Белгілі әдебиеттанушы, сыншы Құлбек Ергөбек: Әдебиетіміздегі бір жаңа сөз болса, осы Рахымжан айта алып жүр-ау деп ойлаймын. Ол өзіне-өзі сын көзбен қарай алатын азамат. Оның жазған шығармасына баға бере алған жоқпыз әлі...», - депті бір сұхбатында. Рахымжан Отарбаев – оқырманын тапқан жазушы. Әдебиет әлеміне жасаған алғашқы қадамынан бастап, күні бүгінге дейін жазған әңгіме, повесть, роман, пьесалары көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып айтып, көңілдерінің төрінен орын алып келеді. Бүгін біз Рахымжан Отарбаевтың әдебиеттегі орыны, шығармаларының ерекшелігі, драматургияға әкелген жаңалығы, адами қасиеттері жайлы қаламгерлердің ортасына әдеттегідей бес сауалымызды тастаған едік. Оқып, ой бөлісе отырыңыздар!
1. Рахымжан Отарбаевтың қазақ әдебиетіндегі орнын қалай бағалайсыз?
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Жазушыны көзі тірісінде бағалау – бізде қалыптаспаған үрдіс. Алайда әлемдік әдебиет тәртібінде талантты бағалау үлгілері де аз емес.Тіптен әдебиеттегі таланттың орыны мен оның нақты бағалануы екі ұдай қисын дейтіндер бар. Осы тұрғыдан қарасақ Рахымжан Отарбаевтың қазақ әдебиетіндегі орны әлдеқашан мөрленген. Испанияның рухани тәңірияты аталған Данте Алигьери өзінің «Құдіретті комедиясы» арқылы - «Тозақ», «Жұпар», «Жұмақ» қияметтеріне қарайтын сана көзінің қателіктерін /error/ анықтайды. Ендеше Рахымжан жандүниесінің ішкі кілтіне кім нендей ниетпен қарайды?! Оны бағалау, бағаламау қандай күштің ықпалында?! Біз осы кілтипанға ғана үңілуге қауқарлымыз. Қай түстіктен сана самалы еседі һәм қай істікте жаушының жүрегі шаншулы тұрарын болжау әзірге қиын. Бірдеңе айту үшін де айтарлықтай қуатың болу керек ғой. Ілкіде кей сәттердегі адам нанғысыз елес секілді ескі естеліктер еске орала береді. Осынау «Тозақты» орысшалаған М.Л.Лозинскийге қарауылынан қан тамған ұңғылы мерген, сұңғыла И.В.Сталин 1946 жылы өзінің 1-дәрежелі сыйлығын ұсынған. Бұл уақытша ірі баға еді! Ал, шебер тәржімашының бұл атақ-абыройы 1951 жылға дейін ғана сақталды.Оның нақты бағалануы керісінше еді, әрі сол даңқ бүгін зым-зия, әуелгісі - оның, тозақ отынан аман қалуы?! Кей сәттерде жаратушының өзі тума талантты дақпырт пен даңқтан сақтайтын секілді ме, кім білсін?! Рахымжан Отарбайдың «Алтын балық» атты қызықты әңгімесі бар. Түрмелік тәртіпте, қамалған санадағы «өмір», аквариумдағы алтын шабақтың Жайықтың толқынына секіретін тұсын «көреміз» де бір түрлі ойланып қаламыз?! Жазушыларға беріліп жүрген Қазақстандық кейбір астым-үстім үлестірлетін баға да уақытша... «КСРО Халық әртісі» деген лақап тәрізді уақыт тозаңымен өшіп кетуі ғажап емес.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, журналист: Өте жоғары бағалаймын. Қазақ әдебиеті жаңа арнаға бет бұрды. Ауызды қу шөппен сүртуге, құрына беруге болмайды. Әлемдік жауһарлармен иық тіресе алар талай таңғажайып шығармалар өмірге келді. Өзге дүниені ұмыттырар, өзінен екі елі ажыратпайтын туындылар қаншама? Ойлау жүйесі бүтіндей өзгерген бірінен-бірі өткен жас ақындар шоғыры күн өткен сайын молыға түсуде. Өте қуанышты жағдай. Солардың арасынан оқ бойы озық, өзін жеке даралаған бірден-бір жазушы ол – Рахымжан Отарбаев. Смағұл Елубаевтың: «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі Ғабит Мүсіреповтен кейінгі бірден-бір суреткер жазушы, ол - Рахымжан Отарбаев» деуімен кім-кімде келісуі керек. Біздегі қалыптасып қалған бір жаман әдет әркімнің өз шамасын білмеуі, өзінен озықтарды мойындағысы келмей, дұрысырағы іштарлықпен соңынан неше түрлі ғайбат сөз – қиқу ілестіруі. Айтпағанды оның аузымен айтқызып, басын пәлеге қалдырғысы келіп жанталаса, жұмыла кірісуі. Ол дара туған сирек дарындардың бірі де бірігейі. Жағымпаздықты жанына жуытпаған азат ойлы суреткер. Ағынан жарылып айта қалса шындықты негіздейді, ал онымен келісу-келіспеу әркімнің өз шаруасы. Рахымжан Отарбаевтың мемлекеттік сыйлық алу мәселесінде де біраз шу көтеріліп барып , басылды. Сол бір сыйлығы түскірді алмаса да оның шығармалары әлемнің сан тілдеріне үлкен сұраныспен аударылып, атағы алысқа жетті. Оны өзімізден гөрі өзге жұрт алақанына салып әлпештейді. Қырғыз бауырлардың оны ақ киізге орап хан көтергендей, салтанатпен ұлылағанын өз көзіміз көрді. Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалін ұйымдастыруға қомақты қаржы шығындады. Ширек ғасыр бойы оның пьесалары қырғыз сахнасынан түспеуі, кезінде Шыңғыс Айтматовтың өзі: «Жаңа театрды менің Жәмиләммен емес, қазақ жазушысы Рахымжан Отарбаевтың пьесасымен ашыңдар!», - деуі оның талантын мойындағандық емес пе? Келер жылы өзбек ағайындар: «Сенің театр фестивальіңді енді біз ұйымдастырамыз!», - деп екі алақанын ысқылап, қайтасын-қайта шақырып отырса, Р.Отарбавтың қандай жазушы екенін шамалауға болатын шығар. Мәскеу 60 жасқа толу мерейтойында кеудесіне алтын медаль тақса, бұл кім көрінген жазушыға көрсетілер құрмет емес. Мыңның біріне! Дарындар өздерінде де жетеді. Ерте ме, кеш пе Рахымжан Отарбаев иә түріктің, немесе қырғыздың, болмаса сол Ресейдің мемлекеттік деңгейдегі үлкен бір сыйлығын олжалайтыны кәміл. Әлем жұртшылығына мойындалған біртуар қаламгер қазақ әдебиетіне үлкен олжа салып, зор мәртебе әкелуде. Ол сондай қазақ жазушысы.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Рахымжан сияқты жазушының шығармашылық құпия жұмбағының түбіне дейін бойлау қиын. Бер жағын айтсам, ол қазақ әдебиетіне тосын бояу, соны рең әкелген сұңғыла суреткер.
Анар ҚАБДУЛЛИНА, сыншы: Қазіргі постадамзаттық кезеңде бойына бай рухани қуатты емес, жылт еткен арзан дүниені сіңіріп алуға дайын тұратын публикаға Отарбаевтың əр басқан қадамы, аузынан шыққан əр сөзі қызық. Егер жазушының алғаусыз білдіріп қалған бірер ой-пайымын рейтинг қуалаған сайттар үрленген, дабырайған тақырып етіп берсе, публика үшін негізгі мəтіннің өзі ешқандай рөл ойнамай қалады. Публика мəтінде не айтылғанын ойша қиюластырып, əрі қарай өсіріп əкете береді, ақыры, ештемеге бой бермей, дауыл тəрізді өзі басылғанша, ол дуды құрықтауға адамның күші жетпейді. Я бүгіннің постмодернистік ақпарат механизмі осындай. Бұған біз ештеме істей алмаймыз.
Осыдан қазақ арасындағы Отарбаевтың даңқ дəрежесі қандай екенін бағамдай беріңіз.
Мен бұл жерде оқырман емес, əдейі «публика» сөзін қолданып отырмын. Жазушы ой айтқысы келеді, ал публикаға қызық керек. Осы ерекшелік жазушының «Атырау-Алматы пойызы» əңгімесінде айқын көрінеді.
Əрине, Отарбаевтың оқырмандары да бар я ол оқырман Рахаңның əдебиеттегі өзіндік орнының қандай екенін жақсы біледі.
Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы: Жалпы, бұл сұраққа жауап беру оңай емес дер едім. Жазушының жеке шеберханасын білу мүмкін емес. Дегенмен, халық ауыз әдебиеті мен шет ел жауһарларын талғап оқыған қаламгердің жазу мәнері ерекше. Оқырманын жалықтырмайды әрі жетектеп отырады. Бейімбеттен бастау алып, кейінгі толқын Сайын ағаларымыздың керемет туындыларын оқып өскен біздер кейіннен «жарнамасы жарқ-жұрқ» еткен, аяқ астынан шыққан «классиктердің» суға шыланған дәм тұзы жоқ «капусталарына» тіс батырып көргенімізбен, асқазанға нәр болмай, уақыт бәрін ысырып келе жатқанда Рахымжан Отарбаевтың шығармалары оқырмандарға жете бастады.
Әсіресе, проза жанры жүдеп-жадай бастағанда, Рахаң керемет туындыларды бірінен соң бірін жазып оқырмандарға ұсына бастады. Жазушы үшін оқырман ілтипатынан артық не керек? Әрине, Рахымжан Отарбаев қазақ оқырмандары ғана емес, әлемдік деңгейде өз орны бар ірі қаламгер деп бағалаймын...
2. Рахымжан Отарбаевтың шығармаларының ерекшелігі неде?
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Иә, Рахымжан Отарбаев өзін Ақжайықтың толқынына лақтырған жазушы. Ол кісіні ылғи да арпалыстар арасында көрем. Мен «Бас» және «Шыңғыс ханның көз жасына» лебіз пікірімді білдіргем-ді. «Бас» - Еуразия мен ұланғайыр Шығыстағы лаңды дүниенің зардабы сіңген шығарма. Тұран әлемі шығарманы өз оқырмандарына ұсынды деп естідім. Келешекте әлемдік деңгейге жол тартары сөзсіз. 1920 жыл шамасында ағылшын суреткері Уэллс «Қапаста қалған Ресейді» жазып дүниені дүрліктіргені бар. Сервантес 1605 жылы Мадридте елеусіз күйде - «Дон Кихотты» жазғанда әуелгіде оған ешім елең ете қоймаған деседі. Ал, сол Сервантес 1616 жылы өлгеннен кейін дүниауи есі түзік жандардың жалынды кеудесінде қимылсыз өлі рыцарлар емес хаки көркем тірі оқиғалар ғана қалғанын білесіз бе? Ендеше «Бас» романы да сондай салмақты, оқыс оқиғалы шығарма.
Маған ұнаған шығарма элиталық текті оқырманға ұнай кетпесі анық. Демек, «Аспандағы ақ көбелектердегі» Дәуреннің типі – болашақтың сұранысы. Оқырманды өз өзінен көз жазып қалмауға шақыратын қияметті жұмбақ.
Бір ғана мысал; «...Сыңғыр етіп күліп жіберген. Жай күлкі емес, шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кеткендей. Содан бастап су емес, сынған ыдыстың құлағыңды қуантар дыбысын іздейтін. Сыңғыр! Әне көзге көрінбей шашырап барады, ...үркектеу жанарының түбінен ылғи да бір үміт сығалайтын...» Мұнда мазмұннан бұрын кескін, кейіп-кеспір көрінеді. Мұны өзінен-өзі сөйлеп беретін құбылыс деуге болады. Соцреализм ғұламалары оны «образ» деп атап жүр ме? Әлемде 4 құбыла, 8 түстік қаншама мүйістер мен қалтарыстар болса – оны түрлендіретін қасиет тек кең тынысты жазушыда ғана болады.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, журналист: Дұрысында бұл сұраққа біршама қабырғалы қаламгер көптеп жауап берді. «Қазақ әдебиетінен» бастап «Айқын», «Ана тілі» т.б. бірқатар газеттерде, «Жұлдыз», «Жалын» басқа да журналдарда белгілі әдебиет өкілдері лайықты бағасын берді. Олардың көбісін өзі де оқымаған шығар. Филология ғылымдарының кандидаты, ақын, сыншы Гүлзада Ниетқалиева «Дара» атауымен бүтіндей кітап арнап оның шығармашылығының ешкімді қайталамайтын озық үлгілерін тайға таңба басқандай дәлелдеді. Олардан асып алай-былай деуге жүрек дауаламайды. Өзіміз куә болып жүргеніміздей әңгімелеріндегі кейбір сөйлемдерді қарапайым жұртшылықтың жаттап алып айтып жүретіндігі. Ойлап көріңізші, әңгіме ол жаттап алатындай өлең емес қой, көрдіңіз бе, сонда да жаттап алған. Мен бала кезден іргелес жатқан ауылдарда бір-бірімізді танып, бірге өскен досымын. Арманымыз бір болды. Ол шідерін үзе қашқан тұлпар сынды ауылға көндіге алмай, дұрысы әдеби ортаны аңсап Алматыға ерте кетті. Сонысы дұрыс та болды. Алғашқы кітабы «Құпия түн» ұмытпасам 1987 жылы Алматының «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Үйде бір-ер данасы бар еді, іздеуге ерініп отырмын. Ондағы «Із» әңгімесі Жұмекен ағаға арналған. «Қайнағдан қалған көз», «Тербелді гүлдер далада», «Күй – кербез», «Айсырға» т.б. әңгімелерден бастап осы күнгі әбден кемелденіп, толысқан шағындағы әрбір әңгімесі, әрбір драмалық шығармасы мен үшін, менің отбасым үшін ғажайып асыл қазына! «Моно Лиза», «Актриса», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Нобельден қалған мұра», «Көрген-баққан», «Тәркі дүние», «Аспандағы ақ көбелектер», «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Американың ұлттық байлығы», «Жайық жыры», «Махамбет пен Пушкин», «Шыңғыс ханның көз жасы», қайсыбірін айтарсың... Бір-бір әңгімесі бір-бір романның салмағын ұстап тұр. Несімен ұнайды? Әрине жазылу стилінің соншалықты сонылығы, сыршылдығы, әсерлілігінен. Оқиға желісіне бірден ілестіріп, ажырап кетуге шамаңды келтірмейтін қуаттылығынан. Әрбір сөйлемі тың тіркеске толы, бірде-бір артық сөз жоқ, бәрі бір-бірімен қабысып, жымдасып тұтас ажырағысыз дүние құрап тұрады. Жылатып отырып күлдіреді, күлдіріп отырып мұңайтады, ызаңды келтіреді, сүйінішіңді туғызады. Дүниеге өзіндік көзқарасымен табындырады, иландырады. Әңгімелерінің бастауы, аяқтауы бас шайқатады, таңдай қаққызады. Бұрын-соңды кезікпегенге кезіктіреді. Сонысымен Рахымжан қаламгер құдіретті, «Дара» деуге әбден лайық, халқының іздеп жүріп оқитын жазушысы, халық ақымақ емес, әлем жұртын оясыз дегеннің өзі ақымақ. Қысқасы, Рахымжан ең бақытты жазушы, егер Алласы көрер жарықтан таршылық қылмаса, ол әлі талай таңғажайып туындыларымен есімізді алары, пендешіліктің не екенін кәлләмызға кіргізіп, ойландырары анық.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Қысқа да, нұсқа. Өзгелер алты ауызбен айтарын алпыс бетке дейін шимайлап жатса, ол оны жарты бетпен жайғастырып тастайды. Және қандай қылып...
Мен оқыған туындыларының барлығы бір-бірімен бәсеке. Кез-келгенінің көкейкестісі – көзге ұрып, көңілге қона кететін көркем шындықтың концептуалдық жетістігі. Көсем ой, шешен тілдің үйлесімі өз алдына. Ал енді юморы... Қай әңгімесінің де өн бойынан сықылықтатып шыға келеді. Мысалы, «Нобельден қалған мұрасында» ағылшынның ақсүйек кемпірінің қара даланың қарапайым қазақы шалының аузын жапқан мұртын қайырып тұрып, ернінен сүйіп тұрғанын көз алдыңа келтіреді. Мұртын қайырып тұрып... Өмірі ернінен әйел заты сүйіп көрмеген шалдың сол сәттегі әлдеқалай кейпі...
Анар ҚАБДУЛЛИНА, сыншы: Алдымен, өзіндік стиль ерекшелігі назар аудартады. Ешкімге ұқсамайтын Отарбаев стилінен теңіздің тұзды, ылғалды ауасы, құмның сусылы, жел табиғаты, тарих қойнауынан сыр тартқан балбал тастардың алақанға білінетін бедері, сол жақтан талықсып жететін жаңғырық дауыстар, пойыз доңғалағының біркелкі соғысы, т.б. алуан дүние сырлары білінеді.
Бірде Несіпбек Дəутайұлының Құмға қашқан құйын шығармасын оқып отырып, Рахаң елес беріп өткендей болды. Мəнісін сұрағанда, бұл шығарма сюжетін Несағаға Рахымжан аға айтып беріп, жазыңыз деп қолқалаған екен. Екі жазушының арасында əдемі сыйластық, достық бар екенін артынан біліп, тəнті болдым.
Отарбаев диалогтерінде полифония бар жəне кейіпкерлерінің дабырлап сөйлескен дауыстары анық естіліп тұрғандай болады жəне сол ерекшелігінен шығарманы бірмезгілде сахнадан да тамашалап отырғандай сезінесің.
Дабырлап сөйлесуде - қалтқысыз тазалық бар. Бір замандарда жаһандану идеологиясының апандай көмекейіне, ол болмаса, жалғыздыққа жұтылып кетер болсақ, келер ұрпақ қазақы қалтқысыз қарым-қатынасқа тəн осынау ерекшелікті Отарбаев кейіпкерлерінің бойынан көріп, таңдай қағатын шығар.
Өзіме Отарбаев əңгімелері постмодернистік бояу араласқан мұңдылығы үшін, драматургиясы адам жанына терең үңілетін ерекшелігі үшін, романдары үлкен ізденістің жемісі екендігі білінетіндігі үшін ұнайды.
Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы: Рахаңның қай шығармасы болмасын, талантты зор, аса талғампаз қаламгердің қолынан шыққанын аңғару оқырмандарға бірден өзіндік қолтаңбасымен ұнайды деп білемін. Мысал үшін келтіре кетейін, «Актриса» деген әңгімесі мен «Шыңғысханның көз жасы» деген шығармасы арасындағы жүздеген әңгімелерін саралап қарасаңыз, жазушының шеберлігіне таң қалып, таңдай қақпасыңызға амалыңыз қалмайтыны анық дер едім.
3. Отарбаев өзінің суреткерлік потенциалын қай жанрда толық көрсете алды? Немесе қай жанрда өнімді еңбек етті деп ойлайсыз?
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Көркемдік деңгейді өлшейтін табиғи аспап - тәңір текті оқырмандарға тән дедік. Суреткерлік – жазушының жандүниесінің ғарыштық құбылысы. Көркем суреттегі философиялық бояуларды өз зейінімен оқи алатын қауқарлы, тегеуірінділер көп, жетеді, әлемде. Бірақ, оған әр ұлт өкілдері сынақты тәжірибе /эксперимент/ жасайды әрі өз түйсігімен, көз жанарымен сүңгіп, жүрегімен сүзіп өтеді. Тек Рахымжан ғана емес басқа да қазақ жазушылары, тіпті әлемдік гиганттар да сіз тілге тиек еткен ішкі «қуатын» әр еңбектеріне сіңіруді басты мақсат етеді. Мен өкінішке қарай, дәл осы сұраққа жауап беруге әзір емес секілдімін. Бұл сауалға ҚЖО-дағылар есепті баяндамалары арқылы бірдеңе тауып айтуы мүмкін!!! Драматургия - сахналық, ұжымдық классикалық жанр, кіді еңбек. Рахымжан Отарбаевтың «Актрисасын» жуықта ғана Бішкекте өнер оқу ордасының жас шәкірттері қойды. Шынында бұл шығарма қыруар ой, түрлі мінездері мен өз салмағы арқылы Рахымжантанудың тағы бір бетін ашып бергендей еді. Автор әр бір кейіпкердің ғұмырлық кодын, оның психологиялық ерекшеліктерін тас қайрақпен жанып, құрыш қаламымен шыңаса керек. Француздың керемет жазушысы Шарль Перроның «Көк сақал» атты әңгімесі есіңізде ме? Жеке кейіпкердің сұсты бейнесі соншама ерек сомдалған. Енді сізден Рахымжанның «SOR-ын» оқып шығуды сұраймын. Оқиғаның суын сығып, иін қандырған көркем жүйелеуі, қым-қуыт қисындары мүлдем өзгеше реңмен құрылады.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, журналист: Біз туып өскен Құрманғазы топырағында Ұлы Еділдің үлкен бір саласы Қиғаш деген өзен бар. Махамбеттің «Қиғаш үшін қырылдық» дейтін сол Қиғаштан қаз-қатар бірнеше арналар туған жер төсімен толқыны бүлк-бүлк ойнап, тарамдала ағады. Бірінен-бірі өткен соншалықты әдемі. Сол сияқты Рахымжанның драматургиясы мен әңгімелерін мынаусы озық, мынаусы төменірек деп қарауға келмейтін сияқты. Әңгімелері бір кездегі орыстың әйгілі жазушысы А.П.Чеховтың әңгімелері сияқты дүниені дүбірге бөлеп, оқырман біткеннің жүрегін жаулап тұрса, драматургиясын одан кем еді деп ешкім айта алмаса керек. Ал, романы туралы айтсақ «Бас» деп аталатын соңғысының өзі неге тұрады? Түріктер бірнеше мың данамен аударып үлгерген бұл романда үлкен саясат жатыр. Махамбеттен бастап әлем елдеріндегі үлкен-үлкен мұсылман тұлғалардың кесілген, асылған бастарының тағдыры сөз болады. Қазір Р.Отарбаев ел мен елдердің шақыруына барып, шығармаларын аудартумен аяғы жерге сирек тиіп жүр. Оның айлар бойы жылға ұластырып жазатын уақыты енді келе жатқан сияқты. Сонда романын да басқасын да көретін боламыз. Қазіргісінің өзіне оқырманы өте жоғары баға беріп, әбден бауыр басып қалды.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Жалпының баяғыдан қатып-семіп қалған көңіл күйін бұзып-жарып жіберетін қуаты – прозасында.
Анар ҚАБДУЛЛИНА, сыншы: «Шыңғысханның көз жасы» - ауқымды, жаңашыл формада жазылған шығарма. Шыңғысхан бейнесі бұған дейінгі жазылған дүниелерде қалыптасқан тарихи сипатта болса, Отарбаевтың Шыңғысханы бұл догмалы форматтың күл-талқанын шығарады. Отарбаев Шыңғысханның таза əдеби образын жасап шығарады: романдағы көптеген əдеби тəсілдердің сəтті қолданыстары арқылы əдемі ашып береді. Мəскеулік əдебиеттанушы Марианна Дударевамен бір пікірлескен кезімізде, осы ойымыз бір арнада тоғысқан.
Қазіргі кезде Отарбаев драматургиясына да сұраныс жоғары. Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалі жыл сайын өткізілуінен де ой түюге болады. Драматургиясының халықаралық деңгейде насихатталуына үлкен серпін болатын шара бұл.
Əңгімелері маған аса ұнайды. Қимыл, диалог, образ ширақтығы бар. Социализмнен нарықтық кезеңге өтудің қиындығы мен юморын қиюластырып, əсерлі дүние жасап, оқырманға ұсына білген белді жазушыларымыздың бірі.
Колхоздастыру сынды санаға жат нəрсеге мəжбүрлі бейімделудің трагедиясы мен күлкісін өз заманында шебер бере білген Майлин есіме түседі.
Қай жанрға қалам тартса да қолтаңбасы айқын көрініп тұратын қаламгер.
Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы: Суреткерлігіне бағаны қазекем өзі баяғыда-ақ беріп қойған сияқты. Біздің классик Рахымжан Отарбаев ағамызға «Батырға оңы да, солы да бір» деп халық сөзін қайталағым келеді.
Қазағымның сөзіне басқа не қосайын...
4. Р.Отарбаев драматургиясының жиі сахналануының сыры неде? Оның қазақ драматургиясына әкелген жаңалығы қандай?
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Жаңа заман, қазақ театрлары қолдана бастаған заманауи тың технологиялар, режиссерлік сәтті шешімдер, әлемдік деңгейдегі сұранысқа лайық шымыр мәтіндер, ізденістер, ұрымтал тұстағы дұрыс жұмсалған қаржы, қажыр-қайрат, жігер т.с.с. түгелдей дерлік өз кезегімен жинақы жоспарланудың нәті болуы мүмкін. Ең бастысы - таланттың қырағылығы, заманға сай жылдам бейімі мен суыт өсуі - өз алдына бір кеңес. Рахымжан тар шеңберде Жайықтың жайлы жағалауында қала алмады. Н.А.Добролюбовтың орыс әдебиеті жөніндегі бір мақаласында: «...Ломоносов әккі әндігер, әулие ғалым, теңдессіз ақын, текті ілімгер бола алса да өзін тудырған таптың өкілі болып қала алмады...», - делінетін-ді. Мен де Рахымжан ағаны антипатрицидтік тұлға деп солай өзгешелеп ойлаймын. «Бас» - бір рет қана сахналанған болуы мүмкін. Осыдан кейін-ақ жазушының кейбір жақын достары алыстай бастағанын сеземін. Халықтың қатты таңданысы билікті де алаңдатуы мүмкін еді. Жазушы – бір сәттік тоқмейілділіктен арылып, өткен өмірдегі зобалаңдар мен шуақты кезеңдердің ара-жігінде «ойнайды!» Иә, Рахымжан драмалары арқылы уытты оқиғаларды таңдайды. Мысалы, «Американың ұлттық байлығын» оқығаннан кейін жаушының таңдаулары - тар шеңбердегі харизматизм, уақ қағидаттардың негізінен тым шырқауда екенін сеземіз.
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, журналист: Р. Отарбаев драматургиясының жиі сахналануы әлемдік ірі мәселелерді көтеруінен. Бұрынғы кеңестік жүйе кезінде айтуға болмайтын тақырыптармен халқын қауыштыруы. Бір-бір пьесасы бір-бір әлем, біздің баба тарихымыздың алтын парақтары. Бейбарыс сұлтан пьесасын жазуы үшін Каирге әлденеше рет барды. Қиындық көріп, бейнет шексе, ол өзіне ғана аян сыр. Есесіне құл болып сатылған ұлы бабамыз Бейбарыс Жайығына, қазағына қайта оралды. Оның осы еңбегін түсінген жан ерлікке бағаласа да болар еді. Дала демократиясының негізін салушы шешен де көсем, ержүрек Сырым бабаға арналған «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» т.б. тарихи тұлғалар өмірінің беймәлім тұстары, олардың жан кешті тірлігіне арналған пьесаларын Тәуелсіз ел халқы аңсап отырған дүниелер болатын. Міне, осылардың біршамасын суреттей салып көз алдына әкелсе ел-жұрт оған қол соқпағанда, кімге қол соғар еді? Осының бәрі қазақ драматургиясына қосылған жаңалық емес пе? Жақында Әміре Қашаубаевтың өмірінен жазылған жаңа пьесасы «Ән-Әміре» сахналанды. Қазақ әнінің мойнына Париж сахнасында тұңғыш медаль ілген қайталанбас дарынды халқы есінен шығарып алғандай еді, естері кетіп тамашалады. Пьесаларының жазылу шеберлігі, оқиға желісі тек Рахымжанға тән өрнекпен қайран қалдырады. Сосын, бұрын беймәлім болып келген көп құпиялар әлгі айтқан біртуар халық перзенттерімен бірге сырын ашып, шындыққа көзіңді жеткізеді. Бұны жаңалық емес деуге кімнің аузы барады?
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Жиі сахналанып жатса – сұрапыл сұранымында. Жаңалығы пьесаларына өмірлік ситуациялардың бірнешеуін шебер үйлестіріп, қатар сыйғызып жібереді. Драматург емеспін ғой. Таспадай таратып, танып айтуға мүмкіндігім болмай мысым құрып отыр.
Анар ҚАБДУЛЛИНА, сыншы: Жазушы əңгімелерінің сахнаға бейімделіп, қайта жазылғандары бар. Театр фестивалі кезінде тамашаладым, өте сəтті шыққан. Себебі, қай жанрда көрсетсе де, алдымен, қаламгердің айтпақ болған ойы маңызды деп ойлаймын.
Жанының нəзіктігі, аса мейірімділігі сахнада айқын көрініп қалады. «Жəңгір хан» спектаклінде Махамбет пен Жəңгір арасындағы өзара нəзік бір құрмет, мойындау, байланыс қылаң беріп қалады. Бұл деталді байқап та үлгермейсің. Шеберлік деген осы шығар. Əр кейіпкеріне үрлеп жан бітіретін қасиеті жазушы болмысының сан қатпарлығында шығар?
«Əміре» сынды тапсырыспен жазылған шығармалары да бар. Шоқай образын аша түсу керек пе еді, Əмірені музыка табиғатымен теңестіріп, пəни-пендешіліктерден күрт биіктетіп жіберу керек пе еді?!
НКВД жендеттерінің сахнада тайраңдауын, символдарымызды қорлауын өнерде тыюымыз керек. Көрсететін басқа тұстары баршылық жəне көркемдік шешімдерді екінші қырынан ойната білуіміз керек. Мұндай ерекшелік драматургтің басқа көптеген пьесаларынан байқалып жүр.
Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы: Бұл сұрағыңа да бір екі сөзбен жауап берсем деймін. А.П.Чеховтың «Сахнада мылтық ілулі тұрса, ол атылу керек», – деген қағидасы бар екенін өзің жақсы білесің. Рахымжан Отарбаевтың жазған драмасында диалогтары жанды, динамикасы мықты, артық ауыс «сіңірлі сөздерден» ада, жілік майы толық. Рөльді қолға алған актерлердің тілін ғана емес, жүрегін сөйлете білетін ірі драматург екені айқын. Өз басым спектакльдерінен қалған емеспін. Бірде Рахаңның өзбек театры қойған спектаклін екі рет тамашалағаным бар. Кейде, көшеде сұлу әйел көріп қалсам «Жаным, Анфиса!» деп айтып қалатын кездерім болады. Драманың әсері ғой...
5. Рахымжан ағаның қандай адамгершілік қасиеттеріне куә болдыңыз? Ол кісімен байланысты қызық оқиғалар есіңізде ме?
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Ра ағаның жеке басына, адамгершілігіне қатысты өте көп сырларды біле бермеймін. Білетінім, Атыраулықтардың оны ерекше құрмет тұтатындығы. Қошалақ аталатын кішкентай болса да бек ғажайып екі төбеге барғанмын. Бар дүниенің жоғын, мейірін қойынына жасырып үнсіз жатқан киелі, жұмбақ ұйық. Ра аға сонда туған. Сосын, ол тосын талант дейік!
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, журналист: Ол өзім деген жанға ойланбай нені де ұсына салатын жүрегі жомарт, қолы ашық азамат. Көңілінің ақтығына, жанының пәктігіне шек келтіруге болмайды. Айырықша астын сызып айтатын адамгершілігі зор, дос-жолдасқа адал, бұл жағынан алдына жан салмайтын «жалғыз» деуге келеді. Тәуелсіздіктің бастапқы тоқсаныншы жылдары елге ауыр тигені белгілі. Рахымжанның ұмытпасам «Астапыралла» деген пьесасын М.Өтемісов атындағы Атырау театры Құрманғазы ауданына әкеліп қойды. Туған жер жұрты көп жиналды. Қойылымға көп қол соғылды. Шаруашылық басқаратын ағалар құлағыма: «Жоқтан бар жасап бір-бір аттың пұлын алып келдік», - деп сыбырлайды. Пьеса біткен соң кезек-кезек сөз сөйлеп, ұсынып жатыр. Қорытынды сөзінде Рахымжанның өзі сахнаға шығып театр ұжымына алғыс айта отырып, қалың конвертті Қазақ КСР-інің халық әртісі Қуат Төлековке(марқұм), басқасын өзгелеріне, шапан, т.б. сыйлықтарды жағалай таратып жіберді. Қалтамызды бірнеше күн бірге жүріп тазалап қойған бізге, оның ішінде өзі де бар, ертеңгі «серілік» тірлігімізге қиындау соқты. Билет алу, т.б. шаруа бар дегендей. Бәрі де оның соншалықты ақкөңіл, жармалығынан туып жатырған әңгіме ғой, аман жүрсе екен, жалғыз тілегім сол ғана...
Ол сатқындықты, жағымпаздықты, өсек-аяңды кешіре алмайды, өйткені, өзі ондай емес, содан да, өзгеден оқшау дара дарынымен де кейде артынан сөз ілестіріп жүр, бірақ, мұның бәрі уақытша.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: Мәрт және мият. Сонау, сонау жылдары бастарына басқаларға айта алмайтын қиын-қыстау күн туған талай-талай әріптестері осы Рахымжанды іздейтін. Соңғы нәрсесін беретін, солардың шаруасымен жүретін.
Бішкекте, елшілікте қызмет істеп жүргенде, маған да ай-шай жоқ, «Волга» автокөлігін бой бермей, басы-бүтін мінгізіп кеткені бар. Тіпті, ол ойында пайда болған ерекше сәттерімен де бөлісіп жүреді. «Ақ күшік» деген повесім Рахымжан айтқан детальдің арқасында жазылды. Қуаныш Жиенбайға да берген ол детальды.
Қызық оқиғалар... Бар ғой біразы. Айтайын десем, «Өлең шіркін өсекші елге жаяр», - деген Абайдың сөзі алдымды орап, тоқталдым.
Анар ҚАБДУЛЛИНА, сыншы: Рахымжан аға өзінен кейінгі жас толқынға қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс. Жақындығы - ешқашан ұмытпайды, қолдауын əрқашан сезініп жүресің. Алыстығы - ол кісіні қоршаған адамдардың көптігі сонша, əдебиет немесе театрдағы сирек кездесулерде əрқайсына хал сұрасып қана үлгеретін сияқты. Ерекше талантымен қатар, ерекше харизмасымен де көпті өзіне тартатын тұлға. Адамгершілігі өте мықты. Талай рет куəсі болып жүрміз.
Талғат КЕҢЕСБАЕВ, жазушы: Өз басым Рахаңмен 40 жыл уақыттай аралас-құралас боп келе жатырмын. Адамның ойын айтпай біліп тұрады. Өз ойын жеткізгісі келсе, «ақырын ғана» сөйлейді. Бірден тыңдаған адам ұға қояды. Былтыр Қырғыз елінің астанасы – Бішкекте болдым. Ақын-жазушылар араласып, әңгімелесіп жүрміз. Досым Айдарбек Сарманбетов ел ақыны, Қырғыз халқының мақтанышы – Омар Сұлтановпен таныстырды. «Омар атаңның батасын алсаң, қырғыздар сенің жолыңды ашады» деді. Күлдім де қойдым. Содан Омар ақсақалдың дастарханында отырып, әңгімеден әңгіме шығып, Рахымжан ағамыз туралы сөз болды. Чоң Омар Сұлтанов: «Ертең өзіміздің жігіттер шекарадан шығарып салсын, өйткені жақсы көретін бауырым Рахымжан Отарбаевты сыйлайды екенсің, мен де оны құрметтеймін», - дегені. Осындай да қызық болған...
Әзірлеген Айжан Табарак
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.