойлап тапты жат айла,
Опасыз деп жапты жала ел перзенті Шоқайға.
Жатпен бірге ел ырысын, несібесін тонаған
Шықты арадан айтаққа ерген белсенділер қабаған.
Отпен кіріп, күлмен шығып, колхоз құрып жалшымен,
Малын алып, молда менен байды қуды қамшымен.
Шырық бұзар Әзәзілді кіргізді де араға,
Мешіттерді айналдырды қой қамайтын қораға.
Әрбір ұлттың өзегі мен салт-дәстүрін күйретіп,
Тұрғындарды ығыр қылды бір-ақ тілде сөйлетіп.
Марапаттап үйренгенді, үйленгенді басқа ұлтқа,
Тілін құртып, дінін жойып, өріс ашты дақпыртқа.
Қабырғаны қайыстырды алдап-сулап халықты,
Жер атауын ауыстырды, сызып тастап тарихты.
Жерді жыртып, кең даланы ұқсатқан соң тақырға,
Шапан жапты, сыйлық берді мадақ айтқан ақынға.
Көрді қазақ тартқан азап осы жайдың барлығын,
Орындады амал жоқтан есер патша жарлығын.
Ұлтымызға қырғын салды ақтарың да, қызыл да,
Немістермен соғысқанда ұлың да өлді, қызың да.
Ісі теріс, боқауызбен айтылатын сөзі ұзын,
Үлгі қылды қаскүнем мен маскүнемін өзінің.
Орыс ұлты үстем деген ой түсіріп санаға,
Шөп шаптырды, қой бақтырды жасөспірім балаға.
Қазақ қызын тракторға отырғызды аттан сап,
Соған тіпті мәз болды ғой жерлестерім мақтаншақ.
Өткен өтті, енді қанша түссем дағы сабама,
Соның бәрін ұмытуға, кешіруге бола ма?!
Жаңалықтың жаршысы боп келе жатқан ғасырда
Айтқан дұрыс соның бәрін өсіп жатқан жас ұлға.
Қыс пенен жаз, нұрлы көктем және жомарт күз өтсін,
Солар бізді өкіндірген қатемізді түзетсін!
Мықты ұстасақ шашыратпай еркіндікті қолдағы,
Қолдап жүрер баршамызды ата-баба әруағы.
* * *
Жаратқанның сынағынан құтылмайды еш пенде,
Бал татиды қайғы көрмей қара суды ішкенде.
Жалғыз тілім наным болса, бөліп жесем басқамен,
Анығы сол: бұл жалғанға келмегенмін босқа мен.
Қажетіңді сайлап алмай шыға көрме сапарға,
Ұйқың келсе мамық болар қара тас та жапанда.
Киген киім азып-тозар, мінген ат та мертігер,
Қапа болма қажетімді таппадым деп сен түгел.
Еңбек етсең екі қолға табылады бір күрек,
Терлеп-тепшіп жұмыс қылсаң – ішкен асың тәттірек.
Ниет қылсаң қабырғамды ұстаймын деп бүтін қып,
Саған мықты сүйеу болар жалғыз ғана шүкірлік.
Кедей болсаң – қанағат қыл, жүрегіңе мұң артпа,
Байлығыңды жоғалтсаң да, иманыңды жоғалтпа!
* * *
Патшасы сен жұлдыздардың, төбемдегі күн, айдың,
Бір өзіңе мінәжат қып, жалбарынып сұраймын.
Жер бетіне жарық нұрын, бар жылуын таратқан,
Үйі жоққа, күйі жоққа баспана бер, Жаратқан!
Ақылдары толыспаған пенделерге сана бер,
Перзент болмай зар илеген аналарға бала бер.
Тұңғиықта демі бітіп тұншыққанға ауа бер,
Сырқат жанға дертке шипа, сауықтырар дауа бер!
Жолды көрсет тура жүрер қисық пенен қыңырға,
Аш адамға нәпақа бер жетерліктей ғұмырға.
Жаяуларды атқа мінгіз, жалаңашқа киім бер,
Қарақшының ел тонаған құлқынына тыйым бер!
Түк татырмас сараңдардың кеңітші, Алла, пейілін,
Сараңдардың жүрегіне ұялатшы мейірім.
Бар ғаламның иесі өзің, бәрі сенің қолыңда,
Қабыл қылып ниетімді, тілегімді орында!
* * *
Таусыларын білем түбі алдымдағы жол ұзын,
Әруақтардың аманатын, тірілердің парызын
Өтесін деп Алла маған берген болса талантты,
Тер төгемін мойынымда қалмасын деп қарызым.
Әр таң сайын Жаратушым шығармаса мені естен,
Аса аламын қия жолдан, сан асудан, белестен,
Көкейдегі мұратыма жету үшін талпынсам,
Тоқтата алмас соққан боран, тасқын сел мен жел ескен.
Жетер жерге жеткізермін жүгім болса өңгерген,
Аз емес қой теперіштер, тежегіштер мен көрген.
Жеткіз, Алла, мақсатыма, ниетімді қабыл қыл,
Қорға, бірақ, есі бүтін, кісілігі кемдерден.
* * *
Тамыры асыл, жапырағы жасыл терекке
Күннің де нұры, жауынның суы керек пе?!
Әрине, керек! Әйтпесе кетіп қадірі,
Бұтағы қурап, кетпей ме шіріп тамыры.
Сондықтан терек мойынын бұрып Қағбаға,
Иіліп тұрып айтады алғыс Аллаға.
Көздерін ашпай бітеліп қалған бұлақ та,
Мезгілін күтіп, төзеді барлық сынаққа.
Дәурені туып, теңізге келген толқыны
Жағаға жетсе қылады сәжде сол күні.
Судағы балық, көк жүзін кезген құстар да
Қылады тәуба жүзгенде және ұшқанда.
Жотада сонау тұрса егер жайнап гүл шығып,
Үзілмей тұрып жасайды ол да құлшылық.
Мал менен жанға, хайуанға барлық, себебі,
Жаратқан Алла өлшеулі ғұмыр береді.
Ағаштай, судай не көрсем-дағы шыдайын,
Сақтай көр мені жала мен дерттен, Құдайым!
* * *
Біреу сенсе азуына, біреу сенсе қанатқа,
Біреу сенсе мүйізіне, біреу сенген тұяққа.
Көбейгенде баққұмарлық, зұлымдық пен іштарлық,
Бұл жалғанда жайлы орындар аз қалады ұятқа.
Қанша жылдар жалмауыздың табанында жаншылдық,
Тірі болып жер басқанға шүкір қылды қамсыз жұрт.
Күн жарқырап, тұман тарап, жасыл шалғын жайқалар,
Жойылғанда жердің бетін жайлап алған арсыздық.
Бірақ, шайтан өлмейді екен, итжанды екен Әзәзіл,
Азғырынды сөздерге ерсең, тартасың ғой азабын.
Жақсылармен жолдас болып, жақсылық қыл жақынға,
Хаққа сыйын, таза киін, тура сөйле, таза жүр!
* * *
Биік, биік қарағайлар биіктікпен өлшенер,
Бұтақтары көп болса да, жел соққанда теңселер.
Шыбықтарға жанындағы болар десек қорған сол,
Дауыл соқса құлайды екен тамыры бос болған соң.
Жердің беті жап-жасыл боп тұрған кезде жаз шығып,
Жел өтіне қарсы тұрар майысса да жас шыбық.
Қисық ағаш көшедегі жараса да отынға,
Ара менен балта тиер шағын тосып жатыр ма?!
Жол бойында қызыл-жасыл өскен гүлдің біразы
Қамшы саптай қысқа ғана ғұмырына разы.
Көзі көріп жүргеннен соң төңірегін сынаған,
Сиыр жейтін шөп деп еді әсем гүлді бір ағам.
Аз да болса қуанышты сыйлады олар адамға,
Тікен болып, шөңге болып қадалған жоқ табанға.
Аралар да ызыңдап жүр гүлдің нәрін соратын,
Әрқайсының қызметі, орыны бар алатын.
Бірі берік, бірі сұлу – неше түрлі өсімдік,
Бір бірімен салыстырып жатады оның несін жұрт?!
Әрбір затты тіршілікте кірпіштей қып қалаған,
Жаратқанның тәртібіне таң қалмасқа жоқ амал.
* * *
Жезді құман су құйғанда иіледі адамға,
Алла артық жаратқанға құрмет қылса жаман ба?!
Адам болса ырза болып ілтипатқа, ісіне,
Бата берер қолын жайып ізет қылған кісіге.
Қонақтарға су құйғанның маңдайының бағы бар,
Жақсы тілек періштенің құлағына шалынар.
«Қарағайдай биік бол!» – деп алма ағашқа жақ ашпа,
Иіледі төмен қарай жемісі көп ағаш та.
Аспандағы жарық Күн де нұрын жерге шашады,
Бидай төмен иіледі толып тұрса масағы.
Еңкейіп кір үйге енгенде қарап оң мен солға да,
Адамдар да еңкейеді сәжде еткенде Аллаға.
Өтер, кетер ырың-жырың, аяқталар дүрмек бұл,
Сол құмандай сен де иіліп,үлкендерге құрмет қыл!
* * *
Қас қарайып, кеш кіріп, ауыз ашар алдында
Құдіретті Рабыңннан тілек тілей алдың ба?!
Тілек тілеу орнына ел-жұртына дін-аман,
Дінбасы мен басшыға есен-саулық сұраған
Бата берген шалдар бар түк бітірмей қартайып,
Еңбек етпей елі үшін кеткен қарны қампайып.
Кей молда жүр жұмақты сатып алсаң болар деп,
Садақаны көп берген үлкен сауап алар деп.
Шипа тілеп сырқатқа, қолын созған мұқтажға,
Атымтайдай жомарттар арамызда тіпті аз ба?
Шын мұсылман бола алсаң қылығыңмен сүйіндір,
Қарны аштарға тамақ бер, жалаңашты киіндір.
Бейбіт өмір тіле сен болған елге қансоқта,
Ақыл сұра қауымға, жауын сұра алқапқа.
Күнді ешкімге қаратпай сұра деннің саулығын,
Сұрайтының көп әлі, қайтем тізіп барлығын.
Тура жолдан бұрылмай, адаспасаң тұманда,
Қарасады пендеге, жарылқайды Бір Алла!
* * *
Жауып қоям деймісің шайтан кірер тесікті,
Ашпасаң да есікті, одан, бірақ, не шықты?
Тақияның астына шайтан кіріп кетіпті,
Сақалдың да ішіне шайтан еніп кетіпті.
Ұмтылғанда мансапқа, қызыққанда бұйымға,
Миға, тіпті жүрекке шайтан кіру қиын ба?
Тура жолдан бұрылма, жүрегіңді таза ұста,
Қолыңды жай, дұға қыл, Бір Аллаға сыйын да.
* * *
Ет пенен майды сатып тұр ұлты басқалар,
Жеміс пен нанды сатып тұр ұлты басқалар,
Жерімнің кенін алып тұр ұлты басқалар,
Толып жүр олар, дәл қазір жоқтай басқа амал.
Өсірсем малды, қызығын өзгелер көрсе,
Ексем де дәнді, өнімін өзгелер терсе,
Алтын мен күміс, барлығын өзгеге берсе,
Қалайша, достар, айтыңдар, көтерем еңсе.
Үйіңді салсаң, ас берсең өзгелер үшін,
Қаныңды төксең, тер төксең кезбелер үшін,
Келгендер алғыс айтса да төзгенің үшін,
Қазағым менің, сен түбі өзгеремісің?!
* * *
Қалды қурап неліктен тұрған жайнап бұрын бақ,
Басқа жұрттар жүгірсе қалдық біздер қыбырлап.
Тас атқанға ас беріп, келімсекке бас беріп,
Өтірікті айқайлап, шындықты айттық сыбырлап.
Отыз тістен шықса сөз одан асқан жоқ сынақ,
Елдің аузын баққанша өз аузыңды жап, шырақ!
Тәтті сөз де тілде тұр, ащы сөз де тілде тұр,
Негізі ашық ауыздан жабық ауыз жақсырақ.
Кей адамның , байқасаң, сөзі семіз, ісі арық,
Отырғаны сөйлеген сөйлеміне шашалып.
Мида жарық, жүректе жылу менен нұр болса,
Көкейдегі ақиқат шығары анық босанып.
Ізгілік пен зұлымдық
Ізгілікті мінгізіп ем көлікке,
Отыр екен ішінде өншең жөліктер.
Жолаушыны сабады олар аямай,
Әй, обал-ай, обал-ай!
Оны қанша келсе-дағы қорғағым,
Қол қысқа боп жәрдем бере алмадым.
Айқай-шуға құлақ қоймай, біз мінген
Көліктегі айырылмадым тізгіннен.
Бишараны тонады олар түк қоймай,
Кенет, кенет артқы жақтан шықты «ойбай!».
Қарақшылар болса-дағы жол ашық,
Жатыр екен олжасына таласып.
Қан-қан болды жайлы, жұмсақ орындар,
Бірін бірі жұлып жеді залымдар.
Төбелепен түс ауды да, кеш кірді,
Ақиқаттың ысқырығы естілді.
Жағдайы жоқ жататұғын хал сұрап,
Залымдар да жатыр еді қансырап.
Тізгін тартып, өртенсе де өзегім,
Жол бойында көлігімді тежелім.
Ізгілік қой дастарханнан татқан дәм,
Көзін ашты шалажансар жатқан жан.
«Зұлымдыққа, – деді ол маған, – оқ атпа,
Жүрегіңе ашу, ыза жолатпа!
Түбінде олар қателігін түсінер,
Түсіне алса, Жаратқан да кешірер».
Білмей істеп жүрген болса күнәсін,
Әрине, Алла кешіреді кінәсін.
Бірақ, бәрін біліп жасап жатса егер,
Кеудедегі жанып тұрған от сөнер.
Сайлап қойған орны болар тозақтан,
Шыжғырылмай құтыла алмас азаптан.
Улы сумен суарылған зұлымдық
Секілді ғой жыбырлаған жұлын-құрт.
Сондықтан да ескерер жай біз біліп,
Ел-жұртыма ұстаз болсын Ізгілік.
* * *
Түн түріліп, таң сарғайып атқанда,
Жан рақат, жүрек байсал тапқанда,
Тілек тілеп Жарылқаушы Алладан,
Не жетеді мінәжат қып жатқанға?!
Көтерілсе Күннің алтын кірпігі,
Жамалады көңілдің де жыртығы.
Тартқан бейнет, көрген қызық артта қап,
Жалған дүние жоқ болады бір күні.
Тіршілікте асып кетсең, тасынбай,
Жасып қалсаң – тәуба қылғын шошынбай.
Келу, кету, із қалдыру артыңда,
Қалыптасқан өмір заңы осындай.
