Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ақын Серікбай Оспанұлының «Сарқылмас кеудем менің...

Ақын Серікбай Оспанұлының «Сарқылмас кеудем менің ойдың кені» атты шығармашылық кездесуі өтті

03.04.2026

118

Ақын Серікбай Оспанұлының  «Сарқылмас кеудем менің ойдың кені» атты шығармашылық кездесуі өтті - adebiportal.kz

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ыбырайтанушы, профессор Серікбай Оспанұлымен  «Сарқылмас кеудем менің ойдың кені» атты шығармашылық кездесу өтті.
Кездесуде қаламгердің «Ыбырай жолы», «Ахметтану», «Ақынның жаны», «Мейірім бастауы – бесік жыры», сондай-ақ «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты кітаптарының таныстырылымы да болды.
Серікбай Оспанұлы оқырманға «Жер жүрегі», «Жарқын жастық», «Қайнарбұлақ», «Қоңыраугүл», «Алтын арқау» атты көптеген жыр жинақтарымен  танымал.  Оның «Шилі өзен», «Сағындым Алматымды», «Айлы түнде» атты әндері  бар қазаққа кеңінен мәлім. 
Бүгінге дейін ақынның екі жүзден астам өлеңіне ән жазылған екен. Оның балаларға арнаған өлең-жырлары  мектеп бағдарламасына арналып «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтарына енген. 
Серікбай Оспанұлы орыс, украин, қырғыз, шешен ақындарының шығармаларын да қазақ тіліне тәржімалаған. Ғалымның Ыбырай, Ахмет, Бейімбет  сынды тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған тың зерттеулері қазақ ғылымына қосылған үлкен олжа. Серікбай Оспанұлы тек танымал ақын ғана емес, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері. Ғалымның қолынан шыққан ыдыс-аяқтар мен музыкалық аспаптары бүгінде көпшілікке етене таныс. Кездесуге жазушының замандастары ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбек сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдерімен қатар кітапхана оқырмандары қатысты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan