Армениядағы қыпшақ ізі: ғалым зердесіндегі рухани сапар
Профессор Қанипаш Мәдібаеваның «Қазақстан әдебиеті бойынша Армения архивтеріндегі зерттеулер» атты очеркінің «Алыс та жақын Армения» атты бөлімі туралы.
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның очеркін оқып отырып, ғалымның Армения сапарына және очеркті жазу барысында өте тыңғылықты дайындалғанын сездім. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша жарияланған конкурстың, яғни «Қазақстан жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлескен «Қазақстан жазушылар одағының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеулер тақырыбы» әдебиетшілер мен жазушы-ғалымдардың өміріндегі аса мәнді құбылыс болғаны анық.
2024-жылы филология ғылымдарының докторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Мәдібаеваның «Қазақстан жазушылар одағы» баспасынан жарық көрген «Қазақстан әдебиеті бойынша Армения 12-сәуір, 2023-жыл. Архивтеріндегі зерттеулер» деп аталатын ғылыми-танымдық очеркі зиялы қауым өкілдерінің әсіресе, әдебиетіміздің тарихы мен әдеби компаративистика саласында еңбек етіп жүрген ізденімпаздарға мол олжа салды.
Кітап «Алыс та жақын Армения», «Матенадаран - құндылықтар қорғаны», «Арменияның Алма-Матері», «Кітапхана құтханасында», «Армения республикасының ұлттық арихивінде», «Қыпшақ ауылында», «Жоба бойынша іссапардың болжамды нәтижелері» деп аталатын бөлімдерден тұрады.
«Осы жылдың 12-17 тамыз күндері «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша Армения Республикасының Ереван қаласының Ширак облысында іссапарда болып қайттым. Жобаны жүзеге асырудың белгіленген талаптары аясында Армения Республикасының Ұлттық кітапханасындағы, Ұлттық архивтегі, Матенадаран көне қолжазбалар институтындағы, Ереван мемлекеттік университетінің шығыстану факультеті, түркітану кафедрасының Абай орталығындағы дерекнамалық, танымдық материалдар қаралды. Ереван қаласының жүз шақырымдай жердегі бір замандарда тағдыр айдап барған қыпшақ бабаларымыздың ізі суымағандай ыстық көрінген, 1946-жылға дейін «Қыпшақ» деп атанған Арич елді мекенінде болдым. Осындағы V ғасырда салынды делінетін монастырь жанында сақталған, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыпшақтар құлшылық жасаған шағын үй-жайдың қирандылары қалған орында дұға оқыдық...» (сонда, 3-бет). Қ. Мәдібаеваның осылай тек ғана ғалымдарымыз бен жаушыларамыздың, журналистеріміздің рухани байлығы болған аса маңызды іссапары осындай толғаныстармен басталады. Әсіресе, ежелгі дәуірлерде қыпшақ бабаларымыздың мекендеген жері туралы: «...бір замандарда тағдыр айдап барған қыпшақ бабаларымыздың ізі суымағандай...» деген тебіреніске толы сөз тіркестері кітапты одан сайын қызығып оқитындай әсер қалдырады екен.
Қанипаш Мәдібаеваның Арменияға сапары білім, ғылым сапары болғандықтан сапарға мұқият дайындалғаны көрініп тұр. Бұл сапарда Армения табиғатын тамашалау емес, ғылыми-танымдық сапар екенін ұққан ғалым тарих қойнауында жатқан жәдігерліктерге сапар шегетінін, Армения табиғатына үңіліп, оның адамзатқа тигізер әсері болатынын анық түсінген. Бір сөзбен айтқанда ғалым апамыздың сапарға шыққанда толқығаны рас. Өмір тарихында Арменияға сапары өмірге деген құштарлығын арттырғаны, бұл сапардың ғылым сапары екенін, алдында әдебиет және тарих жәдігерліктері күтіп тұрғанын жан-тәнімен, жүрегінің дүрсілінен ұқты. Яғни «Сапарға шықсаң сағынып алмай шығушы болма сапарға, сағынбай шықсаң тұлпар да болсаң қосыла алмайсың қатарға...» деп ақиық ақын Төлеген Айбергенов жазғандай, сапар алдында бұрын басынан өтпеген тебіреністер мен серпілістердің жақсылықтың белгісі болып көрінді.
Бұл сапар Қанипаш Мәдібайға өткен ғасырлардағы Рубруктың Орта Азияға сапарынан, Ш. Уәлихановтың Құлжаға сапарынан, М. Әуезовтің Жапонияға сапарынан, Б. Момышұлының Кубаға сапарынан, швед жазушысы мен фотограф Элле Майларттың Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарындағы ашаршылықпен тұспа - тұс келіп, Түркістанға сапарынан бірде бір кем түспегені рас. Ал Қанипаш Мәдібаева осы тарихи тұлғалардың қатарына қосылып, әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосып, осыншама мол дүние жинаған ізденімпаз саяхатшылардың, жазушылардың, ғалымдардың қатарында тұрды.
Сапар алдында Армения тарихын, армян-қыпшақ тарихын зерттеп, зерделеуге уақыт таба білген Қанипаш Мәдібаева былай деп жазады: «Ұлттық кітапханада қарастыратын тарау-тарау, тарихы тым терең, қыпшақ-армян, армян-қыпшақ мәдени, рухани, саяси, тарихи мәселелердің ортасында отырып қолыма аса көлемді (А83 Армянско-кипчакская Псалтырь: написан диаконам Лусиг из Львова, 1575, 1580 /Подготовили А.Н. Гаркавец, Э.Ш. Хуршудян.-Алматы: Дешт-и-Кыпчак, 2001.656 с.) «Посвящается 1700 летию провозглашения христианства государственной религией Армении» деп арнау жазылған, 28-сәуір, 301-жылмен даталанған дұғалар жинағын да алдым.
Гаркавец Александр Николаевичтің «Кипчакское письменное наследие» том ІІ. Памятники духовной культуры .-Алматы: каз ЕАН; Баур, 2007. Том ІІ. Памятники духовной культуры. 912 стр. «кітабына үңілдім. Қилы сайттарға берілген сілтемелерді де белгілеп отырмын. Әйгілі «Codex Cumanіcusті» бір зерттеуде «Миссионерский сборник» деп көрсеткені елең еткізді» (сонда, 14-бет).
Әрине, өзіне зор жауапкершілік жүктеген ғалым санада серпіліс тудырған, есімдері ТМД ға, дүниежүзіне белгілі ғалымдардың, армян, түркі зерттеушілерінің, еңбектеріне шолу жасады, ой қорытты, алдағы жазылатын ғылыми еңбектерге жоспар жасады. Мұның өзі ғалымды терең іденістерге жетеледі. Міне, осы толғаныстар мен бойындағы ізгі қасиеттер алыстағы Армения жеріндегі қазақ еліне тиісті жәдігерліктердің күн өткен сайын жақындап келе жатқанын сезді. Арменияға баруға деген құштарлығы күн сайын, сағат сайын күрделене түсті, күн өткен сайын «еліміздің зиялы қауым өкілдерінің ойларынан шыға аларма екенмін» деген ойдың мазалағаны да рас. Әлдебір тылсым күштер кітаптар мен ғылыми жәдігеріктерден бас алдырмады. Ғалымды әйгілі Матенадаран қызықтырды: «Егемен Қазақстанның» 2006-жылғы 17-ші қаңтардағы 17-ші нөмірінде басылған «Маржанға толы Матенадаран» аты мақаладан қажетті бірталай мағлұмат таптым. Сол жылдарда «Мәдени мұра» бағдарламасымен бірталай ғалым, мемлекеттік архив қызметкерлері Еревандағы Матенадаран ежелгі қолжазба институтына арнайы барған. Министрліктің жауапты өкілі Ғазиза Исаханмен «Егемен Қазақстанның» тілшісі Қарашаш жүргізген әңгіме біраз жайға қанықтырды. Сол жылы Матенадаранда 14 күн бойы қор қопарып жұмыс жасаған ғалымдар бұл тек бастамасы деп қайтқан екен. Содан бері де не тындырылып, қандай міндеттер жолға қойылды?
«-Армян тарихшыларының ішінде Орта Азия мен қазіргі қазақ жері туралы ең көп мағлұмат беретіні-К. Гандзанецидің «Армения тарихы» атты еңбегі» (ЕҚ). Мына аталған еңбекпен шұғыл танысып шығуым қажеттігін ұғындым...» деп жазды (сонда, 15-16-беттер).
Міне, ғалым апамыз мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша зерттелген материалдарды ой елегінен өткізіп, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасына мол үлес қосудың алғашқы сатыларына осылай аяқ басты. Яғни, Қанипаш Мәдібаеваның Арменияға сапары Армениядағы ежелгі қыпшақтардан қалған жәдігерліктерге деген ыстық ықласынан, қазақ әдебиеттану ғылымына деген ғылымдағы адалдық сезімінен туындаған сағынышты сапар болды.
Оны Лусиг Саркавар жазған қыпшақ тілінің грамматикасы, М. Маштоц атындағы ғылыми -зерттеу институтының директоры С. Аревшатянның азаматтық үлгілі ісі, Матенадарандағы шежіре кітаптар, армян-қыпшақ қолжазбалары қызықтырды.
Алматыдан-Мәскеу, Мәскеуден Ереванға шыққан Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағы жергілікті уақыт бойынша кешкі 19.50 де «Звартноц» Халықаралық әуежайына келіп қонғанда қыпшақтар жасаған Арич елді мекенінің ормандары мен көлдері, таулары мен бау-бақшалары: «Қазақстаннан Қанипаш атты қазақ қызы, қыпшақ қызы келді» деп жамыраған шығар-ау...
Қанипаш Мәдібаева Қазақстан Республикасының Амениядағы Елшілігі қызметкерлері Қайсар мен Ләззаттың, Армениядағы Қазақстан Елшілігінде консульдық қызметін жақында ғана бастаған Жанар Оңғарованың, Қазақстанның Армениядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Болат Иманбаевтың, Елшінің орынбасары Әлихан Ахметовтың жайдары мінездері, олардың ғалым апайының алға қойған жұмыс жоспарларына сәттілік тілегенін ерекше сезіммен ақ қағазға толқи отырып, сағынышпен ой тұңғиығына батып отырып, қағазға түсіреді.
Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор.
